Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қаражорғаны қазақтың биі емес деу - үлкен әбестік...

05.12.2016 6564

Қаражорғаны қазақтың биі емес деу - үлкен әбестік

Қаражорғаны қазақтың биі емес деу - үлкен әбестік - adebiportal.kz
Жақында «Бақ.кз» порталында сыншы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Әмина Құрманғалиқызының «Қаражорғаны» қазақтікі ету – қазақты жарылқау емес, қазақты кемсіту» және осыған қатысты аталған порталда Серік Мұратханның «Жазылған жайға жауап: «Қара жорға» – Көшпенділік-Тәңірлік ерліктің жорғасы» атты мақалалары жарық көрген болатын. Біз де осы жайға қатысты үн қосуды жөн көрік.
«Осы сұрақ сан рет көтерілді, бірақ бір мәмілеге келе алмадық. Себебі, «қазақтікі» дегендер де, «емес» дегендер де ұтымды уәж айта алмады», - депті сыншы, жазушы апамыз. Біздіңше, «Қаражорға» биіне қатысты «қазақтыкі», «қазақтыкі емес» деген дилемма тіпті де қойылуға тиіс емес болатын. Амал нешік, ұлттығымызға, ұлттық бірлігімізге сынадай қағылған бұл сұрақ сұрақ өкінішке қарай қойылып отыр.
Өзге жұрт бізден ұрлап, біздікілер өзгеден ұрлап дегендей, зияткерлік ұрлық әдепкі жағдайға айналған тұста мұндай күмәннің тууын, әрине терістей алмаймыз. Осыған байланысты «Қаражорға» қазақтыкі емес» деушілердің ең басты уәжі: «Бұл би туралы барша тоқсаныншы жылдарға дейін қазақ даласы неге білмейді? Аяқ астынан қалайша тоқсаныншы жылдары Еуропадан келе қалды?»
Иә, «Қаражорға» биі азаттықтың алғашқы жылдары Германиядан оралған қазақ Арыстан Шәдетұлының орындауында Атажұрт қазағына алғаш кеңінен танылған еді. Үлкен сахналарда, күнделікті жиын-тойлар мен мәдени іс-шараларда орындалып, ерекше танымалдыққа ие бола бастаған бұл биге "желдің қайдан соққанын" кім білсін, жаңа ғасыр жүзінде әлдебір қарсы тенденция қалыптаса бастады. Мұндай негізсіз тенденцияның қалыптасуына негізінен кәсіби өнертанушы, этнограф, әдебиеттанушы, тарихшы ғалымдар емес, кейбір жоқ жерден сенсация жасауға құмар журналистер мен сахнада жарқырап жүргені болмаса, ұлт тарихынан терең хабары жоқ кейбір өнер жұлдыздары үлес қосты деуге болады.
Біз «Қаражорғаға» қатысты бұған дейін ілгеріректе «Жұлдыз» журналында жарияланған Жеңісхан Нүсіпханның және осыған ұқсас деректермен дәйектелген Серік Мұратханның және т.б. мақалаларындай айтылғанындай «Қаражорғаның» арғы тарихы сонау мыңжылдақтарға кететіндігіне; петроглифтерде, шығыстық, еуропалық жиһангездердің суреттері мен жазбаларында таңбаланып, қағазға түскені жөніндегі дерек, дәйектеріне толықтай қосыламыз. Қосыла отырып, өзіміз туып-өскен өлкеміз, Алтайдың күншығыс беті, Баян-Өлке жағдайындағы «Қара жорғаға», қазақтың би өнеріне қатысты деректермен өз ойымызды сабақтамақпыз.
Біртұтас қазақ әлемінің ажырамас бөлігі Монғолия қазақтары халқымыздың ұлттық биі мен сыбызғысын, қара әуезін сақтап бүгінгі заманға жеткізуге үлкен үлес қосқанын атап өтуге тиіспіз. Сыбызғы мен қара әуезді қоя тұрып, биге көшелік. Баян-Өлгей мен Қобда аймақтарының қазақтар тұтаса өмір сүріп жатқан 60 мың шаршы шақырым аумағын түгел қамту мүмкін емес, өзім туып-өскен Қызылқайың өлкесінде сақталған ежелгі би элементтері және бишілер туралы ғана айтпақпын.
Өткен ғасырдың соңғы ширегінде біздің елдің Риян Қылыбайұлы, Бөкей Сәбікенұлы, Мүбәрак Ташанбайұлы қатарлы азаматтары «Қаражорға» биін қажет болса, билеп беретін адамдар еді. Тағы бір дерек, менің немере ағам, Ерболат Баятұлы 1975 жылы 11 жасында ел асатанасы Ұланбатыр қаласында өткен балалардың өнер фестиваліне «Қаражорға» биін билеп қатысып, күміс медальге ие болған екен. Ерболат ағамыз – бүгіндері қазақтың белгілі ақыны, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы.
епой.jpg
Би билеген кішкентай қазақ баласы бейнеленген плакат Ұланбатыр көшелерінде ілініп тұрған еді дейді. Ерболат ағамызға «Қаржорға» биінің элементтерін жездеміз Құтбай Қайсаұлы үйреткен екен. Осы ретте айта кетерлігі – «Қаржорғаны» нәшіне келтіре билеген Құтбайдай өнерпаз ақсақалдың немересі Шерікбай – кейіннен дәстүрлі әннің керемет орындаушысы болды. Алматыдағы эстарада-цирк колледжін тәмамдады. Өмірден ерте кеткен Шерікбайдың жолын ұлы Өзгеріс жалғастыруда.
Ерболат ағамыздың айтуынша, бидің аты «Қаражорға» болғанымен, «Қоскүрең» күйінің әуенімен билеген. Жоғарыдағы және басқа авторларда да бидің аты «Қаражорға» болғанымен, бірде «Салкүрең» бірде тағы басқа да күй тартыстары бойынша билейтінін айтқаны жеке ойға жетелейді. Яғни «Қаражорға» биі "Қоскүрең" және басқа күйлер арқылы көбінесе домбыраның сүйемелдеуімен биленетін болған. Бұған британ тарихшысы Годфри Лиастың Гималай асқан қазақтар өмірінен түсірген мына фотосы дәлел бола алады.
kazak-exodus-29.jpg
Қызылқайың өлкесінде болған белгілі бишілердің бірі – Дүтбайұлы Қақан. Ойғыр өлкесінде өмір сүрген Қақан ақсақал 70-жылдарға дейін той-томалақтарда «Шыны (кесе) биі», «Аю биі», «Қаражорға» т.б. билерді билейді екен. «Колхоздастыру жүріліп жатқан алғашқы жылдары екі аяғын көөке көтеріп, алақанымен жер тіреп билеп жүрген Қақаңның балағына алдыңғы биге пайдаланған кеседе тұрған суды құйып жіберіп балалық жасап едім» деп әкеміз күні-бүгін айтып күліп отырады. Ағылшын тарихшы-фотографы мұндай биді де түсірген екен.
kazak-exodus-30.jpg
Қазіргі 70-тен асқан қызылқайыңдықтар мен жоғарыда атаған, бүгіндері бақилық болған сол бишілер туралы ұмыта қоймаған болуы тиіс. Менің есіме түспегендерін де атап берері анық. Бұл тек қазақтар өмір сүретін екі аймақтағы 16 сұмынның (аудан) біреуі ғана ғой. Өзгелері туралы айта алмаймын. Демек, бұдан шығатын қорытынды – қандай әуенмен биленсе де «Қаражорға» биі де, өзге билер де қазақ арасында бұрыннан бар және бола да береді. Оны жоққа шығаруға ешкімнің, әсіресе қазақ адамының қақысы жоқ болса керек.
Ендеше, «Қаражорға» биі неге қазақтың қарашаңырағы Қазақстанда сақталмады? Ол туралы күні кешегі фольклортанушылар Әбубәкір Диваев, Г.Н.Потанин, әндерді жинаған Александр Затаевичтер неге белгілеп қалдырмады, Шара Жиенқұловалардың репертуарынан неге орын алмады? – деген сұрақтар алдыға тартылары анық.
Бұған қатысты мынадай уәж айтқан болар едік: Бұл тұрғысында қазақ әлемінде тіліміздегі диалектілер мен сөйленістер тәрізді, ән мен би, музыкалық аспаптар мен оларда ойналатын саздың да аймақтық, өлкелік сипаттары барлығын ескерген жөн. Мысалы, Сыр бойында күні бүгінге дейін жақсы сақталған терме айту дәстүрі өзге өңірлерде мүлде жоқ немесе нашар дамыған. Ал төкпе күй тек батысқа ғана тән. Сол сияқты сыбызғы тарту дәстүрі де – күні кешеге дейін негізінен Монғолия мен Қытай қазақтарында ғана сақталып келді. Ал «кәрі әуезбен қара өлең айту» дәстүрі де тек осы елдердегі қазақтарға тән және күні бүгінге дейін бар. Сондай-ақ, Атажұрт пен өзге өңір қазақтары «қара өлеңді» он бір буынды ұйқаспен оқылатын өлең деп түсінсе, баян-өлкелік үшін ол саз бен сөздің синтезі түріндегі ұшы-қиырсыз ұлттық бояу әлемі.
Демек, ежелден Тәңірлік танымға тән болған ұлттық би өнері ислам әлемінің ең қиырында жатқан Алтай қазақтарына ғана тән «реликт» десек болар. Бірақ Алтай – түркінің түп бесігі десек, барша түркі, иісі алаш баласына би өнері жат емес. Ал фольклортанушылардың мақсаты – фольклор жинау, музыкатанушылардың мақсаты – ән мен күй жинау емес пе? Әрі Затаевич Ертіс басы, Қобда ішінде болды деген дерек естімеппіз. «Шара Жиенқұлова Мәскеуде өткен онкүндікте «Қаражорға» билеген» деген бір деректерді көзіміз шалған еді, бірақ нақты дерегін білмедік. Бұл тұрғысында деректер болашақта толыға жатар.
Тағы бір күмән. Бұл – қазақтыкі емес, қалмақтардың биі-мыс. Бұған мынадай уәж айтамыз. Әгәрәки, «Қара жорға» қалмақтың би болса, қазіргі күні Батыс Монғолия мен Шыңжаңда, Ресейде және Еуропада тұрып жатқан жалпы саны жарты миллиондай осы халықтың өкілдері таласып, халықаралық сотқа сүйрер еді ғой. Жоқ, ондай бірде бір жағдай болған емес. Монғолия қазақтары «Қаражорға» биін «Наурыз» мейрамына орай Ұланбатырдың орталық Шыңғысхан алаңында жылда билеп жүр.
Және де ежелгі Жоңғарияның қара орны Шіңгілдегі қандастар 10 мың адам бір мезетте «Қаражорғаны» билеп Гиннестің рекордтар кітабына кіргенде де Шинжаң-Ұйғыр автономиялы ауданында тұратын ондаған мың торғауыттар мен өлеттер, зақчындар т.б. жоңғар тұқымдары ешбір шағым білдірмеген еді. Бұған қарап, «Мүмкін, ойрат тайпалары өзінің рухани құндылықтарынан ада болған шығар?» деген ой тууы да мүмкін. Таяу жылдары ғана ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтары тізіміне ойрат тайпаларының көмеймен ән айту, цуурмен ойнау, жыр жырлау, би биелгісі енгізілген болатын. Осылардың ішінде «би биелгіге» тоқтала кетейік.
биел.jpg
Аты айтып тұрғандай – ойрат (қалмақ) тілінде бұл сөз қазақша – «би билеу» деген ұғымды білдіреді. Қазақтар мұны «буын биі» деп атайды. Би биелгі негізінен атбас қобыз немесе товшуурмен, еділ қалмақтарында домбырамен сүйемелдеу арқылы орындалады. Би биелгінің әр тайпа, өңірге байланысты өзіндік ерекшелігі көп және барлығында дерлік «Қаражорға» биіне ұқсас би элементтері бар. Мүмкін, осыны ғаламтордан, сахнадан көрген адамдардың күмәні болар. «Қаражорға» ата-бабамыздан қалған би екен. Қазақстандық қазақтар «орыстанып, мәңгүрттеніп» кеткендіктен, бұл биді ұмытқан.
Ата- бабамыздың мұрасын біз ұмытпай, жоғалтпай әкеліп, қазаққа табыстадық», - деп, бәз бір желауыз айтқан болар, алайда сол бағыттан келген бүтіндей бір ел айтты деудің еш реті жоқ. Себебі, бұл би Қытай мен Монғолия қазағының өзі күні кешеге дейін жаппай билеген жоқ. Оған себеп – екі елдегі коммунистік билік, үркін-қырғын, ұжымдастыру, ескіні жойып, жаңаны игеру, мәдени төңкеріс жасап зор секіру сияқты науқандар. «Қаражорғаны» аман алып қалуындағы нағыз еңбек – сол біздің ауылдың Құтбай, Қақан шалдары, қазіргі танымал Арыстан ақсақал сияқты бірлі-жарым адамдардыкі.
«Қазақта би болмаған» деген ұғымды орынсыз тықпалау үшін қазақты иедализациялаудың қажеті жоқ болар. Кең сахараның еркін ұрпағы қазақтар ойлай да, тойлай да білген. Тойлай білген халық – ән салған, биді де билеген. «Шалдар жүрер кеңкілдеп, кемпірлерге көз қысып, кимешегі желпілдеп» сарынды мәтін – қазіргілердің шоуға бейімдеп қосып жүргені болмаса, ежелгі «Қаражорға» биіне түк те қатысы жоқ. «Қаражорға» бағзыдан күні кешеге дейін домбыра әуенінің сүйемелдеуімен орындалған. «Қаражорға» биінде орынсыз бөксе бұлтақ, қылмың-сылмың жоқ қой. Мұндайды «жақтырмаған молланың демі сасық» ойлы адам таппаса, биді шын меңгерген адамның қимылынан еш өрескелдік байқай алмайсыз. Биге енген анайы элементтер араласып жүрсе «ол – бишінің білімсіз бишарасы». Мысалы, екі қолды ұрысатын әйелдерше бүйрекке нығарлай тіреп шабындырмай, мықынның сүбе тұсынан, қолдың сыртын беріп білезік тұсымен тіреген емес пе?
Осы жерде жасалатын өзіндік қорытындымыз – «Қаражорға» биіне кәсіби тазалық жүргізілу қажеттілігі. Біріншіден, расымен де сөзі ерепайсыздау, әрі тым ұзақ ойналатын биден ән мәтінін алып алып тастау керек. Екіншіден, қазіргі «Қаражорғаның» билеу екпіні тым жылдамырақ. Қазақтың домбырасына келтіріп, сәл баяулау, жеке, жұппен, топпен орындалатын қимыл нұсқаларын алдыңғы қатарға шығарған дұрыс деп білеміз. Қорыта айтқанда, біз кешегі алмағайып замандарда демографиялық, материалдық, рухани тұрғыда үлкен апаттарды бастан кешкен халықпыз. Ғасырлар, дәуірлер жүзінде жоғалтқанымыз тым көп-ақ. Шүкір, арайлап атқан азаттықтың ақ таңы арқасында өткенімізді іздеп, өшкенімізді жандырып жатырмыз. Тәуелсіз елдің әрбір ұлтын сүйген ұлы мен қызы ата-бабадан қалған рухани қазынаны шамасы келгенінше мансұқтаудан аулақ, ұлықтап ардақтауға жақын болса ғана, елдің болашағы жарқын болары анық. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» деген емес пе, атам қазақ.
Асылбек Байтанұлы

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар