26 қазан күні ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету туралы тарихи Жарлыққа қол қойған болатын. Аталған Жарлық әліпбиге қатысты көптен талқыланып келе жатқан мәселелердің, ой-толғамдардың қорытындысы, түйіні болды. Әліпбиге қатысты ендігі әңгімелер мен шаруалар жаңа әліпбиді кезең-кезеңімен игеру, қолданысқа тиімді енгізу төңірегінде болмақ. Осы тұрғыда 30 қазан күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңарту бағдарламасы аясында «Латын әліпбиі залы» ашылды.
Залдың ашылу салтанатына Ғарифолла Есім, Бәкір Әбдіжәлел, Қаржаубай Сартқожұлы, Шерубай Құрманбайұлы, Нұрсұлу Шаймерденова т.б. ғалымдар, жалпыхалықтық қозғалысының өкілдері, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.
Философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім 26-қазан күнгі Елбасының Жарлығы – біздің ұлттық санамызда үлкен төңкеріс әкелетін оқиға болғандығын, ендігі жерде біз басқаша ойлауымыз қажет екендігін ерекше атап өтті және бұдан былай қазақша, орысша жарияланымдарындағы өзінің аты-жөнін тек қана латын қарпімен қоятынын мәлімдеп, сәттілік тіледі.
Тарих ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы мың жарым жылдық жазу дәстүрі бар біздің қазақ (түркі) жұртының өз тарихында оншақты рет жазу ауыстырғанын, соңғы ғасырдың өзінде үш рет ауыстырғанын, оның бәрі сыртқы күштердің мәжбүрлеуінен болғанын, ал бұл жолғы әліпби тәуелсіздіктің анық жемісі, жеңісі екенін атап өтті. Белгілі ғалым Шерубай Құрманбайұлы әліпби мәселесі Жарлық шыққаннан кейін де әлі де жетілдіріліп, талқылана беретіндігін айта келе, әлі де жетілдіретін тұстар бар екендігін ескертіп өтті. Кітапхананың 2-қабатында орналасқан «Латын әліпбиі залында» Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығының мамандары жаңа әліпбидің нұсқалық ерекшелігімен таныстырды. Дәйекше (апостроф) арқылы жазу – әлемнің көптеген тілдеріне тән орфографиялық үдеріс екендігін айта келе мамандар бұл әліпбиді үйренудің қиынға соқпайтынын айтып өтті. «Латын әліпбиін залында» аталған оқыту орталығының маманы отырып осы залда, ал А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мамандары онлайн түрінде оқырмандарға, барша қауымға әдістемелік көмек көрсететінін атап өткен кітапхана директоры Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаева латын әліпбиін қолданудың техникалық мүмкіндіктері де қарастырылып отырғанын жеткізді.
Кітапхана базасында кирилл қарпіндегі сөздерді бірден латын қарпіне алмастырып жазудың бірегей бағдарламасы әзірленіп жатқан көрінеді. Болашақта кітаптар базасы түгелдей осы үдеріске қамтылатын болады. Демек, техникалық-технологиялық тұрғыда бұл да үлкен көмек екені даусыз. Елбасының әр жылдар жүзінде айтқан қанатты сөздері, ойлы оралымдары топтастырылып, латын қарпінде арнайы жинақ болып шыққан екен. Аталған жинақ таныстырылып, кез келген қатысушыға мәтінді оқыту шарасы жүргізіліп жатты. Жиналғандардың көбі мүдірмей оқып кеткенін атап өткен жөн.
Залдағы көрмеден 1929-1940 жылдары латын әліпбиімен жарық көрген 1300-ден астам кітаппен, мерзімді басылымдармен танысуға болады. Бұлар негізінен кеңес дәуірі әдебиеті классиктері мен әлем әдебиетінің туындылары.
Кітапханадағы жиыннан түйген қорытынды – бағыт айқын, мақсат түсінікті. Бағамдай білген жанға кезінде астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруден бір де кем емес маңызды тарихи шешім қабылданды. Ол кезде де Ақмола елдің астанасы болады, ұлтты ұйыстыратын феноменге айналады дегенге күмән-күдікпен қарағандардың топаны мол еді ғой. Ақырығы нәтижесі қалай, көз алдарыңызда. Ендеше, бұл да бір батыл шешім, игі қадам! Мәртебелі уақыт ілгері береке берсін!
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.