Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Әбу-Асқар Мекешұлы: Қазақ әдебиетінде фэнтези бар ...

14.06.2017 7153

Әбу-Асқар Мекешұлы: Қазақ әдебиетінде фэнтези бар ма?!

Әбу-Асқар Мекешұлы: Қазақ әдебиетінде фэнтези бар ма?! - adebiportal.kz

Әбу Асқар

Иә, шынымен, мені осы сұрақ мазалап жүргелі бірнеше жылдың жүзі болды. Бізде өзі фэнтези бар ма?! Бар болса қай деңгейде?! Сөздің ашығын айтсақ, бұл күнге дейін қазақ әдебиетінің аспанын күңірентіп, көзімізді тойдырып, көңілімізге медеу болатын фэнтези жанрындағы бір татымды туындыны кездестірмедік. Қош. Ал сіз қазақ фэнтези жанрында қалам сүйреткен кімді танисыз?! Рас. Қиналып қаласыз. Тіпті басқа бір ұлттың өкілі, басқа бір ұлыстың баласы сұрай қалса, жауап таппай қипалақтайсыз. Келісемін, Кеңес одағы кезінде ондай жанрға ұзын арқан, кең тұсау салынды. Балаларға арналған ертегі-хикаяттар болмаса, фэнтези кеңестік идеологияның илеуіне томпақ келді. ­Өйткені «коммунизмнің «шыңына шығып» шалқып отырғанда, қайдағы жоқ қиял әлемді аңсап, ескілікке еміреніп не болды?!» дейтін пысықайлар көп еді.

Жалпы, батыста да, АҚШ-та да фэнтези жанры ғылыми фантастикадан бөлініп, жеке отау болып шыққанымен, жетім баланың күйін кешіп, өзіне тиесілі еншісін көпке дейін ала алмай жүрді. ХІХ ғасрдың өзінде-ақ Вальтер Скотт, Генри Хаггард, Луи Жаколио сынды қаламгерлер фэнтези жанрында алғашқы қадамдар жасаған. Олардан кейін де қаншама жазушылар осы бір жанрға қалам тербеді. Алайда ешбірі бас айналарлық жетістікке жете алған жоқ. Қазір барлығымыз «фэнтезидің атасы» деп жүрген Джон Толкиен де бірден «ата» бола салмады. Оның «Сақиналар әміршісін» Ұлыбританияда ешбір баспа шығармай, шаң басқан сөрелерде 5 жылдай (!) жатты. Тек 1954-1955 жылдары ғана бір баспа кітапты үш бөлімге бөліп, аздаған таралыммен шығарған. Ал 1960-жылдардың ортасында америкалық Ballantine Books баспа үйі кітапты көп тиражбен басып, туынды аз ғана уақыттың ішінде бестселлерге айналып шыға келді.

Ресейдің өзінде Кеңес одағы құлай салысымен шетелдік фэнтези романдар орыс тіліне жаппай аударылып, дәл осы жанрға сусап отырғандардың айызын бір қандырған болатын. Одан кейін орыстардың өздері де фэнтезиге ден қойып, қалам тербей бастады. Солардың алдыңғы қатарында Ник Перумов, Мария Семёнова, Андрей Белянин, Юрий Никитин және басқаларды атауға болады. Дегенмен, қазіргі ресейлік зерттеушілер «біздің фэнтезиіміз батыстың фэнтезиі ХХ ғасырдың 70-жылдарында өткен жерге енді ғана жетті» деп дабыл қағуда. Ал сонда біздің фэнтезиіміз қай жерде екен?!

Жалпы, фэнтези деген не өзі?! Алдымен соның басын ашып алайықшы. Қазірге шейін фэнтезидің тық еткізіп айта қоятын нақты бір анықтамасы жоқ. Дегенмен, осы заманда өмір сүріп жатқан адамдардың тым құрығанда бір рет болсын фэнтезимен бетпе-бет келмегені некен-саяқ. Фэнтези әдебиетте, кинода, бейнелеу өнерінде, музыкада, компьютерлік ойындарда және басқа да толып жатқан салаларда қанатын кеңге жайған. Алайда осының барлығына бастау болған - әдеби фэнтези. Оның өзі тағдырдан көп теперіш көрді. Алғашында әдеби сыншылар оны талғамы төмен кедей-кепшікке, жарлы-жақыбайға, су мұрын жігіт-желең мен қыз-қырқынға арналған «көңіл көтеруші», «көңіл аулаушы» ғана «бірдеңе» деп мойындағылары келмеді. Дегенмен фэнтези жарықтық біртіндеп миллиондар мен миллиардтардың назарын өзіне аударып, бірте-бірте ғылыми фантастикамен тайталаса бастады, тіпті кейбір жерде басып озды. Өйткені адамға жарық жылдамдығымен жарысатын ғарыш кемелері және алыс галактикадағы жат ғаламшарлықтардан гөрі ықылым замандардан бері ата-бабалары аңыз қып айтып кеткен мифтік кейіпкерлерге толы сиқырлы әлем мен тылсым табиғат астастырыла суреттелетін фэнтези жанры әу бастан жақынырақ еді. Негізі фэнтезиге әлі ешбір ғалым нақты анықтама беріп көрген емес, әркім әртүрлі талдайды. Бәлкім бұл фэнтезиден әр адам өзіне қажеттіні алатындықтан шығар, кім білсін?.. Біреулер оны «қылыш пен сиқырлық әдебиеті» десе, енді біруелер мифология мен заманауи әдебиеттің астасуы дейді.

Түрлі зерттеушілердің тұжырымдамалары бойынша фэнтезидің бірнеше түрі қалыптасқан. Мәселен, батырлық фэнтези, эпикалық фэнтези, баламалы тарихи фэнтези, тарихи фэнтези, қара фэнтези, юморлық фэнтези, пародия фэнтези, қала фэнтезиі, ғылыми фэнтези, мистикалық фэнтези деп кете береді. Осылардың ішіндегі ең сүйектісі және кең тарағаны эпикалық фэнтези деп айтуға әбден болады. Өзіміз жағарыда атап өткен «Сақиналар әміршісі» соның белді де беделді мысалы.

Қазақта «таз таранып болғанша, той тарқап болады» деген нақыл бар ғой. Осы сөз тура біздің қазақ әдебиетіндегі фэнтези жанрына қатысты айтылғанға ұқсай береді маған. Неге десеңіз, қазір әлемде фэнтезиге деген қызығушылық күрт бәсеңдеген. Жаңа жоғарыда атаған толып жатқан фэнтези түрлері соның салдарынан туындап отыр. Авторлар оқырманның назарын аудару үшін неше түрлі экспериментке баруда. Әу баста тұп-тұнық мөлдіреген фэнтезиге ғылымды да, мистиканы да, қала өмірін де, қазіргі заманды да, философияны да, тарихты да, бәрін-бірін қосып, қойыртпақтап жатыр. Қазіргі шығып жатқан фэнтезилерді таза фэнтези деп айтудың өзі қиын. Олар бірнеше жанрлардың қосындысы болып кеткен. Міне, әдебиет алаңында болып жатқан осындай ала-шапқын қым-қуыт жаңалықтар қазақ әдебиетін ары айлалып, бері айналып, әлі бір соқпай жүргені таң қалдырады. Жалпы, «бізде неге Нобель алған жазушылар жоқ?!» деп кіжінеміз. «Ол саясат, білен-түген» дейміз. Мүмкін біз әдеби үрдіске дер кезінде ілесе алмай, басқалар 100 жыл бұрын айтып кеткен нәрсені ғана жазатын шығармыз?! Әйтпесе осы күнге дейін қазақ тіліндегі таза фэнтези жанрындағы бір де бір қомақты туындыны қолымызға ұстап көрмеуіміздің сыры неде? Құдайға шүкір ешбір халықтан кем емес мифологиялық базамыз бар, аңыз-әңгіме, қиыл-ғажайып ертегілерден кенде емеспіз. Тіпті, керек десеңіз Серікбол Қондыбайдың мифологияны бастан-аяқ зерттеп, жүйелеп берген ғылыми еңбектерінің өзі неге тұрады? Дайын кейіпкерлерді ал да, шым-шытырық сюжетіңді құрап, өз фэнтезиіңді бұрқырата бер. Иә, рас, жоғарыда фэнтезиге деген оқырманның сұранысы азайды, фэнтезидің күні өтіп барады деген пікірлерді келтірдік. Сонда фэнтези жазудың қандай қажеті бар деуіңіз мүмкін ғой?! Ол да жөн сөз. Бірақ фэнтези кез келген сәтте адам баласы күтпеген жерден жарқ етіп шыға келуге әбден бейімделген құбылыс. Есіңізде ме, сөзімнің басында айтып ем ғой, «Сақиналар әміршісінің» өзі шаң басқан сөрелерде қаншама жыл жатты деп. Оған дейін де қаншама мықты фэнтезилер болған. Бірақ адамдарды тарта алмады. Оларды көп тиражбен шығарған баспалар шығынға белшелерінен батып жатты. Ал Толкиеннің туындысы өзіне ғана тән, оқырманын ғажайып фэнтези әлеміне тартып кететін тұнықтығымен ғана бес батпан шаңның астынан жарқ етіп шықты. Одан кейін оқырман тағы да сүлесоқ бола қалды. Қаншама мықты туындылар жарық көрді. Бірақ олар «Сақиналар әміршісінің» көлеңкесінде қалып қоя берді. Сол кезде де «Болды! Бітті! Фэнтези өлді!» деген пікірлер болған. Алайда күндердің бір күнінде қарапайым ғана жалғызбасты даяшы әйелдің нәресте баласын көтере жүріп, «салфеткаларға» жазған «Гарри Поттері» жарқ етті! Яғни, фэнтезидің өлмегенін, ешқашан өлмейтінін, тек оны оқырманға ұсына білу керек екенін ұғындырды.

Фэнтезидің кино саласындаңы тағдыр-талайы тура осыған ұқсас. Әдебиетте фэнтези күш алып, ғылыми фантастиканы ығыстырған кезде кино индустриясының майталмандары ақшаның астында қаламыз деген дәмемен фэнтези жанрындағы фильмдерді түсіре бастады. Сала құлаш қылышын асынып, фэнтези әлемнің шаңын қағып жүретін Конан-варвар естеріңізде болар? Сол сияқты басқа да туындылар бірінен кейін бірі көгілдір экранға жол тартты. Алайда олардың да ешқайсысы шығарушыларын ақшаның астына басып тастай алмады. Киногерлер кино әлемінде фэнтезиге орын жоқ екен деген ойға келе бастаған-ды. Дәл сол кезде жаңазеландиялық жас режиссер Питер Джексон келді де, айды аспанға бір-ақ шығарды. Баяғы көптің көзайымы болған «Сақиналар әміршісі» осы жолы көгілдір экранға жарқ етіп шықты да, жас режиссерді тек қана көк қағаздың емес, он шақты Оскардың астына қалдырды. Міне, қарап отырсаңыз, фэнтезидегі кейіпкерлер қандай сиқырлы әлемде өмір сүрсе, олар қандай күтпеген оқиғаларға душар болатын болса, осы жанрдың өзі де әдебиет әлемінде үнемі сондай жағдайларға тап келіп отырады. Сондықтан, «жау кеткен соң, қылышыңды боққа шаппа» деп, қол қусырып отыра бергенше, «ештен кеш жақсы» деп, қазақтың тұнып тұрған мифологиясын кәдемізге жаратып, фэнтези-күпі кигізу ұрпақ алдындағы парызымыз деп айтсақ артық кетпеспіз.

Рас, қазір бірнеше әдебиет танушыларымыз фэнтезиге аз-маз көңіл бөліп, өз пікірлерін білдіре бастады. Мәселен, Әбіл-Серік Әліәкбар атты зерттеуші балалар жазушысы ретінде кеңінен танымал Таупық Рымжановтың «Гүл ағашы», «Ерден батыр», «Күн перзенттері» атты ертегі-хикаяттарын фэнтезиге жатқызады. Сонымен қатар, филология ғылымдарының кандидаты Еркінгүл Солтанаева да қазақ фэнтезиіне қатысты өз ойларымен бөлісе келіп, Зира Нау­рыз­баева­ның «Алтын тостағанды іздестіру: Бату және оның достарының басынан кеш­кендері», А.Түлембаеваның «Дамока және оның дос­тары» секілді шығармаларын фэнтези ретінде мысалға келтіреді. Орыс тілінде жарық көрген қазақстандық фэнтези де бар. Мәселен, Ержан Есімхановтың «Война» атты фэнтези романын айтуға болады. Болды! Осылардан басқа біз фэнтези көрмедік. Жарайды, орысшаларын қоя тұрайық. Ол біздің қазіргі тақырыбымыздың тұздығы емес. Бәлкім, орыс тілді жазармандар бұл жанрда өндіріп жазып та жүрген шығар. Бірақ сол «Войнаңыздың» өзі оңбай сынға ұшырап жатқанын бір жерден оқығанымыз бар. Ол басқа әңгіме, тағы да айтамын, ол басқа бақша!

Ал жаңағы қазақша фэнтезилерге келетін болсақ, шама-шарқымызша қарап шықтық. Барлығы да балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арналып жазылған дүниелер. Оның ішінде Т. Рымжановтың туындыларын негізінен мистикалық фэнтезиге жатқызуға болады. Дегенмен автордың өзі оларды ертегі-хикаяттар деп берген. Кәдімгі қазақы түсінікке сай, әжелеріміз айтып отыратын жын-шайтан, дәу-дию, тозақ-жұмақ, ақ-қара, жақсы-жаман сынды ұғымдар төңірегіндегі әдемі әпсаналарды көрке-м тілмен, қым-қуыт, шым-шытырық сюжетпен суреттей білген. Сонда деймін-ау, сонау 80-90 жылдары Таупық ағамыз қалам тартқан фэнтезиге қазіргі жастар неге келе алмай жүр?! Әлде оны «төмен әдебиет» деп месінбей ме? Жоғарыда айттық қой, осыдан 100 жыл бұрын тура солай мұрнын шүйіргендер қалай пұшайман болып қалды? Бұл тек қана коммерциялық бағыт дейтіндер «Сақиналар әміршісі» мен «Гарри Поттер» арқылы қаншама ұрпақ тәрбиеленіп шыққанын біле ме? Тіпті олар миллиондаған адамдардың өмірінің мәні мен сәні болғанын қайда қоямыз? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жастарымыз жаһанданып барады, батысқа, орысқа, анаған, мынаған жұтылып барады деп байбаламдай бергеннің орнына, өзіміздің түпкі тамырымыз, ата-бабамыздың саф тұнық мифтік дүниетанымын, аңыз-әпсанасын ұрпақ жадына сіңірудің бірден-бір жолы – фэнтези жолы, бірден-бір құралы – фэнтези жанры. Осыдан кейін қазақ әдебиетінде фэнтези-бум болмай-ақ, бірді-екілі тұщымды дүниелер оқырманға жол тартып жатса, біздің мақсатымыздың орындалғаны деп біліңіздер!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар