Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жаңа «Ulys» диджитал журналының тұсаукесері өтті. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғалым-профессорлар, белгілі қаламгерлер мен журналистер қатысты.
Шараның жүргізушісі, Гарвард университетінің Мемлекеттік басқару магистрі, белгілі журналист Шыңғыс Мұқанның айтуынша, қазіргі кезде заман талабына сай әлемдік деңгейдегі журналдардың барлығы дерлік диджитал, яғни цифрлық форматқа өткен. Мұндай формат оқырмандар үшін қолжетімділігімен, кез келген уақытта оқуға болатын ыңайлылығымен маңызды.
«Бүгін Қазақстан журналистикасы үшін айтулы күні. Себебі Қазақстандағы, тіпті Орталық Азиядағы алғашқы цифрлық форматтағы сараптамалық журналдардың бірі дүниге келіп отыр. Жалпы Батыс Еуропада, Америкада мұндай журналдарға 2011 жылдардан бастап көше бастаған. Бұрыннан шығып келе жатқан салмақты журлардардың барлығы қазір осы форматқа көшкен. Өйткені қазір әрқайсымыздың қолымызда смартфон бар, басқа да гаджеттер бар, дүкендерді аралап, журнал сатып алып жүргенше, жүктеп алу қазір оңай болып тұр. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі тұсауы кесіліп отырған «Ұлыс» диджитал журналына артатын үмітіміз өте зор», - деп атап өтті.
Келесі кезекте сөз алған жобаның авторы, «Ұлыс» журналының бас редакторы, белгілі журналист Ержан Қалымбай жиналған қауымды цифрлық журналдың барлық техникалық және мазмұндық мүмкіндіктерімен таныстырып, жобаның маңыздылығын түсіндіріп өтті.
«Қазір біз азықтан гөрі ақпаратты көп тұтынатын кезеңге келдік. Сондықтан тамақ ішкенде оның сапасына мән береміз. Біздің қазақ халқы жақсы сапалы әрі терең танымдық дүниелер оқуға хақысы бар деп ойлаймыз. Сондықтан, әлемде, әсіресе медиа саласында болып жатқан ең соңғы жаңашылдықтарды біздің халыққа жеткізуіміз керек деген ниетпен «Ұлыс» жобасын бастадық. Журналдың атын «Ұлыс» деп қоюымыздың да өз себебі бар. Өйткені осы бір көне түркі сөзінің нақты мағынасын көбіміз біле бермейміз. Ұлттар мен ұлыстар деп қолдана береміз. Алайда бұл сөз кезінде Шыңғыс ханның ұлысы, Жошы ханның ұлысы деп, «мемлекет» мағынасында қолданылған, үлкен мағынаға ие құдіретті сөз! Осы сөзді қайтадан жандандырсақ, жаңғыртсақ, бұрынғы биігіне шығарсақ деген ниетпен журналымызды осылай атаған болатынбыз», - деді жоба Ержан Қалымбай.
Бас редактордың айтуынша, басылымның бірінші бетінде өзіндік айтар ойы бар, шетелде оқыған білімді әрі іскер жастар жан-жақты көрсетіледі. Ондағы мақсат – ақылды жастарды өз замандастары үшін үлгі етіп, олардың өмір салтын сәнге айналдыру. Сондай-ақ, әрбір санда Қазақстан мен Түркі әлеміне қатысты сараптамалық мақалалар мен сұхбаттар жарияланады. Мәселен, бірінші нөмірде Түркі әлемі мен Орта Азия интеграциясына басымдық берілген. Келесі сандарда қырғызша, өзбекше және басқа да түркі тілдерінде мақалалар жарық көретін болады. Осылайша, журналды халықаралық деңгейге шығару жоспарланған.
Сондай-ақ ұлттық мүдде мен Алаш тақырыбына арналған тұрақты айдар да болады. «Ulys» журналының тұсаукесер рәсімінің Алаштың біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай өткізілуі де осының айғағы.
Журналдағы мақаланы оқумен қатар, аудио жазбасын тыңдауға немесе бейнежазбасын көруге мүмкіндік бар. Әр мақала заманауи технология бойынша өңделіп, аудио-визуалдық эффектілермен көмкеріліп отырады. «Ulys» журналын Android және IOS платформалары арқылы жүктеп алып, кез келген уақытта оқи беруге болады.
adebiportal.kz
Фотоларды түсірген: Арман Сүлейменов
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.