Бүгін яғни 29 сәуір күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі неміс жазушысы Элеонора Хуммельдің қазақ тіліне аударылған «Берлин балықтары» атты романының тұсаукесер рәсімі болды.
Кітап Қазақстанға көшірілген немістердің соғыстан кейінгі өмірі туралы баяндайды. Роман «Ақ мола» және «Теңіздер аралығында» атты екі бөлімнен тұрады.
«Берлин балықтары» романын қазақ тіліне Екібастұз қаласынан германист-аудармашы, журналист Рауза Мұсабаева тәржімәлаған. Әдеби өңдеген Мереке Құлкенов. Роман Алматыдағы «Мерекенің баспалар үйі» баспасында жарық көрді.
Белгілі жазушы Мереке Құлкенов жүргізген тұсаукесер кезінде көкейдегі сауалдарды роман авторы мен аудармашыға қою мүмкіндігі берілді. Оқырман қауымы жазушының шығармашылығы мен жеке өміріне байланысты сауалдар қойып, тұщымды жауаптар алды.
Элеонора Хуммель 1970 жылы Целиноград қаласында (қазіргі Астана) дүниеге келген. Ол 10 жасында ата-анасымен тарихи отанына қоныс аударды. Автор жазушылық қызметпен бала жасынан айналысады, ал 1995 жылдан әртүрлі әдеби журналдарда шығармалары жарияланып келеді.
2006 жылы Штейдль/Гёттинген баспасында жарық көрген «Берлин балықтары» атты романы үшін Элеонора Хуммель Роберта Бош қорының Адельберто фон Шамиссо атындағы ынталандыру сыйлығын алды. Жобадағы жұмыс атауы «Терезедегі Венера» атты еңбегі үшін Элеонора Хуммель тәуелсіз Саксония жерінің Мәдени қорының стипендиясын алды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.