Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қытайша-қазақша үлкен сөздік жарық көрді...

27.02.2018 9399

Қытайша-қазақша үлкен сөздік жарық көрді

Қытайша-қазақша үлкен сөздік жарық көрді - adebiportal.kz

ЕҰУ-де «Қытайша-қазақша үлкен сөздіктің» тұсаукесері өтті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ақын, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы мен осы кафедраның доценті Айнұр Әбиденқызы құрастырған «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» атты кітап жарыққа шықты. Аталмыш екі ел арасындағы қарым-қатынас қытай тілін білетін мамандарға деген сұранысты арттыруда. Дегенмен, күні бүгінге дейін елімізде қытайша-қазақша көлемді, әмбебап аударма сөздіктің болмауы қытай тілін үйренушілер үшін, екі тіл арасындағы аударма мәселесінде де көптеген мәселелер тудыратыны түсінікті. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында шыққан кітапты жазу үшін қос автор он жылдан астам уақыттарын сарп етіпті.

Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» деп аталатын көлемді сөздіктің таралымы 2000 дана, көлемі 120 баспа табақ. Қазіргі қытай тілінің қолданысындағы 70 мыңға таяу сөз бен сөз тіркесі қамтылған. «Сөздік» ЖОО мен мектептерде қытай тілі бойынша білім берушілер мен білім алушыларға, қазақ-қытай тілдері бойынша тәржіма жұмысымен айналысатын аудармашыларға, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы саласында қызмет атқаратын дипломатиялық корпустар мен олардың қызметкерлеріне, қытай тілі, қытайтану ғылымы, жалпы тіл білімі саласында ізденіп жүрген ғылыми қызметкерлерге, сондай-ақ қытай тілін өз бетімен үйренгісі келетін жалпы көпшілікке арналған.

Сөздік көрнекті мемлекет қайраткері, қытайтанушы-ғалым Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауымен жарық көрген. ғалым Нәбижан Мұқаметханұлы сөздікті «Дүкеннің «Үлкен сөздігінде» қытай сөздері мен сөз тіркестерінің қазақша аудармасымен қоса, оның қытай тіліндегі қолданыс мысалдары көбірек берілген. Мұнан қытай сөздерінің қазақша аудармасын табумен бірге, ол сөздің қытайша қолданысын да үйреніп алуға болады. Демек, аталмыш сөздік қосымша оқулық қызметін де атқарады. Мұндай мысалдар «Большой Китайско-Русский словарьда» да көп емес екен. Бұдан авторлардың сөздікті отандық оқырмандардың қажетіне қарай көп функциялы етіп жасауға көңіл бөлгенін көруге болады. Бұл да құптауға тұратын жаңалық деп санаймын», деп бағалайды.

Тұсаукесер жиынға университет ректоры Ерлан Сыздықов, ҚХР Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуэй, түрколог-ғалым Әділ Ахметов, профессор Сейіт Қасқабасов сынды бір қатар ғылым қайраткерлері мен ұстаздар, қаламгерлер қатысты. Ерлан Сыздықов ғалымдарды үлкен еңбектерінің жарық көруімен құттықтап, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды.

Бұл үлкен еңбек қазақ-қытай мәдени қарым-қатынасына айтарлықтай үлес қосады деп бағалауға лайық.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар