«Хамсадан» біздің ғасырға келіп қалып ең қалай, паң Ләйлә?!
О, Ләйлә, сен де асыл ең.
12 ғасырда Низами Гәнжәуидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын кейіннен 79 ақын көз жасын көлдетіп жырлады. Қайғының ең сұлу бейнесін егіле суреттейтін бұл сюжет таңдауға түсе берді. Әуелде Вергилийден, сосын шығыстық поэзиядан Шекспирге ауысты. Ең беделді зерттеушілер ортағасырдың негізгі мәтіні аударма болғанын жазады. Әсіресе, Ренессанс әдебиетінде қарыздану көркем шығарманың маңызды сыңары болды. Сюжет даяр үлгіден алынды.
Гәнжәуи жазған жырдағы қызбен аттас па ең,
О, Ләйлә, егер болмасаң өзің өмірде,
Басқа мұратты бас қатырсам да таппас па ем.
Жұматай Жақыпбаев, шұғылалы сұлу ақын, ол емеспін десе де Мәжнүні тағы өзі ғой, ақындар жазмышынан озмыш кеткен жоқ. Ләйлі - нағыз ақындар тегіс сүйген өлең Ару, зікір салу. Ақан сері Ләйлім-шырақ деп сәулеге теңейтін арманға арзу. Құлагер көзіккен соң Ақан серіні дәруіш болмады деп кім таласар. Дәруіштік қарғыс емес, бата десек ше. Қожа Хафиз өмір бойы лашықта дәруіш өмірін сүрді. Ұлы шайырлардың сүйегі қурап қалса да, тірі сөздерінен жарық дүниеге мейір, сағыныш нұры құйылады.
Руми бізге өзі әлі тумай тұрған жүзжылдықтардың ең асыл керуенін алып келген керуенбасы. Шынайы мол қазына қисапсыз. «Жүрекке сәуле қонбаса» (Абай) ашылмайды. Румиден тұтас алу мүмкін емес. Оның шығармашылық мұрасы табиғат құбылуына тең. Жылдың төрт мезгіліндей бір мезетте жалынан ұстатпайды. Румиде Ләйлі-Мәжнүн сарыны «Месневиді» көктей өтетін лейтмотив. Ол баршамызға бірдей ашыла бермесе де, әркім оған өз жүрегімен келуге рұқсат. Руми поэмасында Ләйлі-Мәжнүн образы эпикалық, хиссалық емес, притчалық, эпизодтық түрде берілген.
Низами 1209 жылы дүние салды. Ол 12 ғ. өмір сүрді. Низамидың ірі зерттеушісі А. Бертельс былай дейді: «Ибн-аль-Араби (Испанияда өмір сүрген) 13 ғ. басында былай деп үйретті: «Көркем әйелден Құдай бейнесін тану хақ» («Видение бога в прекрасной женщине – самое совершенное»). Осы уақытта (11-12 ғғ.) ескі исламға (7 ғ.) дейінгі арабтың Узра тайпасының махаббат культі мистикалық араб поэзиясында өріс алды. Низамидың «Ләйлі мен Мәжнүні» арабтың Узра тайпасының махаббаттың күл қылып өртеп жіберетін күші туралы аңызының жетіліп дамуы болып табылады».
Шығыс шайырларында жер бетіндегі махаббаттан космостық құбылыстың өзегін көру зор, соның таңғажайып әсерінен екі ғашықтың сұлу бейнелері өшпестей із қалдырды. Ләйлі-Мәжнүнде астральдық әлемнің белгілері бар. Мысалы, Рудакидың (860 маңы – 941) көруінде. Оның газелдерінде Ләйлінің бұрымын көргенде Мәжнүн есін жоғалтты деп жырлайды. «Расында адамзатты көркем бейнеде жараттық» (95:4), сұлулықтың тылсым сырын Құран растайды. Махаббат пайғамбары. Бұл Рудакиде анық қосарлы. Ол гүл жүзінен Ләйліні, бұлттың жауған тамшыларынан Мәжнүннің көз жасын көреді. Жаңбырдан гүл өседі. Жазғытұры қызғалдақ Ләйлінің шырайындай құлпырар, толассыз жауған шоқ бұлт Мәжнүнше егіледі.
Сағди (1203-1210 арасы – 1292) қос ғашықты Шираздан тапты, бірақ шемен қатқан Мәжнүнді Ләйлімен жүздесу азаптан құтқара алмайды. Жұрт Мәжнүннен елден неге жырақсың, кісікиіксің, Ләйліге деген махаббатыңнан не қалды? деп сұрайды. Жігіт жаны шырқырап ауырып тұрғанын көріп олар қызға хабар салайық деп аяйды. Мәжнүн тыйым салады: «Ләйлінің жаны қатты қиналып азап шекпесін десеңдер, оған мен жайлы ләм-мим демеңдер».
Мы, словно ищущий Лейли, неуловимого желаем:
Меджнуны в поисках бредут с неутомимым исступленьем...
Бұл Кемал Худжанди (? – 1391-1400 арасы), шырағданнан тамғандай алтын көз жасын ағызатын парсы-тәжік ақыны. Қазір суфизмнің бір символы шырағданға сұқтанатын кім бар, ескіліктің қалдығы көреді. Шираз бұлбұлы Қожа Хафиз Айды бесік қылған аспаннан Ләйлі- Мәжнүннің мекенін көреді. Жәми (1414-1492) сен Ләйліге ұқсайтын аруды сүйесің жүрегім, Мәжнүннің жолын таптайсың деп торыға жырлайды.
Мир таинства любви творит издревле.
Чем можешь землю одарить, о сердце?
Бұл сырды қазаққа Абай ашты:
Махаббат қылса тәңірі үшін. («Алла деген сөз жеңіл»).
Низамиде Ләйлінің ұзын бұрымын көрген сәтте Кейс Мәжнүнге айналып, қалыңмалға өз жүрегін берді.
Руми Ләйлі-Мәжнүнді жер бетіндегі өмірден құдіретті тұспалға шендестіріп, ұшпаққа шығарды. «Жүректің әмірі», «Жүректің бұйрығы» концепциясын Низами, Руми, Хафиз, Кемал Худжанди мен Жәми енгізді. Руми адам тұлғасын құдайшыл жаратылыстың шыңырау биігіне көтерді. «Месневидің» бірінші кітабында «Әлдебір халиф Ләйліге сұрақ қойғаны және берілген жауап туралы әңгімеде» суфизм философиясының неоплатондық сарыны ашылды. (О.Ф.Акимушкин).
Халиф Ләйліден Кейс байғұсты ақылынан алжастырған сенбісің? - деп сұрайды, себебі ол керемет сұлулықты оның бойынан көріп тұрған жоқ. Жас қыздың жауабы мынау: «Сұлулықты көруің үшін сен Мәжнүн болуың керек. Оның нұры көзіңде ойнап, маған екі дүниеде де адал болуың керек. Бейқам жандарға шадымандықты сезіну қайдан болсын, сені аяп тұрмын. Бұзылып – шіритін оңғақ, жалған дүниеге жаны құмарлар құр қаларына дау жоқ». Ләйлінің халифке көңілі толмайды. Мәжнүн құдайға деген шынайы, сөнбес таза махаббат ишарасы, Ләйлі -Жарға сүйіспеншілігінің арқасында бұл қасиетке ие болды.
«Ләйлә, илло-алло»... деп тұр екен, - деп жырлайды біздің Жұматай. Басқалар Ләйліден нәзік, қараторы қызды көрсе, бұл олардың мистикалық мағынада соқыр екенін көреді. Суфийлер көкірегі ояу күйді «жүрек көзі» дейді.
Ләйлі – арабша, еврейше «лил» - түн деген сөз. Мәжнүннің зар жылап сүйген сүйіктісінің есімі түп атауы Лилитке тіреледі. Көне еврей аңызында Лилит Хауа анадан бұрын Адам атаның бірінші әйелі болған. Лилит бейнесін каббала, сиқырда кеңінен пайдаланған. Шумерлік пері Лилу мен Лилитудан шығады. Адам Ева үшін Лилитті тастаған, яки ол өзі жұбайынан кетіп қалған.
Руми Ләйліге кіршік жұқтырмайды, өзі Мәжнүн халмен сүйеді.
«Үндістанға аттанған көпес және оған тотықұс берген тапсырма туралы әңгімеде» Руми құсты адам жанының символына балайды. Құс ұшады, жан асқақтауға бейім, шыбын жанның қасиеті құстың қос қанатында бедерленген. Әлем поэзиясы құс қауырсындарының астында қалықтайды.
Көпеске құсы былай дейді: «Кім құсалы, соны досы еске алсын. Бұл оған сор мен азаптың ауыртпалығын жеңілдетеді».
Особо если друга звать Лейлою,
Что о Маджнуне думает порою.
Тотықұс өз сыңарына сәлем айтқан екен. Көпес екеуін айырғанына өкініп, құстардың денесі екеу болғанмен жаны бір деп шешті. Бұл тәмсілді ол Аттардың (1222 ж. өлген) «Құпиялар кітабынан» алған.
Суфизм адами қасиеттерді Жасаған Ие Жарға деген махаббат арқылы қорғайды. Бұл адам баласын өсіреді, оны қорлатпайды. Құдайға ғашықтық осы тұрғыдан асқақ. Шәкерім Жарға ғашықпын дегенде Алланың нұрына шөлдеген толық адам, кемел суфийдың жан сарайын айтады. Соның үшін Мәжнүн пайғамбар әрі ақын. Ләйлісі – Жар, Аллатағала ишарасы, суфийдің асығы. Пайғамбар асық, ақындығы махаббатында түюлі. Бірақ бұл тым құпиялы сүйініш, тылсым сезім. Оның олай болмағын Ләйлі образынан емес Мәжнүннен көреміз. Ләйлі неге көрікті? Асылында Мәжнүн көркем.
«Мәжнүн – жүрек» кітабынан үзінді
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.