ҚР Ұлттық академиялық кітапханасындағы Кітап мұражайының «Академик Зәки Ахметовтың» жеке кітап коллекциясы қорында «Батырлар жыры» атты латын графикасында, қазақ тілінде жарық көрген сирек кітап бар. СССР Ғылым академиясының Қазақстандық филиалы, Жамбыл атындағы әдебиет жәна халық творчествосы секторы шығарған Батырлар жырының І томы. Алматыдағы «Қазақстан» көркем әдебиет баспасынан – 1939 жылы қазақ тілінде, латын графикасында жарыққа шыққан. Жауапты редакторы С. Мұқанов, техникалық редакторы Р. Шабайыв, Жауапты корректорлары Қ. Жазитыв, Н. Құлажанывтар.
Атаулы кітаптың алғысөзін сол 1939 жылғы жазылу мәнерімен ұсынып отырмыз.
Ерте заманда Баба-Құмар деген әулие бар екен. Он бесте әулиелік қылып кеткен екен. Сол уақытта бір қызға көзі тиген екен, көзі тиген сол қыз буаз болған екен. Буаз болған соң ол ұл тапты. Ол ұлдың аты Бабайтүкті шашты әзіз қойды. Ағон дариясына барды. Дария жағасында алтын шашын алдына алып тарап отырған қызды көрді. Қыз жақын келгенде суға шомып кетті. Бабайтүкті шашты әзіз де қыздың артынан шомып кетті. Дарияның астында алпыс ақ отау тұр екен. Отауға кіріп барды. Ішінде ай десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ, бұлғарыдай бұлқыған, бүлүсі жұпар аңқыған, ғажайып бір қыз отыр екен. Қызды көрді де қайта шықты. Қыз етегінен ұстап «Ия жігіт, қайда барасың?» деді. «Мен саған сөйлеспеймін, сөйлесем күнәкәр боламын деп барамын – мен сені, іздегенім жоқ, жібер» деді. Қыз айтты: «Егер мені алмай кетсең он бестегі күнәм мойныңа» дейді. Жігіт ақыл ойлады: «Мен сені алмай кетсем күнәм жоқ болар деп едім, алмай кетсем күнәм көп болады екен, алайын» деп ой қылды, некелеп алды. Қыз айтты: «Әбден менікі болдың ба?». «Ия, болдым» деді.
«Олай болса мен етігімді шешкенде аяғыма қарама, көйлегімді шешкенде қолтығыма қарама» деді. Күндер де етігін шешеді: аяғы ешкінің аяғындай – оны жігіт көрді. Бір күні көйлегін шешті: қолтығынан өкпесі көрініп тұр, жігіт тағы да көрді. Қыз көргенін білді. Аспанға ұшып кетті. Қайран «кет құдайым» деп қайтып түсті. Тағы күндер де бір күн қыз шашын жуады: бас терісін алдына алып тарап отыр. Жігіт тағы көрді. Қыз аспанға ұшып жөнелді. «Ей жігіт!» деді, «ішімде алты айлық балаң кетіп барады. Ніл дариясының басында, Құм кент шәрінің қасына балаңды тастап кетермін, өзің іздеп тауып ал!» деді. Сонымен қыз кетті. Бабайтүкті шашты әзіз баланы іздеп Ніл дариясын қыдырды. Ніл дариясының басында, Құм кент шәрінің қасында жібек орамалға ораулы жатқан баласын тауып алды. Елсіз, күнсіз жерде туды деп атын «Едіге» деп қойды да жауырына таңды. Тоқтамыс ханның ауыр жұртына алып келді. Ноғайлының жұрты екен. Үш жасқа келгенде қолынан ұстап әзіз ғайып болды: ұшып кетті. Онан соң сегіз жасқаша Едіге оқуда тұрды. Оқуда тоқсан бала бар еді, сол балалар мен күрескенде бәрін де жықты. Бәрінің де киімдерін алып үйіп салды, киімдерінің үстіне шығып отырып айтты: «Міне, Тоқтамыс ханның тағының үстіне отырдым» деді де, киімдерін қайтарып берді.
Кітап соңында мынадай маңызды мағұлматтар берілген:
Коментария
Едіге батыр туралы: Едіге тарихта болған адам. Ол 1385-1406 жылдары Алтын ордада хандық құрған Тоқтамыс ханның тұстасы. Тарихи материалдарға қарағанда Едіге Тоқтамыс хан мен араздасып, оны 1406 жылы өлтірген. Және сол тарихи материалдарда Едігені Тоқтамыс ханның баласы Қадірберді, әкесінің кегін алып, 1419 жылы өлтірген.
Қазақ тарихшысы Шоқан Уалиханов (1837-1865) орыс тілінде басылған «Шығармалар жинағында»(С. Петербург, 1904-жыл) Едігенің арғы тегі арап еді дегенді айтады (228 - бет). Баспа мәліметтерде Едігенің атасы Бабай-түкті шашты Азиз. Профессор Милиоранский «Едіге және Тоқтамыш» деген кітабында Байбай-түкті шашты Азизді – Қожа Ахмет Иассауи еді деген дәлелдер келтіреді. (С. Петербург, 1905 жыл). Қожа Ахмет Иассауи Түркістан қаласында зияраты, мешіті бар, ХІІІ ғасырда жасаған адам. Абулғазы Баһадүр ханның шежіресінде, Едігенің шыққан тегі Ақманғыт ұруынан Қолтық Қамбар деген кісі.
Міне сондай, Едігенің шыққан тегі туралы сондай қайшы мәліметтер бола тұра барлық тарихи документтерде Едігенің ХІV ғасырдың аяғында, ХV ғасырдың басында жасаған адам екендігі айқын.
Ташкент қаласында қазақ тілінде 1925 жылы басылып шыққан «Терме» атты әдебиет жинағында, Едігеден қалған ұрпақтың тізімі берілген. Ол мәліметке қарағанда ХVІ ғасырда жасаған Тарғын батыр Едігенің 8-ші ұрпағы.
Едіге туралы жырды ең алғаш қанжығалы ұруындағы Жұмағұл ақыннан 1841 жылы жазып алған Шоқан Уалиханов. Бірақ бұл датада Жаңылыс бар. Шоқан 1837 жылы туған. 1841 жылы Шоқан 4 жаста, ол жаста Шоқанның қата жазуы керек не Шоқанның кітабынан баспаға берген редакция қаталесуі керек. Әйткен мен «Едіге батыр» жырын ең алғаш қазақ тілінде қағаз бетіне түсірген кісі Шоқан. Шоқанның айтуынша: «Едіге»нің қысқартылып орысшаға аударылған түрі 1820 жылы шыққан. «Сибирский вестник» атты кітаптың Х бөлімінде басылған. Шоқан жазып алған қолжазба оның архивында сақталып сол архивтен қол жазбаны профессор П.М. Милиоранский алып, 1905 жылы бет ашар жазып, жеке кітап қып бастырған (Тоқтамыс пен Едіге).
Бұл аталған жинақ бүгінгі таңда зерттеуді талап ететін сирек те құнды кітаптар қатарында.
Мөлдір
БАЙМАХАНБЕТОВА,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы
«Кітап» мұражайының меңгерушісі
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.