Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Айдос Сарым: Қазақ әдебиеті нарығын қалай дамытамы...

25.01.2018 5669

Айдос Сарым: Қазақ әдебиеті нарығын қалай дамытамыз?

Айдос Сарым: Қазақ әдебиеті нарығын қалай дамытамыз? - adebiportal.kz

«Рухани жаңғыру» деген үлкен жұмыс басталғалы үлкен және шынайы талқыдан сырт қалған бір бағыт бар. Ол қазақ әдебиеті, әдеби индустрия мен елдегі кітап нарығы. Шынын айту қажет, қазақ әдебиетшілері де, кітап индустриясына қатысты тұлғалар да осы тақырыпты ерттеп міне алмады, модернизациялық жобалардың өзегі мен бастаушысы бола алмады. Алайда күрделі, өзекті, шыншыл әдебиетсіз, танымал, қоғам сыйлаған жазушыларсыз, мыңдар емес, жүз мыңдар оқитын кітаптарсыз, қоғам санасын сілкіндіре алатын туындыларсыз, солардың нәтижесінде дүниеге келетін киносыз, театрсыз, операсыз, өлең-клипсіз сананың рухани жаңғыруы мүмкін бе? Кітап оқыған ұрпақ интернет ақтарған ұрпақты қалай болғанда да жеңіп шығады деген қағидатты да ұмытпалық. Олай болса жылдың соңғы осы әдебиет, кітап нарығына арнағанды дұрыс санадық. Егер алдағы жылы осы тақырып аясында қоғамдық талқы жүргізіп, оны кешенді мемлекеттік бағдарламаға, концепцияға айналдыра білсек деген ой да жоқ емес.

1. Оқырман нарығы.

Қазақ елінде әдебиет, кітап нарығы жоқ деуге болмайды. Бары бар. Бірақ, бұл нарықты индустрия дәрежесіне көтерілген, шынайы нарықтық жүйе деп айтуға болмайды. Ал осыны тұтынатын оқырман нарығы бүгін бар. Жыл сайын қазақ мектептерін осыған дейін кемі 100 мың қазақтілді бала аяқтап келді. Соңғы жылдары қазақтілді мектеп бітірушілердің саны еселеп артып та отырды. Тек 2017 жылғы оқу жылында мектеп табалдырығын 380 мың бүлдіршін аттады. Олардың 80-85 пайызы қазақ баласы.

Яғни он жылдан кейін кемі 300 мың бала өз еркімен, ырқымен, ынтасымен кітап іздей бастайды деген сөз. Я болмаса мүлдем іздемейді. Ал осы нарықтың болмысын, талғамын зерттеп жатқан кім бар? Бұлар кітап оқитын қазақ бола ма, әлде ұялы телефонын шұқылап, жырқылдақ видеоны тұтынушы бола ма? Бұл сұраққа бүгін жауап іздемесек ертең кеш те болып кетуі ықтимал.

Жалпы алғанда соңғы он жылда нарыққа бір миллион қазақтілді бала шықты. Біразы оқуға түсті, оқуын бітірді, жұмысқа тұрды, жұмыс іздеп жүр, отбасын құрып, бала тәрбиелеп жатыр. 17-27 жас аралығындағы ұрпақ. Ең кедей дегені жылына кемі 4-5 кітап сатып алатын жағдайы бар қазақ делік. Аталған күрделі өмірлік стратегиялардың барлығы дерлік үшін сан-алуан ақпарат, рухани азық болатын кітаптар керек емес деп кім айтты? Осы жолда қазақ елінің жас азаматы алдында «қалай адам боламын?», «ұлтыма қалай адал қызмет етуім қажет?», «кімге еліктеуім керек?», «менің өмірлік мұратым не?», «сабақты қалай оқу керек?», «жұмысқа қалай тұру керек?», «жұмысты қалай істеу керек?», «өмірлік жарды қалай таңдау қажет?», «баланы қалай тәрбиелеу керек?» деген ең өте-мөте маңызды сұрақтар туындайды. Осының барлығына дерлік жауап беретін әдебиет емей не?

Ал осы сұрақтардың барлығына қазақ әдебиеті, қазақ кітап нарығы жауап беріп жатыр ма? Шетелдік, шынын айтсақ ресейлік өзекті әдебиет осының барлығына жауап бере ала ма? Жауап берсе өзіміздің ұлтымыздың мүддесінен шығатындай жауап бере ала ма? Бұл үлкен мәселе.

Қысқасы, тәуелсіз мемлекетпіз, қоғамбыз. Бізден де кішкентай, бізден де халқы аз мемлекеттер өздерінің ұлттық әдебиет мектебін жасақтап, кітап-әдебиет нарықтарын дамытып жатыр. Бұл тұрғыдан біз ешкімнен кем де, кенде де емеспіз. Құдайға шүкір, дұрыс мемсаясат жүргізілсе, дұрыс көзқарастар қалыптасса қазақ әдеби индустриясы болашақта өзін-өзі ақтайтын, өз нанын өзі таба алатын жағдайға жететіні хақ. Ең бастысы кез-келген өнімді тұтынатын оқырман нарығы мен оның қажетті саны бар. Мәселе осы нарықты дұрыс жолға қою, кітап оқуға баулу, кітаптың, әдебиеттің қадірін арттыру, оны шынайы модаға айналдыруда. Бұл жолда тек қоғамның талпынысы аз. Алғашқы кезеңде сөзсіз күшті мемлекетке, қоағмның барша беделді топтарына арқа сүйеуге тура келеді.

2. Өліара индустрия

Қысқа қайырсақ, қолына қалам ұстаған, әдеби талпынысы, амбициясы бар кез-келген қазақ баласы ар ісі әдебиетке келе алады, қатыса алады. Шын талант, шынайы дарын иесі өзінің жолын кез-келген жағдайда табады (көбінесе, көптеген жағдайда). Қай заманда да топты жарып шығу ешкімге де оңай тимеген. Алайда, кеңес заманында барша әдебиет атаулы негізінен идеология мүддесіне қызмет етті, оған қызмет етпеген әдебиетшілер шет қалып жатты, тіпті атылып-қудаланды. Әдеби индустрия мемлекет меншігінде болды. Әдеби орта идеология мақсаттарына қызмет етті, сол үшін әлеуметтік бақтарға, ірі таралымдарға, құрметке ие болды. Бұның өзі сол әдебиетшілердің оқырманға қарай балама өзек, басқа арна таба алмауының кепілі болатын.

Бүгінгі заман, әрине, басқаша. Бірақ біздің бүгінгі индустрия сол кеңестік билік құрған жүйеден әлі де болса шыға алмай, шынайы нарықтық жүйеге жете алмай жатыр. Біздің әдебиет пен кітап индустриялары өліарада. 800-ден аса ресми жазушыларымыз бар. Оның сыртында ресми жазушыларды мойындай бермейтін, өзімен өзі жүрген тағы бір 800 жазушы бар делік.

Мысалы, екінің бірі тыжырынатын, айта-айта жауыр болған Баян Есентаева-Алагөзова ханым осы жылы кітап шығарып, қазақ-орыс тіліндегі естеліктерінің 40 мыңнан астам данасын сатты. Бұл, шынын айтайық, мойындалық: соңғы 10 жылда көзі тірі қазақ әдебиетінің классиктерінің бірінің қолынан келмеген меже. Күеміз бе, жылаймыз ба?

Бүгінгі әдебиет корифейлерінің көбісінің кітаптары 1-2 мың таралыммен шығып жатады. Оларды басатын көптеген баспалар бар. Бірақ сол баспалар автор үшін емес, мемтапсырыс үшін таласып жатады.

Егер баспалар мемтапсырысқа қол жеткізіп, автордың кітабын шығаратын болса, көбінесе кітапханаларға тегін тарап кетеді. Тегін таралған кітаптың қадыры қандай? Өз еңбегінің тікелей қаржылық жемісін көрмеген жазушы қалай тірліктейді? Жақсы болсын, жаман болсын, бүгінгі күні әлемдегі жазушының басты жетістіктері таралым, таралымнан түсетін қаражатпен және гонорармен өлшенеді.

Ал біздің жазушылар ше? Олар кеңестік жүйені аңсап, әлі де атаққа, премияға, стипендияға таласады. Оның сыртында туысқан, спонсор, әкім-қараларды жағалайды. Оқырманнан өзгені жағалаған жазушылар ар ісіне, өз оқырманына жақын болады деп кім айта алады?

Қазір, заңға енген соңғы өзгерістерге сай мемтапсырыспен шығатын кітаптардың таралымы сол кітапханалар санына шақталып, бес мыңға жетіп жатыр. Кейбір кітаптар баспагерлердің, спонсорлардың арқасында шығып жатады. Барша кітапты жамандай алмаймыз, ішінде өте өзекті, қоғамға керек дүниелер жетерлік. Бірақ, кітап дүкеніне түскен қазақ кітабы кейбір кезде жылдап жатып қалады. Себебі оларды қолына шам алып іздеп жүрген оқырман жоқ. Сол оқырманға бағдар берер «талғам баспалдақтары» дұрыс қызмет жасап жатқан жоқ. Кітап оқу модасы, нарықтық маркетинг, жарнама тетіктері іске мүлдем қосылмаған.

Ең дарынды, ең керемет деген әдеби туындылар оқырманға жолын таба алмай жатады. Өкінішті-ақ.

3. Бізге қажетті кітап индустриясы қандай болуы шарт?

Оқырман нарығы бар деп отырмыз. Ал осы нарықтың сұранысын қамтамасыз ететін әдебиет, кітап индустриясы бар ма? Ол индустрия қандай болуы шарт? Менің ойымша, оқырманға дейінгі еліміздегі кітап индустриясы төмендегідей сатылардан тұруы керек: автор – баспасөз – талғам баспалдақтары – әдеби агент – баспа - маркетинг – жарнама – кітап дүкендері - кітапханалар. Бұл шынайы нарықтық индустрияның сатылары. Бұнымыз, бұл арада мемлекет мүлдем қатыспайды деген сөз емес. Бірақ, мемлекеттің де қатысатын, қатысуға араласпайтын шекаралары, межелері болғаны шарт.

Автор. Кез-келген кітап индустриясы, әдебиеті авторсыз мүмкін емес. Менің айтарым бар, осыны айтпасам болмайды, осыны халыққа қайтсем де жеткізуім қажет деген мессиандық, демиургтық идеясыз әдебиет мүмкін емес. Оның сыртында осыдан пайда түсіре аламын, осыншама оқырман бар екен, оларға осындай өзекті дүниені сатсам пайдаға кенелемін деген де пысықайлар болады. Шынайы индустрияның ішінде барлығы да орын таба алады. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші қолына қалам алған қазақ жеткілікті. Қазақ аман болса жазатын адам табылады!

Баспасөз. Қазақтың сөзге, қаламға, пернетақтаға жақындығының бір дәлелі – еліміздегі әдеби баспасөз. «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын» сияқты дәстүрлі әдеби мінберлерді есептемегенде, еліміздің әрбір облысында бір-бірден әдеби журнал бар. Әдеби процесс жоқ, әдебиетшілер арасындағы оқырман үшін бәсекелестік жоқ, бірақ әдеби журналдар мен газеттер жеткілікті. Оған жаңа заман тудырған мүмкіндіктерді қосалық. Біраз әдебиетшілеріміз жеке-дара сайттарын ашып алды. Әдеби туындыларды жариялап отырған арнайы веб-кітапханалар мен сайттар саны артып келеді. Оған әрбір қазақ газетінің әдебиетшілерден жасақталғанын еске алсақ, барша қоғамдық-саяси басылымдарды да қоса аламыз. Қалай болғанда да автордың оқырманға дейін жетуіне мұрындық болатын баспасөз нарығы бар. Шын талаптанған жас автор баспасөзге шыға алады.

«Талғам баспалдақтары». Автор мен автордың газет-журналға шыққан туындылары бар делік. Бірақ, автордың кәсіби жазушыға айналуына бұл әрине жеткіліксіз. Ал бізге керегі – сөзсіз ең алдымен кәсіби авторлар. Олай болатын болса мемлекет, қоғам, нарық, әдеби орта осы арада әуесқой жазушының кәсіби жазушыға айналуына қатысты «талғам баспалдақтарын» іске қосуы шарт. Олар әдеби конкурстар, кәсіби конкурстар, рейтингтер, әдеби шеберлік курстары, оқу орындары, шынайы әдеби сын, әдеби гильдиялар мен цехтар, оқырмандар клубтары, оқырмандармен кездесулер тағысын тағы. Осылардан сүрінбей өту, осыларға қатысу кез келген әдебиетшінің кәсіби жазушыға айналуына, танылуына, мойындалуына жол ашады. Осы баспалдақтардан өту жазушыны шыңдайды, бәскекелік ортаға түсіреді, бәсекеге төзуге, бәсекені ідеуге баулиды, кәсіби шеберлігін арттырады. Жазушы жарнама, әлеуметтік белсенділік, ақпараттық технологиялардың артықшылықтарын түсіне бастайды. Шындап келетін болса аталған баспалдақтың әрқайсысы бір-бір бағыт, арнайы сала. Осылар дұрыс істеп тұратын болса оқырманның да талғамы артады, жақсы жазушыға деген сұранысы да арта бастайды.

Әдеби агент. Жазушының басты жұмысы – ойлану, оқу, кітап жазу. Жазушы әр-нәрсеге шыр-пыр болып, кітабын өзі жазып, өзі шығарып, өзі сатып жүрсе ұзаққа бара алмайды. Қажиды, шаршайды, азады, тозады. Жазушылықтан тыс жұмыстарды атқаратын арнайы кәсібилер қажет осындайда. Олар – әдеби агенттер, агенттіктер. Бүгінгінің әрбір ұлы, атақты жазушының артында әдеби агент тұр.

Әдеби агент «талғам баспалдақтарынан» (кез-келген сатысында) сүрінбей өткен, шынайы жазушыны, кәсіби жазушыны танып, оған «айрықша ұсыныс» жасай білуі тиіс. Яғни, «сіз маған клиент болыңыз, қалғаны менің шаруам, мен сізге осыны жасап беремін» деген сөз айтуы керек. Әрбір агент бір-бірін аңдып, олқылықтарын көріп, оңды, қарымды жазушыларды торып жүргені шарт. Бұл арадағы белсенділік пен бәсеке жазушылықтан кем болмағаны абзал. Автордың баспамен келісім-шарт жасауы, авторлық құқықтарын қорғауы, кітап маркетингісі мен жарнамасын жасауы осы әдеби агенттің тікелей функциясы. Жалпы әдебиеттен тыс, әдеби үдерістерден тыс автордың барлық тіршілігін жасайтын агенттер болады. Әдеби нарықтың шынайы жақтаушылары, қорғаушылары да осылар болмақ. Себебі бұлар болашақта кітаптан түсетін пайданың белгілі бір пайызы арқылы күн көретін кәсіби топ болмақ.

Баспа. Қазақстанда көптеген баспа үйлері бар. Олардың көбісінің басы-қасында кәсіби жазушылар отыр. Әрине, бойына жазушылық пен баспагерлікті бірдей арта білген тұлғалар да бар. Оларды біз жақсы білеміз. Бірақ, шындап келсек, әдебиет пен баспа ісі екі бөлек үрдіс. Кәсіби баспагер тек кәсібін, техниканы ғана меңгеріп қоймайды, сонымен қатар әдебиетті де тануы тиіс, оның жеке жазушылығы басқаға деген еш қызғаныш тудырмауы тиіс. Сонымен қатар баспагер оқырманды, болашақ нарықты терең түсінуі тиіс.

Бүгінгінің баспагері көбінесе мемлекет жағалап жүреді. Белгілі бір авторлардың кітаптарын жинап министрлікті, әкімдерді, спонсорларды торып жүреді. Бұл, өз кезегінде, олардың шығарылатын кітаптың кітап сөресіне жетіп, одан оқырманның қолына түсуін қамтамасыз ету мотивациясынан айырып жатады. Себебі бұндай баспагер өз шығынын мемлекет арқылы немесе спонсор арқылы жауып отыр. Бұндай баспагер автормен жұмыс істеуге де мүдделі емес. Жақсы деген, кітабы сатылады, өтеді деген жазушыны баспагер өзіне байлап алуға мүдделі болуы тиіс. Әлемде ірі баспалар ірі жазушыларды өзіне 10-20-30 жылдық келісім-шарттармен байлап-матап тастайды. Бұндай келісім-шарттар әрбір жазушыны жылына кемі бір кітап шығаруға, кеміне оқырмандармен бес-он кездесу өткізуге, аймақтарға шығуға, сұқбат беруге, белсенділік танытуға мәжбүрлейді. Осы себепті баспагер авторға алдына ала аванспен қаржы, қаламақы, жәрдемақы, жолақы беріп отырады. Бізге болашақта керегі осындай баспагерлер.

Маркетинг. Сауда қашан да зерттеуге сүйеніп жасалады. «Менікі керемет туынды» деген әрбір жазушыны баспагер баса беретін болса төртінші кітаптан кейін-ақ банкрот болады. Олай болатын болса баспагердің өзі бір жағынан нарықты жақсы түсінетін тұлға болуы шарт, екінші жағынан осы нарықты өзі жасақтап, өзі бағыттай алатын демиург болуы керек. Кемі тырысуы керек. Жаңа әдебиетті көру, тың авторды табу, оның атын шығару, оның кітабын жүз мыңдаған таралыммен шығарып, сату – баспагер мұраты, оның кәсіби карьерасының шарықтау шегі.

Сонымен қатар нарықта мықты маркетинг агенттіктері, авторлар, кітаптар рейтингтері керек. Мысалы, мына жазушы жылына кітап сату арқылы осынша қаржы тауыпты, мына жазушы осыншама кітабын сатып үлгеріпті деген рейтингтер қажет. Баспасөзде, әлеуметтік желіде ең көп танылған жазушылар деген рейтингтер де артық етпес деп ойлаймын. Сонымен қатар баспалардың да ретингісін жасап отыру қажет. Мына баспа тек классиктерді басады, мына баспа жас авторларды жақсы таныта алады екен, мына баспа жұртқа қажетті көпшілік кітаптарды жақсы сата біледі екен деген рейтингтер. Осыған қарап авторлар да, әдеби агенттер де бой түзеп, қажетін таба алатын болады.

Жанама маркетинг пен жарнама деген де болуы мүмкін. Мысалы, бізге бүгін жетпей жатқан жұмыстың бірі әдебиет пен тіл саласындағы өзекті зерттеулер. Оқырмандар талғамы қалай өзгеріп жатыр, осыдан он жыл бұрынғы және бүгінгі оқырманның талғамы қандай, әдебиетшілердің тілі қалай өзгеріп келеді, авторлардың жаңа тақырып іздеуі қаншалықты жақсы жағдайда деген талғамдық талдаулар ауадай қажет.

Жарнама. Кез-келген дүниені тарату, сату үшін жарнама қажет. Жарнамамен де кәсіби мамандар айналысқаны дұрыс. Себебі кез-келген қадамынан жарнама жасай білу жүздің бірінен ғана келеді. Қалған жазушыға жарнама керек. Бұл бағытта баспалар, агенттер, дүкендер нақты жазушыларды жарнамалауға тиіс болса, мемлекет пен қоғам жалпы кітапты, кітап нарығын жарнамалауы тиіс.

Осы бағытта қолға алатын шаруаның бірі – Кітапсүйерлер қоғамдарын жаңғыртып, кітап оқу мәдениетін, кітап оқу модасын қалпына келтіру керек сияқты. Тиісті дайындық жұмыстарын жасаған соң бір емес, үш жылды қатарынан «Кітап жылы» деп жарияласа тіпті дұрыс болар еді. Тіпті «Кітап онжылдығы» деп, оның әрбір жылын нақты жанрға немесе әдебиет саласына арнаса да артық етпейді. Оқырманға жеткен кітап, оқырманның миына, санасына құйылған тың ой, озық – мәңгілік инвестиция, өмірлік азық. Осы арада әрбір басылымда, сайтта билік өкілдері, танымал тұлғалар оқыған кітаптарын жарнамаласа, кітап оқуға үндеп жатса нұр үстіне нұр жауар еді.

Кітап дүкендері. Бүгінгі күні кітап дүкендері мен сөрелердегі қазақстандық баспалардың өнімі жылдан-жылға артып келеді. Егер осындан он жыл бұрын отандық өнім он пайызды құраған болса, бүгінде кітап сөрелеріндегі ел баспалары шығарған кітаптар саны жиырма пайыздан асатын сияқты. Яғни жылына бір пайызға артып отырған. Қарап отырсақ, бұл жақсы динамика. Бірақ, шынын айту қажет, бүгінгі күні кітап дүкендері сататын кітаптардың басым көпшілі – ресейлік кітаптар. Ішінде пайдаласы да бар, уы да бар. Қорқыныш пен үрей тудыратыны улы кітаптар, кешегі империяны насихаттайтын, тарихты бұрмалайтын, теріс ілім тарататын кітаптар. Осыған орай әлемдік тәжірибеге сай жұмыс істей де білуіміз қажет. Кітап бизнесімен айналысатын азаматтармен дұрыс бейресми мемлекетшіл, ұлтшыл мәмілелер қажет. Отандық өнімді, отандық авторларды басымдық еткен кітап дүкендеріне қаржылай, қаржылай емес көмек көрсету формаларын іздеп табу керек.

Бүгінгі күні кітап дүкендері – «Келсең кел. Келмесең бадал» деген философияны ұстанған монополистер. Білетініміз, кез-келген монополия дегеніміз – озбырлық, цензура, белден басу. Түбі, қалаларымыздағы кітап сататын дүкендердің монополиялық жағдайын да қарастырып отырғанымыз дұрыс. Әрине, кітап бизнесі дәрі сатқанға жақын айрықша бизнес. Алайда тек бір топтың монополия орнатуы ұлттық талғамды шектеуі, баспалар мен авторлардың құқықтарын шектеуі мүмкін екенін естен шығармауымыз керек. Болашақта кітап дүкендері баспаларды, авторларды жағалап жүруі үшін олардың арасында да бәсекелестік жағдай тудыру шарт.

Кітапханалар. Баяғыда академик Лихачев: «Мәдениетті сақтау үшін университет салу шарт емес, бірақ кітапхананы сақтау міндет», - деген аса терең ой айтқан екен. Кітапханалар мәдениетіміздің шамшырағы, шырақшысы болып келді.

Ендігі уақытта барша партиципаторлық технологияларды меңгерген, оқырман іздеп келетін ғана емес, оқырманды іздеп жүретін мәдениет ошақтарына айлануы керек кітапханаларымыз. Ең басты жұмыстың бірі – еліміздегі кітап қорын сандық форматқа ауыстыру жұмысы. Барша кітапты тауып, оқи алатын, оны көшіріп, бір мезетте латын қарпі түгілі қытай тіліне ауыстыра алатын жағдай жасалса.

Сонымен қатар кітапханалар нақты зерттеулер, талдаулар жасай алатын ғылыми орта екенін де естен шығармалық. Мысалы, кітапханалардың басты жұмысының бірі оқырмандардың қандай кітаптарға, тақырыптарға назар аударатынын нарыққа таныту. Жылдар бойы келіп жатқан мемтапсырыс бойынша келетін кітаптар оқылып жатыр ма? Кітапханаға түскен мемтапсырыс кітаптардың шынайы рейтингісін жасап отырса да жақсы болар еді.

4. Мемтапсырыс жайында.

Ел болған соң, мемлекет болған соң, мемтапсырыс та болады. Бірақ, бұл қандай мемтапсырыс болуы керек. Есі дұрыс, бәсекеге қабылетті кітап нарығын жасақтағымыз келсе біздер ең алдымен осы мемтапсырыс дегеннің шарттары мен талабын айқындап алғанымыз міндет.

Мемтапсырыс негізінен мемлекетке қажетті құжаттар мен заңдарды кітап қылып шығару үшін қажет. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Екіншіден мемтапсырыс нарықтың қолы жете бермейтін салаларға ғана жұмсалуы керек: оқулық шығару, техникалық, ғылыми әдебиет, балалар әдебиеті деген сияқты. Қалғанының барлығы дерлік нарық есебінен, баспа-оқырман есебінен қаржылана алуы тиіс.

Мемлекеттік тапсырыс болашақта баспаларға кітап шығару үшін таратылмауы тиіс. Бұл баспалардың ізденісін, шығармашылығын шектеп тастайтын үрдіс. Мемтапсырыс жекелеген кітаптарды шығару үшін емес, кітаптар сериясын шығаруға берілетін болса. Мысалы, «А» баспасы тек «Алаш тарихы туралы кітаптарды шығаруға», «Б» баспасы «Қазақ өнерін шетелде насихаттайтын кітаптар шығаруға», «Ә» баспасы – «Қазақстанның әскери тұлғаларының естеліктерін шығаруға», «Д» баспасы – «Қазақ мемуарлары» сериясын шығаруға», «Е» баспасы – «Қазақ музыкасы туралы кітаптар шығаруға», «Ж» баспасы – «Қазақ мектебін насихаттауға қажетті кітаптарды шығаруға», «М» баспасы – «Қазақ бизнесін насихаттауға негізделген өмірбаяндар сериясын шығаруға» міндеттелсе т.т. Яғни баспалармен жасалатын контрактілер нақты кітаптарды шығаруға емес, нақты кітаптар сериясын, циклдерін шығаруға міндеттеліп отырғаны дұрыс. Сонда баспалар ұзақмерзімді тақырыптар алып, олардың шын мәнінде өзекті болуын, сатылуын қамтамасыз етуге тырысуы мүмкін. Сонымен қатар жаңа авторларды тартып, жаңа тақырыптарға баруға машықтанар еді. Бүгінгі әлемде шығарылып жатқан кітап серияларын көріп, оқып амалсыз қызығасың. Ойламаған жерден аса қызықты кітап сериялары шығып жатады. Мемтапсырыс майшелпек емес, ойланып, еңбектеніп, тер төгуді қажет ететін ынталандыру құралы болуы керек.

Жылда мемтапсырыс бойынша көптеген кітаптар шығып жатады. Ішінде, шынын айту керек, ешкімге, адамға да, құдайға да керегі жоқ кітаптар шығып тұрады. Сын көтермейтін кітаптар саны да артып келеді. Бұдан құтылу үшін мемтапсырысты тарататын комиссиялардың құрамы мықты болуы керек. Екіншіден, мемтапсырыспен шығатын кітаптардың қатары белгілі бір рейтингтерге сүйенуі керек. Мысалы, салалық рейтингтер, кітапханашылар рейтингтері, кітап дүкендері рейтингтері дегендей. Тағы бір жолы елімізде бар мемлекеттік және қоғамдық конкурстардың ғана жеңімпаздарының кітаптары мемтапсырыс арқылы жариянлану құқына ие болуы керек. Бұл бір жағынан әдебиет және баспа ісіндегі жемқорлықты тежеуге де жағдай жасайды.

Тек осындай жүйе жасалған, жасақталған кезде ғана елімізде нарықтық әдебиет және кітап индустриясы пайда болады. Алдағы жылы осы тақырыпты жалғастырып, әрбір бағыты бойынша бөлек-бөлек талқы жүргізгенді жөн санадық. Егер оқырмандарымыз осы тақырып бойынша ой қозғағысы келсе оны газет бетінде не болмаса сайтымызда жалғастыруға дайынбыз.

«Жас Алаш» газеті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар