Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әлем тілдері әліпбиіндегі диакритикалық таңбалар...

21.10.2020 4534

Әлем тілдері әліпбиіндегі диакритикалық таңбалар 12+

Әлем тілдері әліпбиіндегі диакритикалық таңбалар - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Әлем тілдері әліпбиіндегі диакритикалық таңбалар» тақырыбында онлайн режимде сұхбат алаңын ұйымдастырды.

Комитет төрағасы Әділбек Қаба шараның ашылу рәсімінде сөйлеген құттықтау сөзінде былай деп атап көрсетті: «Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, латыннегізді жаңа әдіпбиімізді жетілдіру жұмыстары аяқтала келді. Әліпби түзу барысында тілдік ерекшелікті танытатын төл дыбыстарға таңба беруде халықаралық тәжірибеге сүйену қалыпты жағдай. Әлемдегі барлық тілдердің бір-бірінен лингвистикалық жағынан ерекшеліктері мен заңдылықтары болатыны – табиғи құбылыс. Мұндай жағдайда латын әліпбиінде жоқ дыбыстарды таңбалауда диакритикалар жиі қолданылады. Әліпбидің мінсіз болуы олардың тілдік табиғи дыбыстарды толық бере алуында. Өтетін шараның өзектілігі әліпби түзу барысындағы диакритикалық таңбаларды қолданудың артықшылықтары мен кемшіліктерін халықаралық тәжірибеге сүйене отырып нақтылауында болмақ».

Шараның басты мақсаты – латын графикасындағы әлем тілдері әліпбиіндегі диакритикалық таңбалардың қоланылу ерекшеліктерін талқылау, оларды әдістемелік тұрғыдан меңгертудің тиімді әдістерін ортаға салу, ІТ технологияларға сәйкестігін анықтау.

Латын графикалы әліпбилердегі диакритикаға байланысты өткен бұл халықаралық шара алғаш рет осындай ерекше форматта ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Қызу пікірталас барысында бас қосудың ғылыми мазмұны жан-жақты қырынан ашыла түсті. Соның ішінде латын әрпін пернетақтаға орналастыру, латын әліпбиін үйрету әдістемесі, диакритикалық таңбалардың қолданысы бойынша маманданған шетелдік және отандық әріптестер өз ойларын ортаға салды.

Онлайн сұхбат алаңына Түркия Республикасындағы Памуккале университеті Түркі тілдері мен әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі, профессор Нергис Бирай, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы И.Насими атындағы Тіл білімі институты Түркі тілдері бөлімінің директоры, профессор Елчин Ибрахимов, Өзбек әлем тілдері мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Маханбет Жүсіпов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Оразбаева Фаузия Шәмcиқызы, Түркия Республикасы Башкент университетінің профессоры Суер Екер, Түркия Республикасы Хитит университетінің Ғылым және әдебиет факультеті деканының орынбасары, түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, доктор Иса Сары, Түркия Республикасы Анкара университетінің профессоры Гулзура Жумакунова, Қарақалпақстан Республикасы Әжнияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, филология ғылымдарының докторы Алима Пирниязова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Қолданбалы лингвистика бөлімінің инженер-бағдарламашысы Дархан Тоқмырзаев қатысты.

Әмбеге аян, әлем тәжірибесінде диакритикаларды қолданудың бекітілген ортақ қағидаты жоқ. Осыдан келіп ала-құлалық та туындайды. Ортақ мүдде жолында белгілі бір критерийлер жасау мүмкіндігі бар ма?

Қолданыста жүрген латын графикасындағы диакритикалар ана тіліңіздің табиғатын ашып бере алды ма?

Әліпбиді меңгерту үрдісі барысында үйренушілер тарапынан психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қиындықтар қай тұста көрініс береді?

Пернетақтаға орналасуы, үйренуге ыңғайлылығы тұрғысынан кейбір дыбыстарды берудің екі түрлі мүмкіндігі пайда болғанда, қалай таңдалғаны дұрыс. Мысалы, мұрын жолды «ң» таңбасының тильда Ñ арқылы берілгені дұрыс па, әлде Ŋ (эңг) таңбасы қолайлы ма? Немесе «Ш» дыбысы үшін – «седиль» оңтайлы ма, не «бревис» пе? Бұлар – онлайн сұхбат сұрақтарының бірсыпырасы ғана. Пікірталастың қалай қызу өткеніне осының өзі-ақ дәлел бола алады.

Шараны қорытындылаған «Тіл-Қазына» орталығының атқарушы директоры, белгілі ғалым Ербол Тілешовтің сөзіне жүгінсек, «Тіл туралы лебіз – жүрек сөзі. Егер алдымызда әліпбиді компьютер пернетақтасына лайықтау ғана мақсаты тұрса, бұл мәселені еш қиындықсыз диграфтар шешіп берген болар еді. Мәселенің мәнісі: қазақ тілінің әдемі әуезділігін сақтауда, ең бастысы, өзімізге ғана тән табиғи дыбыстарын жойып алмау. Бұл – бабалар аманатын ақтау деген сөз».

Сұхбат алаңының нәтижесі бойынша шетелдік және отандық ғалымдардың диакритикалық таңбаларға байланысты айтқан пікірлері мен ұсыныстары хатталып, Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық, Әдістемелік, Ақпараттық және Техникалық сүйемелдеу жұмыс топтарының назарына ұсынылатын болып шешілді.

Қатысушы барлық ғалымдар Тіл саясаты комитетінің арнаулы алғысхаттарымен марапатталды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар