Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ
Ер Едіге және «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосы...

27.02.2019 20343

Ер Едіге және «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосы 12+

Ер Едіге және «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосы - adebiportal.kz

«Қырымның қырық батыры» эпопеясы туралы академик С.Қасқабасов: «Қырымның қырық батырын» алайық, ең алдымен айтатын нәрсе, бұл эпос тұтастанудың барлық түрлерінен өткен, мұнда сюжеттік циклдену де, ғұмырнамалық циклдену де, шежірелік циклдену де, тарихи циклдену де бар.

Соңғы циклдену түрі географиялық тұтастануға үлкен әсер еткен, өйткені мемлекеттік кезеңдегі тұтастану, бір жағынан, мемлекеттің көп жылғы тарихын қамтыса, екінші жағынан, сол ұзақ тарихты көрсету үшін мемлекет тұрған кеңістікті де көрсетуді керек еткен. Сөйтіп, «Қырымның қырық батырында» Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы тұстарындағы билеушілердің қаһармандық шежіресі тұтастанудың барлық үлгісі арқылы жыр түрінде баяндалған да, үлкен эпопеяға айналған. Ал эпопеяның алтын діңгегі – «Едіге туралы жыр», – дейді академик.

1944 жылы татар обкомының жұмысы туралы «Татарстан партия ұйымы бұқаралық-саяси және идеологиялық жұмысының жайы мен оны жақсартудың шаралары туралы» ВКП(б) Орталық комитеті қаулы алып, сонда «Едіге» эпосы қатты сыналды. Бұл өткен заманды дәріптеушілік, бұнда басқыншылықты ақтау бар деген күйе жағылды. Осыдан соң даңқы жер жарған «Едігенің» жолы кесілді.

Қазіргі күні «Едіге» жырының оңтүстіктегі Түрікмен, Өзбек Республикаларынан бастап, Сібір татарларына дейінгі түркілер арасында барлығы, алыс шетел Түркия мен Румыния жерлеріндегі түркілерде сақталғаны айқын болып отыр. Елуге тарта нұсқасы бар. Олардың кейбіреулерінің көлемі отыз мың жолға жетеді.

«Едіге» эпосы – Алтын Орда дәуіріндегі ата-бабаларымыздың кейінгіге қалдырған үлгі-өсиеті, асыл аманаты. Күні кеше ғана күркіреп тұрған мемлекетін, рухани бірлігін, тұтастығын, басынан ұшқан бағын жоқтауы, жан дауысы, имандай сыры. Бұл жерде: «Народная поэзия не фактографическая хроника: дело здесь в общегосударственных и народных устремлениях и интересах, а не в изображении отдельных, частных событий», – деген Б.Я. Пропптың пікірінің дұрыстығына қол қоймасқа амал жоқ. Туындының тууына өткен дәуірдегі тарихи оқиғалардың үлкен ықпал еткеніне күмән келтіруге болмайды. Тарихи оқиғалар эпостың ауқымына түскен соң, оның заңдылығына орай қайта қорытылатыны да, өзгеше күйге еніп, жаңаша жасалатыны да рас. Қаһармандық эпостың мақсаты нақтылы бір кезеңнің, сол дәуірдегі тарихи тұлғалардың бастарынан өткен оқиғаларда тізіп көрсету емес, жалпы адами мәселелерді – жақсылық пен жамандықтың күресін, зұлымдықтың түбінде адам баласына опа бермейтінін, ізгіліктің жеңісін, адалдықтың салтанат құратынын, т.б. адамзат бар жерде болатын мәңгілік мәселелерді халықтың арманына сәйкес бейнелеу екені де белгілі. Әйтсе де, эпостың өткен тарихи оқиғаларды тізбелемегенімен, оның ұлы сарынынан адаспайтын даналығы «Едігеден» көрініп тұр. Әлбетте, көптеген қаһармандық эпостардан өткен тарихи оқиғалардың, тарихты жасаған адамдардың бейнесін іздеу мүмкін емес. Ал бертінгі белгілі тарихи кезеңдерді бейнелейтін шығармалардың жағдайы бір басқа. Оларда өмірде анық болып өткен оқиғалардың, нақтылы адамдардың іздері азды-көпті елес беріп отырады.«Едігеге» зор тағылымдық, танытқыштық қуат беріп тұрған да қиялдағы емес, тарихтан орын алған, халықтық санада өшпестей болып таңбаланған Алтын Орда дәуіріндегі ірі оқиғалардың ізі екені даусыз. Ол оқиғалар эпикалық биікке көтеріліп берілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Андре Моруа. Өмір сүру ілімі туралы жас жігіткe ашық хат (жалғасы)

«Едігенің» көп версиялы, ондаған нұсқалы, халық жүрегіне жақын болып қалыптасуының негізгі бір себебі тілінің көркем, композициясының шебер болғандығына ғана байланысты емес, түркі халықтарының есінен кетпестей орын алған тарихи оқиғаларға да қатысты. Ол тарихи оқиғалар сілемі әр қилы ғылыми мақалаларда түрлі деңгейде әңгіме болғанымен, түбегейлі тексерілмегені әрі олай істеуге советтік саясаттың мүмкіндік бермегені де мәлім. Мұның үстіне «түркі халықтарын рухани жағынан ғана емес, этностық жағынан да қайта табыстыратын өсиет сөздің «Едіге» эпосынан орын алуы да» туындының озықтығының бір қыры болып табылады.

Эпостың басты кейіпкерлерінің Едіге, Тоқтамыс хан, Ақсақ Темір, Нұраддин сияқты дүниежүзіне танымал тұлғалар болуы шығарманың тарихи негіздеріне айрықша назар аударуды талап етеді. Себебі заманында жарты әлемді біріктірген айбынды Алтын Орданы он сегіз жыл билеген Тоқтамыс хан, жиырма жыл бойы оның билік тұтқасын ұстаған Едіге, әлемге әйгілі жиһангер Ақсақ Темір есімдерінің өзі осыны талап етеді. Бұл жерде отарлық езгі кезінде Алтын Орда тарихына берілген теріс баға Едігенің тарихын толық танып білуге кері ықпал еткендігін ұмытпауымыз керек. Оның үстіне сақталып қалған тарихи деректер, негізінен, ірі оқиғаларды ғана шежірелеген, ал шын мәнінде, Едіге, Тоқтамыс, Ақсақ Темір араларындағы өзара байланыс анағұрлым шытырман, иірім, бүкпесі көп болғаны аңғарылады. Ұлттық версияларды тарихи деректермен өзара салыстыра отырып, астарына үңілсек, Едіге мен Тоқтамыстың әуелде тату болып, соңында бірінің түбіне бірі жететін дұшпандыққа баруына қандай себептер бар екендігіне көз жеткізуге болады.

«Ногайские предания относятся к концу ХІV, к ХV и ХVІ вв. Предания эти имеют эпический характер и поются рифмованными стихами и поэтому принадлежат к области народной устной литературы. Они замечательны, как выражение народного духа, понятий, нравов, обычаев, образа жизни, замечательны также в филологическом отношении и не лишены исторического интереса», – деп жазады Шоқан Уәлиханов. Біз осыдан екі нәрсені аңдаймыз: оның біріншісі – жырдың пайда болған уақыты, екіншісі – тарихқа қатыстылығы.

«Едіге» жырының тарихи негіздеріне байланысты академик В.М. Жирмунский де мынадай пікір айтады: «В основе эпических сказаний об Идиге лежат исторические события, относящиеся к концу ХІV – началу ХV в., периоду усиливающегося политического распада Золотой Орды и утверждения на Востоке новой мировой державы Тимура (Тамерлана) с центром в Средней Азии». Фольклоршы ғалымдар С.Садырбаев, Р.Бердібай, Е.Мағауин өз еңбектерінде жырдағы оқиғалардың тарихи негіздеріне бірсыпыра тоқталған.

«Едіге» эпосында тарихи оқиғалар жаңғырығы айқын байқалады. Сол себепті кейбір татар, қарақалпақ ғалымдары бұл туындыны қаһармандық дастан мен тарихи дастан аралығындағы шығарма деп бағалап, тарихи жыр мен батырлық жыр ортасындағы аралық жанр деп қарайды. Эпос тарихи аңыз негізінде туындағандықтан, оны сол дәуірдегі нақтылы тарихи, саяси, әлеуметтік жағдайларды баяндайтын еңбектермен салыстыра зерделеу шындық пен аңыздың арақатысын айқындай түспек. Ал шығарманың бас қаһарманы – Едігенің өмір сүрген кезеңі мен тарихи орнын Алтын Орда мемлекетінің тағдырынан бөлек алып қарау мүмкін емес. Отарлық езгіге байланысты Алтын Орда тарихы осы кезге дейін жан-жақты зерттеліп жазылмағаны да белгілі. Бұл жағдай біздің алдымызда тұрған мәселені толық шешуге елеулі қиындықтар келтірері сөзсіз. Жырдың тарихи негіздерін ғылыми тұрғыдан саралап ашуға алғаш қадам жасаған қазақтың бір туар ғалымы Шоқан Уәлиханов еді. «Джир Идыге по событиям относится к концу ХІV в., должно быть составлен в начале ХV в. Это доказывается многими старинными словами и оборотами, которых теперь нет в языке», – деп, мұндағы тарихи оқиғалардың ХІV ғасырда өтіп, туындының ХV ғасырда пайда болғанын негізді түрде көрсетеді.

Эпостағы басты қаһарманның тарихи Едіге екендігін алғаш айтқан да қазақ оқымыстысы еді. Ол жөнінде Шоқан: «Самый замечательный исторический джир киргизский – это «Идыге», тот самый Идыге, Эдеку, Идигей, о котором говорится в ярлыке Тохтамыша, тот самый бек, mangapи темник, который разил Витовта при Ворскле и управлял ордой безотчетно при четырех ханах», – дей келіп, «Существование Идыге, несомненно, как существование Тохтамыш-хана и Тамерлана. Оно подтверждается не только народными преданиями, но и письменными фактами. Ибн-Арабшах говорит об Идыге, что он был одним из дьяволов Тамерлана. В хрестоматии Хальфина (изданной в Казани) находится родословная Идыге, составленная по преданиям казанских татар», – деп, көп нәрсенің бетін ашады. Ғалым бұнымен шектелмей Едігеге қатысты аңыздарды, жер атауларын, сол дәуірде өмір сүрген ерлердің аты-жөнін көрсетеді. Хальфин хрестоматиясына сүйене отырып, батырдың арғы ата-бабаларын, олардың кім болғанын баяндай келіп, мынандай түйінді қорытынды жасайды: «сообразую народное казанское предание, сохраненное Хальфином, и показания Ибн-Арабшаха с этою степною рабсодией, можно с достоверностью заключить только то, что Идыге был происхождения духовного, что он занимал при Тохтамыше значительную должность, потому что сам Тохтамыш поручал ему и «крымские споры и военные дела» и потом же он называет его бием по преимуществу, говоря: «Видано ли было, что бы хан бежал, а бий его преследовал?».

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Темірхан Медетбек туралы 10 дерек

Фольклордың тарихилығын терең зерттеген ғалымдардың бірі, академик С.Қасқабасов: «Фольклор тарихи оқиғаларға тікелей де, жанама да байланысты болады. Екінші сөзбен айтқанда, фольклор халық тарихындағы маңызды оқиғаларды қамтып, солардың негізінде жаңа шығармалар туындатып, тарихи қайраткерлер жайында әңгімелейді», – дейді.

Едігені қаралау да, мақтау да сол заманда, көзінің тірісінде бар еді, әлі жалғасып келеді. Едігенің тарихы қарама-қайшылыққа толы. Бұл жағдай ол туралы эпос нұсқаларында да орын алған. Эпостың татарша нұсқасында қарт Бодай би – Едігені Еділ бойындағы Булгарияға Ақсақ Темірді ертіп келгені үшін кінәлайды. Анда әйтте Бодай би:

– Көлгә-ташка болганып,

Болгарыма ни булгай –

Чыңгыз улы Жучи хан –

Ул да ватып ватмаган,

Жучи улы Байду хан –

Ул да бозып бозмаган

Болгарым бүген бозылды.

Син дә булып ир булдың,

Баба Төкләс улы пир булдың;

Сыенганым син идең,

Бу жиһанның фетнәсе

Аксак Тимер дошманны

Сарайга алып китердең,

Йөз баһадир иреннән

Йорт жиренне бастырдың, –

дейді.

Кейбір ғалымдардың пікірлері де мұны қуаттайды. Мәселен, ХХ ғасыр басында өмір сүрген татардың аса ірі ғалымы, «Шура» журналының бас редакторы Ризаэтдин Фахретдин өз журналында 1908 жылы «Мырза Едіге» атты мақала жариялайды. Едігенің өмір жолына қатысты бұрынды-соңды айтылғандарды салыстыра келіп: «Пусть простит Идегея Аллах всемогущий, он пожертвовал общими интересами ради личных интересов. Привел Тамерлана в эту страну (государсвто) и уничтожил страну Дешт-и Кыпчак, невообразимым образом разгромил и разбросал общество мусульман, привел к разрыву всяких взаимоотношений между ними. Если в эти дни мусульмане этих земле оказались в страшно униженном положений, то виновником всего этого является Тамерлан и помощником в доведении этой трагедии до конца был мирза Идегей. Все равно умер, все равно погиб от руки одного человека, если бы ушел в тот мир от руки хана Токтамыша, страна ислама не была бы настолько разрушена и уничтожена», – дейді.

ХХ ғасыр басындағы қазақ білімпазы һәм тарихшысы Мұхамеджан Тынышбаев та «Ертегідегі Едіге мен тарихтағы Едіге» атты зерттеу еңбегінде жырдағы Едіге мен тарихтағы Едіге мәселесіне талдау жасай келіп: «Әмір Темірдің Шағатай ұлысында істегенін Едіге Жошы ұлысында істемекші боп он төрт жыл ел биледі. Едігенің балалары, немерелері ол жолды ұстап, әрқайсысы әр ханға уәзір болып, бір-бірімен атыстырып, шабыстырып отырып, Алтын Орданың берекесін де кетірді, түбіне де жетті. Сонымен Алтын Орда бытырап, жоғалуына бірінші себепкер болған – Едіге, оның үрім-бұтағы. Ертегі Едігені жер-суға сыйғызбай, қанша жоғары көтерсе, тарих жолында тоз-тоз болып құрып кеткен Жошы ұлысының көзімен қарағанда, бұ жұртқа жаманшылық істегендердің арасында Едігеден асқаны жоқ» дейді.

Яғни, Едігені кінәлау ғалымдардың зерттеулерінде де бар екен. Кейінгі ғалымдар ішінде Р.Бердібайдың тарихи Едігеге қатысты көзқарастары да өңкей мақтаудан тұрмайды. Ол өзінің «Едіге батыр» жыры туралы» дейтін зерттеуінде «Әмір Темірдің құлағын көтеріп, оны Тоқтамысқа қарсы айдап салуда, Едігенің әрекеті ерекше болған», «Темірдің 1395 жылы Солтүстік Кавказ жерінде Алтын Орда әскерін қырып салуы да, сол өңірдегі көп елдерді ойсыратып кетуі де оның Тоқтамысқа өштігінен шыққан. Мұндай сойқанның да ішінде Едігенің мансап есебі жүргені шүбәсіз», – дейді.

Орыс жылнамасында: «Едіге көп адамды сабады, көп адамды тұтқынға алып кетті, көп адам қырғынға ұшыратылды... Бір татар келсе, біздің көп адам жақындауға бата алмайды, әйелдер мен балалар қорқып, бет алды қашатын», – деп таңбаланған.

Совет тарихшысы Б.Д.Греков: « В русской историографии давно сложилось представление о Едигее как об одном из наиболее коварных и хищных ордынских правителей. Это представление покоится на наиболее ценном и полном источнике по истории русско-татарских отношений конца ХІV и начало ХV в. – русской летописи. Говорим – «наиболее ценном и полном источнике», так как восточные (арабские и персидские) источники почти совсем не касаются русско-татарских отношений и заключают в себе важные сведения о Едигее, относящиеся к первому и последнему периодам его деятельности, а в остальном касаются лишь золотоордынской обстановки и отношений Золотой Орды со Средней Азией и Кавказом. Характерно, что восточные источники никакой симпатии к Едигею не проявляют и склонны считать его человеком неверным, который легко изменяет своему слову» дей келіп, Едігені жамандауда В.В. Бартольдқа арқа сүйейді. Куәлікке тартады. «О Едигее имеются небезинтересные мысли у В.В. Бартольда в статье «Отец Едигея». В.В. Бартольд далек от идеализации личности Едигея. Он писал, что если отрешиться от легенды и придерживаться истории, то основной чертой его характера явится неверность. «Покинув Урус-хана, – пишет В.В.Бартольд, – и порвав с отцом ради Тохтамыша (был ли он нукером последнего, как уверяет Абулгази, из истории Тимура не видно), Едигей потом изменил самому Тохтамышу и снова примкнул к Тимуру в 1391 г.», которому он позже опять изменил».

Осылардың үстіне Едігеге қатысты 1944 жылғы татар обкомының жұмысындағы кемшіліктерге байланысты қаулыны қосыңыз. Көзінің тірісінде-ақ Едігені жек көрушілер жеткілікті болған. Оның ішінде атақты Ақсақ Темір мен Тоқтамыстың алар орны үлкен. Бұларға арқа сүйеген қаншама жұрт Едігенің өзін, саясатын жамандап, әңгімелер, өлең-сөздер, аңыздар таратқан. Бұған қарама-қарсы пікірлер де бар.

Жұма-Назар АСАНҰЛЫ

Мақсат ӘУЕЛБАЕВ

«Ер Едігенің тарихы» монографиясы

Суреттер ғаламтордан алынды

(Жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар