Бүгін 15 сәуір. Белгілі ақын-аудармашы Маржан Ершуді туған күнімен құттықтай отырып, оқырмандар назарына оның он жыл бұрын «Қазақстан-Заман» (29 .12. 2009) газетінде «Шығармашылық бақ та бұтаққа қонған торғай сияқты...» деген тақырыппен жарық көрген сұхбатын ұсынамыз. Сұхбаттан ақынның жан дүниесі, ой-сезімі, өмірге көзқарасы көрінеді. Және жаңа өлең. Жаңа аударма. Ноғайдың белгілі ақын қызы Кадрия Темирболатова Маржанның аударуында қазақ тілінде сөйлейді. Айта кетерлігі, ТҮРКСОЙ-дың жаңа жобасы :өмірден ерте кеткен ноғайдың талантты ақын қызы Кадрияның әдеби мұрасын түркі халықтарына таныстыру мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылуда. ТҮРКСОЙ тарапынан Кадрияның жырлары түркі халықтарының тілдеріне аударылып кітап болып шықпақшы. Маржан Ершу осы жобаға қатысып, Кадрия өлеңдерін қазақшаға аударуда.
- Маржан, бүгінгі күннің ақындары «өлең оқылмайды, өлеңнен қадір қашты» деп зар жылайды. Сен де кейінгі буынның өкілісің ғой, өзің айтшы, өлең оқылмаса, керек болмаса, өлеңді кім үшін және не үшін жазасыңдар?
- Біріншіден, қаламгер жазғысы келгесін жазады. Екіншіден, қаламгер халықтың адамы болғандықтан елдің сөзін айтқысы келеді. Сөз- ауыр жүк. Сөзді бастау да қиын. Сөзді тастау да қиын.Ежелден халқымыз сөздің көбігін емес, қаймағын, мәйегін ұнатқан ғой. Көп сөйлегенді емес, дөп сөйлегенді бағалаған. Дүниедегі барлық ғажайыпты сөзбен көркемдеуге болады. Ал сөзге ғашық адам жаза бергісі келеді. Жазушылар одағының 1000-ға тарта мүшесі бар. Бұл аз ба, көп пе білмеймін?! Осындай алып ұйымның мүшелері неге жасуы керек? Неге төменшіктеуі керек? Қазір атақ та жеткілікті. Кітап та тоқтаусыз шығып жатыр. Ақпарат заманында газет-журналдар да күн сайын көбейіп келеді.Демек, ақын-жазушыларды мұқататындай рет жоқ.
- Маржан, «Шырақ», «Пырақ» атты кітаптарыңды «Айек» деген псевдониммен шығардың. Бірақ сені «Айек» деп ешкім айтып жүрген жоқ қой.
- Айтсын деп тілеп жүргенім жоқ. Қаншама баспа бар. Ақын-жазушылардың кітаптары шығып жатыр. Кімнің кітабы, қандай кітап, аты қандай, заты қандай? Бірі есте қалмайды. Себебі, бұрынғыдай кітап оқылмайды. «Айек» деген бүркеншік атпен «Шырақты» шығарғанымда осындай жағдайларды да ойлаған едім. Кітапқа да жарнама, насихат керек.
- Сен ренжіме, бірақ маған «Пырақ» атты кітабыңның сыртқы мұқабасы ұнамады. Негізі жыр шумақтары жинағының мұқабасынан белгілі бір сыр түюші едік. Ал сенің кітабыңның сыртында әртіске ұқсаған өзіңнің бейнеңді көрдік. Бұл арқылы қандай ой айтқың келді?
- Қазір әртістер – беделді де, танымал халық. Той-думанда қалың ел қолтаңба сұрап, солармен бірге суретке түскеніне мәз болады. Журнал-газеттің мұқабасында да жылы жымиып күлімсіреп тұратын да – әртістер. Ақұштап Бақтыгереева, Ханбибі Есенқарақызы сияқты ақын апалар мен Мақпал Жұмабай, Сағыныш Намазшамова сияқты жас ақын қыздар кітаптарының мұқабасына өз суреттерін берген екен. Мен сол тамаша үрдісті жалғастырдым. Мұқабаға келсеңіз, түйетін сыр – осы!
- Астанада тұрасың. Жалпы, осы Астанада әдеби орта қалыптасты деп ойлайсың ба?
- Астананың әдеби ортасы Алматыға мүлдем ұқсамайды. Бүгінгі шығармашылықтағы жастарда кеңдік жоқ, кітап жазу қиын. Шығару одан да қиын. Кітабыңды сату, насихаттау, көпке таныту, өзіңді мойындату жалғыз адамның қолынан келетін шаруа емес. Осының бәрі – қиындық. Шығармашылық бақ та бұтаққа қонған торғай сияқты. Ұшырып алсаң қиындау. Сондықтан да, өз-өзіңді «түтіп жеуден» басқа жол көрмейсің.
- Бір сұхбатыңда «3-4 жыл бұрын 4 басылым өлеңдерімнің өңін өзгертіп, бүлдіріп жариялады» депсің. Осы туралы толығырақ айтып өтсең...
- 2003 жылы Махамбет бабамыздың 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Бабамыздың 200 жылдық тойы қарсаңында «Махамбет» атты тұңғыш поэмамды жаздым. 2003 жылы «Арыс» баспасынан «Жыр арқауы – Махамбет» деген жыр жинақ шықты. Осы жинақта атыраулық бір ақынның өлеңін беріп, авторы – Маржан Ершуова деп жазып қойыпты. Мен бұл баспаға өлең тапсырған жоқпын. Ал, сол жылы шыққан «Жалын», «Жаңа Сарыарқа» журналдары менің «Махамбет» атты поэмамды бүлдіріп, өлеңімдегі сөздерді өзгертіп, су татыған дүмбілез шығарма етіп жарияласа, сол жылы жарық көрген «Атырау ақын-жазушыларының 100 томдығының 58-томын «Нарын» деп атап, менің кітабымды шығарыпты. Қолжазбамды түгелдей бүлдірген. Өлең сиқы жоқ. Бұл жағдайлар мені қатты қажытты. Түңілгенім сондай, өмірден баз кешіп кеткім келді. Алдыма бір мақсат қойдым. Жақсы кітап жазуым керек деген. Авторлық құқығым туралы айтысты жылы жауып қойдым да, шығармашылыққа шындап кірістім.
- Қазіргі заманның іскер әйелдерінің бейнесі көркем әдебиетте неге көрініс таба алмай жатыр?
- Бұл сұрағыңыз орынды. Фариза Оңғарсынова әдебиетте әйелдердің галереясын жасады десек те болады. Ділдә Матайқызы туралы «Алақан» атты поэмамды жазып болғасын, Фариза апама хабарласып: «Оқып шығып, пікіріңізді айтыңызшы», - дедім. Екі күннен кейін телефон соғып: «Аш қарынмен екі рет оқып шықтым. Бұл не? Осылай да жаза ма екен? Сен одан да менің Кәмшат Дөненбаева туралы поэмамды оқысаңшы. Поэма деген сондай болмай ма?», - дегені. Содан Фариза апайдың «Кәмшатын» тағы бір рет оқып шықтым. Ойландым. Сосын апайға телефон соғып: «Фариза апай! «Кәмшатыңызды» оқып шықтым. Қазір мұндай поэма жазу мода емес. Бүгінгі әйел заты темір тұлпардың құлағында ойнайды. Өздері де темірдей қатты. Сіздің поэмаңызда басқа шауып, төске өрлеп бара жатқан шойын әйел бейнесі көзге ұрып тұр. Бұл Кәмшатта жан-жүрек, жүйке жоқтай. Ол неге егістік алқабында тракторы бұзылып, қолдары күс-күс болып, неге қиналып қалмайды? Әйел болып неге еңіреп жыламайды? Себебі, Кәмшат – коммунист. Коммунисті жылатуға болмайды. Егер сіз осындай халін суреттесеңіз, Кәмшаттың соңынан ерген сіңлілері трактордан қорқып, егіс алқабынан қашып кетер еді ғой?! Сіз кінәлі емесссіз! Бұған социалистік реализм кінәлі!» - дедім. Фариза апай менің сөзіме күлді де, трубканың тұтқасын қойып қойды.
-Қазақтың тұңғыш ғарышкері туралы «Байқоңыр» атты поэмаң дүниеге қалай келді?
- Кітап дүкенінен Талғат Сүйінбайдың «Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров» деген кітабын көрдім. Кітап сезіммен жазылған екен.Тұңғыш ғарышкердің өмірі толық қамтылыпты. Қызығып оқып шықтым. Сол кітапта мынадай жазу сөз бар: «Юрий Гагарин ғарышқа ұшқанда, бір жыл ішінде 15 кітап жазылды. Ал біздің тұңғыш ғарышкеріміз ғарышқа ұшқалы 15 жыл болды. Бір кітап та жазылған жоқ». Содан менің Тоқтар Әубәкіров туралы жазғым келді. Бұл поэмамды жазуыма тұңғыш ғарышкер туралы тұңғыш кітаптың көмегі көп болды.
- Поэмаңды Тоқтар Әубәкіровтың өзі оқыды ма?
- «Байқоңырды» Тоқтар аға депутат болған Парламент тарамай тұрғанда жазып бітірген едім. Ғарышкер ағамыз оқыды. Өзіне өте ұнағанын айтып, қолжазбамның соңына: «Маржан! Рахмет! Тоқтар Әубәкіров» деп қолтаңбасын қойыпты.
-Үнемі халық батырларын жырыңа арқау етеді екенсің. Ал Хиуаз Доспанова туралы поэмаң қалай жазылды?
- Халқымыздың тұңғыш батыр ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова туралы аз жазылды десек те, «Егемен Қазақстан» газеті бетінде Хиуаз апай туралы, ұшқыштар туралы әр жылдары тамаша мақалалар жарияланып тұрды. Қызығып оқимын да, қиып алып әспеттеп жинап жүрдім. 60 жыл өткеннен кейін соғыс туралы жазу қиын. Соғыс туралы жазылған кітаптарды іздеп тауып, оқып шықтым.Ауырып төсек тартып жатқан соңғы күндерінде Хиуаз апайға хабарласып, өзі туралы поэма жазғым келетінін айтқанымда, Батыр апамыз риза болып, маған батасын берген еді.
- Түрік ақын-жазушыларын қазақша сөйлетіп жүрсің. Аударма жасау оңай емес шығар?
- Аударманың оңайы жоқ. Түрік поэзиясында отаншылдық сезім басым. Ішкі эмоцияға көп мән беріледі. «Мен – түрікпін» деген батыл дауыс тасты жырласа да, тауды жырласа да, гүлді жырласа да анық естіліп тұрады. Осыдан кейін түрік тілі – қуатты тіл екенін мойындайсың.
- Әңгімеңе рахмет!
Сұхбаттасқан: Мақпал Қаратайқызы
«Қазақстан- Заман» 29. 12. 2009
Бір өлең
Менің даусым тастардан да шығады...
«Жалған дүние, аяр дүние, сыяр маған,
Мен сыймаспын, дүниеге, сыймаспын...»
Насими
Кейде осы ойларыма сыймаймын,
Миларымды біреу мүжіп жатқандай.
Кейде өзімді азапқа сап қинаймын
Түпсіз терең тұңғиыққа батқандай.
Адамдардан өзім безген шақтар бар,
Менен үркіп қашты қанша пенделер.
Мені алда шақырады ақ таңдар,
Ал өсектер ескен желмен тербелер.
Мен танимын табиғаттың дауысын,
Аталарым мінген аттың тұяғын.
Менің жаным қылдай нәзік қауырсын
Дала үнін жырларыма құямын.
Дала даусы,
Ғасырлармен үндескен,
Сол бір дауыс құлағымда тұрады,
Даламенен дала болып тілдескем.
Менің даусым тастардан да шығады,
Жүрегімнің жомарттығы қазына.
Небір ұсақ пендеге де ырзамын,
Өкпе мен мұң өткен күнге базына.
Тағдыр маған ұсынса егер тұз-дәмін,
Сөздер де бар суықтығы ақ қардай.
Мұз демімен мені үсітіп жатқандай,
Достар да бар тасадағы тас атар,
Көріскенде – тілектері мақпалдай.
Биік қойдым өлең деген өлшемді,
Өмірім тек адалдықпен өлшенді.
Сыймай жатсам, кінәлама, достарым
Пақыр ақын... атанайын ең соңғы!..
Кадрия Темирболатова, ноғай ақыны
Ноғай тілінен аударған: Маржан Ершу.
наурыз 2019 жыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.