Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Еркін Байғабылұлы: "Мемлекеттік тілді жаңа техноло...

01.11.2016 4149

Еркін Байғабылұлы: "Мемлекеттік тілді жаңа технологиямен дамыту қажет"

Еркін Байғабылұлы: "Мемлекеттік тілді жаңа технологиямен дамыту қажет" - adebiportal.kz


Үкімет дəл қазір тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын бекітті. Оған сəйкес, он жылдан соң қазақ тілінде сөйлесу жастар арасында сəнге айналуы тиіс. Бүгінде Қазақстан халқының 60 пайызы ғана қазақ тілін біледі. Жаңа бағдарламада бұл көрсеткішті 2020 жылы 95 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бағдарлама еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қазақ тілін үйретуге бағытталған 30 елдің тілдік саясатын зерделей отырып, жасалған құжат тіл меңгерудің алты деңгейлік жүйесі, яғни еуропалық тəжірибеге негізделген. Бағдарламаның басты ерекшелігі балабақшадан бастап, орта мектепте, ЖОО-да мемлекеттік тілді оқытудың үздіксіз жүйесі жасалды.

Мемлекеттік тілді жаңа технологиямен дамыту қажет.jpg


Екінші басты мəселе, тек оқушылар, студенттермен ғана шектелмей барлық мемлекеттік қызметкерлерге сондай-ақ халықпен тікелей қоян-қолтық жұмыс істейтін барлық кəсіп иелеріне мемлекеттік тілді белгілі бір деңгейде білу мəселелері де талап ретінде көзделген. Бүгінде елде қазақ тілін оқытатын 101 орталық бар. Алайда, олардың бірқатарының жұмысы сын көтермейді. Бағдарламада ана тілімізде хабар тарататын бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тілді контентті ұлғайтуға айрықша назар аударылған. Басты бағдарламада межеленген міндеттер маңызды. Тек орындалуы мығым болса жарады. Өйткені үкіметтің тілге қатысты бекіткен 2001 – 2010 жылдарға арналған бұрынғы бағдарламасы мазақ дүние болып шыққаны жасырын емес. Үкімет өзі осындай бағдарлама қабылдайды, бірақ құжат айналымын қазақ тіліне көшірген өңірлерге орысша бұйрықтар жібереді жəне түсініктемелерді сол тілде талап етеді. Бұл күлкілі жағдай емес, аянышты жағдай, мемлекеттік тілді қорлау. Тағы бір назар аударатын жайт, еліміздегі билік тұтқаларының ішінде тек парламент пен үкіметте ғана қазақша сөйлеушілердің сөзін орысшаға аударатын арнайы жүйемен бөлім бар (Синхронды аударма). Ал мұндай жүйе министрліктерде əлі жоқ. Соның салдарынан қазақша сөйлегісі келетін адам өзінің сөзі түсініксіз болып қалады деп, орысша сөйлеуге тырысады. Ал синхронды аударма болса, қазақша сөйлей беретін еді. Осындай қазақша сөйлегендердің сөзін орысшаға, ағылшыншаға аудару жүйесі өкінішке қарай, жоғары деңгейдегі мемлекетаралық ресми кездесулерде де болмайды. Талай рет халықаралық деңгейдегі шараларда қазақша сұрақ қойғысы келетін журналистерге барлық кездесуге қатысушыларға жəне шетелдіктерге түсінікті болу үшін орысша сұрақ қойыңдар деген талаптар жасалғанына өз басым бірнеше рет куə болдым. Негізінде мұндай шетелдіктер қатысатын кездесуде біздің мемлекеттік тілімізді басқа жұртқа кең таныстырудың орнына осындай орынсыз қысастық та жасалып жүр. Мұндай жоғары деңгейдегі мемлекеттік мекемелердің өзінде болатын жөнсіз əрекеттердің кеселінен қазақ тілінің беделі де көз алдымызда төмендетіліп жатыр. Өз тілімізді басқалардың алдында осылай тұқырта берсек, сонда оның ертеңгі күні не болмақ. Мемлекеттік тілді халықаралық кездесулерде негізгі тілге айналдыру мемлекеттік мүдде үшін ауадай қажет. Оны тəуелсіздік алған кезден бері орыс тілінің көлеңкесінде қалдырып келеміз, енді қазақ халқының еліміздегі саны алпыс пайыздан асқан кезде, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту ісіне батылдау кірісе бастауымыз керек. Əйтпесе, досқа құшағы ашық ақкөңіл қазақ халқының тілі жаһандану үрдісі үдеп келе жатқан тұста жұтылып кетуі ықтимал. Бұл тəуелсіз мемлекетіміз гүлденіп дами түскен кезде, озық елу елдің қатарына ұмтылған тұста орын алса, ертеңгі ұрпақ алдында ұятты іс болады.


Кейде тіл мəселесі көтерілсе, бізде бəленбай қазақ мектебі ашылып жатыр деген дəйек айтылады. Бұл да жөнсіз ақталу, өйткені мемлекеттік тілге сұраныс жоқ болса, онда мектеп ашқанның пайдасы да шамалы болып қалады. Біз қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін оны бірінші кезекте компьютерлік бағдарламаларға жедел енгізуіміз қажет. Қазір елімізде электронды үкімет жүйесі іске қосыла бастады.


Қазақ тілін интернет жүйесінде еркін жүретін тілге айналдыру керек. Ол үшін барлық мемлекеттік мекемелердің, БАҚ-тың жəне міндетті түрде қазақша басылымдардың интернетте қазақша сайты болуы тиіс. Неғұрлым қазақша сайттар көп болса, тіл өрісі кеңейе бермек. Қазақ тілді оқырманда интернет арқылы кез келген тақырыпқа байланысты кең ақпарат алатын еді. Əйтпесе, бүгінде интернеттен қазақ тілінде тұщымды ақпарат ала алмай əуреге түсесің. Қазір еліміздегі ана тілімізде шығатын басылымдардың кейбірінің əлі күнге дейін сайттары жоқ. Тіл кенже қалмас үшін заман ағымына сай технологияларға ілесіп отыруы қажет. Мəселен, қазір барлық ауылдардың мектептері біртіндеп, интернетке қосылып жатыр, қазақша сайттар неғұрлым көп болса, ол əрбір қазақша ақпарат алғысы келетін оқушыға кең дерек көзі болатын еді. Бұған қоса бізде қазақ жазушыларының шығармалары жинақталатын интернет кітапханалар жоқтың қасы. Осыдан кейін қалайша қазақ тілді оқырманды жоғалтпаймыз. Жазушылар Одағы неге осы мəселені көтеріп, өздері арнайы сайт ашып, жаңа кітаптар мен зерттеулерді оқырман қауымға таныстырып, интернет арқылы пікірталастар ұйымдастырып отырмайды. Мұндай ұйымдар заман ағымына жедел ілесіп қаламгерлердің жаңа шығармаларын жариялаудың озық үлгілерін пайдалана білуі керек емес пе. Сонда жоқ деп жүрген сын жанрыда қайта тірілетін еді. Тағы бір өкінішті жағдай, ана тіліміз бен əдебиетімізді, тарихымызды, өнерімізді зерттейтін институттардың да интернет сайттары аз. Бұл ғылыми мекемелердің сайттары көп болса, жұртшылық ғылыми дəлелденген тұжырымды деректер мен дəйектермен сусындай алатын еді. Бізде қазақ тілі мəселелерімен айналысатын қоғамдардың да сайттары аз. Бұл үлкен кемшілік. Бұрындары білім іздеген жастар кітапханаларға көп баратын, қазір болса, оның орнын біртіндеп интернет басты. Сондықтан, қазақ тілі интернет арқылы кең қолданысқа енсе, оған деген қажеттілік те арта түсетін еді. Интернетте шекара жоқ болғандықтан, шетте жүрген бауырларымызда тіліміздің нəрімен сусындар еді. Алдағы уақытта интернет қызметтің тарифтері де төмендейтін болады. Елімізде оның кең дамуына жағдай жасалып отыр. Үкімет барлық мектептерді интернеттендірудің жоспарын жүзеге асыра бастады. Міне, мемлекет жасап отырған осы мүмкіндікті қазақ тілге қатысы бар барлық қоғамдар мен ұйымдар тиімді пайдалана алуы керек. Əйтпесе, олар тек жұрттың бəрі білетін қазақ тілінің мүшкіл халін айтып, жауыр қылатын құр ауызбен орақ оратын конференцияларды ұйымдастырудан əрі аса алмай жүр. Бұл конференциялардың шешімдеріне назар аударып жатқан ешкімде жоқ. Оны өткізуге бөлінетін мемлекет қаржысына келімді кетімді қонақтарды күтіп, құр аяқ босатып ақша шашқанша, одан да əр қазақ тілді басылымның сайтын ашып берген əлдеқайда тиімді емес пе. Қазақ тілін саясат құралына айналдырып алғандар да бар. Оларға айтарымыз құр айқайдан гөрі нақты іске көшу керек. Мұндай қоғамдар қазақ тіліне қатысты заңдардың орындалмай отырғанын көтеріп, прокуратураның шара қолдануын заңды түрде талап етуі қажет. Қазақ тілін үйретуге арналған барлық əдістемелік құралдарға талдау жасап, ең үздігін насихаттауға көмек берулері керек. Əр мекемедегі тілді үйрету үйірмелерінің қызмет сапасын тексерулері тиіс. Ұстаздардың білім сапасын жетілдіруге ықпал ету қажет. Бізде тіл фестивалдері құр əр мекеменің бөлген ақшасын жұмсау үшін өткізілетін сияқты. Оған көбінесе, нағыз тіл үйренгендерден гөрі, бала кезінен қазақ ортасында өскен біздің тілді еркін меңгерген басқа ұлттардың өкілдері қатыстырылып жатады. Бұл сонда өз өзімізді алдау емес пе. Елбасы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мəселелерін əр руханият мəселелері қаралған алқалы жиында көтеріп келеді. Оның алдында Қазақстан халқы ассамблеясының мəжілісінде жүктеген президент тапсырмасымен үкімет мемлекеттік тілді дамыту мəселелеріне арналған комиссия құрды. Осы комиссия қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің жолдарын айқындауы тиіс. Мəдениет министрлігі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жаңа бағдарламада белгіленген мақсат-міндеттердің нақты орындалуын мемлекеттік билік деңгейінде қадағалау тетіктерін жіті ойластыруы керек. Біз өткеннен сабақ алуымыз қажет. Бұдан бұрын мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама мен қаулы құжаттардың бірде-бірі толыққанды орындалған жоқ. Нəтижесінде мемлекеттік тілдің беделі өсудің орнына түсе бастады. Енді мемлекет осы қателікті түзеу жолдарын табуы тиіс. Үкімет жіберілген кемшіліктерді саралап, ана тіліміздің беделін көтеруге бағытталған шараларды жүйелі қолға алуы қажет. Мəселен, үкіметтің электронды ақпарат құралдарына қойған орыс жəне қазақ тілді хабарлардың берілу көлемі тең, яғни елу де елу болсын деген заңды талабы əлі орындалып отырған жоқ. Көптеген телеарналар бұл талапты орындаған болып, түнгі уақытқа қазақша концерттер қоятын еді, енді орысша сериалдардың сапасыз аудармаларымен эфирді толтыратын жаман əдет тапты. Ал «31», «Астана», «7-ші арна», «Орт-Қазақстан», «НТК», сияқты арналарда қазақша хабарлардың саны əлі аз. Осы мəселені реттеу үшін мəдениет жəне ақпарат министрлігі аталмыш компанияларға мемлекеттік тілге қатысты заңдарды алға тарта отырып, қатаң талап қоя алуы керек.


Қазақ мемлекеттік заң академиясының ректоры, əрі «Əділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нəрікбаев жəне айтулы ғалым, ұлт қайраткері Амангелді Айталы бастаған зиялы қауым «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң жобасын дайындағаны белгілі. Бұл жобаны дайындауға барлық қазақ тілінің тағдырына алаңдаушылық танытып жүрген қоғамдық ұйымдар мен басқа да құрылымдар өкілдері қатысқан. Жаңа құжатта өміршең əрі уақыты жеткен батыл талаптар бар. Соның бірі мемлекеттік қызметке орналасқысы келетін кез келген азаматты мемлекеттік тілді білуге міндеттеу талабы. Міне, осындай талаптарды бұлталақтатпай, тікесінен қоятын кез келді.


Тарихқа қарап отырсақ, əлемде тек дəрменсіз ұлттардың ғана тілі жойылып жатыр. Бізде солардың қара тізіміне кірмеудің қамын намысы бар ұлт ретінде бірінші кезекте ойлауымыз керек. Тіл жойылса, сол тілде сөйлеген ұлттың мəдениеті, тарихы, салт-дəстүрі де біртіндеп жойылады. Яғни, сол ұлт дүбəрəға айналады. Біле білсек, өз тілін білмеу ұлтқа төнген үлкен қауіп. Сондықтан мемлекеттік тілді қорғау оның қолданыс аясын кеңейту басты ұлттық қауіпсіздік мəселесі. Қазақ тілі сонау жиырмасыншы ғасырдың басынан бері Алаштың Ахмет Байтұрсынов, Əлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев бастаған арыстары мен кеңес саясаты қысымына қарамастан қазақ мектебін ашуға атсалысқан Шона Смаханұлы, өз телехабарларында ана тілі тағдырына алаңдаушылық білдіріп өткір мəселе көтерген Сағат Əшімбаев тəрізді ардақтыларының қазаққа қазақ тілінде өшпес мұра тастап кеткен даналарымыздың, жеті атасының шежіресін жатқа білген əрқайсысымыздың ата бабаларымыздың қазіргі тəуелсіздік алған Қазақ елінде ту тігіп отырған бүгінгі ұрпақтарына қалдырып кеткен басты аманаты. Міне, осы аманат егемен еліміздегі əр қазақ азаматының көкейінде тұруы тиіс. Ата-бабасының рухын қасиет тұтатын əр отбасы өз ана тіліне өгейлік танытпауы керек.


Еркін Байғабылұлының “Ядролық зұлмат” атты кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар