Беларусь елінде Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына байланысты «Абай жалпақ әлемде салтанат құруда» («Абай шествует по планете»: http://sozvuchie.zviazda.by/abaj) деп аталатын сайт ашылды. Абайға арналған әдеби сайтта сондай-ақ, Достастық елдерінің әдебиеті мен көсемсөзі «Үндестік» / «Созвучие» (www.sozvuchie.zviazda.by) деп аталатын порталдың бастапқы бетінде орын алған. «Үндестік» порталында Достастық елдердің Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдава, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина әдебиеті мен көсемсөзі туралы зерттеулер мен мақалалар жинақталған. «Үндестік» порталындағы Абай сайтында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасовтың «Пушкин және Абай – ренессанстық типтегі ақындар», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Шериаздан Елеукеновтің «Пушкин және Абайдың эпистолярлық романы», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Сыртқы әдеби байланыстар және аналитика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Светлана Ананьеваның «Ұлы Абай», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Серікққазы Қорабайдың «Абайдың жолын қуған ұрпақтары», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Бейнелеу өнері бөлімінің меңгерушісі, ө.ғ.д., профессор Райхан Ерғалиеваның «Қазақстандағы бейнелеу өнеріндегі Абай және оның кейіпкерлері», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ө.ғ.к. Диляра Шәріпованың «Ташкенттегі Абай ескерткіші», әдебиет зерттеушісі Любовь Шашкованың «Жазушылардың Беларусь жеріндегі кездесуі», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Айнұр Машақованың «Абай Құнанбаев шығармашылығының алыс шетелдегі рецепциясы», ф.ғ.к. доцент Алма Түсіпованың «Абай мен А.Фет поэзиясындағы уақыттың айналымы» атты мақалалары берілген. Бұған дейін Абай мұрасы шет елдерде аударылып, насихатталып, танылып келгенімен, шет елдік порталда, атап айтқанда, Негізінен Беларусь Республикасында жеке сайт ашылып жалпақ әлемде салтанат құруы алғаш рет. Абай сайтында тек қазақстандық ғалымдардың көлемді мақалалары ғана емес, сонымен қатар Беларусь ғалымдары Алесь Карлюкевич пен Микола Метлицкийдің «Ақынды ұнату арқылы оның халқын да ұнатасың» деп аталатын мақалалары қазақ ақынының өлеңдерін жоғары бағалап Беларусь еліне паш етеді. 2008-2012 жылдары Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған Анатолий Владимирович Смирновтың беларусь тілінде «Ойшыл, ағартушы, гуманист» атты мақаласы мен Регнада Малаховскаяның беларусь тіліне аударған Абайдың өлеңі берілген. Беларусь еліндегі портал арқылы Достастық елдерінің бауырластығы мен ынтымақтастығын көре аламыз. «Үндестік» порталы халықтардың достығы мен олардың мәдениетін жақындастырып отырған алтын көпір іспетті. Мұнда қазақстандық әдебиеттанушылардың мақалалары беларусь тіліне аударылып келеді. Атап айтқанда, ҚР БҒМ ҒК М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижановтың «Қазақстан халқының мәдени коды», ф.ғ.д., профессор Шериаздан Елеукеновтің «Жаңа Қазақстанның жаңа әдебиеті», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, ф.ғ.д., профессор Бейбіт Мамраев пен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Светлана Ананьеваның «Кітап – рухани мәдениеттің іргетасы», «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Анна Негинаның «Әлемдік әдеби үдерістегі қазақстандық құрамдас бөлігі», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Диляра Шәріпованың «Ташкенттегі Абай ескерткіші», «Простор» журналы Мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ақын Любовь Шашкованың «Беларусь жеріндегі жазушылар кездесуі» мен поэтикалық шығармалары, «Простор» журналының бас редакторы, ақын Валерий Михайловтың сұхбаттары, ф.ғ.д., профессор Немат Келімбетовтің «Үмітімді үзгім келмейді», ақын Нұрлан Оразалиннің беларусь тіліне аударылған өлеңдері, ҚазҰПУ-нің профессоры, ф.ғ.д. Вера Савельеваның «Біздің қазіргі романымыз жанрлық микс және коммерциялық емес жоба» сияқты қомақты мақалалары қазақстандық ғылым мен мәдениеттен мол мағлұмат береді. Сонымен қатар, Беларусь еліндегі ТМД елдерінің әдебиетін таныстыруға арналған «Жүректердің үндесуі» («Созвучие сердец») деп аталатын кітап жобасы қалың оқырмандарды Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы елдерінің көрнекті ақын-жазушыларының ең үздік шығармаларымен таныстыруды көздейді. Бұл жоба Беларусь Республикасы Ақпарат министрлігінің бастамасымен «Звязда» Баспа үйінің директоры Алесь Карлюкевич пен беларусь ақыны Алесь Бадактың орасан зор еңбегінің арқасында жүзеге асып келеді. Алесь Бадактың құрастыруымен шыққан «Жүректер үндесуі» сериясының 4-ші кітабына «Шекарасыз достық» («Не ведая границ») деп аталатын жинаққа Беларусь пен Қазақстан ақын-жазушыларының өлеңдері мен әңгімелері енді. Бұл жинақта М.Әуезов, О.Сүлейменов, Фариза Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Қалихан Ысқақов, Валерий Михайлов, Любовь Шашкова, Оралхан Бөқеев, Нәзікен Алпамысқызы, Нұрлан Оразалиннің шығармалары жарияланған.
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін
редакцияның
немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме
берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас
құқықтар
туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның
көзқарасын білдірмейді.