Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Амангелді Кеңшілікұлы: Талант табиғаты...

16.05.2017 7777

Амангелді Кеңшілікұлы: Талант табиғаты

Амангелді Кеңшілікұлы: Талант табиғаты - adebiportal.kz

(Жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтің әңгімелері хақында)

Дүрбелеңге толы жиырмасыншы ғасыр- кейде өзін-өзі сарқатындай баяу, кейде кемерінен асып кететіндей тулап аққан қазақ әдебиетінің ұлы дәуірі болды. Жиырмасыншы ғасырдың босағасынан келін болып аттаған классикалық қазақ прозасы кеңестік империяның шеңгеліне түскенімен, руханияттың аспанында найзағайдай ойнап, ұлттық сананы оята білді. Әуезов іргетасын қалаған, ұлттық құндылықтарымызды арқалаған прозамыз, булығып жатқан қазақ көркем сөзінің мол мүмкіндіктерін ашып, әлемдік әдебиеттің жағалауына қарай құлшына ұмтылды. Суреткерлік шеберлігі жағынан орыстың ұлы жазушысы Толстойдың өзімен іштей бәсекеге түскен Әуезовтің ізбасарлары қазақ әдебиетін мейлінше кемелдендіріп, түрлендіріп, формалық жағынан да жан-жақты дамытты. Әсіресе алпысыншы жылдардан кейінгі қазақтың көркем прозасы реалистік әдебиетті шырқау шыңға көтерді. Дей тұрсақ та, дүниені шайып кете жаздаған асау ағынның екпіні жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың басында баяулай бастады да, тоқсаныншы жылдардан соң құрдымға құйғандай болды. Ашық айтылмағанымен, қазақ прозасында бір үлкен дағдарыстың пайда болғандығы сексенінші жылдардың басында-ақ анық сезіле басталған-тын. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің Одақта жасаған соңғы баяндамасы да осындай бір үлкен мазасыздықтан туған ой секілді көрінеді, маған.

Аттай бір ғасыр бұрын бұл тақырып төңірегінде орыс топырағында да үлкен айтыс-тартыс болып, «Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Тургенев, Островский, Толстой, Чеховтің прозалық шығармаларына пара-пар туындылар жиырмасыншы ғасырда неге тумады?» деген сауал ашығынан қойылып, мүйізі қарағайдай әдебиеттанушылар мен сыншылардың сол тайғанақ сұрақтың жауабын іздеп, сан-алуан жорамал жасағаны әдебиет тарихынан белгілі. (Орыс әдебиетін айтамыз-ау! ХІХ ғасырдағы француз әдебиетінің аса көрнекті өкілдері Бальзак, Стендаль, Золя, Мериме сынды жазушылардың шығармалары секілді ұлы туындылардың, сол топырақта ХХ ғасырда қайта тумағанын қайда қоямыз. Күннен-күнге сұйылып бара жатқан бүгінгі қазақ прозасының жай-күйіне қарап отырып, жиырма бірінші ғасырда біз де осы сауалды қоюға мәжбүр боламыз ба деген ой туады) Әдебиеттанушы Дмитрий Мережковский оның себебін орыс әдебиетіндегі Пушкин қалыптастырған дәстүрдің үзіліп қалғандығымен байланыстырды. Алайда сыншының мұндай пікірмен келіспегендер көп болды. Жазушы Розанов тым қатты кетіп «әдебиеттің алтын дәуірінен соң оның құлдырау, тоқырау кезеңінің басталатынын» кесіп айтты. Білдірген пікірін дәлелдеу үшін ол Римде Горациден, Испанияда Сервантестен кейін дәл осылай болғандығын мысалға келтірді. Дей тұрсақ та орыс әдебиетінде үлкен мазасыздық туғызған күрмеуі күрделі сауалға берілген түрлі жауаптардың ешқайсысы да бізді қанағаттандыра алмады. Тек, ақын Иосиф Бродскийдің айтқан пікірі ақиқаттың кіндігін кесе алмағанымен, шындықтың ауылына бір табан жақындап барған сияқты Оның пікірінің тігісін қазақ тіліне жатқызып айтсақ, орыс прозасында екі түрлі мектеп болған. Бірі - Толстойдікі, екіншісі –Достоевскийдікі. Орыс жазушылары Толстойдың ізімен жүреміз деп, реализмнің ауылынан социалистік реализмнің колхозына сау ете түскен. Ал, «адам арқылы Құдайды тануға ұмтылған Достоевскийдің» (Н.Бердяев) қалыптастырған мектебі орыс топырағында дамымай қалды. Орыс әдебиетінде құлашын кеңге жая алмаған Достоевскийдің шығармаларына ең алдымен Батыстың назары түсті. Өнерде менікі, сенікі деген ұғым жоқ. Достоевскийді ең алдымен ашқан Батыс - жазушының шығармаларынан алтын ойдың кенішін тауып, әдебиетті қияға шығарып жіберді. Достоевский Гогольдің шинелінен шықса, Батыстағы ұлы жазушылардың көбісі Федор Михайловичтің ойы арқылы кемелденді. Дегенмен ақын Иосиф Бродскийдің айтқан пікірімен де толық келісе алмаймыз. Шындығында орыс әдебиетінде тыңнан түрен салған көркем сөздің тағы бір мектебі болды. Ол Чеховтің мектебі еді. (Орыс әдебиетінде бұл мектепті Шукшин сынды бірен-саран жазушылар ғана жалғастырып әкете алды)

Әңгімемізді тым алыстан бастаған себебіміз, қазақтың көркем сөзі мен орыс прозасын салыстыра келіп, екі ел әдебиетінің даму диалектикасынан рухани үндестік пен ұқсастықты байқағандаймыз. Жиырмасыншы ғасырдың басында отауын тіккен классикалық қазақ прозасының да екі перзенті болды. Олардың біреуі –Мұхтар Әуезов, екіншісі –Бейімбет Майлин. Халық жауы ретінде атылып кеткен Бейімбет Майлиннің шығармаларымен жұрт алпысыншы жылдардың орта шенінде ғана қайта қауышқандықтан, қазақ топырағында Әуезов қалыптастырған мектеп қана тамырын тереңге жібере алды. Басы артық бір ауыз сөз жоқ, орыстың жазушысы Чехов секілді оймақтай әңгімеге тұтас бір романның жүгін сиғызып жіберетін, кішкентай деталь арқылы оқушысын «еңіретіп» жылататын прозадағы Бейімбеттің салған жолын ұзақ жылдар бойы қар басып жатты.

Алпысыншы жылдардан соң Бейімбет ақталып, оның шығармалары халыққа қайта оралған соң, қазақ прозасының жаңа бір тынысы ашылғандай болды. Алайда қазақ жазушыларының көбісі Бейімбетке іштей қызыққанымен, прозадағы оның салған мектебін жалғастырып әкете алған жоқ. Өйткені қысқа ғана әңгімеге үлкен ойды сиғызып, ылғи да шығарманы астарлы юмор, ащы сарказммен тұздықтап отыру үшін табиғи талантпен қатар хас шеберлік те керек. Және шығарма Бейімбет жазғандай шынайы болу үшін, ұлттың болмысы мен мінезін әңгімеде жан-жақты аша білу, сонымен қатар әрі қарапайым, әрі терең, әрі қызықты, әрі қысқа қылып жазу шарт екен. Бейімбет прозаға қойылатын талапты тым күшейтіп жіберді. Міне, сондықтан да кезінде Бейімбетке еліктеушілер көп болғанымен, қаптаған қазақ қаламгерлерінің ішінен тек ілеуде біреулерінің ғана осы мектепті жалғастырып әкетуге қабілет-қарымы жетті.

Тынымбай Нұрмағанбетов әдебиетіміздегі Бейімбет іргетасын қалаған мектептен шыққан, сол прозаны шебер дамытқан сөз өнеріміздегі саусақпен ғана санарлықтай жазушыларымыздың бірі. Бұл пікірді мен бұрын-соңды да айтқанмын. Таяуда Тынымбай Нұрмағанбетовтың үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы, «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» әңгімелер жинағы мен «Айқай» атты әңгімелер мен повестер жинағын және «Жұлдыз», «Жалын» әдеби журналдарында соңғы жылдары жарық көрген туындыларын қайта оқып шығып, айтылған пікірімнің растығына деген сенімім онан сайын күшейе түсті. Қолыма түскен шығармаларды оқып шығып Бейімбет салған мектепті бір үлкен белеске көтеріп тастаған жазушының шеберлігіне сүйсіндім. Әңгіме басталғаннан-ақ оқырманның көңілін ұршықтай үйіріп әкететін лиризмді, астарлы юмор мен ащы сарказмге толы бояуды, күлдіріп отырып жылататын Бейімбетке тән тәсілді Тынымбайдың шығармаларынан жазбай таныдым.

***

Жазушының ең қатал сыншысы оқырман екені -әлімсақтан әйгілі, бесенеден белгілі ақиқат. Кітап -оқырманның ойын байытып, дүниетанымын кеңейту үшін қажет. Кітап сезімімізді селт еткізіп оятып, оқылған шығармадан эстетикалық ләззат алғанымызда рухани отанымызды тапқандай қуанатынымыз да сондықтан. Оқырманның рухани сырласына айналып, өз ойын айта алған жазушы ғана шын бақытты. Жазылған шығарма оқырманның рухани шөлін қандырудың орнына, кілкіген майдай жүрегін айнытса, айтылмақ ойдың жарты жолға жетпей жығылғаны.

«Шығарма оқушыға түсініксіз болып қалса, жазушының сәтсіздікке ұшырағаны» депті, Борхес. Әбден келісуге болатын пікір. Жазушылықтың түп мәнісін түсінбегендіктен бе, әлде табиғи таланттың кемшілігінен бе, кейбір прозаиктердің шығарманы тереңдетеміз деп, оқырманмен санаспай ұзын-сонар әңгімеге беріліп, сөз қуалаушылыққа ұрынып, айтылмақ ойды бұлыңғырлатып, оқушысын шаршатып жіберетіні бар. Терең ой айту дегеніміз, шығарманы тым күрделендіріп, оқырман қамшы сала алмайтындай, түсініксіз етіп жіберу болмаса керек. Талантты жазушы оқырманның көңілін аулай отырып-ақ, оның дүниетанымын байыта алады.

Әдебиеттің екі баласы проза мен поэзияның табиғатында ұқсастықтар бар болғанымен, айырмашылықтар да жеткілікті. Поэзия -сезімінің сарайы болса, проза адам ақыл-ойының ғимараты. Сезімді күрделендіру үшін кейде поэзияға бұлыңғырлық жарасқанымен, бұл мінез прозаға мүлде жат. Адамның ақыл-ойы қашан да тұнық болуы қажет. Жазушының айтпақ ойы, оқырманның жүрегіне жарық түсіргісі келген идеясы нөсерден кейінгі аспандай шәйдай ашық болуы тиіс. Сондықтан прозаның табиғатына күрделіліктен гөрі, қарапайымдылық жақын. Француздың бір ұлы жазушысының «Мопассанның үш ұлы ерекшелігі бар. Ол-қарапайымдылық, қарапайымдылық және қарапайымдылық» деп айтқанындай, көркем прозаның құдіреттілігі –қарапайымдылықта. Айтыңызшы, расында да қарапайым өмірден терең, қарапайым өмірден күрделі не бар, мына жалғанда.

Тынымбай Нұрмағанбетов шығармаларының басты ерекшелігі де өмірдің өзіндей терең, өмірдің өзіндей қарапайымдылығында, әңгімені оқи бастағаннан-ақ оқушысының ынтазарлығын арттыра түсетін сыршылдығында, һәм шынайылығында. Оның шығармаларына жан бітіріп, шырайландырып, өміршең етіп тұрған да - қарапайым адамдардың тіршілігі. Жазушының сомдаған кейіпкерлері тарихи тұлғалар немесе тіпті, есімі елге танымал адамдар да емес, көз алдымызда күнде көлбеңдеп жүрген өзіміз сияқты екі аяқты қарапайым пенделер. Сол екі аяқты қарапайым пенденің тағдырына үңілу арқылы ол, ешкім күтпеген ойды айтып, ылғи жанымызды жабырқатып тастайды. Кішкентай ғана деталь арқылы өз кейіпкерінің бүкіл бітім-болмысы мен жан-дүниесін ақтарып, сіздің алдыңызда жайып салады. Және жазушы әр әңгіме жазған сайын тереңдеп, шығармадан шығармаға өсіп, үнемі өз оқушысын таңдандырумен келеді.

Cексенінші жылдардың басында Тынымбайдың қаламынан туған «Жұмаға қараған түн» әңгімесін алайықшы. Жазушының бұл әңгімесі оның тырнақалды шығармаларына ұқсамайтын, жазу шеберлігінің өскендігін танытатын - соны туынды. Әңгімеде науқасқа шалынып, төсек тартып тұра алмай қалған кемпірдің төңірегінде болып жатқан оқиға баяндалады. Шығармада алып бара жатқан үлкен оқиға да жоқ. Алайда жазушы шығармасындағы осы бір болмашы деталь арқылы ауыл адамдарының мінез-құлқы мен болмысы жан-жақты ашылып, алыс-жақын туыстарының жалған адамгершілігі мен пендешілігі аяусыз әшкереленеді.

Бастапқы кезде абысын-ажындары ас-суын әзірлеп, шайын қойып, отын жағып, күңгір-күңгір әңгімемен ұзақты күнді Пәрікүлдің жанында өткізіп жүргенімен, кемпірдің ауруы ұзаққа созыла береді. Міне, осыдан соң кемпірдің үйіне кіріп-шығып сапырылысып жүрген ағайындар бірте-бірте сирейді. Мұның ақыры науқастың күзетсіз қалуына әкеліп соғады да, бұл жай ауылда әжептәуір әңгіме болады. Осы оқиғадан соң шалдар жағы кемпірлерді біраз тықсырып алып, Пәрікүлді кезекпен күзету туралы ұйғарым жасалынады. Ашық айтпаса да енді ауылдың тұрғындары да, Пәрікүл кемпірдің алыс-жақын туыстары да іштерінен оған өлім тілейді. Бірақ ешқайсысы да кемпірді күзетуге бармаймын деп айта алмайды. Өйткені ауыл тұрғындарының арасында адамгершілік туралы жалған ұғым, кемпірдің алыс-жақындарының туыстық туралы жалған түсінігі бар. Шындығында олар кемпірді аяғандықтан немесе оған жандары ашығандықтан емес, сол жалған ұғымның арқанына мықтап байланғандықтан ғана Пәрікүлге қамқорлық жасап жүр. Ауыл адамдарының жалған сезімі мен науқасқа көрсетіп жатқан өтірік ілтипаты жазушы шығармасында ащы сарказммен сипатталыпты.

«Сыбырлақ пешке от жақты. Қауырсын үй сыпырған болды. Балуан кемпірімен екеуі науқастың жанында біраз отырды да, ішкі тамға өтіп барып, жанына кемпірлерді жиып алды. Кемпірлер жанына түгел отырған кезде Балуан сөз бастады.

- Ал, енді.. Мен білсем осы кемпір бүгінгі түннен қалмас. Түннің жарымы.. Әлде таңның атысы. Әрине, құдай біледі ғой. Дегенмен, адамның реңі де, көп нәрсені айтады емес пе? Бүгін үшеуің тапжылмай жанында отырып шығыңдаршы.. Құдай біледі.

- Реңі пәс екен,- деді Балуанның кемпірі шалының сөзін қостағандай.

Қаусырма Балуанға айтқаның келсін дей жаздап барып:

- Енді байғұс біраз жатты ғой, - дей салды.

(Т.Нұрмағамбетов, Таңдамалы шығармалар жинағы, Алматы, Өлке баспасы, 2005 жыл, 1 том, 5 бет)

Әділіне жүгінсек, Балуанның аузымен айтылған көріпкелдік, кемпірді күзетуге қалғандардың қара ниеті, олардың кемпірге өлім тілеп отырған – арам пиғылы. Әңгімедегі астарлы юмор мен ауыл тұрғындарының пендешілік психологиясын жан-жақты аша түсетін уытты сарказм қайта-қайта күлкіңізді келтіргенімен, шығарманы оқып шыққан соң солардың бәрі сізге басқаша ой салады. Шығармадан адамның бойындағы имансыздықтың оның пиғылында бұғып жататындығын көресіз. Қылмыстың екі түрі болады. Біреуі адамның қолымен істелінсе, екіншісі пенде баласының пиғылында жасалынады. Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Жұмаға қараған түн» әңгімесінде Пәрікүл кемпірдің жақындарының пиғылында жасалынған қылмыс әшкереленеді.

Моральдық таныммен қарасақ ауыл тұрғындары ешқандай да қылмыс жасаған жоқ секілді. Құдайлық таныммен қарасақ олар зор қылмыс істеді. Бастарына түскен кішкентай қиыншылыққа бола оларды сайтан азғырып, адамға өлім тіледі. Адамның қолымен істелінетін зұлымдықтың бәрі де ең алдымен оның пиғылында туады емес пе? Әрі-беріден соң пиғылда туатын қылмыстың зарары, қолмен жасалатын қылмыстан анағұрлым зор. Адамның қолымен жасалынған қылмысы үшін оны жауапқа тартуға болады, пиғылда туатын қылмыстың зауалын адам сезіне бермейді. Бұл қылмыс адамдардың санасын тұмандандырып, жүректегі имандылықтың отын сөндіріп, бүкіл қоғамның азып-тозуына әкеліп соғады. Философ Николай Бердяевтің айтуынша, орыс жазушысы Феодор Михайлович Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романындағы туған әкесіне өлім тілеген Карамазов шын мәнісінде оны өлтірген Смердяковтан да өткен қылмыскер. Ендеше Пәрікүл кемпірге өлім тілеп, әңгіменің соңында оны қайтыс болды деп ойлап, өтірік жылағандар қоғамның болмаса да, өз ар-ұяттарының алдында ауыр қылмыс жасады. Жазушы шығармасындағы осы бір кішкентай деталь адамдардың қаншалықты ұсақталып, олардың тағдырының қаншалықты арзандап кеткендігін аңғартқандай.

«..Пәрікүл бәрін сезген. Тіпті сырттан кірген шалдардың кімдер екенін де дауыстарынан айырды. Өзінің тірілігін білдіріп, бірдеңе деуге де мұршасы бар-ды. Бірдеңе дер ме еді, әлде қайтер еді, ойда-жоқта у-шу болған үрейлі дауыстар науқастың да есін шығарып жібермегенде..»

(Т.Нұрмағанбетов, Таңдамалы шығармалар жинағы, Алматы, Өлке баспасы, 2005 жыл, 1 том, 14 бет)

Тынымбай Нұрмағанбетовтың әңгімелерін сөз қылғаннан кейін, шығарманың шынайылығына жан бітіріп тұрған, жазушы сомдаған кейіпкерлердің бойындағы тұнып тұрған лиризмге тоқталмай кете алмаймыз. Көңіл қылын шертетін лирикалық сарын жазушы сомдаған кейіпкерлердің сезімін сәулелендіріп, шығарманың құлақ күйі болып табылатын психологизмді онан сайын тереңдете түседі. Әңгімедегі кейіпкерлердің күрделі табиғаты да осы бір тұста барлық қырынан жарқырай ашылады.

Адамның туған жерге деген махаббаты, өткен күнге деген сағынышы жазушының «Атақоныс» әңгімесінде жүректі елжірететін лиризммен баяндалыпты.

Жазушының әңгімесіндегі тұла-бойыңды тебірентетін лиризммен суреттелетін атақоныс –адамның сағынышын көрсететін символдық белгі, басынан ұшып кеткен бақ құсы, ұмытылған өмірі, сарқылған айдыны.

Бір қарағанда шығарманың басты кейіпкері Мұқа шалдың тағдырға өкпелейтін реті де, жөні де жоқ секілді. Соғысқа барып, еліне аман-есен оралды. Үш ұлының да тасы өрге домалап, қызметтері жоғарылап, бәрі шетінен бастық болды. Бұдан артық адамға қандай бақыт керек? Алайда бақыттан басы айналғандай болған Мұқаның күтпеген жерден әйелі дүние салып, шал байғұс қайғы жамылады. Балалары әкесін қолына көшіріп алып, кемпірінің жылын өткізген соң «Дәрет су жылытып беретін бір ақ жаулықты тауып берейік, әрі шешеміздің орнында үйге ие болып отырсын» деп, Мұқа шалға әйел қарастырады. Торғын деген жас әйел Мұқа шалға күйеуге шығуға келісімін бергенімен «Мені алысымен орталыққа көшетін болсын. Тау-тасты аралап жүре алмаймын. Даңғыраған ақ үйде, қалың көптің ортасында отырамын» деген, шарт қояды. Торғынды алысымен Мұқа шал көп ұзамай Талтоғанды тастап, көшіп кетеді.

Уақыт зымырап, күндер жылжып өте береді. Аяқ астынан үйдегі сиырының бошалап, ескі жұртқа кетіп қалуы Мұқа шалдың ата қонысқа баруына себепші болады. Сиырын іздеп ескі жұртқа келген шалдың есіне өткен өмірі қайта түсіп, жүрегін сағыныш тырнайды. Неше түрлі ойға шомып, мұңға батады.

Әділіне жүгінсек, жазушының әңгімесінде Мұқа шалдың сағынышы ғана емес, атақонысын тастап кеткен бүкіл ауылдың бақытсыздығы сипатталған. Қанша ыстық көрінсе де адам баласының туған жерін тастап кете беретін қатігездігі суреттелген.

«Мұқа тағы бір бұзылған тамның жанына келді. Небәрі екі бөлмелі бастауыш мектеп үйінің қабырғалары.. Ержігіт, Белжігіт, Сайранбектер осы қабырғалардың ортасында оқып ер жетті. Азамат болды. Олар күнде таңертең Жетпісбай тігіп берген бір-бір етікті тепкілеп киіп, сөмкелерін асып алып, осы қабырғаларға қарай жөнелетін. Осы қабырғаларға жетуге асығатын. Олардың көңілді дауыстары мына шағын екі бөлмеге сыймай, далаға, маңайға түгел естіліп жатушы еді».

(Т.Нұрмағанбетов, «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс», Алматы, Атамұра баспасы 2006 жыл, 9 бет)

«Атақоныс» әңгімесін оқи отырып, шығарманың басты кейіпкері Мұқа шалдың да әйелі өлгенен кейін мейірімсіз болып бара жатқандығын көреміз. Дәнекер өмірден өткен соң атақоныстан кие қашып, дүние-жалғанның қатігездене бастағандығына куә боламыз. Мұқа шалдың ұлы, шешесінің ең жақын құрбысы болған Шыныркүлдің, өзімен бірге оқыған баласы қайтыс болғанда, үйінің жанына келіп тұрып, көңіл айтуға жарамайды. Ол түгіл Мұқа шалдың өзі де өмірдің ыстығы мен суығын Дәнекермен бірге бөліскен Шынаркүлге көңіл айтуды ұмытып кетеді. Ескі жұртқа келген соң ойда жоқ жерде Мұқа шал, жалғыз ұлы опат болғаннан кейін оның сүйегі жатқан мекенді тастап кетуге қимай атақоныста жападан-жалғыз қалып қойған Шынаркүлмен кездеседі. Екеуі шер тарқатысады. Әңгіме барысында Шынаркүл жалғыз ұлы опат болғанда баласымен бірге өскен Белжігіттің де, Мұқа шалдың өзінің де көңіл айтпағандығын еске салып, қатты ұялтады. Қос мұңлық бір-бірімен сырласа келіп Дәнекердің тек әйел ғана емес, осы атақоныстың киесі болғандығын түсінеді. Кие өлген соң атақоныс жетімсіреп, бұл ауылдағы адамдардан қасиет кеткендігі Шынаркүлдің аузынан зар болып төгіледі. Мұқа шал запыран құсқандай қысылып, ар-ұятынан қалай қашып құтыларын білмей, мақтамен бауыздалғандай тылсым тыныштық іздеп тұншығады. Расында да Шынаркүлдің жүрегінен ақтарылған мұң-қайғысы сай-сүйегіңді сырқыратып жіберердей еді.

«-Дәнекер болса, келер ме, келмес пе еді? Құдай біледі келер еді. Мені бүйтіп зарықтырмай аңырап әлдеқашан жетер еді-ау. Жоқ ол арамыздан тек кетпеген екен, Мұқа. Біздің бәрімізге ортақ. Киелі қасиетті өзімен бірге ала кетіпті. Бұрынғылар осындай бір ерекше жандар болады деуші еді. Солардың бірі Дәнекер шығар. Ақиқат сол. Соңы да сол Дәнекер болмаса қайтсін..»

(Т.Нұрмағанбетов, «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс», Алматы, Атамұра баспасы 2006 жыл, 26 бет)

Әңгімеміздің басында Тынымбай Нұрмағанбетовтің қазақ прозасында тыңнан түрен салған Бейімбеттің мектебінен шыққан және сол мектепті әрі қарай дамытып, биік белеске көтерген жазушы екендігін сөз қылғанбыз. Әсіресе бұл ерекшелік Тынымбай Нұрмағанбетовтың ұлттық мінез бен психологияны беру шеберлігінен айқын көрініп, астарлы юмор мен уытты сарказмге толы әңгімелерінен тайға таңба басқандай анық байқалады. Ол әңгімелердің бәріне тоқталуға мүмкіндігіміз болмағандықтан, мен Тынымбайдың «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» және «Шашубай» атты екі әңгімесін ғана тілге тиек еткенді хош көрдім.

Жалпы қазақ прозасында Бейімбеттен кейін өз әңгімелерінде юморды ұтқыр пайдалана алған жазушылар некен-саяқ. Әділіне жүгінсек, юмор халықтың өмірін терең білетін, солардың ортасында көп жүретін жазушылардың шығармаларында ғана сирек кездеседі. Өйткені юмор прозаиктің жазушылық табиғатымен бірге жаратылған қасиет. Кез-келген ұлы жазушы өмірдегі трагедияны нанымды етіп суреттей отырып жылата алғанымен, күлдіріп отырып оқушысын жылата алатын шеберлік кез-келген ұлы жазушының қолынан келе бермейді. Кейде жазушылар айтқымыз келген ойымызды арзандатып аламыз ба деп сескеніп, юмордан қашқалақтайтын секілді. Мысалы Әуезовтің шығармалары юморға аса бай емес. Ғабит Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгіме» сынды бірен-саран шығармаларында ғана тұнып тұрған юмор бар.

Алпысыншы жылдардан кейін әдебиетімізге келген прозаиктердің ішінде юморды өз шығармаларына мейлінше мол енгізген және оны шеберлікпен пайдалана алған бірден-бір жазушы –Тынымбай Нұрмағамбетов. Тіпті оның көптеген кейіпкерлерінің бітім-болмысы мен табиғатын ашуға астарлы юмор зор қызмет жасап тұр. Жазушының сондай шығармаларының бірі -«Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» әңгімесі.

Шығарманы оқи отырып, ондағы кейіпкерлердің болмысынан аңғалдық, дарақылық, бос сөзге құмартушылық секілді қазаққа тән мінезді айнымай танисың. Жазушының әңгімесінде туған жылын білмейтін Әлмәмбет деген кісінің жасының қаншада екендігін білгісі келіп, екі түн бойы басынан кешкен хикаясы баяндалады. Ұзатылған жиен қарындасына еріп барған Әлмамбетті сол ауылдың адамдары жасын білмегендігі үшін қатты ұялтады. Құдалықтан келісімен осы жайды Ережеп деген досына айтқанда ол «Жасыңды білгің келсе оның не қиындығы бар? Бір қойыңды сойып әкеңмен бірге өскен достары Алданбек пен Нұрқабылды қонаққа шақыр. Солар сенің туған жылыңды ай-күні, сағатына шейін айтып береді» деп, кеңес айтады. Осылайша Әлмәмбет бір қойын сойып әкесінің достарын кешке үйіне шақырады. Әкесінің достары Бөрібайдың қандай азамат болғандығын айтып, түннің бір уағына шейін әңгіме соғады. Бірақ ешқайсысы да Әлмәмбеттің дәл қай жылы туғанын тап басып айтып бере алмайды. Әңгіме барысында Әлмамбеттің оның әкесі Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыстан соң бір жылдан кейін туғаны белгілі болады. Бөрібайдың досы Нұрқабыл Әлмамбетке риза болып бір қойын сойып екінші күні оның өзін қонаққа шақырады. Бұл жолы да Бөрібай туралы неше түрлі хикаялар айтылғанымен, Әлмамбеттің қай жылы туғаны белгісіз болып қалады. Әңгіменің соңында сауатсыздығын мойындағысы келмейтін қазаққа тән мінезді танып, езуіңізді жия алмай күлесіз. Жазушының шығармасын оқып шыққан соң, Гогольдің сөзімен айтқанда өзімізге өзіміздің күліп отырғанымызды байқамай қаламыз.

«- Ал енді,-ризасың ғой,-деді бұған өзіне-өзі көңілі толған үнмен.

- Ризамын ғой, - деді Әлмәмбет күмілжіп. –Тек-к...

- Әй, тегің не сенің?.. деп, Нұрқабыл шап ете қалды.

- Әлгі менің туған жылымның жайын айтамын да...

- Сен не сандалып тұрсың осы?! Туған жылың не осы сенің қайта-қайта. Сен түгіл әкең Бөрібай да туған жылын білмей өткен дүниеден... Туған жылым тауық деп, бірде мешін екен деп былықтырып жүретін. Ал мына сенікі не былдырақ осы? Әкең Бөрібай ма? Бөрібай.. Шешең Өрбике ме? Өрбике.. Куә болуға мына біз жүрміз әлі басымыз қалтақтап. Ал не керек енді? Күмән келтірген адамды маған ертіп әкелші.. Сөйлесейін! Әкең пішенге түнеп жүргенде де, есіңде болсын, шешең мына біз сияқтыларды «осы еркек екен-ау» деп көзіне ілген жоқ.

- Жоқ, оны айтпаймын, -деді Әлмәмбет енді Нұрқабылдың таяқпен сабағаннан әрі мына ұрсысынан тезірек құтылғысы келгендей.

- Ал, енді не керек?

- Еште-ңе-е..

- Ештеңе болса, айда пошел, -деді Нұрқабыл бұрқ-сарқ ашуланып тұрып.

- Нұреке, сіз енді..

- Пошол дедім ғой мен саған! Қазақшаға түсінбейді екенсің... Орысша айттым... -Мен мұның әкесінің аруағын сыйлап, екі күннен бері «Бөреке, Бөреке» деп жүрсем, бұл келіп туған жылым дейді ғой. Ау, кешелі бері Бөрібай мен Өрбикені неше аунатып әңгімеледік.. Риза болмақ түгілі, көңілің босап, үйіңе еңіреп қайтатын жерің ғой.. Өй, Бөрібайдан тумай кеткір! Пошел деймін саған.»

(Т.Нұрмағамбетов, «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс», Алматы, Атамұра баспасы 2006 жыл, 170 бет)

Тынымбай Нұрмағанбетовтың юморға бай шығармаларының бірі «Шашубай» әңгімесінде де қазақтың дарақы мінезінің табиғаты жан-жақты ашылады. Әңгіменің мазмұнына қысқаша тоқталатын болсақ, үйі әбден ескірген Шашубай деген қазақ жыл сайын жаңа там саламын деп, кейінге қалдыра береді. Бір күні оның үйіне Тәукен деген жақын ағайыны келіп, әңгіме үстінде Шашубайдың сайлауда болыстыққа таласып, он екі қанат ақ үй тіккен Алшынбайдың немересі екендігін есіне салып, оның ұрпағының мынандай ұсқынсыз үйде тұрып жатқандығын бетіне салық қылып басып, қатты ұялтады. Тәукеннің осы сөзі қамшы болып Шашубай жаңа там салуға белін бекем буады. Сонымен не керек, Шашубай бұрынғы жалқаулығын тастап кесек құюға кірісіп кетеді. Оның там салып жатқанын көруге келгендерге түрлі әңгіме айтып, енді Шашубайда мақтаншақтық мінез пайда болады. Ананы –мынаны айтып, жұрттың бәріне ақыл үйрететін сөзуар болып алады. Кесек құйып біткен соң «ақшаның бетіне қарамаймын» деп мақтанып, қымбат ақша алатын Әлтек деген ұстаға тамды салдырады. Алайда ол келе салысымен кесектердің түрлі қалыппен құйылғандығын айтады. Қатты шошып кеткен Шашубай осы кесектермен-ақ тамды сала берсейші деп өтінеді. Там салу оңай шаруа емес екен. Шашубай сүзектен тұрғандай арып, там салынып біткенше құр сүлдері қалады. Әлтек ұста да біресе төбеге салатын шифрлардың нашар, біресе ағаштардың қисық екендігін айтып там салынып біткенше Шашубайдың зықысын шығарып бітіреді. Жұрттың алдында ұятқа қаламын ба деп қорыққан Шашубай осы бар нәрселермен-ақ тамды сала берші деп өтініп, Әлтектің алдында жыларман болады. Қара күзге таман жаңа там салынып біткеннен кейін Шашубай қонақ шақырып той жасайды. Міне сонда ғана ол жаңа тамының қалай болса солай қисық салынғанын аңғарады. Әсіресе әңгіменің соңындағы мына бір деталь Шашубайдың аңғалдығымен қатар дарақы болмысын онан сайын аша түскендей.

«Өзің біл дегенде, оған осылай ет деп пе едім. Әй, бұдан асқан кісәпір, алаяқ жоқ шығар. Соны ұсталыққа қалай ғана таңдадым екен десейші. Әй, сірә сайтан азғырған болар».

Сәлден соң ашуы басылды. Тамының жанында үйіліп жатқан сынық кесектерінің үстінде отырып тағы да өзін-өзі жұбатты: «Несіне таусыламын. Құдайға шүкір, далада отырғаным жоқ. Тағы да там салсам, несі бар, балаларым да ержетіп келе жатыр.»

(Т.Нұрмағамбетов, «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс», Алматы, Атамұра баспасы 2006 жыл, 100 бет)

***

Жазушылық туралы әңгіме тиегі ағытылған кезде кейде сыншылардың стиль ерекшелігіне зор мән беріп, осы тақырыпты қайта-қайта әрі-бері аунататыны бар. Мүмкін сондықтан болар, кей кездері жазушының стильіне тамсанып, шығармада қандай ой айтылмақ болды, әңгіменің көтерген жүгі қандай деген маңызды тақырыпты қаға берісте ұмыт қалдыратынымыз бар. Әрине шығарманың оқырманға тартымды стильмен жазылғаны құба-құп. Дегенмен әлем әдебиетін ұлы белеске шығарған көркем сөз шеберлерінің шығармаларын оқи отырып, стильге табынушылық, көп ретте жазушылықтың қазымыр үміттерін түсінбегендіктен туады ма деген ойға қаласың. Әлем әдебиетінде тұңғыш рет синекдоха тәсілін қолданған Гомер «Иллиада» мен «Одиссеяны» туғызғанда өнерге жаңа стиль әкелдім деп ойламаған болуы тиіс. Гомер шалға солай жырлау ыңғайлы болғандықтан осылайша көсілді. Апулей мен Петроний, Бокаччо мен Рабле де өз шығармаларымызды қандай стильмен жазамыз деп бас қатырмаған секілді.

«Жазушы дегеніміз –стиль» деген ұғымның түбегейлі қате түсінік екендігіне Испанияның ұлы жазушысы Сервантестің шығармашылығы куә бола алады. Кезінде испан сыншылары «Дон Кихоттағы» көтерілген ұлы ойды, адам жанын тебірентетін психолгизмді назардан тыс қалдырып, жазушы шығармасына неше түрлі стильдік ерекшеліктерді жапсырғаны әдебиет тарихынан белгілі. Сервантестің ұлы стилист екендігі мойындалып, өз уақытында оның жазу тәсіліне еліктеушілер де көп болды. Шындығында Сервантес стилист жазушы емес еді. Жиырмасыншы ғасырда осы шындықтың шымылдығы ашылып, жазушының шығармасын зерделеген білікті сыншылар «Дон Кихот» романында стильдік ақаулықтардың аяқ алып жүргісіз мол екендігін ашық айтты. «Иезуиттердің империясы» атты еңбегінде жазушы Леопольде Лугонес Испанияның ұлы қаламгері Сервантестің стильист-жазушы емес екендігін дәлелдеп, былай деген болатын: «Стиль - Сервантестің ең осал жері, және оның ықпалының тигізген зарарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес; жазушының мұрасынан мәңгілік ойдың көрінісін тек формадан іздегендер, шығармадағы бояудың кедейлігіне, композицияның әлсіздігіне, іш пыстыратын қайталаулардың жиілігіне куә болады» .

Жазушы Поль Груссак «Егер әр нәрсені өз атымен айтатын болсақ, романның ең жақсы жазылды деген бөлімінің формасының өзі нашар құрылған, осыдан кейін Сервантестің қарсыластарының шығармадағы тілдің жұтаңдығы туралы айтқан пікірлеріне әбден қосылуға болады» дей келіп, бұл туындының стильдік кемшіліктерін жіпке тізгендей талдап берді. .

Дей тұрсақ та «Дон –Кихот» романының көптеген елдің тіліне аударылып, миллиондаған оқырмандардың ыстық ықыласына бөленуінің басты себебі неде? Шындығында жазушы шығармасының құдіреттілігі, кейбір сыншылар адасып айтып жүргендей «Дон-Кихот» романындағы стильдің ерекшелігінде емес, аталмыш туындының көтерген жүгінде, оқырманның жүрегін жаулап алған шынайылығында жатса керек. Бізден гөрі бұл сауалға Тургенев нақтырақ жауап беріпті. «Дон-Кихот» романының құдіреттілігі неде? деген сауалға «Адамның сезімін алдамайтын ақиқатқа деген кіршіксіз таза сенімде, Дон Кихоттың өз идеалына деген сенімі күшті, сол үшін ол қиындыққа төзуге, тіпті өзінің өмірін құрбандыққа шалуға әзір.... Өзі үшін ғана өмір сүру, тек өзін ғана ойлау Дон Кихот үшін арсыздықтың белгісі. Ол басқалар үшін өмір сүреді, сол үшін адамзатқа қарсы зұлымдықпен күреседі..» деп, жауап қайтарыпты орыстың ұлы жазушы Тургенев.

Өмір бойы алаңсыз отырып роман жазуды армандап өткен француздың ұлы жазушысы Бальзактың стиль туралы ойлануға мұршасы болғанына мен сенбеймін. Дәл осындай қиын жағдайда өмір сүріп, жазушылықтың ауыр азабын тартқан орыстың ұлы қаламгері Достоевский мен Батыс әдебиетінің аса көрнекті өкілдері Эдгар По мен О Генрилерді де мықты стилистердің қатарына қоса алмасымыз анық.

Менің ұғымымда кез-келген стильді жазушы талантының табиғаты туғызатын болса керек. Жазушының стильге тәуелділігі оны жасандылыққа ұрындырады. Оқырман үшін шығарманың қандай стильмен жазылғаны емес, жазушы туындысының көтерген жүгі мен айтқысы келген ойы қымбат. Ақиқаты сол.

Тынымбай Нұрмағанбетовтың шығармашылығын сөз қыла отырып, жазушының прозалық туындыларындағы стильдік ерекшеліктерге аса зор мән бермегендігіміздің себебі де сондықтан. Өйткені жазушының туындыларын зерделеп, ақыл таразысына сала келіп, оның шығармаларынан стильге табынушылық қасиетті байқамадық. Жазушы өзінің айтқысы келген ойын әсерлі етіп жеткізу үшін реализмді де, әфсананы да, фантасмагорияны да ұтымды да ұтқыр пайдаланып, жазу үлгісінің кез-келген түрін жатсынбайды.

Жазушының бұрынғы шығармаларына мүлде ұқсамайтын «Құпия кездесулер», «Ауған құстары» және «Кене» әңгімесі осы сөздерімізге дәлел бола алады.

Зады тынымсыз ізденетін үлкен суреткердің белгілі бір уақыттан кейін бұрынғы шығармаларынан мүлде бөлек дүниелерді туғызуы жазушының жаңа бір тынысының ашылғандығын білдірсе керек. Және жазушы шығармашылығындағы мұндай өзгерісті заңдылық деп қабылдауымыз қажет.

Тынымбай Нұрмағанбетовтың 2003 жылғы «Жалын» журналының тұсаукесер санында жарық көрген «Құпия кездесулер» және «Ауған құстары» атты екі әңгімесі жазушының мүлде өзгергендігін, күрделене түскендігін, шығармашылық әлемінің тылсым табиғатының тереңдеп кеткендігін білдіретін соны туындылар. Бұл шығармаларға алғысөз жазған белгілі жазушы Герольд Бельгер екі әңгіменің де –мүлдем соны, тың дүниелер екендігін жақсы айтыпты:

«Бұлар жазушының дүниетанымдық, азаматтық өресінің күрт кеңейіп, қазіргі қоғамымыздағы һәм адам санасындағы өзгерістерді диалектикалық деңгейден терең байқап, талдап, әңгіме жанрының қуаты мен көркемдік мүмкіншіліктерін біздер бұрын аңғармаған жаңа қырынан көрсеткендігін дәлелдейді. Мұнда қарабайыр, әбден жауыр болған жалаң реализмнен гөрі фантасмагориялық әуен басым. Бұл шығармашылық тәсіл арқылы (Гоголь, Кафка, Булгаков тәжірибесі) Тынымбай өміріміздегі, қоғамымыздағы келеңсіз жағдайлардың философиялық мәнін, себеп-салдарын жан-жақты аша түскендей. Бұл екі әңгіменің идеялық-көркемдік жүгі, шығармашылық астарының жақындығы, жазушылық тәсілінің бірлігі сондай, мен оларды қос әңгіме –диптих дер, едім» дейді, ол. Қысқа айтылса да Герольд Бельгердің осы пікірі екі әңгіменің тылсым табиғатын тап басқан, шығармаға берілген әділ баға. Герольд Бельгердің айтқанына қосыла отырып, сөзіміз құрғақ шықпау үшін, біз де өз тарапымыздан бұл туралы ойымызды білдіргенді жөн санадық. Алайда әңгімеміз тым созылып бара жатқандықтан, жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің шығармашылығы туралы бұл мақаламызда «Жалын» журналында жарық көрген шығармасының біреуіне ғана, яғни, «Құпия кездесулер» әңгімесіне ғана тоқталмақшымыз.

Қош! Сонымен Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Құпия кездесулер» әңгімесі не туралы? Біз бұл сұраққа бір ауыз сөзбен жауап бере алмаймыз. Әңгіменің көтерген жүгі, айтқысы келген ойы оны көтермейді. Өйткені жазушының бұл шығармасы адам жанының мына жалғанға қайтып оралатындығын ғана әңгімелеген мистикалық проза емес. Адамның бойындағы опасыздықты әшкерелеген, өмірдегі әділетсіздікті, жалғандықты ноқтасынан жетелеп, шындықпен бетпе-бет жүздестірген, сол арқылы ұлттың басындағы трагедияның себебін іздеген философиялық шығарма. Мистика Нұрмағанбетовке қаламының ұшындағы ащы шындыққа тереңірек үңілу, шығармадағы психологизмді күшейту, оқиғаны әсерлендіру, кейіпкерлердің жан-дүниесі мен әңгіме арқауының өзегі болатын ұлттық қасіреттің сырын аша түсу үшін ғана керек.

Әңгімеде профессор Әбдірахман Наушаұлының желтоқсан қанды қырғыны кезінде қаза тапқан інісі Бидірахманмен құпия кездесіп тұрғандығы сөз болады. Жаны аспанға ұшып кетпей қаладағы Сауал есімді кедей жігітке берілген ол ұзақ жылдар өткен соң ағасын іздеп, оның үйіне келеді. Алғашқыда оның айтқандарына күдікпен қараған Әбдірахман біраз сөйлескеннен соң шындығында да Сауал есімді алдында тұрған жігіттің Бидірахман екендігіне көзі жетеді.

Шын мәнісінде «Тәуелсіздіктің ұлт үшін мәні» деген тақырыпта ғылыми еңбек жазып жатқан әңгіменің басты кейіпкері профессор Әбдірахман Наушаұлы тек інісімен емес, өзінің ар-ұятымен, талай жыл бойы көзін жұмып келген бүгінгі күннің шындығымен кездесті. Алла –Тағала ұлтын шын сүйген, сол үшін желтоқсанда қаза тапқан Бидірахманды сол ұлттың сапында екінші рет жаратты. Желтоқсан кезіндегі құрбан болғандардың еңбегінің еш кеткендігін, қазақтардың әлі күнге шейін құлдықтың қамытынан құтыла алмағандығын қаза тапқан інісінің аузымен айтуы арқылы, жазушы шындықтың бет-пердесін сыпырып алып, ар-сотына салады.

«Ол енді мұны мысқылдағандай бірауық қыли жанға ұқсап, үйдің төбесіне сығырая қарап тұрды да:

-Қазір ойлап қарасам, осындай халге душар болар ұлт үшін таяққа түскен, өлімге жанын қиған жандардың ісі де – бір адыра қалған іс, тіпті, сарыауыз балаңдық екен. Бірақ біз ұлттың мұндай болашағын аңсаған жоқпыз ғой. Біз басқаша... Жо-жоқ, біз жан-жағындағыларға өзін-өзі сатып күн көріп отырған ұлт жайлы да, бірін-бірі алдап өмір сүріп отырған адамдар жайлы да ойлаған емеспіз. Түсініңіз, профессор мырза.»

(«Жалын» журналы, 2003 жыл, тұсаукесер саны 8 бет)

Ұлты үшін жанын пида еткен Алланың шерлі пендесі Бидірахман халқының бейшара халін көріп, желтоқсанда төгілген қанның адыра қалғандығына көзі жетіп, алдау-арбау мен қиянат мекеніне айналған, рухы шіріп, азып-тозған қайыршы дүниеден түңіліп шығарманың соңында екінші рет дүние салады. Жаны Бидірахманға берілген Сауалдың қаза табуы, шын мәнісінде қоғамдағы ар-ұяттың өлуі еді.

Ел үшін өмір сүріп отырған қоғамын өзгерту де, экономикалық жағынан қандай да жетістіктерге жету де басты прогресс емес. Басты прогресс ұлттың қабілет сапасының артуы. Құлдық санадан арыла алмаған ұлт ешқашан да, ешуақытта да бақытты бола алмайды. Ұлтты шын бақытқа жеткізетін оның рухының азат болуы. Қазақ халқы тек формальді түрде ғана тәуелсіздік алыпты. Оның жаны, рухы, керісінше құлдықтың қамытын мықтап киіпті. Тіпті, сол құлдық өміріне разы байғұстардың құлқы да, пейілі де өзгеріп, адамшылықты ұмытыпты. Тәуелсіздік ұлтты ұшпаққа жеткізбек түгіл, адамдардың сана-сезімі суалып, олардың жасаған ісі де, олардың орнатқан тәртіптері де қоғамды қасіретке әкеле жатыр екен. «Құпия кездесулер» әңгімесінен бәріміз білсек те айта алмай, іштен тынып жүрген осы шындықты естиміз. Шығарманы оқу үстінде профессор Әбдірахман Наушаұлының желтоқсанда қаза тапқан інісінің жанымен ғана емес, азып-тозған ұлттық рухпен бетпе-бет кездескендігін түсінеміз. Француз жазушысы Франсуаза Саганның тілімен айтқанда күтпеген жерден шымылдығы ашылған шындықты көреміз.

«Құпия кездесулер» шығармасында жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов ұлты үшін қаза тапқан шейіттің тағдыры арқылы отаршылдық құлдықтан құтылғанымен, арсыздық,тың, ұятсыздықтың қамытын киген ұлтының бейшара ахуалына тоқталса, «Кене» әңгімесінде сол құлдықта жүрген халықты сүлікше сорған Бименнің қайтыс болғаннан кейінгі жанының кенеге беріліп, тіршілікті істеген қиянаты үшін қалай азап кешкендігі баяндалады. Бұл мистикалық шығарманы соңғы жылдардағы қазақ прозасының үлкен табысы деп айтсақ та артық емес. «Кене» әңгімесінде жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов реализм мен мистиканы араластырып жіберіп, әлем әдебиетінде өзіндік мектебін қалыптастырған жазушы Франц Кафканың өзімен іштей бәсекеге түсіпті. Егер Кафканың «Құбылысында» (Превращение) адамның жәндікке айналу процесі ғана сипатталса, Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Кенесінде» жәндікке айналғаннан кейінгі тіршілігіне зор мән беріледі. Тынымбай Нұрмағанбетов үшін адамның жәндікке айналу процесі маңызды емес, жәндікке айналған адам арқылы арсыздықты, зұлымдықты әшкерелеп, дүниенің жалғандығын екі аяқты пенденің есіне салу маңызды.

Кез-келген үлкен жазушы адамгершілік пен зұлымдық, азаттық пен құлдық, өмір мен өлім, қатігездік пен мейірімділік, имандылық пен арсыздық сынды тіршілікте бір-бірін жеңуге тырысқан тақырыптарды қозғау арқылы Алла жаратқан әлемнің мағынасын түсінуге тырысады емес пе? Ал, өмір бойы дүниеге тоймай, адамдардың бәріне тек қиянат жасаумен өткен пенденің тіршілігінде қандай мағына болуы мүмкін.

Дүние-жалған, демегенде не дейсіз? Күні кеше ғана жалғанды жалпағынан басқан Бимен кенеттен көз жұмып, Алла-Тағала оның жанын кенеге бергенде бұрын мойындағысы келмей жүрген шындықты өз арқасымен сезінеді.

Жаны кенеге айналған Бимен денесін жер қойнына тапсырған кезде, жұрттың, тіпті, туған-туыстарының да түк қайғырмағандығына куә болады. Сүйегі көмілгеннен кейін, зираттың басында отырған кене ешкімнің де өзін іздеп келмегендігін көріп, тіршілікте ешкімге де қадір-қасиетінің болмай, мағынасыз ғұмыр кешкендігіне көзі жетеді.

«Ол әйелін.. баласын.. қызын күткен. Тіпті кім де болса қарайып, қалқайып келіп, қабірінің басына тізесін бүгіп, дұға оқып жатса... Бұл-бір ұлы арман екен.

Ешкім керек етпеген, іздемеген денесінен ақыры өзі де жерігендей болды. Тіпті, жек көріп кетті-ме-ау. «Бәсе, дүниеде жасаған жаманат, қиянаттарың тегін кетсін бе? Тәңірі ием бәрін есептеп, жіпке тізіп отыр екен де»... деп ойлады Жан-Бимен мұңайып.

Қанша күн, қанша түн өткені де есінде жоқ. Әйтеуір, бұл бір үрей мен азапқа толы кезең болды.»

(Т. Нұрғаманбетов, «Айқай», повестер мен әңгімелер жинағы, Алматы, «Өнер» баспасы, 2001 жыл, 346 бет)

Әңгімеден Құдайлық жолдан адасып, сайтани сеніммен өмір сүрген пенде баласының жазушы қиялынан туған о дүниедегі азабын көреміз. Жазушы өз шығармасында өмірде талай қиянат жасаған Бименнің жанын кенеге беру арқылы көзі тірісінде істеген опасыздықтарын қайтадан есіне салу үшін, тіршілікте қиянат жасаған адамдарымен жолықтырып, осы көріністерді реалистік өмірмен өте шебер ұштастыра біледі. Шығарманың басты кейіпкері Бимен өлгеннен соң жаны түйеге берілген Атанбаймен жолығады. Атанбай – Бименді талай шабуылдан алып қалған бұрынғы бастығы. Бұл жақта да Бимен Атанбайдың шабына жабысып алып, қанын сорып, күнін көреді. Қоғамды аш кенеше сорған Бимен ойда-жоқта төбеден құйылып кеп, жер бауырлап ұшқан бүркітті көзі шалады. От-шашып тұрған бүркіттің жанарынан әкесі екендігін таниды. Баласының кенеге айналғандығына көзі жеткен әкесі қайтып бұған жоламай, биікке самғап, көк аспанға сіңіп кетеді.

Егер жазушының алғашқы әңгімелерінен Бейімбет іргетесін қалаған мектепті жалғастырып әкете алған шеберлікті көрсек, «Құпия кездесулер», «Кене» әңгімелерінен тынымсыз ізденістің арқасында сол мектепті басқа бір белеске көтерген Тынымбай Нұрмағанбетов талантының табиғатын тани түскендей боламыз.

Тынымбай Нұрмағанбетов әңгімелеріндегі кейіпкерлердің әр түрлі болып, олардың бір-біріне ұқсамауы оның шеберлік мектебінің шыңдалғандығының көрінісі. Әлемдік әдебиеттегі үлкен суреткелер секілді ол жаңа шығарма жазған сайын ылғи да ешкім күтпеген ойды айтып, ешкім күтпеген шындықтың көрпесін ашып тастайды. Біресе ол шындық кемпірі өлген соң атақонысты тастап кетуге мәжбүр болған Мұқа шалдың тағдыры арқылы суреттелсе, біресе ол шындықты желтоқсанда қаза тапқан Бидірахманның, енді бірде жаны кенеге айналған Бименнің дүниені пайымдауы арқылы сезінеміз. Сонымен қатар Тынымбай Нұрмағанбетовті шығармадан шығармаға өткен сайын, сіңір шайнағандай бір тақырыпты ғана талғажау етіп отырып алатын жазушылардың санатына қоса алмаймыз.

Тынымбай Нұрмағанбетов үшін ең маңызды тақырып –адам тағдыры. Жазушы адам тағдырына қатысты тақырыптардың қай-қайсысын да жатсынбайды. Өзіміз күнде көріп жүрген қарапайым пенделердің тағдырын жазушының шығармалары арқылы қайта көргенімізде, жан-дүниеміздің астаң-кестеңі шығып, адамгершілікке деген сүйіспеншілігіміз артып, зұлымдыққа қарсы өшпенділігіміз ояна түседі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар