Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Гүлге «көмілген» гений...

18.05.2018 6879

Гүлге «көмілген» гений

Гүлге «көмілген» гений - adebiportal.kz

Гүлге «көмілген» гений

немесе

Даниель Дефоның өмірі жайында бірер сөз

Ұлыбритания елінің тумасы, әйгілі жазушы Даниель Дефоның өмірі мен шығармашылығы жайлы ой толғаудың өзі ғажап дүние. Себебі қаршадайымыздан оның ертегідей ерекше әлеміне бойлап, шығармаларын жата-жастана оқитынбыз. Әсіресе, шытырман оқиғаға толы «Робинзон Крузо» романын айтпай кетуге болмас. Ол – өзінің сүйікті оқырмандарына 500-ден астам кітап, өзекті мақалалар мен өлмес туындылар қалдырған қарымды қаламгер. Ендеше, дін, саясат, әлеумет, қоғам секілді жан-жақты тақырыптарға еркін бойлаған жазушының бүтін болымысы мен ақ-қарасы алмасқан алмағайып өміріне ден қойып көрелік.

Еркін ойлау. Бұл Даниель Дефоның айнымас қағидасы. Сондықтан болар, оны тоғышарлардың таяз ойлары мен қағілездердің қалыпқа құйылған құйтырқы идеялары ешқашан қызықтырған емес. Әсілі, бір рудың немесе бір ұлттың емес, күллі адамзат баласының жоғын жоқтап, әдебиет майданына аттанған аяулы тұлғаны әспеттеп, зерттемеу – біз үшін қиянат жасағанмен тең.

Өмірі

Даниель Фо (шын есімі) протестант дінін насихаттайтын мектептерді бітіргенмен, әдебиетке әуес болып өседі. Әлемнің классикалық туындылары, шетел әдебиеті, қызықты хикаяттар, деректі материалдар – мұның барлығы да болашақ дарын иесінің өмірлік азығы іспетті. Осы арқылы оның өресі кеңейіп, танымы толысты.

Стоук-Ньюингтонтегі діни академияны бітіргеннен кейін Фо біраз уақыт саудамен айналысады. 1680 жылы Корнхилде шұлық шығаратын жеке кәсібін ашса, одан кейінгі жылдары вино, темекі, тіпті құрылыс материалдарын шығаруды қолға алады. Замандастарының естелігіне сенсек, британ жазушысы тәуекелге көп бел буатын кәсіпкер болған. Осындай еңбекқорлығының арқасында Франция, Португалия, Испания елдеріне саяхаттап, Еуропаның мәдениетімен жақын танысады. Бұл – адамдардың сан алуан мінезін, күрделі кезең мен қоғамның құбылысын, өзге мемлекеттердің ерекшелігін тануға мүмкіндік берді.

Саясатқа белсене араласа бастаған Даниель Дефо сол кездегі британ елінің королі Яков VII-нің билігіне қарсы шығып, 1680 жылы герцог Монмауттың ұйымдастырған көтерілісіне қатысқаны туралы да деректер бар.

Шығармашылығы

1697 жылы жазылған «Жобалар туралы тәжірибе» атты алғашқы шығармасы арқылы қаламгер әдебиет әлеміне енді. Екі жылдан кейін сатиралық жанрдағы «Таза қанды ағылшын» туындысын жазып, есімі елге тарала бастайды. Памфлеттің жазылуына король Вильгельм Оранскоға және шетелдік азаматтарға шабуылдың көп жасалуы әсер еткен секілді. Сөйтіп, оның достарымен қоса, дұшпандарының да қатары көбейіп, өмірі күрт өзгергені бар.

Дефо 1702 жылы «Дессентерлерден бөлінудің ең қарапайым жолы» атты памфлет жазады. Бұл шығармада көтеріліске шыққандарды басқа жаққа жер аудару немесе бағандарға ілу керек деген ұранды сөздер жазылған. Бастапқыда жергілікті парламент автор сөзіне имандай сенсе де, соңында жазушының негізгі идеясын түсініп, памфлетті таратуға тыйым салады. Өйткені, автор оларды астыртын түрде мазаққа айналдырған еді. Мәселенің ушыққаны сонша, атақты жазушының мүлкін тәркілеп, тіпті жұртқа күлкі қылу үшін оны қорлау бағанына байлап қояды. Бірақ, өнердің құдіреті баянсыз тіршіліктен бір қарыс жоғары екенін жергілікті билік білген бе? Жекіре сөйлеп, жазушыны күлкі қылудың орнына қала тұрғындары оның үстіне гүл шоқтарын лақтырып, қошеметін көрсетеді. Мәселенің былайша өзгеретінін болжамаған билік өкілдері халықтың махаббатына таңырқап қалады.

Танымал тұлғаның өмірін зерттеушілер бұл шығарманы мыңжылдықтың құзар шыңына теңейді. Себебі мұнда халықтың мүддесі астарлап жеткізілген һәм шетелдік адамдардың да өзіндік ойы мен арманы бар екенін білдірген. Бұл бір ұлттың ғана емес, бүкіл адамзаттың жемісі.

Арада біраз жылдар өткеннен кейін жергілікті билік британдық жазушыны кешіріп, әдебиетпен айналысуға рұқсат береді. Сөйтіп, оның мақалалары мен әңгімелері англия басшылығының қолдауымен шығып тұрған «Сараптаушы» газетінде жарияланады.

Бір күні Дефоның қолына шотландтық теңізші Александр Селькирктің төрт жыл бойы адам аяғын баспаған аралда тұрған өмірі туралы естелік жазбалар түседі. Теңізшінің осы оқиғасы Дефоны қызықтырып, көлемді роман жазуға итермелесе керек. Одан кейін оқырмандардың қызығушылығын арттыра түскен Селькирктің шытырман оқиғасы туралы очерк жазады. Осындай ізденістің нәтижесінде қаламгер болашақ кейіпкерлерді «қолдан жасап», кейбір тұстарын ойдан шығарып, тың идеялармен толысқан «Робинзон Крузо» шығармасын дүниеге әкеледі. Бұл – әлемнің түкпір-түкпіріне таралып, ең үздік роман ретінде тарихта қалған туынды еді. 28 жыл бойы адам аяқ баспаған аралда мекендеген Робинзон Крузоның өмірі миллиондаған оқырманның есінде. Романның алғашқы бөлімі шыққаннан кейін автор оны жалғастырып, қатарынан тағы екі бөлімін жариялайды. Басты кейіпкерді автор қиялдан туған ұлы Татар аралына «жайғастырады». (Ресей, Моңғолия және Татарстанның аймағы. Д.Дефо). Бірақ осы тұста бір сұрақ туады: Дефо Ресей елінде болған ба? Ғалымдардың айтуынша, жазушы бұл елде болмаған. Бірақ естіген.

Өлімі

Жалғыздық. Бұл – атақты жазушының өмірінің соңындағы өзекті өртеген өкініші еді. Бассыздыққа бой алдырған баспагерлер оның соңынан түсіп, өмірін тозаққа айналдырады. Тіпті, солардан құтылу үшін Дефо отбасын тастап, басқа қалада бас сауғалауға мәжбүр еді. Тұла бойын қорқыныш пен үрей билеген 70 жастағы әлемге әйгілі романист 1731 жылы Лондон қаласында кенеттен көз жұмады.

Қасында әйелі де, балалары да болмаған жазушының жерлеу рәсімдерін жасауды жалға алған пәтер иесі өз мойынына алады. Рәсім біткеннен кейін пәтер иесі Дефоның киімдері мен ұстаған заттарын аукционға беріп, қалтасын қампайтады да, ауқатты адамдардың бірі болып шыға келеді.

Сол сәтте қаламгер туралы мемлекеттік газеттер жарыса жазып жатты. Қайтыс болған оны «Граб-Стридтың ұлы азаматы» деген тақырыппен шығармаларын жариялайды да, абыройын одан әрі асқақтатады.

Бүгінгі таңда әйгілі жазушының бейітінде ««Робинзон Крузо» авторына естелік үшін» деп жазылған құлпытас бар.

P.S.

Гүл. Оқырман. Романист. Бұл үш ауыз сөз – әуел баста Даниель Дефоның пешенесіне жазылған тылсым тәмсілдей. Оқырмандарының махаббаты артқан сайын жазушы да шабыттана түсіп, жаңа туындылар жазуға кіріскенін көрдік. Бағанаға байланған ұлы өнерге қарапайым халықтың қошеметін де сезіндік. Тереңірек бойласақ, мұнда біз түйсінбей һәм түсінбей жүрген ғаламат сыр жатыр. Оны шешу үшін генийлердің ғұмырына қарабайыр түсінікпен емес, алапат аңсармен қарау керек секілді. Сонда ғана ұлылықтың ұшқыны қылаң берері сөзсіз. Әзірге, тәні өлгенмен, тәлімі өлмеген, есімі өшкенмен, ерен еңбегі өшпеген әлемдік тұлға жайлы білгеніміз осы.

Біржан АХМЕР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар