Сатира терминінің шығу тарихын, этимологиясын әркім әр түрлі түсіндіреді. Кейбір ғалымдардың айтуынша, ежелгі гректер жүзім өсірушілердің, жүзім шарабын жасаушылардың құдайы Дионистің ән салып, би билеп, күлдіріп, көңілдендіріп "жүретін жол серіктерін "Сатирлер" деп атаған. "Сатира" атауы сол сөзден шыққан.
Басқа зерттеушілердің пікірінше, бұл терминнің тарихы латынның "Сатира" - "смесь"-аралас, әр нәрсенің қосындысы, "всякая всячина" - анау -мынау" деген сөзінен басталады. Кейінірек ежелгі Рим әдебиетшілері сынап-мінеуші, әшкерелеуші сипаты бар шығармаларды "Сатира" деп атаған.
Қазір "сатира" атауы әр түрлі мағынада қолданыла береді. Біреулер оны әдебиеттің бір тегі (род) деп түсінеді. 1941 жылы шыққан "Шетел сөздерінің сөздігінде" былай делінген: "Сатира болмыстың жағымсыз құбылыстарын ащы күлкіге айналдыратын көркем әдебиеттің тегі (род)".
Я.Эльсберг: "Сатира-болмысты әдебиет пен өнерде көрсетудің бір әдіс-тәсілі".А.П.Квятковский: "Сатира-болмыстағы жағымсыз кұбылыстарды сынап, әшкерелеуді, күлкі етуді мақсат етіп, қарасөзбен немесе өлеңмен жазылатын көркем әдебиеттің түрі".
Сатира әдебиеттің бір тегі ретінде де көріне алады. Ақын-жазушылардың бастан-аяқ күлкілі ситуацияға негізделіп, сықақтық пафоспен жазылған, таза сатиралық шығармалары әдебиеттің дербес бір тегін құрайды. Өйткені оларда өмірді зерттеп білудің, суреттеп берудің өзіндік эстетикалық принциптері, көркемдік әдіс-тәсілдері қолданылады.
Сатираның жеке бір іс, құбылысты зерттеп білудің әдіс-тәсілі ретінде көрінетіні де рас. М: І.Жансүгіровтің "Жолдастар" романында Ықсан молданы былай деп суреттейді:
"Қымызға келгенде түп жоқ кісі - ноғай Ықсан молда. Алдына келген аяқты жерге қоймайды. "Алқамдымлла" деп бір кекіріп алады да, басына бірақ төңкереді... өзі үлкен үйелмендей кісі. Майдан көзі бітіп, мұрны үшкірленіп қалған. Мойны мен жауырыны тұтасып, басы итбастанып қалыпты. Омырауы есіктей болып, қарны дастарқанға сүйретіліп отыр. Бұған берген қымыз тек бір сабадан бір сабаға қотарылған сияқты. Өзі бұрыннан құрсақты молда, іші кеңіген сайын айы жақындаған әйелдей айналып отыра алмай тек сүйретіліп отыр. Ыңқ-ыңқ етеді. Сөйлесе қоздайтын қойдай мекіренеді".
Ілияс романының "Сары ала қаз пәтуасы" бөлімінде Шалматай, Есентай қажылар да осылайша сатиралық әдіспен сүмірейте суреттелген. Автордың елестеуінше "тығыз сары Есентай қажының иектен бұғағы асып, шүйдесі шодырайып, майдан екі көзі айналып кеткен. Бұл қажының қымызды жұтқан сайын беті берен шымылдықтың тозығы сияқтанады".
Қазіргі біздің фельетон, памфлет, пародия, мысал, сықақ әңгіме, сатиралық роман, повесть деп жүргендеріміз сатиралық осы жанрлық көріністері.
І.Жансүгіровтің "Жалаңаш жиылыс" сатиралық әңгімесінде: "Ширетте тұрған кісі қандай кең пейілді келеді: арық қойдай тырысып, баз біреумен ұрысып, баз біреумен жұлысып теріміз тарылып, өзіміз жарылып кеткендей тұрмыз. Сіркеміз су көтермейді. Тек жуықтап кеткен адамға, бақарауық түйедей баж ете каламыз. Тіршілік түбі тартыс қой, адам өз тесігіне таласады да...
Сатира жанрындағы өлеңнен прозаға ауысуы бұл -1920 жылдардың бас кезі. Нақтырақ айтсақ, 1922 жылдың қараша айында Ілияс оқуға түсуге Алматыға келгенімен, ол талабына қолы жетпеген соң, «Тілші» газетіне қызметке кірген сәттен басталады. Газет қызметіне араласуы - оның білім дәрежесіне де үлкен әсер етеді. Ақындық, жазушылық талабы мол болғанымен, оқуы, білімі таяз болғандықтан, өз бетімен оқу оқып, ізденіп, білімін толықтыруға күш салады. Сатирадағы проза жанрына ден қоюы осы кезеңнен бастау алады. Өйткені өзімен қызмет істейтін тілшілердің көпшілігі жазушылық өнері бар прозаик, сатирик, фельетонистер еді. Олар сол кезде газеттегі жауынгер жанрлардың бірі - фельетонды әркім әр түрлі, бір-бірімен жарыса, бәсекелесе жазатын. Бұл ахуал Ілиясты да еліктірді. Сол кезде жазғандары тек «Тілші» газетінде ғана емес, сонымен бірге «Жас Қайрат», «Сана», «Шаншар» сияқты баспасөз орындарында жарыққа шығады. Жазғандары сол уақытта елімізде жүргізіліп жатқан науқандык саяси, шаруашылық, ағартушылық жайларды қамтиды. Сатираның түрлі компоненттерін шебер пайдалана отырып, жаңа дәуірдегі жаңалықты дұрыс түсініп, бағалай алмай отырғандарды, жаңа істердегі игіліктерге кедергі келтіріп, бұрмалаушыларға батыл, карымды қаламын қадайды. Баспасөз қызметінде аз уақыт істеген кезінде өзінің әріптестерінен жазу техникасын үйрене отырып, тіпті кейде олардан асып түсерлік дәрежедегі журналист ретінде көзге түседі. Оның жазғандары бірінен-бірі өтерліктей іргелі де айтары мол Құнды материалдарға айналып, қалың көпшіліктің сый -құрметіне бөленеді. Осы еңбегіне лайық оны 1924 жылы «Тілші» газетінің хатшысы, кейінірек редакторы етіп тағайындайды.
Ілиястың сатиралық тұрғыда жазылған еңбектері «Оқшау сөз», «Шашауша», «Әзіл-оспақ» рубрикаларымен жарыққа шығатын. Сықақтарын газет беттеріне, көбінесе, Матай, Құйқалық, Балгер, Таңқыбай, Жа-жа, Сақа, Ағын, Салпаңқұлақ сияқты бүркеншек аттарымен шығаратын. Сонымен қатар Ілияс Жансүгіров шығармаларына тақырыбы мен мазмұнына сәйкес орынды да ұтқыр атау таба білу шеберлігі ерекше екендігін атау қажет. Әр сықақ-әңгімеге жақсы тақырып қою да оңай іс емес. Ол оқырманды туындыға тарту үшін де, сонымен бірге, тақырып атының қысқа, қарапайым, образды, күлкілі, идеясына лайықты, астарлы болуы ғана оқушыны қызықтырады. Бұл жағынан келгенде Ілияс алдына жан салмайтын.
Ілияс ақталғаннан кейін 1961-64 жылдар арасында жарық көрген 6 томдық шығармалар жинағына 1963 жылы «Әңгімелері мен фельетондары» деген атпен 328 беттік көлемде кітап болып баспадан шығады. Сонымен қатар 1964 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Пьесалары мен әңгімелері» деген кітапқа оның көптеген сықақ әңгімелері мен фельетондары енгізілген.
«Жол аузында» әңгімесі «Еңбекші казақ» газетінің 1929 жылғы 16 қыркүйектегі санында жарық көрді. Жазушының «Жаңа жолда> атты Түрксиб жайындағы очерк, әңгімелер жинағына (1929), «Жол аузында», «Мерген, бөкен» кітаптарына, 5 томдық шығармалар жинағына енді. 1963 жылғы нұсқа алынды.
«Жаңа астана» очеркі «Жана жолда» (1929) кітабындағы тексті бойынша берілді. «Төрт жолдың торабы» әңгімесі «Еңбекші казақ» газетінде (1929, 8 шілде), «Жаңа жолда» жинағында, жазушының 5 томдығында жарияланды.
«Октябрьдің октябрі» очеркі 1930 жылы жазылған, қаламгердің 2 томдық және 5 томдык шығармалар жинағында басылған.
«Басын көруге нәсіп болмады» атты сықақ әңгіме «Сықақ, дүрбісі» рубрикасымен «Жаршы» журналының 1930 жылғы 9—10-санында жарық көрді. Автор «Таңқыбай» деп қол койған.
«Ықтияр». Жазушы әңгімені «Таңқыбай» атымен «Жаршы> журналының 1931 жылғы 5-санында жариялаған.
«Қарындастың капшығынан» атты сықақ әңгіме «Жаршы» (1931, № 7, 12—15-66., № 9, 14—15-6. б.), журналында «Таңқыбай» бүркеншік есімімен басылған.
«Дүкенді дала». Әңгіме «Еңбекші казақ» газетінің, 1931 жылғы қыркүйектегі 2 санында, жазушының 2 томдық, 5 томдық жинақтарында жарияланды.
«Күндер» әңгімесі «Жаңа әдебиет» журналында 1931 жылы 10-санындағы (қол койған «Сақа») басылымы негізінде алынды.
«Жарыс» атты әңгіме «Әдебиет майданы» журналынын. 1932 жылғы 2-санында жарық көрген, жазушының 2 томдық және 5 томдық шығармалар жинағына енген.
«Төменнен толқын» атты Риддер қорғасын заводы туралы очерк тұңғыш рет «Социалды Қазақстан» газетінде (1932, 15 мамыр) жарияланып, қаламгердің 1933 жылғы «Толық жинағында», 1960—1964 жылдарда шыққан 5 томдық шығармалар жинағында басылды.
«Ленин аты» әңгімесі 1932 жылғы «Әдебиеттану оқу кұралында», жазушының 2 томдығында, «Жол аузында» (1935) кітабында, 5 томдығында жарық көрді.
«Социализм болғанда ауыл қандай болады» әңгімесі (бұрын фельетон саналған) жазушының 2 томдық жинағында, «Құқ» кітабында, 5 томдық шығармалар жинағында жарияланған.
«Ленин Октябрь күндерінде» әңгімесі жазушының 1933 жылғы Семейден шыққан «Толық жинағындағы» тексті бойынша берілді.
«Сталин колхозы», «Көтерме» очерктері, «Нұрша», «Жарайсың Шұлғаубайым!» әңгімелері де осы басылымнан алынды.
Иманғазинов Мұратбек Мүбәракханұлы
ф.ғ.д., профессор
Әдебиеттер:
1. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. А.,1959.
2. Иманғазинов М. Жан қайығын жарға ұрдым. А.,1994.
3. Бердiбай Р.Қазақ эпосы А.,1995.
4. Бес ғасыр жырлайды. I том. А.,1993.
5. Иманғазинов М.Ілияс прозасындағы дәуір дидары. Т.,2000ж.
6. Дербiсалин Ә. Әдебиет туралы толғаныстар. А.,1990.