Қазақ сахарасында құралайды көзге атқан сұрмергендер аз болмағанын білеміз. Қаршадайынан мергендіктің машығын, соғыс өнерінің сан қырын үйренген сондай батырлардың ішінде Кейкі Көкембайұлының орны ерекше. Ел арасында «қол мерген» атанған Кейкінің тауқыметті өмірі – қазақ ұлтының бостандық жолындағы қанды күресімен тікелей байланысты.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерісінің негізгі ұйымдастырушылардың бірі, әрі Аманкелді Имановтың үзеңгілес сардары болған Кейкі Көкембайұлы (шын есімі – Нұрмағанбет) жасынан құс атып, аң аулап, өзен-тоғай аралап, кісіге онша қосылмай, кісі киіктеніп жүретін болған. Содан жеңгелері қайнысын Кейкі деп атайды. Кейін бұл есімі қайта-қайта айтыла берген соң, оған басқалардың да құлағы үйреніп, бабамыздың Нұрмағанбет деген есімі бірте-бірте ұмытылып кеткен.
Қазақта «Аманкелді көз мерген. Кейкі қол мерген еді» деген тәмсіл бар. Мұның сыры – Амангелді алыстағы нысанаға дәл атқан және көздегенін ешқашан мүлт жібермеген. Ал Кейкі болса, кез келген нысананы атпен шауып, жаяу, жүгіріп келе жатып шапшаң атып түсіре берген. Оның жастайынан мылтық атуға әбден машықтанғаны соншалықты, қандай қимыл үстінде де екі қолы мылтықты нысанаға дәл ұсынатын. Кейкінің атақ даңқын шығарған екінші өнері – оның небір ат ойынын жетік білетіндігі, ат үстінде сойыл, шоқпармен шебер шайқасқандығы.
Жуырда Кейкі Көкембайұлының ерлігін қайта жаңғыртып әйгілеген «Кейкі мерген» телехикаясы көрермендерге жол тартқан болатын. Қазақ халқының бір ғасыр бұрынғы тағдыры мен сол кезеңдегі оқиғаларды суреттейтін 16 бөлімді бұл туынды «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысымен түсірілді. «Кейкі мерген» телехикаясы бойынша Кейкі батырдың өмір сүрген ортасы туралы зерттеулер жасап жүрген Шөптібай Байділдин мен тарихшы Берік Әбдіғали телехикаяға кеңесшілік жасады. Туындының режиссері Мұрат Бидосов болса, басты кейіпкер Кейкі мергеннің рөлін театр және кино актері Дархан Сүлейменов сомдады.
Жалпы, телесериалды көрген жұртшылықтың бағасы оң болғаны анық. Біткен іске сыншы көп. Десе де, тарихи туындыны түсірудің қаншалықты қиын әрі жауапкершілігі мол іс екені айтпаса да түсінікті. Режиссердің еңбекқорлығы мен табандылығы қуантты. Бірбеткей Кейкі мерген, асқақ Әбдіғапар, айбынды Амангелді, сұлу Ақжан, аңғал Қожбан, екіжүзді Хамза образдары жақсы ашылған. Бұл жерде Кейкінің образын ашу үшін Амангелдіні екінші планға қойғаны анық. Ал орыс қызы Мария, көпестер мен орыс офицерлердің бейнесі толық ашылмай, жасанды ойнағаны көңілді күпті қылды. Фильмде оларды қазақша сөйлетуден гөрі, өз тілінде бейнелесе, образ шынайы болар ма еді?! Шынайы ойнау – бұл кино және театр өнерінің басты ұстанымдарының бірі екенін ескерсек, мұндай қателіктердің жиі кездескені тарихи телесериалдың бәсін төмендетіп тұрғандай. Ол заманда орыстар қазақша сайрап, дәл осылайша бір-бірімен араласты дегенге сену қиын. Керісінше, қазақ даласына тарыдай шашылған сан ұлттың өкілдері орыс тілінде араласты, саудасын жүргізді. Бұл бір.
Екіншіден, фильмге қатынасқан адамдардың аздығын аңғардық. Көтерілісті ұйымдастырушы Амангелді бес-алты батырмен жорыққа шықты дегенге жас ұрпақ нана қоймас. Ал тарихқа көз жүргітсек, мүлде өзгеше болғанын көреміз. Амангелді Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Атбасар, Перовск т.б.қалаларға өз өкілдерін жіберіп, жұмысшы-шаруаларды патша өкіметіне қарсы күреске шақырaды. Төзгісіз қанауға ұшырап, жерінен айырылған қазақ кедейлері Амангелдінің отрядына лек-легімен келіп қосылып жатты. 1916 жылдың қазан айында тек Торғай мен Ырғыз уездерінде ғана 20 шақты отряд құрылады. Амангелді отрядтарға қатаң тәртіп енгізді. Көтерілісшілерді қару-жарақты қолдана білуге жөне соғыс өнерін меңгеруге үйретті. Амангелдінің көтерілісшілер отряды патша өкіметінің жергілікті органдарына қарсы бірнеше ұрыс жүргізіп, 1916 жылы қазанда Торғай қаласын қоршауға алды. Осы операцияда Амангелдінің ұйымдастырушылық жөне қолбасшылық таланты айқын көрініп, оның қол астындағы 50 мың сарбазы ерліктің, табандылықтың тамаша үлгісін көрсетті. Патша үкіметі Амангелдінің шабуылын тойтару үшін жазалаушы корпус жіберуге мәжбүр болды. Тек жаудың негізгі күштері келіп жеткеннен кейін ғана, 27 күннен соң Амангелді өз сарбаздарын қаладан алып кеткені туралы дерек бар.
Әрине, бөлінген қаржының аздығынан болар, фильмге 50 мың сарбазды енгізу мүмкін болмағаны белгілі. Дегенмен, азаттық үшін көтеріліс үлкен қол, айбынды күшпен ғана жасалады. Бұл тұрғыда әлі талдау жүргізіле жатар. Бізге мәлім тұсы осы.
Енді фильмдегі мәтінге келейік. Шыны керек, өткен ғасырда түсірілген бірегей туынды, алтын қорымызға айналған «Қыз Жібек» пен «Бейбарыс сұлтан» фильміндегі сөз қолданысы, байырғы тұмадай таза тіліміздің көркем айшықтары, астарлы ой мен таным тереңдігінен кейін қазақ кино өнері классикалық деңгейге қайта көтеріле алмай, біраз әбігерге түскені ақиқат. Бір қуантарлығы, «Кейкі мерген» фильмінің осы тұсы жан-жақты зерттелгенін байқадық. Әсіресе, Кейкі батырдың семсердей өткір сөздері көрерменді бірден баурап алғанын жасырмаймыз.
«Әй, анау оязыңа айт. Шұрайлы жерден ығыстырып жатқандарың жақсылыққа апармайды. Судың да сұрауы бар... Бұл далада жеті атамның қураған сүйегі жатыр. Кім көрінгенге таптатпаймын. Естеріңде болсын»;
«Сұлтан, осы сенің әкең Ыбырайдың мектебіне оқуға бергенде білім алсын, көзін ашсын деп берген жоқ па? Қазақ баласының әріп тануға шамасы келеді де, егін егуге қауқары келмей, қайдағы біреулерге малай болғаны қалай сонда? Жарайды, мен ағайынымды асырармын, ал халықты кім асырайды?! Заң-законмен қысып жерді алды, малды алды. Қазақтың оқығандары жұртты қалай қорғамақ? Сөзді жанды жеріне жеткізетін сендер емессіңдер ме?»
Кейкінің бұл сөзінен дала перзентінің кеудесінде тұтанған отты жалынды байқау қиын емес. Сол жалын өрши түсіп, ұлан-ғайыр атырапқа тарап кеткенін көрсету – ерлікпен пара-пар. Ерлан Қариннің табанды жұмысы өз нәтижесін берді.
Кейкі өз заманында болып жатқан тарихи оқиғаларға ойлы көзбен қарап, оған өзіндік әділ бағасын бере білген бірегей тұлға. Отаршылдыққа қарсы шыққан оғланның өмір жолы осындай тағылымы мол фильмдермен, ғылыми зерттеулермен, әдеби еңбектермен дәріптеліп жатса, нұр үстіне нұр болары даусыз. Ал «Кейкі мерген» телесериалы – бүгінгі және келер ұрпақтың ұлы рухын оятар туынды деп айтуға толық негіз бар.
Біржан АХМЕР
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.