Әмірхан Балқыбек екеуміз әдебиет тақырыбында жиі әңгімелесетінбіз. Ол «Достоевскийдің түбі – түркі» дегенді жиі айтатын және көлемді мақала жазып, нақты дәйектермен пікірін дәлелдеді. «...Неге екені белгісіз, өмірбаянын жазушылар осы жазушының ата-тегін таратып жатуға тым шорқақ. Яки құлықсыз. Шамасы ұлы жазушының түбі түркі екенін мойындап қоюдан қашқақтайтын болар. Жазушының түбі түркі екенін өмірбаяны, ойлау жүйесі, шығармашылығы, тіпті ең арысы фамилиясы да растап тұрған жоқ па?! Иә, иә, Федор Достоевскийді қазақшалап жіберсек (Орыс тілінің дыбысталу ерекшелігіне орай екінші буындағы «о» әрпінің «а» болып дыбысталатынын ескерген жөн) Достайдың Федоры болып шығар еді. Немесе Достайлық Федор. Сонда Достай деген есім түркіде болмай славянда болмақ ма?! ...Жазушы шығармашылығымен, өмірімен тереңірек таныса бастаған алғашқы кездерімде көкейіме осындай ойлар келетін. Түйсігім алдамапты. Достоевскийдің түбі расында да түркі екен» дейді ол.
Бір сәт «Достоевский тұрған үйді көргім келеді. Ол жүрген көшелермен жүрер ме еді, шіркін!» дейтін қиялдап. «Біздің үйдің нөмірі секілді Достоевскийдің пәтерінің саны да 13 болған» дейтін балаша қуанып. Оған өзі мен Достоевский арасынан ұқсастық іздеу ұнайтын. Кейбір қазақтар орыстар секілді 13 санынан шошып жатса, ол керісінше сүйікті жазушысымен кішкентай ұқсастық тауып, балаша қуанып еді.
Әмірхан Балқыбек енді ешқашан Достовскийдің үйін көруді, ол жүрген көшелермен жүруді армандамайды... Біз енді ешқашан әдебиет жайлы, Достоевский туралы әңгімелеспейміз... Мен оған ешқашан Достоевскийдің үйін көргенімді, ұлы жазушының орындығында отырғанымды айта алмаймын...
...Мәскеуде күн қатты суық еді. Метродан шыққасын Достоевскийдің үйін іздеп, біраз жүріп қалдым. «Достоевскийдің үйінде жылынамын ғой» деп ойлағам. Екі жүз жылдық тарихы бар ескі, сары үйдің қақпасынан кірерде «Достоевскийдің үйіне келсе, Әмірхан Балқыбек қандай сезімде болар еді» деп ойладым. Ал өзім қазір Достоевскиймен кездесетіндей толқыдым. Музейдің есігін ашқанда күртеше киіп отырған қарауылды көрдім. Достоевскийдің үйі суық болса да, ұлы жазушыға қатысты естеліктер жанымды жылытып, жаурағанымды ұмытып кеттім.
Достоевскийдің кейіпкері Алеша Карамазовтың айтатыны бар: «Адам үшін өмірдің ауыр соққыларына төзу үшін балалық шақтан, әсіресе ата-анасымен байланысты жылы естеліктен артық, аяулы, қымбат ештеңе жоқ. Сондай естеліктердің болуы өте маңызды. Жүрегінің түбінде тым болмағанда сондай жалғыз ғана бір естелік сақталған адамның өмірінде мән бар».
Достоевскийдің әкесі әлеуметтік тұрмысы төмен адамдар емделетін аурухананың дәрігері еді. Ол кезде де Мәскеуде пәтер жалдап тұру оңай емес болатын. Дәрігерге жұмыс орнынан баспана бергесін ауруханының екі бөлмесінде отбасымен тұрақтап қалды. Федор анасы қайтыс болып, он алты жасында бауырымен Петерборға оқуға кеткенге дейін осында тұрды.
Бала кезінде балаларға «біздің үйіміз үлкен» деп мақтанатын. Кішкентай Федя аурухананы өз үйіміз деп ойлайтын. Есейе келе «Біздің өз үйіміз қашан болады?» деп қиялдайтын.
Түн жарымында аурухана қызметкерлері әкесін оятып әкететін. Жанына ауруы қатты батқан ауру адамдар айқайлап, ұйқы бермейтін. Оянып кеткен Федя өзіне сұрақтар қойып, жауабын таппай, ұйықтай алмай, таңды атыратын.
Оның балалық шағы аурухана ауласы мен дәлізінде өтті. Ауруханаға бір адам келіп, бір адам кетіп жататын, кейбірімен Федя аз уақыттың ішінде достасып кететін. Зерек бала ауру адамдарды қатты аяйтын, тіпті оңашада жылап та алатын. Аурухананың өзіне тән исі бар еді, басқа жақта тұрса да, арада жылдар өтсе де, сол иісті ешқашан ұмыта алмады. Ол бір жағынан дерті жанына батып, қиналған, екінші жағынан жоқшылықтан жеңілген адамдардың мұңлы жанарларын ешқашан ұмыта алмады.
«Балалық шақтағы сәулелі сәттер жүрегіңді жібітіп, жаныңды жылытпай қоймайды. Жылдар белесін артқа тастап, соңыңа бұрылып қарағанда, жадыңда жүрген ауыр, мұнды естеліктердің өзі қастерлі, ерекше ыстық көрінеді. Адамның жаны көбіне мұнды естеліктерге қайта-қайта оралуды қалап тұрады...» деп жазады Достоевский.
...Ол мына қабырғаларға сүйеніп, тәй-тәй басып жүрді. Бауырларымен кезектесіп, дауыстап кітап оқитын. Алғашқы шығармаларын да осы үйде жазды.
Достоевскийдің үйін аралап жүргенде Хемингуэйдің: «Мен Достоевский туралы көп ойлаймын. Осыншама нашар жазатын жазушы адамға қалайша әсер етеді?» деген сөзі есіме түсті. Мойындау ма? Әрине, мойындау! Шын талантты жазушы ғана қызғанса да, тіпті күндесе де, өзі бәсекелесетін жазушының дарынды екенін мойындай алады. Қоғам алдында ашық айтпаса да, ол туралы арнайы мақала жазбаса да, өзімен өзі оңаша қалғанда мойындайды. Талантсыз ғана мойындауды білмейді. Себебі, олар шығармашылық процесті ешқашан жүрекпен өткізе алмайды. Достоевскийдің кабинетіне кіргенде жазушы жаңа шығармасын аяқтап, таза ауа жұтуға сыртқа шығып кеткендей, қазір кіріп келетіндей сезімде болдым. Жазушының жазу үстелі, орындығы, қаламы, сия сауыты, қолжазбасының қасында ұзақ аялдадым. Кітап сөресіндегі кітаптар, жазушының көзілдірігі, жазушының басқа да жеке заттары көзге ыстық көрінеді.
Музей қызметкерлерімен қоштасып, сыртқа шыққанда да Әмірхан Балқыбектің «Достоевскийдің үйін көргім келеді. Ол жүрген көшелермен жүрер ме еді, шіркін!» деген сөзі құлағымнан алыстан талып естілді...
Аякул МАНТАЕВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.