Түркі тіпті барша мұсылман әлеміне жаңашылдықтың нұрын төккен жәдидизмнің алғашқы буын қолдаушыларының бірі, Уфадағы «Ғалия» медресесінің түлегі Зейнелғабиден Әміреұлының (Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи) өмірі мен шығармашылығы жайындағы деректер мен насихаттаулар өте аз. Зейнелғабиден Әміреұлы – Абай шығармашылығын алғаш баспа бетінде жариялаушылардың бірі болуымен қатар, Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуы шығудан бұрынырақ кезеңнің өзінде төл трактаттары арқылы қазақтың жауһар әдебиетін өзге түркі халықтарына, соның ішінде ХХ ғасыр басында ғылым-білім, руханияттағы көшбасшы болған татар оқырмандарына барша қанық бояуымен ұсынып танытуға талпынған ізденімпаз, ұлтсүйер тұлға. Зейнелғабиден Әміреұлының мұндай ұмтылысының себебі – сол тұстағы қазақ даласына таралатын кітаптардағы жазба тіл қазіргі әдеби жазба тілімізден анағұрлым айырмашылықтағы, қойыртпақ түрки татар тілі еді.
Зейнелғабиден Әміреұлы – қазақ әдебиетінің асыл мұраларымен ерте танысып, оларды өз ұлтымыздың, сондай-ақ өзге халықтардың назарына ұсынып, танытуды, ұлт әдебиетіндегі көрнектішығармашылық иелерін насихаттауды мақсат еткенін көреміз.
«Абай қайтыс болғаннан кейін оның әдеби мұрасын халықтық мұрасын халықтық тұрғыдан бағалап, қолдан келгенше аянбай әрекет еткен қалам қайраткерлері де болды. ...Олар ақын мұрасын қазақ тілінде шығатын баспасөз арқылы насихаттауды Абай қайтыс болғаннан кейін-ақ көп ұзамай қолға алды. Бұл жолда азды-көпті еңбек етіп, Абай мұрасын танытуда, бағалауда өзіне тән үлес қосқан: Ә.Бөкейханов, Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауһари әл-Омскауи, Кәкітай Ысқақов, С.Торайғыров, С.Әбішұлы сияқты революцияға дейінгі қазақ қауымының қоғамдық ой-санасының демократиялық-ағартушылық бағытындағы интеллигенттер тобы еді», - деп белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов атап көрсеткеніндей, демократ ағартушы, ұстаз Зейнелғабиден Әміреұлының абайтану ғылымының бастауында лайықты орны бар деп білеміз.
Зейнелғабиден Әміреұлының өмір дерегі туралы қысқаша мәлімет бере кетелік. Абай мұрасын ең алғашқылардың бірі болып баспа бетінде жариялап, оған «жаһұт қазақ әдебиеті» деп баға берген және күллі түркі әлеміне алғаш насихаттап таныстырушылардың бірі – Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи – арабы мәнердегі аты-жөні айтып тұрғанындай, Омбы өңірінен шыққан. Нақтылай айтқанда шыққан тегі: Кіші, Үлкен Қараой өңірінен бастап, Ертістің жарлауытына дейін ен жайлаған Орта жүз Арғын тайпасының қарауыл руынан, оның ішінде жауар бөлімінен. Мағжан Жұмабаевтың «Жауардағы нағашыларыма» деп аталатын арнау өлеңі осы елдің игі жақсыларына арналған. Төменгі төрт ата қарауыл – атқы, жауар, мөнтік, сары – Абылай заманынан бері-ақ осы өңірде мекендеген. Жауар руынан тараған ұрпақтар қазіргі күні де сол өңірде, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов, Ақжар аудандары мен Ресей Федерациясы Омбы облысының сол аудандармен шекараласатын өңірлерінде мекендеп жатыр деуімізге болады. Ресеймен ежелден қоян-қолтық араласқан, Патшалық Ресей тұсындағы Ақмола облысының орталығы Омбы қаласына таяу болғандықтан, бұл елдер еуропалық мәдениеттің кейбір үлгілерін өзгелерден ертерек қабылдағаны анық еді. Солардың бірі – кесе-тәрелкемен шай ішу дәстүрі аталған өңірде әлі күнге сақталған.
Зейнелғабиден Әміреұлы, осы құтты өлкеде, 1881 жылы қазіргі Омбы облысы, Москален ауданы жерінде болған Саға атты ауылда, ауқатты отбасында өмірге келген. Әкесі Әміре – ел билеу ісіне араласқан, дін ұстап қажылық сапарын өтеген, елге беделді адам болыпты. Зейнелғабиден Әміреұлы – өз заманының ірі діни ағартушысы, жаңашыл ұстаз, публицист қаламгер, қайраткер тұлға. Ауыл молдасынан хат танып, білімге құштарланған жас Зейнелғабиден әкесі Әміренің Қызылжар базарына апарып салып, керек-жарақ алуға айдатқан қырық өгізін саудалаған соң, ауылда алған білімін толықтырып, үлкен қаладан оқу мақсатында, сол замандағы ірі руханият орталығының бірі Уфа қаласына аттанып кетеді.
Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдаған соң елге оралып, ұстаздық қызметін бастайды. Ата қонысының бір пұшпағы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы жеріндегі Сиыршы атты ауылда усул-жәдиттік үлгідегі алғашқы мектепті ашады. Бұл мектепте дәстүрлі ислам канондарына қатысты сабақтардан өзге, жәдидшілдіктің көрнекті өкілі Исмаил Гаспринский үлгісімен заманауи ғылыми пәндер де өтілген. Өкінішке қарай Зейнелғабиден ұстаздың ерте өмірден тым ерте өтуі себепті, небары төрт-ақ жыл жұмыс істеген. Осыншама аз мерзімге ғана өмір сүргенімен, бұл мектептен кейіннен күллі елге танымал көптеген шәкірттер туып шыққан екен. Көрнекті қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасов, Қазақстан Жұмысшы-шаруалар инспекциясын басқарған Хабиболла Әмрин, тілші ғалым Ғайнетдин Мұсабаев, «Ленин» орденді халық ұстазы Сабыр Мәліков қатарлы танымал тұлғалар – Зейнелғабиден Әміреұлының тәлім-тәрбиесін көрген төл шәкірттері саналады. Жәдитшіл, жаңашыл ұстаз Зейнелғабиден Әміреұлы 1920 жылы жол жүріп келе жатып науқастанып, өмірден өткен.
Алайда Зейнелғабиден Әміреұлы шығармашылығы алда келе жатқан бұралаңы көп жылдардың сүзгісінен өте алған жоқ. Зейнелғабиден Әміреұлының есімі сталиндік зұлмат тұсында қара тізімге ілініп, Хабиболла Әмрин қатарлы көрнекті шәкірттері жазықсыз құрбан болады. Кезінде ата қонысын көктей өткен Батыс Сібір теміржолының құрлысын салуға мол қаржысымен, күш-көлікпен көмек көрсеткені үшін ақ патша үкіметінен марапат-сыйлық алғаны және ауқатты, ел билеген тұқым болғаны үшін Әміре қажының әулеті де қуғын көреді. Осындай себептермен Зейнелғабиден Әміреұлының есімі айтылмай, шығармашылығы насихатталмады.
Зейнелғабиден Әміреұлының барлық еңбектері біздің заманымызға жетпеген. Өзі өмір сүрген тұста Ресей аумағында жарық көріп тұрған мерзімдік басылымдарда көптеген мақалалар жариялатып тұрғанымен, олардың да көбісі нақты Зейнелғабиден Әміреұлыныкі екендігі де анық емес. Бізге белгілі еңбегі – 1909 жылы Уфадағы «Шарх» баспасында жарық көрген «Насихат Қазақия» атты трактаттар жинағы. Бар-жоғы отыз сегіз беттен, 9 трактаттан ғана тұратын бұл жинақ – көлемі шағын болғанымен, сол кезеңдегі қазақ, жалпы түркі, мұсылман жұртына ортақ маңызды мәселелерді қозғай отырып және өзіндік нақты жол-жоба нұсқай білген маңызды еңбек. Көтерген жүгі ауқымды, тіпті ондағы көтерілген кейбір проблемалардың күні бүгінге дейін маңызын жоймағанына көз жеткізуге болады. Мұнда ХХ ғасыр басындағы ресейлік қазақ қоғамындағы дін ахуалы, тіл тазалығы, шаруашылығы мен жергілікті басқарудағы өзгерістер, білім беруді ұйымдастыру, қазақтың жауһар әдебиетінің деңгейін көтеріп, насихаттау, халықты заманауи медициналық білімдермен қаруландыру, тазалыққа баулу т.б. көптеген мәселелер қамтылған. «Насихат Қазақия» – жоғарыда атап өткеніміздей, сол кезегі барша түркі халықтарына ортақ әдеби тіл «түрки» бойынша жазылғандықтан, қазіргі нормаланып, қалыпқа түскен қазақ жазба әдеби тілінен анағұрлым өзгешелікке ие. Сондықтан оның оқылуы да біршама қиындық тудыратындығын ескерген жөн.
Зейнелғабиден Әміреұлы «Насихат Қазақиясын» сол кездегі ресейлік түркі әлеміне ортақ «қойыртпақ түрки татар» тілінен гөрі, ауызекі қазақ тіліне икемделіп жазуға талпынғандығын анық аңғарамыз. Мұны автордың трактаттар жинағының сөзбасында арнайы айтып өтеді: «Әр халықтың ілгері жүріп алға басуына себеп болған нәрсе – ғылым, өнер, мығарыф болып, соларды халыққа таратушы, білмегенін білдіріп, алысты жақын, қиынды оңайлатқан нәрсе де бұл күнгі жаңа шыққан кітап, рисалалер бүтін ғаламнан хабар беріп, миллет пайдасын күзеткен жерде уағыз етілер еді. Бұлардан әрбір халық пайдаланғанда біздің қазақ шетірек қалып тұрған секілді көрініп, сыбағамыздан әр уақыт кенже қалуымызға өкініп, неше миллион халық атынан шығарған бір газеті болмағанына қайғырып, мұнан кейін халқымыз бұл жұмысты ескеріп, әрбір адам оқып фаһымларлықтай нағыз қазақша кітаптар басылып шығара бастаса екен деп, қазақ ұранындай қазақ атына бір кішкене ғана рисала (өсиет) жазып қолдан келгенше қызмет етуді мойынға алмақшы болған едім.
Рисалем (Өсиет) қазақ атына жазылған соң көбірек орында қазақ шеуесынде алып, бәлки нағыз қазақ тілін естімеген татар ағайындарымызға да қазақ әдебиетінен фи алжәмлә нәмуна өрнек көрсету ниетімен қасіретімді білдіріп майдан етісерге қойдым.
Зейнелғабиден әл ЖАУАРИ.
Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» жинағынан кирилл қарпіне түсірген болатынбыз. Төменде кіріспе бөлігін жариялап отырмыз.
Асылбек Байтанұлы
Бисмилла-иррахман-иррахим
Әр адам қолындағысын сойлап, барын мақтаса да, адам баласы үшін ең қадірлі, қымбат нәрсе ғақыл болып, сол ғақылды жоғары басқыштарға шығаратын нәрсе де ғылым, өнер мығарып болса керек. Аталарымыздың «ғақыл айнымас, алтын шірімес» деген сөзінің мағынасы да: дүниеде өзгеріп арзандамайтын нәрсе ғақыл һәм білім өнер мығарып: кетпес жауһар, тозбас тон, айрылмайтын жолдас деуге жараса керек. Бұл сөзден ғақыл-білім, яки, ғылым мығарып есінде болмаған байлық патшалық бірде бар, бірде жоқ офасыз деген мағына шығады.
Бұл үшін Алла Тағала сөзінің басында оқуға, білмегендер білгендерден үйренуге, ізденуге үндеп, әр нәрсені ақылға салып ойлауға міндетті қылды. Ақылды кісіге дүниеде ғылым көп, әр нәрседен үлгі өрнек ғибрат алып, ең әуелі адам баласы өз кемшілігін танып, Алла Тағаланың ұлылығын ықтихад еткендігі сықылды дүние ахиретте басына келетін файда-зарарына көзі жетіп, соған қарап іс қылу – ақылды, фікірлі, өнерлі адамның жұмысы.
Бұл турасында Құран Кәримде: Хақ сұбыханака уа Тағала бәнделеріне тапсырып айтады: «Ей, адамдар, ізденіңіз, ойланыңыз, көріңіз, біліңіз, білгенмен білмеген, көзі бар мен көзі соқыр бірдей емес, көңіл көзі соқыр адамның дәрежесі малдан төмен. Білімсіз болсаңыз қор боларсыз, дүниеде кем болғаныңыз сықылды ахиретте де қор боларсыз».
Әлхасыл шариғат исләмиеміз дүния уа ахиретте бақытты, уа сағадатлы болуымызға жол ашып, залалат жауыздық жолынан тыйып, екі жолға екі түрлі уағда айтады. Бұған қарағанда жақсылық-жамандықты өз ізденуімізден, қылған кәсібімізден тапсақ керек. Мысалы, бір адам Алла Тағаланың берген ғақылын орнына естахмал айтып жүргізбегені себепті, ғылым-білім үйренбегендіктен, мығарып майымен майланбағаны себепті жаһил, надан қалып, «Құдай Тағала маған ғылым-білім бермеді» деуге орын жоқ екен. Және бір адам жалқаулықпен ғұмыр кешіп «Құдайға тапсырдым, Алла асырар» деп еш кәсіп қылмаған себепті (натуральный) табиғи ондай адам кем һәм фахир болажақ.
Рас, әр нәрсе Алланың тағдырымен болады. Ләкин, бәндәнің кәсібіне қарай бар ғадет Алладан дер (уа-ллаһим тажида-лисунатуна Алла табидулла).
Бұл сөзден мақсұтым: Алла Тағала хадисінде ізденуге үндейді, дін ислам жалқаулықтан тыяды. Біз нендей кемшілік болса өз ісімізден, ұйқымыздың көптігінен демекші боламын. Дүниенің түріне, ғаламның өзгеруіне, әрбір халықтың ілгері басуына қарағанда әрбір ісіміз кенжелеу көрінеді. Әркім өз шаруасының айналасында ғана болмай, көпке пайдалы нәрселердің қамында, халық уа миллетіміздің ілгері басу қайғысында болуға лайықты адамдар шама келгенше халықты туралыққа айдап, дүниеде кем, ахиретте хор болмас жағын жағалап, алды-артымызға көз салып, келешек ғұмырымыздың беті қалай, нендей заманда тұрмыз, бұл бетімізбен не дәрежеге барып жетуге лайықпыз, бұларды да ескеретін мезгіл (уақыт) болса керек еді.
Зейнелғабиден Әміреұлы
Ғаламның халына қарасаңыз жыл сайын өзгеріп, күн сайын ілгері жүруде. Адамдар да білмегенін білуге талаптанып, ғылым-өнер мығарып қақпасын зорайтуға асыққандай көрінеді. Басқа халық ертеңгі азығы, келешектегі бақыты үшін дамылсыз харакәт жасауда. Ал біздің халық бір қалыпты жүріп келеді, артық оған-бұған азаптанбайды. «Таңдағы тамақ – Тәңірден, көппен көрген ұлы той», – деп, кеткенді іздемей, барына қанағат қып: «Тәңірі асыраған тоқтыны бөрі жемейді», «Ертеңгісін есек қайғырады», – деген тәуекелшіл бір халық еді.
Дұрыс, бүгін рахат, ертең не болар екен? Таңдағы тағамға бүгінгі кәсіп болса керек. Қатын ерге, ер жерге қарап жүрмесін, өнерсіз кісі қанағатшыл. Құрғақ тәуекел шариғатта жоқ. Қасқырына жолықса тоқты түгіл, боқтығын да қоймас. Ертеңгісін есек те ойлайды. Адам баласы бес-он жыл алдағысын ойласа керек. Жүз жылғысын ойлаушылар да бар. Ойға келер, «біздің халық сонша кем бе? – деп бәлкім айтушылар да бар шығар. «Жаз жайлы, қыс жақсы болса, азды-көпті күн көргіш қолда болып тұрса ол не керек? Бұл не керек? Ойын-күлкі керек!!!
Шіркін, біздің қазақтан артық жұрт бар ма? Береке қазақта ғой. Ана күні жәрмеңкеде қалаға барып едім, үйге қайтқанша асық болдым. Дұрыс, әр халық бірдей емес, бізде де ақыл-фікір айтушылар, оқыған ғылым-өнер иелері де бар. Ләкин, тамам көпке қарасақ есептемегеннің малы әр уақытта түгелдей көрінсе де, әр жөннен кемшілік көрінеді. Өз дәрежесін, басындағы кемшілігін біліп, ілгері жүру қайғысын ойлаушылар аз табылады. Бетегелі бел, шалқар көлдер көрінгеннің қолында кетіп, жеті-сегіз ай қыс болса бұдан былай жаз жайлы, қыс күйлі бола бермес. Екі ауыл арасына соқа жүріп жайлау, қыстау, күзек, сақтаған жал-жаяңа қол салса ойнап күлу тұрсын, амандыққа әлің келмес.
Бұрынғы кең сахарада өсіп-өніп, уайым-қайғы жоқ, жайылған малдай бағу-қағу жоқ, жан қинап мал табатын емес, жаз жайлауға шығып көкорай шөптерді орып, ішкен алда, ішпеген артта, келесі ғұмыр ахрет қайғысы былай тұрсын, қыс қамы да естен шыға жаздаушы еді.
Рас, бұл ниғмет уақытында үлкен береке, зор жақсылық еді. Ләкин, ол ниғметтің қызығын өткендер көріп, зарарын кейінгілер көрселер керек. Не үшін десеңіз: ілгергі аталарымыз жайылып, өз еркімен жүргеніне мәз болып, орын алған ағалар жас баладай қолына ойыншық ұстатқанға алданып, кейінгі әулет балаларының пайдасын ойлап, келешек ғұмырына миллеті уа халқының не дәрежеге барып жетуіне көз салмаған сықылды көрінеді. Сол аталарымыз заманынан бастап ынтымақ-бірлік ұрығын өрбітіп, ғылым-өнер шыбығын өсіріп, хамит Уатанийа, ғайриб исламия отын жағып, жаһалат, тағасуап талас-тартыс отын өшіру жолында болсақ, екінші, үшінші халық қатарында біз де болар едік.
Бұл турасында мынадай әдеби сөз еске келеді:
Бұл заманда не ғарып?!
Жақсыларға айтпаған,
Дүрі ғауһар сөз ғарып.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғарып.
Қаз-үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғарып.
Мүриді тауып болмаса,
Кәміл де болса пір ғарып.
Биі ғаділ болмаса,
Болады екен ел ғарып.
Ата-жұрты билігі,
Өз қолында болмаса,
Қайратты туған ер ғарып.
Шөл азарға тап болса,
Балқаш біткен ойпаң көл болар,
Шалғыны кетіп сор болар.
Су азарға тап болса,
Теңіздей сулар көл болар,
Көл таусылып шөл болар.
Мал азарға тап болса,
Арғымақтың баласы,
Жабыдан бағасы кем болар.
Халық азарға тап болса,
Ақ сүйектің баласы,
Қарамен басы тең болар.
Қарағайдан биік ағаш жоқ,
Түбінде бір талша жоқ.
Ағайын-туған кімде жоқ?!
Сыйласпаса жатша жоқ.
Арғымақ тұлпар кімде жоқ?!
Шаба алмаса тайша жоқ.
Қожа, молда елде көп,
Шариғаты болмаса,
Есек мінген сартша жоқ.
Енді осы секілді аталарымыздың хикматлы, мағыналы сөздерін тұтқа қылып, үнемі өзімізді кем санамай «басқа халықтан ғылым мағрифатымыз төмен болса да, атамыз кем емес, сүйегіміз тең. Ізденсек біз де адам баласы – табамыз», – деп барып, көңілді бір мезгіл ілгері салып үлкен талапты, зор үмітті болуға ғадеттену керек еді.
Екінші өз лұғатымыз бойынша тіл өнерін сақтап, олай-бұлай бұрмаламай, тілімізді, дінімізді өзгертпей, шеттен өнер-білім жинап, мақтаулы ғадет, табиғат, шариғат, ақылға ұнаулы көркем ғұрыптарымызды қалдырмай, екі дүниеде де қор болмас үшін тіршілік тылсымын да біліп, ақыл, фікір (дағра) қорасын зорайтсақ екен.
«Шөп бітпес деп – жерден, мал бітпес деп – ерден түңілме», – деген сықылды, халық қызметін мойынға алып есләх, ершад хақында сағи айтушы жігіттер, хамит айтушы кәрілер болса қайраты босқа кетпес деп үміт етуге жарайды. «Қатты жерде қақ тұрар, қайратты ерде мал тұрар» дегендей, «нысапты елде Хақ тұрар, өнерлі елде бақ тұрар», «Жалқауға дәулет үшін ұйқы берер, жаманға ғақыл үшін күлкі берер» десек мағынасыз болмас еді. Сағи ғайрат етіп ғылым-өнер іздеу хақында мәшһүр Ыбырайым Құнанбаевтың бір сөзі:
«Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек,
Бой жеңбек, ер жігітке ақыл таппақ.
Тағдырын қыр уа шәрнің Хақтан біліп,
Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап.
Ниетің түзу болса – ісің аппақ,
Екі елі аузыңа қойсаң қақпақ.
Сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп,
Ғылым, өнер мал таппақ, жұртқа жақпақ».
Алла Тағала тарафынан келген Құран Расул Алла әфәндіміздің хадисі
Хақ сұбықана уа Тағала Фазыл уарахматымен Расулі әфәндімізді бүтін ғаламға елші сайлап, адам баласының дүние уа ахиретте сағадатлы уа бахытлы болу үшін 114 сүре 6166 аятлы канун аһли шариғат кітабын жіберіп адам баласына файдалы нәрселермен бірге әмір қылып, зарарлы нәрседен тыйғаны сықылды дүниеде кем, ахиретте қор болмау жолын баян етіп, игі жол көрсеткен еді.
Сол Құран Кәрімде айтылған тура жолмен жүрушіге дүниеде жал неғмат, бахыт, ахиретте жәр уа сағадат берермін деп уағада қылып, исламият жолынан адасып Алла әмірін орнына келтірмеген (милләт) халыққа дүниеде кемдік, ахиретте хорлық болар деген еді.
Пайғамбарымыз ғалейһи ссалату уассалам хазіретлерінің жиырма үш жыл ішінде пайғамбарлық қылып халыққа сөйлеген сөзі бұл Құранның аяты Алланың уахиы еді.
Расулі әфәндіміз жүз мың сахабамен хаджатул уада и да Ғарафатқа жиылып тұрған уақыттарында (Әлиаума аклмту лакум динакум уа тәммәту алайкум нығамти) бұл күнге дейінгіні түгелдеп қалдырдым, сіздерге ниғматымды тәмам еттім деген аят кәримәсін айтып, ол сұлтан әнбиа пайғамбарымыз өзінің бұл фәниден көшуін аңлап, халыққа хұтба, сахабаларға өсиет, кейінгі үмметлеріне сәлем айтып (уа уахи лә һаза әл құран ләнзәрәким уа мин баһи) аят хадис бойынша Расулі әфәндіміз (лаибблағ аш шаһиду минкум алғаиба): «Сөзім мен өзіме уәжіпті міндетті ісімді ада қылдым, сіздердің бұл мәжілісте мухажир болғаныңыз болмағаныңызға (соңғы үмметке) өзгертпей жеткізіңіз, бұл бір – аманат, қалдырған мирас», – деп сол қызметті орнына келтірмек үшін, кейінгі халыққа айтып ұқтырып фәһәмлік етпек үшін (әл ғалима уа рисатун әланбиа), ғалымлар пайғамбардың мирасқоры деп әһлы ғалымның мойнына артқан еді. Хамде (Куллукум рағи уа каллукум масулун анрағийатиһи) сөзімен бұл хизмат муқадасты жалғыз әһл ғылымға тапсырмай, бәлки бүтін аһл исламға хусусан халық басшысы, ел ақсақалына сөзі өтімді (нәфузәлі) орын алған адамдарға тапсырып, қойшы, күзетші баққан малынан сұралғаны сықылды сіздер де кейінгі халық хатын-бала орамыңыздан сауал қылынып жауабын беруге міндетлісіз деген еді. (Тилака әйатул китаби әлхакиму худан уа рахматун лилмухсуни әлхи) аят кәримәсімен бұл Құран кәрім: Алла-Тағаланы бір деп, пайғамбарды хақ деп ахирет күніне сенген кісілерге жол басшы, дүния уа ахиретте рахмат уа сағадат болып, Алла әмірін наданшылығымен ойын күлкіге айырбастап, адам баласының пайдасы үшін қойылған шариғатымызды жеңілге санап, құлағын салмай, жүзін бұрған адамдарға (ғазаба маһайын) хор қылатын ғазаптар болар деп қорқытуы да бизете мархаматлі Алла Тағаланың фәндәләрін туралыққа айдауы, ол хаким кәрімнің ғадалаты еді. Бинаун ғалейһи, бұл Құран Кәрим қолында болған адамдар Расулі Алла көрсеткен жолмен жүрген миллет ешуақытта дәрежесі кем болуға лайық емес. Оның үшін Алла Тағаланың біздерге жіберген низам шариғатында кемшілік жоқ пенделер пайдасы үшін көп ықтиар тыйышты (хұқық) прауалар қойып, дін ислам дүниеде рахат ғұмыр сүруден тыймайды.
Бәлка хақиқат исламиат мұсылмандарының басқа халықтан артық болуына, өнерлі мағрыптылы болуына оңдап, ғапыл надан қалудан сақтандырады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.