Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ербол Тілешов. Мағжанның жаңашылдығы...

01.07.2015 4872

Ербол Тілешов. Мағжанның жаңашылдығы

Ербол Тілешов. Мағжанның жаңашылдығы - adebiportal.kz

Мағжан Жұмабаев

Ғасырлар қойнауынан тартқан бай тарихы, сан-салалы дәстүрі, алуан стильдік тармағы бар әдебиеттің даму жолына тыңнан соқпақ қосу – кез-келген дарынды деген қаламгерлердің де оңтайына келе бермес зор іс. Ақын-жазушының баршасы дарынды бола бермейтіні секілді, әр дарын халықтың сөз өнеріне айтарлықтай соны сүрлеу қоса алмасы хақ. Әдебиеттегі жаңашылдық – жаңа тақырыпқа қалам тарту, болмаса 1920-30 жылдардағы қазақ ақындарының еліктеп сатылай өлең жаза бастайтын талабымен емес, сол ұлт әдебиетінің табиғи қасиетіне сіңісіп, мазмұн мен пішіннің өзара үндестігімен өлшеніп, өзінен кейінгі әдебиет өкілдеріне үлгі боларлық дәрежеден табылып жатса, ұлттық болмысты таныта алса ғана сол ұлттың рухани қазынасына қосылған өміршең жаңалық болмақ. Талапты шынайы талаптан айыруға құлықсыздау әдетімізге салып, төрт аяғын тең басқан нағыз өнер туындысынан гөрі идеясы бетінде қалқып тұратын шығармаларды асыра бағалаңқырап, осындай кейбір шығармалардың авторларына жаңашыл деген атақты бере салғанымыз жасырын емес. Кімнің жаңашыл, кімнің жалған жаңашыл екендігін заман айғақтап жатыр. Жаңашылдық өміршең болмайтын ба еді, халықтың ой-санасы дамып, көркемөнері жаңа белеске көтерілгенде жазылған кезеңі өресінен аса алмай қалатын шығарманы кезеңдік туынды демеуші ме еді деген ой келеді. Соңына ізбаса ертіп, өнеге бола алмаған, дәстүр жалғастығын таппаған идеяшылық пен түрікшілдік жаңашылдық бола алмасы белгілі. Ал, жалпы көркемөнердегі, оның ішінде әдебиеттегі жаңашылдық, біздіңше, өмір шындығын молынан қамтуы мен қоғамдық сананың бұрын-соңды көрсетілмеген жақтарын ашу мүмкіншілігін арттырумен, игі иманды идеяларды аса көркем, кестелі тәсілдермен жеткізумен, жаңа мазмұнға сай жаңа формалар қалыптастырумен, соның нәтижесінде жаңаша әдеби дәстүрді, стильдік арнаны қалыптастырумен, сондай-ақ ұлттық тілдің бейнелеу мүмкіндіктерін байытумен тығыз байланысты болса қажетті. Осындай сипатты Абайдан тауып, данышпан қаламгердің қазақ әдебиетіне әкелген жаңалықтарын сөз етіп жүрміз. Абайдан кейін қазақ өлеңіне, жалпы ұлт әдебиетіне жаңалық әкелген Мағжан Жұмабаев екендігі ұлы ақынның көзі тірісінде оны жақтаушылар тарапынан да, идеясын желеу етіп даттаушылар тарапынан да айтылған. Мағжанның әдеби мұрасына тиым салынып, халқынан ажыратылмағанда, шығармалары ең болмаса 1950 жылдар ішінде болған ақтау тұсында оқырманға жол ашылғанда қазақ поэзиясына оның ықпалы айтарлықтай болып, бүгінгі таңда ақын дәстүрі жайында келелі сөз айтар едік. Өкінішке орай, әдебиетіміздің даму процесі Шәкәрімнен, Ахметтен, Міржақыптан, Жүсіпбектен, т.б. көптеген дарындардан қол үзіп қалғаны сияқты тамаша ақыннан да көз жазып қалдық. Әдетте, бұл әдебиетіміздің даму деңгейіне кері әсер еткені күмән тудырмайды. Сол себепті М. Жұмабаевтың әдеби дәстүрі турасындағы мейлінше толымды боларлық әңгімені кейінге қалдырып, бұл мақаламызда «аяулы ақын» әкелген жаңалықтарды Мағжанның өз шығармалары негізінде көрсетуді ниет етті. Алайда, ақынның кеңес құрсауына түскен мұрасы айналысына өркен жаюға үлгере алмай кетті деуден аулақпыз. Ж.Аймауытовтың: «Осы өлеңшілердің көбі Мағжан өлеңінің не сыртқы түріне, не ішкі мазмұнына еліктемей жаза алмайды» /1, 427/ дегенін және Р.Нұрғалидың: «Қанша қиямет туғанымен, бір керемет нәрсе, Мағжан өлеңдері, поэмалары ел арасына фольклор шығармалары секілді тез тарап, халық жүрегіне, жұрттың ой-санасына, елдің ақыл зердесінде қалып қойған еді... Сондықтан Мағжанмен қатар жасасқан аға буын, оның алдын көріп сабақ алған шәкірттерін былай қойғанда, кейінгі ұрпақ қаламгерлерде ақын мұрасынан хабардар еді» - деген пікірін /2, 105/ жадымыздан шығармай Мағжан шығармаларының жаңашыл сипатын алдымен оның өзінен іздегенді жөн санадық.


 

Жаңашыл қаламгерді туғызатын, алдымен, қоғамдық орта. Қоғамдағы алуан саяси, әлеуметтік өзгерістер, әдебиетке жаңа идеялар, тың тақырыптар әкелді, яғни жаңаша мазмұн дарытты. Осы тұрғыдан шамалағанда, Жұмабаев шығармашылығындағы мазмұн жаңалығы жайлы бастапқы сөз болуға лайық. Ақынның алғашқы шығармалары, шамамен 1915-16 жылдарға дейінгі жазғандары мазмұн жағынан келгенде сыншыл, ағартушылық реализм арнасында болды. Ыбырай, Абайдан басталатын кең арнадан табылып жататын мұндай шығармалардан автордың өзіндік даралығынан гөрі, сол тұстағы әдеби ортаның шығармашылық принциптерін берік ұстанған жас ақынды көреміз. Алайда ерен поэтикалық дарын, субъективті ақындық тұлға шәкірттік кезеңде қалып қоя алмайды. Қаламы төселіп, дүниетанымы қалыптасқан ақын көп кешікпей пікір жүзінде де, бейнелеу әдісі тұрғысынан да ешкімді қайталамайтын жаңа жол табады. Өзіне дейінгі ақындар, өз тұстары қоғамды бейнелеуде, негізінен, ағартушылық, сыншылдық реализмді ұстанса, Мағжан жоғарыда аталған жылдардан бастап романтизмге түседі. Бұл оның жұрттан өзгеше бола қояйын деп тапқан жолы емес, замана шындығын қабылдаудағы дүниетанымын, ақынның субъективті мінезімен байланысты, солар айқындаған жол. Ақынның осындай ерекшелігі өмірді бейнелеу, бағалаудың өзіндік сипатын қалыптастырады. Мағжанға дейінгі қазақ поэзиясына қоғамдық құбылыстарды оймен бағалау, ел мұңын айтқанда елді оқу-білімге, өнер үйренуге, еңбек етуге шақыру, моральдік-эстетикалық мәселелерді көбірек қозғау тән болып келсе, Мағжан өлеңдерінде автордан тыс дамитын оқиғалардың өзі ақынның өз сырындай айтылып, мазмұн автордың субъективті ой-пікірінің мазмұнынан туындап жатты. Қазақ өлеңіне Мағжан әкелген сыршылдық жөнінде, жалпы оның поэзиясының басты ерекшелігі сыршылдығында екендігін әйгілі мақаласында Ж. Аймауытов білгірлікпен айтып кеткені аян.


 

М. Жұмабаевтың әдебиетімізге әкелген ең басты, ең күрделі жаңалығы бұрыннан бар романтизмді орнықтырды. Өзіне дейін әртүрлі қырда, азды-көпті көріп келген әдеби бағытта бар бояуымен әдебиетімізге әкеліп, оны әрлендіре түсті, байыта түсті. Реализмнен өзгені мойындай қоймай, оны керітартпа деп, ғылыми таным елегінен өткізгеннен гөрі жылы жауып қойып, үрке қарайтын әдетімізден арылып, өмірді бейнелеудің романтикалық әдісі әдебиеттің ішкі мазмұнына бірсыпыра ілгерінді ерекшеліктер әкелгенін саралауымыз қажет. Мағжан романтизмі әдебиетке адамның ішкі әлемінің алуан қырлары терең бейнелеуді әкелді. Әсіресе, ол эмоционалды, сезімі ұшқыр адамның жан дүниесін алғаш болып көркем кестеледі. Әрине, бұл арада Абай тәжірибесінен зерде көкжиегінен тысқары қалдырып отырғанымыз жоқ. Абайдың сыршылдығы оның ұлы мұрасының бір арнасы іспетті еді. Енді осындай сипат Жұмабаев шығармашылығының жалпы бет-бағдарына айналды. Реализм негізінен, өмірдің сараланған шынайы болмысын қамтыса, романтизм әдебиеті адамның ішкі жан-дүниесіне, сезім сырларына үңілді. Осы жағынан келгенде романтизм толыққанды реализмді әзірледі. Осыған орай толықтырсақ, ол адамның ішкі әлемін барша иірімдерімен, жүрегін аттай тулатқан қуанышымен, мұң жеңіп, шер басқан сәттерімен көрсетіп романтикалық кейіпкер бейнесін жасады. Мағжан романтизмнің алғашқы бетінде оның кейіпкері – мейлінше жігерлі, өр тұлғалы ұлттың тәуелсіздігі үшін күресті, ерлікті аңсаушы және ол қасиетті парызды абыроймен орындауға сенімі мол күрескер кейпінде болушы еді:

Жер жүзіне ар атағым жайылған,

Жан емеспін оттан, судан тайынған.

Қайраты мол қандыбалақ қыранмен

Күн болған жоқ жаудан жүрек шайылған

немесе:

Тірілтейін алып атам аруағын

Тазартайын Сарыарқаның топырағын

Жан-жағына тегіс билік жүргізіп,

Кемеліне келсін кейінгі ұрпағым.

Мұндай күшті кейіпкер, отаршылдыққа қарсы ең екпінді оққа татитын пәрменді сөз бұрын-соңды әдебиетте айтылмап еді. Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында жазылған асқақ пафостағы өлеңдер мазмұны жағынан алғанда поэзиямыздың мазмұн ауқымын кеңейтк түскен дүниелер. «От», «Пайғамбар», «Күншығыс», «Тез барам», «Жер жүзіне» өлеңдеріндегі романтикалық пафос, ерлікті аңсаушы лирикалық кейіпкер, зор сенім – ХІХ ғасырда отаршылдықты сынаған, ел мұңын жеткізген зар заман ақындарының да, одан кейінгі ағартушы реализм дәстүрі өкілдерінің де поэзиясында болмаған тың серпіліс. Оның романтизмнің алғашқы тауарларындағы оптимистік мазмұн-отаршылдыққа қарсы күрес дәуірі болған ояну жылдарының жалынды жыры. Қазақ қоғамы Кенесары сияқты жауға шапқан ерді көрген еді, қазақ қоғамы «кәпір бұзған» елдің сиқын өлеңге қосқан Дулатты, Шортанбайды, Мұратты көрген еді, қазақ қоғамы халықтың іргелі ел болуын өнер-білім, мәдениетпен байланыстырылған Ыбырайды, Абайды, Шәкәрімді де көрген еді, алайда елдің азаттығы үшін күресті саясат жүзіне көшірген «Қазақ» секілді газет ашқан, «Алаш» сияқты партия құрған зиялы қауымды көрмеген еді. М. Жұмабаев сенімі – қиялшыл тұлғаның көктегі арманы емес, бас көтерер азаматтардың осы игі іс-әрекеттерден қуат алған, содан барып бостандық таңына асыққан ақындық сөзі. Жаңа заманның рухын жүрегімен қабылдаған Мағжан сияқты аса ірі табиғи дарын жаңа дәуір кескінін жаңа поэтикалық мазмұнға айналдырды. Ендігі жерде ағартушылықтан гөрі халық санасын ояту үшін жалынды сөз, күрескерлік рухтағы жыр мейілінше қоғам қажетін өтуге тиіс болды.


 

Мағжан жолы төл әдебиетімізде арналы бағытқа айналуы тиіс еді. Басты бағыт болмаса да, реализммен селбесіп әдебиетіміздің қоғам өмірін адамның жан-дүниесін жан-жақты бейнелеу мүмкіншілігін арттыруға елеулі үлес қосар еді. Алайда, кеңес диктатурасының нұсқаумен, межелеумен жүретін әдебиетті өкімет пен партияның пәрменді қолымен жаңа әдебиеттің барша кеңістігін жайлап алды. Жиырмасыншы жылдардың ортасына дейін көрінген романтизм /М.Жұмабаев, М. Әуезовтің алғашқы әңгімелері, Б. Күллев т.б. /ҚазАПП-тың құрылуымен. 1926-27 жылдардағы әдеби айтыста кеңесшіл ақын-жазушылардың «жеңіске»/ әрине, ресми идеологияның ойынан шыққаны үшін /жетуімен, ұлттық санадағы қаламгерлердің қудалануымен, кейінірек соцреализмнің бірден-бір бағыты ретінде қалыптасуымен әдеби процестен ысырылып тасталды. Соцреализмнің М. Горький, А.В. Луначарский секілді беделді теоретиктері тарапынан романтизм тек төңкерілісшіл, әрі социализммен, пролетариат өмірімен тығыз байланыста болуы қажет деп түсінідіріліп, бұл әдеби бағыттың өзге ағымдарын, өзге формаларын реакциялық, жеке басты күйттейтін дарашылдық дегендерімен ұштасып кеңестік әдебиетшілердің бұлжымас ережесіне айналды. Әлгіндей, әдебиетке жасалған тұрпайы әлеуметшілік науқандардың бірқатарын бастан кешірген М. Жұмабаев шығармашылығы негізінен романтизмнен айныған жоқ. Алдымен, оптимистік, кейіннен элегиялық, пессимистік, индивидуалистік, концервативті сарынды жат көрмеген ұлы ақын романтизмін – әдеби дамудың қол жеткен үлкен жетістігі өмірді шынайы, бар бояуымен көрсететін реализмнен арашалау немесе асыра дәріптеу ниетімен мақсатымыз орайласпайды, бұл арадағы біздің міндетке алғанымыз - бір ғана таптың тілегіне жұмсалуға міндетті болған, өмірді тек партияға ұнайтын қырынан ғана көрсетуге мүдделі болған реализм социалистік тәрбиеге қызмет етпей, шығармашылық еркіндігін, табиғатын сақтап, соның нәтижесінде үгіт-насихаттық емес, нағыз көркемөнер туындысын тудырған қаламгердің сол тұстағы қазақ әдебиеті үшін бағытты ұстануын, оған өз тарапынан жаңаша мазмұн, тың сипаттағы түр әкелгендігін баяндауда. Ал, оның қаншалықты жемісті, әрі дұрыс болғанын кешелі-бүгін танып жатқан Жұмабаев поэзиясының асыра мақтауға тіптен мұқтаж емес асыл да, айшықты беттері айғақтап отыр. Енді Мағжан романтизмінің жаңашыл сипаты неде? Көркемөнер тап құралы, партия құралы, партия қаруына айналған кезеңде қандай құнды сипатымен әдебиет ауасына тың самал желпіді деген сауал төңірегіне жетейік. Біздіңше, ақын романтизмінің кеңес тұсындағы бағалығы, әрі өзгелерге ұқсамайтын сонылығы – қарумен, дүрліктірумен, аштықпен бүтін ұлттарды бір қоғамдық формациядан, екінші бір қоғамдық бір сатыға төңкеріс арқылы өткізіп «жасанды бақыт» жасамақ болған әміршіл өкіметке өз идеясын ғана дұрыс деп санайтын демократиядан жұрдай партияға іштарта қоймауы, ұлттық тамырды жүрегіне мықтап ұстанып, тілегіне, арманына, тіпті кейде шындық болмыспен санаспай қиялына айналдыруы.

Құрбының көбі тез түлеп,

Топырлап топқа шапқанда,

Жапанда жалғыз күңіреніп

Мен ойыма ергемін, -

деуі жоғарыдағы пікірімізге дәлел бола алса керек. Міне, осындай ұлттық дүниетанымынан туған романтизм – бұл әдеби бағыт ұлт санасының өсуімен, бостандық идеясымен тікелей байланысты – ақын әкелген бірнеше үлкен жаңалыққа меңзейді. Біріншіден, сөз өнерімізде бұл әдеби бағытты аяқтандырады. Бұл ұғымға осы бағытты жан-жақты және өзіне дейін болған тәжірибелерді мейлінше толымды түрде орнықтырды деген мәселе сыйса қажет-ті. Өмір шындығын бейнелеудің осы тәсілін жетілдіру, жаңа суреттер салу, жаңа бейнелер сомдау көркемдік саладағы аз олжа болмасы хақ. Екіншіден, поэзиямыздың идеялық-тақырыптық көкжиегін кеңейтті. Бұрындары да бар махаббат, көңіл-күй, саяси-әлеуметтік, тарихи т.б. – өмірлік жайттарды жаңа мазмұнмен байтты. Соның барысында қазақ поэзиясы Мағжан арқылы қазақ қоғамының бұрын айтылса да терең көріне бермеген тұстарына барлау жасады, кейбір жалпылама айтылғандарды көркем кестемен нақтылай түсті. Үшіншіден, ақын романтизмі өзіне етене жақын элегия, лиро-эпикалық поэма, мифтік-фольклорлық мазмұндағы поэма, интимдік лирика, баллада секілді жанрларды жаңаша қырынан танытты немесе тыңнан қосты, яғни жаңа мазмұн жаңа түрді қажет етті, әрі тапты да.


 

Әдебиетіміздегі романтизм тарихына көз жіберсек жазылған мекені мен мерзімі есте қалмаған фольклор үлгілеріне барып тірелді, ал, әдебиетіміздің тарихында оның көрінуі – ХІХ ғ. алғашқы жартысы. Махамбет, зар заман ақындары, одан бері де Ақылбай ме Мағауия шығармалары. Осы аталған ақындардың романтизмнінің түрін /ағымын/ ажыратар болсақ, онда Махамбеттің шаруалар көтерілісіне дейінгі оптимистік – төңкерісшіл және көтерілістен соңғы элегиялық романтизмі, Дулаттың, Шортанбайдың, Мұраттың, Әбубәкір Кердерінің өткенді идеяландыру сарынындағы консервативті, отаршылдыққа қарсылыққа толы романтизмі, кемеңгер ақын ұлдарының адамның жеке басының мүмкіншіліктерін көрсету үшін әдеттегіден тыс оқиға алып жеке адамдар мінездерінің айрықша қасиеттерін бейнелейтін / «Медғат-Қасым», «Дағытан» /индивидуалистік романтизмі деп жалпылай сипаттама жасауға болар еді. Оған ХХ ғ. басындағы Шәңгерейде кездесетін элегиялық күйлерді, Б.Күлеевтің интимдік әуендерін қосайық. Осы аталған мазмұндағы романтизм ағымдарын М. Жұмабаевтан молынан ұшыратамыз. Бұл Мағжан поэзиясында қазақ романтизміне тән барлық белгілер көрінді деген түсінікті қалыптастырады. Жоғарыда айтылған ішкі ағымдарға қоса ол романтизмге, мифтік-фольклорлық, демократтық, субьективтік белгілерді дарытты.


 

Көркемөнердегі, оның ішіндегі әдебиеттегі жаңа мазмұн қаламгер өмір сүрген дәуірдің тарихы, қоғамдық-әлеуметтік шарттарынан барып туады десек жаңа сөз айтқан болмаймыз. Тек айтылған заңдылықты өз мақсатымызға орайластырған боамыз. Төңкеріс қарсаңындағы Жұмабаев поэзиясы отаршылдыққа қарсылық идеясына толы болды. Зерделі оқырман: «Мұның несі жаңалық, ХІХ ғ. поэзиясында бұл идея молынан көрініс берді» - дер. Мәселе, Мағжанның әдебиетіміге әлгіндей идеяны әкелуінде емес, оны өз дәуірінің сұранысына орай жаңаша мазмұнда жырлауында. Оның жыры Шортанбайдың:

Ағашты тауға үй салып,

Алды кәпір ақылдап.

Елді еркіне қоймады,

Буыршындай тақымдап

немесе Дулаттың:

Еркінше өскен қайран ел,

Дәулеттің бейне шалқар көл,

Айдынның бейне асқар бел

Ботадай бұла өскен тел,

Енді келіп қамалдың

Орыс салған қу тамға...

дегендеріндей өз еркіндігінен айырылған бодан елдің шарасыз хәлі емес, Алаш жерінің жылдан-жылға Ресей уысына кіріп бара жатқанын, ел басқарып отырған «игі жақсылардың» оқалы түймелі орыстарға жалтақтап отырғанын, Кенесары сияқты азаттық ұранын салғандардың жеңілгенін көрген Шортанбай, Дулат заманында әлгіндей жолдардың жазылуы, әрине, заңды құбылыс. Орыс әбден жайлаған, оңды-солды қанқұйлы саясат жүргізе бастаған тұста, қазақтың болашағынан оқу-білім, мәдениет өрінен көріп, ағартушылық ойды дамытқан Ыбырай, Абай, Шәкәрім де өз дәуірлері үшін қисынды сөз. Мағжанның отаршылдыққа қарсылығы мейілінше жігерлі. Бұл ХІХ ғасырдан түбірлі айырмасы бар, қоғамда зиялы қауым қалыптасып, оның саяси, мәдени іс-әрекеттері елге отаршылықтың езгісін көрсетіп берумен ғана, халықты оқу-білімге шақырумен шектелмейтін жаңа дәуірдің М. Жұмабаев сияқты жаңа ақыны қазақ өлеңіне жаңа саяси-қоғамдық мазмұн әкелді. Ол алғашқы шығармаларында дәстүрлі ағартушылық-демократтық арнада болып келгенімен, аса зор ақындық табиғат оған ХІХ ғасырдан да, тіпті ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан да айырмашылығы бар қоғамның жырын айтқызды. Ендігі жерде зар замандық сарын, ағартушылық жолдағы үгіт-насихат емес, халықтың ойын саяси жайттарға аудару, еңсесі түскен елді еркіндікке үндеу ерлігі ересен, дәулеті шалқыған алаштың өткенін бейнелеу мейлінше тиімді еді. Ұлы ұрыстарда дарынды қолбасшы, жаужүрек батыр туатыны секілді, тарихи қажеттілік Мағжан сияқты ақынды берді. Батыр тудырған заман – ақынды да тудырды. Басылған елдің еңсесін көтеруде, мәдениет, оқу-білім қалай қажет болса, жігерлі жыр да соншалық қажет болды. Осы орайда, Мағжанның «Тез барам», «Жер жүзінде», «Күншығыс», «Пайғамбар», «От»,жырлары өз замандастары арасында жаңа мазмұндағы поэзияның алғашқы, соны үлгілері болды. Төңкерісшіл, асқақ пафостағы жырлар Махамбет поэзиясында да болатын. Оның лирикалық кейіпкерлері шаруалар көтерілісін көрсететін де соның мақсат-мүдессінен туып жататын. Махамбет романтизмін Исатай Тайманов бастаған белгілі көтеріліс дүниеге әкелсе, Мағжан романтизмін жалпыұлттық азаттық идеясы тудырды. Міне, осы жоғарыда айтылған жайттарды сараптай келгенде, ақын романтизмінің жаңашылдығы турасында сөз етуге әбден болады. Ілгеріде келтірілген өлеңдер, оларға қоса жаңа мазмұндағы тағы да бірсыпыра туындылары қазақ саяси-әлеуметтік лирикасын идеялық жағынан да, көркемдік шарты жағынан да едәуір байтқан, оған тыңнан тыныс әкелген дүниелер. Жұмабаев жаңашылдығының әрі бедерлі, әрі бейнелі тарауы-сыршылдығымен сабақтас. Оның әдеби мұрасында молынан кездесетін мұндай өлеңдерде өзіндік сырға толы, тез жараланғыш, тез жұбанғыш ақын жүрегі, көңілін де толқытса, соның қуанышы жан мұңына берілгіш ақын жаны поэзия тіліне кемел де келісті көркемдікпен көшіріліп, қазақ поэзиясында сезім жырының жаңа бетін ашты. «Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек» - дейді ақын Ақан Сері өміріне сүйсіне отырып /1,340/. Осы ықыласты сөздерді автордың өзіне арнауға боларлдық. Махамбетте, Абайда, Шәкәрімде, Сұлтанмахмұтта жүректерін билеп, жандарын толқытқан идеяны ғана поэтикалық идеяға, яғни шығармаларының пафосына айналдырмап па еді. Асылы, шынайы дарындарға тән бұл қасиет олардың поэзиясының өміршең сипаты болса керек. Субъективтітілігі басым, лирика жанрының ақын психологиясымен, биографиялық жақтарымен тығыз байланыста болатынын білгенімізбен , осы ақиқат тұнған қарапайым аксиоманы кейде қаперімізге алмай ақынның өмірі мен өлеңінің арасында қоғамдық, әлеуметтік жайттарды желеу етіп, поэзия туындысын бағалау, тану үстінде оның қаншалықты шынайы ақын сөзі бола алатынан гөрі, оның идеялық жағына, қоғамдық маңызына, саяси номаларымызға сәйкестік тұрғысына соншалықты мән беріп көркемөнерге өлшеусіз зиян келтірдік. Дүниенің объективтіқұбылыстарын жүрегінен өткізіп барып ғана өлең тудыратын кемеңгер Абай үлгісі Мағжаннан ізбасар, дарынды шәкірт тапты. Сөйтіп, Мағжан тұсында қазақ өлеңінде де субъективтілік тереңдей түсті. Ішкі сырдың молдығы, поэзияның сезім күйіне айналуы, өмірге жүрек мұнарасынан баға беру – романтизмнің белгілері. Бұл белгілер ең шыншыл көркемдік әдіс реализмге де қатысты. Алайда, бұл оның романтизмдегі сияқты басты қасиеті емес, сан алуан қырларының бір тарауы ғана. Міне, Мағжан поэзиямызда осы қырды ұштап дамытты. Ақынның көңіл-күй, махаббат лирикасы тіпті саяси-әлеуметтік бағдардағы лирикасының өзі оның елгезек сезімімен өріліп жатады. Көңілі құлаған нәрсеге барынша беріліп, оны сыршыл өлеңге түсірді. Өлеңге түсіргенде де шебер суреткер сезімнің өзіндей нәзік үніне, әуезді ырғағына түсірді. Ақын сыршылдығы өлеңге екі үлкен ілгерінді ықпал әкелді. Біріншіден, қазақ өлеңі ол арқылы адам жанының терең қатпарына барды, яғни өлеңнің адамтанудағы шекарасын кеңейтті. Адам сезімінің тереңдігі мен адам ойының шексіздігін көрсетудегі Мағжан еңбегінің бағалануы тиісті жақтары мол. Екіншіден, сол терең сырларды беруде ақынның шебер тілі тіліміздің бейнелеу – стилистикалық мүмкіндіктерін арттыруда табысты жетістіктеріне жетті, яғни әдебиетіміздің мәдени деңгейінің өсуіне үлес қосты.

Жалпы, әдеби-тарихи дамуда ірі суреткерлер шығармаларында бедерлене байқалатын жаңашылдық қырларының түп-төркіні олардың заманынан да ілгері кезеңдерде жасаған ақын-жазушылардың туындыларынан аңғарыла бастайды. Бұл бір жағынан – тарихи-әлеуметтік қатынастардың орнығу эволюциясымен, соған сәйкес қоғамдық пікірдің қалыптаса бастауымен байланысты болса, екінші жағынан әдеби дәстүр жалғастығымен де түсіндірілсе керекті. Қоғмдық сананың бір түрі болып табылатын көркемдік сананың осындай заңдылығы сөз өнеріміздің сан ғасырлық тарихында бірнеше тұста мейілінше ерекшелене көзге түседі.


 

Қазақ хандығы тұсындағы деп аталынып жүрген төрт ғасырлық тарихы бар жыраулар поэзиясында жауынгерлік пафостың орны айрықша. Дегенмен, Ақтамберді, Үмбетей, Мағасқа толғауларындағы әлгіндей идеяны бұл дәуір поэзиясының ең басты мазмұны дей алмаймыз, оған қоса ел бірлігі, өсиеттік-ғибраттық мазмұндағы толғауларды да атауға болады. Ал, жауынгерлік-күрескерлік поэзия дегенде санамызға Исатай бастаған көтеріліс, Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс төңірегенде туған әдебиет еске түседі. Осы тараптағы ақындардың бейнелеу арсеналында жыраулар дәстүрінің бірқатар көркемдік компоненттерін көруге болардық. Сыншылдық, сынай отырып өнеге айту дәстүрі Абайға дейінгі дәуірде арысы-жыраулар поэзиясында, берісі – Дулет пен Шортанбай замандарында молынан көрінгені мәлім. Алайда, қоғамдық қарым-қатынастардағы келеңсіздіктерді сынау, жеке адам болмысындағы кемшіліктерді мінеу, олардан қорытынды шығара отырып, игі, ізгі, иманды қасиеттерге қарай бейімдеу, бағыттау қазақ әдебиетінде Абай шығармашылығында толымды сипатқа айналғаны белгілі. Сондай-ақ, қазақ поэзиясында ертеден келе жатқан философиялық сарындар өзінің ұлы қорытындысын Абайдан тапты. Асылы, бастапқыда әдебиетке енген идея болсын, тақырып болсын пікір, алдымен, ойтүрткі ретінде туады да, өзіндік көркемдік қорытындысын келесі дәуірлерде тапса керек. Бұл әлгі идеялардың қоға өміріне кең орын алуымен және көркем түрдің жетілуімен байланысты болады деп ойлаймыз. Міне, осындай заңдылықты Мағжан Жұмабаевтың шығармаларынан да көреміз. Отаршылдыққа қарсылық сонау Бұхар жырау заманынан одан, беріде зар заман ақындарынан құнарлы орта тауып, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Дулат, Мұрат, Шортанбай т.б. ақындардың шығармаларында кеңінен айтылды. Дулат пен Мұраттағы, Шортанбай мен Нұрманбеттегі отаршылдыққа дегенге сын – дәстүрдің бұзылуы, жердің таруы, діннің әлсіреуі сияқты кері өзгерістерді бейнелеу арқылы, бүгінге өткенді қарама-қарсылықты көрсету арқылы көрінсе, ғасыр соңында мұндай қарсылық ағартушылық идеялармен сабақтастырыла бастады. ХХ ғасыр басындағы ұлтты ояту, рухани жаңғыруға үндеу бағытындағы А. Байтұрсынов, М. Дулатов өлеңдеріндегі ағартушылық пен сыншылдықта Абайдың дәстүрі сезіліп тұратын. Дегенмен ол қазақ қоғамындағы Абай заманынан түбегейлі айрмашылығы бар жаңа кезең еді. Жаңа кезеңнің жаңа сөзін дәстүр салтындағы қолтаңбасы қалыптасқан қаламген емес, жаңа кезеңнің тарихи -қоғамдық жағдайында тәрбиеленген, қалыптасқан қаламген айтуы тиіс еді. Ұлт-азаттық қозғалыстың идеялары Ахмет, Міржақып, Ғұмар т.б. шығармаларынан көрініс тапқанымен, оның көркемдігі кемел көрінісі Мағжан шығармашылығына тән. А. Байтұрсынов пен М. Дулатов саналы ғұмырларын ағартушылық, қайреткерлік жолға арнады. Ғ. қараштың ақындық бетінде жырауларды үлгі тұтқан консервативті бағыт басым боды. Оны кезінде М. Әуезов пен Ж. Аймауытов жазған еді /3/. Ал, М. Жұмабаевтың ақындық қабілеті ұлт-азаттық идеяны көркем кестелеуге бейім тұратын. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Мағжанның табиғи дарынында ағартушылық рационализмнен гөрі, сезімшілдік, ағымдағы оғиғаны жылдам қабылдайтын ұшқырлық басым жататын. Екіншіден, ақын өлеңді үгіт-насихат құралы деп түсінбеген, оған қаламгер шығармаларындағы әдеби-эстетикалық танымның тереңдігі дәлел. Үшіншіден, оның болмысында өмірді романтикалық тұрғыдан бейнелеу қабілеті өзгелерден де терең болатын. Жалпы әлемдік әдебиет тарихының тәжірибесі дәлелдеп отырғанындай ұлт-азаттық қозғалыс, ұлттық сананың ояну дәуірінде, әдетте романтизм өркен жаятынын белгілі. Төртіншіден, жаңа дәуір өзінің жаңа идеяларын ала келсе, көркем әдебиет оларды табиғатына сай соны формада бейнелеуі заңдылық. Осы орайдан келгенде Мағжан шығармашылығының жанрлық болсын, тілдік-стильдік болсын қырларындағы жаңалықты аңғармау мүмкін емес. Бесіншіден, Мағжанның ұлт-ахзаттық тақырыбындағы шығармалары уақыт жағынан, кеңстік жағынан алғанда қазақтың қай ақынының болса да шығармаларынан кең. Рухани бостандық, ұлт бостандығы сонау Қорқыт, одан берідегі Абылай, Кенесары замандарынан өз дәуіріне дейін желі тартып жатыр. Алтыншыдан, жалпы бостандық, ерік азаттық мәселелері – Мағжан шығармашылығының алтын арқауы. Осынша көлемде осындай іргелі тақырыптарды жырлаған ақын оған дейін де, оның заманында да болған емес.


 

Ілгеріде айтылған жайлардан шығатын түйін – әдебиеттегі тақырып пен идея бір кезеңнің ғана жемісі емес, үлкен әдеби процестің өнебойында байқалатын, ауқымды, бай дәстүрлі құбылыс. Алайда, өмір шындығының әдебиетке көшуі, автордың оған берген эстетикалық тұжырымы уақыт өте келе басқа авторлар тарапынан өзгере, өңделе, дамытыла береді. Мұндай процесс идеяның пікір жұзінде тууынан бастап көркемдікке қарай жетіле түседі. Кезінде тікелей айтылған ойлар бейнелі байламдарға айналады. Міне, осындай көркемдік сапаның артуы кезінде Бұхардан, Дулаттан бір байқалса, Абайда ірі көркемдік деңгейде көрінді. Ал, ХХ ғасыр әдебиетінде Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы әлгіндей көркемдік өсудің алғашқы толыққанды үлгісі болды. Бұл жалпы алғанда қазақ әдебиетінің соны көркемдік олжасы еді.


 

Жалпы, көркемөнердегі сияқты, сөз өнеріндегі жаңа бастаманың орнығуы адамды, адам мен қоғам арасындағы күрделі де, әрқилы қарым-қатынасты жаңа қырынан бейнелеумен байланысты. Міне, осы бір арналы тұстан өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдыру, қоғамдық ортада болып жатқан өзгерістерді таныту, автордың суреттеп отырған объектісіне қатысты, адамгершілік, ізгілік көзқарастары, суреткерлік шеберлігі мен дүниетанымы айқындала көрінеді. Жыраулар поэзиясында олар өмір сүрген тарихи дәуірдің ең көрнекі өкілдері, негізінен хандар, батырлар бейнелесе, одан берідегі зар заман ақындарында да батырлар, билеуші тап өкілдері көрініс тапты. Оны Дулаттың, Шортанбайдың, Мұраттың тағы басқалардың шығармаларынан көруге болады. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы дәстүрлі поэзия өкілдерінен де осыны көруге болады. Яғни, жазба әдебиетке дейінгі қазақтың дәстүрлі сөз өнерінде халыққа белгілі деген адамдардың бейнесі жасалды. Мұндай шығармаларда бірде сын, бірде мадақ араласып қаһарман жасауда дәстүрлі поэзия өкілдері жазба әдебиеттегідей толыққанды образ жасау биігіне жете қойған жоқ-ты. Бұл әдебиеттің әлі де халық өмірін жан-жақты игермегенін, сол кездегі сөз өнері алдында мұндай міндеттің тұра қоймағандығын аңғартады. Сөйтіп, қарастырылып отырған кезеңдегі әдебиетке демократиялық және гуманистік идеялардың тереңдей қоймағанын аңғарамыз.


 

Абай шығармаларындағы адамның әдеби-эстетикалық және қоғмдық-әлеуметтік, философиялық болмысы өзіне дейінгі әдебиетке қарағанда едәуір жан-жақты болды. Абай арқылы қазақ өлеңі өмірдегі адамға, оның реалды тіршілік аясына бойлады. Ұлы ақын көрнекті тұлғалардан гөрі қатардағы адамға жуық тұрып, өлеңдерінде оны барша қарама-қайшылығымен бейнеледі. Ойшыл ақынның сынында, ағартушылығында, олардан туындайтын жоғары талаптарында адам сүйгіштік, адамға деген жанашырлық, ізгілікке үндеу басым түсіп жатады, сонысымен де ол әдебиетімізде демократиялық сипат пен гуманистік мазмұнды тереңдетті. Ақын адам бойындағы қайшылықтардың сырына бойлай отырып, өзінің бай ішкі әлемі арқылы ізгілік мұраттарды насихаттады және мұндай насихат кешегі дидактикалық поэзиядағыдай тікелей емес, образ арқылы, адамның жанды бейнесі арқылы беріліп, әдеби-эстетикалық аңғарда көрінді. Сөйтіп, Абай арқылы қазақ өлеңі жалаң сөзден адамның сезімін баурайтын жанды сөзге, асыл сөзге ауысты. Сол себепті де М. Әуезов: «Абай қазақ оқушысының ойымен қатар сезімін де тәрбиелеген» - десе /4,350/, Қ. Жұбанов: «Оның сезімі ойшыл сезім. Оның ойы да сезімшіл ой» - дейді /5, 36/. Бұл Абай шығармашылығына дәл айтылған терең сөздерден ақынның насихатшы емес, гуманист суреткер болғанын аңғарамыз. Абай өмір сүрген уақыт – отаршылдықтың ең бір асықынған тұсы, ел ішінің соның зардаптарынан рухани ыдырауға түскен кезі десек, онда Абайдың ащы сынын, қатал талабын ұғынуға болады. Десек те, Абай жасаған әдеби бейнелер сол дәуірдің шындығымен орайласып, ақынның ағартушылығын, сыншылдығын көрсететін де, жеке-жеке билеуге түсіп, отаршылдар мүддесінен басы бірікпей отырған халықтың рухани ой-аңсарын, қоғамдық-әлеуметтік әлеуетін бейнелей алмайтын еді. Бұл өз заманының реалды болмысынан шығып отырған суреткер үшін үлкен кемшілік емес те шығар. Алайда, Абай назарынан отаршылдық сияқты зор нәубәттің тыс қалуы бір жағынан таңқаларлық, екінші жағынан түсіндіруге де боларлық жайт. Бұл мәселе абайтануда саналы түрде қарастырылмай жүргенімен, Мұхтар Әуезов оның себебін өзіне тән тереңдікпен көрсетіп берген. Ы. Алтынсарин мен Абай шығармаларының сипаты туралы ой қорыта отырып ол: «Бірақ бұлардың тобы саяси-әлеуметтік құрылыста патша үкіметінен қысым көрмейді. Қайта содан сыбаға алып, соның өзіне қоңсы қонған тап. Сондықтан ол тап ақындары төңкерісшіл қарсылық тақырыбы мен төңкерісшіл сарын сияқтының ешбіріне жоламайды. Қазақ өлкесінің олар кезінде отар боп жатуы да бұлардың сана-сезіміне әсер етпегендей болады» - дейді /6, 278-279/.


 

Бұған қоса Абай заманында отаршылдық саясат бұрынғыдай ашық жойқын түрде емес жымысқы реңк алып, жоспарлы түрге көшкен. Халық бұрынғыдай күшпен емес, әртүрлі формадағы жарлықтар мен реформалар арқылы жүзеге асырылып халықтың тұрмысы отаршылар тарапынан таңылған өзгерістерге бірте-бірте бейімделе бастаған. Сондай-ақ отаршылдық өкіметтің ондай шараларына қарсы болғандар жазаланып халық санасын үрейде ұстап отырған. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ірілі-ұсақты көтерілістер басылып, жаншылып ендігі жерде елдің ұйымдасып бас көтеруге амалы қалмағанда еді. Ал, ғасырдың екінші жартысындағы көтерілістер жалпыхалықтық, тіпті жалпыаймақтық сипатқа ие бола алмады. Халық арасындағы отаршылдар тарапынан ыдырауға ұшыраған бірлік, соның нәтижесінде қалыптасқан бытыраңқылық Абай поэзиясынан көрініс тапты. МАғжан «алтын хакім» ізіндегі гуманизмді арқау ете отырып, ағартушылық арнада «Қарағым», «Өнер-білім қайтсе табылар», «Мен сорлы», сыншылдық арнада «Сорлы қазақ», «Жатыр», «Қазағым» т.б өлеңдер жазғанымен бұл бағытта көп аялдаған жоқ. «Шолпан» жинағынан да жаңа өңірлерді барлады. Абайдан кейінгі әдеби дәуірде Ахмет, Міржақып, Спандияр, Сұлтанмахмұт, Мұхаметжан тараптарынан біраз шиырланған теңдіктен айырылған қазақ қызының бейнесін жасаған Мағжанның сентименталистік образдарын айтпағанда, ақын қазақ әдебиетіне жаңа идеялық-эстетикалық сападағы тың бейнелер әкелді. А.Байтұрсынұлы мен М. Дулатов шығармаларында ағартушылық, публицистикалық сарында көрінген азаттыққа асыққан қаһарман Мағжан поэзиясында мейлінше көркем бейнеге айналды. Тұтас кезеңнің рухани көсемі болған қайраткер, ақын ағаларының бастамасын Мағжан көркемдік кестемен әдіптеп асыл сөзге айналдырды. Оның ақындық «менінен» туындап халқы мен ақынның аңсарынан сомдалған бұл бейне көркемдік деңгейі жоғары болған себепті – ұлт-азаттық кезеңнің шынайы қаһарманы болды. Сөйтіп, Мағжан өз заманының ең ілгерінді идеясын бейнеледі. Дәл осы тұста Ахмет Байтұрсынұлының: «...елде жоқ рух ақын сөзінде де болмайды. Елде бар рухты ақын ықтимал дәріптеп, күшейтіп, көпіртіп, көркейтіп айтады. Бірақ жұртта жоқ рухты өзінен шығарып айта алмайды. Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды» - деген сөздерін еске түсірген абзал /7, 238/.


 

Ақынның мұндай қаһарманында жекелеп алғанда Махамбеттің кегі, Дулат пен Мұраттың наласы, Абайдың талапшылдығы мен даналығы ерекшеленіп көзге шалынбағанымен, мұнда солардың барлығы аңсаған, солардың барлығының жоқшысы, халқының азаттығына сенген күрескердің тұтас тұлғасы бар. Бұл ақын кешкен ояну дәуірінің өзіне дейінгілерден уақыт артықшылығы, бұл өзіне дейінгілердің деңгейінде қалмаған ақынның дарын артықшылығы. Бұл пікірдің дәлелі мен дәйегі – «Жер жүзіне», «Тез барам», «Есімде... тек таң атсын», «От», «Пайғамбар», «Күншығыс», «Алыстағы бауырыма» т.б. жырларында. Соның нәтижесінде дәуірдің ең жетекші идеясы Мағжан лирикасында көркем образға айналып, өзінің әдеби қорытындысын тапты. Ақынның кемел дарыны бір мәселенің өзін әр түрлі идеялық және көркемдік қырларынан көрсете алу қабілетімен де байланысты десек, онда Мағжанның тұтас лирикалық мұрасын айтпағанның өзінде бір ортақ тақырып төңірегіндегі өлеңдерінен суреткерлік көркем ойдың алуан жақтарын игергеніне куә боламыз. Бұл үлкен ақындарға тән ішкі поэтикалық әлеуеттің қуаттылығы, сонымен бірге қаламгердің дүниетанымының кеңдігі. Айталық, «От» өлеңдерінің өзінде, оларда бейнелі сипат тапқан мәселелердің сан қырлылығы бірден көзге түседі. Мұнда Мағжанның ақындық әлемінің шексіздігі, сондай-ақ терең білімдарлығы, логикасының мығымдылығы таңқалдырмай қоймайды. Сөйтіп, қазақ өлеңінің бір Мағжан шығармашылығында жедел өсу жолын айғақтайды.


 

Айтулы жаңалық ретінде ақынның төл әдебиетімізге түркі, шығыс тақырыптарын алып келгені де айтылып жүр. Ол Мағжанның сан қатпарлы, терең тарихымызды тұтас түсінуімен, суреткерлік танымының ұшқырлығымен түсіндірілсе қажетті. Мұндағы мәселенің сыры – ақынның ғаламдық ойлауымен де байланысты қаралуы тиіс. Суреткердің көне мен жаңаны, бағзы мен бүгінгіні қосатын, сөйтіп адамзаттың өткен-кеткенін көркемдік көріктен өткізер ерен тұлға екенін ақынның өзі де жүрегімен сезінген. Мағжанның көкейінен шығып, қолымен жазылған «Алқа» айқындамасындағы мына кең толғам соған куәлік етеді: «ақынның алдында өткен, бүгін, келешек – үшеуі де тұруға тиісті. Ақын осы үшеуінің арасында көпір салуға міндетті» /8,269/. Бүгінгі мен кешегінің, Шығыс пен Батыстың, мәңгілік пен өткіншіліктің көкейтесті, өміршең қырларын жырлау-ақынның өзін де әлемдік деңгейге көтерді. Әлемдік деңгей деу, әсте, Мағжанды дүниежүзі көркем ойының алыптары жанына қойп жасанды деңгейлестіру емес, ақиқаты солай. Неге десеңіз – Мағжан сияқты үлкен суреткерді бүгінгі күнмен өлшеу қиянат. Мәселе – ақын шығармаларының ағылшын, француз, неміс болмаса қытай, үнді т.б. кең таралаған тілдерге аударылған-аударылмағандығымен байланысты қарастырылмауы тиіс. Әлемдік көркемөнердің қалыбын еуропалық, орыстық үлгілерге шақтап құю – жалпы өнер адамының еркін қиялы мен көркем танымының жемісі екендігіне, табиғи дарынның даралық тұрпатына, әрбір ұлтқа тән ерекше ойлау қабілетіне күмән келтірумен барабар. Қазақ мәдениетінің өз бетімен таныла бастауы кешелі, бүгін ғана дербес қадам енді ғана жасалып жатыр. Негізгі өлшем ақын көтерген мәселелердің ауқымдылығында, соларды көркем кестелеуінде. Осы басты бағдарлардан келгенде, Мағжан қандай ақынмен болса да өрелес, деңгейлес. Әлемдік мәдениет пен көркемөнерді жасайтын жүздеген халықтардың мәдениеті мен көркемөнері десек, онда ол дәстүрге бай қазақтың көркем ойы арқылы тек қана ұтады, жаңа қырымен толығады. Бұл тарапта Мағжан сынды тұтас ұлттың ұлы суреткерлерінің маңызы алабөтен.


 

Түр, поэтикалық пішін сонылығы тұрғысынан келгенде Мағжан өлеңінің өзегінде қазақ тілінің мол мүмкіншіліктері өркендетіле дамытылады. Жаңашылдықтың баяндылығы мен өміршеңдігі соны тақырыптық-идеялық мазмұнның соған сай көркемдік түрге бөлінуінде десек, оған орайлы мысалдарды Мағжан өлеңдерінен молынан табуға да, оларды көрсетуге де әбден боларлық. Ақынның көркемдік түр саласындағы жеміс ізденістері – арнайы әңгіменің арқауы.


 

Бұл әдеби бағыт тұсында қандай елдің болмасын сөз өнерінде лириканың қатты дамығаны – ілгеріде айтылған бейнелеу әдісінің ерекшеліктеріне байлаулы. Лирикалық жанр үшін аса табысты болған романтизмнің мұндай қырлары, романтикалық эпосқа келгенде, повесть пен романға қарағанда поэма үшін аса оңтайлы болды. Поэма жанрындағы романтизм үлгілері дәстүрлі эпикалық поэмадан гөрі лирика мен эпостың синтезін түзілген лиро-эпикалық поэманың қалыптасуына әкелді. Сол себепті де Еуропа, орыс әдебиетінде классизм мен ағартушылық әдебиеттегі поэмалардан кейін, қазақ әдебиеті үшін дастандардан соң лиро-эпикалық поэма жаңалық ретінде қарастырылды. Батыс әдебиеттеріндегідей қазақтың әдеби ортасында ескі мен жаңаның арасындағы идеялық күрес қарқынды жүрмегенімен, әдеби сынның әдеби процеске араласып ықпал жасамағанымен, ұлттық мазмұндағы қазақ лиро-эпикалық поэмасының өмірге келуі сол кездегі қалам иелерін бей-жай қалдырған жоқ. М. Әуезов романтизмнің сыршыл-субъективті сипатына ерекше тоқталып: «Жазба әдебиетінің Абайдан бергі дәуірін алғанда, жолын өзгертетін жаңалық соңғы жылдарда туып келеді. Ол жаңалық жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық романтизм дәуірі. Бұрынғы ауызша әдебиеттен, одан бергі Абай заманынан бері реализм сарыны көбінесе құрғақ ой, жадағай сөз күйі осы күнде ішкі терең сезім, нәзік сыр күйінде айналып келеді. Бұның: М. Жұмабаевтың соңғы «Ертегі», «Қорқыт» сияқты өлеңдерінде бар» - деп жазса /4/, Ж. Аймауытов: «Баян» - қазақ әдебиетінде бола бермеген табыс. Әсіресе, «Баянның» басқы бөлімінде сурет, шешендік толғау, күй төгіліп кеткен» - дейді / 1,427/.


 

Лирикалық бастау мен эпикалық құлаш мұндай поэмалардың ерекше баяндау мәнерін қалыптастырды. Автордың кейіпкерлер әрекетін, оқиға барысын субъективті мәнде бейнелеуі, содан өріс алатын терең сыршылдық, эмоционалды реңк, сезім тасқыны, кейіпкерлердің ішкі әлемінің айқарыла, ашыла суреттелуі – ерекше эстетикалық жағдай тудырып, оқырман қабылдауындағы белсенділікті үдетті. Лиро-эпикалық поэмада дастандарға, өзінің алдындағы поэма түрлеріне қарағанда табиғат көріністері де айтарлықтай орын алды. Мағжан поэмаларындағы Көкше, Бурабай, Жетісу суреттері шығарманың идеялық мазмұнының аса көркем шешімге ие болуына аз әсер еткен жоқ. Пейзаждық суреттер оқиғаға фон ғана болмай, жалпы суреткердің айтпақ ойын, мұратын да білдіреді.

Мен де ойды ағытамын қаламыма,

Арқаның көз жіберсем алабына:

Сарыарқа-сары дария, қиыры жоқ

Көз болсын, қандай қыран, талады да.

Ішінде сары дария көз тоқтатар

Көкшетау – Сарыарқаның аралы да.

Көкшеде күні кеше қойдай өрген

Түрлі аң: бөрі, бұғы, маралы да.

Айрылып асау, ерке аңдарынан

Көкшенің тас жүрегі жаралы да!

деген жолдар романтикалық идеал мен романтикалық наразылықтың түптөркіні ишара жасайды.


 

Шығарманың сезім байлығы мен алуандығына құрылған мазмұны – тілдік бояуының қанық болуын қамтамасыз етеді. Романтикалық таным троптың әлденеше түрлерінің мәтінінде орайлы, әрі талғампаздықпен жұмсауына жол ашқан. Метафоралық, метонимиялық, синекдохалық тіркестер құбылысты, образды бейнелеуде, сонымен қатар табиғат көркін құбылта кестелейтін кейіптеулер лиро-эпикалық поэманың стильдік қабатын көркем кемелдендірді. Мәселе, айшықты сөз немесе сөз тіркестерін молынан қолдануда да емес, оларды оқиғаның, құбылыстың сырын ашатындай орайымен жұмсауда болса керек. Сөзге мағына жүктеуде және осы бағытта өзінің айқын көркемдік қолтаңбасын түсіруде болса керек. Жалпы, шығарма стилі дегеніміз – кейбір зерттеушілер тарапынан әдетке айналдырып жүргендей бейнелі сөздердің тізбегі емес, қаламгердің сөз таңдауы, өзінің сөздік әлемін қалыптастыруы, сөздерді тіркестіру дағдысы мен сөйлем құру ерекшелігі мен шеберлігі. Осындай мақсатты жақтан келгенде, қазақ тілінің бай мүмкіндіктерін ашуда, ана тіліміздің жаңа қабаттарын игеруде Мағжанның тапқаны мол.


 

Автордың кейіпкерлеріне, олардың әрекетіне субъективті ыңғай білдіруі – лиро-эпикалық поэманың новеллалық сипаиын қалыптастырды. Оқиғаның ширақ баяндалуы, баяндаудың байырғы жырлары мен дастандардағыдай бір ізбен бірте-бірте дамытылмай бірнеше сюжеттік бөліктер арқылы мөлшерлі берілуі, содан барып фрагментарлы сипат алуы, лирикалық шегіністердің өнімдік қолданыстары – романтикалық поэманың композициялық бітімінің жинақы да, шымыр болуын, артық тұрмауын қамтамасыз етті. Бұл жаңа пішінді құрылым автордың шеберлікті қажет ете отырып, жалпы поэма жанрының пішінді көркемдік ыңғайда күрделі сатыға көтерілгенін, шығарманың эстетикалық мәдениетінің өскенін байқатады. Сөйтіп, ақынның да эпик суреткер ретінде қалыптасқанын да танытты. «Ертегі» мен «Оқжетпестің қиясында» поэмаларынан басталған лиро-эпикалық жанрды игеруі «Қорқыт» пен «Батыр Баян» тұсында өзінің апогейіне жетті. Осы арада Макғжанның эпос жанрына лирик ақын ақын ретінде есейіп келгенін, ендігі жолда ол Абайдың да, өзгелердің де ықпалынан шыққанын, өзінің сара бағытын тапқанын, оны жемісті игергенін атап өтеміз. Бұл тұстағы Мағжанның жайы Пушкин мен Лермонтовтан бөлек болатын. Орыс ақындарының Байронды ұстаз тұтуы – олардың сол кезде үлкен әдебиетке жас дарын болып енді аттаған себепті үйрену кезеңінде болғанын нақтылап кетудің артықтығы жоқ. Сонымен бірге, 1820 жылдары Еуропа әдебиеті үшін Байрон есімі аса танымал, тіпті еркіндік пен бостандықтың символындай қабылданғанын, ал ,мұның өзі сол тұстағы жас қалам иелеріне зор тұлғалық әсер еткенін да қоса айтамыз. Ал, бір ғасырға жуық кейінгі қазақ әдебиетінің даму процесі үшін оның аса көктейтесті бола қоюы қиын. Лиро-эпикалық жанрдағы нәтижелі идеялық-көркемдік ізденістері дегенде қазақ романтигінің және бір жаңалықты бастамасын ойдан шығаруға болмайды. Оғанға дейін қазақ поэмалары, романдары және бірді-екілі болса да жазылып қалған драмалық шығармаларда әлі көтеріле қоймаған өз елінің өткеніне бойлады.


 

Дарыны кемел әрбір қаламгердің нақты туындыларымен қоса, оның жалпы шығармашылығы арқылы тағы да бір ірі мақсат жүзеге асырылып жатады. Ол суреткердің жеке үлгісі, яғни ол өмір шындығының бұрын көркем игерілмеген алуан қырларына бара отырып, ізбасар қаламгерлерге жаңа өңірлерді нұсқайды. Сондай-ақ, сөз өнерінің еркіндігі мен шексіз мүмкіндіктерін байқатады. Бұған суреткердің ұлт тілінің көркемдік-стильдік әлеуеті мен байлығының үлгісін көрсеткенін қоссақ, онда дарыны зор қаламгерлер шығармашылық жолының маңыздылығы еселене түседі. Асылы, ақын-жазушы әдеби сыннан гөрі, осындай көркем үлгілерден үлкен сабақ алса керек. Мағжанның өнегесі кешегі әдебиетіміздің бойына шығармашалақ қан мен иман болып құтылмағанымен, бүгінгі болашақта әдебиет әлемінің өкілдеріне жұғысты болары хақ. Бір науқаншылықтан келесі науқаншылыққа соқтығып жүргендерді көре тұра, соған иланғымыз келеді.


 

Әдебиеттің есеюінің бір парасы – әдеби сынның қалыптасуынан байқалады. ХХ ғасырдың екінші онжылдығында туған қазақтың әдеби сыншыл ойы келесі онжылдықта өзінің таныстырушылық – шолушылық сипатынан арылып, сөз өнерінің қандай болмағы сияқты ересек ойларға бара бастады. Әдебиеттің, еркін шығармашылық сапаның үздік үлгісін көркемдік сапа жүзінде дәлелдеуге Мағжан әдебиттің пікір саласында да қазақ қаламгерлерінің ішінде алғашқылардың бірі болып әдебиеттің табиғи болмысы турасында салиқалы ой, кең пішілген пікір айтты. Оның Ақан сері, Базар жырау, Б. Күлеев туралы жазған мақалалары «Мағжан сыншы да болған» деген деректік мәннен де жоғары дүниелер. Ақын-жыраулар жайында айта отырып, жазылған шағы тұрмақ, әдебиеттің бүгінгі тарихшыларының қапетіне келмеген қаншама ой тудырарлық өрісті пікірлер сабақтағанына таң болмасқа лажың қалмайды. Мұнда ұшқыр ой мен терең тіл қиыса, өрелесе келіп, оқулықтардың сірескен стилінен санамызды аршып, ойымызды үйіре жөнелді. Сыншылдықтың ойы мен қырын игергені, проблемаға келуі мен оны шешуі табиғи ұлттық танымның артықшылықтарын паш етеді. Әсіресе, «Алқа» айқындамасындағы әдебиет пен қоғам, әдеби дарын, әдебиеттің ішкі заңдылықтары хақындағы өрелі ойларының бағдарламалық сипаты алабөтен. Сөз өнерінің табиғи болмысының шығармашылық процестегі баспатқылығы, ақын қиялының даралығы мен еркіндігі туралы айтқан қадау-қадау пікірлерінен алар ғибрат, сіңірер өнеге жетерлік. «... Сұлу, терең суреттер арқылы, қандай болса ондай болсын, әйтеуір терең сезім оята алса – ақын. Оята алмаса – ақын емес» немесе «Ақынның міндеті – білім беру емес, терең сезім, асқар пікір ояту» - дегендері мәңгілік қағидалар /8,264-265/. Сүйсінерлілігі – Мағжанның көп дарыннан биік тұрғандағы осы айтқандары мен өнерінің бір жолдың бойынан табылатындығы.


 

Мағжан Жұмабаевтың қазақ сөз өнеріне орнықтырған тақырыптық-идеялық және көркемдік арнадағы жаңалықты ізденістері – суреткердің әдебиет тарихындағы маңызын ғана айқындап қоймайды, сондай-ақ, ең бастысы ұлттың көркемдік ойлау жүйесінің үлкен сатыға көтерілгенін паш етеді.


 


 


 

 

Әдебиеттер

1. Ж.Аймауытов Мағжанның ақындығы туралы // М. Жұмабаев шығармалары. Алматы, 1989

2. Р. Нұрғали Әуезов және алаш. Әдебиеттегі ұлттық рух. Алматы, 1997

3. Ж. Аймауытов М. Әуезов Абайдан соңғы ақындар // «Абай» журналы, № 2, 1992

4. М. Әуезов Таңдамалы. Алматы, 1997

5. Қ. Жұбанов Қазақ әдебиетінің классигі // Абай тағлымы, Алматы, 1986

6. М. Әуезов 20 томдық шығ. Жинаға, 15 том. Алматы, 1984

7. А. Байтұрсынов Шығармалары. Алматы, 1989

8. Алқа // Д. Қамзабекұлы Руханият. Алматы, 1997

9. П.Н: Сакулин Филология и культурология. Москва, 1990.   

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар