Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Бас-Алқа» әдеби клубы жазушы Асқар Алтаймен кезде...

12.05.2017 8199

«Бас-Алқа» әдеби клубы жазушы Асқар Алтаймен кездесу өткізді

«Бас-Алқа» әдеби клубы жазушы Асқар Алтаймен кездесу өткізді - adebiportal.kz

«Әдебиет порталы» жанында құрылған «Бас-Алқа» әдеби клубының кезекті отырысы «Бүгінгі қазақ прозасы. Жазушы Асқар Алтаймен кездесу» тақырыбында өтті. Танымал қаламгерлер Қажығали Мұханбетқалиұлы, Толымбек Әбдірайым, әдебиеттанушы ғалымдар Амангелді Кеңшілікұлы, Имамғазы Нұрахмет және Асқар Алтай шығармашылығын ерекше бағалайтын әдебиетсүйер қауым жиналған отырыс қызу пікірталасқа толы болғанын атап өткен жөн.

Негізгі мақсаты бүгінгі прозаның аяқ алысы мен Асқар Алтайдың шығармашылығын талдау болған отырыста қазақ және әлем әдебиетіндегі тың үдерістермен қатар, өнер, ғылым, діни танымға қатысты қызу пікірталас жүрілді. Ақтарыла ойлар айтылды. Әдебиеттегі әртүрлі тақырыптарға қатысты талқылау болды.

Әдебиеттанушы ғалым Имамғазы Нұрахметұлы Асқар Алтайдың әңгімелерін жеріне жеткізіп талдады. Өзектілігі мен өткірлігін алға тартты. Асқар Алтай шығармаларының шынайылығы, үлкен теориялық дайындық пен мазмұнға бай ғұмырлық тәжірибе арқылы жазылған прозасындағы тақырыптардың өзі оқырманды тартып тұратындығын айтып, дәлелдеп беруі ұтымды болды.

Сыншы Амангелді Кеңшілікұлы Асқар Алтай прозасының көркемдік деңгейіне, бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын жақсы игергендігіне тоқтала отырып, кей тұста көпсөзділікке, артық детальдар қосуға жол беріліп қоятынын айта келе, авторға кейбір шығармаларды қайта жазып шығуға ұсыныс білдірді.

Қаламгер Толымбек Әбдірайым жазушы шығармашылығын жан-жақты талдай келе, ондағы діни танымға қатысты авторлық позиция айқын да сауатты екендігіне тоқтала отырып, кейбір классик ағаларымыздың ислам дініне қарама-қайшы келетін ой-пікірлерін тіпті шығарманың басындағы цитата ретінде еш именбестен алып, ұсынатынына қайран қалатынын айтып өтті.

Әдебиеттегі авторлық діни танымға қатысты пікірталас осы жерден басталды. Портал жетекшісі Бауыржан Қарағызұлы пікірталастың мазмұны жалпы проза екендігін айта отырып, тараптарды негізгі тақырыпқа бағыттады. Жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы «Әдебиеттегі дискуссия осылай болу керек. Біреудің шығармасын жақсы не жаман деп айта салғаннан ештеңе өнбейді. Бұндай талас-тартыстан біз авторлық позицияны анықтаймыз», - деген пікірімен, еркін дискуссияның қажеттігін баса көрсетті.

Өзінің шығармашылығы туралы толымды талдаулармен қатар, көсілте мақтаулар мен семсерлі сындарды сабырмен тыңдаған жазушы Асқар Алтай жиынның шығармашылық лабораториясы жайлы сұрақтарға жауап беріп, ағыл-тегіл сыр ақтарды.

Пікірталас емен-жарқы ойталқыға ұласқан, жарасымды арнаға бұрылды.

Бауыржан Қарағызұлы:

«Бас-Алқа» әдеби клубының кезекті отырысын жазушы Асқар Алтайдың шығармашылығына арнап өткізудің бірнеше себебі бар. Біздің кейбір қаламгерлер орынды-орынсыз өздерін жарнамалауға құштар болып тұрады. Асқар Алтай – солардың қатарынан емес. Өзіндік орнын, қаламгерлік қарымын таныта алған жазушы оқшау, саяқтау жүретіні, қазіргі қазақ прозасы дегенде ойға алдымен оралатындарының бірі де Асқар Алтайдың шығармашылығы екені де рас. Бұл отырыста бүгінгі қазақ прозасының бет алысы қалай, жастар не жазып жүр деген бағытта әңгіме өрбітсек деген ниетіміз бар.

Имамғазы Нұрахметұлы:

Асқар Алтайдың шығармалары төңірегінде кеңінен әңгіме қозғауға болады. Біріншіден, жазушының ерекшелігі тақырып таңдауынан көрініп тұрады. Әдебиеттің басты обьектісі адам тағдыры ғой. Бірақ сол өмірдің қандай сәтін бейнелеу, қандай сезімді суреттеу, яки оны қалай суреттеу, бұл – жазушының еркіндегі дүние. Образ жасау дегеннің өзі тікелей талантқа байланысты. Осы жағынан келгенде Асқар Алтай біздің қазақи өмірдегі көп жазушылар байқамайтын ескерусіз нәрселерді жиі жазады.

Және ең бір ұсақ, көрінбей қалатын детальдарды әңгімеде шебер ойнатып жібереді. Жазушының бірнеше түрі бар деп ойлаймын. Бір жазушылар болады, өмірдегі қызық оқиғаларды, күрделі сюжеттерді жинап жүреді. Соны әңгімеге айналдырады. Асқар кез-келген ойды әңгімеге айналдырып жібереді. Көзге көрініп тұрған оқиғаны әңгімеге айналдырып жіберу, қазіргі әдебиеттің басты парызы болудан қалды ғой деп ойлаймын. Бір кездері ол қажеттілік болған. Бірақ, қазақ әдебиетінің қазіргі деңгейі ол кезден өтіп кетті. Осы тұрғыдан келгенде Асқар өз заманындағы әдебиеттің алдыңғы шебінде бара жатқан жазушы.

Екіншіден, жазушы әңгімелерінің айтайын деген ойында бір ерекшелік бар. Жазушыда бір ойды тақ еткізіп айта салатын жалаңдық жоқ. Қай әңгімесін алып қарасаңызда, кейде бірбіріне қарама-қайшы келетін бірнеше ойды қатар беріп отырады. Сол ойлардың тігісін жатқызып, жымын білдірмей оқырманға ұсынып отырады. Асқар Алтайдың әңгімелерін оқып болғаннан кейін, әңгіменің оқиғасын қызықтай алмай қаласыз. Себебі, жазушының шығармашылығында үзілмей тұратын оқиға аз, кез-келген сюжетті қажет жерінен бөліп алып, суреттеп отырады. Бір беттің аяғындағы сөйлемді оқымай, келесі бетке көшсеңіз жаңағы сезімнен, ойдан адасып қаласыз. Кейбір романдардың 30 бетін алып тастасаңыз да ештеңеден жаңылмайсыз. Ол әсіресе XX ғасырдың басындағы ортақол жазушылардан көп кездеседі. Асқарда ондай бос орын жоқ. Оқиға мен ой жиі-жиі ауысып отырады. Бұл шебер жазушыларға ортақ қасиет.

Асекеңде ойын пісіріп, тақырыбын әбден зерттеп жазатын ерекшелік бар. Тақырыптың өзін тосын қояды, кісіні тартып тұрады. Мысалы, «Киллер сауысқан», «Казино», «Альпинист», «Туажат» деген тақырыптар тың деп ойламын. Әдебиеттің бір ерекшелігі осы. Габриель Гарсиа Маркестің әңгімелерін оқысаңыз, ең алдымен сізге тақырыбы қызық болуы мүмкін. Бір әңгімесі«Дүниедегі ең сұлу суға кеткен адам» аталады. Жалпы, Асқар Алтайдың әңгімелерінде кейіпкердің тағдыры арқылы адам рухының жанды тұлғасын жасау бірінші орында тұрады.

Амангелді Кеңшілікұлы:

Әдебиеттің құдыреттілігі де, құндылығы да сонда, әркім өзі одан бір нәрселерді көреді. Жазушы сол әңгімені жазып отырған кезде мүлде басқа дүниелерді ойлауы мүмкін. Сондықтан, шығармаға байланысты әртүрлі пікірлердің болуы, шығарманың өз деңгейінде жарыққа шыққанын көрсетеді. Жалпы, мен Асқар Алтайдың бүгінгі заманның тақырыбына арналған барлық шығармаларымен таныспын.

Қазіргі қазақ прозасына байланысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Шындығында поэзиямен салыстырғанда, проза күрделі жанр. Поэзияда ақын өзінің көңіл күйін бір сәтте шабытпен жазып тастайтын болса, прозада бір әңгімені жазу үшін де жазушы ұзақ жылдар бойы ойланып жүруі мүмкін. Оны қағазға түсіру – өз алдына күрделі мәселе. Міне, осындай жағдайда прозаиктердің кешегі заманмен салыстырғанда аз жазып кеткені жасырын емес. XX ғасырдың аяқталғанына да жиырма жылдай уақыт болды. Осы аралықта қазақ әдебиетіне «кім не берді?» деген сұрақты анықтайтын уақыт жеткен сияқты.

Біз қанша кеңес заманын жамандағанымызбен, ол заманда көркем шығарманың бәрі бірдей мақталмайтын. Бір жағынан сол үлкен сындардың әсерінен әдебиет сапалы болды. Мысалы, Ғабит Мүсірепов 1985 жылдары әдеби баяндама жасап, үлкен классик жазушылардың шаңын сілкіп алған болатын. Қазір бізде прозаға деген талап та азайды, шығармалардың сапасы да төмендеп бара жатыр. Бұл енді Асқар Алтайға қатысты әңгіме емес. Соңғы жылдары көрінгеннің жазбасын баспасөз бетінде «прозалық шығарма» деп бере беретін болды. Арзан беллетристика! Көз көрген нәрсені «проза» деп жаза салу қалыпты үдеріске айналды. Шын мағынасында прозаның өзіне қойылатын биік талабы бар ғой! Әлеуметтік астар жататын дүниелерді проза деп атауға болады.

Енді кешегі заманғы проза мен бүгінгі заманғы прозаға келетін болсақ, қазіргі жаңа деп аталынып жүрген дүниелердің барлығы шындығына келгенде кешегі күннің жаңғырығы болып қалады. Оралхан Бөкейдің, Сайын Мұратбековтің, Дулат Исабековтің, Қажығали ағамыздың шығармаларынан астарлап болса да үлкен ізденістерді, экзистенциализм, модернизм сияқты бағыттарды көруге болады. Бірақ, мәселе басқада. Қазіргі проза оқыла ма? Осыған келген кезде біз бір нәрсені ескермей жүрміз.

Кеңес дәуірінде жақсы шығармалар жазылды, бірақ сол жүйенің көптеген проблемалары өзімен бірге келмеске кетті. Уақыт ол мәселелерді күн тәртібінен алып тастады. Сол уақыттағы кейбір проблема болған дүниелер, қазір маңызды емес. Менің байқағаным – Асқар Алтайдың, Нұрғали Ораздың, кейінгі буыннан Нұрлан Қабдайдың ізденістері жаман емес. Шын мәнінде ол ізденістер әлі өзінің жемісін бере қойған жоқ. Сол ізденіс күйінде қалып қойған сияқты болып көрінеді. Бізде бұрын прозалық шығармаларды оқып, талқылап, кітапқа кетпес бұрын қайтадан жаздыртатын жақсы дәстүр бар еді. Кез-келген шығарма шығармашылық лабораториясынан қалай жазылды, сол күйінде көпшілікке тарап жатыр.

Асқар Алтайдың шығармашылығымен мен бұрыннан жақсы таныспын. Сәтті жазылған дүниелері жоқ емес. Әдебиетке адал қызмет етіп жүрген тұлғалардың бірі ретінде бағалаймын. Бізге осы «Бас-Алқа» клубында жақсы шығармаларды сұрыптап, оқырманның талғамын қалыптастыратын дүниелерді порталға жариялау керек.

Толымбек Әбдірайым:

Асқар Алтайдың шығармасын мен бір кісідей оқыдым. Жалпы, жазушы қауым өз шығармасында мәселені көтереді, бірақ оны шешіп бермейді. Әдебиеттің негізгі обьектісі – адам және оның жан дүниесі. Мен жаңалық ашып отырған жоқпын. Мысалы, Асқардың бүгінгі проза талабына лайық шығармасы «Көзімнің қарасын» алайық. Бұндағы негізгі идея – қазақтың намысы. Басқа ұлттың өкіліне кетіп бара жатқан қызды өлімге қию арқылы, автор қоғамдық кеселге қарсылық көрсетеді.

Асқар өзінің тақырыбын жақсы білетін жазушы. «Салбурын» дейтін әңгімесі бүгінгі ысырапшыл, тойшыл, мақтаншыл қауымның кескін-келбетін суреттейді. Әңгіменің финалында сондай бір байшыкеш атылып, өмірдің артында өлім бар екенін еске салады.

«Альпинист» деген әңгімесі жақсы жазылған. Адамды биік рухқа тәрбиелейді. Жазушының отыздан аса әңгімесі бар, солардан менің байқағаным, бұның бәрінде жаншылған, қорғансыз қалған қазақтың рухы бар.

Асқар әдебиетке «Қызыл бөлтірік» деген әңгімесімен келді. Кейбір қаламгерлерде алғашында еліктеу, солықтау деген болады. Ол ондай сатыдан өткен жоқ. Әдебиетке бірден өз ізімен, қолтаңбасымен келді. Асқар Алтайдың табиғаты сияқты ерекшеленіп, оқшауланып тұрған қаламгер. Ол өзі көрген ортаны, аң-құстың, жылқының табиғатын әдемі суреттеу арқылы небір жұмбақ дүниелердің кілтін тапты. Асқар қазақтың тұшымды тіліне жөргегінен жарыған жазушы. Жазушыға алдымен өмірбаян керек. Отырып алып, кітаби жазушы болғаннан көп нәрсе ұтпайсың.

Кейінгі кезде көп әңгімеге мұрындық болып жүрген «Сират» романы керемет жазылған. Оны бір оқығанды түсіне алмайсыз. Мен бірнеше рет оқыдым. Асқар Алтай бұдан кейін ештеңе жазбаса да қазақ әдебиетінде қалатын жазушы. Жұрт біле бермейді, ол алғашында Мұхтар Мағауиннің көзіне ілініп, батасын алған.

Модератор: Асқар Алтай бүгінгі заманның шындығын, кескін-келбетін көп жазатын жазушы деп баға бердік. Бірақ, ертең кейбір құндылықтардың орны ауысып, өзектілігі жойылуы мүмкін ғой. Қалай ойлайсыздар?

Имамғазы Нұрахмет: Қоғамның бүгінгі шындығы ертең өзгеріп кетпей ме? - деген сұрағың өте дұрыс. Ертең барлығы өзгеріп кетеді. Бірақ, оны публицистика деп ойлауға болмайды. Чеховтың «Құндақтаулы адамы» немесе «Хамелеоны» сол заманның ашық шындығы. Ол шындық бүгін бір елде бар, бірақ басқа елде жоқ.Орыстың өз қоғамында жоқ болуы мүмкін, есесіне бізде бар. Бұндай әңгімелердің құны сонда, әңгіменің өзектілігі өзі өрбіген топырақтан өліп қалғанымен, өзге кеңістікті игеріп, бағындырып алады. Әдебиетте мәңгілік тақырып деген болмайды. «Мәңгілік тақырыпбар» деген сөздің өзі қате. Қандай тақырыпты мәңгілік қылып жазу, ол жазушының шеберлігіне байланысты. Қажет болса, мәңгілік тақырып біреу-ақ, ол адам баласындағы махаббат.

Асқардың «Киллер сауысқан» деген әңгімесі өте күрделі. Бұл шығармада қазіргі қоғамда өзінің шамасын білмейтін, басқалардың аяғынан шалатын, өзінің мүддесі үшін тәсіл талғамайтын озбыр тіршілік туралы кеңінен жазылған. Екінші бір жағынан, осы озбырлыққа әкелген қоғамдық себептер айтылады. Әңгімедегі Косманды да, Қарашты да сұм тіршілікке үйреткен – кеңес үкіметінің зымиян саясаты. Ең ғажап жері, Қараштың немересі соқыр болып туады. Қараш киеге жолыққан ұрпақ. Бұл біздің қоғамның да ащы шындығы. Біз де киеге жолыққан ұлтпыз. Бірақ, өздігімізден зұлымдыққа, сатқындыққа ұмтылып, кезінде талай арыстарымызды сатып жібердік. Соның салдарын бүгін тартып, көкірек көзі байлаулы ұрпақ тәрбиелеп отыруымыз мүмкін ғой. Енді бір жағынан «Киллер сауысқан» – діни әңгіме. Ал, «Казино» деген әңгімеде ұрпақ тәрбиесі туралы кеңінен жазылған. Кішкентай бала әкесі мен шешсінің бір-біріне пышақ алып жүгіргенін көріп, сол картинаны көз алдында өмір бойы сақтап қалады. Кейін қатыгез, қайырымсыз, көзі қанды ғана көретін болып өседі. Еш нәрсеге жүрегі селт етпейді. Тек өзін ғана ойлайтын адамға айналып қалады.

Амангелді Кеңшілікұлы:

Дін деген бар, өнер деген бар. Осының ара-жігін біз ажырата алмай жүрміз. Қазір әлеуметтік желідегі айтыстардың көбі адамның дін туралы жеке пікіріне шабуыл арқылы өрбиді. Оның мысалы ретінде ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының діни көзқарасына қатысты жабылған жаланы айтуға болады. Діни тұрғыда адам тақуалық жолға түсті, өзін кейбір нәрселерден шектеді, болды. Бірақ әдебиеттің айтатын тақырыбы шексіз ғой.

Егерде біз тек қана діни тұрғыдан сүзгі жасайтын болсақ, әлемдегі көптеген шығармаларды, тіпті Нобель сыйлығын алған романдарды жоққа шығарып, лақтырып тастауымыз керек болады.

Діннің мақсаты – мораль оқу, ал әдебиеттің мақсаты – қоғамда болып жатқан шындықты, тіпті дінге сәйкес келмесе де ашық көрсету.Мәселен, Чеховтың «Ұйқым келеді» деген үш-ақ беттік әңгімесі бар. Сол әңгімені қазақ қаламгері жазса, біз сынның астына алар едік. Онда кішкентай Надя деген қыз күні бойы жүріп шаршайды, бірақ үйіндегі қожайындар оған ұйқы бермейді. Оған ең қиын нәрсе, түн кезінде маза бермейтін, бесіктегі баланы тербету. Ақыр соңында әбден шаршаған Надя кішкентай сәбиді қылқындырып өлтіріп, ұйқыға кетеді.

Осыны дін тұрғысынан түсіндіретін болсақ, біз бұл жерде көп мораль айтамыз. Мысал үшін, Варлам Шаламовтың бір шығармасында ашаршылықты суреттейді. Сонда дін қызметкері болып істейтін әке баласын аман сақтап қалу үшін мойнындағы кресті ортасын бөліп, нанға айырбастап алады. Оның әңгімелерінде түрмедегі неше түрлі айуандықтарды суреттейді. Тіпті ешқандай дінге сыймайтын іс-әрекеттер орын алады. Өмірде ондай нәрселердің болатыны тағы рас. Өнер мен діннің арасына шекара қоймай, біз уағызшыл бағыттан айыға алмаймыз.

Екінші бір айтатын нәрсе, қазіргі прозада кешегі кеңес үкіметінен келе жатқан мораль оқитын инерция әлі қалған жоқ. Қоғамның шындығын суреттеп отырып, әр жағында мораль оқудың керегі шамалы. Болашақта бір шығарманы талқылаған кезде, шығарманың несі керемет дегеннен гөрі, шығармаға не жетіспейді деген тұрғыда көбірек әңгіме қозғасақ жаман болмас еді. Мен бағана «қайта жазу керек» деген әңгімені текке айтқан жоқпын. Асқар Алтай «Сират» романын қайта жазса, одан ол ұтар еді деп ойлаймын. Өйткені романда шалқып кеткен жерлері бар. Әңгімелерінде де қызыл сөзбен кетіп қалатын тұстары аз емес. Осы мәселелердің бәрін екшеу керек. Мен өзім де кейбір сыни шығармаларымды уақыт тауып, қайтадан жазғым келіп жүр. Адам жазған кезде бір көңіл-күйге бағынады. Біраз уақыт өткеннен кейін барып, сен ол кемшілікті байқауың мүмкін. Кімде мін жоқ дейсіз? Тіпті, керек десеңіз, Лев Толстойдың алғашқы әңгімелері нашар жазылған.

Ана жолы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің үйіне барсам, ағам «Қан мен тер» деген романын «көп дүниелерім артық екен», - деп көңілі толмай, қайтадан жазып жатыр. Жазушы өзінің шығармашылығына көңілі толмаған сайын, оның шеберлігі шыңдала түседі. Кез-келген жазған-сызғаны шедевр болу мүмкін емес. Жұрт ойлайды: «Антон Чехов екі-ақ том жазған», - деп, шын мағынасында ол отыз үш том кітап жазды. Бірақ оның көп дүниесі нашар жазылған.

Толымбек Әбдірайым: Имандылық тақырыбынан қашпау керек. Құрани Кәрімде: «Адам қарны ашып өліп бара жатқанда Құранды басып, нанды алып жесе болады» - делінген. Жаңағы Варлам Шаламовтың кейіпкерінің кресті сатуы осыған саяды.

Имамғазы Нұрахмет: Қазір әдебиеттануда жазушылар болсын, сыншылар болсын бір нәрседе қате жіберіп жүрген сияқты болып көрінеді. Ол не?

Әдебиеттің құнын нақты дерекпен, тарихи шындықпен ғана өлшейміз. Әдебиет қоғамдық шындықты айтқанымен әдебиет, бірақ қоғамдық шындықты айтқанның бәрі әдебиет емес. Оны тарихшы да, публицист те айтуы мүмкін. Әдебиет сол шындыққа адам қызығатындай етіп көркем бұйым жасап, оқырманға ұсынғанымен әдебиет. Дін туралы келгенде, әәдебиеттегі кейіпкердің ауызымен әртүрлі нәрселер айтылуы мүмкін. Әдебиетке: «Сен неге құдайға қарсы сөйлейсің!», - деп мін тағудың өзі артық. Сондықтан бұл мәселеге бас ауыртпасақ та болады.

Асқар Алтайдың әңгімелеріндегі тақырыпты беруі, кейіпкердің бірнеше типке енуі мен қатты қызықтырады. Мысалы, «Альпинист»деген шығармада Тайшын деген кейіпкер бар. Тайшын бір адам емес, ол бірнеше адамның көрініс болады. Бірде ол жақсы адам, бірде атаққұмар, тоғышар адам, бірде ұлттық рухынан айырылып баражатқан адам, бірде соны іздейтін адам. Неше түрлі адамның корректоры жүр. Маған сонысы ұнайды.

Асқар Алтай: Кез-келген адам өне бойы бір позитивте өмір сүрмейді. Бір күннің, бір сағаттың өзінде адам жандүниесінде бірнеше рет құбұлады. Менің кейіпкерлерімді осы мәселе қызықтырады. Кейіпкер баяғы «Ботагөз» секілді бір қалыпқа салынып, жүре алмайды. Оның бәрі өтірік. Кейіпкер деген ет пен сүйектен, ми мен жүректен жаратылған адам болуы керек. Егер кейіпкерді Тургеневтің, Буниннің дәрежесінде немесе Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» шығармасы дәрежесінде суреттей алсақ, сонда ғана ол образға айналады деп ойлаймын. Әдебиет мен үшін қандай кішкентай шығарма болса да ең бастысы образ жасаудан тұрады. Кейіпкердің жан дүниесімен образ жасалына ма, жоқ әлде сыртқы бейнесімен жасалына ма, бірақ онда образ айқындалып тұру керек. Егер осы талапқа сай келмесе, ол көркем шығармаға жатпайды, публицистика деңгейінде қалады.

Менің әңгімелерім белгілі бір детальдардан туады. Жақында ғана «Егеуқұйрық» деген әңгіме жаздым. Алматының шетінде кішкентай ауылда тұрдым. Сонда Вася деген көрші жігіт болды. Сол егеуқұйрық аулаушы еді. Даланың егеуқұйрығы бар. Бірақ адаммен бірге өмір сүретін, көпшіліктің заңына бейімделген қаланың егеуқұйрығы болады екен. Қазақ даласында бұрын егеуқұйрық болмаған ғой. Мұның барлығы теміржол құрылысы кезінде орыстардың шошқасымен бірге келді деп ойлаймын. Қой асыраған жерде егеуқұйрық болмайды. Өйткені, қойдың құмалағында бір химиялық элемент бөлінеді екен. Егеуқұйрық соған жоламайды. Осы детальдан кейін «Егеуқұйрық» деген әңгіме туды. «Альпинист» деген шығарманың шығуына бір айтыскер ақынның ұлыма үйретіп кеткен «Күршімнің сулары, Қарағайдай ұлдары, Құзғындыдай шыңдары» деген өлеңі түрткі болды. «Құзғынды шың» деген тіркес менің барлық бала кезімді көз алдыма келтірді. Шыңға деген ерекеше сағыныш пайда болды.

Алтайда бірнеше ұлы шың бар. Соның ішінде «Мұзтауы» атақты ғой. Одан кейін Күршім ауданында «Құзғынды» деген шың бар. Оның ұшар басында барыс мекендейді. Барыс өзі өте киелі жерлерде мекендейді. Менің бір нағашым құралайды көзге атқан мерген еді, маған алғаш рет барысты аулап, терісін көрсетті. Кейіннен барысты тірідей көрдім. Осының бәрі маған қатты әсер етті. Кейбір шығармаларды жазуыма түрткі болды. «Альпинистің» тууына осы эпизод себепкер болды. Бірақ, мен әлі де болса ол туралы жазам деп жүрдім. Сол кезде Оралдан шыққан Мақсат Жұмаев деген альпинист жігітті кездестіріп, қатты таңғалдым. Өздеріңіз білесіздер, Оралда тау жоқ, далада туып, тауды аңсаған жігіттің тағдыры мені қатты толқытты. Кейбір нәрселер өмірде біз ойлағандай бола бермейді. Жазушыға осындай детальдар әсер етеді, оны әрі қарай дамыту жеке қиялына байланысты.

Жиынның басты кейіпкері Асқар Алтай мен оқырмандар арасында сұрақ-жауапқа да кезек берілді.

Әдеби отырыстың Асқар Алтай шығармашылығына арналатынынан ғаламтордағы аңдатпамыз арқылы хабардар болған Арқалық педагогикалық институтының студенті Айдана Арсалан атты болашақ филолог арнайы келген екен. Диплом жұмысы тақырыбына Асқар Алтай прозасын алған екен. Студент бұл отырыстың өзіне берері көп екенін, жазушының институт кітапханасындағы төрт дана кітабы қолдан қолға кезекпен өтіп жүретін оқылымды кітап екенін айта отырып, әңгімелерге өзіндік талдау пікірін білдірді, жазушыға көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.

Портал редакторы Асылбек Байтанұлы Асқар Алтай шығармаларымен етене таныстығын айта келе, арғыдан жеткен аңыздарға толы Алтайда туған, жазуға аздап болса да ебі бар адамның жазушы болмасқа қақысы жоқ та шығар деген пікірін білдіріп, жазушыға сәттілік тіледі.

Әдебиетсүйер жас талап Бақытбек Қадырұлы жазушыға көкейдегі сұрақтарын қоюмен қатар, кейбір әңгімелерінің эпизодтарын сынға алып, жиынның көркін қыздырды.

Жазушының өз шығармашылығы туралы шешіле ағытылып сөйлеуіне жастардың сыни ойлары себепкер болғандай еді. «Сіздің кейіпкерлеріңіз неліктен көбінесе шығарма соңында өлім құшып жатады?», - деген сұраққа жазушы былай жауап берді:

Асқар Алтай: Жапонның Мисима деген керемет жазушысы бар. Оны кезінде еврейлер өлімді көп жазады деп айыптады. Менің де кейіпкерлерім шығарманың соңында көп жағдайда қаза тауып жатады. Осы сұрақты өзім күткенмін. Кейіпкер өмірге келгеннен кейін авторға бағынбай кетеді. Оны кәсіби жазушылар жақсы біледі. Мысалы, Ақан Нұрманов «Құланның ажалы» деген романын аяқтай алмай өмірден өтіп кетті. Романды досы Қалихан Ысқақ бітіріп шықты. Егер шығарманы Ақан Нұрмановтың өзі аяқтағанда, роман дәл солай жазылар еді. Өйткені, кейіпкер өз тағдырын таңдап туады....

Сөз соңында жазушы өзінің «Киллер сауысқан» деген әңгімесінің жазылу себебін айтып берді. Жүрізуші болып қызмет атқаратын бір жігіттің айтуы бойынша, Алматы облысында сауысқанмен бұғы аулайтын аңшы бар екен. Сауысқанды баптаса, ол кез-келген аңның көзін шұқып, ағызып жібереді екен. Асқар Алтайға осы деталь қатты әсер етіпті...

Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар