Жас шамасы алпыстан асқан қарабұжырлау адам бөлмеге ыңылдап, әндете кірген. Көнетоз көк плащы, ескілеу ақ бәйке қалпағы «мен – ел қазағымын» деп тұрғандай еді. Жалпақ көзәйнегін сұқ саусағымен түрте көтеріп, ажырайыңқырай бір қарады. Аяқтарын сәл ақсаңдап, теңселіңкірей басатын сияқты. О кезде халықаралық «Мир» телеарнасының тілшісімін. Бұл, жаңылмасам, 2005 жылдың қыркүйек айы.
Кезекті эфирдің сценарийін жазып, жанталасып отырғанмын. Ешқайда қарайлайтындай мұрша жоқ...
– Срайыл аға қайда? – кірген мейман әлден мезгілде.
– Сәкең әлдебір шаруамен жаңа ғана сыртқа шығып кетті. Біраздан соң келіп қалар. (Іштей: «Е-е, мына кісі белгілі журналист Срайыл Смайылдың ауылдан келген жерлесі екен» – деп ойладым. Және баласындай жанды «аға» деуі өзінің әзілқойлығын, әлде қыршаңқылығын аңдатқандай).
Әндеткен күйі бүйірдегі сөрені шұқылап көріп, кітаптарды парақтап, едәуір бөгелді. Сонша еркін. Анаған – бір, мынаған бір шұқшиып, бөлмені алаңсыз шарлауға кіріскенін онша ұната да қоймаймын.
Қабағымның сәл қатыңқылау екенін өзі де сезген секілді.
– Жарайды, – деді. – Менің келіп кеткенімді айта саларсың оған...
Үніндегі күміс қоңырау сыңғырындай ерекше тембр елең еткізді.
Бұл мезгілде жазуымды да бітіріп ем. Бұрылып, енді жөн сұрайын дегенімше қонағым сыртқа шығып үлгеріпті. Осы сәтте санама әлдене жетті. Күмбірлеген қоңыр дауыстың иесі – әйгілі диктор Омархан Қалмырзаев еді. Иә, сол. Дәл өзі!
Орнымнан атып тұрып, соңынан жүгіре шықтым.
– Омархан аға!
Қатты шыққан дауысқа жалт қарап, аңтарыла бұрылды. Мені көріп, ақсия күледі. Өзін енді ғана танығанымды аңғарғаны.
– Жаңа қарбалас жұмыспен әуреленіп отыр едім. Істі аяқтап, аузымды ашқанша шығып кетіпсіз...
– Е, оқасы жоқ.
Өзімізбен іргелес «Хабар» арнасының кофе-барына көтеріліп, шәй, оны-мұныға тапсырыс бердік.
Атақты адамды тірідей алғаш көруім ғой. Ал дауысы... Дауысы бала жастан таныс емес пе. «Мосфильм» киностудиясы өнімдерінен бастап бүкіл Одақ фильмдерін қазақша сөйлеткен дубляж шеберлері ойға оралады. Аға және орта буын өкілдері ұмытпаған шығар, кино соңында: «Мәкіл Құланбаев, Атакелді Смайылов, Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Омархан Қалмырзаев, Фарида Шәріпова...» деп саңқылдайтын үн құлақта әлі жаңғырығып тұрғандай. Неліктен екенін, өзіме осылардың ішіндегі ең сұлуы да, ең келбеттісі Омархандай көрінуші еді. Бұ кісінің аты аталғанда көзіме қырық-елулердегі аппақ, көкірегі күй сандықтай күмбірлеген, сырбаз, еңселі бір бейне елестейтін. Мына қазіргі түрі енді... Дегенмен, мұны да тез қабылдадым. Қатыгез уақыт аясын ба, сонау алғашқы әсерді әжімі қалың күнқақты жүзі ғана сәл-пәл өзгерткендей болады...
Бір кезде маңдайы жіпсіген Омекең де ашылды. Кино дүниесіне, ондағы аударма ахуалына шолудан басталған сөз біртіндеп Әдебиет әлеміне жалғасқан. Тереңнен толғап, жер жүзіндегі тарихи туындылардың, жақұт шығармалардың, үздік сценарийлердің сонау Голливуд, Ресей, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан елі... экрандарында «тірілуінің», бұлардың «Қазақфильм» студиясында және бір ерекше өмір бастауының сырына бойлайды. Бұған дейін қаншама тер төгілетінін, сол қыруар еңбектің адамзат игілігіне, ұлт тәрбиесіне тигізетін өлшеусіз шапағатын сөз етеді. Осы бағыттағы іс процесін, шет мемлекеттердегі актерлердің, сондай-ақ өз еліміздегі қанаттаса жұмыс істеп жүрген әріптестерінің шеберліктері мәнін талдайды.
Кәнігі маманның саланың арғы-бергі тарихынан, жаңа заманғы технология жаңалығынан мол мағлұматы тәнті еткен. Тыңдаушыны, әсіресе, осынша күрделі үдерісті қазақтың қарапайым, жалпақ тілімен-ақ майын тамыза әңгімелегенде, бояуы өзгеше үні еріксіз баурап отыратындай.
Жалпы, тартымды дауыс терең жүрек түкпірінен шығатын болар; тегінде, бұл да жаратылыстың жұмбақ бір құбылысы, әлде ерекше жан сұлулығының көрінісі ме екен... Әсілі, әсемдік сырын жіті түйсінбейтін адамның табиғатқа, елге, жерге, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігі қаншалықты... Мұнсыз толық адамдықтың да ауылы алыс шығар; осының бәрі де кісінің тазалығына, оның бойындағы мол шуаққа, жинаған рухани қазынасына байланысты-ау деп ойлап қоямын...
Бір кезде күлді:
– Өй, аздап мылжыңқырап барамын ғой мен өзі. Жаңағы сөздің бәрін несіне ежіктеп отырмын.
Бұл ыңғайынан, сөйлеушінің, алдымдағы кісіні жалықтырып алмайын, тізгінді тартыңқырап, мейлінше ұғынықты сөзге көшейін деген аңғарымпаздығы байқалды.
Өзі қазақтың жақсы-жайсаңының бәрін дерлік жақсы танып-білетіні көрініп тұр. Бірақ көп ешкіммен қоян-қолтық араласа қоймайтынын да айтып қалып еді. Тек көңіл жетерлік екі-үш адаммен ғана, мәселен, өзінің ескі досы, атақты жазушы Асқар Сүлейменовпен етене жақын жүретіндей. Әмбе осы кісі екеуінің арасындағы кейбір жәйттер айрықша есте қалыпты. Соның бірі былайша сабақтасқан:
– Бірде Асекең үйге телефон соқты. Демалыс күні еді. «Өй, қайда жүрсің? Шешең жоқтау айтып іздеп жатыр ғой сені мұнда!» – деді. Бармағалы, шынында да, едәуір өткен. Дереу «Көк базарға» соғып, таңдап жүріп нән қарбыз, жарты келідей үнді шайы, бір жартылық арақ пен үш қорап «Қазақстан» сигаретін екі тор қалтаға салып алып, алқына жеттім. «Шешең» дегені өз анасы еді. «Айтоты» деп атаймыз. Жақсы көріп, анда-санда сұрап, іздеп отыратыны рас-тын. Асқар о кезде бойдақ. Өз үйінен гөрі шешесінің қасында көбірек тұрады. Екінші қабаттағы пәтерге жетіп барып қоңырауды басқанымда, босағадан басын ғана қылтитып, сыбырлай сөйледі:
– Тс-с! – дейді шошайған саусағын ерніне тақап. – Кемпір аяқ астынан ашуланып қалды. Сәл шыдап, осында тұра тұр. Жыны басылсын кішкене!
– Сөйтті де, қолымдағы заттарды жып-жып еткізіп ішке қарай тартып алды. Кіреберіс алаңда селтиіп, сүт пісірімдей уақыт тұрдым. Есік қайта ашылар емес. Тықыршып, шыдам таусылған сәтте түймені және бастым. Саңлаудан мойнын қылқитқан Асқар:
– Тс-с-с! – дейді. – Кішкене күт. Ашудың тарқайтын түрі жоқ...
– Жарты сағаттай тағы секиюге тура келді. Маза кеткен кезде қоңырауды тағы бір мәрте шырылдатамын. Көрініс жаңағыдай: «Тс-с-с! Үндеме»... Қабағын түйіп, ернін жымырады. Жағдай қиындау, ашу басылатын емес дегендей қолын бұлғаңдата, ым қағып, есікті қайта жауып алды. «Құдай-ау, бұлары несі?!» деп көзім бақырайып, тағы бірталай аңтарылдым. Одан күмәндана бастадым. Ақырын аяңдап түсіп, далаға шықсам, досым балконда шылым шегіп тұр. Жарқ еткен әйнектің арғы жағынан әлдебір келіншектің сұлбасы байқалып қалады. Асекем:
– Темекің жақсы екен, – деді жайбарақат қана. – Иә, керемет! Айтатыны жоқ.
Алдап соққан сияқты. Омархан аға күледі:
– Айласын көрдіңіз бе! Дәл әлгі сәтте үйде ешқандай шеше жоқ еді. Сөйтіп, со кісі шақырды деп менің не әкелетінімді білетін бұл ең қажет нәрселерін оп-оңай жеткізіп алды.
«Апыр-ай!» деп мен де бас шайқаймын.
– Тфу-у, ит екенсің! Сенің де бір кезегің келер! – Қолды бір сілтеп, ұзап бара жатқанымда ыржияды:
– Тәңір жарылқасын, Омеке! – Керемет адамсыз ғой сіз. Жақсылығыңыз Құдайдан қайтсын!
– Кіжінгеннен не пайда, іштей боқтап, кеттім сүмірейіп... Ойбой, несін айтасың, талай қатырды ғой мені о досым...
Қатты қалжыңдасады екен. Кей-кейде мұны:
– Әй, кеше зоопарктен бір кәрі, ақсақ маймыл қашып кетті деп еді. Сол сен емеспісің?! – деп қыжыртатын көрінеді.
Омекең осыны айтып мәз болды. Кеңкілдей күліп, өз-өзін келемеждеуіне қарағанда, «самоирониясы» да күшті болып тұр ғой.
Ал эрудит Асекеңнің әркім-біркіммен дос болмасы аян.
***
Біз Омархан Қалмырзаевпен бірнеше жыл Қазақ радиосында қатар еңбек еткен белгілі диктор Сауық Жақановадан атақты әріптесі туралы аз-кем әңгімелеп беруін өтіндік.
– Шетелдік фильмдерді қазақша сөйлететін, негізінен, артистер екені аян. Дубляж жұмысы оңай емес, – дейді Сауық апай. – Оған кинодағы образға, актердің жан әлеміне еркін кіріп кететіндей айрықша қабілет қажет. Кейіпкердің есі шыға қуануын немесе мұңайған, қатты ашуланған сәтін жалғыз дауыстың көмегі арқылы жеткізе алмайсың. Және бұл лезде, табиғи түрде орындалуы тиіс. Бұған қоса айтылған сөз ерін қимылына сәйкесіп, өте жымдасып, өнер туындысы әу баста-ақ қазақша шыққандай әсер қалдырса мақсатыңа жеткенің. Ауыздан шыққан сөздің ерін қозғалысына орайласуын «укладка» дейді; бұл өз міндетіне кірмесе де, бай қазақ тілін еркін меңгерген Омархандар жұмыс процесінде текст аударушының ісін де кейде қоса атқарғанын білеміз. Яғни, мағынасына қарай синоним сөздерді ұтқыр ауыстырып қолдана береді. Мәтіннің стилистикасы, артикуляция дегендер бар. «Балуанға оң-солы бір» дегендей, міне, кәнігі маман бұл жағынан да қамшы салдырмайды. Режиссерге керегі де осы. Сондықтан Омекең дубляжда ылғи алдыңғы лекте болды.
Негізі, бұл оған қосымша жұмыс іспетті ғой. Бір күні ол үйіріне қайта оралғандай, радиоға келіп, бізбен бірге дикторлық іске кірісті. О кезде мұнда Әнуарбек Байжанбаев, Мырзабек Қуатбеков, Мәмбет Сержанов сынды мықты-мықты мамандар қызмет етеді. Бұлар үлкенді-кішілі әдеби дүниелерді, жаңалықтарды, журналистердің жазбаларын оқиды. Дикторлық деген рөлге кіру емес, мұнда белгілі сипаттағы хабарларды халыққа жеткізу – басты міндет. Омархан көп қиналмай мұны да алып кетті. Мәтін бірыңғай, қалыпты дыбыспен, ешбір эмоциясыз оқылуға тиісті. Оны «монотонный» үн дейді. Омекеңнің дауысы күшті, яғни, «металы» мықты делінеді. Ешбір гүжілдеудің, божылдаудың қажеті жоқ. Күшенбей, аспай-таспай, қарапайым ғана оқылуы шарт. Бірақ бұл істің де өзіндік «сиқырлары» бар. Автордың ойын, текстің астарын ашу дегеніңіз оңай шаруа емес. Одан соң қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан сөз саптау мәнерін есте ұстаған жөн. Сөздің ауызша айтылуы бар да, жазылуы басқа, дыбысталуы бір бөлек. Омархан осыларды жетік білетін жігіт еді. О заманда радиоға ұзақ тексеріп, қатаң сынақтан өткізіп, тек осындай, жоғары талапқа сай адамдарды ғана жұмысқа алатын. Оның дикциясы өте таза, сөйлегенде сөздің бір әрпі де шашау шықпайды, бәрі қамтылады. Әйтпесе сақаулық пайда болар еді. Және дикторлық деген жұрттың жазып берген нәрсесін мәнерлеп оқып шығу ғана емес, үлкен өнер! Қазіргі кезде осы мәселеге кішкене мән берілмей кеткендей.
Мұнда да оқитын дүниеңнің табиғатына дендеп кіруің керек. Ал өзің әбден түсініп алмаған нәрсені ел жүрегіне қалай жеткізесің. Хат оқуды елдің бәрі біледі. Жұрттың бәрі де сауатты. Әйткенмен, дикторлық «ойбай, мен де жақсы сөйлей аламын, дауысым да ешкімнен кем емес» дегенге көне қоймайды. Әрбір сөздің жеке мағынасын, оның астарын дауыс ырғағымен жеткізе білу үшін әжептәуір шеберлік қажет. Мен Омархан Қалмырзаевтың артықшылығы неде дегенде, оның Құдай берген дауысынан бөлек, айрықша сезімталдығын, білімпаздығын, жан әлемінің байлығын атар едім. Және, жоғарыда айтқанымдай, ол ана тілінің құнарына жастайынан мол сусындап, халықтың ежелгі сөйлеу ырғағын жан-тәнімен түйсініп, оның барлық құпиясын бүге-шігесіне дейін жетік меңгерген адам еді. Мұндай мамандар ешқашан болдым-толдым демейді; ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Мысалы, Омекең жергілікті диалектілерге дейін жақсы білетін. Ал бүгінде осындай қасиеттерге мән беріп жатқандар аз секілденеді. Қазақта «не сөйлеп, не қойғанын білмейді» деген ұғым бар. Шешенсіп, атты-бұттылап тұрған біреудің сөзін түсінбегенде: «Былжырап, не айтып тұр мынаның өзі!» дейді. Сөз төркінін, оның нендей мағынада айтылатынын жүрегіңмен сезініп отыруың қажет. Сонда ғана діттеген ой халыққа жетеді. Одан соң бүкіл тыныс белгілердің де зор мағынасын ұмытпау ләзім. Үтір, тырнақша, жақша, көп нүктеге дейін... бәрін жіті ескеріп, көркем ойды дауыс ырғағымен жеткізуге тырысқаның жөн. Бұл үшін де біршама дарын, алғырлық керек болады.
Кинода рөлге қарайсың. Ал радиода қиын – мұнда ешқандай көмекші құрал, тірі сурет жоқ. Көріністі көз алдыңа елестетіп отырып, сол өмірдің ішінде жүргендей сөйлеуге тура келеді. Меніңше, осы күнге дейін ел есінде қалған дикторлар – сол биік үдеден шыққандар адамдар. Жоғарыда айтқанымыздай, мәселе тек зор дауыста емес. Жалғыз ересен екпін, күшті үнмен түк те бітіре алмайсың. Айталық, біздің елде дауыс диапазоны аса кең деп есептелетін небір әншілер жүр; бірақ солардың көбі халық көңілінен шыға алмай жатады. Өйткені жан әлемі жұтаң, көкірек сарайы кедей, білімі саяз, дүниетаным аясы тар. Ал Омархан Қалмырзаев нағыз білікті, жан-жақты маман еді.
Кейін ол Әнекең қайтыс болғаннан кейін бірінші нөмірлі дикторға айналды. Совет заманында үлкен-үлкен орталық газеттерде мамырдың 1-і немесе қарашаның 7-і күнгі мерекелер қарсаңында құлаш-құлаш ұрандар жарияланады. Соларды жаңғырта оқып, халықты үндеп шақырып, қанаттандыру қажет болады. Міне, Омархан Қалмырзаев бұл тұрғыдан да таптырмайтын маман-тын. «Дикторлардың кезекшілігі» деген тәртіп бар еді; сондай жұмыста отырған сәтімде басшылар «дереу Қалмырзаевты табыңыз» деп тапсырма беретін. Үйіне дейін іздеп барып, алып келемін. Екеуіміз эфирге ұран оқимыз. Радио деген партияның рупоры секілді. Елді жігерлендіру, рухтандыру – біздің міндетіміз. «Бізде барлығы керемет. Өміріміз іріп-шіріген капитализмдегідей емес, ғажап; енді болған үстіне бола түсуіміз қажет. Сол себептен талмай ізденіңдер, жұмылып еңбек етіңдер» дегендей асқақ пафоспен саңқылдап отырамыз.
Бір өкініштісі, келе-келе кәнігі, ескі дикторлардың керегі шамалы бола бастады. Өйткені озық техникаға сенген мекеме жетекшілері әрбір саладағы кадрлық іске салғырттық танытты. Үстірттік үрдіс етек алды. Осындай кезеңде Омархан да кетті. Сөйтіп ел оны біртіндеп ұмытуға айналды. Алтын қорда да сақталған дауысы көп емес-ау деп ойлаймын. Әйтеуір, ол «тірілткен» кинофильмдер баршылық. Қазір ескікөз адамдардың өзі оны кинодағы дауысын естігенде ғана еске алатын шығар. Мен де сол «есептен» шыққандар қатарындамын. Кей адамдар үніңді аңдағанда қайырылып, амандасып жатады. Бізді елдің көп тани қоймайтын себебі, радио – телевизия емес, көгілдір экраннан түріміз көрінбейді. Жұрт тек даусымыз арқылы біледі.
Омархан Қалмырзаев, негізі, кинодан да қол үзе қойған жоқ-ты. Өте өнерлі жігіт сол салада да кәсіби шеберліктің нағыз үлгісін көрсетті. Мен дәл бүгіндері сол Омархан деңгейіндегі мамандар өте аз деп батыл түрде айта аламын.
Ол өзі Қордай жақтың азаматы еді. Кейін сол ел жағына барып қайтыс болғанын естідік.
***
Байқауымызша, тіршілігі халық арасында өткенімен, Омекең өз әлемін көбірек қызықтап, саяқ жүруді қалаған тұйық адам сияқтанады. Ел көзіне түсуге құштарланбаған, кісікиіктеу жан ба деп топшылаймыз. Тіпті, фотосуретке де көп түспеген екен.
Дикторлық өнер қанына сіңген хас шебердің шәкірттері бар ма, оны да аса біле қоймадық. Тек күндердің күнінде жас ұрпақ мұндай маманның мектебін Темірқазық секілді бағыттқа алатын сәттер де туар деген үміт жоқ емес.
Ең қиыны, дара дауыс иесінің көп сыры өзімен бірге кеткендей.
Құлтөлеу МҰҚАШ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.