Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нәзік жүрек, нәркес жыр...

28.02.2015 3714

Нәзік жүрек, нәркес жыр

Нәзік жүрек, нәркес жыр - adebiportal.kz

Қара өлеңнің қадірі қашқан заманда қалам ұстау қандай ауыр еді!


«Мен келдім» деп жар салдым селт етпеді ел,

Аман болшы әйтеуір сен, текті өнер.

Жазығы не, Бүгінді жазғырмаймын,

Жазғанымды Келешек зерттеп көрер! –

деп, ертеңгі күнге үміт артудан басқа амал бар ма? Мүмкін, бір жағынан өлең өлкесінде жолбикелердің жоғалып, өлермендердің ғана қалуы дұрыс та шығар. Сақалын саудалайтын сарай ақындарының заманы өтті. Ал жастарға тыңнан жол салу оңайға соқпас. Бір қуаныштысы олардың потенциалдық мүмкіндіктері мол, көргендері де, көңілге түйгендері де баршылық. Демек, айтпағы да салмақты болуға тиіс. Иранбекше бейнелесек, бұл көзін ашпай жатып «күшігінен таланған» ұрпақ. Ауғанстанда от-жалынға оранған да осылар. Қасапханадан аман шығып, желтоқсанда жер жастанып, қар кешкен де осы жас толқын. Мен оларды, кешіріңіздер, қазақ әдебиетінің «беспризорниктері» дер едім. Бүгін шығармашылығын сөз еткелі отырған Әділбек Ыбырайымұлы да осы жас толқын өкілі. Бауырлары Брежнев алаңында қанға бөгіп жатқанда, балконынан басын шығаруға қорыққан қала қазақтары туралы оның ашына жырлауы да тегін емес. Кейін олар бұғып қалғанымен қоймай, сөз тасып, саусағымен көрсетіп, талайлардың обалына қалды. Осынау шағын ғана өлеңде қандасына жүрегі жібімеген шала қазақтан бастап, бала орнына ит асырауға құмар тоғышарлық психология мен астанадан баспана бұйырмаған ауыл баласына дейін көп нәрсе қамтылған. Бұлардың әрқайсысы бір-бір шығармаға арқау болар қадау-қадау тақырыптар. Ақын олардың бәрін шеберлікпен бір-ақ өлеңге сыйғыза білген. Иесі серуендетіп жүрген середек иттердің басында баспана проблемасы жоқ. Майлы сорпа, жәйлі пәтер...


Арсалаңдап ойнақ салды сырттандар,

Мәре-сәре ит асырап қыртқандар.


Осынау көңілсіз көріністен соң «Ит боп кеткім келіп тұрды сол бір сәт» деп налуы, осалдық емес. Ол кенет жеке басының мұңын ұмытып, ауылдағы елдің жайын ойлап кетеді.


Ұшыраспас қырдан мына төбеттер,

Адам да жоқ күшік бағып, өбектер.

Он шақты қой – сыбағасы қасқырдың,

Әр ай сайын шамаң жетсе төлеп көр.


Ақын бұл жерде қаланы қаралап, ауылды ақтаудан аулақ. Алайда:


Иті мығым қалалықтың өзінен,

Көрші болу қолдан келмес, безінем.

Ар-иманы әлі де бар ауылдың,

Биті тамып тұрса дағы бөзінен, –


деген шумақтағы шындықты мойындауға тура келеді.

Жүйрік ат, аламан бәйге десе, қазақтың қай баласының делебесі қозбас. Қаршадайынан ат құлағында ойнап, көкпар тартып өскен даланың ерке ұлына бұл ұғымдар ерекше ыстық. Арман қуып астанаға келген ол қала тұрмысына бірден көндіге алмайды. Ара-тұра көңілі алабұртып алтынға бара-бар албырт шақтарын аңсағаны да анық.


Сал күреңнің тұрманы төрде ілінген,

Белгі беріп тұратын өр күнімнен.

Анда-санда тер сіңген ат әбзелін,

Бір иіскеп-ақ шаршасам сергідім мен.

Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді,

Сағыныштың таусылмас әсте легі.

«Шаншар қасқа», «Ақкекіл», «Бозжорғалар»,

Жіберетін көтеріп пәсте мені.

Ер-тұрманы тым жетім сәйгүліктің,

Төрде ілініп қаншама бәйгі күттің.

Тақымыма бір тимей Сауран сойы,

Ортасында кетем бе қайғы, үміттің?!


Кіндігі киіз үйде кесіліп, ат жалы, атан қомында өскен жас ақынға шопан өмірі, мал жайы, әсіресе ат сыны таңсық емес. Қолы қалт етсе, өзі де қайыс тартып, қамшы өреді. Өлеңдерінің де ұлттық нақышқа бай келетіні сондықтан болар.


Ақын – уақыттың перзенті. Ол өз қоғамынан озық тууы мүмкін, бірақ уақыттан тыс тұра алмайды. Демек, кез келген шығарманы уақыт – қоғам – адам деген кеңістік арқылы өлшесек қателеспейміз. Әрбір қаламгер ең алдымен өз басының мұңын, сырын жырлайды. Ал мұның бәрінің жалпыадамзаттық мұраттармен қаншалықты астасуы, үндесуі ақындық қуат пен тегеурінге байланысты. Хатқа түскен дүниенің уақыт елегінен өткендері ғана халық игілігіне айналмақ. Абай «Қара сөздерінде» «Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі» демей ме? Ал, Р. Эмерсон, тіпті, жеріне жеткізе айтқан: «Кімде-кім өзіне арнап жазса, сол адам мәңгілік оқырманға арнап жазады». Ең абзалы өзіңе адал болу ғой.


Әділбекте осынымды оқырман түсінбей қалады-ау деген қорқыныш жоқ. Әдебиеттің қызметі оқырманның көңілін табу емес, керісінше, оны тәрбиелеу екенін жанында мықтап ұстайды. Ауылда, онда да көне көз қариялардың аузында қалған сирек кездесетін сөздерді кеңінен және батыл қолдануы қуантады.


Әділбек Ыбырайымұлының ақындық кредосын «Қаламдай қысқа өмірде, сиядай ұзақ із салсам» деген жыр жолдары айқындай түсетіндей. Қазақ әдетте ғұмырды қамшының сабына теңейді. Ал мына жаңа теңеу де, меніңше, жарасымды-ақ. Ол, біріншіден, тақырыппен үндесіп тұрса, екіншіден, қоршаған ортаның бұзылуынан адамның орта жасының шын мәнінде қысқарып бара жатқанын (ғалымдар мұны дәлелдеп отыр) мегзесе керек.


Жоғарыда айтылғандай, жас қаламгер өзін уақыт пен қоғамнан тыс қоя алмайды. Ақын жүрегі жер тербелісінің бәрін өзі арқылы өткізетін сейсмологиялық орталық сияқты. Оған қоғамдағы құбылыстарға немқұрайлы қарау жат. Кеңестер Одағының іргесі әлі берік кезінде жазылған мына бір жолдарға назар аударайықшы:


Құрып қалмас тұқымы қарға сиреп,

Айта алмаймыз әлі де арға түйреп.

Біліп жүрміз, ләм демей тырбынамыз,

Доңғалағы байланған арба сүйреп.


Расында, бір кезде күшпен құрылып, уақыт әмірімен әбден көнерген «арба» көп ұзамай күйреп, жолда қалған жоқ па? Немесе:


Тілден безген жексұрын жаны ауырмас,

Қолтығынан су бүркер самауыр бас.

Арқасынан қағады әпендінің,

Қолшоқпары болған соң әрі ауылдас.


Тіл туралы Заң қабылданған бес жылдан бергі уақытта ештеңе өзгерген жоқ. «Баяғы жартас, сол жартас». Қазақ тілінің мемлекеттік статусы қағаз жүзінде қалды. Ал ана тілінде сөйлеуге арланатын мәңгүрттердің қолтығына су бүркіп жүргендерді арам пиғылды келімсектер деп түсінуіміз керек. Жоғарғы Кеңестің сессиясында қайта-қайта орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беру керек деп даурығатындар да оылар емес пе? Ақын мұнда ауыл-ауыл, ру-руға бөлініп, жалпы қазақтың емес, жалқы ағайынның қамын жейтіндерді де жерлеп отыр. Өкінішке орай, бұдан жүз жыл бұрын «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деп, Абай шенеген қазақ әлі түзеле қойған жоқ.


Әділбек Ыбырайымұлының «Жас алаш» газетінде жарияланған (1993 жыл, 30 сәуір) «Құмға сіңген қан» атты поэмасы кеңірек тоқталуды қажет етеді. Автор шығармасын Ауғанстандағы жарияланбаған соғыста қыршын кеткен боздақтардың рухына бағыштапты. Ең бастысы бұл Ауғанстан тақырыбын көтерген қазақ әдебиетіндегі тұңғыш туынды. (Жалпы Әділбек жаңалыққа жаны құмар, ізденгіш жас. Нашақорлық пен ұйымдасқан қылмыс сияқты үлкен де тың тақырыпты қамтитын «Құрдым» атты деректі повесі баспасөз бетінде жарияланып, оқырмандардың ықыласына бөленген болатын. Әрине, бұл өз алдына жеке әңгіме). Поэманың басты кейіпкері Қабыл ауған соғысында қаза тапқан қазақ жігіттерінің жиынтық образы. Коммунистік рухта тәрбиеленіп, Отан-ананың тапсырмасын бұлжытпай орындаған олардың обалы – сол кезгі ел басшыларының мойнында. Автор Түркістандағы Қазан төңкерісі басшыларының бірі Тоблиннің «Экономикалық жағынан әлсіз қырғыздар (қазақтар) марксистер көзқарасы бойынша бәрібір қырылып тынуға тиіс. Сондықтан революция үшін қаржыны аштықпен күреске рәсуә еткенше, майдандарға көмекке жұмсаған дұрыс» деген ұлыорыстық сөзін әдейі келтіріп отыр. Мінеки, қазақ даласындағы ақсүйек аштықтың түп-төркіні қайда жатыр! «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының ұлдары басқа да бауырлас ұлттармен бірге Мәскеуді қырық бірінші жылы жауға бермей, өздері жер жастанды. Мұны кейін американдық ғалымдар «Құрамында ортаазиялық халықтардың даңқты ұлдары болған Панфилов дивизиясының арқасында Мәскеу мызғымай қалды» деп мойындап жазды. Осындайда «Жау келгенде төрде, жау кеткен соң босағада басым бар емес пе» дейтін аңғал батырдың сөзі ойға оралады. Ортаазиялықтар кешегі Ауғанстан соғысында да аз қырылған жоқ. Ал олардың ішінде жоғары наградаға ұсынылғандар санаулы-ақ. «Құмға сіңген қан» сол белгісіз батырлардың басына қойылған ескерткіш іспетті.


Поэма негізінен екі желіден тұрады. Біріншісі Қабыл, Сағымхан, Ильхам, Тұңғат сияқты жауынгерлердің майдандағы ерліктері де, екіншісі Наташа тәрізді әйелдің аянышты тағдыры. Отан соғысы кезінде Кеңес әскерінде тек қана әйелдерден тұратын бейресми («ППЖ») бөлімшелер болған көрінеді. Олар аға офицерлерге «қызмет» көрсеткен. Ауған соғысында да осындай сорақылыққа жол берілген. Оған Наталья есімді дәрігер қыздың тағдыры айғақ. Бұл да бұрын оқырман қауымға белгісіз жайт.


Сатқындар қай заманда да болған. Жауынгерлердің бәрі жаужүрек емес. Түнгі күзетте тұрған Серов та өз өмірін сақтап қалу үшін қарулас досына қол жұмсап, дұшпандардың торына түсіріп береді. Кейін «Ат!» деп қолына мылтық бергенде де, оны ойланбай-ақ атып салады. Жанындағы жолдасынан өзінің жанын артық көрген сатқынды дұшпандар тірі қалдырушы ма еді? Бұл – соғыс заңы. Поэма, міне, осындай сонылықтарымен құнды.


Мен әдебиет зерттеушісі емеспін, жалпы бұл мақаланы Әділбек Ыбырайымұлының поэзиясы туралы оқырманның көзқарасы деп қабылдаңыздар. Ақынның кейбір кемшін тұстарына тоқталып жатпадық. Шам алып іздейтін болсақ, классиктерден де кінәрат табуға болады.


Ілгеріде әдеби зерттеу мен сын мақалалары жиі жарық көріп жатушы еді. Соңғы кезде бұл сап тиылды. Жастарға ақ жол тілейтін ақсақалдардың абыздық дәстүрі де ұмыт қалғандай. Әділбек Ыбырайымұлын да әдебиеттегі ағалары әлі маңдайынан сипай қойған жоқ. Өлеңдері жыр жинақтарына енгенімен көптеген замандастары сияқты жеке кітабын шығара алмай жүр. Қағаз қат, бояу қымбат заманда баспаға қарай аяқ басу да қиын болып кетті.


Әдебиет бүгінмен бітпейді. Монтень дұрыс айтады: «Басқаларға орын беріңіздер, басқалардың Сіздерге орын бергені секілді».



Әбубәкір СМАИЛОВ

«Жетісу» газеті, 1994 жылдың күзі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар