Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Қарапайым һәм тамаша тағдырлар ...

15.06.2020 4531

Қарапайым һәм тамаша тағдырлар 12+

Қарапайым һәм тамаша тағдырлар  - adebiportal.kz

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

жазушы

Валентин Распутин де өзіміз секілді пенде еді. Сібірде туған. Сібірдің қиян шеткі бір қыстағында балалық шағын өткізген. Он жылдық мектеп тауысқан. Өзіміз секілді педагогикалық институттың тіл-әдебиет факультетін бітірген. Оқытушы болуды о бастан қаламаса керек, студент кезінен облыстық жастар газетінде қатардағы тілші болып қызмет істепті. Алғашқы әңгімелері облыстық, Мәскеуден шығатын әдеби басылымдарда жарық көре бастаған. Нақтылап айтқанда «Ангара» альманағында 1961 жылы «Лешкиден не сұрауды ұмыттым» атты тұңғыш әңгімесі жарияланған-ды. Ал оның орыстың белгілі драматургі қыршын ғұмырында әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан Александр Вампиловпен арадағы шынайы адами достығы өз алдына бір шежіре...

Жә, өмірбаянға қатысты кіріспені осымен тұйықтасақ. Бұл жерде жұрт мойындаған талантты жазушының шыққан тегіне байланысты деректерді сағыздай созудың қажеті шамалы. Мәселе жазуда ғой. Міне, осы тұстан келеді де қаламгердің өзгеге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы туралы мағыналы әңгіменің алғашқы тараулары тіл ұшын еріксіз түрткілейді де, ары қарай ауызға түскен қант қиығындай үгітіліп жүре береді. Кешегі кеңес одағының өзімшіл саясатының әсері ме, әлде бір құпия сиқырымен адам жүрегін баурап алатын тасқа басылған дүниенің құдіреті ме, әйтеуір, біз жастайымыздан жата-жастана оқыған орыс жазушылары аз емес еді ғой. Жазу өнеріндегі шеберліктің шыңы дедік пе, әлде біз үлгі тұтатын әдеби жауһарлар дедік пе, әйтеуір, атағы аспан тіреген орыс жазушыларының біразын дерлік қазақ тілінде сөйлеттік. Толстойдан бастап, Шолоховтан бастап... Буниннің ғажайып әңгімелерін түгелдей... Одан оқырман да, қазақ әдебиеті де ұтылған жоқ, қайта әдебиетке деген сүйіспеншіліктің, әдебиетке деген махаббаттың тынысы кеңейді. Тыныс дегеннен шығады-ау, «Тынық Дондағы» Григорий мен Аксиньяның бәзбіреулер үшін жұмбақ, бәзбіреулер үшін таңғы шықтай мөлдір, кейде биязы, кейде теңіз төсіндегі асау толқындай адуынды сүйіспеншілігіне арналған «жырды» қанша қайталасаңыз да тебіренбей оқи алмайсыз. Оқыған сайын тосын қырынан табылған алтын көмбеге тап бола кетесіз. Бәлкім, бәріміз жабыла айтып жүрген, айтып қана қоймай әдебиеттің ізгілікке үндейтін қадір-қасиетін қанша айтсақ та жеріне жеткізе алмай жүрген рухани жетістігі дегеніміз дәп осының өзі емес пе екен?! Тамсану, шеберлікке тамсану! Және қазақ тіліне барынша жатық, төл тумадан алшақтамай, туындының табиғи болмысына алақол жасалмай аударылған орыс әдебиетінің сірә, бізге титімдей өкпесі болмауға тиіс. Ал өзіміз осы олқылықтың орнын толтырып, ең құрығанда тең түсетіндей дәрежеге жете алдық па? Еріксіз бармақ тістейтін болармыз. Бір кездері «Жазушы» баспасының жанынан арнайы ашылған «Достық кітапханасы» дейтін серияны қалам ұстағандардың дені ұмытпаған болар. Біздің қай кезде де кейін барып өкініп қалатындығымыз шындық қой, сол кеңес одағының дәурені жүріп тұрған тұста ең болмаса 50=50 болсын деп, табан тіреп тұрып алғанымызда талай шығарманың бағы жанып, орыс тіліне оп-оңай аударылып кетер ме еді. Орыс тілінсіз басқа тілдерге тікелей аударылған дүниелердің жұлдызы жанып кеткені шамалы. Бұл шаруа әлі күнге дейін бір ізге түспей-ақ келеді. Тәуелсіз ел болдық деп бөрікімізді аспанға атқанда жан шыдатпаймыз, ал аударма мәселесіне келгенде батпақтап жатқандығымызды жасырудың қажеті шамалы. Әйтпесе, сол орыс тілінен аударылған шығармаларды он орап алатындай мән-мағынаға ие болған төл туындылармыз қаншама! Іштей салыстырамыз ғой әрине, бірақ қалай дегенде де қазақ тілінде жазылған тың туындылардың таразы басын басып тұратындығына орынсыз бәстесудің реті жоқ. Басы ашық мәселе, ендігі жерде өзгелерді аударғаннан гөрі өзімізді өзге тілдерге көп аударсақ қана көсегеміздің көгеретіні белгілі. Шығармашылық михнаттың ақталатындығы анық. Өйтпесек, «қайран Нобель сыйлығы қазақ әдебиетіне қашан бұйырар екен» деп қашпаған сиырдың уызынан дәмеленіп, әбден ақжемі шыққан жарапазанды сәт сайын қайталап, сары уәйіммен сылпылдап жүре беретін түріміз бар.

Осы сылпыл жүрістің аяғы ұзап кетпегей! Одан әрі шегінетін де мүмкіндік қалған жоқ. Өз буымызға өзіміз пісіп, «біздерде мынадай бар, мынадай бармен» бос вакуумге құрғақ желді үрлей бергеннен маңдайымызға қарағайдай мүйіз бітетін болса, әлдеқашан бітер еді ғой. Оның қарасы әзірге көзге шалынбай тұр. Әңгіменің ыңғайы келгенде айтылып жатқан «гөй-гөй»; оның бер жағында аудармашымен жағаласып, айтысатын жерде айтысып, қайта табысып, ортақ шаруаға келгенде жағаласа кететін өлермендік мінезден де мақұрымдаумыз. Жыртық-тесігімізді өзгелер бүтіндеп беретін секілді болады да тұрады біз үшін. «Қан мен тердің» аудармасы үстінде орыстың талантты жазушысы, біз емес «мұнан өткен стилист жоқ» деп алдымен өздері мойындаған Юрий Казаковпен қысқа күнде қырық пышақ айқасқа түсіп, ұртын толтырып бірін-бірі боқтап жіберуден де тайынбайтын «драманы» Ә. Нұрпейісовтің естелігінен ғана оқып білгенбіз. Ал осыдан «Қан мен тер» жаман болды ма? Әлем тілдеріне әлі күнге дейін аударылып жатыр, әлі күнге дейін көп сериялы фильмдер түсіріліп жатыр.

Валентин Распутиннің қазақ тіліне аударылған бір шоғыр повестеріне қызғанышты сезім білдіргелі тұрғаннан аулақпыз. Керісінше бұл туындыларды төл дүниеміздей қабылдағанымызды, біздің рухани әлемімізге сіңісіп кеткен шығармалар екендігін ылғи алға тартқандығымыз ләзім. Әлем мойындаған орыс жазушысының бірді-екілі көркем әңгімелері қазақ баспасөзінде үзік-үзік жарияланып жүрген-ді. Ал мынау үш повестің басын біріктірген «Ғұмыр бойы ұмытпа» – соқталы дүние. Аударған марқұм Әбдеш Қалмұрзаев ағамыз.

«Ақырғы дем» («Последний срок») бізден бұрын да талай тілдерге аударылып, алатын бағасын алып, авторға да қалам ұстағандардың қолына сирек қонатын шексіз абырой-бедел сыйлаған тамаша хикаят. Орыс пешінің үстінде әбден ауыру меңдеген Анна кемпір жатыр. Шығарманың аты айтып тұрғандай, Анна кемпірдің кеудесінен жаны шықпағаны болмаса, құр сүлдері қалған. Ертең-бүгін жан тәсілім етсе, өз бауырынан тараған балалары қамсыз қалмасын, естіп отырсын, естіп отырғанынан бұрын сұм ажал сексенге таяп қалған кемпірді ана дүниеге шынымен әкететін болса бір емшектен тараған бауырлары ескі дәстүр жолымен қолынан келгенінше анасын «бағып-қағып» отырған кенжелері – Михаилге тұс-тұстан өкпе-реніштерін жаудырмай ма. «Анамыздың көзі тірісінде ұлдары мен қыздарына айтар аманатын өз аузынан естір едік қой, жағдайдың түбі осыған тірелетіндігін сен білдің ғой, оның үстіне біз үлгіріп келе алмайтындай қиыр шетте тұрмаймыз, алдын-ала хабарлассаң қайтер еді, ырзаласып қалар едік» деген секілді өмірі бітпейтін дау-дамайдың ортасында қалып қайтеді, бір есептен өз басының тыныштығын ойлаған Михаил кемпірдің беті бері қарамасын білген соң поштаға барып, бауырларына «шешелерің әл үстінде, ұзаққа бармас, келіңдер» деп жеделхат жолдайды. Және бұл істеген ізгілігін анасына да ескертеді: «Шыдаңыз, балаларың келгенше шыдай тұрыңыз!» Анна кемпір онысын естіді ме, естімеді ме белгісіз. Тек аузынан болар-болмас дем шыққаны болмаса, мына жатысы – тірі өлік.

Анна кейуана секілді тіршіліктің ауыр қамытына мойын қажатып, соғысты да, соғыстан соңғы ашқұрсақ кезеңді де бастан өткеріп, дүниеге құдай берген ұрпақ әкеліп және соларды тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай мәпелеп өсіріп, солар үшін бүгін өліп кетсе де аса көп қинала қоймайтын әрі сол көрген азапты өмірді менің маңдайыма жазылған тағдыр ғой деп қабылдап, ың-шыңсыз жүре беретін біздің қазақта да дәл сондай аналар аз ба?! Көп, олардың қатары көпшілігіміз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға» тап келдік деп түсінетін мына өліара шақта да азайған жоқ. Қалай жортақтатсақ та ауыл әйелдері тартып келе жатқан бүгінгі бейнетті жоққа шығара алмасақ керек, «коммунизмнің нұрлы шапағы» біздің қай тұсымыздан зу етіп өте шықты деп, өткен күндерге ойлы көзбен зер салатындай әрқашан әбжілдік мінез танытсақ керек. Иә, Анна кемпір бастан кешкен ғұмырды қазақ кемпірлері кешпеді ме?! Кешті, белшеден батпаққа батты, бір тұтам тірлікте иненің жасуындай зейнет көрген жоқ, бірақ мына жарық дүниемен қоштасар сәтте «бәріне ризамын» деп қиналысын сездірместен кете баратын-ды. Ақ өлім деп аңсағандары осы ма, кім білсін!?

Шығарманың қазақ тіліне аударылғанына шамамен отыз жылдай уақыт өткен шығар. Әлденеше рет қайталап оқыдық. Неге? «Шешелерің хал үстінде» деген суыт хабарды естіген бойда алдымен аудан орталығында тұратын үлкен қызы Варвараның мол пішілген денесін әзер игеріп, апыл-ғұпыл ауылға жеткендігі; одан соң кезекті жолаушылар кемесіне ілігіп қалада тұратын Илья мен Люсяның туған үйлеріне маңдай тірегені, бауырларын айлақтан Михаилдың күтіп алып, ауыл ортасындағы шалшықты жолмен тізбектеліп үн-түнсіз келе жатқаны, ақырғы демін жұтып аналарының өлім аузындағы ахуалына бәрінің шынымен жандары ашып мұңайғандығы, ал ауыл адамдарының да бұларды көрген сәттегі аяушылық сезімдері оянып, тіпті амандасудың да ретін таппай тілдерін жұтып, үн-түнсіз қала берген сәттері... соншалық әдеби олжа ғой деп тамсанатындай эпизодтар ма?! Әсте олай емес-ау, егер осыларды әдеби олжаға жатқызатын болсақ, екпін түсіре айтатын басты мәселе – қарапайымдылыққа келіп тіреледі. Ал қарапайымдылықтың қарадүрсіндікке ұрынатын тұстары аз ба? Бұған мысалды әрине, үйіп-төгіп тілге тиек етуге болар еді.

Распутиннің қай шығармасына тоқталмаңыз, осы қарапайым адамдардың жан дүниесіндегі арпалысты, олардың әлденеге келісе алмай ұрысқан сәттеріндегі кикілжіңді, сәл доғалдау естілетін қалжыңдарын, сөз саптау мәнеріндегі Распутинге тән ерекшелікті байқамай кітап беттерін парақтап шығуың және мүмкін емес. Бір ғажабы, енді бірде сол Ангара бойын мекендеген орыс деревняларының саған да бәлендей бейтаныстығы жоқ, олардың күнделікті тіршілігімен біте қайнасып кететіндігіңді байқамай да қаласың. Бәрі қарапайым, ішке түспейтіндей, немесе бойға сіңіре алмайтындай тырнақтай жаттығы жоқ. Осы тұста ретін тауып, өз қотырымызды да «қаси» кеткендіктің артықтығы болмас. Мұны өзгелерден оқшау көрінейінші деген ниеттен, болмаса білгішсінгендіктен айтып тұрғаннан аулақпыз. Сірә, біздің–қазақ қаламгерлерінің әлі күнге дейін ұқсата алмай келе жатқан бір кемшілігі, бәлкім басты кемшілігі–осы қарапайым көріністі дәп бір майдан қыл суырғандай дәлдікпен, қышыған жерді дөп басып айта алмайтындығымызда. Иә, қалам жарықтықтың жеме-жемге келгенде саған ие бермей кететін тұстары аз кездеспейді. Жинақталған ойды шашыратып аламыз. Сөйтеміз де көп сөзділікке ұрынамыз. Болмашы ғана оқиғаны түсіндіру үшін қажеті жоқ эпизодтарды шиырлаймыз. Ақ қағазбен бетпе-бет келген жазу үстінде ол кемшілік бәлкім байқалмас, кейін қалам суытып қайта үңілгенде де өзі қысқартуға сұранып тұрған кейбір сөйлемдерді қағып тастауға шама келмей қалады. Кемшілік пе, кемшілік. Осындайда Шукшиннің көркем әңгіме жайындағы мына бір тосын толғанысы еріксіз еске түседі: «Көшеде кемпір келе жатты, жол тайғақ еді. Құлап қалды, сеткісіндегі жұмыртқа жарылды. Бізге керегі осы ғой. Ал біздің жазушылар қайтеді дейсіз. Сол күнгі ауа райын суреттейді, теріскейден күн көтеріліп келе жатты дейді... Жә, онысын қойшы, күлкіңді келтіргенде кемпірдің он жетінші жылы қыз, не келіншек болғандығын әңгімелейді. Бізге осы керек пе, бізге керегі кемпірдің оқыс құлағаны ғой...»

Қарапайымдылықтың қаймағын бұзбай қағазға түсіру шеберлік мектебін қалыптастырған Би-ағаң, Бейімбет үрдісін іліп әкеткен қаламы ұшқыр жазушылардан шүкір, бізде кенде емеспіз. Осындайда алдымен Д. Исабеков, Д. Досжанов пен Т. Нұрмағамбетов ауызға ілігеді, С. Мұратбеков екібастан. М. Байғұт, М. Қаназ, Н. Дәутаев, Ж. Шаштайұлы, С. Асылбеков, Қ. Түменбайлар осы ілекте. Ауыл тіршілігі, ауыл адамдарының мінез-құлқы, олардың тума табиғаттан аумай қалған жүріс-тұрыстары, сөз саптастары суретшінің қолымен ақ кенепке түскен айшықты бояудай ешбір құбылыспен шатастыруға келмейтін керемет көріністер көз алдымызда тірі бейнеге айналып, тұра-тұра қалушы еді ғой. Осы тұрған тұрыстарында да үлкен мән бар-ды. Орыс әдебиеті оған «деревенская проза» деп айдар тақты. Осы тақырыпты қаузайтын қаламгерлерге де ерекше құрмет көрсетілді.

Жә, енді «Ақырғы демге» қайта оралайық. Бәрі қарапайым, ағайындылардың анамыздан шынымен айырылып қалған жоқ па екенбіз деп үн-түнсіз аяқ алыстары да сондай қарапайым. Әрбірінде кәдімгідей жүрексіну бар. Мына сөйлемге үңілейікші: «Ауыл адамдары Люся мен Ильяға амандасқанымен, олармен тілдесіп жолынан қалдырмады, қастарынан өтіп кетіп, сыртынан қызықтай қарады. Келгендерге кемпірлер мен балалар терезеден сұқтана қарайды, кемпірлер шоқынып алды.

Інісі мен сіңлісін көргенде Варвара шыдай алмады:

– Анашымыз біздің... Анашым-ай!

– Тұра тұршы енді,– деді Михаил оған тағы да, –Үлгерерсің әлі...» Еш жаттығы жоқ, таныс түтіннің иісі келеді танауға. Жұта бергің келеді. «Шешеміз әлі тірі, аула сыртынан қақсамашы, жұртты дүрліктірерсің» дегенді мінезі ардың-гүрдің Михаил соңғы сөйлеммен шегелей түседі. Қолмен қойғандай түсінікті, нық, айқын әрі қарапайым. Яғни, кемпір әлі тірі. Бәрі темір кереуеттің маңына жиналады. Анна кемпірдің тірі екендігіне көздерін жеткізу үшін аузына сынық айна тосады. Айнаның беті болар-болмас дымданады. Балалары тұс-тұстан жиналмағанда кемпір ана дүниеге жүріп кетер ме еді кім білсін. Шаруасы бітіп, тек болар-болмас жүрегі ғана соғып жатқан ана байғұс ішкі түйсікпен балаларының соңғы сапар алдында бақылдасуға келгендігін сезіп жатқандай, таразының екі басындай тербелген кірпіктері болар-болмас қимылдайды. Бірақ бұл көптің көздеріне түспеген «қимыл» еді. Ақыры осы болар-болмас қимыл Анна кемпірдің бауырынан тараған ұл-қыздарының күллі бітім-болмыстарын өзгертіп жібереді. Қалай, неге? Осы сұрақтардың жауабын да хикаяттың өн бойынан қиналыссыз табасыз. Көптен көріспегендіктен бір-бірін сағынысып қалған «бауырлар» Михаилдың келіншегі Надя дайындаған дастархан басына жиналады. Баяғыда әкелері жасаған үлкен үстөл маңында қайта табысу–олар үшін де әсерлі қуаныш еді. Әркім әдеттегідей өз орындарына жайғасқан секілді. Бір-бірімен әзілдескеннің айыбы болмас па екен деп те ойға беріледі. «Шешелерің әл үстінде, келіңдер» деген Михаилдың жеделхатын алмағанда олардың бүйтіп отыруы екіталай ғой. Дегенмен мұны «атап» өтпеу ақылға сия ма. Еркектердің әдеттегідей тамақтары жыбырлайды. Михаил үлкен шаңырақтың иесі ретінде әрі алыстан, жақыннан келген бауырларының құрметіне деп бір-екі бөтелкенің тығынын ашады, қызылды апаларына, ақты Илья екеуіне қылдай бөліп құяды. Құюын құйды ғой, енді қалай ішкендері жөн, стақан соғыстырса айыпты болып қалмай ма. Жаназада отырғандай үн-түнсіз қылғыта салудың да жөні жоқ. Ішіп салды. Қу құлқын тағы нелерді тілеп тұр. «Тағы бірден алып қояйық, әйтпесе ашып кетер,–дейді Михаил.–Жетер. Сендерге ықылық атқанша ішпесе болмай ма. Шешелері өлім аузында жатса, бұлар мұнда тойлап отыр. Өлең айтып масқара қылмаңдар», – Варвара реніш білдіреді.

Табиғи, орыс табиғатына тән сөз тіркестері. Распутиннің өзгелерден ерекше көрінетін тапқырлығының өзі сонда ғой, ол басын тауға да ұрып, тасқа да ұрып, бұрын-соңды айтылмаған, тіл ұшына бұрын-соңды оралмаған тосын диалогтар іздеп жатпайды. Көз алдыңда болған оқиғаны қоюлатпай да қиындатпай, дәп бір қолға ұстатқандай дәлдікпен дөңгелетіп бере салады. Және оны орыстардың арасындағы жағдай екендігін де айтпай аңғарасың. Орыс ағайындардың ішімдіксіз ешбір шараны өткізбейтіндігі белгілі. Әрі соған білек сыбана кірісетіндіктерін айтсаңшы! Илья мен Михаил іштеріне аздап «от» түскен соң, сонау ілгеріден келе жатқан игі «дәстүрді» басшылыққа ала отырып, анасының демі үзілмей жатып, ойға алған тың бастамаларын ертеңнен қалдырмай іске асырып тастамаққа бекінеді. Өкпе-бауырлары езіліп, қабырғалары қайысып, қайғыдан қан құсып жүргендері шамалы. Одан гөрі «ертеңгі» күндеріне қатты алаңдайды: «ертеңгі» күндерінің немен басталып, немен аяқталатындықтары бес саусақтай сайрап тұр. Анна кемпір осы бір тұтам тірлікте етегіне шалынысып жүріп, бар қиыншылықты бастан кешсе де, жұрттан қалмай, ал керекті жерінде олардан асып түсіп, осынша ұрпақты дүниеге әкелді. Сол алтындай ұлдарым бар деп, арқасын асқар тауға тірегендей дәрежеге жеткізген, кейде ұртын толтыра-толтыра сөйлеуге де итермелеген Ильясы мен Михайлы міне, жалғанды жалпағынан басып, дүниені дөңгелетіп жүр. Қайран орыс мінезі-ай деп аһ ұрмасқа да шараң жоқ.

Анна кемпірдің түрін көріп, бәрі дерлік түңілген. Ол үшін санаулы сағаттар ғана қалған-ды. Сондықтан елдің алдында ұятқа қалмас үшін етек-жеңдерін жинақтап, шешелерін ақырғы сапарға жөн-жосығымен шығарып салуға осы бастан кіріскендері жөн. Қарайлайтын не бар, үміттенетін не бар. Жұрт Анна кемпірдің балалары жан-жақта тіреп тұрған өңшең мықтылар демей ме. Бір қызы тіпті Киевте тұрады. Әскери адамға тұрмысқа шықты да сол жақта қалып қалды. Әрине, бауырынан өрген балаларының бір-бірінен айырмашылығы бола ма, анаға бәрі бірдей, дегенмен Татьяның жөні бөлек. Жер шалғай, оның үстіне күйеуі әскери адам, олай-былай бұрылуға мойын мұрша бермейді. Кемпір де олармен өзгелер секілді шүйіркелесе алған жоқ, керек десеңіз күйеу баласына да бір шәугім шай бере алған емес. Бермейін деген Анна кемпір жоқ еді, жолдары түйіспесе кімге барып шағынады. Бірақ ол күнәдан өзін де арашалап алғысы келмейді. Басқа бір пысықтау адам болса қайтер еді, мінекей, өлер шағында Татьянаны бір көруге зар қылып қойды. Бұл ненің құдіреті болды, тәңір-ау, әне, өлі мен тірінің арасында жатқан кемпірге біртіндеп жан ене бастағандай ма қалай. Ол бұрын төңірегінде не болып, не қойып жатқандығымен иненің жасындай шаруасы жоқ-ты, тек сылқ түсіп үнсіз ұйықтағанды ғана білетін. Енді мінекей, үй-ішіндегі қыбыр-жыбырға елеңдей қалатынды шығарыпты. Терезе тұсынан өріске беттеген сиырлардың мөңірегенін естиді. Анау айтқандай орнынан тұрып кетпесе де, бетінің бері қарағандығының өзі шүкірлік қой.

Мұның таң қалатындай несі бар. Үздік-создық келген балаларының дауысын өз құлағымен естуінің өзі Анна кемпірге кәдімгідей қуат берген еді. Ой-санасына да сәуле жүгірген тәрізді. Көршісі Мирониханың да жайын ойлап қояды, жалғыз тұрған соң қарайласатын да адамы жоқ. Жалғыз сиыры да үй көрмейді, қораға қалай кіргіземін деп соны қуалап кеткен болар. Киевте тұратын Таньчорасы бүгін-ертең осы маңнан төбе көрсетсе бар-ау, қалған өміріне ризашылық айтып, түк қиналмастан ана дүниеге аттанып кете барар еді. Мына дүниені де бір адамдай қызықтады ғой, ешкімге пайдасы жоқ, тіпті немересі Нинкадан қалған шәугімді далаға шығара алмаған соң, тірімін деудің мән-мағынасы қайсы. Жер басып жүрген ұл-қыздарының бет-жүзін көрді, риза бәріне. Тек Киевтегі қызы ғой қинайтыны. Қан-сөлсіз еріндері жыбырлайды, «келетін болса келіп те қалар. Америкада тұрмайды ғой, ал үш күннің ішінде Америкадан да келуге болады. Әлде әскери адам болғандықтан күйеуін жібермей қойды ма?» Осындай керексіз ойлардың аздап мазасыздандырғаны да қуанышты. Яғни, дене-мүшелерінің икемге келіп, аздап болса да жұмыс істей бастағаны ғой. Тіпті тіктеліп отыруға да жарап қалды. Жан-жақтан келген балаларының анасының беті бері қарағандығын көргенде, не істерін білмей аңтарылған сәттерін көрсеңіз. Ал бұл уақыт аралығында ерте қамданып, Илья мен Михаил аналарын «армансыз жөнелту үшін» арақ-шараптан да молынан алып қойған-ды.

Тағы да распутиндік әдеби олжаға тап бола кетесіз. Тағы да қарапайым диалогтар, тағы да қарапайым, бірақ орыс табиғатымен жымдаса кететін қарапайым көріністер. «–Арақтан қанша аламыз? – деп сұрады Илья.–Біле алмадым, – деп Михаил иығын қиқаң еткізді, – Қанша дегенмен бір жәшік керек қой. Одан азға ауыз былғаудың қажеті жоқ. Деревняның тең жартысы келеді. Шешеміз сараң болмаған сияқты еді ғой, жұрт алдында масқара болмайық». Орыс характерін қалай тап асқан. Арасына ине сұға алмайсыз. Кей-кейде осы жолдарды қағазға түсіріп отырған сәтте әлдекімдердің «Распутинге тым сұқтанып кеткеннен сау ма?»-сы айтылып қалмас па екен деп те ойлап қоясыз. Иә, мұндай қарапайым сөйлемдерді қазақ жазушысының кез-келген шығармасынан кездестіруге болар. Кездестіріп те жүрміз. Бұған келгенде жерге қарай алмаймыз. Дей тұрғанмен, сөзден мүсін қашау деген сирек құбылыс бар ғой. Кейіпкер тұлғасын сомдауда біздің де ешкімге есе жібермейтіндігіміз анық. Тек шығармаларымыздың орыс оқырмандарына түп нұсқадай дәлме-дәл аударылып, жетпей жатқандығы болмаса. Адам характерінің кейде жұмсақ, кейде қара тастай қатты болып келетіні белгілі. Мәселе жазушының кімді сөз етіп отырғандығыңда. Және сол суреттеген бейнені айнытпай ақ қағазға бедерлей білген шеберлікті айтыңыз!

Үлгі тұтатын бір жағдай, бұл пікірімізбен біреулер келісер, біреулер келіспес, бірақ шындықтың бетіне тура қарағанда дәл осы хикаятта авторлық баяндау дегеніңіз атымен жоқ. Бізді шаршатып жүрген құрғақ баяндау. Кейіпкеріміздің ішіне түсіп, рухани жан әлеміне үңілгенше тынысымыз тарылады, діңкелеп бітеміз. Распутинннің ой-орамдары бұдан өзгеше, бөлек, мүлдем бөлек. «Ақырғы демде»: «Орыс пешінің түбіне қойылған темір кереует үстінде Анна кемпір ажалын тосып жатты» деп басталатын авторлық баяндау бір абзац қана, қалғаны геройлардың іс-әрекетіне, тыныс-тіршілігіне байланысты. Қайталап айтқанда, Распутин осы жалғыз абзацтан соң көзімізге көрінбейді, жоқ болып кетеді. Кейіпкерлердің ішкі толғанысы, мына өмірдегі ақ пен қараны айыра білудегі пәлсапасы, болашақтан күткен үміті, бауырға деген жанашырлығы, тіпті туған анасына бағышталған перзенттік махаббаты, бәрі-бәрі жиналып келеді де сені басқа әлемнің «территориясына» сүңгітіп жібереді. Мұнан соң шығарма авторын да керек қылмайсыз, бір оқиға желісі екіншісімен «тіл табысып», алға қарай үн-түнсіз сүйрей ала жөнеледі, шығарманы бас алмастан қалай оқып шыққандығынды да аңғармайсың. Оқиға желісі демекші, мұнда адам түсініп болмайтын қырық қатпарлы әрі санаға еріксіз тықпаланатын қиыннан қиыстырылған оғаш эпизодтар жоқтың қасы. Бәрі қарапайым, дәп бір өзіміз күнде мидай араласып жүрген біздің ауыл адамдарынан аумайды. Тек аты-жөндері басқа, мекен-тұрағы, тілі басқа.

Кемпірдің кереует үстінде қадалып отырғандығы, мойынын созып терезеден сыртқа үңілетіндігі былай тұрсын, ол бірде қалбалақтап табалдырықтан қалайша ары аттағандығын да сезбей қалады. Мұны көрген балалары алғашында өз көздеріне өздері сенбей үрейленеді, артынша ептеп сабаларына түсе бастайды. Міне, керемет! «Ажалдың аузын ұрып жіберді біздің анамыз, мықты ғой біздің анамыз!» Енді мұнан былайғы жерде бекерге уәйім жеп, бекерге уақыт өткізудің не мәні бар. Шынымен де шешелерінің беті бері қарады. Аш жатқан кісіні бірден тойындырып жіберейік дегендей, қыздары жабылып бір қазан ботқа пісіреді. Илья мен Михаилдың құдайы беріп, «көп тұрса ашып кетер» деп бір-бірін қағытқан болып, қаза жөнелту үшін сатып алынған моншадағы «ақаңның» бүйірін біраз ойсыратып-ақ тастайды. Ішеді, ұйықтайды, тұра салып «бас жазады». Тамаша. Шешесінің өлім халіндегі ахуалы да біртіндеп ұмытыла бастайды. Қалада тұрып, бой-сойын баптап үйренген Люся бірде орман ішіне сүңгіп, баяғы балалық шағын еске түсіріп, бүлдірген теріп кетеді. Анасының ана дүниеге жүріп кетердей жағдайы байқалмайды, күннен-күнге тәуір боп келе жатқандығын біреу айтса сенбес еді, төрт көздері түгел көріп отыр ғой. Әркімнің жұмысы бар, тірлігі бар, шешеміз қашан өледі деп Михаилдың тар үйінде тығылысып күн өткізе бер ме? Бәлкім, айлаққа ертең келіп тұмсық тірейтін жолаушылар кемесіне ілесіп, тайып тұрғандары да артық болмас. Мұны бастаған Люся. Бастықтарына өтініш айтып, сұранып келген оңтайлы сәтте кемпір өлмей қалды. Ендігі жолы жібере қоя ма. Есі кірген Анна кемпірдің өкініші одан бетер, балаларының басы қосылғанда жұртты әуреге салмастан жөнеліп кеткені жөн-ақ еді. Балаларының жұмысынан қалдырды, «шешемізді жерлеуге барамыз» деп бастықтарынан өстіп қиылып сұрады ғой, ертең сопиып қалаға барғанда әріптестеріне не дейді. Ұят-ақ. Таньчора да кешігуде, кенже қызымды бір көрсем-ау деген еді бұл пақыр. Шынымен осы жолы жүздесудің ыңғайы келе ме, әлде келмей ме?

Кемпірді ана дүниеге жібермей жатқан да осы әлсіз үміт еді. Шешелерінің әзір өлмейтіндігіне бәрінің көздері жетті. Енді не істемек? Соның арасынша маскүнем Михаил ешкімге айтпастан, Киевте тұратын қарындасына «несіне келесің әуре болып, келмей-ақ қой, шешең биге дайындалып жатыр» деп қосымша жеделхат жолдап жіберген-ді. Тірі адамға тіс жармаймын деген уәдесін кәйіп боп отырғанда тарс есінен шығарып алады. Мына «суыт хабар» Анна кемпірді екінші рет кереуетке атып ұрады. Бұл жолы әбден нашарлайды, Таньчораны көрем-ау деген үміті құмдай үгітіледі. «Кетпеңдер, енді бір күн шыдаңдар, көпке ұзамаспын» деп жалынады кері қарай жолға шыққалы жатқан балаларына. Балалары шешелерін тыңдайтындай жағдайда емес еді. Буынып-түйініп дайындалып қойған. Сол түні кемпір дүние салады.

Бітті. Шығарманың финалы да осылай аяқталады. Былай қарасаңыз алып-жұлып бара жатқан күрделі қайшылықтар жоқтың қасы. Тіпті кейіпкерлерінің бір-бірін түсінбей қалатын тұстары да жат емес, қарапайым ғана өмір ағысы. Бір отбасының тіршілігі. Бір ананың бауырынан тараған ұрпақ қалай өзгерген, замана желінің қатаң қақпақылы оларды тым қатал, тым қатыгез жолға салып жібергеннен сау ма. Ал анасы оларды әлі күнге дейін баяғыдай бала көріп жүрсе... Ақырғы күнді күте алмады. Есейе келе орыс адамдары анаға деген ыстық сезімдерін де суытып алатын секілді ме қалай. Бұлардан үйренетін не бар, ал жиренетін тірліктері бастан асады. Осылай жалғаса бере ме? Ащы судың буына піскен бүгінгілердің басты мақсат-мүдделері не нәрсе? Келер күндерден не күтеді? Бәрі бұлыңғыр. Ың-шыңсыз ана дүниеге аттанып кеткен Анна кемпірдің несі кетер дейсің?! Ал тірілердің анаға деген перзенттік борыштың өтеуі деген ұлы сезімдері әлдебір ыбылжыған қоқыр-соқырмен мидай араласқан...

Сұрақ көп. Жауап те толықтай берілген тәрізді. Тек соны дұрыс ұғынатын кеудеде зерде болса...

Жазушы Распутиннің абыройын асқақтатқан тағы бір айтулы шығармасы – «Ғұмыр бойы ұмытпа» («Живи и помни») повесі. Соғыс, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы адам тағдырын сан қырынан таразыға салып, сан қырынан кедір-бұдыр сынақтан өткізіп, бірде орға итеріп, бірде сол ұрыс даласынан саналы түрде қашып, туған ауылы – Ангара жағалауындағы Атамановка қыстағын паналап жүрген дезертир Андрей Гуськовты қанша жамандайын десең де, ара-тұра қиянатқа қиғың келмейтін және мойынға ауыртпалық түскен сәтте адам мінезінің қалай өзгеретіндігін бақайшағына дейін ашып, анық суреттеген керемет туынды. Керемет туынды екендігі бізден бұрын да айтылған, бізден бұрын да жазылған. Оның үстіне соғыс тақырыбы таңсық емес. Шыңғыс Айтматовтың да осы тақылеттес хикаяты бар. Бірі Солтүстікті, бірі Орталық Азияны мекендеген екі бірдей талантты жазушының бір тақырыпқа қалай қалам сілтегендігіне таңданасың да қоясыз. Бір ғажабы, екі туынды да өз оқырмандарын тапты, оқырмандар тек тақырып ұқсастығын ғана аңғарғанымен, ондағы кейіпкерлердің төңіректі тұман басып, соғыс жүріп жатқан тұстағы көзқарастарына, өмірлік ұстанымдарына өздерінше баға беруге тырысты. Қаламгер мақсаттары да орындалды.

Шолоховтың «не айтпағың, ұсынған идеяң алғашқы сөйлемнен-ақ белгілі болсын» деген сөзі бар. Бәлкім, бұл ұстаным одан бері де талай мәрте қайталанған шығар. Түпкі ойыңды алғашқы сөйлемнен аңғарту шеберлікке келіп тірелетін тәсіл. Кейде осы қағиданы біле тұра көбіміз ауа жайылып кетеміз, ананы-мынаны шиырлап, бастапқы бақыттан ауытқимыз. Ал қазақтың құдай берген қара сөзін орта жолдан бұтарлап, сындырып, содан өздерінше жаңалық ашпаққа тыраштанатындар қатарының әсіресе, соңғы уақыт бедерінде көбейе түскендігін әсте жасырға келмейді. Сөзден, сөз иірімінен «мода» қуушылық, апатты жағдайға ұрындыратын қауіпті қадам. Үлкеніміз бар, кішіміз бар, бұдан әсілі аулақ жүргендігіміз абзал.

Міне, распутиндік жорға жүріске жүгінейікші, жорға жүріс дегеніміз–автордың қай шығармасын алмаңыз, бірден қарапайымдылық қағидасына әкеп маңдай тірейді; арнасынан асып төгілген көпірме сөз, ойды өзімше жеткіземін деп «мидың мың градустық домнасында қорытылмаған» құрмалас сөйлемдер тізбесін шұбырту, оқиғаның бой-сойына сай келмейтін штрихтарды еріксіз тықпалау т.б... басы артық элементтер кездесе бермейді. Хикаяттың алғашқы бетіндегі мына бір қарапайым суреттерге назар салыңызшы: «Осы бір аязды күндері Ангара бойында суға жақын орналасқан төменгі бақшада тұратын Гуськовтардың моншасында зат жоғалды: Михеичтің жақсы, қолдан жасалған ұсталық балтасы ұшты-күйлі жоқ болды. Өзгенің көзіне түспесін деген бірдемесін қазандық жанындағы еденге төселген алашаның астына тастай салатын әдеті бар. Гуськовтың темекісін үгітіп болысымен балтаны сонда тыға салғаны әлі есінде. Келесі күні іздегенде зим-зия жоқ болды. Бәрін де тінте іздеп шықты, түп орнымен жоқ, енді есіңе түсіріп көр. Ол аз дегендей монша ішінің әбден астаң-кестеңін шығарған Михеич жалғыз балтаның ғана жоғалмағандығын сезді. Әлдекім сәкідегі темекі жапырағының да жартысынан көбін қымқырып, моншаның кіре берісіндегі аңға шыққанда киетін ескі шаңғыны да ала кеткен. Сонда ғана қарт Гуськов ұрының алыстан келгенін, балтаның енді ұшты-күйлі жоғалғанын сезе қойды...»

Үзінді ұзақтау. Бірақ Гуськовтың ұлы Андрейдің майдан шебінде жүргендігін, соңғы кездері одан хабар үзілгендігін, ауылға балаңыздан хат келмеді ме деп учасковойдың күдікті сұрау салғандығын ойға аласың да, бүйрегің бүлк ете түседі. «Ұры» алашаның астында жатқан балтаны қалайша бірден тауып ала қойды. Андрей, Андрей! Бұл Андрейдің ісі болмаса нетті. Шығарма осыдан бастап қоюлана түседі. Андрейдің ата-анасының қолында тұратын сүйікті жары Настена бұл жағдайды колхоздың ауыр жұмысынан келген бойда естиді, естігеннен бастап көңілі нілдей бұзылады. Соғыс жүріп жатыр. Соғыстан қашқандардың тартар жазасы белгілі, оларды топтың алдына шығарады да бірден атып тастайды. Өзгелерге сабақ үшін, кеңес әскерлерінің ондай сатқындықты енді қайталамас үшін. Сонда қалай?! Шынымен Андрей!.. Жо-жоқ, олай болуы мүмкін емес. Настенаның ерім майданның алғы шебінде жүр деп ешкімге айқайлап айтпаса да, ішінен мақтанатындығы қайда; иығы қажалғанша кім үшін ауыр жұмыс істеп жүр; соларға титімдей болса да пайдасы тиер ме екен деп заемға да жұрттың алдымен және түске кірмейтіндей көп сомаға жазылған жоқ па еді; болашақтан күтетін жарқын күндерінің бұдан былай елеске айналып кетпесе не қылсын!.. Үрей, үрей! Моншаның бір бұрышына апарып тыққан наны ертеңінде ғайып болады. Бірақ пенде шіркін өз қолымен ұстамайынша сене ме. Кешкілік Ангарадан шелекпен су тасып моншаны әбден қыздырады. Андрейді күткен секілді ме немене?! Рас, рас екен, аңсап күткен күйеуімен қараңғы түнекте, қарағай иісі сасыған сыз моншаның ішінде кездеседі. Соғыстың аяқталуына да көп қалмаған секілді ғой. Жараланғандардың алды елге келіп жетті. Олардың келгені де дәтке қуат. Настена жеңіспен оралған күйеуін ұлан-асыр той үстінде қуанышты көңілмен күтіп алмақшы еді. Бұл не масқара?!

Солай, солай болып шықты. Сақал-шашы өсіп, үсті-басынан көңірсіген иіс саситын, адам кейпінен гөрі айуанға ұқсас тірі мүскін бұл шынында да Андрей еді. Ыстық моншаның арғы түкпіріне апарып, асығыс-үсігіс Настенаның да «шаруасын» бітіреді. Бірақ Настена осы бір оспадарсыз қылықтан титтей ләззат алса не дейсіз. Майдан даласынан жеңіспен оралған күйеуін күтіп алған күні елде жоқ бақыт құшағына күмп етіп түспекші болған және талай түн осы арман құшағында тербеліп, ит тіршілікті қиял әлеміндегі жұмақ өмірге ойша айырбастап, сол үшін ғана күн кешіп жүргендей сезілетін Настенаның бар үміті жермен жексен болады. Бұл не масқара, мына дүниенің аяғы не боп барады? Адам-ау, төрт жыл күткен соғыстың аяқталуына да санаулы сағаттар қалған жоқ па? Бұл бақытсыздық, бірақ осы бақытсыздықтың ғұмырында бір пендеге жаманшылық жасамаған Настенаны нысанаға алуы қалай? Елге не бетін айтады?

Онсыз да «шықпа жаным, шықпамен» итініп-сұғынып әзер-әзер жан бағып жүрген Гуськовтар отбасына қасіреттің қара бұлты үйіріліп соқты, мінекей! Ойламаған жерден. Енді не істейді? Бұдан әрі Настенаның аянышты өмірі басталады. Деревняның бүгінгі бас көтерерлері де әйелдер ғой, орманға барып ағаш кеседі, шөп шабады, мал бағады. Адам төзгісіз ауыр жұмыс титықтатса да бір де біреуі дыбыс шығарған емес. Себебі, бәрі жеңіс хабарын күтіп жүрді емес пе. «Қара қағаз» келгендерден басқаларының жол қараудан шаршайтын түрлері жоқ. Майдангерлер келген күні мұның бәрі сол сағаттарда-ақ бірден ұмытылады, түк көрмегендей тотыдай таранып шыға келеді.

Иә, Настена майданнан оралған күйеуін күтіп алып жетістірді. Мұнан әрі қалай өмір сүреді? Бұл тозақтан құтылудың қандай амалы бар? Басқа біреу болғанда Андрейдің опасыздық жасағандығын елге жариялап, өз басын мына былыққа батырмай тұрғанда арашалап алар ма еді. Жұмыр басты пенденің қанша тырысқанымен ойламаған тұстан әйтеуір, бір кемшілік жіберіп алуы мүмкін. Кемшілік, білместік... жә, оны кім санап тауыса алар. Бірақ майданнан қашқанды қалай арашалап аларсыз. Өзі қашып, өз кінәсіне өзі жауап берсе арман бар ма, ол енді бұл жеркенішті іске Настенаны да араластырғалы отыр. Доқ көрсетеді, айбат шегеді, әлденеге тісін қайрап кектенеді. «Менің қайда екендігімді бір пендеге сездірер болсаң, жердің астына түссең де сазайыңды беремін!» деп сүйікті жарына жұдырығын түйеді. Және ескі қыстауды паналап жатқан маған азық-түлік, аң атып жейтін оқ-дәрі жеткізіп тұрасың деп міндетсиді. Настена байғұс осының бәріне көндіккендей рай танытады. Шындығына келгенде Настена осыншалық жасық па еді?

Распутин осы аралықта көзге баттиып көріне бермейтін аса ділгәр адамгершілік сезімді барынша асқақтатып көрсетеді, барынша қарапайым тілмен жеріне жеткізе суреттейді. Настена жетімдік тақсіретін де бір адамдай тартты, иығы жылтырап дұрыс киім де киінген емес, ана әлдиіне де бой үйрете алмады, дәлірек айтқанда азап үшін туғандай. Жан бағыс үшін есіктен есік сығалап, Ангара бойындағы бір жамаағайынының үйінде қысылып-қымтырылып тұрып жатқа тұста көрші қыстақтан келіп, МТС-ке жағар май тасып жүрген еңгезердей нар тұлғалы жігіт Андрейдің бір айтқан өтінішін жерге тастамастан, ізіне еріп жүре берген-ді. Жар болу дегеннің арғы астарына да ой жүгіртіп жатпады. Өмірі бейнет көруге жаралған жан екен, ендеше бір ауладан екінші ауланы ауыстырғанда не тұр? Уақыт өте келе Андреймен де дұрыс тұрып кетерміз деп үміттенген. Анау айтқандай бас айналатын бақыттың ортасына түсіп кетпесе де, ел қатарлы тірлік кешті. Оған осының өзі жетіп артылатын еді. Соғыс, жә соғысты қойшы, ел басына төнген нәубеттен кім бой тасалап, жан сақтайды.

Ал жараланып қалғандығы болмаса госпитальден екі аяғына мініп, дін аман шыққан күйі майдан даласында қан кешіп жатқан серіктестеріне септесудің орнына түкке тұрмайтын сылтауды араға тықпалап, соғыстан қашқан Андрейді ақтал алатын амал бар ма бұл жалғанда?! Оның несіне жортақтатады, ол қашқын. Ақыл-есінің аманында соғыстан қашқан Андрейге Настена Настена басымен не үшін көмектеспек? Соның айтқан тапсырмасын үй-ішінен ұрлап-жырлап жеткізіп тұрмақ! Жиіркенішті! Мұнан былайғы жерде Настена да ұрыға айналып шыға келмекші. Бұрын біреудің ала жібін аттамаған Настена енді ұры! Андрейді ел көзінен жасырғаны үшін тағдыр өзін де аямас, өзіне де зілбатпан сыбаға дайындап қойған болар. Себебі, мұның қолы да былғаныш. Айыбы бардай ел-жұрттан бөлектеніп жүргенді жақсы көреді, бұрынғыдай емен-жарқын күлмейді, тұйық, бұйығы. Настена Атамановка қыстағының жоғарғы жағындағы Андрей Сивыйдың ескі қонысында бой тасалап жатқан қашқын Андрей Гуськовқа не себептен шық жұқтырғысы келмейді? Сүйіспеншіліктің, махаббаттың әсері ме? Жо-жоқ, бұлай десеңіз қателесер едіңіз, Андреймен қосылған санаулы жылдар ішінде де маңдайы жарқырап, қызыққа батқаны шамалы еді ғой. Құрсақ көтермеді, құрсақ көтермеген әйелді кім жақсы көрсін. Ретін тауып Андрейдің де бірнеше мәрте таяқтап алғаны бар. Енесі Семеновнаның да Настенаға деген өкпесі қара қазандай. Айыбы–бала тумағандығы. Осының бәрі жиналып келгенде Настенаны тас түйін шешімге итермелемес пе еді. Бәрінен бұрын мына секілді кір-қоқыстан өзін арашалап алғаны жөн емес пе еді?! Мұндай сәттілік енді қайтіп қолына түсе бере ме? Андрей де өз жазасын тартсын. Ал милиционер күн аралатып Гуськовтардың шартағын қағып тұр: «Михеич, ұлыңыздан хабар бар ма?» Жылқы баққаннан басқа мына дүниеде рақат-қызық бар деп ойламайтын Михеич табанда не жауап бере қойсын. Иығын бір қиқаң еткізеді де ақсаңдай басып, ат қораның арғы түкпіріне қарай жылыстай түседі.

Келіні Настенаның бұрын байқалмаған асығыс жүріс-тұрысынан бір нәрсені байқағандай ма қалай, бір өзгерістің барлығын ішкі түйсікпен сезгендей ме қалай?! Настена шалыс басқан әрбір қадамын елден жасырып әлек. Өзі де өлердей шаршады. Андрейдің мойынға екі аяғын салақтатып қойып, біразға дейін масыл болатын түрі бар. Бұл азаптың қашан аяқталатындығы және белгісіз. Жүгір, жүгір, Настена, соңғы демің түгесілгенше жүгіріп қал! Бұрындары бір адам үшін жүгірсең, енді екі адам үшін жүгіресің. Тағдырдың саған арнаған «сыйы» ғой. Қолына ілінгенді қойын-қонышыны тыққыштап, ұрадағы аздаған картопты да жымқырып, оқ-дәріден де көмектескен боп, бірде қалаға барып, бірде көршісі Надяның үйіне бас сұқпақшы боп, төңірегіндегілердің бәрін алдап, бәрінен бой тасалап, Ангарадағы жыландай ирелеңдеген борасынға қарамастан Настена түнделетіп Андрейге қарай тартып бара жатады. Қалың қарға омбалайды, бетін ағаш бұтағына сыдыртып алады, бірнеше күн қатарынан ұйқы көрмей өзі де діңкелейді. Бірақ алған бетінен қайтпайды. Қаршадай келіншектің қайсарлығына адам таңғалғандай! Бұл ненің құдіреті, шырағым-ау?!

Распутин қарапайым ғана Настенаның адамгершілік қасиетін бәрінен жоғары қояды. Бұл – Андрейге деген сүйіспеншіліктен емес, адамгершілік, ізеттілік, қайырымдылық, кісілік секілді ілеуде ғана біреудің маңдайына бұйырар Адамдық болмыстан туған ақ жүрек сезім. Және жазушы мұны қандай шеберлікпен суреттейді десеңші! Қолмен қойғандай, әрі соншалықты қарапайым. Настена бойынан да бір оғаш қылық аңғара алмайсың. Әрбір қимылы мен сөйлеген сөзінің арасында титімдей алшақтық жоқ. «– Асықпа, Андрей, асықпа, қажеті жоқ. Менің махаббатым жарау аттай қаншама жемсіз күнді кешірмеді дейсің. Демікпе, өзіңді өзің қинама.

Дем алғанымен Настена бір түрлі қолайсыз әрі жұмбақ сезімді бастан кешірді, бейне бір ол күйеуімен емес, өзінің құқы жоқ басқа бір еркекпен уақыт өткізгендей болды. Бірақ бұл сезімнен кешікпей арылды. Ол ұмытшақ бола бастаған, бірде сиқыр күштің әсерімен болашаққа көз жібергендей еді, сол Андрей қазіргіден басқа болып көрінген. Бірақ есіне ұзақ сақтамайтын мұндай елестердің есебі жоқ-ты. Қазір де Настена оны Андрей ме, әлде басқа біреу ме, айыра алған жоқ...»

Тағдыр адамды тәлкек қылайын десе бәрін жасайды, бәрі де қолынан келеді. Бір қарағанда бұл барып тұрған масқара! Настенаның онсыз да күнәсі аз еді, мынаусы тіпті шатастырып жіберді. Оның жер басып жүруге құқы бар ма десеңізші! «Андрей әлі әскер қатарында жүрген жоқ па?» Жұрттың жалпылама түсінігі солай. Ал Настена майдан даласынан оралған күйеуін қарны қампиған күйінде қарсы алмақ! «Өміршең бала шартақтың сыртында пайда болады» деген орыс мақалы бар, үш-төрт жыл бейбіт уақытта басына бұршағын салып бала тілегенде ешнәрсе болмаған еді, міне, Андреймен жасырын кездесіп жүргенде бойына бала бітіп қалды. Бұл Андрейді барлық күнәдан арашалап алатын кездейсоқ оқиға-тын. Мейлі, құқық қорғаушылар оны сыртынан ату жазасына кесе берсін. Бүгін өлтіріп тастаса да көңілі баяғыдай. «Мен осы үшін қашып келгенмін, артымда ұрпақ қалдыру үшін ешқандай қорқыныштан да тайсалғаным жоқ. Сен елдің айтқанын қыстырма, құрсағыңдағы шарананы дүниеге әкел! Мұнан соң екеумізге де жеңіл болады». Андрей соғыстан қашуына «себеп» табылғандығына қуанышты. Ал Настенаның мұнан былай қалай өмір сүретіндігін ойламайды. «Қара бет» әйелді басқа тұрмақ, туған енесі де үйінен қуып шыққан. Бұл бұрын-соңды адам естімеген сұмдық қой. Болған шығар, бірақ бұл «батылдықты» Настенадан күткен ешкім жоқ еді. Жол барған сайын тұйықталып келеді. Іштегі нәресте тып-тыныш жата ма. Бір жағына Настенаны ол да мазалайды, сырттағы бір жайсыздықтың болып жатқандығын ішкі түйсікпен сезеді, бүйірді аяусыз тепкілейді. Төңірегіндегілерін мұнан былай әдеттегі үйреншікті өтірігімен «жемдеп» құтылып кете ала ма. Талай рет сын сағатта үстіне су жұқтырмастан оп-оңай өтіп кеткен. Ендігі күні не болмақ? Мына түріңмен кімді алдайсыз? Әлде бар шындықты түгін қалдырмай жайып салып, баланың Андрейден екендігін, оның осы маңда бас сауғалап жүргендігін, осыған дейін тістеніп шыдап келгендігін, бұл «масқара» қылықтан өзін де ақтап ала алмайтындығын, алдынан қандай жаза күтіп тұрса да үн-түнсіз көнетіндігін, бар күнәні мойындайтындығын ұғындырып, мейлі қас-қағым уақыт болса да тыныштың тәтті дәмін татса ма екен, а?! Шаршады, бұл да ет пен сүйектен жаратылған пенде ғой, осынша азапқа қалайша көндігуге болады?

Жо-жоқ, алдымен Андреймен «тілдесейін», бұл «батылдығыма» ол қалай қарайды, бірақ қалай дегенде де тағдырларының тұйыққа тірелгендігі анық. Дегенмен, бәлкім ақырғы рет шығар, жүздесіп қалайын, ауыл маңын торуылдап жүрген қызыл жағалылар бірде болмаса бірде оны ұзаққа жібермей тұтқындайды, мәселенің басы ашылды, оның бұл арадан табанын жалтыратқаны жөн, қайда барса онда барсын, Андрей мені де жазғыра қоймас, қолымнан келгенінің бәрін жасадым ғой деп, шыбын жанын шүберекке түйіп, түнделетіп Ангараның арғы бетіне жеңіл қайықпен кетіп бара жатқан тұста қуғыншыларға тап болады. Ұят, өлімнен ұят күшті. «Жаным арымның садақасы» дейді қазақ мұндайда. Настена саналы түрде мұнан әрі өмір сүруді қажетсіз деп табады. Ангараға батып өледі. «Төртінші күн дегенде барып Настенаның денесі Кардаға жақын жердегі жағадан шықты. Атамановкаға хабар жеткенімен Михейч өлім халінде жатқан-ды. Настенаға Мишка батрак жіберілді. Ол Настенаның сүйегін қайықпен әкелді. Әкелген соң өзінше суға кетіп өлгендердің қорымына жерлегісі келген. Бірақ әйелдер көнбеді. Настена қайтыс болған жерлестері қорымының шет жағына таман жерленді.

Жерлеуден кейін әйелдер Надьканың үйінде бас қосып, марқұмды еске түсірді. Настенаны аяп, бәрі де көз жастарын төгіп, жылап алды». Адам жанын сан мәрте әбігерге түсіріп, Атамановка аумағында болып жатқан жүрек тебірентерлік қат-қабат оқиғалар иіріміне сені де бірде батырып, бірде ол шыңыраудан шығарып алып, қарадай қарап деміңді тұншықтырып біткен адам қайсарлығы мен адам ізгілігіне арналған көлемді шығарма осылай аяқталады. Былай қарасаңыз қарапайым ғана өмір. Соғыстан қашқан солдаттың кездейсоқ бастан кешкендері. Солайы солай ғой, бірақ кітап беттерін жапқан сәттен бөлек күйдің бүлкіліне түсесіз, өмірге не үшін келгені және не үшін кетіп бара жатқаны белгісіз Настенаның қарапайым бейнесі біразға дейін көз алдыңда көлбеңдеп тұрып алады. Озбырлық пен момындықтың тайталасында алғашқысының әлеуеті күштірек болып шықты. Кеше қандай болса бүгін де солай, түптеп келгенде бостандық–ар-ұяттың тазалығы, ар-ұятын ақырғы демі біткенше сақтап қалуға тырысатындар бүгінгі күні де мұратына жеткен емес. Әлі күнге дейін әлсіздердің жеңіліс табатындығы несі екен? «Әлемге әйгілі шығармаларда кейіпкердің бақытты сәтін суреттеу бір-екі беттен аспайды екен, ал қалған беттерінің бәрі сергелдеңге толы» дейді ұлы формалист В.Шкловский. «Адамдар ең көп азапты қарапайым ақиқатты елемегеннен шегеді» Ф.Ницшенің пайымы осындай. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» – Мағжан ақынның бұл байламы да күн тәртібінен әлі түскен емес.

Мұнан бірер жыл бұрын «Ғұмыр бойы ұмытпа» көркем фильм дәрежесінде көрсетілді. Ұмытпасақ Настенаның рөлін Шолпан Хаматова сомдады. Көркемдік критерийлер қаншалықты сақталды дегенмен фильм кітаптағыдай әсер ете алмады. Иә, адамның жүйкесіне тиетіндей ауыр шығарма. Бірақ автор шындықтан асып қайда барады. Сол уақыттың картинасын сөз құдіретімен дөңгелетіп көз алдыңа әкеле білген распутиндік шеберлікке еріксіз бас изейсіз, Андрей мен Настинадан басқа да қарапайым адамдар тағдыры еріксіз ойлантады, ұйқыңды қашырады, мазасыздандырады. Қарапайым адамдар образы тура қолмен қойғандай дәлдікпен суреттелген. Оқушы да сол қарапайым адамдардың жанында жүргендей сезімге бөленеді. Олардың қоғамда белгілі дәрежеде рөлі де болмауы мүмкін, бірақ олардың таңғы шықтай мөлдір мінез-құлқы, ауыл адамдарына тән сөйлеу мәнері, бір-бірімен қалжыңдасуы, тіпті әлденеге келісе алмаған сәттегі ұрысқандарының өзі сені табиғи гармониясымен жылылыққа бөлейді. Соның өзінен рақат күй кешесің.

Бұл шығармалардың кітап болып жарық көргеніне де отыз-қырық жылдай уақыт болды. Шаң басқан сөрелерде ұмыт қалған емес, әлі күнге дейін оқылады, әртүрлі баспалардан да қайта-қайта басылып жатыр. Себеп, себебі, қарапайым адам психологиясындағы ахуалды боямасыз суреттей білуінде, адам жан дүниесіндегі арпалысқа, қуанышы мен қайғысына, қарапайымдық тұрғыдан үңіле білуінде. Андрейдің әкесі томаға тұйық Михеич, Андрей майданнан қашып бара жатқан тұста алғаш ұшырасқан Таня атты мылқау әйел, түймедей тірліктің өзін түйедей етіп көрсетуге тырысатын Нестор, күйеуінен «қара қағаз» келсе де әлгі күнге дейін өлдіге сенбей жүрген аңқау да адал көршісі Надька, майданнан жараланып келген Максим, өзін әркез өзгелерден биігірек ұстауға тырысатын ауылдағы бас көтерер азамат Иннокентий Иванович, Максимның әйелі Лиза, ауданнан Жеңіс хабарын жеткізетін шабарман, Жеңісті бірнеше күн кейін естіген диірменші саңырау шал Степан... бәрі-бәрі қарапайым тағдырлар галереясы.

Мұнан кейін жазушы Валентин Распутиннің «Марияға жиналған қаржы», «Матерамен қоштасу», «Өрт» т.б. повестері мен толып жатқан көркем әңгімелері дүниеге келді. Сол машық, сол көркемдік тәсіл; құрғақ ақыл айту, жоқ жерден көсемсу, ситуацияларды қолдан қиюластыру, басы артық детальдерді тықпалау – бұлар Распутин шығармашылығында кездеспейтін «кеселдер». Неге екендігін қайдам, осы қаламгерді баяғыдан жақсы көреміз, жылт еткен дүниесі болса жер-көктен тауып алып, іздеп жүріп оқимыз және енді не жазар екен деп Иркутскі жаққа алаңдаймыз да жүретінбіз.

Арал мен Ангара қосылмайды. Анау кеңес заманында Сібір өзендерін Аралға бұрамыз деп бастама көтерілгенде «жау оғына кеудесін тосқандай» бірден қарсылық көрсеткен және табиғаттың анау айтқандай «ауырлыққа» шыдамай бүтіндей өзгеріске ұшырайтындығын айтып, қаламымен де, қайраткерлігімен де қарсы шыққан бірден-бір жазушы Распутин еді. Аздап өкпелегенбіз. Кейіннен қазақ оқырмандарының да рухани байлығына айналған әлгіндей шығармаларды тудырған адамға деген «өкпеміз» сап басылды. Распутин қазір арамызда жоқ. Мұнан бірнеше жыл бұрын қызы мен әйелінің артынан о дүниеге аттанды. Топырағы толға болсын. Ал шындығына келгенде қарапайым адамдар тағдырын үздіксіз жырлаған жазушы бізбен күн сайын кездесіп жүрген секілді...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар