Быки были чернее агата.
Федерико Гарсия Лорка.
Жазғы күн тоқырауынан соң қырық күн шілде Арқадан ауды. Бұлаңдаған көк әлем бейтарап қалықтайды.
Түсіпхан желіден ерте туған көкқасқа құлындарды таңдап шешіп алды. Өзі ортасына тұрып қос құлынды екі жағына ұстады. Жылқы баласының иілген қаз мойындарына білегін артып, қапсыра құшақтаған бойы өрден төмен өзенге ылдилай шауып кетті. Ер қанаты ат деген, аяғы жерге біресе тиіп, біресе тимей бұлғаңдап құстай ұшады. Түсіпхан жылқыны өстіп те мінеді. Ол қос құлынды суғарып тұрғанда саусақтарымен жалын тарай, шошақ құлақтарының түбінен майда сипалайды. Сағыныш қой, әншейін. Жердің оты қалың, бір үйір бие сауады, енесінің сүтіне құлындар да тояды.
Түсіпхан аулына бір ай демалысқа Москвадан келді, соғыста барлаушы болғандықтан әскери оқуға қабылданған. Ол соғыстан соң бір жылды өткізіп әзер жетті. Әскери киімі сымбатты денесіне бек жарасқан, аяғында қара хром етігі жалтырап тұр. Түсіпхан ұзын бойлы, үлкен қой көзді, қыр мұрынды, ақ сары жүзді ажарлы жігіт. Оңашада кішкентай немере бауырларын еркелетіп, ересектеу екеуіне сендерді бұйырса, Москвадан оқытам дегені ертегідей таң қалдырған.
Мұқым ауыл бір атадан тарайды, таңсәріден тұра сала үлкен үйге барып қымыз ішеді. Әркім тағы үздік-создық өзі оянған шағында барады. Түсіпханның кіші шешесі Айша, Айшан апа, абысын көзінің көл тұнығындай түсіне қарай өзара Көккөз десіп кеткен, үлкен демей, бала демей бәріне қою сүтпен дәмдеп шай құйып отырғаннан әсте жалықпайды. Түсіпхан күміс қасықтардан баланың тісінің ізі бар біреуін алып қаймақ жейді.
Әуелде Түсіпхан туған жерінде мейлінше аунап-қунады, отбасында сабасы сарқылмайтын, қымызы тегенесімен, сүті бұлақтай, күнде бір май, бір ет. Қанды майданның бұлғақлығында жүргенде құр қалған өз сыбағаң, қазір ғой түйенің тұяғы түсетін қырық күншілік алыста жүрсің, қасаптың етінде қандай дәм болсын, бір ішек болып жүдепсің, мә, іш, же десіп кіші шешесімен тәте, жеңге, қарындастары жылы-жұмсақты оның аузына кезек тосты.
Алайда Түсіпхан қауырт тіршілік кезінде қайнаған шаруадан қалыс, құр жата беруді көңілі қош көрмей, Қараөлеңнен құдық қазды. Оның ені тарлау қазылған терең шұңқырдан арқансыз шығып кететіні айтса нанғысыз. Ол сапер күрегі мен кездігін құдықтың сыз қабырғасына олай бір, бұлай бір қарама-қарсы қадап, аюдай теңселіп, қолының тегеуріні күштілігінен шапшаң лыпылдап жер бетіне қарғып шығады. Алыстан көкшіл тау оқшияды, Байжантау, Түсіпханның бабасының аты, Баймұрын мен Сақалдың әкесі. Жазықта қонған ауыл сүйегі тобықты Наз әулетінен өсіп-өнген. Тау ішіне енген салт атты қой бүлдіргеннен ат тұяғы тобығынан қып-қызыл түске боялып шығады. Мұндағы сай-сала, жықпыл-жыраның арасы тегіс көрінер еді, биік өскен шөп тізеден оратылады. Жер жүзінде анадан туған адам баласы үшін ерекше ыстық атамекен аспаны бар, ол оны өзге өңірдің көгіне теңгермей, бәрінен артық көреді. Түсіпхан қамысты көл көрсе көкала үйректей сымпың қағып тұра жөнеледі, терең сүңгиді. Бұлақ кезіксе астындағы Оқжирен атынан секіріп түсіп, жағасына жабыса бұлаң керім тұнықтың лүпілдеген ақша бетінен өбеді. Қабанатқаннан алдынан бір түлкі қашқанда, Түсіпхан соңына ерген итіне адамша тіл қатып, өлеңдете жөнелген:
- Ал құмай, неғып тұрсың, түлкі қумай?
Түсіпхан ата-бабамның табаны тиген қыстағын жөндеймін деп тамның ескі төбесін қайта ашып жаппақ болды. Құндыздыда ел қораның төбесін сырғауылды екіге жарып жабады. Ол Жанбүкір қыстауының маңынан құрылысқа керекті ағашты таудан іріктеп кесті. Жабайы иен, аң мен құсы үркуді білмейді. Таудың маңғаз тыныштығын балтаның тарс-тұрс дыбысы бұзғанда жаңғырық жоқшы тәрізді қаңғып жөнелді. Жаңғырықтың әулиелігі осал емес, тіршілікті сақтансаң сақтар деп бір дүрліктіреді. Оны бұланнан бөденеге шейін әмсе қалт жібермейді, қауіптен безіп құтылады.
Түсіпхан бұтақталған жетпіс шақты терек пен қайыңды өгіз арбаға тиеп әкелмекке жалғыз аттанды. Колхоз босатпайды, жұмыс қолы қат. Әулие бұлағының басынан таудың қиясымен жайлауға қарай сүрлеу жол бар. Биік таудың үстімен өтетіндіктен ел жота жол деп атайды. Қиясында кей сәт құс қайтқанда көктегі тырналар легіндей тізіліп арқарлар тұрушы еді.
Ауаның хош иісіне жер жетпейді. Аспанда күн асылып тұр. Кеңістікті ораған шеңберді тең бөлгенде сызып өтетін ыстық белбеу жер шарын солтүстік пен оңтүстікке, күнбатыс пен күншығысқа лайықтады. Жер түгі бұрқыраған, шөп арасында түйетабан өседі, гүлі көкпеңбек, тікенді, тұрқы биік, майысып тұрған соң балалар солқылдақ дейді. Өгіз арба қиямен ілбіп келеді. Кенет арбаның ой жақтағы артқы дөңгелегінің тұсына ірі жақпар тас кез болды, арба қисайып бір бүйіріне ауған. Түсіпхан жылдамшыл, алаңғасар, мінезінде аңқау балалығы әлі арылмағандай ештеңеден қорықпаушы еді. Ол қырдағы мал жайлаған шаруаның қыр-сырын көп білмейді, бала кезіндегі дағдысынан қол үзіп қалғанын өзі де бағып үлгермеді. Соғыста екі рет жараланған, оң иығынан жанап өткен оқтың ізі бар. Түсіпхан ұзын бойына сеніп арбаның қисайған тұсынан иығымен сүйеп әлінше түзеп жібермек болды. Қарлығаш ұшып өткендей қас-қағым сәт зу ете түсті. Аяғындағы хром етігінің жылтыр табаны тау қиясының көгалына тайып құлады. Жас жігіт шалқалай құлаған соң қайтіп күш ала алмады.
Өгіздер жұлқа қозғалғанда арба төңкеріліп, жүгімен қопарыла құлады да, Түсіпханды басып қалды, екі тізеден төмен ашық жатыр, денесі көрінбейді. Әттең, әлгі аңдаусыз қимылы асылық болды, заядан бұрын кесірге айналғаны. Өгіздер арба аударылғанда дертесі сынып, мойынағашы мойнында босап кетті. Ірі қара мал, алдыңғы дөңгелек пен білікті жұлып әкетті. Тау аңғары киіктердің тұяғы арылмайтын отты жер. Арам қатқыр қос өгіз басын жерден алмай күйсейді. Ол кілең дымқылы кеппеген жас сырғауылдарға тірідей көмілді.
Үлкендер ертек айтқанда бұл фәниді көк өгіз мүйізімен көтеріп тұрады деуші еді, ол бір мүйізінен екінші мүйізіне ауыстырғанда жер сілкінеді. Ол өзі тұқымы хайуан болса неғып мойны талмасын, мүйізімен мың күн көтерсе де бір күн кәдік деп жабырқаған бала жүрек. Күнді айналған сайын үркіп кететін жазғы шоқ жұлдыздардың ойнамалы тұрақсыздығынан ба екен, қос өгіз ер азаматты қапияда мерт қылды. Түйеге өркеш, бұғыға мүйіз, қабанға азу бітпей тұрған кезде бұ дүние бұлғақ, опасыз жалған жарығымен алдайды, жазмыштан озмыш жоқ.
Бұрын Түсіпхан өзінің Оқжиренімен бұлаңдап жер кезіп жүргенде көрді, бір жағы тау, бір жағы тік жарлауыт, өзен, тоғайлы осы маңға таяу жартастардың бетіне бағзы бұлдыр заманда қашалған, мүйізімен күн көтерген алып өгіздің бейнесі бар. Оның қасындағы қойтаста қос қанатын жайып әуеде қалықтаған бүркіт құдды екі қолын екі жағына жайған адам баласынан да елес береді. Сол кескіндерде әлде құпия көріпкелдік болар. Таңбалы тас таңсық емес, жайлаудың ел қонатын жерінде дөңнің үстіндегі қыналы жайпақ таста аттың бір аяғы, тұяғының ізі бадырайып тұр. Сондықтан ол тұсты жұрт Тұлпарбасқан атап кеткен. Көрген жан о, құдірет деп қайран қалардай. Жаңбыр жауғанда әлгі ізге тостағандай мөлтілдеп су толады.
Ол ағашты арбаға арқанмен мықтап таңып байлаған еді, арқандалмай бос салынғанда жеңілірек болары даусыз. Онда ептеп тырмысып, сырғи сытылып харекет қылмаққа мүмкін болатын. Енді тырп еткізер емес. Ауыр арба астында ұядан құлаған балапанға ұқсап қорғансыз тірі жүрек дүрсілдейді. Түсіпхан соғыста тіл әкелуге барғанын есіне түсірді. Қасына ерген жауынгері бар. Қолға түсірген дұшпанын байлап, басына қап кигізіп өзі арқалап алды. Жау шебінен өте бергенде қарсы жақ сезіп қойып, ракета атылған соң түнді жарқырата оқ жаудырды. Артынша арқасындағы адамы екі есе ауырлап қиналып кетті, сөйтсе, бейшараға оқ тиіп жан тәсілімін беріпті, ажалды өледі. Сонда мәйіттің салмағы тірі адамнан әлдеқайда шоң болатынын анық білген. Майданда бұйрыққа бағынады, штабқа өлі емес, тірі тіл керек. Екеуі таң қылаңдамай майдан сызығынан қайта өтті. Неміс штабы, палатканы күзетіп бір солдат тұр, желкесінен пышақ салған. Ақырын палаткадан сығалап қараса үш әскери отыр. Екеуінің шені жоғары - офицер, біреуі писарь солдат. Ең жоғары шендіні сақтап, өзгелерін атып жіберді. Сол жолы жақсы тіл әкелді, ержүректігі ақталды. Қырғын соғыста еш аяушылық жоқ, не өмір, не өлім.
Түсіпхан қияда сорлап жатып өлімнің ишарасын жақында түсінде көргенін ойлап шошынды. Ол түсінде бұрылып тоғайға беттейді. Ерттеулі жирен атын талдан шешіп алмақшы екен, марқұм әкесі Жанділдә мініп кетіпті. Бұл «әке, мен жаяу қалам ба?» десе, әкесі: «балам-ай, жас емессің бе, жүр кеттік» деп атын тебіне жөнеліпті.
Көк айғырдың жалын тараған Қыдырдай ғайыптан ауылдан біреу жанына келер-ау деп зарыға тосты. Сор айдағанда Әбдіхамит ағасына өгіз арбамен тауға кеткенін айтпағанын қарасаңшы. Тірі мақұлыққа мұншалық ауыртпалықты үкім етуге болмайды. Құс келерде асуы қиын қос таудың арасынан алдымен құлантөс бұлдырақ өтеді, таулар соғысып тұрғанда оның құйрығынан бір тал қауырсын түспейді екен. Мынау шерменде ғазаптан сол құс ғұрлы арылар азаттық басқа туар ма. Түсіпханның басына күн туды, Түсіпхан жаман болды деп ағайынға кім айтар. Қоршылық өзінің қаперсіздігінен болды. Алла адам баласына еш зұлымдық қылмайды, Түсіпхан әзиз жаны күйіп жатса да оған кәміл сенді.
Жылқыға жау тигендей... солқылдатып қара жердің кеудесіне мүйіз тұяқтары кірш-кірш қадалып таусылар емес, шұрқыраған қалың жылқыдан айрылып қалмас па, исі қазақты жал-құйрықсыз қалдыру не сұмдық... диірмен тасындағы бидай... үгітіліп барады. Күннің талаураған бетін қайыңның қабығы торлаған. Тоғайда қаптаған итмұрынның гүлі күн батқанда жабылды. Тырналардың ақшаңқан жолағы мұнарланып сүт төгілгендей бұрқырап, жұлдызды түнді адырайтты. Бірақ Түсіпхан көрсоқырдың кебімен ештеңені көрген жоқ. Ол жер құрттарына, көрге тақау жатса да жарығым таусылмағай деп тілеген.
Қараңғыда сұлу сайлардан уылжи пісіп, аға бастаған қарақаттың хош иісі аңқып қозы көш жер ұйқыдағы ауылдың жас балаларының мұрнын қытықтағандай бейбіт даламен қалқи жылқының жалына, киіз үйдің жабуы мен сабаның ысына сіңді. Самал жел үзіп әкетсе үлпілдек иіс Құндызды, Шет бойынан асып, Қызылтас пен Көксудан, Жидебайдан әрмен Бестамақтың ағынды суларының ну жағасында тұтаса өскен қарақат бұталарымен жалғаса Баянауыл, Қарқаралы, Ерейментау арқылы Ұлытауға ауады.
Түсіпхан ата-баба аруағына сыйынды. Бір мезет өскен әулетін, ағайын-туғанын түгел ойлаған. Баймұрын атасынан Байділдә мен Жанділдә. Байділдәдан бес ұл, бір қыз - Мұсағали, Төлеухан, Бодаухан, Мұхаметхан, Ғаббас, Зура. Бесеуі өмірден озды, Зура әпкесі ұзатылып кеткен. Олардың балаларынан соғыстан оралмағаны Кәкітай мен Малгеждар, түбі туыстан он екі жан. Жанділдәдан бір қыз, екі ұл – Ұмсындық, Сүлейменхан, Түсіпхан. Сүлеш әскерге кетерде үйленген, қыз баласы іште қалып туды. 1943 жылдың наурызында Сүлештен қара қағаз келіпті. Бірге туған бауырдың қазасын есту жанына қатты батқан, ол небәрі жиырманың бесеуінде болатын. Кейіннен шайқаста мұз төсеніп егіле жылаған. Ал Ұмсындық әпкесінің ақ жүзі шала-шарпы есінде, тым ерте, бала кезінде тірідей айрылған, әпкесінің жарық дүниеде бар-жоғынан бейхабар. Байды құлақ деп салық салынып, қисапсыз мал ортаға кетіп, жаңа үкіметке наразы елдің кейбірі арғы бетке асқанда әпкесі Көкше Садыхан Бозамбай ауылының жас келіні екен. Кенжеағасы Ұмсын қарындасымды шекарадан өткізбей алып қалам деп арттарынан жүйрік атпен қуа барыпты. Сонда ол: «Кенжеаға, батаңды бер, бөлінбейін, өлсем үй-ішіммен бірге болайын. Бөлінгенім құдайға да, адамға да жат» деп жыласа керек. Өздері Қостың бойына кілемдерін тыққан, күніміз жетіп қайта оралсақ аламыз, дәм тартпаса туыстар алсын депті. Ауылдың шолақ белсенділері адымыңды аштырмайды, аңдып, көрген-білгенін жатқызбай өкімет адамдарына мәлімдейді. Байтал түгіл бас қайғы заман, кілемдер естен тарс шығып шөп өсіп кетіпті деп отырушы еді кіші шешесі. Шөп шапқанда шалғының ұшы бірдеңеге ілінеді, тартса жіптің ұшы, кілемдер бүктелген жерінен қиылып, төрт бөлік болып шіріпті. Дүние боқ деген сол, оның жарасы жеңіл. Осылай ойлауы мұң екен, Түсіпхан басына түскен бейнеттен мүлдем көкірегі тарылып, жүрегі қысты.
Түсіпханның шешесі Қалғайша, Сыбан Байгөбектің қызы, Жанділдәнің кіші жамағаты 1937 жылдың қысында қайтыс болды. Анасы ақылды, сұлу өңді, шебер істі жан болатын. Ол үш баламен жесір қалғанда малды болған, колхоз орнамай тұрғанда жылқысын кісі баққан, от-суын кісі тасыған. Әмеңгерлік жолмен қайнысы Ғаббасқа әйел үстіне барады, қарындасы Ханшайым туғанда кішкентай Қайнікеніңе тете өссін деп екі жасында Көккөздің бауырына салып беріпті. Кіші шешесі мен өз шешесінің арасында алып бара жатқан күндестік, араздық болмаған сияқты. Кенжеағасы Ғаббас еңбек армиясынан науқас болып оралып, жеңістен соң көз жұмды, қабіріне топырақ салу бұйырмады. Қазір ауыл Төлеуханнан туған Әбдіхамитке бағынады, бұл әулеттің ендігі үлкені сол кісі, намазын тастамаған, өкіметке бағынбайды, ешкімге қиянаты жоқ. Үй-іші шаруасына негізінен Бодауханның ұлы Оразхан иелік етеді. Оның ерен адалдығын бөтендер тобықты тентек, өктемшіл болушы еді деп кей мезет жақтыртпай жатады. Расында ата тегі нағыз құдайға қараған, момынға жаны ашыған, обалды ойлаған. Соны кейбіреу күншілдігі қозып біле тұра білмегенсиді. Түсіпханның миында осы ойлар лезде жасындай жарқ етіп жоғалды. Ауыр салмақтан езілген жаны мылқау бебеулейді. Ол ауылындағы еңбектеген баладан еңкейген кәріге шейін бірін қалдырмай есімін атап дауыстап шақыра бастады. Алланың рақымынан күдер үзбеген, Түсіпхан жас кесілген көп сырғауыл астында керілген күйінде арзу айтып жатыр:
- Әбдіхамит ағам, Нұржан жеңгей, кіші шеше, Шәкен тәте, Оразхан аға - Оқам-ау, Кенжеғаным тәтем, Ырысқайша қарындасым, Сіләтай аға, Үкібас жеңгей, Бағдаш, қос қарындасым Қайнікен мен Қаншайым, қарлығаштай ұшып жетші жаныма қарақтарым, ағаларың жазатайым мынадай болды.
Оның ұжмақ пен тозақ арасындай қыспақтан жанұшырған ойы ізінше жасөрім балаларға ауысты:
- Алданыш, Секен, Ғазиз, Жөкал, Құсман, Тоқтан, Биғайша, Әбдікен, Дүйсен, Майра, Амантай, Жеңісқазы, Тұмарбай, маған жедел көмекке келсеңдерші бауырларым, Түсіпхан ағаң қор болды ғой!
Бұлардың ең кішісі жасы үштен аспаған. Ол қарындастарының емшектегі Бақыты мен Мәрияшын әсте ұмытпады, бейкүнә нәрестелердің періштесі жеткізер деп нанды. Баймұрынмен бір туған Сақал атасынан тараған ұрпақты тегіс шақырды. Нағашы жұрты сыбаннан біреу жүргінші шығар ма, құдай айдап бұған кез қылар ма екен!
Баурайда биік өскенде ақ қайыңдар мен жасыл теректер мінсіз болатын. Жер анасынан айрылған қайғысы қара тастай сөлсіз ағаштардың шоғырмақ зілі адамзатты оңдырмаған. Тегінде көкжиек пен күмбездер ғана салмақсыз. Уақыт әбден сүреңді салды.
Сол күні шық кепкен мезгілде Оразхан ел жаққа бір жылқы саяқ кетіп, салт атпен мал іздеуге шықты. Құндыздыдағы қара шаңырақтан аулақта Оразхан ауылы малда отырады. Үйден қарға адым жер ұзағанда сайтандай бір кесел жабысты. Ол іші-бауыры күйіп өртеніп бара жатқан соң атқа отыра алмастай күй кешті, жүрегі суылдап тыншу таппады. Оразхан атының басын кері бұруға мәжбүр болды. Ол жолай інісі Түсіпханның үстінен түнге жеткізбей дөп түскелі тұр еді, құдай жазбаған.
Түн. Құс жолы жер жүзін тағы нысанасына алды. Үркер де бір, өгіз де бір. Жетіқарақшы Темірқазықты шыр айналып жүрді де, ырғағынан жаңылсын ба, ақыры бір айналып шықты. Түсіпханның қасына тірі жан тұрмақ ұшқан құс жолаған жоқ. Ол кесапатқа ұрынды деп ешкім қатер ойламаса керек. Әлемнің әуелгі тозаңды тұңғиығында адам жұлдыз пішінді, яки жұлдыз адам пішінді. Неліктен солай болмағын екі дүниенің де сызын сезініп жатқан момын азап иесі сезінбеген. Әйткенмен сол илайым көктерде қырсық әкелетін, сор шашатын шырақтар ырымға жоқ болатын.
Темірқазықтай тапжылмай жатқанда Түсіпхан таң атуын зарыға күтті. Оның хром етігі сермей берген соң сыпырылып шешіліп қалғандықтан екі аяғы суықтан жансызданып тастай қатты. Темірқазық Көктұлпарының қазығы, айлы-күнді Алтайдан салт атпен шоқытып ары ассаң, жарқыраған ай нұрында алтынқазықтай көрінер еді. Жас кезінде сыбанып барымтаға барған шалдардың бірінің айтуынша, сол сәттің еренғайып сұлулығына бұ дүниеде ештеңе тең келмейді. Жер ойылып аспан сөгіліп құламады, жоғары-төменге ауыспаған, ақырзаман төнгеннен аулақ. Әй, бірақ содан еш кемдігі жоқ. Түсіпхан кеудесін зіл қысқан сайын тап бір асқар тауға өрмелеп бара жатқандай күй меңдеді. Шетсіз-шексіз үздіксіз өрлеу, шыңға емес, жеті қат көкке тырмысып жаны ұмтылғандай. Бұршақ жауатын бұлт тау тәрізді боларын бала кезінде көзі көрген. Жер мен көктің ортасында құбылған дүниежалған бұған күллі әлемнің ауыртпалығын жалғыз арқалатып керіп тастағандай. Бірақ артынан ақтап алмас па. Еркек тоқты құрбандық, тегіннен текке бұлғақлық асау басқа түспесе керек.
Таңға жақын жұлдыздар көп ағады, оны көріп жатқан Түсіпхан жоқ. Саршұнақ пен суырдың үні таң атырды.
Ауылдың үлкендері беймаза күй кешті. Әтеш шақырды. Нұржан апа тысқа шыққанда көгалға жата қалып, құлағын жерге төсеп, мал тұяғының дыбысы естілер ме екен деп тың тыңдады. Әншейінде ұйқышыл жас балалар оянып алды, апасын көріп, олар да домалап жатыр, бір тықыр естілер ме деп елеңдеп, елегзумен жалтақтайды. Құндыздыда ғадетте қас қарая жылқыны түгел көкке айдап жібереді, биені күні бойы байлап, түнде жаяды. Таңертең жылқы өрістен келісімен ересектердің бәрі бие мініп, Түсіпханды іздеп үш өзенді өрлеп кетті. Біршама уақытта Түсіпханды күйеу баласы Бағдаш тауып алды. Ол астындағы бие осқырынғанда қос өгізді көре сала ұмтылды. Қияда құлаған арбадан жалаңаяғы шығып жатқанын көргенде өлген екен деп ойлап, есі шыққаннан айқайлап жылап жіберді.
- Бағдаш, мен тірімін, - деді Түсіпхан бәсең үнмен.
Жаралы қайнағасын сірескен көп ағаштың астынан ақырындап алудың өзі оңайға түспеді. Қайыңның қабығы, шөп-шалам, шаңнан беті-қолын бұлаққа жуып, Бағдаш Түсіпханды балаша көтеріп әкеп, өз киімін астына төсеп ағаш түбіне жатқызды. Өзі елге хабар айтпаққа дереу шауып жөнелді. Ағайын-туғаннан еркек кіндік айдалада шалажансар мертігіп жатқан есіл бауырға ентелей төнгенде көкірегі қарс айрыла жаздады. Арба маңындағы ошақтай жерді тепкілеп ойып тастағанын көздері көрді. Түсіпханның бет, қабақ сүйегі сынған, әл-дәрмені жоқ, мынау ғаріп қалпында ауылға жеткізу мүмкін болмады. Ат арқасына шыдамайды, ат-арба жайсыз тиері хақ. Шабармандар ауылға шапты. Дереу киіз үйдің сүйегін арнайы жығып, шаңырағын дөңгелентіп ортасына түсіріп, уықтарын бөлек ажыратып алды. Шаңырақ шайқалғанда жүректер қоса қозғалды. Оның күндей шеңберіндегі көздерінен уықтарын суырысып жатқанда үрпиіскен аналардың көзі жасқа толды. Ішкі өрнекке күміс жалатқан, ақкөз үміттей жылтырайды. Шаңырақтың жоғары тұратын күмбезін төмен қаратты, дөңестеу шұңқырына құс төсек толып кетті. Төңкерілген шаңырақтың ішіне жаралы қаздай Түсіпханды ептеп жатқызды. Төрт салт атты желбауынан ат үстінен көтерісіп әкетті.
Құндызды мен Сағаның арасы көсілме жазық жер, жағалай ел қонған, егін жайқалып пісіп тұр, айнала қырман, зират. Күн жарықта жөңкіліп бұлттар көшіп барады, сарша тамызға ілесердей аспан үдере көшкен. Түсіпхан бесікке бөленгендей аяғын, кеудесін қатты байлап тастаған тәрізді қозғалтпайды. Салт аттылар шоқыта желмей, шабандатып баяу келеді. Атасы Баймұрын ауылын уағында жас келіндер Тұмсық ауылы деп атайтын еді. Ескі жұрттан көзі жұмулы өтіп барады. Ауылға таянғанда Түсіпханның алдынан бала-шаға, үлкені бар тайлы-таяғы қалмай жүгірісті. Кейбіреуінің аузынан аһ ұрып, ой, бауырым шығып кетті.
- А құдай, тәубә, тірі, жыламаңдар, - деп тыйып тастады шабарман. Түсіпханды көтеріп әкеп қазақ үйдің іргесіндегі төсекке жатқызды, аузына су тамызды. Жұрт енді анықтап көрді, оның оң қабағы сынғанын, екі тізеден төмен кесілген ағаштың бұтағының қыры кірген соң теріден түк жоқ, екі өкшесі жарадан қанталайды. Ол бір жерім ауырды деместен ыңқылдамай жатты, өңі де тайған жоқ. Түсіпхан елдің бәрін танып жатты. Сөйлеуге онша халі аз, оның бар айтқаны мынау болды:
- Мен сендерді бесіктегі балаға шейін шақырдым. Қанша күтсем де біреуің келмедіңдер.
Ол сөйлегенде әлсіреп қалған түрін байқаған соң туыстары күйінді. Оны құдай көр топырақтан тыс қылғыза көр деп жалбарынды. Ауылда үлкен дәрігер қат, медсестра орыс әйелі Нина Түсіпхан үш күн ыстығы көтеріліп, ісініп жатқанда еш қайран қыла алмады. Ол ауық-ауық құса береді, нәр татпаған. Нина оның көк бауыры езіліп кеткен, адам болмайды деді. Болған жайтты естігенде Нина басын бір шайқап, кенеттен шоқынып алды. Ажал төсегіндегі жас жігіттің сабырлы бейнесіне телміріп қарап отырған жақынына топырлап, мазасын алмаңдар дегісі кеп еді, қапелімде тамағы кеберсіп қалды.
Түсіпхан көзі ілініп кетсе сандырақтайды, ағайынын түстеп шақырады. Қыл аяғы нәрестелердің өзін ұмыт қалдырмағанын өз құлағымен естіген ел ағыл-тегіл жылап басылды. «Көтеріңдерші, әуп-әуп, мені көтеріп жіберсеңдерші» деп сыбырлайды. Бет - аузы күптей ісініп кетті. Ол көзіне елес көрініп: «Кенжеаға, қазір барам, Кенжеаға, тұра тұршы, асықпашы» деп дауыстайды. Жер арасы шалғай, Оразханға кісі жіберді.
Әркім өлімді татады, әйтпесе өзекті жанға тірі мақұлық болу бақыты қайда. Кей мезет адам баласы үшін әзірейілден өткен шынайы құтқарушы табылмас. Ақтық сәтінде Түсіпхан есін жинағандай болды.
- Оқа, келдің бе, сені көп күттім ғой,- деп күбірледі Түсіпхан көзін ашып. – Оқам-ау, Жанбүкірде қырсық шалып құлағанымда елден бұрын өзіңді тостым ғой, ежелден атқа жеңіл, шапшаң едің ғой, қайда жүрдің? Дәретке өзің отырғызшы.
Немере ағасы Оразхан құсадан теңселіп кетсе де еңгезердей інісін құшақтап алып дәретке отырғызды. Ол Оқасын қоштасу үшін тосып жатқандай ұзаған жоқ. Түсіпхан үш күн тірі жатып, құрбан айтының соңғы күні жиырма жеті жасында қайтыс болды. Ел қоғадай жапырылды. Алыс-жақындағы түп атасы Арғын, Найман түгел кеп көрісті. Апа, жеңге, қарындастары есеңгіреп талып жығылды. Үлкен ағасы Әбдіхамит теңдіктің бауын мойнына салып жіберіп, жүресінен отырып өкіріп жылаған. Жас өлікті киіз үйдің іргесіне жатқызып басын қыбылаға қаратып, шымылдық ішінде отырып әйелдер жоқтау айтты.
Түсіпханды ата-баба сүйегі жатқан күмбезді зиратқа жерледі. Төрт жылғы қанды соғыстан аман оралған есіл азаматтың қызығы қара жерге бұйырған екен. Қазақ салтында бір жыл аза тұтады, туыстары Түсіпханға қырық күн бойы жоқтау айтты. Бұл әулеттің жас балалары дауыс шыққанда қазақ үйдің сыртына жабысып тыңдай қалысады. Қаз мойын үш жас келіншек қара шаштарын арқасына жайып, дауыс салды. Әлі уыздай жас болса да соғыс жесірліктің таңбасын ақ маңдайға басып үлгерген қос қарындасы енді асыл ағадан айрылды. Түсіпханның шешесі бір, әкесі немере туған қарындасы Ханшайым, немере қарындасы Ырысқайша, жеңгесі Үкібас кезек зарлайды.Жоқтау марқұмның қырқына дейін күн шықпай таңертеңгілік ерте, түсте, кеште үш мезгіл айтылды, молда азан оқыған соң-ақ жылау да жылау. Сұңқылдаған қаралы жыр бұл ауылдың үстінен қырық күн тарқамады, қайтқан құс қанатына ілескендей үдере көшті.
«Ақ үй тіктім аралға, аралым өрер самалға. Алшаңдай басып жүргенде, жығылды-ау атым томарға. Сүрмедім дәурен еркімше. Күн дегенім түн болды-ау».
«Жаны ашымас қу жалған, таршылық кімге салмаған. Жалғызым, әттең қайтейін, қызығыңа қанбаған»- деп іліп әкетеді екінші дауыс.
«Арғымақ атты өнерлім. Алтын да тонды бедерлім. Алладан жарлық келген соң, қарамай бізге жөнелдің» дегенде дауыс ырғағы өзгеше құйылып, ән арқылы қайғымен қауышып, оның құнын асыра түседі. Олардың тіпті шерден арылғысы жоқ тәрізді. Сонан кейін кісілер бір-бірімен құшақтасып көріседі. Түс әлетінде бір мезгіл, күн ұясына енерде үшінші мәрте қайтадан күңіреніп зарлайды, мұң сарын кең далаға маңып жер кіндігіне тарайды.
«Көкала үйрек көлде ойнар, көлеңкесі оның жерде ойнар. Тең құрбыңды көргенде, екі де көзім сонда ойнар».
«Күміс те жүген жирен ат, күншілік жерден табылар. Күніге керек бауырым, іздесем қайдан табылар».
«Әуелі Алла, пайғамбар, молдалар, кітап жайғандар. Көздері қайтіп қиды екен, көтеріп жерге салғандар. Жалғызым-ай, не болдың-ай!». Әр айтқан сайын өлең өзгеріп отырады, сорлы жүрек қайғының уытынан өзі сарнайды. Түсіпханның қырқын беріп жатқанда Москвадан хат келді. «Демалысың баяғыда бітті, неге қайтпайсың? Ауылыңдағы ағайының үйлендіріп, сені жібермей жатыр ма деп алаңмын» деп уәделескен қалыңдығы жазыпты. Ағалары Түсіпхан қайта өлгендей күйзеліп, аттандап қатты жыласты. Бейтаныс қыздан үш хат келді. Түсіпхан өлді дегенге сенбейді. Ақыры қойды, әрненің шегі бар.
Түсіпханның соғыстан аман оралсын деп ырымдап өзіне арнаған бәйге аты Оқжиреннің құйрығын кесіп тұлдаған сәтте Әбдіхамит ағасы жиылған жұртқа жария қылған:
- Түсіпханымның артында тұяқ қалған жоқ, халқым, мұның атын енді Түсіпханжирен деп атаңдар.
Ол өте жүйрік ат-тұғын, иесі қайтқаннан соң он жеті жыл мал болды.
2004 жыл, қыркүйек.
Бұл әңгіме «Қияда» деген атпен тұңғыш рет «Қазақ әдебиеті» газетінде, № 40. 8.10.2004ж. жарық көрді.
«Менің кейіпкерім: Түсіпхан немесе жоқтау салты» деген атаумен авторлық комментарий осы газеттің № 24. 16.06.2006 ж. санында жарияланған еді. Әңгіме кейіпкері Түсіпхан Жанділдәұлы – автордың туған жер, өскен орта, шыққан тек, туған-туыс туралы шежірелік прозасының бір бөлігі. Европалық әдебиетте кең таралған «отбасылық жыр» деп аталатын жанрлық құбылысқа жатады.
Шежірелік проза жанрында жазушы «Тұлпарбасқан», «Көкенай мен Қалқаман», «Шашты», «Археолог» атты әңгімелерін жазды.
«Жас қазақ» газеті 21.09.2007 ж. №37 санында әңгіме кейіпкері Түсіпхан Жанділдәұлының фотосуретімен жариялады.
«Алқа» журналы №8 (70) 2014 санында «Көкқия» атауымен бұл әңгімені жариялағанда белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек: ««Көкқия» көзге жас үйірді. Кейінгі шығармаларын оқығанда Айгүл тек қағазға түсіруші болып қана елестейді маған. Оны бір ескілікті, көнекөз қария әңгімелеп отырған сияқтанады» деп үлкен баға берді.
Айгүл Кемелбаева
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.