Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Польшадан жеткен сүйінші хабар...

06.12.2013 4037

Польшадан жеткен сүйінші хабар

Польшадан жеткен сүйінші хабар - adebiportal.kz

Тоқтарәлі Таңжарық.jpgАқын Тоқтарәлі Таңжарықтың «Түн парақтары» атты жыр жинағы Польшадан қазақ және поляк тілінде жарық көретін болыпты деген ақпаратты оқып, автордың өзіне хабарласқан едік. Қазақ әдебиетіне, оның ішінде жастар поэзиясына Батыс жұртшылығының қызығушылық таныту себебі неде? Тұтастай бір кітаптың өзге тілде жарық көруіне септігін тигізгендер кімдер? Осы және өзге сұрақтарды Тоқтарәлі Таңжарыққа қойған едік. «Осыдан тура бір жыл бұрын Польшадан түркітану орталығының жетекшісі Хенрих Янковский деген кісі хабарласты. Өзін таныстырған соң: «Бізде төрт жыл сайын өтетін «Бостандық» атты Еуропа ақындарының фестивалі бар. Биыл ұйымдастырушылар алқасы түркі дүниесінен, онда да Орталық Азия елдерінің атынан осы жыр додасына қатысатын бір ақынды тауып беруге жәрдемдессеңіздер» деген өтініш айтты. Біз Түркітанушылар ретінде барлық түркі дүниесінің мәдени ахуалын барлап отырамыз. Қазақстанда шығатын кітаптарды да алдырып, оқып, өзімізше сарап жасаймыз. Сіздің жырларыңызды Интернеттен оқыдық. Ойлана келе, осы фестивалге қатысуға Сізді лайық деп таптық. Көптеген ақындарды үміткер ретінде қарастырғанымыз да шын, алайда менің және әріптесстерімнің таңдауы Сізге түсті. Егер келісіміңізді берсеңіз, біз ұйымдастырушылар алқасына өлеңдеріңіздің ішінен бес-алтауын аударып ұсыналық, ол үшін өзіңіздің жазбаша түрде келісіміңіз керек», – деді. Мен келісетінімді айтып, арнайы хат жазып жібердім. Бұл конкурстың шарты бойынша 2007-2010 жылдар аралығында кітабы жарық көруі керек екен. Менің жыр жинағым 2008 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген еді. Хенрих мырза одан да хабардар екен.Тек кітабымның өздерінде жоқ екенін айтты. Апта өтпей, менің бес-алты өлеңімнің аудармасы комиссияға ұнапты, соны хабарлап, тез арада кітабымның 3 данасын жіберіп беруімді өтінді. Міне, содан бері бір жыл өтті. Хенрих мырза жаз ортасында кітабымды толықтай аударып, баспаға бергенін айтқан болатын. Бұл кісі осы жылы Абай хакімнің өлеңдерін полякша сөйлетіп, кітап етіп бастырғанын енді біліп отырмын. Естуімше, Еуропаға танымал ғалымдардың бірі екен. Кейін баспадағылар поштама хат жазып, «Жалын» баспасының рұқсатын алып беруімді өтінді. Оны да жіберіп берген едім. Күні кеше баспадағылар кітабымның жаңа жылдың басында шығатынын, ал фестивальдің 2014 жылы 20-22 наурыз аралығында Гдаск қаласында өтетінін, соған шақыратындарын жазып жіберіпті. Енді соған дайындалып отырмыз. Менен бөлек, фестиваль аясында жеті ақынның жыр жинағы жарық көреді әрі олар сол конкурсқа қатысады. Эстония, Швеция секілід Еуропаның 7 елінен жеті ақын келеді екен. Олардың кімдер екенін нақты хабарым жоқ. Сол кезде танысамыз», – деп егжей-тегжейлі баяндап берді. Ақынның айтуынша, Польшадағы баспа жыр жинағын алдын ала шығарып әдебиетшілер мен оқырмандарға ұсынады. Олар өз бағаларын берген соң, фестивальде кездесулер, арнайы конференциялар өткізеді екен. Олар сондай-ақ Польшаның өзге қалаларын аралап көргіңіз келе ме, қасыңызға кімдерді ертіп келесіз деп, нақтылы ұсыныстар да жасапты.


Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

Қайнар көз: baq.kz  порталы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар