Жорға жүрісі жайлы һәм әдемі жылқы. Сондықтан да, бұл қазақ халқының жүйрік аттан кейін қастерлейтін жылқысы болып табылады. Жорғаны қазақтар сәндік үшін мінетін болған және ерте кезде хан-билер құрметті қонақтарына сый-сияпат ретінде ұсынған.
Оның жүрісі тыныш келеді. Тіпті ертеде жаугершілік заманда жорғаны ат үстінен садақ тартатын сайыпқыран мергендерге мінгізген. Өйткені, оның жайлы, тыныш әрі жылдам қозғалысы садақшы-мергендердің қолайына жаққан.
Жорғаның басты артықшылығы – мінген адам шаршамайды. Жорғалаған ат бірден екі сол аяғын тастаса, келесіде екі оң аяғын тастап отырады. Ал, желісті жылқы алдыңғы сол аяғы мен артқы оң аяғын, керісінше алдыңғы оң аяғы мен артқы сол аяғын тастап қозғалады.
Негізінен, топырағы жұмсақ сазды жердің жылқысынан жорға көп шығады. Мысалы, қазіргі таңда жері сазды Іле һәм Қарашәр өлкесі (Қытай елінің батысы) жорғаның ұйығы саналады. Себебі, ол өлке қыста ат тізеден көміліп жүретін қарлы, жазда жері көлкілдеп тұратын сазды болады.
Ертеде, дәулетті адамдар жорғаның жіліншігіне алтын, күміс білезіктер салдырып немесе күміс, алтын тағамен тағалатып, ұзатылған қыздарына енші ретінде мінгізіп жіберетін болған. Осы орайда, көшпелілердің тұрмыстық тәртібінде жорға малы сый-сияпатқа арналған өте құнды мұра ретінде бағаланған.
Жорғаның сыны
Жорғаның да жүйрік ат сияқты сыны болады. Қазақ әу баста жорға табатын биені сынайды. Ол үшін биенің өн бойынан жорға жылқыға тән сын-белгілерді іздейді.
Жорға құлын табатын биенің сыны. Белі бүкір, орақ бас, қамыс құлақ, бота тірсек, үлкен көзді, кең танау сырт бейнесі итіңкі келеді. Осындай бие буаз кезінде мес қарын болмайды, жалпы пошымы ебедейсіздеу келеді.
Жорға болатын тай-құлынның сыны. Белі бүкір, орақ бас, қамыс құлақ, теке ерін, бура ерін, салпы ерін, қошқар, дөң мұрын, кең танау, үлкен көз, марал көз, бөкен қабақ, қу бас, дөңгелек тұяқ, бота тірсек, бұқа мойын, орташа жал-құйрықты, кекілді, қоян қарын келеді.
Жорғаны сырт сипатына қарай, яғни, аяқ бітіміне байланысты бөкен, күдір, қоян сипатты деп үшке бөледі. Сондай-ақ, бота бітімді жорға дейтін де болады.
Жақсы жорғаның сипаты. Белі бүкір, тұрысы итіңкі, сүйекті, күшті, орақ бас, қамыс құлақ, теке ерін, бура ерін, салпы ерін, қошқар танау, марал көз, бөкен қабақ, қу бас, тұяғы дөңгелек, бұқа мойын, бота тірсек, қоян қарын, жүрісі тайпалған тайлақтай жорғаларды айтады.
Орташа жорғаның сипаты. Белі қайқы, сыртқы пошымы түлкі сияқты болады. Бұл жорға алысқа жүрмейді һәм ұшқыр келеді. Алайда, өмірде сынсыз, сиықсыз жорғалар да болады.
Алысқа жүретін аламан жорғаның сыны. Белі бүкір, түлкі жоталы, пошымы ебедейсіз, буын сүйектері қиқы-шойқы шодырлау бітеді.
Жорғаны баптау
Жорғаны алдымен жүрісінен жаңылмайтын етіп, жорғалатып үйретеді. Оны жас кезінде үнемі қолға ұстап, жорғасын жетілдіріп отырмаса, жорға жылқы тез айнып қалады. Жасы үлкейіп, жорғасы әбден толысқан шақта жылқы қанша жүрсе де, жорғасы бұзылмайтын болып қалыптасады.
Ол үшін жорғаны үнемі мініп, басын тежеп, басқа жүріске түссе, оны күштеп жорғалатып баптайды. Жорғаны көп бос жібермейді. Бос жүрсе жорғасынан танып кетеді деп есептейді. Жаратылысынан жорға туған жылқы, үйірде бос жүрсе де жорғалап жүреді.
Осылай жүрісі жаттыққан жорғаны жарысқа баптайды. Ол үшін үйірге жіберіп, тойындырады. Жілік майы толып, ақжіліктенген кезде ұстайды. Етін қатырады. Бірнеше дүркін арам терін алады. Кейбір жорғалар ұшқыр болса, кейбір жорғалар еті қызған соң жүрісі түзеледі. Осының бәрін есепке алып және жарыс жолының ара қашықтығына да байланысты ат иесі жорғасын баптап дайындайды.
Жорғаны жүйрік аттар сияқты күрделі баптамайды. Кейбір жағдайда ат иесі той-томалаққа мініп келген жорғасын қолма-қол жарысқа қосып жіберетін оқиғалар да болып тұрады. Өйткені, жорғаны көп байламай мініп жүріп баптайды.
Жорғаны тек өз иесі ғана мініп жарысқа түседі. Себебі, жорғаның жүрісі көп ретте иесіне қатысты. Басқа адам мінсе жорға жатырқап жүрмей қояды.
Кейбір тәжірибелі жорғашылар қыста мұз үстінде жорғаның төрт аяғын бүршікті темір тағамен тағалап, жорғалатып жаттықтырады.
Жорғаны құр жіберіп, ақ жіліктендіріп отырған дұрыс. Үнемі мініске түскен жорға тез қартайып, қуаты азайып, қара кеміктеніп кетеді. Сол үшін құр жіберіп, етін қатырып, мініп, жорғасын есіне түсіріп отырған дұрыс.
Бабына келген жорғаны жорға жарысына қосады. Бастысы, жорға жорғасынан танбайтын, бірқалыпты жорғалап жүріп отыруы шарт.
Жорға иесі атын жарысқа қосардан бұрын өзі мініп бір дүркін терін алады. Терлеген жорғаның тынысы кеңіп, алқымы ашылып, ұзаққа жорғалай алады. Жорғалардың да ұшқыры, қыза жорғалайтыны, шыға сала бірқалыпты жорғалап ырғақ бұзбайтындары болады.
Жорға жарысының ұзақтығы жүйрік аттар жарысатын қашықтықтың үштен біріне сай болады. Сондай-ақ, жорғаның жүрістері сәнді-мәнді ырғақты келетіндіктен, барлық көрермендер көріп, сүйсінерліктей көз алдарында, яғни, биік төбені айнала жорғалап жарысады.
Кәнігі жорға жаратушы атбегілердің айтуына қарағанда, жорғаны бар-жоғы 10 күн баптайды. Осы уақыттың ішінде: үш дүркін терін алады, төрт дүркін қашықтыққа жорғалатып жүрісін қанықтырады.
Жорғаның түрі
Жорғаның түрі көп. Оларды жорғалау екпіні мен аяқ тастасына қарай екі топқа бөліп қараған жөн. Жорғалар көбінде қоңыр, торы, қара өңді жылқылардан шығады
Жүріс екпініне қарай қой жорға, жол жорға, кеңірек жорға (жортақы), шапқын жорға, түйе жорға, бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, су жорға, су төгілмес жорға, табақ тартар жорға, төкпе жорға, айдама жорға, шайқалған жорға, аяң жорға, тайпалған жорға, және т.б. деп атайды.
Аяқ тастасына қарай екі аяқты жорға, шалдыр жорға, үш аяқты жорға, төрт аяғы тең жорға, шапшуыр жорға, тұсамыс жорға, өре жорға, шалдауыр жорға, және т.б. деп атайды.
Су жорға – жорғалардың ішіндегі ең маңыздысы. Ол сүйретіп жіберген арқан, шылбырды жерге тигiзбей жұлдызша ағады және үстіндегі адам қолына су құйған ыдыс ұстағанда оның суы төгілмейді. Тіпті қазақта «су жорғаның сауырына тостағанға су құйып қойса төгілмейді» дейтін тәмсіл бар. Мұндай жорғалармен үлкен ас-тойларда табақ тартады, қымыз тасиды.
Қой жорға деп түзу және еңiс жерлерде аяңнан, жорғаға ауысып отыратын жылқыларды айтады.
Түйе жорға денесiн күшпен қозғап жорғалайтын, жүрісі қатты жылқылар.
Шапқын жорға деген шаужайлап, өрелеп қысыммен шығарған жорғалар.
Аяң жорғалы жылқы айдағанда ғана жорғалайды да, одан тезірек жүрсе, жорғасынан жаңылады.
Үш аяқ жорға төрт аяғын тең басып жорғалай алмайтын жылқы. Яғни, үш аяғы жорғалайды да, бір аяғы таппайды. Осы бір аяғын қосып төрт аяғы тең жорға шығаруға болады.
Тайпалған жорға – төрт аяғы тең жорға.
Төкпе жорға – еш уақытта жорғасынан жаңылмайтын жылқы, ол жүргенде басқа жылқы шауып, әрең ілеседі. Жорға жарысына осы төкпелерді ғана қосады. Басқа жорғаларды қарапайым күнделікті мініс үшін қолданады. Төкпелерді бәйге атындай баптап жаратады.
Құлын жорға деп енесінен туғанда жорға туған жылқыны айтады. Болашақта су және төкпе жорғалар осы құлын жорғадан шығады.
Жорғаның сапасын анықтау
Жорғаның қаншалықты жүйрік екенін білу үшін оның бел арқасына 5 метр лента байлайды. Лента аттың құйрығының үстінен жерге қарай төмен салбырап түсіп тұрады. Содан жорғаны жүргізгенде лента жыланша ирелеңдеп көтеріледі. Қысқасы, жорға шынайы жүргенде 5 метр лентаның ұшы жерге тимей ұшып отырса, бұл нағыз сапалы жорғаның белгісі.
Бұрынырақта, жорғаның сапасын білу үшін беліне арқан байлаған екен. Арқанның жерге тимеуіне байланысты оны бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, он екі құлаштық жорға деп атаған. 15-16 құлаштық жорғалар да болған, бірақ бұлар өте сирек кездеседі.
Жақсы жорғаны тексерудің тағы бір жолы шөл-шөлейт жердің жорғасын сынау үшін ботаның енесін, яғни інген түйені көзкөрім алысқа айдап жібереді де, артынан ботасын жібереді. Енесін аңсаған жас бота тайрақтап қатты шабады. Осы қашқан ботаны жорғамен қайырады. Егер жорға жүрісінен танбай ботаны қайырса бұл нағыз жорға деп есептеледі.
Келесі бір жорғатанушылар қолына қарапайым қоңырау ұстап алып атын жорғалатып сынайды. Алғашында қоңырау дауысы сылдыр қағып, бара-бара жорғаның жүрісі тайпалып қызған кезде үні өшеді. Бұндай жорғаны бұрынғы заманда мерген-садақшыларға мінгізіп, жорыққа жіберетін болған.
Жай жылқыдан жорға шығару
Аздаған жол немесе қой жорға жылқылардан немесе жүрісі жылдам аяғы жеңіл мінезі ұғымды жылқыдан су немесе төкпе жорға шығаруға болады. Мұндай жай жылқыға жорға үйретуші адамды «жорғашы» дейді.
Мысалы, екі немесе үш аяқты жорғаларды жетілдіріп, төрт аяқты тең жорға шығару үшін – ай толысып, дөп-дөңгелек болып көрінетін үш күнде күніне бір рет 4-5 шақырым жазық, тегіс жерде жорғалатады. Себебі, екі-үш аяқты жорға жорғалап жүргенде алдыңғы аяғын қысқа алады да, ойлы-қырлы шұңқырлы жерлерде жығылып қалады.
Сондықтан, көп жағдайда төртінші аяқтың жорғасын шығару үшін теп-тегіс мұздың үстін пайдаланады. Тағы да жоғарыдағыдай ай толған күні үш аяқты жорғаның барлық табанын бүршік тағамен тағалап (тайып құламас үшін), мұздың үстінде жүргізеді.
Толған айдың сәулесіне шағылысқан жорғаның көлеңкесі мұзға түседі де, ат өзінің көлеңкесінен қалыспаймын деп жанталаса жорғалайды. Осылай үзбей 2-3 сағат жүргізу керек. Үстіндегі адам тізгінін қатты қысып, мүмкін болса тақымға салып отырған жөн. Сәл тізгін босаса жорға жүрісінен жаңылады. Осылай жорғаның қалған жорғаламайтын аяқтары жорғалай бастайды.
Екі аяқты жорғаның үшінші аяғы жорға шыққаннан кейін оның бір жағы үйретіледі деп есептейді. Енді қалған бір аяқтың жорғасын шығару үшін жорғашы сол жақ үзеңгісін ұзартып, аяғын тіреп бүйірімен отырады. Осылай ердің оң жағына, бірде сол жағына отырып, 2-3 сағаттың ішінде төрт аяқты жорға шығару оңай шаруа емес. Бұл нағыз атбегінің қолынан ғана келеді. Ал, туа біткен төрт аяғы теңселген жорғаны ешқандай мұзға да, сазға да салмай жорғалата береді.
Алтай өңірінің жорғашылары ыңғайы бар жылқыдан жорға шығару үшін ағаш бөренелерді жинап, күннің шапағы сияқты дөңгелек шеңбер жасайды. Жорғашы аттың шылбырынан ұстап қатар-қатар орналасқан бөренелерден тез-тез аттатып жүргізеді. Әбден мезі болған жылқы соңында бөренелерден оңай аттау үшін жорғалай жөнеледі.
Ішкі Моңғолдың Хөлөнбуйр өлкесінің атбегілері жүрдек жылқыдан жорға шығару үшін аттың екі жағына салмағы бірдей құм салған қапшық теңдейді де тегіс жерге жүргізеді. Жүріс барысында құмның салмағын жаймен қосып отырады. Осылай жорға шығарады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.