Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Корей елінің халық ертегілері...

29.04.2015 8533

Корей елінің халық ертегілері

Корей елінің халық ертегілері - adebiportal.kz
Қызыл желпуіш пен көк желпуіш


Баяғы заманда бір ауылда бір кеңпейілді шал мен ниеті тар шал тұрыпты. Кеңпейілді шал өзінің тамағын, қолындағы бар затын көршілерімен бөлісіп өмір сүріпті. Ал ниеті жаман шал әрдайым жоқ деумен, сараңдықпен өмір сүріпті. Керісінше одан кең пейілді шал күріш сұрап келсе, берген күрішінің жартысына құм қосып беріп, мазақ қылады екен. 
Бір күні қайырымды шалдың үйіне бір жолаушы келіп қоныпты. Ол оның үйіне түнеп шығып, кетерінде бір қызыл желпуіш және көк желпуішін ұмытып, қалдырып кетіпті. Қайтып келіп оны алмапты. Оны кең пейілді шал алып, күннің астында біраз тұрып, қызыл желпуішпен желпіп көріп еді. О, тоба, мұрыны ұзара түсті. Ол шошып кетті. Сөйтіп екінші көк желпуішті алып онымен де желпіп көрсе, ол ұзарған мұрынды қысқартып, әуелгі қалпына апарады екен. Бұған таң қалған кеңпейілді шал тағы бірнеше рет қызықтап,  мұрнын ұзартып, қайта қыстартып көреді. Оны естіген көршісі ниеті тар шал әлгінің екі желпуішін де ұрлап алып, онымен ақша табуды ойлайды. Сөйтіп үйіне алып келіп, ауласында шалқайып жатып, екі желпуішті сынап көрді. Басында бір кішкене ұзартып, қайта қысқартты. Өзінің ісіне балаша мәз болды. Сәлден соң оған мынадай жаман ой келді. Еріккен ниеті тар шал  мұрны қай жерге дейін ұзарады екен деп, аяғын көкке көтеріп қойып, қызыл желпуішпен желпи берді, желпи берді. Оның мұрны желпіген сайын ұзарып, сонау аспанның төріне бір-ақ шыққанын қайтерсің! Ол оған мәз-мейрам. Оның ұзарған мұрны аспандағы бір періштенің үйінің еденін тесіп шығыпты. Ақымақ шалдың қылығына ашуланған аспандағы періште оның мұрнын, үйіндегі діңгектің біріне байлап тастапты. Оны ақымақ шал байқамады. Ойында дәнеңе жоқ, ұзарған мұрнын қысқартпақ болып, көк желпуішпен желпіген екен. Сөйтсе әлгі желпіген сайын мұрны шалдың өзін көкке көтеріп әкетіпті. Тура аспандағы әлгі періштенің үйінің діңге0г0іне тақаған сәтте ол мұрнын шешіп қоя бере салыпты. Шешкен бетте гүрс етіп жерге құлапты. Жерге құлаған әлгі бейшара шалдан не қалды дейсің?! Сөйтіп оның байлығы мен үйіне қайырымды, кеңпейілді шал иелік етіпті. Бірақ ол  оның дүниесінің бәрін ауыл адамдарына таратып беріп, олармен бірге бөлісіп өмір сүрген екен.

                          DSC00852.jpg
 

Көлеңке сатып алған жігіт

Бұрын белгісіз бір ауылда қанағат дегенді білмейтін тойымсыз бай өмір сүріпті. Неге сондай қанағатсыз екені белгісіз, өмірінде басқа адамға бірде-бір рет көмектеспеген  екен. Бай үйінің тура алдында бір ағаш өсіп тұрады. Жаз болса сол талдың түбінде бай өзі көрпеше төсеп, жатып демалғанды ұнататын. Сол ауылда бір ақылды, жаны таза, жас бойдақ жігіт тұрып жатады. Бір күні әлгі бойдақ жігіт сырттағы күріш алқабында жұмыс жасап жүреді. Күн қатты ыстық болған соң, ол әлгі бай үйінің алдындағы талдың көлеңкесіне барып жайғасады. Тал көлеңкесінде ұйықтап жатқан байдың жанына барып, бойдақ жігіт тынығып жатады. Бір кезде демалып жатқан әлгі бай оянып: 
-Ей, ақымақ, сен біреудің көлеңкесінде демалып жатқаның қалай?- дейді. Қарынды да, қалталы байдың сөзіне таң қалған бойдақ жігіт шошып кетеді. Көздері алайып қарап қалыпты. Бір кезде ол байдан:
-Мырза, мынау ағаштың көлеңкесі де сіздің затыңыз ба? Сіздің меншігіңіз бе? – деп сұрайды.
- Мынандай ақымақты көрдің бе? Мына талды менің арғы аталарым мен бабаларым егіп кеткен. Біздің әулеттің заты болмағанда, кімнің заты болады деп едің? Тез табаныңды жалтырат бұл жерден!
Бойдақ жігіт байдың сөзін естіп, оған зығырданы қайнап,  жек көріп қалады. «Қанша бабаларының егіп кеткен талы болса да, мынадай аптапта көлеңкеден қуу – адам ақылына симайтын іс қой»,- деп ойлаған бойдақ жігіт, байды қалай тақырға отырғызып алдасам екен деп, қайтадан сөз бастайды . 
-Мырза, мен соны да білмей, қателік жасаған екенмін. Ағаштың көлеңкесі маған сондай қажет еді, оны маған сатсаңыз қалай, а?– деп бойдақ жігіт оған қарады. Бойдақ жігіттің сөзін естіген бай бірден басын жерден жұлып алып, ойланып қалады. 
-Ақша төлеп, мына талдың көлеңкесін сатып аламын дейсің бе?
-Иә, солай, мырза. 
-Жақсы, олай болса ағаштың көлеңкесін саған сатамын. 
-Мырза, енді қаншаға бересіз?
-Ымммм... Былай өзі, талдың көлеңкесінің үлкендігі мен жалпақтығына қарай бес нян  ақша бересің!
Байдың сұрағаны көп болса да, сол күні алған қарызына бойдақ жігіт тәуекелге бел буып,  талдың көлеңкесін сатып алады. 
-Ал, жақсы. Санап алыңыз. Бес нян. 
-Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу. Дұрыс, болды. Бұдан былай мынау – сенің меншік көлеңкең!
-Иә, дұрыс айтасыз, мырза. Әрине! Енді сіз мына көлеңкенің астынан шығыңыз тез!
«Ақымақ! Байығаныңды көрейін. Ағаштың көлеңкесі не пайда әкелер екен?..»- деп бай басқа ағаштың көлеңкесіне орнын ауыстырып, бес нянын санап мәз болып жатады. 
Біраздан кейін күннің көзі батыс жаққа түсті. Күннің батуы ұзақ болған соң, бойдақ жігіт сатып алған ағаштың көлеңкесі байдың ауласының ішіне созылып түсті. Бойдақ жігіт меншік көлеңкесінің соңынан жүріп, байдың ауласына қарай орнын ауыстырды. Бірақ бұған бай ашуланды.
-Сен ақымақ! Басқаның ауласына қалай баса-көктеп кіресің? Неғып жатырсың, шықпайсың ба?
-Мырза,  мен ағаштың көлеңкесінде тынығып жатырмын. Сіз бес нянға сатқан ағаштың көлеңкесі емес пе бұл?!
Бұл сөздерді бойдақ жігіт саспай айтады. Бойдақ жігіттің сөзінің жаны бар, бай одан әрі аузын аша алмады. Күннің жылжуына қарай, ағаштың көлеңкесі де жылжып, байдың үйінің ішіне түсті. Бойдақ жігіт аяғын да шешпей, байдың үйінің кіре беріс бөлмесіне жайғасып отырып алды, кейде жатты  да. Бұны көрген бай тағы ашуланып: 
-Сен неге біздің үйге аяқпен кіресің? Тез шық! – деді.
-Не деп тұрсың, Мырза? Мен жатқан жер, сіз сатқан ағаштың көлеңкесі емес пе? Мен тек соның соңынан жүріп отырмын. Ол қайда түседі, қайда барады мен сол жерге барып тынығып, демаламын. Жатамын ба, отырамын ба, шалқаямын ба, тұрамын ба өзім білемін. 
Әлдеқашан сатып жіберген ағаштың көлеңкесі болған соң, бай бұл сөзді естіп, қарсы бір ауыз сөз айта алмады. Біраз уақыт өткен соң ағаш көлеңкесі байдың үйінің төргі бөлмесіне дейін түсті. Бұл жолы да бойдақ жігіт аяғын шешпестен, көлеңкенің соңынан байдың үйінің төргі бөлмесіне дейін кіріп  алды. Ол үйдің ішіне кіріп, үй ішіндегі адамдарға зеки бастады. 
«Тұрыңдар былай! Бұл ағаштан түскен көлеңке –  менің көлеңкем! Ешкімнің бұл көлеңкенің астында тұруына да, жатуына да болмайды. Тез шығыңдар деймін!»- деген бойдақ жігітке үй ішіндегі байдың отбасы ештеңе істей алмады. Байдың отбасы бойдақ жігітке ағаштың көлеңкесін сатқаны туралы естіген соң үйде ұрыс-керіс болып,  байдан маза кетті. Байға әйелі де, балалары да ұрысты. Енді сатқан ағаштың көлеңкесін қайтып ала алмайды. Кеш батса ағаштың көлеңкесі жоғала салысымен бойдақ жігіт үй ішінен шығып, өз үйіне қайтып отырады. Келесі күндері де бойдақ жігіт ағаштың көлеңкесі түскен жерге келіп жатады. Байдың үйіне түссе соған барады. Сөйтіп байдың ес-ақылын да, үйінің ішінің әптер-тәптерін шығарады. 
Бай бір күні бойдақ жігітке сатқан көлеңкесін қайтарып алуға кірісті. «Мына ақшаны берейін, бұны ешкім естімесін. Қайтып көлеңкемді өзіме сат»,- дейді бай жалбарынып. Алайда байдың сөзінен кейін мүмкіндігі қолында тұрған бойдақ жігіт көнбейді. «Сіз не деп тұрсыз. Мына ағаштың көлеңкесі болмаса, демалатын жер болмайды. Оны қайтып сата алмаймын»,- дейді жігіт. Бай: «Менің жағдайымды ойла! Қаласаң үстіне тағы бес нян қосып берейін»,- дейді. Бай қанша жылы-жылы сөйлесе де, бойдақ жігіт сатпады. «Қыста мынадай көлеңкені басқаға сата алмайсың. Мына көлеңкені қайтып сатып аламын десеңіз, бес мың нянды санап беріңіз!», - дейді жігіт. Бай өзінің қателескенін айтып өкінді. Ол жер тепкілеп ашуланды. Күн батып ағаштың көлеңкесі жоғала салысымен жігіт өз үйіне қайтады. Содан кейін бірнеше күн бойы ол тағы байға маза бермейді. Байдың отбасы үйді қалдырып, алыс жаққа қашып кетуге мәжбүр болады. Соңында бес нянға көлеңке сатып алған бойдақ жігіт байдың бүкіл үлкен үйіне ие болып қалыпты. Сөйтіп ауыл адамдарына қайырымдылық қылып, көлеңкесінде демалдырады екен. 

                            _MG_4725.JPG

Несі қате?

Бұрын бір ауылда сараң шал өмір сүріпті. Бір жылы қыстың бір күнінде сыртта қар жауып, сараң шал өзінің жылы төсегінде жатады. «Бүгінгі күндей жақсы күнде бір жасайтын іс бар ма?»,- деп іштей ойланып отырды. Сыртта қар күреп жүрген құлын көріп, оны сараң шал шақырып алады.
-Ей, бейшара құл, бері кел мында!
-Шақырдыңыз ба?- деп үйіндегі құлы ентігіп, жүгіріп жетіп келеді.
-Аңға шығамын, аңға шығу дайындығын жаса!
-Мынадай қар жауып тұрған күні ме?
-Ей, ақымақ! Мынадай қар жауып тұрған күн –  нағыз аңға шығатын күн. Тез дайында!
-Жақсы, айтқаныңыз болсын!
Сараң шалдың сорлы құлы садақ пен жебені дайындады. Аңға керекті жарақтың бәрін алады. Түскі асты да дайындап алу үшін сараңның құлы ас үйге кіреді. Ондағы әйелдерге: «Үй иесі жейді, дәмділеп жаса!», - деп түс мезгілінде жейтін тамақты дайындатқызып жатты. Ас үйде жолға алатын тамақты жасатып жатқанда, сараң шал оны іздеп: 
-Қайда жүрсің сен?- деп сараң шал құлын шақырды. 
-Мен түскі тамақты дайындатып жатыр едім,- дейді құлы. 
-Қайдағы түскі ас?! Тез аңның жарақтарын дайында! Кеттік!
Сөйтіп екеуі жолға шықты. Қар басып қалған тау ақ теңіз секілді көрінді. Сараң шал мен құлы аң іздеп жолдан адасты. Біресе таудың биігіне шықты, біресе таудың етегіне түсті. Тау аңдарының құлағы тұрмақ, ізі де көрінбеді. Сараң шал мен құлы әбден діңкелері құрып, қатты шаршап қардың үстіне отырады. Сол кезде бір қырғауыл оларға қарай келе жатқан еді. Сараң шал садағын алып, оны көздеп атып түсірді. Құлап түскен қырғауылды құлына алғызды. Құлы оны ұстап алып келді. 
-Керемет мерген екенсіз!
-Ей, осыны да азық деп. Аңға шыққан соң жоқ дегенде жаман қабан, шошқа атып алып қайту керек қой!- деп сараң шал мақтанды. Ұзақ жүріп сараң шал мен құлының қарындары аша бастады. Сөйтіп екеуі алдымен әлгі қырғауылдың етін пісіріп жеп, сосын  жұмыстарын жалғастырмақ болады. Дәмді қырғауыл түскі астың тамағы болған соң, құл көңілденіп кетті. Отта тұрған қырғауыл еті пісіп, құс етінің иісі мұрынды жара бастады. Кедей құлдың аузының сілекейі ақты. Қасында отырған мырзасының да сілекейі шұбырып отырғаны белгілі еді. Ет пісіп қалған кезде, сараң шал бір қулық ойлап табады. «Құл ештеңе істемеді,енді қазір қалайша менімен бірге бәрін бөлісіп жейді?! Мен жалғыз жейтін амал жоқ па?» -деп ішінен ойланды. Бір кезде тізесін бір соғып, тапқандай қуанып кетті. 
-Ей, ақымақ құл! Мынадай әдемі табиғатта тек қарын тойдыруды ойласақ не болмақ? Мұнымыз ұят емес пе?! Ет піскенше біз екеуіміз өлең жазайық!- дейді сараң шал. Оның айтып отырғанына құлы ренжіп:  
-Өзегіміз талып, қарын ашып өлейік деп отырмыз. Одан да алдымен тамақ ішіп әлденіп алайық, сосын өлең жазайық!- дейді. 
-Ей, ақымақ құл. Ми бар ма сенде? Өлеңді бірінші шығарған адам, мына еттің бәрін жейді,-дейді сараң шал. 
Бұған құл ойланып қалып еді, сараң шал қуанып кетті. 
-Ей, ақымақ. Оңай іс деп ойлама! Шумақтың ең соңында «екен» деген жалғауды қосып, үш жол өлең шығарып көр.  Әдетте төрт жол өлең жазады. Мен саған оңай болсын деп әдейі үш жол қылып алып отырмын,- деді сараң шал оған бұрылып. Солай деп айтып алып ішінен: «Құл тақырыпқа арнайы өлең шығара алмайтыны айдан анық. Қырғауылдың етінің бәрін өзім жейтін болдым»,- деп қуанды сараң. Ол кезде оның құлы өлең жазуды біртіндеп ойлап отырды. Етке қарап түрі бұзылып отыр еді, бір кезде жүзі бал-бұл жанып қуанып кетті. Сараң шалдың құлы қырғауылдың бір жағын бөліп алып аузына салды. Сосын былай деді: «Бәрі пісті ме екен, дәмді ме екен, ал жеп көрсек пе екен?»- деп ол еттің біразын аузына салып опырып жей бастады. Шал оған қарап: «Ей, ақымақ, сен өлең жазбай жатып еттің бәрін жеп жатырсың ғой»,-деп кіжінді. Құлы оған қарсы уәж айтты. 
-Мырза, мен өлеңнің бәрін шығарып қойдым,- деп етін жей бастады. Оған сараң шал ашуланып: «Қашан өлең жаздың?»- деп жазғырды. Құлы өлеңді түгел жазып шыққанын айтты. Сараң шалға сол өлеңдерін қайтып рет-ретімен, жол-жолымен оқып берді. 
«Бәрі пісті ме екен?
Дәмді ме екен?
Жеп көрсек пе екен?»- деген өлеңін оқып берді. Өлеңнің ішінде «екен» деген жалғаудың ұйқасып жазылып тұрғанын айтып, «несі қате?» деп сұрады ол сараң шалдан.  Міне осылайша құл еттің бәрін өзі жеп тауысқан екен. Ал сараң шал болса оған қарап, әбден қарны ашығыпты.

Корей тілінен аударған Дастан Ақаш

(«Сиқырлы таяқ», «Тасбақа мен Қоян», 
«Корей елінің халық ертегілері» деген бірнеше ертегі кітаптардың авторы) 

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар