Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мырзагелді Кемел. ҰЖДАН БИІГІ...

14.04.2015 3088

Мырзагелді Кемел. ҰЖДАН БИІГІ

 Мырзагелді Кемел. ҰЖДАН БИІГІ - adebiportal.kz
 Өз басым жаңа кітаптарды ұдайы оқуға тырысамын. Сосын пікірін бағалайтын достарымыздың ұсынған кітаптары мен кеңсесінде немесе үйінде көре қалған кей кітаптарды сұрап алып оқимын. Мұны жетілудің жоғарырақ деңгейі санаймын. Бастапқыда (бала күнде) қолға түскен кітаптарды таңдап-талғамай, шетінен сыдыртып оқыған кездеріміз болған. Қазір, енді, «барлығын қатарынан оқи беруге уақытым жоқ» деп Герольд Бельгер айтқандайын, олай етуге уақытымыз тапшы. Сонымен, кітап оқитын, оны үйінде де, кеңсесінде де төрге қоятын бір жас досымыздың кітап­тарын бірінен соң бірін қарап тұрғанымда: «Қазіргі заман тақы­рыбына ештеңе жазылмайды» дейтіндер көп, сіз мына кітаптарды оқып көріңіз­ші, берейін» деп ұсы­нып еді. Ол дүниелер кемел жасқа келіп қалған жазушы Әділбек Ыбы­райымұлының «Ұяластар» және «Зау­қайыр» деген романдары екен. 

Бұл азаматтың кітабын қо­лыма алып тұрып оны «Нұр-Астана» газетінде бас редактор кезінде бір көргенім және Лев Толстойдың шығармашылығын зерттеп жүрген кезімде абыз жазушы туралы көлемді бір эссесін оқығаным есіме оралды. Табиғатыма біткен әдетіммен оқыған дүниелерімдегі өзекті ойларды күнделігіме жазып қоюшы едім, соларға үңілдім. 

Толстой туралы жазғанда біз­дің қазақтың оның мұсылман дініне бой ұсынғанын айтпай кет­­пейтіндері кемде-кем. Сөз ет­келі отырған авторымыз да бұл тұ­жырымды айналып өтпеген. Бірақ, бір риза боларымыз – ол хрис­тиан дінінің Толстойға қа­тысын тереңірек зерттеп, өз сені­мі қалып­тасып барып, бір пікірге тоқтаған. 

Жазушы: «Теология ілімін зерт­теуге саналы ғұмырын арна­ғанымен, ол кісінің ислам туралы жазбаларын кездестіре алмадық. Бәлкім, ұшан-теңіз еңбегінің бәрін сарқып қарау мүмкін еместігінен де шығар. Алайда, шындығы – осы. Сондықтан, «исламды қа­былдады» деу – жаңсақтық. Мұны айтып отырғанымыздың себебі бар. Белгілі дінтанушы, Құран аудармашысы Валерия Порохова «Егемен Қазақстанға» (2010, 24 қа­раша) берген, кейіннен «Казах­станская правда» газетінде де жарияланған сұхбатында: «Лев Толстой «Мені дін мұсылман санаңыздар» деген сөзін Құранды оқығаннан кейін айтқан. Ұлы жазушының мұсылмандық ғұрыппен жерлен­генін білесіз ғой?» – дейді журналиске. Бұл сөздерге сұхбат алушы жақша ішінде: «Павел Басинскийдің жақында жарық көрген «Лев Толстой: «Бегство из рая» кіта­бында жазушының жер қойнына тапсырылған шағын суреттеген тұста «Тело Л.Н. положили в дубовый гроб, без креста на крышке», «Толстого хоронили, как он и завещал, «без церковного пенья, без ладана», без торжественных речей» деген сөйлемдер бар. Бұл қаламгердің христиан дініне сай жерленбегенін көрсетеді. Екінші жағынан, мұны «мұсылмандық ғұрып» деу де онша дәл анықтама емес сияқты» деп түсініктеме береді. Тегінде ақиқат белортада жатады ғой, осы орайда Толстой бір діннен кеткенімен, бір дінге жетпеген деген баға дұрыс болатын сияқты. Бірақ, бір нәрсе – хақ, бір Құдайды танып, соған ғана мінәжат етуге шақырады» деп, шындыққа жанасатын ойын айтыпты. 

Енді, Ә.Ыбырайымұлы жазған «Ұялас­тар» мен «Зауқайырға» келсек, бұл романдар кеңестік құры­лымның қабырғасы сөгіле бас­таған соңғы 30-25 жылдардан бергі кезеңді қамтитын, кеңестік «мүлги бағыну» кезінен ада екендігімен ұнағанын айтқымыз келеді. 

«Ұяластарды» оқи бастағаннан автордың өз бетінше, ешкімге ұқсағысы келмегенін, өз сүрлеуін іздегенін көреміз. Сөз саптауы мен сөйлем құрауының өзіндік ерекшеліктері бірден көзге түседі: «Қара жердің бетіндегі сой­дақталған әжім тектес ой-шұқы­рын тегістеп, құтты бір жа­малы опаланған теледидар жүргізушісіндей даланың өңін жалтыратып жіберген». Әдемі, мағыналы. Көзімізге елес береді. 

Кітаптың бастапқы парақ­тарын оқи бастағанда оның маз­мұнын танитын мына бір ойларды кезіктірдім: «Бір кездерде алдына биік мақсат қойып, күн ілгері сызған ұлы арман-жолының нобайы түп-түбірімен күл талқаны шығып күйреді». 

Шығарманың өне бойында еріксіз келісетін теңеулер жетер­лік. Мәселен: «Мәрмәрмен әспеттелген дар­ба­заның өзі сынған сағыңды одан сайын талқандап, мысыңды басады». «Күн байып келе жатты». «Қазанатты сақтаған халық, қарындасты сақтай алмады». 

Кітаптың үштен екісін оқып болғанда басыма: «Осы шығарма өмірбаяндық емес пе екен?» деген ой келді. Неге дейсіз ғой? Ба­сында бірде жетіп, бірде жетпей, анасының көңіліне қарап, қанша «сүйресе» де жетілмейтін туысқандардан безердей болып жүрген журналистің қолы аққа тиіп, айлығы жетіп-артылатын, қыз­меттік көлігі бар жұмысқа тұ­руы біздің авторымыздың өмі­р­­баяндық жолына сәйкестеніп тұр­ғандай. Тіпті, шамамен уақыт­тары да сай келеді екен. 

«Ұяластардың» басты кейіп­кері Жапарды кері қарай сүйрейтін – өз туыстары, оның ішінде қашан да басы саудаға салынып, жоқ жерден қиындық туғызып жүретін інісі Сапар… Рас, өмірде көбіне-көп әр Жапардың Сапары бар. Қазақ қашан да үй-ішін, ауылын, аумағын теңдей сүйреуге бейім халық. Сол үрдіс өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасына қарай өзгере бастады. Өмір сүрген орта­мыздағы теңгермешілік, еңбек еткен мен еңбек етпегеннің жалақысы да, қоғамдағы орны да теңесіп, мақтауға қолдан жасалған «геройлар» ие болып, олардың көрсеткіштерін еселеп арттырып, соларды барлық жерде озық етіп көрсетіп, «міне, мына озаттарға теңесіңдер» деген саясат адамдарды уайымсыз, ойсыз, табансыздыққа, немкеттілікке жетелеген заман туды. Сапарлар солардың «жемісі». Олардан әйелдерінің өздері күдер үзіп, масылдығы тек туыстарының мойнына артыла бастаған кез. Бұдан туыстар да бас тартар ма еді, егер барлық баласын бірдей көретін, тентегін далада қал­дырғысы келмейтін аналар болмағанда. 

Романда Сапарға күтпеген жерден кездесе қалатын оқиғалар, соған араласамын деп жұмысына залалы тиіп, қолы жеткен тәуір қызметінен Жапардың туыс­тықтың арқасында ажырайтыны сенімді суреттелген. Әсіресе, анасының Сапардың кезекті бір лаңынан төнген пәлеге тез араласа қоймадың деп, бүкіл әулетті қал-қадерінше сүйреп келе жатқан ұлына (Жапарға) қарғыс айтуы, ол оқиғаны өзің басыңнан кешіргендей денеңді тітіркендіреді. 

Сонымен, кітап жөнінде түйінді сөз айтсам, автор Хемингуэйдің: «Не жазсаң да өзің жетік білетін немесе өз басыңнан өткенді жаз» деген кеңесін ұстаныпты. Тек соңғы тараудың аяқ жағындағы трагедияға айналған оқиғалар ғана: «осылай болып кете жаздап еді» дегенге саятындай. Ав­тордың өз еркі өзінде, оқиғаны ши­рықтыруға, жұрттың осы секілді келеңсіздіктерге бар­мауға үндеуге жетелейтін етіп аяқтауға құқы бар. Тек өмірде бұлай болмауын, шығарма иесіне өмірде қай ісінің де сәтті аяқталуын тілеу ғана қалады бізге. 

Екінші кітап күрделілеу көрінді. Кітаптың басты кейіп­керлері бірге өскен туысқан төрт қыз. Оның ішінде ылғи да өрбіп отыратын оқиғалар төңірегінде Гүлмира мен Нұрмира екеуі, содан кейінгі кейіпкер – Гүлжан жүреді. Бұл қыз тағдырдың айдауымен, мінезінің ашықтығынан күрделі қоғамның сан қабат қыртыстарының бі­рі саналатын әлдебір әулекі, жа­байыланған өкілдерінің – есірткі саудасымен айналысып, өз орта­сын кеңіту арқылы байлығын асы­руды мақсат тұтқандардың ортасына түсіп қалады. Апиынды әуелі өзі тұтынып, бірте-бірте бойы үйреніп, сол жанкештілердің қыз­метін жасап, өзіне ғана емес, бірге туғандай болған құрбыларына да қиянат істеуге тайынбайтын қылығымен барлық адамдық қасиетінен жұрдай кейпі сурет­теледі. 

Нұрмираға көрсеқызарлық, бір жағы дүниеқоңыздықпен ынтыққан Әбдірахман деген әлгі топтың жетекшісі әуелі өзі тікелей кірісіп, қыздың парасат-пайымының биіктігінен меселі қайтқан соң, оған түрлі айла-шарғымен Гүлжанды айдап салады. Әуелі оның күйеуін өзіне әріптес етіп алады. Сосын, аң­сары есірткіге ғана емес, беті жылтыраған әйел біткенге де ауғыш дәргейіндегі іскер делдалы әрі ар делдалы болуға да бейім Серік есімді жігітпен жа­қындастырып, есебін тауып бойын ақ ұнтаққа үйретеді. Соның нәтижесінде Гүлжанның арын төгіп, қойындаса кетуге бейімдеп алады. Тіпті, «екі ғашықтың» төсек қызығын Әбдірахман видеоға түсіріп, өздеріне көрсетеді. 

Осы­лайша Гүлжан бұйдаланған бұ­заудай әлгілер не айтса, соны мүл­тіксіз орындайтын күңіне айналады. Өзі туралы анайы көріністің таспаға түскенін көргенде де тіп­тен шамданбай: «Күйеуім көріп қалмасыншы», деп қана өтініш айтуы – азғындықтың шегі, ағзаға баратын сырт әсердің әбден тереңдеп кетуі дейміз. Сенімді-ақ. Осылайша Гүлжан Нұрмираны Әбдірахманға көндіріп беруге әрекетке көшеді. Одан түк өн­беген соң озбырлыққа бар­ған Әбді­рахманды қолдап, туыс­қандай бірге өскен бала күнгі құрбысы, өзінің Гүлжаны – озбыр топтың Нұрмираны үйқамақта ұстауына да көнеді. Көнеді деген жай сөз, өзі бас болып, ұйым­дастырушылардың сөзін сөйлеп, ашық әрекеттерге барады. 

Нұрмира сонда да илікпеген соң, оның сыңары, өмірден өз бақытын таба алмай әрі-сәрі халде жүрген Гүлмира арқылы да ойларын орындауға ұмтылады. Одан да ештеңе шықпайды. Әбден айтқаны айтқан, дегені деген болып үйренген Әбдірахман ниетінен қайтпайды, түрлі жауыз­дықтарға барады. 

Осы орайда ел ішінде автор бейнелеген жылдары, өмірді қы­зықтаумен өткізу, қыздарды болашақ ана, сүйікті жар демес­тен, қайткен күнде де өзінің айт­қанына көндіру, зорлап үйлену амалдары ұшырасты. Алғаны көнбістік танытпаса озбырлық жасау, қорлау, масқаралап шы­ғарып жіберу немесе көпе-көрінеу басқамен көңілдестік, сөйтіп, жалған ғашықтықтың тез-ақ беті ашылып, өшпенділікке айналып, әртүрлі формада көрінуі белең алғаны есімізге түседі. 

Жазушы осы әбестіктің қашан, қалай басталғанын суреттегенде комсомол мен партияның дәу­реніндегі өрбіген дәстүр еке­нін айтады. Жоғарыдан келген біреулердің көңілін табу мақсатында ішіп-жемнің үстіне біртіндеп «көңіл көтеретін» қыз-келіншектерді қосақтау, моншада қыздырынуды ұйымдастыру қалыпты жағдайға айналған сәттер еді дейді. Жергілікті дең­гейдегі қызметкерлер де жоғары жақтағы жиынға көңілдесін делегат немесе жиынға қатысушы ретінде апарып, жүрген жерін қызойнаққа айналдырған. Осы­лайша, бұл әрекеттер әбден жолға қойылып, «қызмет ету» мен пара берудің жаңа амалдары ретінде қалыптасқан. Ар мен ұят та тауарға айналған. 

Бірте-бірте бұл келеңсіз іс­тердің аумағы артып, қо­лында сәл ғана қаржысы мен билігі бар әркім-ақ жаппай қызық­құмарлыққа құмарту белең алды. Көзсіз құмарлық роман кейіпкерлерін ібіліске айналдырды. Абай айтқан: «…Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресі» көбейді. Қоғамның айнасы аталатын әйелдің ибалылық пен көргенділігі нәпсіге берілуге көшіп кете барды. Заман өз­гергенінің ұтымды тұсы мен салмағын көтере алмағандар «бәрі салыстырмалы» және де «қазіргі сәт – ең негізгі сәт» деген ережелерге бағынып, «жақсы-жаман» деген құндылық «пайдалы-зиян» дегенге алмасты. Бүгінгі ойлау жүйесі үшін адам – құрал, ақша – мақсат; сезім – құрал, ләззат – мақсат; табиғат – құрал, тоят – мақсат. Ақша – менікі, тәнім – өзімдікі, оны саудаға салам ба, салмаймын ба, өзім білем дейтіндер пайда болды. Ол ар емес, табыс көзіне айналды. Қарынның тоқтығы үшін күрес, қара бастың қамы, қолы ұзындар мен биліктегілерге құлдық ұру бүгінгі өмір салтына айналған. Оны шенеунік те, зиялы да, жезөкше де бірдей ұстанатын қағидаға айналды. Бұл ережеге бағынбағандар «сындырылды». Романда осы үрдіс ұтымды, дәлелді, сенімді бейнеленген. 

Бәрінікі – есеп. Біреуі билікті сақтап қалсам дейді, біреуге қалайда байлықты иемдену арман. Біреуі – біреуді қалайда өзіне ғашық етсем дейді, енді бірі әлдекімнен оп-оңай сытылып кетсем дейді. Романның негізгі идеясы осыған саяды. 

Романда Жасарал деген кейіп­кер бар. Автор одан жа­ғымды кейіпкер жасағысы келген, өйткені, ол парасатты, мейі­рімді, адам жанын түсінетін, біреуге бірдеңеден жәрдем берсем деп тұратын адам. Бірақ мен Жасаралдың жақсы жігіт екеніне күмәндана қарадым. Өйткені, онда ниет қана бар, ешбір түйінді әрекет жоқ. Жәрдем бергісі келіп бір әрекеттерге барады, бірақ орта жолда тоқтайды. Дәрменсіз. Нәтиже жоқ. Бұндай адамдар өмірде мыңдап саналады. Жазушының шыншылдықпен айтамын деген ойы осы болса керек. 

Бұл өмірде адам саны қанша болса, олардың өмір сүру қалпы, көзқарасы, мінезі, алдына қойған міндеттері, болашаққа бағытталған мақсаты әртүрлі. Біреулер бір нәрсе тындырсам дейді, біреулер енжар, өмірге неге келгенін өзі де білмейді. Неге келдім деп ойланбайды да. Біз сөз еткен жазушымыз, қуанышқа орай, бұлардың алдыңғысына жатады екен. Білетін, көзі жеткен, қоғамымызда осылай болмаса екен деген оқиғаларды роман етіп жазыпты. Кітап жазуды пайда табу үшін жасау ештеңе бермейтіні белгілі, өйткені, бізде орта ғасырдағы дәстүрге сай қаламақы төленбейді. Алайда, «Осыны мен жазбасам, кім жазады? Жадымызда тұрғанда қоға­мымыздың бір деңгейіндегі көріністерді ертеңгілерге айтып кетейік» деген мұрат оны ұждан биігіне апарды деп ойлаймын. Құдай өмірге бейтарап қарайтын, неге келіп, неге кеткеніне көз салуға да санасы жетпейтіндерден сақтасын. 

Жазушы Әділбек Ыбырайым­ұлының атқарған істері елдің көз алдында. Қай қызметте де біркелкі қалыптан айнымады. Өзімшілдік, менмендік оған жат. Ендеше, біз де абырой биігінен көрініп жүрген азаматымызға амандық, шығармашылық жаңа белестер тілейміз.


 Мырзагелді КЕМЕЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор.

Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/04/03/55595

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар