Өткен жылы жазылған, Наурыз мейрамын тойлауға қатысты мақала еді. Өңделіп қайта ұсынылды.
Наурыз мейрамы – Еуразияның көптеген халықтарына тән. Есте жоқ ескі замандардан бері түркі, славян, парсы, күрд т.б. халықтар күн мен түннің теңелген межесі – жыл басы ретінде тойлатып келе жатқандығы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгендігі белгілі.
«Наурыз» атауына қатысты «новруз», нуырыс», «нәруыз» т.б. болжамдардың айтылып, дәйектеліп жататыны да қалың жұртшылыққа таныс. Бұлардың бәріне таласымыз жоқ.
Біздің айтпағымыз – бүкілхалықтық мереке Наурызды тойлатуға қатысты ойлар еді. Себебі, ата-бабамыз «ұлыстың ұлы күні» деп әспеттеген Әз Наурызға қатысты түрлі ой-пікірлердің туындап жататындығын білеміз. Сонымен бірге, атап өтуде де бойға қонымсыз, көзге қораш, ойға оғаш жағдайлардың кездесіп жататындығы да шындық қой.
Ең әуелі айтпағымыз – Наурыз – ешқандай да діни мереке емес. Әрине, тәңіршілідік пен ислам элементтері, кейбір атрибуттары бар шығар, бірақ Наурызды еуразиялықтардың сан ғасырлар бойғы астрономиялық бақылауы негізіндегі шаруашылық жүргізу межесі десек, қателеспеспіз. Кейбір әсіредіншіл ағайындардың Наурызды атап өтуге деген үстірт түсінігіне қатысты айтқанымыз еді.
ҰҚСАС МАҚАЛА: Кәмел Жүністегі. Наурыз мерекесі ұлттық танымымызға тән болса
Рас, Наурызды тойлаудың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі бізге бар бояуымен, мазмұнымен жеткен жоқ. Үзіліп қалды. «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деп жақауратқан коммунистер дәл осы Наурыздан социалистік түр де, мазмұн да шықпайтынын анық аңғарса керек, 1926 жылдан-ақ халық санасынан өшіруді бастап кеткен екен. Демек, 1988 жылы қайта оралған кезеңге дейін аттай 62 жыл жатыр. Алты мүшелге тең уақытта туған алты буын Наурыздың мән-мағынасын білмей өсті деген сөз.
«Қайта оралды қазағымның бүгін дәстүрлері-ай» деп әннің де мәтіні бекерден-бекер шықпаса керек. Шүкір, Наурыз қазаққа қайта оралғалы да отыз жылға жуықтап қалған екен.
Ойлап қарасақ, отыз, жыл – аз уақыт емес. Кез келген мерекенің мерекелігі – оны жалпы халық асыға күтіп, пейілдене қарсы алып, дүрілдете тойлауда ғой. Наурыз – дәл сондай мереке, солай тойланып та жүр. Халықтық сипаты басым болғандықтан, ауылдық жерлерде шынайылығы басым, жарасымды атап өтіледі. Кешегі дала қазағының бүгінгі қалалық ұрпағында шынайылық жоқ дегеніміз емес. Дегенмен, қала Наурызы әлі де болса бір ресмиліктің, науқаншылдықтың шылауына оралып, шын жүрісін таба алмай келе жатқандай көрінеді де тұрады. Наурыз мерекесін тойлау – жыл сайын онша-мұнша өзгермейтін сценарийлердің ернеуінен аспай отыр. Театрландырылған көріністер: мифтік кейіпкерлер, ресми бөлім, жапырлаған жасауылды киіз үйлер, мекемелердегі дастарқандар, алашапқын киім прокаты, тойкезер оюлы қаудырлақ шапандардың бір күндік киілімі – осымен тәмам.
Бұл тұрғыда өзге бауырлас, тағдырлас, мерекелес елдер қалаларындағы халық болып тойлаудың игі дәстүрлерін әлі де болса өз қалпымызға сай енгізіп, Ұлыстың ұлы күні Наурыздың мерекелік салмағын, мәртебесін арттыратын шаралар қабылданса болар еді деген ой ғой, айтпағымыз.
Көптеген елдер мұндай мерекелерде халық өкілдеріне мемлекет тарапынан тағындалған құрметті атақтар, сыйлықтар, наградалар ұсынып, жеңіл-желпі қылмыс жасап сотталғандарға амнистия жататын дәстүр бар. Мұның өзі де мерекенің маңызын арттыратын, осы арқылы халыққа барынша жақындататын қадам емес пе? Сондай-ақ өзге жұрттар ұлттық өнері мен спортын дәріптеудің шырқау шыңы ретінде өз жаңа жылдарын құп көреді, орынды пайдаланады. Бұған бізде де мүмкіндік толығынан бар ғой. Мысалы, қазақ күресінің дамуы қазіргі күні тамаша қарқын алып келеді. Елдің ықыласы даересен. Міне, осы бір жақсы лепесті пайдаланып, тек отандық алыптар арасында «Наурыз палуан» жүлдесін неге сарапқа салмасқа?
Біздің қалалардағы Наурыз тойы – негізінен отыз жылға жуық уақыттан бері орталық алаңға жиналып ретро-этнографиялық көріністерді тамашалаудың, ас ішіп, аяқ босатудың төңірегінде екенін айттық. «Жалпы халыққа қолжетімді емес» жағдайдағы киіз үйлерді әкеліп тігудің жағымсыз тұстарын айтып тауыса алмайсыз.
Расымен де, көшпелі ата-бабамыздың әлемдік өркениетке қосқан ғажайып сәулет өнері – киіз үйдің әрбір бөлшегінің өз орны бар, бау-шуының байлануында, үзік-туырлығының, түндігінің жабылуында ғасырлар бойы жетілдіріліп, қалыптасқан қандай ғажап нәзік эстетика бар десеңізші! Ал бұл сұлулық пен талғамды алаңға әкеліп алас-күлес қалқайтатын әлем-жәлем құрау-жамау үйлер көрсете ала ма? Қайдам. Киіз үй туралы мағлұмат қала қазағының да, өзге ұлт өкілдерінің де балабақшадан бастап құлағында жүр. Яғни, белгілі бір түсінік қалыптасқан. Қажет болса, киіз үйлер мұражайлар да бар. Сонау 88-жылдары қазаққа киіз үй таң болған шығар, қазіргі күні шүкір, киіз үй – ең қазағы аз өлкелердің өзінде бар.
Қаладағы алаңға әкеліп тіккені бар болсын, киіз үйдің босағасындағы қабағы қатулы күзетшілер «вип-қонақтар» болмаса, қарапайым тойшы сіз бен бізді кіргізбек түгілі, есіктен де сығалатпауға бейіл. Ендеше, мұндай болса, «кедей мен бай теңескен, ханның қара сыбағасынан халыққа шүлен таратылып мәре-сәре болысқан, көңілдегі бұрынғы кірбіңді кешіріскен, т.б.» дейтін, «Наурыздың» толып жатқан гуманистік сипаттары қайда қалды?
Дегенмен, осы мәселе тұрғысында сең қозғалыпты. Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Құмар Ақсақалов мырза осы олқылықты анық аңғарса керек, биылғы Наурыздан бастап, киіз үйде тығылып тамақтануға тыйым салып отыр екен. Құптарлық іс.
Жоғарыда айтқанымыздай, Тәуелсіздіктің арғы-бергі тұсында жалпы халық болып мәре-сәре бірге тойласып, наурызкөже қыдырысып арқа-жарқа жүрген халқымыздың аз да болса бір шоғыры бұл күнді атап өтуді жөн санамайтынын көріп-біліп жүрміз. Бұлардың айтатыны: "Наурызды тойлау – дінсіздік заманның қалдығы. Демек, тойлату – ширк». Былай қарасаңыз, бұл ұшқары түсініктің кешегі құдайсыз коммунистердікінен қандай айырмашылығы бар? Бірі – діншіл, екіншісі- дінсіз космополитизм. Екеуінікі де қазақ рухына балта шабар іс.
Расымен де, Наурыз тәңіршілдіктің меркесі ме? Егер тәңіршілідік мерекесі болса, онда 1926 жылға дейін ата-балаларымыз бұл мерекені ислам ғұрпымен қалай үйлестіріп тойлап келді? Не жетіпсей жүр, неміз артық? Бұған дінтанушы, этнограф ғалымдарымыз бен зертттеушілеріміз егжей-тегжейлі зерттеу жүргізе отырып, нақты жауап берілмесе, қарадай қағынан жеріп жүрген бауырлардың қарасы азаймайтыны анық.
Ерте замандарда ата-әжелеріміз «Армысың, Әз Наурыз!», - деп шыққан күнді қарсы алған екен. «Армысың!» – түркілік төл амандасуымыз ғой. «Қобыланды келді: «Ар ма?», - деп, Алдыңда біреу бар ма деп», - демеуші ме еді, эпостық жырымызда. «Ар», «ару», «аррух» (аруақ), «арулау» – бәрі айналып келгенде, аппақ тазалықты меңзейтін, түркілік танымдағы ұғымдар емес пе. Наурыз күні әлемді аралайтын Қыдыр атаны да ақ сәлдесі басында, ақ шапаны үстінде, ақ таяғы қолында елестетпеуші ме едік?
Наурызды жан жүрегімізбен сезіне отырып, қанымызда ойнатып, санамызға сіңірмей, бұл мереке ежелгі дәрежесі - «Ұлыстың ұлы күні» деңгейіне жете қоюы неғайбыл болып тұр.
Ұлысың оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барса да жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін! –
деген наурыз батаны бәріміз білеміз. Осы шумақта үш рет қолданылып тұрған «ҰЛЫС» сөзінің өзі аталған мерекені парсыға біржақты теліп жіберуден арашалап тұрған жоқ па? Жарайды делік, «ноу» – жаңа, «руз» – күн болсыншы-ақ. Бірақ мереке – Ұлыстың ұлы күні ғой. Ойды ой қозғайды. «Ұлыс» – түркі-монғол халықтарында мемлекет, өлке, мекен мағынасын беретін сөз екені тайға таңба басқандай анық. Мысалы, қазіргі Монғолияның өз тіліндегі ресми атауы – Монгол улс (Монғол мемлекеті). Кешегі Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы дегендер - Азиядағы алып мемлекеттердің атауы болатын. Қазақстанда мемлекет құраушы қазақ халқынан өзге сан ондаған диаспора өкілдері тұрады. Татулық пен бірлік - басты мақсат-мүддеміз. Десек те осы диаспораларға қатысты: «Қазақстанды мекендейтін ұлттар мен ұлыстар» деген орашолақ тіркесті жиі естіп жатамыз. Әу баста мұның қолданысқа қалай енгенін кім білсін, бұл ұғым бағзыдан келе жатқан «ұлыс» сөзінің мән-мағынасына үйлеспей тұрғаны рас. Саны жүздің о жақ-бұ жағынан аспайтын диаспораны "ұлыс" деудің қандай қисыны бар?
Көкейде жүрген тағы бір ой – Наурыз мерекесін атап өту мерзіміне қатысты еді. Осы тұрғыда да әлі күнге бірізділік жоқ деуге болады. Ежелгі көшпенділердің қара есебі бойынша қазіргі 13 наурызда қыстың 81 күндік суығы аяқталады. Сондықтан да көшпенділердің бір бөлігі 14 наурызда жаңа жыл келді десе, басым бөлігі 7 күн өларадан кейінгі 21 наурызды нағыз жыл басы деп санайды. Қазіргі күні шетелдегі қазақтар мен өзге түркі және парсы халықтары Наурыз мерекесін 21-і күні бастап, негізгі іс-шараларын өткізеді. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы ұлық мерекені бір күнге кешігіп, яғни 22 наурызда тойлатып жүргені де келешекте ойлантарлық жағдай. Әрине, әрқайсысының да дәйекті себебі барын жоққа шығармаймыз.
Бірізділік жоқ дегеннен шығады, Наурыз мерекесін тойлатудың тоқырауға ұшырауы кешегі ақпатша заманының өзінде-ақ басталған сияқты. Оған дәлелдер де жетерлік. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 9 наурыздағы № 15 санында былай деп көрсетілген: «Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі....». Мұндағы наурыздың бірі, тоғызы дегендер – григориандық ескі стиль бойынша алынып отырғаны анық.
Және де мұнда мынадай жолдар бар: «...Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді, біздің Жаңа жылымыз – «Наурыз» марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. ...Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді.
Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің Жаңа жыл – Наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнінде басталады. Біз оқушыларымызды Жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз».
Мінеки, бұл бір ғасырдан астам бұрынғы қалпымыз. Содан бері бүтін бір дәуірді бастан өткеріп, адамзат дамуының жаңа кезеңіне аяқ басқан халқымыз Наурызды бүкіл халық болып тойлаудың заманауи үлгілерін әлі де болса іздеумен жүргендей. Наурыз мейрамына қатысты бұл ойлар тек біздің ғана көкейімізде жүрмесе керек. Қазаққа әрдайым ырыс әкелуімен ерекшеленетін ИТ жылы құтты болып, еліміздің бірлік-берекесін одан әрі нығайып, жұртымыз амандық-саулықта болғай! Әз Наурыз құтты болсын!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.