Көрнекті жазушы, драматург, мемлекеттік сыйлық иегері Қалихан Ысқақтан жазудан қалт еткендегі әуестігі туралы сұрағанымыз бар. Сол сапар қабырғалы қаламгер қоңыр даусы күмбірлей отырып, өзінің сан алуан бейімдігі жөнінде бірталай шешілген-ді.
– Байқап отырсаң, зергер, ұста, балташы секілді әр кәсіптің ісмерлері көбінесе жетім өскен балалардың арасынан шығатын сияқтанады. Себебі, өз-өзіңді асырап нан тауып жеуің керек, сол жолда түрлі кәсіптерге ерте бейімделе түсесің. Оған өмірдің өзі-ақ мәжбүр етеді. Әкемнен бір жасымда, шешемнен он үштегі кезімде қалған мен де сөйткендеймін. Әйтеуір, бала кезден-ақ жұмысты көп істеппін. Алты жасымнан өгізге мініп, шөмеле тарттым. Тоғыз жасымда шалғы ұстап, шөп шауыппын. Соғыс кезі. Адам аз. Еңбек күші тапшы. Есейе келе етік тігуді үйрендік. Пима табандаймын. Тоқыма тоқимын. Істемеген нәрсем жоқ-ау…
Ертеректе атақты Жүсіпбек Аймауытовтың етікшілігі туралы естуші едік. Сол қатардағы өзге де тұлғалардың түрлі шеберліктерін құлағымыз шалатын. Қалекеңнің әңгімесі елеңдете бастайды.
– Біздің ауылда қолынан келмейтіні жоқ Жұмахан деген кісі бар еді. Өзі – балташы, өзі ұста, қысқасы, қолынан келмейтіні жоқ. Әлгі Жұмекең қара қоста қазаннан өзге ыдыс-аяқтың бәрін қайыңның безінен өзі жонатын. Енді, кәнігі шеберлігін айтуға, тіпті, тіл жетпейді; жан бітіре алмаса да, ағаш пен темірден адам жасайды дейтіндей, ғажап ісмер еді жарықтық. Өзі етікші, қыс кезінде колхоз жұмысы азаяды. Көбінесе, сондай тұстарда ауылдың басынан түсіп, елді аралап жүріп, жұрттың аяқ киімін бүтіндейді. Пима жамайды. Етік тігеді. Кейде түнімен соның қасында отырып, тарамыс ширататұғынмын…
Әр нәрсеге ебі бар елгезек бала осылайша тірлікке қажетті қол ісіне де ерте бейімделген сияқты. Домалаңдап, ылғи қалыпты да өзі шабатын, шегені де қолдан жонып өзі әзірлейтін Жұмахан ақсақалдың қасынан табылса керек.
– Соғым сойғанда малдың жіліншік сіңірінен тарамысын алып қаламыз да, оны кептіріп, сосын әбден тоқпақтап, етік тігетін жіп жасаймыз. Қажетті шылғи қайыс пен етіктің бас-қонышын қусырып, қаймалайтын былғарыны Қалима деген шешемізге илетіп аламыз. Қолға тиген сиыр, қой терісін со кісіге жеткізгенше асығамыз. Рақым деген атамыздың кемпірі еді. Керемет ұсынықты адам...
Суреткер жазушы ауызекі сөзге де жүйрік. Аяулы балғын шақтың елестері баурағандықтан ба, бір сәт ерекше шырайлы күйге еніп, екі көзі жайнап, тура, іс үстінде отырғандай, әрбір әрекет қимылын екі қолымен көрсетіп, ыждахаттана түседі.
– Жұмекең алдымен қоныш пен тұмсықты біріктіріп тарамыспен әдіптеп тігеді де, теріні қалыпқа керіп тастайды. Ретінше, ұлтанды ағаш шегемен жағалата шегендеп шығады. Ғажап әдісі – ұлтан мен табан арасына бір қабат қайың қабығын жүргізіп жіберетін-ді. Кейін мен де сөйтетін болдым. Мұны «ақмұрт» десе керек, әйтеуір, ерекше екі қасиеті бар. Біріншіден, су өткізбейді. Әм, жүргенде, етігің сықырлап тұрады. О кезде керемет сән! Айтпақшы, мен сол Жұмекеңе еліктеп, ең алғаш рет шешеме кебіс тігіп бергенім бар. Үлкендеу, қолайсыздау болып шықты, бірақ шешей соны аяғынан тастамай киіп жүрді. Пиманы да өзім табандайтынмын.
Әңгімеші «әне, сол шақта балғын жас болсам да, әрбір істі шегіне жеткізіп, аса биік деңгейді атқаруға тырысқанымды көрдіңдер ме!» дегендей, бір шекесінен сынай қарап қойып, сөз жалғастырады.
– Жоқшылық жылдары ғой, киім тігетін мата да кездеспейді, жүннен аяқтағы шұлықтан бастап бұттағы шалбар, кеудедегі свитерге дейін өзіміз тоқуға машықтандық. Ауылда кеш түсісімен-ақ бос отыратын адам болмайды, балалар жүн түтеді, кемпірлер ұршық иіреді, келін, қыздар тоқыма тоқиды. Өзім көбінесе қолғап, ұйық-шұлық тоқуға ыңғайлы-ақ едім. Ер бала үшін біртүрлі ерсі көрінсе де, қалт еткенде тоқыма бізін жалақтатып отырудан да ешбір арланған емеспін. Үстідегі көйлектен бастап, бұттағы шалбарға шейін өзім тоқып алатынмын. «Бойжеткен» деген жеңгелерім бар еді. Бұл – оларға әзілдеп, өзім қойып алған ат. Құлақтарына жағатын да болуы керек, «әй, бойжеткен!» десем жалт қарап, күлімсіреп тұрады. Қасиетті адамдар еді жарықтықтар. Колхоздың жұмысын солармен бірге жүріп істейміз. Түнде шөптен үйген итарқа, қара қоста жатамыз. Бірінші, екінші класта оқитын кезіміз ғой. Байғұстар жалғыз көрпесімен іргемізді қымтап, қамқорлық көрсетеді. Шөп үйсе де, егін орса да осы әйелдердің боқшаларынан жүн-жұрқа түспейді. Шүйке, кестебіз арқалап жүреді. Кешке екі-үш бала жерошақтың басында отырып жүн түтетұғынбыз. Жеңгей, апайларым тоқыма тоқиды. Соларға қарап біз де үйрендік. Өз қолыңнан шыққан тоқыма жейдені жалаңаш етке кие саласың. Күн ыстықта ол, әрине, пора-пора терлетеді. Бит қаптайды. Қышынып, қиқаңдап, мазаң кетіп жүргенін байқайтын анау Рақым атамыз киімнің бәрін сыпырып алып, теріс айналдырады да, құмырсқаның илеуіне жайып тастайды. Алла-ау, қаптаған шымал соның әрбір сіркесіне дейін түк қоймай тасып әкетеді екен! Недәуірден соң бір-бір сілкіп жіберіп, қайта киіп аламыз. Бойың тағы жіпсіген кезде құмырсқаның қышқыл сөлі, ой бір, дуылдатып ашытады-ау. Жата қалып аунайсың. Сөйтсек, оның да пайдасы бар екен. Ешкі қотыр болмайсың. Денедегі қотырдың бәрін жылан жалағандай қылып сылып түседі…
Сөйткен Қалекең, айтып отырса, тамақ пісіруге де ерте бейімделіпті.
– Бұ жағынан ең алғашқы үйренген істерімнің енді бірі – құймақ құю. Анам марқұм жастығына қарамай бес уақыт намазын үзбейтін және ораза ұстайтын-ды. Оның ауыз ашары, сәресісі бар, апамның өз үйретуі бойынша дәмді асын уақытында әзірлеп беруге тырысатынмын. Ауылдағы мектеп- интернатта оқығанда да сол икемділіктердің көмегі көп тиді. Кейде тамақты өзің істеп жүресің, тіпті, қиялыңды ұштап оның жаңа бір дәмдірек түрлерін ойлап табуға талпынасың...
Қалекең, тіпті, бірталай уақыт шаштараздық кәсіпті игеруге тырысқандай.
– Оны да қайбір жетіскеннен үйреніп жүр дейсің! Мектептегі жолдастарымның шашын да көбіне мен қиятынмын. Әдемілеп алып шықсаң екі жүз грамм нанын береді... Кейін мұны біртіндеп доғардық қой. Рас, бертініректе, жасырақ кезінде, өз балаларымның да шашын екі-үш мәрте қиып берген кездерім есімде. Ал «аспазшылық» істі недәуір ұзақ жалғастырыппын. Мысалы, КазГУ-дің студенті болдық. 1960 жылға дейінгі ескі ақшамен алатын 220 сом стипендияң жете қоймайды, онда да тамақ істеу міндетін өзің атқаруыңа тура келді... Ойбай, айта берсе, өзі еске түсетін жәйттер көп екен-ау. Кейінірек, 1965-1967 жылдары Мәскеудегі мемлекеттік Кино комитетінің жанындағы жоғары сценаристер курсында оқыдым ғой. Сол кездері СССР Жазушылар одағы басқармасы секретариатында Қазақ және Қырғыз әдебиеттері бойынша кеңесші болған Тәкен Әлімқұлов ағамызбен бір қабатта көрші тұрғанымыз ойға оралып отыр. Сонда үйдің тамағын сағынушы едік. Маған әбден бауыр басқан Тәкен ағам да бір мезгіл тамақ істемесем шыдамайтын әдет тапты. Ол кезде ет мол-тын. Сүген (қаяз) деген балық бар, кәрістің өткір тұздықтары... Сөмкеге толтырып әкеліп ас пісіруге кірісуші едім. Исі айналаны алып кетеді. Тәкен еттің қанды көбігі бір алынғаннан кейін-ақ: «Әй, бір сүйегін берші, шала да болса мүжи берейік! Қарын ашып барады» дейді. Сөйтіп әлгі пісе қоймаған шикілеу етті со бойымен қасқырша қарш-қарш еткізіп, жұлып жей бастайды. Е-е, расында, небір жағдайды бастан өткеріппіз-ау... Кейде қалта жұқаланады. Ондайда қаракесек етті азырақ алып, қойдың қабырғасын молырақ сатып әкелемін де, жеке-жеке бөлшектеп, жақсылап тұздықтап, қуырып, бұқтырамын. Қазір де Москвада тұратын Резон Габриадзе деген досым бар, сол өзгеше дайындалып жатқан астың иісіне:
– Ай, Қалихан, что эта такоэ?! – деп жетіп келіп тұрады. Әзілдеп:
– Это – шашлык, по-грузински! – деймін.
– Өй, мұндай мәзір жоқ еді ғой бізде...
Соғып алады тамсанып отырып. Әлгім, шынында да, кейін көпшілік курстастар арасында «шашлык по-грузински» аталып кетті.
Содан бірте-бірте тамақсау болмасам да, аспаздық өнерді тұрақты ермекке айналдырыппын. Ауқат рационын білу өз алдына, ас мәзірлерін дайындауда үнемі «жаңалық» ашып, жолдастарыңды таңырқатып отырудың да рахаты жоқ емес қой. Балаларым да кішкене кездерінде мен ас үйге кірген сайын: «Папа, жаңадан тағы бірдеңе жасашы!» деп жүретін.
«Сілекей сірне татыр шөлдегенде» демекші, қазақтың көптеген ұлттық тағамдарын әзірлеуді де үйрендік. Нағыз палауды дайындау құпияларын біле қоймаушы едім, оны да біздің үйге Ташкенттен келіп жүретін жазушы Бұқарбай Сүлейменовтен сұрап алдым.
Енді бір күні базарға барсам, ұйғырдың атақты жазушысы Хизмет Абдуллин қойдың ұлтабар, ішек-қарнын алып жатыр екен.
– Оу, мұның бәрін не қыласыз?!
– Не қылғанды қайтесің, кешкі бесте үйге келе қал. Көресің...
Барып ем, қарынды алып келіп, түбіне тоқ ішек, аш ішегі бар, ұлтабар – барлығын салып, үстіне картоп, помидор, мол етіп пияз тастап, тұздап, бұрыштап, аузына ұзынша түтік кигізіп, түбінен буып, бу қазанға салды. Былқып тұрып піседі екен.
– Ал, енді мұның атын қалай атайды?
– Ой, бұл баяғы қазағыңның өз тамағы емес пе! Жерошаққа көміп пісіретін... Тек бұрынғыдай көп ет жоқ. Лаждап, «фантазиялап» жүргенім ғой...
Одан әлгіні мен де жасайтын болдым. Айырмасы – мына Есіктің аяқ жағында саяжайым бар еді, соған апарып ішіне ет қосып «қазақша» пісіремін. Өзге де «таңсық» тағамдарым көбіне сонда жасалады.
Шығыс Қазақстан жақта «қансоқта» деген тамақ бар. Малды бауыздағанда қара қанды ағызып жіберіп, қызыл қанын бүйенге құйып аласың да, оның ішіне ет турағышпен тартылған бауыр, бүйрекмай, ішмайды түгел араластыра салып, қара бұрыш қосып, тұздап аузын байлап, асатын етпен бірге қазанға тастайсың. Тез пісетін, өте дәмді тағам. Оңтүстік жақта оны «әсіп» дейді екен. Бүйенге ішек-қарынға қоса күрішті көбірек салатын секілді.
Солардың дәмін бір татып алған Әкім, Рамазан, Қабдеш, Сайын достарым тыныштық бермеуге айналды. Сенбі болды-ақ:
– Әй, саяжайға баратын уақыт болған жоқ па?! – деп хабарласады. Барамыз. Тамақты жасау оңай ғой. Олар жабылып жүріп біздің әулеттің шаңырағында жүз жылдан аса сақталып келе жатқан сары самауырды қоюмен құтылады да, тамақ ішіп алып, демалуға жантайып, әңгімеге басады. Мен болсам кешке дейін ыдыс-аяқ жуумен жүремін. Бәрінен қиыны сол. Кейін әлгілерден қашатын болдым. Ақыры саяжайды сатып тындым...
Бір ғажабы, қазақтардың бұрынғы тамақтану тәртібін, ауқаттаны рационын зерттеген шетелдік сарапшылар оның аса дұрыстығына, денсаулыққа пайдалылығына таңқалыпты. Себебі, қазақтар алты ай қыс бойы неғұрлым нәрлі, күшті азық ішіп, алты ай жазда қонақ келмесе мал соймай, көбіне ақты талғау қылған. Қымыз, шұбат, айран, сүт, қаймақ, құрт, ірімшікті пайдаланған. Оның сыры – ағарғанның бәрі күз бен қыс айларында денеге жаналған шлакты тазалау міндетін атқарады. Қыл аяғы тістің эмалін де қалпына келтіріп, сақтайтын сол сүт өнімдері екен. Бұдан соң қазақтар тамақты, негізінде, жатар орынға ішеді. Ол ұйқы алдында миға белгі беріп, тыныш дамылдауға мүмкіндік жасайды. Кәдімгі қара сорпа болса – таптырмайтын «гемодез!»
Қазір бұл үрдісті сақтай бермейміз ғой. Дүкеннен шетелдік жасанды, құнарсыз тағамдарды әкеліп жей саламыз...
Бүгінгі кезде осы айтқан ермектерімнің бәрін де тастағанмын. Үйде шеге де қақпаймын. Ине, біз... Ас пісіру... бәрі қалған екен. Ештеңеге мойын жар бермейді. Соған қарағанда, адам келе-келе көп нәрседен тартынып, зерігетін де секілді. Бұрын бастаған әрбір ісімді ұдайы дамытып, оны шырқау шегіне жеткізуге тырысқан екенмін.
Жазушылық ғұмырымның да жартысынан астамы тек тіл ұстарту мен стиль қалыптастыруға кетіпті. Бірақ ұзақ уақыт бір мәнерге, бір ырғаққа түсіп дағдыланған кісі белгілі кезеңге шыққаннан кейін өз-өзін қыспаққа алып, қасаң қалыпқа салып жіберетіндей көрінеді. Әрине, адамның үйреніп алған соң тастамайтын да нәрселері болады. Дегенмен, тың кеңістіктер іздеп, қалыптасқан стильді де өзгерте бастағандаймын.
Қалай болғанда да, қазір мені тоқыма тоқуға, етік шегелеуге немесе асханаға... кіргізіп жіберсе, аталған кәсіптердің кез келгенін қолма-қол қайта игеріп аларым кәміл.
***
«Өнерді үйрен де, жирен!» демекші, аталған әуестіктің біртіндеп қала бастауын түсуге болады, әлбетте. Бірақ жинақталған тәжірибе болашақ жазушының интернатта, Алматы мен Мәскеудегі жоғары оқу орны қабырғаларында, жалпы өмірде көмекке келіп отырғаны даусыз. Ұзақ шығармашылық ғұмырда сүйеу болғаны аян. Және қаламгер, өзі айтқанындай, барлық істі шыңына жеткізе атқаруға тырысқан. Сол жолғы әңгімесінде де: «Тегінде, тамақ пісірсең де, етік тіксең де, тоқыма тоқысаң да, бәріне белгілі шығармаңды жазып отырғандай, үлкен жауапкершілікпен қарауың керек!» – деп еді.
Расында да, әр шаруаның өзіндік құрылысы, финалы бар. Әрқайсының жеке құпиясы да жеткілікті. Нақты жұмысты игеру үстінде кезекті дүниелеріңнің иірімдерін де бірге өріп отырасың. Шілтер кестелегендей, қажетті ойларыңды қоса сабақтайсың.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.