Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Қазақ күй аңыздары туралы бірер сөз...

31.03.2022 7018

Қазақ күй аңыздары туралы бірер сөз 12+

Қазақ күй аңыздары туралы бірер сөз - adebiportal.kz

(Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» монографиясы негізінде)

Қазақ фольклортану ғылымында арнайы, жүйелі, ғылыми сипаттама беріліп, дәлдік пен анықтыққа сүйене отырып толыққанды зерттелмеген тақырыптардың бірі – қазақтың күй аңыздары болатын. Не музыкатанушылар тарапынан, не әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан көзге ілікпей, иен аралдай, ашылмаған қазынадай оқшау жатқан күрделі тақырып еді өзі де. Әдебиеттану саласындағы осы бір олқылықты толтырған, жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы Ақселеу Сейдімбек еді. Ол өзінің «Қазақтың күй өнері» атты монографиясында, біз тілге тиек етіп отырған тақырыпты тарихи және этнографиялық аяда зерделеп, күй өнерінің қалыптасу, даму жолдарын, қазақ һәм түркі тарихымен, әлеуметтік өмірімен біте қайнасқан болмысына, тәңірі текті киелі табиғатына аса ыждағаттықпен үңілген болатын. Ақселеу Сейдімбектің ұзақ жылдар бойына зерттеген еңбегінде, ұлтымыздың музыкалық мәдениетіне эмпирикалық материалдар алғаш рет терең пайымдалып, ғылыми һәм рухани айналымға түскен-ді. Көптеген ежелгі күйшілер мен халық композиторлары туралы тың деректермен қатар, әр жерде шашылып, жинақталмай келе жатқан күй аңыздары және олардың әртүрлі нұсқалары тұңғыш рет осы еңбекте тоғысқан.

Ғалымның пайымынша қазақ музыкалық фольклорын осыған дейін тек бір ғана қырынан қарастырып келгенбіз. Яғни, оның сарындық қасиетіне ғана бой алдырғанбыз. Алайда оның сөзбен, философиялық таным талғаммен тікелей қатысты қасиеттері бар екенін ескере бермегенбіз. Осылайша «екі оттың» ортасында қалған қазақ музкасының фольклоры елеусіз қала берді. Бұл турасында академик Мұхтар Әуезов те, ақын Ілияс Жансүгіров те ашалап айтып кеткен болатын. Егер күйлердің, әсіресе ескі тарихи күйлердің аңызы, шығу тарихы хатқа түсіп, ғасырлардан жеткен күймен бірге айтылып, қатар орындалып отырса, күй өнерінің эстетикалық қуатын, мазмұн-мәнерін тіпті де нақыштап, айшықтай түсер еді. Ғасырлар қойнауына жұтылған, уақыттар тұтқынына түскен, жоғалтқан дүниелеріміз, мұраларымыз қайта тіріліп жаңғыра түсер еді. Күй аңыздары, күйге құрылған мифологиялық сарындар мен бітім, біздің жазба әдебиетіміздің де көркемдік өресін биікте те түсер еді. Халықтың өзін-өзі тануының, өткенін аңдап, болашағын барлап отыруы үшін ұлттық жадының орыны айрықша екені даусыз. Ендеше сол жадыны жаңғыртудың бір жолы – түпсанамызға шөккен мәңгілік сарын мен сол сарынға арқау болған музыкалық фольклордың бүгінгі ұлт ұрпағының бесігіне айналуынан ғой. Фольклор – қашанда мейлінше күрделі, сан-салалы арналарға бөлінетін этномәдени құбылыс. Сондықтан да оны өз арнасы ішінде барынша байыппен қараған дұрыс. Бұл жерде зерттеп отырған нысанның төл сипатын, түптамырын дәл басу аса маңызды. Өйткені күй аңыздары өзінің этникалық бастауларымен біртұтас қарастырылатын ерекше құбылыс. Сондықтан да, күй мен күй аңыздары арасындағы нәзік қарым-қатынасты шендестіре саралау, бір-бірімен араласып жатқан табиғаты негізінде көп құрамдылығынан даралай білу – зерттерменнің басты мақсаты болмақ. Бұл тұрғыдан келгенде, академик Сейіт Қасқабасовтың фольклортануға қатысты еңбектерін аттап өтуге болмайды. Ғалым Сейіт Асқарұлы алғаш рет күй аңыздарын, шежірелік және топонимдік аңыздармен қатар терең сараптаулар жасап, күй аңыздарының төл ерекшеліктерін талдап көрсетеді. Бұл жерде көтерілген басты мәселе, аңыздың дербес фольклорлық жанр екенін ескере отырып, аңыздардың да табиғатына қарай бөлінетінін, сол бөліністің ауқымды бір саласы болып күй аңыздары да қарастырылуы керек екенін айту парыз. «Қазақтың күй өнері» еңбегінде осы қатарлы мәселелердің шығу тегін, шешім табу жолдарын нұсқай келе, ғалым Ақселеу Сейдімбек осы уақытқа дейінгі зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, қазірге дейін қазақтың бес мың күйі бар екенін баян етеді. Демек, бес мыңға жуық күй аңызы болуы да әбден мүмкін. Өйткені күй атаулы себепсіз өмірге келмесі анық. Сондықтан осындай жұртта жоқ бай мұраның атаусыз жетім қалуы елдігімізге сын екені хаһ. «Қазақтың күй өнері» атты бұл монография – міне сол жоқтың орнын басқан айрықша еңбек. Біздің пайымымызша ғылым да тірі ағза. Туады, жетіледі, өзгереді, дамиды. Әдебиеттану ғылымының үлкен бір саласы болған фольклор ілімі де сондай. Оған қасаң, бір жақты теориялық тұрғыдан емес, тірі жан иесі іретінде қараған жөн. Фольклордың біртектес құбылыс емес екенін, тарих толқынынан уақыт ағысымен бірге әр қилы кезеңдерді бастан кешіріп, әр қилы мәдениет ықпалына ұшырап формалық және мазмұндық жақтан түлеп отыратынын ескеру маңызды фактор деп ойлаймыз. Осы құбылысқа сай оның қызыметі мен құрлымы ешуақытта бір қалыптылығын сақтай алмасы анық. Бұл біз ойлап шыққан теория емес, ғылым атаулыға тән табиғат заңы, жаратылыс мінезі.

Жалпы ел ішінде, халық ортасында күй аңызын «күйдің әңгімесі», «күйдің шығуы», «күй хикаясы» деп ауыз екі тілде айта береді. Күні бүгінге дейін күй кештерін де, күйшіге «мына күйіңнің шығу тарихын айта отыршы» деген сыңайдағы әңгімені көп естиміз. Осы аталымдардың бәрі күй аңызына байланысты екені көрініп тұр. Ал осы «Күй аңыздары» деген сөзді алғаш рет қолданған Мұхтар Әуезов болатын. Аңыз сөзінің пәлсапасы бұл жерде синкретті мағыналармен де ұласып жатқаны үшін академик осы терминді қолай көрген сияқты. Егер күйдің мифтік астарына, әпсанасына терең бойлай берсек, фольклорлық танымнан алыстап, ғылыми пайымның арқауы барынша босап кетері анық. Сондықтан да, жанрлық тұрғыдан «Күй аңыздары» дейтін термин біздің пайымымызды барынша жинақыландырып, ойдың шашырауынан алыс әкетеді. Ғалым Ақселеу Сейдімбектің пікірінше қазақ күй өнерінде, жанрлық тұрғыдан хикаялық күйдің аңыздары көп кездесе бермейді. Бұның өзіндік себебі, күй аңыздарының нақтылыққа, шынайы өмір мен тұрмыс-салтқа тікелей байланыстылығынан болуы әбден мүмкін.

Ендігі бір сөз күй аңыздарының тарихи кезеңдері туралы. Былайша айтқанда күйдің сазына, нақышына, күй аңыздарының шығу тарихы мен өмірге бейімділігіне қарай отырып тарихи деректілігін жобалау. Осы орайда ғалым Ақселеу Сейдімбек – академик Әлкей Марғұланның қазақ эпостарының тарихи кезеңдерін саралаған үлгісін басшылыққа алады. Әлкей Марғұлан қазақ эпостарын ең байырғы кезеңдерінен бастап, оғыз-қыпшақ, жоңғар дәуірлерімен жалғастыра келіп, Ресей отаршылдарына қарсы қазақтың азаттық жолындағы күрес уақытына дейін әкеледі. Қазақтың күй өнері өзінің тарихымен, мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен тікелей қатысты болғандықтан, Әлекеңнің осы эпостық дәуірлеуі күй өнерінің кеңзеңдерімен де тұспа-тұс келеді. Әлкей Марғұланды темірқазық ете отырып, күйдің тарихи кезеңдерін бір жүйеге келтірген Ақселеу Сейдімбектің пайымынша, күй аңыздарының алғашқы кезеңі жаңаша жыл санауға дейінгі VIII-V ғасырлар арасы мен жаңа заманымыздың VI ғасырына дейінгі уақытты қамтиды. Бұл дәуірдегі күйлердің табиғаты негізінен қиял-ғажайыпқа, жаугершілікке, жорық жырлары сарындас мұратқа құрылған күйлер топтасады. Осы тұстағы ел есінде қалған батырлар, ірі тарихи уақиғалар, тарихи тұлғалар төңірегінде өрбиді. Қанатты тұлпарлар мен киелі жануарлар, табиғат құбылыстары сынды тақырыптар да осы кезеңнің мұрасына жатады. Айталық, «Қос мүйізді Ескендір», «Көк бөрі», «Аққу», «Өгіз өлген» сияқты күйлердің негізіне арқау болған күй аңыздарын атауға болады. Осы күйлердің саз-сарынынан-ақ өзінің тым ескі күйлер екенін аңдатады. Табиғат құпияларына үңілуге, Тәңірге табынуға, ерлікті асқақтатуға шақырады. Бұл замандағы байырғы көшпенді жұрттың наным-сенімі тәңірлік дүниетаным болғандықтан, әр күйдің аңызы мен аңсарынан ізгілік пен киенің демін сезінуге болады.

Ғалым Ақселеу Сейдімбектің пайымынша, күй аңыздары тарихының екінші кезеңі оғыз-қыпшақ дәуірі. Яғни жыл санауымыздың VI-XII ғасырлар аралығын қамтиды. Бұл дәуірді – Қорқыттың күй дәуірі десек те болады. Осы кезеңдегі күйлерден бізге негізінен Қорқыт күйлері жетіп отыр. Бұл кезең – жаугершілік пен ерлік кезеңі. Орта Азия құрлығын мекендеген түрік тектес тайпалардың өзара тізе қосып, бас біріктіріп Қытай, Иран сияқты сыртқы жауларға бірге қарсы атой салған соғыс дәуірі. Егер сіз «Қорқыт ата», «Оғызнама» сынды ежелгі дәуір әдебиетімен таныс болсаңыз, біз тілге тиек етіп отырған оғыз-қыпшақ кезеңіндегі күйлердің шығу тарихымен дәлме-дәл келмесе де, өзара сабақтасып жатқанын анық сезінер едіңіз. Осы орайда, ғалым А.Сейдімбек оғыздардың шырқы бұзылған тарихи кезеңді, кәрлен кесенің қолдан түсіп кетіп быт-шыт болғанына ұқсатады. Аталмыш еңбегінде ғалым оны былай баяндайды: «Кәрлен кесенің бір сынығы орыс даласына барып түсті. Бір сынығы салжұқтар билеген Алдыңғы Азия елдерін ығыстырды. Енді бір сынығы Еділ бойының татарларымен, келесі сынығы Оралдың оңтүстігіндегі башқұрттармен сіңісіп кетті. Быт-шыты шыққан кәрлен кесенің ең мол сынығы сол түскен жерінде қалды». Сондықтан да оғыз-қыпшақ дәуіріне тиесілі күйлердің көбі өзінің тарихи құндылығымен де, Қорқыт ата сынды тарихи тұлғасымен де ыстық. Һәм қазақ пен түркі жұртына ортақ музыкалық мұраның алтын көзі болып қала бермек.

Күй аңыздарының үшінші тарихи кезеңі – ноғайлы дәуірі. Яғни, XIII-XVI ғасырлар арасын қамтиын Алтын Орда сынды алып мемлекеттің пайда болған тұсына сай келетін кезең. Осы дәуірде тағдырдың тәлкегін, сыртқы күштердің зобалаңын көп көрген далалық ру-тайпалар өзара бас қосып, саяси одақ құрып, «қазақ» атауының алғашқы жаңғырығы естіліп саяси сахнаға шыға бастаған тұсы. Ел шетіне жау тисе бір найзаның ұшынан табылатын, жер шеті, қоныс басы сөгіле бастаса бір ниетпен жұмылатын жауынгерлік рух, осы кезеңнің күйлері мен музыкалық фольклорында молынан ұшырасады. «Ер сайын», «Ер Қосай», «Ер Шора», «Орақ-мамай» сынды эпикалық жыр-дастандар, Сыпыра жыраудан тартып, ел қамын ойлап «Жерұйық көксеген» Асан қайғы, «Жалаңаш барып жауға тиер» көзсіз батыр Шалкиз, «дулығасы туған айдай нұрланған» Доспамбет жырау, «Қайырлы болсын сіздерге» деп запыран жұтқан шерлі Қазтуған батыр міне осы аймадет кезеңнің оғыландары. Осы кезеңде туған халықтық күйлер мен авторлық күйлерден сол дәуірдің ерлік жырын, жылқылар дүбірін, алмас қылыштың жарқылын аңдағандай күй кешесіз. Айталық «Жошы ханның жортуылы», «Әмір ақсақ», «Қамбар» күйі сол кезеңнің қос ішек бойымен жөңкілген тарихи айнасы іспетті. Кетбұға аталықтың «Ақсақ құлан», Асан абыздың «Ел айрылған», Қарға бойлы Қазтуған жыраудың зар мен мұға, жігер мен қайратқа толы «Сағыныш» күйі бәрі-бәрі де осы дәуірдің тірі куәгерлері. Осы күйлердің қай-қайсысы да өзінің сырлы сарынымен, күйдің туу тарихымен қабат өріліп, ноағайлы кезеңінің саяси-әлеуметтік һәм тарихи жадысын жаңғыртып тұрғандай. Күй – Тәңірдің тілі, Күй – өткеннің өсиеті, келешектің кепілі дейтініміз де осыдан шығар.

Қазақ күй аңыздарының төртінші кезеңі – Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі күйлер мен күй аңыздарына тура келеді. Яғни, XVII-XVIII ғасырлар аралығын қамтитын азаттық үшін күреске толы дүбірлі кезең. XVII ғасырдың ортасына қарай кең даланы жайлаған қазақтар мен ойраттар арасындағы мүдде таласы екі ғасырдан асқан ұрысқа ұласты. Қоңтайшы таққа отырғаннан кейін ойрат ұлысы күшейе бастады. Бұрынғыдай тау сағалап, сай жағаламай отырықшы мәдениеттің ірге тасын қалай бастады. Қала салу, егін егу, керуен жолдарын иемдену сияқты тәсілдермен өзінің экономикалық күш-қуатын нығайта түсті. Бұның соңы өзімен қоңсылас отырған қазақ жұртына өктемдік көрсетуге, жер таласына әкелді де, соғыс өрті тез тұтанды. Қазақ жұртының оңтүстік, батыс, орталық аймақтарындағы қалалары мен шұрайлы атырабына атой салды. Екі ғасырдан астам уақытқа ұласқан қазақ-жоңғар соғысының ең шарықтау шегі «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» дейтін атаулы тұсқа тап келеді. Қазақ қолының да түп көтеріліп, қарсы шабуылға шығып, жеңісті жолға қадам басқаны да осы тұс болмақ. Міне, осы дәуірде туған фольклорлық мұралар, толғау-жырлар, ән мен күйге дейін халықтың азатшыл рухын бейнелейді. Абылай хан бастаған, Жәңгір мен Тәуке қостаған хандар, Қабанбай мен Бөгенбай, Жалаңтөс пен Сарымалай, Баян мен Олжабай сынды баһадүрлер ақыл-айла мен ерлік-жігермен ел іргесін бекітті. Эпикалық қуаты аса күшті осы кезең бізге Бұқар жыраудан тартып Қазыбек, Әйтеке, Төле билердей шешен сыйлады. Осы дәуірде туған күйлер қара халықтың зар-мұңы мен батырлардың ерлігін шанаққа толтырып сазбен жырлады. Айталық, осы кездің куәсындай күйлер – «Қалмақтың қара жорғасы», «Қалмақ биі», «Абылайдың қара жорғасы», «Қоржынқақпай» сынды күйлер мен олардың аңыздары жоңғар-қалмақ кезеңінен сыр шертеді. Күйдің сарыны бір де қуаныш, бір де қайғы, бір де жеңіс, бір де жеңіліс алма кезек түсіп жатқан алмағайып кезеңнің, ширыққан, тосын шешімдерін дөп басады.

Бесінші кезең – XVIII-XIX ғасырлар мен XX ғасырдың алғашқы аралығында туған күйлер мен күй аңыздарын қамтиды. Бұл дәуірді – қазақ күй өнерінің алтын ғасыры, алтын діңгегі деп атасақ артық болмайды. Бұл кезеңнің бізге жеткен күйшілік мұрасы барынша бай, мазмұны мен диапозоны кең, сан алуан тақырыптарға құрылады. Күйдің әуені, сазы, бітім-құрлысы мейлінше шыңдалған, жетілген ерекшелігімен көзге түседі. Өйткені, бұл кезең тарихи тұрғыдан аса сындарлы сәт. Осы тұстағы күйлердің саяси-әлеуметтік астарының күрделі болып келетіні, ұлттық дербестіктен ажырай бастаған халықтың хан-сұлтандарыға деген наласы, Ресей патшалығының отаршылдық саясатының кең қанат жая бастауынан болса керек-ті. Бұл дәуірде өмір сүрген күйшілер жеке дара бір-бір рухани феномен болды. Егер қазақ халқының адамзат дамуының мәдениетіне қосқан бір үлесі болса, ол – оның музыкалық мұрасы екені анық. Осы ғасырдағы халқымыздың рухани өсуі мен құлдырауы өнер атаулыны тұтастай шарпып өтті. Осы дәуірдегі өлмес мұра қалдырған рух көсемдерін бір-бір шолып өтсек, ақылдың кені Абай мен Ыбырай, Шоқан мен Шәкерім сынды ғұламалар шоғыры; Дәулескер күйшілерден Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбет, Ықылас, Қазанғап болып жалғаса беретін ұлан-ғайыр күй кеніші; «Құстан туған құмай» Махамбет, Зар заманның саңлақтары Шортанбай, Дулат, Мұрат; Ән мен жырдың салтанаты, дауысы көкке шаншылған Біржан сал, Ақан сері, Мұқит, Үкілі Ыбырай боп әуелеген асқан үндер; Исатай мен Сырым, Кенесары мен Наурызбай сынды қайқая шапқан ерлер сойы. Бәрі-бәрі бірін-бірі тоғыстырып, толықтырып, сахараның салтанатын аспандатып тұрған жоқ па? Дәл осы тұста баяғы сақ, ғұннан бері жалғасып, тарих толқынында үзіліп-жалғанып келе жатқан мәдениет пен өркениет шыт жаңа түлеп, қайта жаңғырып, өзгеше кейіппен түрленіп түрегелді. Қазақтың ұлттық рухына ұлы сілкініс тудырды. Осы сілкініс біздің ұлттық мәдениетімізді мейлінше даралап, төлтумалық биікке көтеріп кетті. Осы серпілістің нәтижесінде, ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстары сынды алыптар шоғырын тәрбиелеп кетті. Бұл құбылыстың тарихи-мәдени себептері әлі талай ғылыми зерттеулерге жүк болары сөзсіз.

Ғалым Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» атты ғылыми еңбегінде күй аңыздарының құрлымына да кеңінен тоқталып өтеді. Ғалым күй аңыздарының құрылымына толықтай барлау жасау үшін, әуелі, күй аңыздарын туындатушы себепке, сосын туындаған күйдің ерекшеліктері жөнінде ой қортып алу керектігін басты факторға қояды. Күй аңызын туындатушы субьектілерді ашып алу үшін де айтарлықтай үш мәселеге көңіл бөлу керек екенін ескертеді. Олар әуелі халық күйлерінің аңызы, сосын халық композиторларының аңызы, одан кейін бүгінгі авторлық күйшілердің шығарған күйлерінен туындайтын аңыздар. Яғни күйдің шығуына түрткі болған себептер туралы әңгімелер. Халық күйлерінің аңыздар тым байырғы һәм ескі өрнекті болары сөзсіз. Оның шығарушысы да, жеткізушісі де халық. Сондықтан, ол көп нұсқалы болып келуі де бек мүмкін. Ол аңыздардың шығуына түрткі болатын басты себептер тарихи уақиғалар, қиял-ғажайыпқа толы әпсаналар, жан-жануарлар мен аң-құстардың бітіміне, табиғат құбылыстарының астары арқау болып келеді. Айталық, «Саймақтың Сарыөзені», «Қара жорға», «Жорға аю», «Тауқұдірет», «Ақсақ қаз» сынды тым ескі күйлерді атап өтуге болады. Халық композиторлары күйлерінің аңызы бұдан сәл ерекшелеу келеді. Аты айтып тұрғандай, ондай күйлердің аңызы шығарушы адаммен тікелей байланысты болады. Бұндай күйлердің тарихы көбіне, күйші-композиторлардың ел аралап, жер шолып жүріп тап болған уақиғасына, жеке басының ерекше бір тағдыр-тәлейіне байланысты шығып отырады. Мәселен, Құрманғазы Сағырбайұлының «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Адай», «Аман бол, шешем, аманбол» сынды күйлерінің өзіндік шығу себептері бар. Сол секілді Тәттімбеттің «Сарыжайлау», «Көкейкесті» сияқты күйлерінің өз шығу мәні бар екені күй түсінер жұрттың бәріне аян. Ал енді, қазіргі заман күйшілерінің шығарған күйінің аңыздары көбінесе, күйшінің жеке басының сезім-түйсігіне, ой-толғанысына, кейбір бастан кешкен бір сәттік кіршіксіз сезімнің әуен болып тууына байланысты болып жатады. Әрине, ондай күйлердің мән-мазмұны, тақырыбы, ішкі сюжеті осы күні болып жатқан уақиғалардың ықпалымен дүниеге келері сөзсіз. Ондай күйлердің және бір сипаты, күйшінің өткен тарихқа, тарихи тұлғаға арнаған күйлерін де қамтып жатады. Айталық М.Хамзинның «Белгісіз солдат», «Космонавт», С.Құсайыновтың «Мереке», Т.Момбековтың «Салтанат», «Асу» сынды күйлері біз айтып отырған күй аңыздарының табиғатын тап басады.

Күй аңыздарын күйдің өзінмен байланыстыра зерттеген музыкатанушылардың зерттеуі, күй аңыздарының құрылымдық және жанрлық ерекшеліктерін ашуға мол септігін тигізері анық. Десекте, күй аңыздарын тек қана күйдің өзімен байланыстыра қарастырмай, фольклорлық туынды ретінде ғылыми ұстаныммен қарағанда біз көтерген мәселенің терең қабаттары ашыла түсері анық. Ғалым Ақселеу Сейдімбек күй аңыздарының құрлымдық-тақырыптық қасиеттерін негізге ала отырып, күй аңыздарын алты топқа жіктейді. Олар: тарихи тақырыпқа арналған күй аңыздар, күйші-композиторлар өміріне қатысты күй аңыздар, тұрмыс-салтқа байланысты туған күй аңыздар, арнау күйлерінің аңыз-әңгімелері, қоршаған орта, табиғат құбылыстары туралы күй аңыздар, жан-жануарларға қатысты туған күй аңыздары деп атап өтуге болады. Енді осы бөліністердің ішкі табиғатына, болмысына қарай отырып жеке-жеке тоқталып шығамыз. Әрине, басты темірқазығымыз – Ахаңның «Қазақтың күй өнері» монографиясы.

Тарихи уақиғаларға арналған күй аңыздарының құрылымдық қабаты күрделі келеді. Олардың басты ерекшелігі типтік уақиғалардың типтік мотивтерін арқау ете отырып, өзіне тән ішкі сюжеттермен өріліп отырады. Бұл жерде тарихи уақиғалар мен қатар тарихи тұлғалардың бастан кешкендері күйдің ағысында қатар жүріп отыратынын ұмытпау ләзім. «Қазақ пен қалмақтың күйі», «Қос мүйізді Ескендір» сынды тарихи уақиғаға сүйенген күйлер осының айғағы болып саналады. Әрине, қазақ халқының классикалық күй өнерінде әр күй себепсіз тумайды, әр күйдің өзіндік шығу себебі бар. Осы үрдіс күй аңызының таралуына алып келеді. Бұндай кеп күйші-композиторлардың шығармашылығында да жиі ұшырасады. Әрине, күйші-композиторларды не өткен уақиғалар, не артына із қалдырған тарихи тұлғалардың ерлігі, болмаса өзі көрген, басына өткерген ерекше әсер еткен дүниелердің ықпалымен күй шығарары анық. Үлкен толғаныстан, үлкен таным мен махаббаттан ғана ел есінде қаларлық күй туатыны түсінікті. Осыдан келіп туындайтын нәрсе, күйші-композиторлардың күй аңыздарының құрылымы, табиғаты өз өмір жолымен тікелей байланысты екені анық көрініс табады. Айталық Қорқыттың күйі «Қорқыт», кетбұғаның күйі «Ақсақ құлан», Байжігіттің күйі «Қайың сауған», Тәттімбеттің күйі «Бестөре» немесе «Сарыжайлау», Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол», Дәулеткерейдің «Көркем ханым», «Жігер» сынды күйлерінің барлығының өз шығу тегі, туу тарихы бар. Осы орайда қазақ күйлерінің аңыз-әңгімелері, сол дәуірдегі уақиғалар мен тұлғалардың өмір дерегінің бүгінгі күнге жетуіне көп себепкер болғанын барынша нақтылап айта кеткен жөн. Бұны күй – дерек, күй – шежіре деп атасақ та артық айтқандық болмас еді.

Күй аңыздарының құрылымдық-тақырыптық ерекшелігіне айғақ болатын келесі саласы – тұрмыс-салтқа байланысты туған күй аңыздары. Жоғарыда емексітіп өткеніміздей күйдің шығуына тосын уақиғалар, ерекше ситуациялар әсер етеді дедік. Ендеше, қарапайым халық өмірінің тіршілік салтына, дағдысына айналған тұрмыс-салт, әдепкі тіршілік күйшінің көңіл көкжиегін қалай тебірентуі мүмкін деген ойдың ұшығы шығуы ықтимал. Бұл жердегі ең басты нысана – өнердің өмірмен етене қойындасып жататын сырын қаперге алмақ керек. Айталық сыңсу, шілдехана, сүндет той, тұсау кесер сынды толып жатқан ғадет-ғұрыптар ән мен күйсіз, өлең-жырсыз өтпейді. Сондықтан, парасатты өнер күнделікті күйбең тіршіліктің өзінен сазы мен назы жарасқан күй тудыра алады. Бұл пайымымызға Есбайдың «Үш ананың айтысы» сынды күйлерін жатқызуға болады. Бұл күйдің шығу тарихын кестелеп, шежірелеп, ұзағынан баяндайтын болсақ, тұтас бір халықтың тұрмыс-тіршілігі, өмір салты, мәдениеті, өнерге деген талғамы мен таласы сынды ұласпалы мәселелердің жинтығы шығар еді. Күй аңыздарының құрылымына байланысты аңыздық күйлердің енді бір шоғыры – арнау күйлер. Бұл топтағы күйлердің ең басты қасиеті, күйші өзі шығарған күйді өзі қадыр тұтқан, айрықша құрметтеген адамына арнайды. Ондай арнау күйде сол адамның болмысы, табиғаты, ізгі қасиеттері менмұндалап тұрады. Мәселен, атақты батыр Махамбет Өтемісұлы өзінің Исатай бастаған үзеңгілес, тағдырлас, қанаттас қаһарман бауырларына арнап «Жұмыр-Қылыш», «Тарлан» сынды күй шығарғаны тарихтан аян. Тәтімбеттің «Бестөре» күйі де осындай арнау күйлеріне жатады. Ықыластың «Саржан төре», Қазанғаптың «Балжан қыз», Төлеген Момбековтың «Салтанат», «Інілеріме», Секен Тұрысбектың «Өкініш», «Малгаждар» сынды күйлері арнау күйлер тобының ең төресі, ең сұлтаны саналады. Жалпы арнау күйлерінің қазақ күй өнерінен алатын орыны айрықша. Оның өзін шығу тарихына, табиғатына, әуендік ерекшеліктеріне қарай отырып тағы да жіктеуге, саралауға болады.

Сан ғасырлар бойы көшпенді өмір салтын ұстанған қазақ баласы үшін табиғаттың алар орыны айрықша. Сондықтан да, табиғат туралы, оның сыры мен сипаты, небір көрікті орындары, тауы мен тасы, нуы мен суы туралы күй шығармау, табиғаттың тұмса мінезін қос ішек бойымен теңселтпеу мүмкін емес еді. Тылсым табиғатпен байланысты бұндай күйлер көбіне халық күйшілерінің қоржынынан молырақ кезігеді. Айталық, Боғданың «Бозтөбе», Тәттімбеттің «Сарыжайлау», Қайрақбайдың «Дайынкөл», Тайыр Белгібайұлының «Ақарал», Төлеген Момбековтың «Мыңжылқы» сынды күйлерін атап өтуге болады.

Қазақ күй аңыздарының ішінде ең қомақты, ең арналы саласы – жан-жануарлар туралы күйлер. Бұл күйлердің ішінде жүгірген аң, ұшқан құс, төрт түлік мал туралы аңыз бен әпсанаға, мифтік сарынға толы күйлердің сарыны мол ұшырасады. Бұның сыры – көшпелі өмір салтында қазақ халқы төрт түлік малды дәтке қуат етті. Табиғатпен үйлесім құрып аңшылықты, саятшылықты кәсіп етті. Тұғырдағы қыранын, кермедегі тұлпарын, керегедегі домбырасын жан серігі тұтты. Тек тіршілк көзінің ғана емес, рухани серігі, өмірінің салтанатына балады. Осы құштарлықтың негізінде жан-жануарлар мен аң-құстардың өз өміріндегі орынын қос ішекке қондыра білді. Өнердің биік деңгейінде сөйлете білді. Сондай ежелгі күйлердің бірі – «Тауқұдірет». Бұл күй құс туралы ғана емес алғашқы домбыраның жаратылысы, алғашқы әуеннің пайда болуы хақындағы ең ежелгі күй саналады. Осындай күйлердің арнасын тізіп айта беруге болады. «Шыңырау», «Ақсақ қаз», «Бөкенжарғақ», «Аңшының зары», «Жорға аю», «Салкүрең», «Желмая», «Бозінген», «Аққу» сынды күйлер біз сөз етіп отырға тақырыпқа қатысты күйлердің бір парасы ғана.

Күй аңыздары және олардың жанрлық, құрлымдық, тақырыптық ерекшеліктері туралы ұзақ әңгіме айтуға болады. Және осы тақырып төңірегінде қаперге алатын нәзік мәселелер де жоқ емес. Алдағы уақытта бұл әңгімемізді жалғастырамыз деген ниеттеміз. Қазірге бір қайырым сөз осы болсын дейміз.

Көрнекі суретке Тимур Ақанаевтың картинасы пайдаланылды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар