22 тамызда Астанадағы Корей елшілігіне қарасты «Корей мәдениеті» орталығында «Фолиант» баспасы басып шығарған «Корей ертегілері» кітабының тұсаукесері өтеді.
Корей тілінен қазақшаға алғаш аударылып, оқырманға ұсынылып отырған аталмыш кітаптың авторы есімі елімізге танымал бола бастаған шығыстанушы, аудармашы, жергілікті және мемлекеттік басқару саласының маманы Дастан Ақаш.
Корей елінің еңбекқорлығын, адалдығын, мейірім-қайырылымдығын, ізетті де, ізгі қасиеттерін арқау еткен ертегілердің тілі тартымды, мазмұны бай. Бір сөзбен айтқанда, балалар санасына лайықты тілмен аударылған кітаптағы 10 ертегінің оқырманды ойлантып-толғантары, бей-жәй қалдырмасы анық. Кітап бүлдіршін қазақ балаларына ғана емес, корей тілін үйренуші студент жастарға, корей мәдениеті мен экономикасына қызығушыларға арналған.
Корей ертегілерінің тұңғыш қазақ тілінде жарық көруіне байланысты тұсаукесер рәсіміне дипломаттар, мемлекеттік қызметкерлер, бизнес өкілдері, еңбектері елге мәлім қаламгерлер мен БАҚ өкілдері қатысады.
Айта кетейік, жақсылықтың көшбасшысы болған баспа өзінің жақсы істерін алдағы уақыттарда да жалғастырмақ ойда. Кішкентай оқырмандар жуық арада «Корей ертегілерінің» екінші кітабымен де қауышатын болады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.