Дулат Бабатайұлы – Абайға дейінгі қазақ поэзиясында биік тұлға. Ол – Абайға дейінгі қазақ поэзиясы мен Абайдың арасындағы алтын көпір!
Тегімді менің сұрасаң,
Қалың Найман нуынан.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан –
деуі көп нәрсені аңғартса керек. Дулат жазба поэзияға жақын келген тұлға. Абай мен Дулатта ой үндестігі, көркемдік жүйедегі үндестіктер жетерлік. Абай Дулаттан тақырыптық-идеялық, көркемдік жүйе, үлгіде көп нәрсе үйренген. Шығармашылықпен әрі қарай дамытқан. Дулаттың қоғамдық-саяси сатирасының тілі өткір. Ол – қазақ поэзиясындағы қоғамдық-саяси сатираның негізін салушылардың бірі.
Абай мен Дулат арасында осы жайттарда үйлесетін тұстар баршылық. Дулаттың «Бараққа», «Кеңесбайға», «Сүлейменге», Абайдың «Күлембайға», «Мәз болады болысың», «Дүтбайға» сияқты қоғамдық-әлеуметтік сатирасы ел ардақтыларының, ел жақсыларының, атқамінерлердің қоғамдық-әлеуметтік портретін, психологиялық болмысын дәл жеткізген туындылар. Өміршең туындылар! Бүгінгі күнде де сол шамадан асып кеткеніміз шамалы? Абай былай дейді:
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
Сыяз бар десе жүрегім
Орнықпайды суылдап
Сыртқыларға сыр бермей,
Құр күлемін жымыңдап.
Ұлықтар кейпін Дулат былайша жеткізеді:
Аяз қысса мүйізді,
Мүйіз қысып тұқылды...
Қанталаса тұқылың,
Алпыс екі тамырың
Қаңсып қалған сықылды:
Ұлық қысса ұлықты,
Ұласып мидай былықты...
Атқамінер ауылда
Итше ілініп ылықты.
Орыстың көрсе ұлығын
Қыздан дағы қылықты.
Ұлық кетсе, қазаққа
Қорқау қасқыр құлықты.
Сұмдық сатира! Аяусыз шенеу! Бұдан асырып айту мүмкін емес. Арғы кезеңде де қазіргі кезеңдегі де қазақ әкімдерінің бет-бейнесі, сықпыты осындай! Заманға күйінген Дулат:
Мынау азған заманда
Қарасы – антқор, ханы – арман;
Батыры көксер бас аман;
Бәйбіше – тантық, бай – сараң;
Бозбаласы – бошалаң;
Қырсыға туды қыз балаң;
Нары – жалқау, кер табан;
Құс – күйшіл, ат – шабан.
Жырғалаң жоқ, жобалаң,
Ебі кеткен ел болды
Енді қайда мен барам?!
Бұ сөздер, дәп біздің заманға да айтылып тұрған сияқты. Өзімізді тандық па?!... Айнаға қарайықшы!
Абайдың кешегі айтқан сөздері бүгінге өміршең, нысанаға дөп тиеді! Хакім Абайды сөйлетін көрейік:
... Мен қажыған арықпын,
Қатын, бала қонағы.
Сендерге де қанықпын,
Жұртың анау баяғы.
Жарлы емеспін, зарлымын,
Оны да ойла толғанып.
Жұртым деуге арлымын
Өзге жұрттан ұялып.
Барымта мен партия –
Бәрі мастық, жұрт құшар.
Сыпыра елірме, сұрқия,
Көп пияншік нені ұғар?
Татулықты, тыныштықты
Қоңыр көрер, кем көрер.
Ұрлық пенен қулықты
Қызық көрер, өңі енер
Мұндай елден байың тарт,
Мен қажыдым, сен қажы!
Айтып-айтып өтті қарт,
Көнбеді жұрт, не ылажы?
Абай сынының зіл-батпаны қандай ауыр еді!
***
Шәкәрім атамыз «ақыл» категориясына қатты мән берген ақын ғой. «Ақыл деген – өлшеусіз бір жарық нұр» десе, енді бірде «Тапқыш ой ғой – ақылдың мағынасы, Түбі – жүрек, болады мида басы» - дейді. Оның шығармаларында ақылдың жиырма төрт түрлі аталады екен. Соның ішінде мән бергені «сау ақыл»
***
Ислам діні пайда болғаннан бастап, өзіне теориялық алғы шарттар іздеді. Ол көне дәуірлердегі философиялық қисындарға сүйенді. Арабтар философияны пәлсапа (фәләсапа) деп атаған. Мұсылман философиясы исламият атты үлкен таным. Бұл көне дүние Аристотель негіздеген перапатетиктер және идеалистік бағыттарды біріктіруші дуалистік таным болып табылады. Аристотель шығыста бірінші ұстаз болса, Аристотель еңбектерін арабшаға аударып, түсінік тафсир (комментарий) жазған Әл-Фараби екінші ұстаз «Муалимий соний» деп атанған.
Исламиятта «жан» және «тән» субстанциясы қатар аталады. Қазақтың ұлы ақыны Абай бұл категориялар туралы былай дейді:
Ақыл мен жан «мен» өзім, тән «менікі»,
«Мен» мен «менікінің» жөні екі
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе, өлсін оған бекі.
Абайдың «мен» деп отырғаны ақыл мен жан, «менікі» деп отырғаны тән. Ақыл мен жан мәңгілік, ал тән өткінші. Абай исламияттағы жанға ақылды қосады.
Шәкәрім ақыл мен жан, яғни менің жоғалмайтынын:
Бар нәрсе жоғалмайды, өзгереді,
Жан жоғалмас деп ойла, соны біл де.
Жан тән жасар, тән жанды жарата алмас,
Терең ойлап, сөзімді құлаққа іл де – деп жырлайды.
Немесе:
Қайда барса ол өзін «өзім» дейді,
«Өзім» деп денені емес, жанды айтқаны.
Сол жаннан тіпті, «өзімдік жоғалмайды,
Есеп емес сан өліп, сан қайтқаны» - дейді.
Шәкәрімдегі «өзім», Абайдағы «мен», Шәкәрімдегі «дене», Абайдағы «тән» не болмаса «менікі» Шәкәрімде де осы жан субстанциясы Абайдағыдай мәңгілік, ол өлмек емес, өлетін «дене», не болмаса «менікі» тән. Жанның мәңгілігінің арқасында сан түрге түсіп, әртүрлі бояулармен өзгеріп, әртүрлі қалыпқа түседі деген ой айтады. Исламияттық танымдағы «жанға» Абай «ақылды» қосады. Бір қызығы Шәкәрім оған «көңілді» қосады. Ал Шәкәрімнің «жан» мен «денеге», «көңілді» қосуы Абайда кездеспейді. Бұл да Шәкәрім ойшылдығының бір ерекшелігі. Бұл «көңілдің» табиғаты Абайды тән құмарлығынан, оның өзіндік ерекшелігі мен болмысынан «тәннің» өз табиғатынан туындайтын, оның өз аясында қарастырылатын мәселе болса, Шәкәрім «көңіл» табиғатын қарастырады.
Ал енді сипатталық көңілді біз,
Ескеріп бұл сөзімді жақсы ұғыңыз.
Жан мен дене – қосылған ерлі-қатын,
Екеуінен туады көңіліміз.
Табиғат бірде былай, бірде олай,
Кетері мәлім емес әлдеқалай.
Әкесі жан, шешесі дене болып,
Көңіліміз сол себептен екі талай.
Осы «жан» мен «тән» ұғымдарына қатысты философиялық категорияларға негізделген пәлсапалық терең ойлар Шәкәрімнің «Жан менен дене һәм көңіл», «Мен адамның таппаймын өнерлісін», «Атаның шаһуатының көп қой мәні», «Тура жолда қайғы тұрмас», «Тіршілік, жан туралы» өлеңдерінде көрініс табады.
Шәкәрім өлеңдерінде исламиятқа қатысты ұғым-түсінік, категориялар баршылық. Сондай категориялық ұғымдардың бірі – «жар» сөзі. Бұл «жар» ұғымы алдымен Абайда:
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай мен күн шағылса да,
Дүниеде, сірә сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Сорлы асың сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып» жар ісіне,
Қорлық пен мазағына таңылса да –
деп жырланады. Абайдың бұл өлеңі махаббат лирикасына жатқызылып жүр. Бұл дұрыс емес. Өлеңдегі «жар» сөзі біздің түсінігіміздегі «жар» емес, ол «жаратушы», «хақ», «түп ие» мағынасында. Шәкәрім де өз өлеңдерінде осы мағынадағы «жар» сөзін бекіте түседі. Шәкәрімді сөйлетейік:
Менің жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сіз емес,
Көзге таса бұл сыры.
Жасырып тұр жар өзін,
Бас көзімен қарама.
Жүрегіңнің аш көзін,
Жанның сырын арала.
Көрем десең жарымды
Мас бол, жүрек тазала.
Өртеп жібер барыңды,
Қарсы ұмтыл қазаға.
Көрсең, оған бас ұрып,
Етегінен айырылма.
Не көрінеу, не жасырып,
Нәпсісіне қайырылма.
Бұл сәлемді есіңе ал,
Егер жетсең тілекке.
Жар қанжары – маған бал,
Сұқсын сорлы жүрекке.
Абай «Шыдайды риза болып жар ісіне, Қорлық пен мазағына таңылса да» - десе, Шәкәрім «Жар қанжары – маған бал, Сұқсын сорлы жүрекке», - деп бұдан артық құрбандыққа барады.
***
Әзірбайжанның ұлы ақыны Низамиде мынадай өлең жолдары бар:
Сердце – море.
В нем жемчуг.
Мой жемчуг сияет огнем.
Этот жемчуг – повески на поясе царском твоем.
Низамидың орыс тіліне аударылған нұсқасы. Енді ұлы ақынымыз Абайға құлақ түрелік:
Жүрек – теңіз,
қызықтың бәрі – асыл тас,
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.
Үндестік. Шығыстың классикалық поэзиясын жанымен сүйген Абайдың Низамиден алған тағлымы! Сұрақ туады. Абай Низамидің орыс тіліндегі нұсқасын оқыған ба? Зерттей қарасақ олай болмай шықты. Орыс оқырмандары Низамимен тек қана 1940-1959 жылдар ғана танысқан. Сонда Абай қайдан оқыған? Есімізге Абайдың Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқығаны түсті. Медреседе араб, парсы, түрік, шағатай тілдері тереңірек оқытылған. Абай осы тілдердің бәрін еркін игерген. Олай болса Абай ұлы Низамиді түпнұсқадан, яғни фарси (парсы) тілінен оқыған!
***
Пушкиннің әйгілі «Пророк» деген өлеңі бар. Өлең жолдарын келтіре кетелік:
Духовный жаждою талим,
В пустыне мрачной я влачился, -
И шестикрылый серфим
На перепутье мне явился.
И он мне грудь рассек мечом,
И сердце трепетное вынул,
И угль, пылающий огнем,
Во грудь отверстую водвинул
Как труп в пустыне я летал,
И бога глас ко мне воззвал:
Восстань, пророк, и виждь, и внемли,
Исполнись волею моей
И, обходя моря и земли,
Глаголом жги сердца людей».
Бұл өлеңді түгел келтіріп отырғанымның мәнісі бар. Өлең 1828 жылы «Московскии вестник» журналының №3 санында жарияланған. Осы кезеңдерде ол өзінің «Подражания Корану» деген циклді өлеңдерін жазды. Ақын 1790 жылы баспадан шыққан «Құран Кәрімнің» М.Веревкин аударған орысша нұсқасын пайдаланды.
Орыс зерттеушілері өлеңнің басты кейіпкері ретінде Таураттың VІ тарауында сөз болатын Исаий (әл Иаса) пайғамбарды айтады. Менің ойымша бұл жайт пайғамбарымыз Мұхамед Мұстафа Саллалһу ғалайіссаламға қатысты болса керек. Құран хикаяларында жақсы суреттелген. Әлем тарихшылары осылай дейді. Бұл жайында Абайдың да айтқаны бар!
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса
Адамның хикмет кеудесі.
***
Норвегияның экспрессионист-суретшісі Эдвард Мунктың (1863-1944) әлемге әйгілі «Крик» (Айғай) деген картинасы бар. Картина 1893 жылы салынған. Бұл картинаның төрт нұсқасы бар. Нағыз шедевр! Сурет өнерінің жауһары есептеледі! Бейнелеу өнеріндегі экспрессионизм бағытының биік үлгісі! Қала пейзажы. Көпір үстінде екі жолдасы кейінірек қалып, бір адам жан-жағына үрейлене қарап, екі құлағын басып айғайлап тұр. Кешқұрым уақыттағы қала аспаны қан-қызыл түстек. Үрей шақырады. Бұл тас мерез, тас керең қоғамнан пана іздеп сорлы пенденің жан айқайы, жан дірілі, үрей дыбысы. Бұл үрейден, жан айқайынан аспанның өзі діріл қағады. Алайда айнала қоршаған ортадан дәрмен жоқ! Күл болмасаң, бұл бол! Өнердегі айқай метафорасы арқылы безбүйрек, сұрқау, саңырау қоғамның психикасы, мінез болмысы аңғарылады. Жан ұшырған сорлыға қол ұшын созатын пенде жоқ!
Ең ғажабы суретшімен бір уақытта жасаған қазақтың әулие ақыны Абай да осы жайдан сырт қалмай былай деді:
Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық;
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып
Баяғы жартас – бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас.
Ғажап үндестік! Абай өлеңі де осы шамада 1889 жылы жазылған. Абайдағы «жартас» метафорасы да мылқау, тасбезер қоғамның сиқыттын дәл ашып тұр! Қоғамнан қайраны жоқ, жеке адам трагизімі де осында! Әлемдік мәдени контекстегі ұлылар үндестігіне мән бермесе болмайды.
Сәбит Жәмбек, филология ғылымдарының кандидаты
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.