Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Байырғы мәдениет һәм кенже бала пайымы...

24.06.2022 4213

Байырғы мәдениет һәм кенже бала пайымы 12+

Байырғы мәдениет һәм кенже бала пайымы - adebiportal.kz

Киелі кітаптарға сүйенсек бүкіл жер бетін топан су басқаннан кейін, екінші өмірдің басталуы Нұх пайғамбар кемесінде аман қалған барлық жан-жануарлар мен Нұхтың үш ұлы Хам, Сам, Яфстен тараған делінеді. Бұл туралы, жиырма томдық «Әдеби жәдігерлер» кітабының «Пайғамбарлар қисассына» арналған сегізінші томында былай делінеді: «Үлкен ұлы Сам, ортаншысы Хам, үшіншісі Яфес. Бір күні Нұх (ғ.с) жатқанда, жел соқты. Нұхтың етегі ашылып, әуереті көрінеді. Хам оны көріп қалады. Сам Хамның ұятсыздығын бетіне басады. Яфес оны көріп, киімімен жабады. Алла тағала сол жазасы үшін Хамның беліндегі ұрығын қара қылды. Оның ұрпақтары қара (нәсілді) болды. Ұялғаннан әйелі қолына алды. Теңіз жағасында бөлініп, қамыстан үй жасады. Осылайша одан үнділер, хабашилер, негрлер тарады. Алайда араб пен ажам халқы Самнан тарады. Хамды үндістанға жіберді. Самды араб пен ажам аймағына жіберді. Яфесті Түркістан жаққа жіберді. Барша түркілер Яфестен тарады. Осы жолмен түркілер құрметті және сыйлы болды»,- делінеді. Көріп отырғанымыздай адам баласы жаратылғалы бері өзінің ұрпағының ұжданды, намысты болуына қатты назар аударған. Атасының абыройын ойлаған Нұхтың екі үлкен баласы емес, ең кішісі болуының да өзіндік себебі бар. Қазақ өте ерте замандардан бері кенже балаға ерекше мән беріп, оның отбасындағы орнына әрдайым жоғары баға беріп, үлкен үмітпен қарағаны анық. Бұл үрдіс Нұх әлейксаламның кезінен жалғасын тауып келе жатқан үрдіс болуы да мүмкін ғой. Нұх пайғамбардың абыройын ойлап, ата-ана алдындағы парызын жете түсінген ұл, отбасындағы ең кішкене ұлы Яфестің болуы да сол исламдық қана емес, түркілік түсініктің яғни Түріктің Яфес ұрпағы болыуының өзіндік әсері бар деп ойлаймыз.

Енді екінші хикаяға келсек, біз сөз етіп отырған кітапта «Шыншыл Жүсіптың (ғ.с) қиссасы» деген атақты қисса бар. (Бұл Құранның он екінші Меккелік сүресі. Онымен қоса Інжіл және Тәуратта да танымал). Бұл қиссаны қарап отырсаңызда, Жақыптың (ғ.с) он екі ұлының болғаны айтылады. Бірақ Жақып (ғ.с) Жүсiп пен Биняминдi кенжелерiм деп басқа балаларына қарағанда көбiрек еркелететiн. Әсiресе, өте алғыр, зерек боп өсiп келе жатқан Жүсiптiң болашағынан үлкен үмiт күтiп, аса жақсы көредi. Әкесiнiң мейiрiмiне бөленген Жүсiпке басқа бауырлары қызғанышпен қарайды. Ақыр соңында ағалары тарапынан қастандыққа ұшырап құдыққа тасталып, құлдыққа сатылады. Бұл туралы Мұхтар Әуезов: «Жақыптың бәйбішесінен туған он бір ұлы, кіші әйелінен туған жалғыз Жүсіпке, сұлу Жүсіпке зорлық көрсетіп, қорлыққа салады»,- деп жазған болатын. Бұл екеуіде нақты деректермен тәурәт, құран, хадис арқылы бізге жеткен аңыздар еді. Аталған оқиғалардың бәрі дүниені топан су басып, адамдардың екінші өркениетті енді бастаған кездегі әрекеттері болатын. Өткен ғасырдың пайымына сәйкес құран, інжіл, тәураттағы қиссаларды мифке балап әрі солай деп қабылдап келеміз. Енді біздің көтерген тақырыбымызға бұл екі қиссаның не қатысы бар деулеріңіз мүмкін. Бірақ көтерген жүгіміздің ауқымы кең болғасын, тақырыпты ашу мақсатында, сөзді әріден, ең алғашқы кенже бала кездесетін қандай да бір дерекетер бар ма екен, бар болса қай дәуірден, қандай оқиғалардан бастау алады екен деген мақсатта пайғамбарлар заманына зер салуды мақұл көрдік. Енді міне кәрі тарихтың өзі куә болғандай, сонау ықылым заманның өзінде кенже бала бейнесі, кіші ұлдардың өздерінің ағаларына қарағанда ата-анасына жаны ашитын, кез-келген мәселені байыппен шешуге, ақылмен шешуге талпынатыны байқалады. Бұл әсте кездейсоқтық емес екені анық. Құран аяттарына сене отырып, ондағы оқиғаларды шынайы екеніне көз жібертер болсақ, кенже баланың өзін Алла тағала сол заманда-ақ алқап тұрғандай. Тіпті Жүсіптің (ғ.с) әкесі Жақыпты (ғ.с) да екі ұлдың кенжесі-тін делінеді. Жүсіпке байланысты айтылатын түс көру сарыны, негізі, ежелгі дәуірлердегі тағдырға мойынұсынумен (фатализм) байланысты, Көрген түстің орындалуынан қорқып, Жүсіптің абыройы асқақтайтын болды деген қызғанушылықпен ағалары оған зұлымдық жасайды. Бұл жағдайға бір жағынан, Жүсіптің шешесінің бөлектігі де әсер еткен, екіншіден, бір отбасындағы бауырлардың кенже баланы қуғындау – ертегілік сюжет бойынша енгізілген. (Сейіт Қасқабасов «Қазақ әдебиетінің тарихы» 1-том)

Осы жерден бірінші келтірген қиссамыздаға оралсақ. Қиссаны баяндаушылар Яфестен түрік жұртын таратып, Нұхтың кенжен ұлынан біз тараған едік деп және Яфестің Алла тағаланың ризалығына бөленгенін де мақтанышпен айтады. Осы пікірді атақты«Түрік шежіресін» жазған Әбілғазы баһадүр хан мен «Түрік, қырғыз, қазақ хәм хандар шежіресін» жазған Шәкерім Құдайбердіұлы атамыз қостап былай дейді: «Яфестің сегіз баласы бар екен: Түрік, Хазар, Сақлап, Жапон (Орыс), Мең, Шын, Кеймар, Тарих. Йафес өлерінде өз орнына үлкен ұлы Түрікті отырғызып, өзге ұлдарына: «Баршаңыз Түрікті патша біліп, оның сөзінен шықпаңыздар»,- деп өсиет қылды, оған Йафес ұғланы (оғланы) деген лақап қойды. Түріктің төрт ұлы бар еді; Түтік, Хакал, Барсажар, Амлақ. Түрік өзі өлер шағында үлкен ұлы Түтікті өз орнына отырғызып, қайтпас сапарға кетті». Шежірешілердікі құр болжау десеңіздер Махмұт Қашқари «Түрік сөздігінде»: «Түркілер тегіннен жиырма тайпалы. Олардың барлығы Тәңір әзіз көрген Нұх пайғамбардың ұлы Иафас және Иафастың ұлы Түрікке барып тіреледі»,- дейді.

Бұл жерде қиссашы да, шежіреші де бір ақиқатты айтып тұрғаны шындыққа біршама жақын. Тіпті Әбілғазы мен Шәкерімді былай қойғанда Махмұт Қашқаридың өзі – біздің түбімізді кенже баладан, кіші ұлдан Яфестан басатау алып тұр дегенн түсінікке жақын қортынды шығарады. Жаңағы аталарымыз ол қиссадағы кенже балалық артықшылыққа баса мән бермеген шығар, бірақ көне түркілердің кенже балалық дәстүрін, кіші ұл десе өмешегі үзіле қалатыны сонау Яфестің Алладан алғыс алуынан дегенді икемдеп тұрғандай. Осы аталарымыздың айтқанын құптап, расқа санасақ. Түріктің Яфес оғланы аталуы, түріктердің ата-баба дәстүріне адалдығын арттырса керек. Әйтпесе басқа ұлыс пен ұлтта жоқ дәстүрді түркілер не үшін сонша құрметтеп, әспеттеп кеткен. Түріктерден басқа қауымдар да рулық қауымда өмір сүрген, алайда оларда кенже балалық дәстүр де ұғымда жоқ. Сондықтан Яфестан қалған жол ретінде кенже баланы құрметтеуді түркілер сонау заманнан бастап жалғастырыды десек артық айтқандық болмас. Осы тұста біз бетімізді шығысқа әсіре бұрып алып, Нұх пайғамбар туралы және басқа да кітаби қисса-дастандар туралы сөз қозғап, мысал келтіре бастасақ, бұл ұғымдар діни танымнан туған, мазмұны шығыстық дейтін түсінік қалыптасып қалған. Әйтседе С.А.Қасқабасовтың еңбегінде «Топан су» мифі Окенияда, кейіннен ашылған Америка халықтарында да кездесетінін айтады. Ал Азяның дәл ортасында өмір сүрген Түркілер және олардың ата-бабалары ай даладағы Окения мен Америка халқы көрген «Топан суды» көрмеді деу мүмкін бе. Басқасы өтірік болса да, атадан қалған асыл діннің жалғасы ретінде құранда айтылған оқиғаларды қайда қоямыз. Әлемдік «топан су» апатынан кейін Нұх (ғ.с) ның үш ұлынан тараған адамзат баласының арасында біздің де бар екенімізді айтар болсақ, оны жоққа шығаруға бізде әлі күнге дейін тиянақты ғылыми дәлел де жоқ.

Сонымен, зерттеу тақырыбына оралар болсақ, Түркілердің «Тәңірінің қылышы» болмаса «Жазалаушылар» деп аталуының астарында шындық жатыр. Тіпті шет жерліктерді мойындай бермейтін еуропалықтар Цезарь мен Македонскийді емес, ғұн патшасы Аттиланы «Құдайдың қамшысы» деп атауы, оларға ренжіген Тәңірдің түркілерді еуропа халқына арнайы жіберген қосыны деп түсіну әр алуан деректерде жиі кездеседі. Осы туралы Махмұт Қашқари: «Ұлы тәңірі: «Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды «түрік» деп атадым. Оларды күн шығысқа орналастырдым. Өзімнің қосын жасағым болғасын, бір ұлысқа ашуланып, назалансам түріктерді соларға қарсы саламын»,- депті. Бұл ерекше миссияның өзі Алладан алғыс алған кенже ұл Яфестің ата-бабаларына жасаған жақсылығының шарапатынан болар. Бәлкім әкесі Нұх пайғамбардың разылығымен берген батасынан бері текті түркілердің дәрежесін көтеріп, өз заманының еркелері еткен шығар. Бәлкім осы күнге дейін қара шаңырақта отырған қазақтардың кенже бала мен қара шаңырақ дәстүрді берік ұстануы да сол Яфестің опалылығынан қалған үрдіс болар деп ойлаймыз.

Осы жерде тағы да аз-кем дәлелдер келтіре кетсек артық бола қоймас. Шыңғыстың арғы тегі туралы мынадай миф Әбілғазы баһадүр ханның шежіресінде кездеседі. Аланхуаның (Алаң сұлу) ғажайып хикаясы туралы көне миф сюжетінен, Аланхуа күйеуі Дубун мергеннен екі бала туады. Ал күйеуі өлген соң ол таң сәріде түндіктен сәуле болып кіріп, мұнымен қосылғаннан кейін, қайтадан түндіктен шығып кететін, құдіреттің әсерінен тағы үш ұл табады. Үлкенінің аты-Бұғұн, барша қатығын елі соның нәсілінен. Екіншісінің аты-Босқын жалжы, жалжұт елі соның нәсілінен. Үшінішсі-Бұдынжар мұнақ, оны хан көтерді,нұрдан туған үш ұлдың кенжесінен Шыңғыс хан және моңғолдың көп руы тараған дейді. Осы мифтің қазақ арасындағы нұсқасында Алаң қоғаға түнде түндіктен сәуле болып келетін жан таң ата қасқыр болып шығып кетіп отырады және кетерінде «Шыңғыс, Шыңғыс» деп аттанады делінеді.

Шәкерім Құдайбердіұлы шежіресінде тағы мынадай қызықты мифті келтіреді. Радловтың ұйғыр туралы жазған кітабында қытай сөзі ескі заманда Гаошан, яғни ұйғыр жұртының жерінде Гулин тауынан екі өзен ағады; Тохула, Селенге деген. Сол өзен арасындағы бір таудағы ағаштан жарық нұр шыққан соң, ондағы жұрт барып қараса, бір ағаштан шыққан нұр екен. Ол ағаш буаз қатын сықылды томпақ екен. Сол ағаштан бес бала туып, халық оны Құдайдың жібергені деп асырап, өсіріп, аттарын Сұңқартегин, Қотортегин, Төгелтегин, Өртегин, Бұқатегин қойып, кенжесі Бұқатегинді хан қойыпты. Қараңыз, бұлар азды-көпті болсын, қисынды-қисынсыз болсын мифтер. Сол өте көне кездерден қалған мифтерде де кенже ұл хан болып жатады. Тіпті алып Шыңғыстың арғы хан аталары да кенжелерден бастау алатыны жәй сәйкестік емес деп ойлаймыз. Және мифтік түс алған нұрлы бейненің таң ата «Шыңғыс, Шыңғыс» деп қасқыр болып шығып кетуіде Шыңғыс тегінің бөрі текті нұрдан жаралғанын айғақтау үшін әрі ханның тегінде бар ұлылық пен ғажайыптық оның ұлы хандыққа лайықты екеніне ишаралап тұрғандығы еді.

Енді, ескерткішті сөйлетсек. Кезінде бүкіл дүниені дүр сілкіндіре: «Тәңірде, тәңірден жаралған» деп оқыла бастаған Орхон-Енисей жазба ескерткішінде де кенже бала ерлігінің иісі аңқып тұр. Әсіресе Күлтегін батыр ескерткішінің өн-бойы алғашқы хатқа түскен кенже балалық образды айғақтап тұратын жыр үлгісі деуге болады. Құтылық (Елтерiс) қағанның кенже ұлы Күлтегін батыр он жасында ерлік көрсетіп ер есімін алады. Шаңыраққа ие болар кенже ұл Күлтегінге ерлік есімді беруші – отбасының қорғаушысы, сыртқы тылсым күш иесі Ұмай ана. Ұлы ерліктерімен көзге түсе бастаған Күлтегін жасының кішілігіне қарамастан Қапаған қағанмен бірлесе соғыс салады. Өмірін соғыс майдандарында шыңдаған батыр Қапаған қаған қайтыс болғанда, билікті өзі алмай, кішілік қылып хандық таққа ағасы Білге қағанды отырғызады. Екеуінің арасындағы ағалы-інілі қарым-қатынастарының, сыйластықтарының өзі алғаш жыр оқыған адамды бейжай қалдырмайды. Мәрттік ете білген кіші ұл Күлтегіннің ерлігі бұл ғана емес, ендігі қалған өмірін, бүкіл түркі жұртының бақытына айырбастап жорыққа аттанды. Ол туралы ескерткіш:

Түркі халқы үшін

Түн ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым,

Аш халықты тойдырдым,

Кедей халықты бай қылдым.

Аз халықты көп қылдым, - дейді.

Бүкіл болмыс бітімімен түркілердің мақтанышына айналған Күлтегін сыртықы жаулардың шбуылынан елін қорғап, ерлік істері туралы өшпестей қаhармандық дастан жаза бастайды. Бұл арада кіші ұл образы жоғардағы екі қиссадан мүлде басқаша қырынан көрінеді. Бейне көне ертегідегі кенже батыр сияқты ағасын қорғап, оған хандық тақты тарту етеді. Бейне ертегінің тұпнұсқа сюжетіндей, жастығына қарамай ерлік істейді, ержете келе ағасына барлық жағдайды жасайды. Ислам діні келместен бұрынғы ертегілерде де кенже баланың дұшпандары көбінде сырттан келетінін ескерсек, Күлтегін жырында да тізе қоса отырып, сыртқы жаулармен шайқас жасаған ағайындылардың татулығының куәсі боламыз. Осындай түркілік адалдық, мәрттіктен көне түркілер фольклорында кенже балалық образ ақрындап-ақырындап қалыптаса, көркемделе, әсірелене бергені көрініп тұрады. Себебі Күлтегін өмірден өткенде халықтың қатты қайғырғаны, қарайған халықтың риасыз алғысына бөленген батыр бейнесінің бірден өше қоймағаны анық. Мысалы, осы күнге дейін қазақтың ақындары Абылай ханға жыр, толғау, дастан арнауды тоқтатып көрді ме, жоқ, тоқтатқан жоқ. Күлтегін арғы заманның Абылайы болса, ендеше ол баһдүрге арналған жыр, ертегілердің онан кейін де тумай қоюы мүмкін емес. Тіпті Білгі қағанның да Күлтегінді жоғары көтере әспеттейтіні де оның көзсіз ер болғандығын айғағтаса керек.

Жыр соңында Күлтегін батыр қайтыс болғанда бүкіл түркі халқы қатты қайғырып, аза тұтқаны, оны жоқтағаны жазылады. Жерлеу салтанатына әлемнің төрт бұрышынан көптеген атақты адамдар – елшілер, батырлар, бектер т.б. келеді. Тіпті кейбір деректерде Таң патшасының көңіл айтып, тас қашайтын шебер ұйғырларды жібергені айтылады. Күлтегін ескерткіші көшпенділерде жазу-сызыу жоқ деген қасаң қағйданы талқандаған ескерткіш. Тірісінде түркілердің даңқын қалай көтеріп, дұшпандарын қалай талқандаса, өзі жоқ бұл күнде де бүкіл түркінің бет-беделі мен рухын көтерген ескерткіш болды. Бір бұлар емес, «Қорқыт ата кітабінда» кенже бала бейнесі бой көрсетеді. Он екі жырдан тұратын кітаптың оныншы жыры «Оғыз Ұшан баласы Секрек туралы жыр» делінеді. Жыр әуелі Ұшан оғыз дейтін батырдың Екрек деген үлкен ұлының хикаясымен басталады. Хан сарайына емін еркін кіретін батыр бір күні Теріс Ұзамыш деген жігіттің күндестік қылған сөзіне шыдамай, ханнан рұхсат алып жауға аттанады. Үш жүз жігітін ерткен Екрек көп жерлерді алады. Бірақ Алынджа қамалын алған олар шарап ішіп жеңістерін тойлап бейқамдыққа салынады. Осы орайды пайдаланған кәуірлер оларды қырғынға ұшыратып, Екректі тұтқындап, абақтыға жабады. Ұшан елі мұны естіп қатты қайғырады. Дер кезінде оны құтқаратын адам шықпайды. Содан жылдар өтіп Ұшанның кіші ұлы бар еді, олда ержетеді дейді. Бірде ойнап жүрген балаларға тіл тигізгенде, ол балалар мықты болсаң, тұтқында жатқан ағаңды құтқарып алсаңшы дейді. Қорқыт ата жыры болсын басқа да халқымыздың классикалық жырларында осы тектес сюжеттер жиы ұшырасады. Мысалы әкесінің болмаса баласының тұтқында болуы деген сияқты көшіпелі сюжеттер. Осы жырдың дәл осы тұсы Ер Төстіктің ағаларын іздер алдындағы оқиғамен сарындас. Яғни Төстік батырдың жұртта жоғалған тоғыз ағасын іздеп шығу хикаясы.

Содан бізідің кенже батырымыз әкесі мен шешесінің қарсылығына қарамай, үйленген жарынада қарамай, ханнан рұхсат алып ағасын құтқармаққа аттанып кете барады. Әрине бізідің кенже баламыз ағасынан да алып, ағасынан да батыр болады. Ағасы жатқан қамалға жақындағанда кәуірлердің жылқышысын өлтіріп, жылқыларды қуып жібереді де шылбырын беліне байлап, батырымыз ұйқыға басады. Ел шетіне тиген жалғыз баланың хабарын естіген кәуірдің патшасы 60 адамын жібереді. Жауды сезеген тұлпар батырды оятады, ол қамалаған жауды жан-жаққа қуып, қайта ұйқыға басады. Келесі де жаудың 100 адамы келеді. Оларды тағыда қырып қуып тастайды. Енді жаудың патшасы 300 адамды жіберсе баруға батпай, абақты да жатқан ағасы Екректі басына бостандық береміз деп алдап, бауырына қарсы салады. Өле алмай жүрген кім екен деп Екрек барса, бір жап-жас жігіт ұйықтап жатыр дейді. Белбеуіне таққан қобызды алып Еркек зарын айта бастапты. Қасиетті Қорқыт атаның қобызы арқылы ағайынды екі жігіт танысып, білісіп кәуір жұртын талқандап еліне қайтып мұратына жетіпті дейді.

Не керек, басқа емес «Қорқыт ата кіткбының» ішінде біз сөз етіп отырған кенже ұл осылай ерлік жасайды. Ауызша жеткен халқымыздың басқа жыр, дастан, ертегілерінен «Қорқыт ата кітабы» өзгешелігі, ертеден жинақ болып келе жатуы еді. Осы ежелгі жинақта кенже бала аттай қалап бір жырды иеленгені, кенже ұғымына жай қарамағанымыздың тағы бір айғақтаса керек. Бұл нағыз түркілік жыр үлгісі. Бар тірілігін қайырып қойып, ағасы жолында жанын пида етуге дайын болды. Арабтан, парсыдан келген сюжерттер сияқты бықысып, бір-біріне пенделік қылып жатпайды. Мәрттік, өрлік, батырлық бойында қалай жүрсе, өмірінде де солай жүреді. Осы тектес аңыз-ертегілер ата-бабамыздың арманынан бұрын, өмірінің өзінінен туған. Жоғары да келтірген Махмұт Қашқаридың сөзін келтірсек түркілерді Тәңірінің өзі артық қалап жаратты деген пайымның ақиқаттан алыс емес екенін аңғарамыз. Содан келгенде ертегідегі біздің төл тумалы аңыз, қисса, дастандырымыз көзсіз ерлік пен мәрттікке құрылып жатады. Бұл түркілердің табиғаты, Алланың бізге силалаған сиы. Осы ерекше жаратылым біздің жырлар да, ертегілер де тіпті тасқа қашалған құлпытастарымызға дейін бой көрсетіп жатты. Сол үшін де кенже бала түркілік танымды кенже батыр, кенже қаһарман болып әспеттеліп, ел құтқарушысы ретінде мадақталып отырады.

Түркі халықтарының фольклорында кенже бала ұғымы оның басқа балалардан ерекше болуымен, ата-анаға өзге балаларға қарағанда мәртебесі биік болуымен және қара шаңырақтың иесі ретіндегі рөлімен ерекшеленеді. Сондықтан да ең ескі деген жыр-аңыздардың өзінде кенже бала бейнесі әрдайым жағымды сипатта бейнеленіп келген. Оған «Ер Төстік», «Дотан батыр» және кейбір аңыз-әпсанадағы кенже балаларды мысалға келтіре береміз. Жалпы адамзаттық ұғымда, әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы тәрбиенің қозғаушысы. Мемлекеттің негізі отбасылық құрылым екені баршаға белгілі. Қазақтың көне мифтері мен жыр аңыздарын, ертегілерін оқи отырып отбасылық дәстүрдің ата-бабаларымызда ертеден қалыптасқанына куә боламыз. Соның ішінде түркі халықтарының туыстық қатынастарға жете көңіл бөліп, жақын ағайындас адамдардың қыз алып, қыз берісуіне қатаң тиым салғанын да байқауға болады. Мұның бәрі де ағайын арасының ажырамауын, алыстамауын, тектілік дәстүрді сақтаудан туындағанын бүгінгі ғылым дәлелдеп отыр. Отбасындағы ата мен анадан бастап, олардан тараған ұрпақтардың арасындағы туыстық байланыстармен қатар олардың арасындағы сыйластық дәстүрлердің де аталған жүйе бойынша ғасырлар бойы дамып, жетіліп отырғаны еді. Қазақтың белгілі ғалымы Ақселеу Сейдімбеков өзінің «Қазақтың ауызша тарихы» деп аталатын көлемді еңбегінде «Бір шындықтың басы ашық, кез-келген адам қоғамның іргетасы ер мен әйелдің жұптасуы арқылы ғана қалана бастайды. Бұл үрдісті әрбір жаңа буын ұрпақтың үздіксіз жалғастырып отыруы адам қоғамының ғұмырын одан әрі ұзартуға кепіл болмақ»,- дей келіп: «Туысқандық жүйе мен туысқандық терминдер жүйесін зерттейтін ғылым саласы «иденетика» деп аталып жүр. Ғылыми бағыт ретінде, иденетика - туысқандық феноменіне қатысты лингвистикалық және этнологиялық саралаулардың синтезі. Егер, генетика адамның (биологиялық жаралым ретінде) ұрпақ өрбіту үдерісін зерттесе, иденетика адамдық «меннің» даралану немесе қалыптасу үдерісін зерттейді»,- дейді. Яки біздің тақырыбымыз түркі халықтары әдебиетіндегі кенже бала бейнесі болғандықтан бірінші дәстүрлі түркілік ортадағы кенже баланың орны мен оған жүктелген қызметке де арнайы тоқтала кеткен жөн деп санаймыз.

Сонымен, адамдар арасында туыстық қатынастарға байланысты айтылатын «кенже» деген атаудың өзі соңғы, ең кіші, ақырғы деген ұғымдарға сәйкес келеді. Осы пікірімізді дәйектендіре түсіу үшін тағыда этнограф Биқұмар Кәмәлашұлын сөйлетсек:«Балаларды өмірге келуіне байланысты «тұңғыш бала», бұл бала өте қадірлі болады. Оны «тұла бойым тұңғышым» деп еркелетеді, еркіндік береді. Әкесі серік етеді. Бұдан кейін туған балаларды «ортаншы балалар» деп көреді. Ең соңғы баланы кенже деп атайды. Көне Ғұн, Түрік дәуірінде кенжені «отшы» яғни от, ошаққа ие болар деп ұрпақ деп есептеген. Бұл дәстүр бүгінге жеткен. Қазақта кенже балалары «шаңырақ иесі» деп, басқа балаларына «отау көтеріп» беріп енші бөліп, жеке түтін етіп бөлек шығарса, кенже балалар ата-анасы үйінің оң жағында үйленіп, кейін осы атадан балаға жалғасқан шаңырақ иесі болып, үлкен үйге ие болады. Бұл үйді басқалары «үлкен үй» деп қастерлеп, ол үйге қандайда бір нәрседен «сыбаға» беріп тұрады. Той, тілеу, ақ сарбастар да осы үлкен үйде істеліп, сойылады. Алыстан келген туыстар ең алдыман осы үлкен үйге, кенже отырған қара шаңыраққа келіп «сәлем беретін» салт болған. Қазақта баланың бәрі бала болғанымен өз-өз орны бар» деген пікір келтірген.

Анығында ешқандай дәлеледеуді қажет етпейтін түркілердің кенже бала түсінігі ғасырлар желісіне аман-есен осы күнге жеткен. Қазақтың ежелгі қағидасындағы «Үлкен ұл тақ мұрагері, кенже бала қарашаңырақ иесі» деген үрдісті сақтап келе жатқанына қаншама заман. Ресей отаршылдары келместен бұрынғы отбасы құндылықтарында бұлжымай атқарылатын ырымдар мен тиымдар қаншама көп болды. Әрі оны со замандағы адамдар аса жоғары дәрежеде ұстанып келді. Ішінде біздің кенже баламызда шаңырақтың шайқалмауы үшін өзінің үнсіз келісімін жасап отырды. Одан ешкім сен қара шаңырақта отырасың ба жоқ па деп сұрап та қоймайтыны белгілі. Мақтанышпен еске алып, қара шаңырақты қанша құрметтеп көтермелесек те, шаңырақ иесі, ендігі ауылдың ат байлар болу жауапкершілігі кенжеге бұрынғы еркелігін тастап, ата шаңырақтың бет-беделіне лайықты болу үшін ширауға тура келетіні және ағайын-туғанға жәйлі, ортасының ұйытқысы болып отыру үшін кенже баладан сөзсіз асқан сабырлық пен парасаттылықты талап ететіні даусыз.

Мұхтар Мағауинның «Шыңғысхан» романыныда сонау Шыңғыс заманындаға түркілердің кеже бала туралы ұстанымдарынан шежіреші, ғалымдардан мысал келтірекетіпті. Әке-шешенің үй-жайы (яғни қара-шаңырақ, – М.М.) қашанда кенже ұлға тиесілі, дейді Рубрук. Моғұл-түріктердің рәсім-салты бойынша, әкесі көзі тірісінде үлкен ұлдарын үй-жай, мал-мүлік енші беріп, бөліп шығарады. Қалғанының бәрі кенже ұлға тиесілі, дейді Рәшид-әд-Дин. Бұл кенже ұл, көбіне өзінің тума есімі көлеңкеде қалып, Отшыген, немесе Отшы, Отегін атанатын болған (Рәшид-әд-Дин, Жувәйни, т.б.). Отшыген деген ныспы – түрікше «от» және «тегін», яғни әмір (ханзада, – М.М.) деген сөздерден құралған, от иесі, ошақ иесі, әулеттің, шаңырақтың ұйтқысы деген мағнаны айғақтайды, деп нақтылап, таратып жазады Рәшид-әд-Дин.

Қият руының шығу тегі – Бөрі нәсілі және Ергене-қоң оқиғасы – ежелгі түрік әпсанасының бір тармағы болып табылады. Шыңғыс хан ұстанған тәңірі діні – түрік тайпаларының бағзы, дәстүрлі діні. Арғы замандағы моңғол текті жабайы шивэйлердің, бергі тарихтағы таңбасы мол қидандардың тәңірі дінін тұтынғаны жөнінде ешқандай куәлік жоқ. Бөрі нәсілінен жаралған, Көк тәңіріне табынған Шыңғыс ханның ата-бабаларының бәрінің де есімдері ескілікті, таза түрік негізді. Шыңғыс ханның әулеті «Алтын ұрық» атанады. Бөгде жұрт – «жад», яғни «жат». Ағайындас туыстар қашанда нақты түрікше, «аға-іні» («ака ва ини» – Рәшид-әд-Дин, Жувәйни) деп белгіленсе, отбасындағы кенже ұлдың өзгеше талайы бар – жалпы түрік қауымы, оның ішінде кешегі hәм бүгінгі қазақ рәсімінде қалыптасқандай, қара шаңырақ иесі, яғни негізгі мұрагер.

«Отшыген» атауының этимологиясына қатысты орнықты пікір бар. Шығыс пен Батыс зерттеушілері ғана емес, бүгінгі моңғол оқымыстылары да бір ауыздан мақұлдаған. Түрікше «от» және «тегін» дейтін екі сөзден құралған, кәдімгі, жанатын от hәм тегін – ханзада; орыс ғалымдары өз тілдерінде «принц огня» деп айғақтайды, яғни от (ошақ) иесі патшазада. Құдіретті Шыңғыс ханның өзінің әулетінде осылай екен. Моңғол тілінде «мұрагер ханзада» мағынасындағы «тегін» дейтін сөз жоқ, ал от – «гал». Сонда, моңғол Шыңғыс ханның арғы аталары, бергі жұрағаты кенже ұлдың мәртебесін айғақтайтын атауды неге түрік тілінен алған? Бұл жағына ешкім бас ауыртпайды.

Осы, «отшыген» атауы әсіресе қазақтар арсында сақталмаған. Осыған орай ислам діні келместен бұрынғы көне дәуірлік наным-сенімде көк түрікткердің күнге, жерге, суға, отқа табынғанын ескерсек, қазақтардың қазіргі «қара шаңырақ» деп жүрген атауымыз ертеректе басқаша аталған болу керек. Осы жерде «шаңырақ» пен «кенжеге» байланысты фольклорға әсер ететіндей «кенже» бала бейнесінің өмірідегі орныныа алғашқы долбарымызды жасап көрсек. Сонымен, кенже деген атауды Мұхтар Мағауин мен Биқұмар Кәмәлашұлы айытқандай «отшыген» деп атағанын айтады. Оны десеңіз: «Бұл кенже ұл, көбіне өзінің тума есімі көлеңкеде қалып, Отшыген, немесе Отшы, Отегін атанатын болған (Рәшид-әд-Дин, Жувәйни, т.б.)»,- дегеніне қарағанда «отшы» деген лақап ат туғанында қойылған кісі есімін ұмыттыратындай дәрежеде болса, кенже баланың сол замандағы орны мен салмағын парықтап көріңіз. Осы от деген сөзден шығады, күні кешеге дейін көшіп-қонып жүрген уақытта, отпен аластау деген дәстүр болған жоқ па еді салтымызда. Тарқатып айтсақ, көктем шыға малшылар төлдеуліктен көктеулікке көшер алдында, малдарын ауру-сырқау, дерт-дербезден сақтау үшін, мал өтетін жолдың екі жағына үлкен қылып от жағып, содан аша тұяқтыны түгел өткізетін салт болған. Бұл жердегі наным от аластаушы, тазартушы, ауруды қуушы деп білген. Және жас келін алғаш есік аттап, босаға көргенде енесі отқа май құйып, содан шыққан жалынға алақанын төсеп, келіннің бетін сипайтын салт болған. Оны десең осы күнге дейін «от басы, ошақ қасы» деген тіркестер, «отан – отбасынан басталады» деген Бауыржан атмыздың сөзі. Оны десең «отан» сөзінің түбірі от екенін, «отаудың» да түбірі от екенін ескерсек. Үйдің иесі, отбасының үйытқысы ерді «от ағасы», ал отбасының көркі әйелді «от анасы» дейтініміз де тегіннен-тегін болмаса керек. Осының бәрі ежелгі ата-бабаларымыздың отты қасиет санаудан, оның барлық пәле-қазадан сақтаушы күші бар деп сенуден шыққан нанымдардың жұрнағы емес пе. Бұлар бертінгі өзіміз білетін салт-дәстүрлер. Ал ертеректе отқа байланысты тағы қандай наным-сенімдердің болғаны, қаншамасының өшіп кеткені белгісіз. Өйткені «отшыген» деп Шыңғыс заманының өзінде кенжелерді атауына қарағанда, қалайда оттың қолданатын басқада функсиялары көп болған тәрізді. Бір жағынан осы жерден «отшыген» аталуы да кенженің «отты» өшірмей сақтап тұрушы, оны жалғастырушы деген ұғым өздігінен туады. (Қазақтың «отың өшкір!» деп қарғап жататыны да сол оттың, отбасының амандығы мен жамандығына қарата айтып жататын бар). Тіпті, үйдің кенжесін ата-анасынан қалған мал-мүліктің көбін иеленгенімен қоймай, ежелден келе жатқан қасиетті оттың иесі, соған қожалық етуші деп қабылдағандықтан түркілер отшыны аса жоғары көтеріп, мән-мағынасын арттырып жібергенге ұқсайды. Бұл жерде түркілер отқа табынды, сол себепті от орнын сақтаушы балаға ерекше құрметпен қарады деген түсінік болмау керек. Былайша айытқанда, біз қазір «қара шаңырақта» отырған бауырларымызға үлкен үйді сақтаушы, қара шаңырақты жалғастырушы, ағайын туғанның ұйытқысы деп қарайтынымыз сияқты. Сол заманда да ата-бабаларымыз «отшыгенге» от емес соның баламасы болған ұрпақ сабақтастығын сақтаушы, ата-ананың қормалы деп қарағаны анық. Әйтпесе о, от таңірі, бізді қолдай көр! деген бірде-бір мәтін болмаса сөзді деректерден кездестірер едік.

(Жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар