Өлең. Өлеңге анықтама өте көп. Шәкәрім: «Өмірде өлеңнен жоқ өнер ірі», – дейді. Ал Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «...Сөздің ішіндегі ең асылы назым сөз екен. Назым – араб тілінде рет, тәртіп деген мағынаны береді екен. Тізіліп, ерекше бір сәнмен, ретпен берілетін әуезге толы өлең сөзді қазақта назым сөз деп те атайды. Назым сөз (өлең) – сөздің патшасы».
Бір жылы өмірге келіп, бір мезгілде дүниеден өткен қос алыптан асырып анықтама бере де алмаспыз. Бастысы өлең – қасиетті, сұлу һәм қастерлі өнер.
Олай болса сұлу өнер жайлы сөздің сындарлы, салиқалы болуы ләзім.
Қазаққа қара сөзден гөрі өлең жақын. Мұны ғалымдар жаратылысында сайысу, жарысу рухы бар тілдің иелері өз ойларын өлеңмен өрнектеуге мейлінше ден қояды деп түсіндіреді. (Өлең деңгейінде өмір сүрген халықпыз.А.Сейдімбек) Демек, өлеңнің тағы бір анықтамасы – рух!
Ат үстіндегі жорықты түндер, бейбітшілік аңсап бебеу қаққан көңіл, Жаратқанның сыйы – жазира дала, дархан пейіл бәрі-бәрі қазақты ақын етпей қоя ма? Байыптап қарасақ қиын кездер өмірге әкелген тұлғалар, халыққа қорған болған топ қашанда сөз ұстаушы топ: Махамбет, Дулат, Ахметтер болды. Сүйінбайдың «халқымды тілмен қорғадым» дейтіні тағы бар.
Хош, өлең – хор қызы, өлең – рух, ендігіде тіпті күрескерлік те.
Есімің сенің... Мерей Қартов – поэзияның үйіріне алғаш жүген құрығын сылдыратып келгендегі жыр осылай аталды. Студент күнімізде тез-ақ жаттап алғанбыз:
Сырыңды ақтар, ақтарма,
Жүрегім менің бір сенде.
Атыңды жазғам ақ қарға,
Еріп кететінін білсем де...
Иә, өлең әлі де есте сақтаулы. Жақсы көрген, ғашық еткен жанның есімі тіл ұшына оралып, қайта-қайта ой-санаңды түрткілеп әуреге салмай ма? Аяулы жанның есімін әр жерге жазу балаң сезімдердің тәй-тәй баспалдақтары емес пе? «Имя – главное слово жизни» деген рас болса дүниеде есімнің, ныспының да бір қуаты, магиясы бардай көрінеді маған.
Алдымнан шықпай арай күн,
Балғын сезімім уланған.
Атыңды іздеп қараймын,
Терезелерге буланған.
Әлі күнге дейін буланған терезе көрсем, осы шумақ есіме еріксіз оралады.
Ақсүйек өнер ақындық үшін бозбала күндегі түрлі албырт сезім, күйлер, толған мақсат пен таңдаулар парасатты пайымдарға жетелесе, қуаныш сол болмақ.
Мерейдің поэзиясында жоғарыда біз айтқан күрескерлік те бас көтерді. Былайша айтқанда ақынның өлеңдері біршама лириканың азаматтық түріне қарай ойысты. Жанның түнгі тылсымы деп аталатын өлеңінде:
Жындар ғашық бәлкім маған?..
Жырдан асқан бар ма дін?..
Жапалақ көзімен жарқылдаған,
Жылан дәтін арбадым!
7-8 буын сақталғанымен, ақынның айтпақ ойы іріленіп кеткеніне дау айта алмайсыз. Дауыссыздардың үндесуі де сәтті шыққан. «Жырдан асқан бар ма дін?» дегенде ақындықтың жоғарғы миссия екендігін жария етіп тұр да, соңғы екі жол ешкімде кездеспейтін түрде ештеңеден тайсалмайтын жастық қуатты әйгілегендей.
Соңына ердім шұбар лақтың!..
Ат жалынан шоқ үрлеп!..
Бұлт ішінде бұлан бақтым!
Құлан көзі – шегіркөк!..
Құздармен де қауқылдастым.
Елірдім жел есерге!
Жұлдыздармен аңқылдастым,
Өзге әлемге көшерге!..
Адастырды бір мұң сары!..
Қайда болдым?!..
Аң-таңмын!..
Құланиек құлқұнсәрі...
Қиялымды қаңтардым!
Осы өлеңдегі «құлан» сөзі ерекше назарға ілінбей қалмайды. Махамбет «Құландай ащы дауыстым» деп жырлағаны, қазақтың құлан жортпас бел, құлан иек, құлан құдыққа құласа... деген тіркестері ұлттық дүниетаным қоржынындағы архетиптер. Әлем әдебиетінде Бальзактың «Шегірен былғарысы» Құланжарғақ болып аударылатыны еске түседі. Кез келген ақында оның дүниені қабылдау ерекшелігіне байланысты символ-сөздер болады екен. «Құлан» Мерейдің тірек сөздерінің біріне айналғанға ұқсайды.
Үшінші жолдағы «бұлан» сөзі де көп қолданысқа түспейтін, түссе де сәтті шығуы, ойды сәулелендіруі мыңнан бір келетін символ-бейне сөздердің бірі. Абайдың шырақшысы Төкен атаға (Төлеужар Ибрагимов) жоқтау жырында Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: «Төбесіне ну қаулатқан бұландай», – деп соны тіркесті жарқ еткізді. Алғаш оқығанда аса мән бермегенмен бұлан, бұғының өлеңге қатысы қанша деген ой маза бермеді. Құпияның кілтін белгілі әдебиет теоретигі Айгүл Кемелбаеваның «Мәжнүн жүрек» кітабынан таптық та, сол күйінде беруді жөн санадық: «Естіген елдің езуін жидырмайтын барон Мюнхаузен әңгімелерін теріп жазып алған Э.Распэнің кітабында баяндалған «Таңғажайып бұғы» атты хикаяның сипаты мынау: «Жолда шие жеп, сүйегін түкіріп тастап, тоғай аралап келе жатқан қаңғыбас барон Мюнхаузенге қарсы алдынан бұғы кездеседі. Мүйізі тоқсан тарау ірі бұғыға барон қаншалық аңшының көзімен ішіп-жеп қызыға қарағанымен, қырсыққанда мылтығының оғы бітіп қалған екен. Дым жоқ. Жалма-жан ол мылтығын шиенің сүйегімен оқтай салып атып, бұғының шекесіне тигізеді. Бұғы үркіп, жалт бұрылып жайына кетеді. Арада бір жыл өткен соң жолы болғыш барон Мюнхаузен құдай айдап сол тоғайдан баяғы бұғыға тап болмасын ба! Қараса әлгі бұғының шекесінде мүйізінің ортасында мәуелі шие бағы жайқалып өсіп тұр. Барон бұғының былтыр өзі кездестірген аң екенін, шие ағашын өсірген де өзі екенін ұға қояды. Бір оқпен екі қоян – бір қазан ет пен бір қазан компот атып алдым, өмірімде мұншалық тіл үйіретін тәтті шиені татып көрмеген екенмін деп мақтанады барон».(Мәжнүн жүрек, 4-б)
Осылайша тылсым түнде өзге әлемге көшіп, қиялын көкке ұшырып отырған Мерейдің бұлт ішінде бұлан бағып қана қоймай, өлеңді гүлдеген баққа балап, ақын ретінде бақты күзетуші, қорғаушы бағбан болып отырғаны жарасымды-ақ.
Мерей өлеңдерінің көбі дерлік жылқы жануарына арналған. Тарихы жылқымен жазылған қазақтың әдебиеті де жылқы образына әбден қанық.
ХVІІІ ғасырда Ақтамберді жырау:
Арудан асқан жар бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма?
- десе ХХ ғасырдың дүлдүл жыршысы Ілияс Жансүгіров:
...Дариға, жас өмірім қайта келіп,
Жалында өлсем етті бір жақсы аттың,- деп бере салды.
Мерейдің:
Арқыраса тарпаң күреңім,
Бал-бұл да жанар түр-өңім.
Көнеден қалған көзімсің,
Күміс көмкерген жүгенім.
Өмілдірігім де дін аман.
Өң-бойын ою құраған.
Омырау тұсы шашақбау,
Астары – қызыл шұғадан.
Көшпенді елміз көшелі.
Маңдайбақ біткен бес елі.
Құйысқаным да – құйма алтын,
Өркениетім ғой кешегі.
Жаратып мінген күлігін,
Сайыпқыран Сақтың ұлымын!
– деген өлеңінен екі жайтты аңғаруға болады. Біріншіден, ақын жылқы малының ер-тұрманын түгендеу арқылы қазақ азаматының бітім-болмысын бүтіндеп отыр. Ер-тұрманның әрбір бөлігі қазақ болмысының сакральды ұғымдарын айшықтап тұр. Халықтың: «Атыңнан айырылсаң да, ер-тұрманыңнан айырылма» дегені тегін емес. Жаугершілікте батырлар иен далада жылан шағудан сақтану үшін ер жастанып, тоқымды төсеніп, айыл-тұрмандарымен айнала қоршап сақтанған. Жылқының тері иісі сіңген ер-тұрманға зиянкес жәндік те, сыртқы қара күштер де әсер ете алмаған. Ер-тұрман демекші 1884 жылдары Сыздық сұлтан әкесі Кенесарының сүйегін іздеп қырғыздарға келгенде, қырғыздың биі:
- Сыздық төре, алты атаңнан бері хан тұқымысың, қырғыз-қазақ бір туған емес пе еді. Айтуға тіл кесіліп тұр, атан үстіндегі жүгімен саған тартқан тартуымыз, оған қоса мың сәйгүлік және екі қызымыздың жасауымен бермекшіміз. Бұл берер сыйлығымыздың басы ғана деп білерсің, - деп кешірім сұрауға батпай, астындағы арғымағын ортаға тартыпты.
Сонда Сыздық сұлтан:
- Мен сендерден ештеңе сұрап келгенім жоқ, әкемнің көзі боларлық ер-тоқымын беріңдер. Ал мына арғымағыңды бауыздап, елге таратып жібер, - депті. Екіншіден, өлеңді бір деммен оқығанда бүгінгі күн ер азаматының айтатын аффирмациясы сияқты. Күйреуіктік, пессимизм, күдер үзу, үмітсіздік сынды жаһанды жалмаған дерттер қаптап кеткен тұста бұл қажет-ақ. Неге десеңіз, жылқы адам бойына ала бөтен күш сыйлап, рухын көтереді. Отаршылдар қазақты бойындағы «жылқы мінезден» ажыратпайынша оған әлі жетпесін жақсы білген. «Он екі ата Байұлының аға биі, Сырым батырдың ұстазы Бөкен би өмірі атқа мінбепті. «Көңілім өсіп желденіп кетеді, асып-тасып елімді, жұртымды ұмытып кетем, көзім ісініп, жақсы-жаманды ажырата алмай қаламын», – деп, өгізді ерттеп мініп жүретін кісі екен. Жылқыны қозғасаң казақ ақыл-ойы мен сайын дала мәдениеті сайрап қоя береді. Жылқысы бар халықтың ғана эпосы болған. Қазір жылқының ер тұрманын түгендемек түгілі, жылқы жасын ажырата алмайтын кей жастар үшін бұл таңсық дүние.
Жақында белгілі қаламгер Қали Сәрсенбай ағалық ақылдың аманат жүгін Мейрамбекке хат ретінде жолдаған болатын. Хатта мынадай жолдар бар:
«... Ендігі жерде әнші болу аз, қайраткер, күрескер болуға тура келеді. Ұлт үшін. Жұтылып кетпес үшін.» Егер дәл осы хатты бір губерния елдің жүрегі саналған Семейдің халқы жазса ол хат сөзсіз Мерейге арналып жазылар ма еді. Себебі ол туған ауылын, аядай мекенін жырға қосу арқылы Алаш астанасының кеудесінде шаң басып жатқан тарихтың қобыз үнін, көнекөз қарттың сандық кеудесінің күмбірін тыңдап жүр. Ұлттық өнер - ат спорты, құмай тазы мен қыран бүркіт те Мерейдің жан жолдасы, ажырамас серіктері.
Ит араз боп жұрдай болдық бірліктен,
Ит қорлықтан заманамыз дүрліккен, немесе
Таудың ұлын тас қала қамасын ба?!
Жүр досым, ауыл жаққа барасың ба?
Ұлып-ұлып қайтайық айға қарап.
Бөрі жортқан таулардың арасына!
– деп аңсарлы ұлттық кодтың алдыңғы қатардағы Алашшыл іздеушісі екенін де танытады. Иә, Мерей Қартов дала мен қаланың телқоңыры.
Сөздің соңында ақынның бәйге бермес қара керіне ұстатқымыз келді:
Өмір мынау қысқа қамшы сабындай,
Арғымақ күн өтіп жатыр сағымдай,
Қара өлеңім бәйге бермес – Қара кер,
Келеді әне, ауыздыққа бағынбай!
Аяулым ШАЙМАРДАНОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.