Мағауия Абайұлының ғибратты ғұмырына зер салсақ, қазақ поэзиясына соны ізденіс әкелген ерекше дарын иесі екенін көреміз. Әкесі әрі ұстазы хәкім Абайдың тағылымынан нәр алған марқасқа Мағауия ақын Шыңғыстау даласын жырлаумен шектелмей, шетел әдебиеті мен мәдениетіне ден қояды. Жанындағы ойшыл әкесінің биік парасаты, салмақты һәм салихалы сөздері жас баланың жанарына от, көңіліне шалқар шабыт сыйлағаны анық. Шәкәрім, Ақылбайлардан қалыспай, поэзиядай ақсүйек өнердің қыр-сырын толық меңгерген Мағауияның басты бағдары да қалың қазаққа тұщымды әрі толымды өлең қалдыру.
Ақынның өлеңдері бүгінгі ұрпаққа қаншалықты бағалы болса, оның поэмасын халыққа таратқан адамдардың қолжазбалары да соншалықты маңызды. Мағауия туралы құнды деректерді Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов сынды танымал ғалымдардың кітаптарынан кездестіреміз. «Әкесінің ақындық еңбегін аса қадірлеп, жақсы білген, ұғынған Мағауия өзі де Ақылбай, Көкбай сияқты ақындық еңбекке беріледі... Абайдың мәслихатымен және материал беруін пайдаланып, бірнеше поэма жазады. Ол жазған поэмалары: «Еңлік-Кебек», «Абылай» және «Медіғат-Қасым», – дейді М.Әуезов. Заңғар жазушының осы сөзі арқылы Мағауияның шығармашылық шеберханасына енгендей боламыз.
Сарғайған парақтарды сарқылмас қазына деп білген Қ.Мұхамедханов «Абайдың ақын шәкірттері» еңбегінде «Медғат-Қасым» поэмасындағы әр образға мінездеме бере отырып, сюжеттік желі негізінде тұтас талдау жасады. Сондай-ақ поээманың қолжазбасына да аз-кем тоқталады.
«Мағауияның тұңғыш жазған поэмасы – «Еңлік-Кебек». Бұл поэманы 20 жасында, 1890 жылдары жазған. Поэма ол кезде елге кең тараған. Оның себебін «Еңлік-Кебек» поэмасын сөз еткенде айтамыз. Поэманың қолжазба көшірмесі ғана бізге жеткен. Мағауияның өз қолжазбасы сақталмаған. «Абылай» поэмасының да толық нұсқасы сақталмаған. Қолжазба көшірмелерде шығарманың үзінділері ғана сақталған», – дейді Қ.Мұхамедханов.
Шынында да, Мағауияның өз қолжазбасы әлі күнге табылмай отыр. Осылайша, өткен ғасырдың болмысынан сыр шертер асыл мұралар жарыққа шықпай, қарт тарихтың қойнауында қалды. Бүгінгі мен кешегінің арасында бір ғасырлық кеңістік жатса да, біз мұндай құндылыққа салғырт қарамауға тиіспіз. Керісінше, алыптар жүрген іздерге, қолданған заттарға, дәйекті деректерге уақыт өткен сайын жақындай түсуіміз ләзім. Ғұлама ғалым Қ.Мұхамедханов Мағауияның мұрасын көзінің қарашығындай сақтаған тұлғалардың ерен еңбегін айта келіп, төмендегі сөздерін жазады.
«Ақындық өнері қалыптасып, кемеліне келе жатқан шағында, өмірінің ақырғы кезінде Мағауияның жазған соңғы поэмасы – «Медіғат-Қасым» 1900 жыл шамасы. Бұл жөнінде Рахымжан Мамырзақов естелігінде былай дейді: «Медіғат-Қасым» 1900 жыл шамасында жазылған. Себебі біз 1902 жылдан бастап айтушылардан ести бастадық. Бұл «Медіғат-Қасымға» арнауы өзінің әні болушы еді, мұны әркім жаттап алып, айтып жүрді. Халық сүйсіне тыңдайтын еді. «Медіғат-Қасымды» Әлмағамбет, Мұхаммеди Дарқан ұлы, Бейсенбайлар айтып халыққа таралды.
«Медіғат-Қасым» поэмасы да, Абай өлеңдері сияқты, ауыздан-ауызға жатталып және қолжазбадан-қолжазбаға көшіріліп, кезінде елге молырақ тараған шығарманың бірі. Поэманың бірнеше көшірме қолжазбасы сақталған. Мысалы, Абай шығармаларын көшіруші Мүрсейіт туралы айта келіп, Мұхтар Әуезов: «Абайдың ақын шәкірттері: Көкбай, Мағауия, Ақылбайлар шығарған поэмалары да қоса көшірді», – дейді. Және Абай шығармаларын сүйіп оқып, ұзатылар кезінде Мүрсейіт, Дайырбай, Самарбай сияқты көшірушілерге көштіріп алып, өздерінің жасау сандығына салып алып кеткен бір топ қыздарды білеміз деп, Мұхтар солардың аттарын да атап-атап айтады.
Кейін Абай қолжазбаларын жинаушылардың бірталайы пайдаланған сондай көшірмелер: Уәсилә, Әсия, Рахия, Ғалия, Ғабида, Қаныш деген қыздардың көшіріп сақтаған жазба жинақтары болатын.
Мағауия ақынның «Медіғат-Қасым» поэмасының ең әдемі жазылып, ұқыпты көшірілген бір нұсқасын, жаңағы Мұхаң атаған қыздардың ішіндегі, Қаныш атты қыз сары алтындай сақтап келіпті. Қаныш (шын аты Ханымбүбі) сол аса қымбатты қолжазбаны 1940 жылы бізге тапсырған еді. Дәптердің сыртында: «Үшбу қисса тиушыдүр Ханымбүбі Бекбай ұғылына. Жазылды. 1908-інші жылында 15-ші мартта», - деп жазылған. Дәптердің бірінші бетінде: «Қисса Медіғат-Қасым» шығарушы Мағауия Ибраһим ұғылы» – деп жазылған.
«Медіғат-Қасым» поэмасы 1908 жылы көшіріп жазып, Бекбай қызына тарту еткен, жоғарыда аталған Самарбай екен.
Қаныш (Ханымбүбі) Бекбай дейтін кісінің жалғыз қызы болғандықтан, ата-анасы оны «ұл» деп атайды. Сондықтан поэманы Қанышқа арнап көшіріп жазушы Самарбай да: «Бекбай ұғылына» деген. Бекбай Абай елінің адамы, Абаймен сыйлас, достар болған және ақынның өзі, інілері, балалары Семейге келген кезінде көбірек жатып жүретін үйлерінің бірі де Бекбайдікі болған. Семейдегі Абай музейі 1940 жылы осы үйде ашылған. «Медіғат-Қасым» поэмасы қолжазбасының Қанышқа ескерткіш-тарту ретінде тапсырылып, сақталуының қысқаша тарихы осы.
«Медіғат-Қасым» поэмасының 1908 жылы (Мағауия қайтыс болған соң, төрт-ақ жыл кейін) көшірілген нұсқасы қазіргі қолда бар тарихи бағалы қолжазба болып отыр. Поэманы ертеректегі қолжазбалардан көшіріп алып жаттаған: Әрхам Ысқақов, Рахымжан Мамырқазов, Шәбден Әлмағамбетовтарды ауызша айтқандарын 1908 жылғы қолжазбамен салыстырып, зеттеп қарағанымызда ешбір қайшылық, бұрыс кетушілік байқалмады. Сондықтан «Медіғат-Қасым» поэмасының 1908 жылғы қолжазбасын Мағауия жазған түпнұсқадан ешбір айырмасы жоқ деп кәміл сеніп айта аламыз. Поэманы сол 1908 жылғы жазылған қолжазба бойынша зерттейміз».
Мағауия жазған поэмадағы тың идея, жан-жақты образдар, тұспалды иірімдер туралы Қ.Мұхамедхановтың еңбегінен оқып білуге болады. Бізге құндысы – осы поэманың қолжазбасы болғандықтан, жоғарыдағы ғалымның сөзін тұтастай ұсындық. Мағауияның шығармашылығы ел арасында кеңінен тараса да, санаулы адамдар ғана қолына қалам алып, поэманың қолжазбасын қалдыруды ойлаған көрінеді. Бүгінгі таңда Мүрсейіт, Дайырбай, Самарбай сынды Абай мұрасын насихаттаушылардың өмір жолын зерттеу – аса маңызды мәселелердің біріне айналды.
Уақыт көші алға жылжыған сайын өткеннің бейнесі бұлыңғырлана беретіні ақиқат. Десе де, арда жүрек алыптардың сүбелі сөзі мен өнегелі жолын ұмытпай, жаңа ізденіспен ұлықтаудың, қайта қарастырудың кезі келгендей.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.М.О.Әуезов. «Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер. Алматы. 1967. (221-бет)
2.Қ.Мұхамедханұлы. «Абайдың ақын шәкірттері». Алматы. 1993. 96-97-бет).
Біржан АХМЕР
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.