Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сағадат Ордашева. Зиялы қазақ прозасы қай деңгейде...

07.09.2015 5901

Сағадат Ордашева. Зиялы қазақ прозасы қай деңгейде?

Сағадат Ордашева. Зиялы қазақ прозасы қай деңгейде? - adebiportal.kz


Әдебиет ұлттың мүддесін көздесін, мұңын жоқтасын, құндылығын әспеттесін, қанжылым тарихынан ұрттасын, әлемдік бодан сана мен құлдық қайыс ноқтадан арылтсын! Рухани мұрагерлігін мұратым деген қазақтың ежелгі үрдісін атқара алмаса – әдебиетіңізден көк тиын. Әрине, әдебиет қандай болуы керек дегенге – жауабымыз да қиыр-шиыр. Бірақ тәуелсіз зиялы әдебиет – өркениет шалығы тимеген байырғы қазақ танымына зәру екен. Аңсарлы екен. Біз осыны ұқтық.



486195_778212278_Screenshot_2015-07-30-12-18-46.jpg
Айгүл Кемелбаеваның «Шашты» әңгі­месі өткен жылдың құйрықты жұлдызын­дай жарқ етіп, сөзге көңіл суарған көпшіліктің айы­­зын бір қандырып, қапысыз баба­мұ­рат­ты бағзы заманның шежіресіне қанық ет­кен-ді. Әңгіме өрісі кең, кей тұста этног­ра­фия­­лық, кей тұста тарихи мағлұматтарға жү­­­гінсе, кей тұста атбегілік әуселесі әу­лие­лік­­ке ұласқан қазақтың дегдарлығын паш ете­ді, кей тұста ел мен жердің аңысын аң­ды­ғандай географиялық әу-жайға қанық­ты­рып қояды. Жазушының жұрнақ пен жал­ғауға шолақ, қайыруы тез, ұғынуы күр­делі сөз байламдары кібіртіктетіп, екі үш қай­тара оқуға байлап қоятыны бар. Әйтсе де, Айгүл идеяның тінін қиялдан өрмейді, та­рихи негізі бар оқиға желісін кейінгіге шы­найы ұқтырмақ болғандай. Ұлттық құн­дылықтар мен өшпес мұраттар, дін мен діл­­ді, адамшылық пен азбандықты ту еткен шы­ғармасының кең ауқымына, терең иірі­мі­н­е қарап эпикалық әңгіме деп тануға бо­лады.


Құлдық қамытына байланған иісі қазақ, руы қыпшақ Кенжебекті түркпеннің құлақ-кес­ті құл-атбегісі «қаңбақша ауып, тамырсыз дедектеген» Тасқұл-қаңлы «Ай-Күн жа­рық­сыз болмас» деп жұбатады. Жылқышы ата түркпен мен қазақ руларының аталас, дағ­ды қалпын айырып, екі елдің жаугершілік мі­незінен сыр шертеді. «Қазақылық заманнан үш жүз бір ту астына біріксе, ер түрікпен­нен бөлек, Өр Алтайдан Еділге өтіп, қырғи­дай тиген құба қалмақтан, Ысық көлдің ар­ғы жағынан жөңкіліп тиісетін жауынгер тай­па қырғыздан. Ормандай кәпір орыстан, сірә да жеңілмес еді». Алты бақан алауыз бол­ғанымен, «кертағыдай бұл қазақ бүлік­шіл, өлермен халық екенін көрсет!» деп ба­ланы түрікпен ат бәйгесінде қаракөк тұ­қым, аузымен құс тістеген хас жүйрікпен қа­шырмақ болады. «Жылқы әулие, әулиеге тап­сырдым!». Көз алдыңызға көкірек ке­нересін даналық кемсерген, әулие-абыз қа­рияның зор пішіні келе қалады. Ғазиз, абы­ройлы өлімнің алдында құлқамыт өмір­дің түк мәні жоқ. «Өмір мен өлім деген не тәйірі!». Құлдықтан қашу зор үрей, алдын то­сып құмдақ шөл, сусыз шөлейт, алаөкпе­дей көбік құсқан ағынды дария тұр, бірақ, ата балаға қанат береді, құлдықтың түбі тек­сіздік, тамырсыздық деп көрсетеді. Тек­сіз­дік үлкен таңба, қала берді жұтылу. Жазушы қазақтық санадағы тексіздікті бүгінгі құл­дыққа да саяды, санаң құлдықтан азат бол­сын деп үгіт етеді. 


Қазақ пен қазанатты айыру – ұлттың ар-қасиетіне сына қағу. Жылқыны сүю – Тә­ңір­ді әспеттеумен тең бе дерсің қазаққа. Жыл­қыға құмарлықтың өзі рухтың, ойдың да Жаратқанымен табысуға аңсары емес пе екен? «Қазақ атқа мінбесін, қазақ атқа мін­се, бір дене, бір жанға айналып кетеді». Жазу­шының көркем шығармаларында, эс­селік әдеби толғаныстарында жылқы жануары туралы тәтті тамсаныс, ерен көзсіз ма­хаббат жырдай есіледі. Бұл тақырыпқа қа­лам тербеуінің өзі – қазақтың ежелгі өмір­лік құндылықтарын қайтарып алып, бүгінгі санасы тұтас тамұқтай ұрпаққа уыздай ұсынбақ болғандай. 


« – Бұрынғы көнекөз жұрт көкірегі ерен көркем еді, толған ай көрсе шашты, жазғы сәуле құйылса түкті деп жатушы еді». Жазушы құдайға қараған қазақтың жұпар аң­қыған сәуле санасын аңсармен сағынып, бет­­тескендей, бөрілі қазақты құшақ бас­қан­дай жазуы ненің сипаты? «Ойсыз, доссыз, бақытсыз» қорқытты ма екен?


«Түрікпен Қорқытқа көр қазба дейді. Мен айтамын, Қорқытқа көр қазылсын, уа­қыты келсе даяр тұрады!». Шығармада «бастары қосылмайтын ақырзаман жаста­ры­ның» ойсыз, бақакөзденген ұландардың бөрігін алып түсіп, төсінен басып, ұйқылы ояу ұлт­тың намысына тиер бұзаутіс қам­шы­ның ащы шықпыртындай сөздер көп-ақ. Түрікпен «аш құлақ та тиыш құлақ» дер, бірақ «мен» – мен қазақпын – «Тұрлаусыз өскен құлан­дай қыпшақ қаныңды сатпа!» дейді. Жазу­шының ішкі дүниесі ышқынып, ызалы қолы уақытынан кеш сермегендей, адуынды мінезбен Кенжебектей ұландарын қайрап, түйреп өтеді. 


Шығарма сәтті аяқталған. Пессимизм біздің буынға түскен буынқұрт, жазушы осы­ны жақсы ұғады. Ата сертке, қазақтың жомарт жүрегінің дұғалы лебізіне иланады. Батасыз ердің көгермейтінін біледі.


Жазушының стиліндегі төкпелі жырдай алақұйын сөйлем легі, асқақтап шапшитын елірме пафос ерен рух қанатын байлайды, жайдақ аттай сылбырлықпен ел мен жердің аңысын шертіп, қазақтық кемел дүниета­ным­ға бөктіреді. В.Шукшин: «Мен «теле­граф­тық стиль» дегенді білмеймін, тартпайтын әңгімені ғана білемін» депті. А.Кемел­баеваны оқу – қарысып қатқан қол­ты­ғыңды сөгу, қамау теріңді алу, зиялы зердені талап ете­ді. Әуелгі туындыларынан-ақ, шұбалаңқылау, энциклопедиялық ірі біліммен танылған шығармагердің бар міні сол – ұлан-ғайыр төгілген тіркестерге бар білімін сарқып жұмсау шығар. Бірақ әде­биет­тің негізі көр­кем тіл, көмбеленген ас­тарлы тіл деп ұқсақ, Айгүлде бұл олқылық қайта өз бағын асырып отыр. Жұлдызын жарқыратып тұр. Тіпті, диалогтарындағы ежелгі сөйлеу мәнерін­де ақпараттық ны­ғыздық бар. А.Кемелбаева эпостық емеу­рін­нен таза стиль қалыптас­тыра алған өз жолы бар қаламгер.


Жанболат Башардың «Қос боз» аңыз – әңгі­месі «күйкі тірлік прозасы» (З.Серікқа­лиев) шеңберінен шығып, асау тарпаңдай еркін қазақтың таза болмысын, шалқар айдынын көсіп, маржандай лақылдатып төк­кендей болды. Жазушының қалам те­біренісі де еркін, далалық кеңістіктегі сая­быр сабыр бар. Шығармадан Әуезовтік сал­қар көсілуді, Тәкендей сұңғыла эстеттікті, Ақан­дай арғымақ атқа аңсарды, Ілиястың ұй­қасы құйқылжыған сөйлем легін сезіне­сіз. Ж.Башар, сөзсіз, осы мектептің өкілі. 


Қос боздың құрыштай құйылған мінсіз си­паты – «пүліштей жұмсақ еріндері», «құй­мақұлақ, желаяқ жануар», «дәуіт басты», «көріктей кеудесі», «қасекеңнің адымын аш­тырмас даңғайыр жүйріктігі» – дәстүрлі клас­сикамен ауызданып, аузының суы құ­рып суреттеген талай дүлдүлдің тамсанысын­дай шынайы. Қос бозды қолға түсірген Шәу­­шікті басынып Мыңбай милиция кіші боз­­ды алып кетеді. Алайда, бір енені тел еміп өскен қос боз бір-бірінсіз жайылмаушы еді дейді. «Жер төсі бозала таңның сүт сәу­лесіне орана түскен шақ. Кенет, ат тұя­ғы­ның дү­бірі мен арқырап кісінеген Ақбоз­дың даусы естілді. Жануардың даусын-ай, мұн­дай таза болар ма!? Күмбірлеген күміс кісі­нес көмейден үздік-создық төгіліп, таң­ғы ұйқыдағы Алайғыр жоталарын дүр сіл­кіндірді». Ара тұра, сезімге ерік беріп, жануар­дың көз шарасынан көрген адамдық сес­ті, тұнық жанарды автор Шәушік болып жұ­тынып қайталай береді. Кейіпкерімен бір­ге жаны елжіреп жүрегін қарс айырады. Шы­ғарма барған сайын трагикалық лебізін ұл­ғайта береді де, кіші боздың соңғы осқы­рын­ған ащы алқынысынан кейін баяулай түсе­ді. Өлген жылқының киесіндей шұбар жы­лан Мыңбайды енді өзімен бірге ала кет­пек. Мыңбай түздің абзал асылына қия­нат қылды, жазушы да киесіз есерсоқты ар-ожданның отына тастауды ләзім көр­ген. 



Хас серігінен айырылған Ақбоздың мүш­кіл хәлі күздің тұнжыраған күйімен су­ре­т­теледі: «Аспан ашық болғанымен, ауада дымқыл сыз бар. Шатырша тауының дұлы­ға­лы басы қабағын түйіп, тұнжырай түксие­ді. Жаз бойы қыздай жасанған Тоқырауын өзе­н­інің бойынан да әр тая бастаған... Шәу­шік ­күректей алақандарымен аттың алқы­мын, жотасын сипағанда ақбоздың көзінен та­­рам-тарам жас ағып жылап тұрғанын біл­ді». 


Ж.Башардың әңгіме ауанын бұзбай бірқалыпты дірілмен кібіртікте­мей, «Әуе­зов­ше қоңыр оркестрлі» (А.Сүлей­менов) иірі­мі мен қайырымы оңай орамдарымен жа­зып шыққанын сезінесің. Өйткені, жазу­шының бұдан бұрынғы шығармалары да тілден күрмелмей, діттелген ойдан еш айну­сыз қанық суреттелген туындылар. Қайсыбір жазушы көркем тілін безеп көсілгенімен, образдар мен оқиғаның қисынды шиеленісін бұзып алады. Қайсыбір жазушы эстрадалық ойнақы мәтіннен оп-оңай шерлі, құсалы күйге ауыса салады. Ж.Башар шығарманың нақ күйін, ішкі сазын түйсігімен танып, әңгіме ауанын бірқалыпта өре түседі.


Жылқының кепиетсіз тұрқы – жоғалған құндылық символы. Асыл мен жасықты айыра алмайтын қоғамға ішкі протест. Жазушы жаны – қарсылықтар алаңы болса, жазу­шы жүрегі – асылды ардақтай алатын, тек­ті жаңарта алатын, киеге бас ұрып, қа­зынасын қарадай қоритын ұлға үмітті. На­ғыз қазақтың кейпі, даналық мектебі, да­лалық абыз жорамал-ырымы тұнып тұр, алай­да, шығарманың оптимистік рухта аяқ­талуын оқырман ретінде қалайтын едік. 


Қазақ рухын жоқтаған қос шығармада – «Бі­ресе желсіз түндей тымық, біресе құйын­дай екпінді, тарихы сары далада өткен қа­зақ­тың үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, сас­пайтын мінезі көрініп тұр» (М.Жұ­ма­баев). 


Өткен жылдың еншісіндегі жұлдызы жан­­ған «Мысық пен Маруся» мен «Шах­ма­ран­ның кітабы» атты қос әңгіме Дәурен Қуат­қа тиесілі. Жазуының жаттығы мен образдық ойнақылығы қанық шығарма иесінің қалам сілтеуі де еркін. Әдеби ортада төбебойын көрсетіп, жазушылар санатында айтылмаса да Д.Қуаттың шығармашылығын­да көркем әдебиетке деген мұмтаз құштар­лық­ты, мәйекті ойдың жинақылығын көре­сіз. «Мысық пен Маруся» қазақы ұғым мен та­нымға бөлек қалалық үрдіс пен қала үйірген өркениет әбзелдерін орыстық, қала берді «батыстық» көзқарастарын келемеждеп, жасырын ыммен қоғамдағы құнды­лық­тар қайшылығын шенейді. Мұнда сіз һәм біз миық үйіріп күлдіре қоятын юмордан гөрі, зиялы юмор бар. 


Туындыгердің қаламындағы сөз сиқыр­лығын, көпті аз сөзбен беру тәсілін, сондай-ақ, драмалық шекпен өрістете отырып, ащы шын­дықты бір ілік сөйлеммен келтіре салу ма­шығын сөзсіз шеберлігі деп ұғыңыз. Бір қа­рағанда, «Мысық пен Маруся» оңай жазыла салған, сөз саптауы да жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ сізді еліткен алғашқы бөлік­тен кейін-ақ, бұл тақырыпты ішкі қыжылын са­бырға жеңдірген, тәуекелшіл қазақтың мі­незін құдайынан айнымас шүкірлігіне те­ліген, оқиға мен жербетілік сойқанның ішін­де емес, үстінде, әлдеқайда биікте тұ­рып салқынқандылықпен жазып шыққанын рас­таса керек. Бір қарағанда, жазушы көкі­ре­гін тосып «барлық жараның» аузында тұр, шы­ғарманы саяси кеппен ащы осып, «қара күл­кімен» жазып шығуына болар еді. 

Бүгінде ауыл безіп қалаға келген әрбір қа­зақ баласы осындай кеңестік отаршыл­дар­дың сарқыншақ сары Марусяларының сасық қуықтай бөлмесін жалдауға мәжбүр. Адам баласынан артық көретін мысық, итін жуындырып, жүнін үлпілдетіп, қазақтың ау­зынан қағылған етті «вискаспен» асы­ра­ған Марусялардың таңы қашан батады? Қа­зақтың танымындағы тексіздік осы болса керек. Ақыры, Марусяны асыраған аш мы­сықтары талап жеп қояды.

 
Жазушы бұл тақырыпты көлемдей етіп, те­гіс ұлттың көзімен қарап, қазақтың өз са­насымен жазуға құлықсыз. Көркемдік әдіс­пен оқырманын ойландыру үшін Тимофеевше «өмірді образды ұғынуы­мен» ерекшеленген, қол аяғы байлаулы қазақ қо­ға­мын орыс полковнигінің әйелі Маруся мен мы­сығы арқылы суреттеп беріп отыр. Қа­зақы ұғымдағы «мысық тілеу» өз-өзін жалмап жұ­татын өркениетті астарласа керек. Қа­зақ қоғамы қазақ үшін емес, қазаққа қарсы де­ген ой да лып етіп жадыңнан көтеріледі. 
Осындайда идеяның сұйқылтым, жел­пін­ген желдей жеңіл болмай, күрсініспен қа­мап, ащы алқынысын бүгіп, өз орнын өл­се көрсетпейтін мүкәмәл авторға риза бо­ла­сың. 


«Шахмаранның кітабы»– сойы бөлек, сүр­леуі тың дүние. Дәуренге тән қалам қуа­тының тамыры – әпсаналық, аңыздық, онан қалса жанды-жансызды бөле жармайтын ілкі дүниетаным. Әңгіме кең тынысты, кей тұс­та Мағауиндік модерн машықты аңдай­сыз, Қалихандық сүлейсөз зергерлігін тани­сыз, Төлендік пәлсапасына бас иесіз. Аймауытовша аспан жерді тірілте сөйлеп, кейіп­кері ішкі үнімен сырласады. Д.Қуат жа­уыр болған кейіптеулер мен суреттеулерге ұрынбайды. «Ұясына енбес бұрын Баян­жү­рек тауының басына қонып алып көк­күм­без аспандағы серуен жолын тамашалайтын ба­тар Күниесіз үйлердің шатырына шапағын ша­шып, шолақ көшелердің бойына құба қы­зыл алаша төсеп тастапты». 


Жамау шалдың бойынан «аспайтын, сас­пайтын» өз тәмсілі өзінде қазақ порт­ре­тін жазбай танисыз. «Тегінде, терісін сүйе­гіне қаптай салғандай қапсағай бойлы тыр­жау жігіт еңіреген ерегістің адамы еді». Қа­зақ бойындағы қалыптың бірі – ерегіс. Осы ерегісті А.Кемелбаева мен Ж.Ба­шар­дың әңгімелерінен де байқайсыз. Асылын жасықпен көмкергісі келгенде, ардақтысын ар­бап саудаға салғанда қазақтың қыңыр ере­гісі іште қыжылдап бой көрсететін. Өйт­кені, қазаққа өз болмысынан аттау ардан ат­таумен бірдей. Арды жоғалту – өліммен тең. 


Бүкіл ауыл үдере көшіп қалаға кетті. Со­сын жауынқұрттай жабысып жаманат ха­барлар естілетін болды: « – Келін кепшік­тің сұйық жүрісі білініп, оң босағадағы қыз­дың ойпаң белі шеңбірек атып, шаңырақ ас­тында төлдеді; – Ала жіп көрсе, асылып өле­тіндер көбейді; – Сөз жарыстырғаннан бөз жарыстырған озып, бәкене бойлы бә­секе күшейді».
Жазушы өркениеттің оңғақтай жұққан құ­сы­ғын өзгеше әдіптейді. «Бұл ауылдың ада­мын ғана емес, ұяты мен намысын да ау­зын арандай ашқан қала қылғыта сал­ды» дейді. 


Үш жазушыдағы қазақы кемеңгерлік – көкірегі қазына қариялардың көзімен бе­ріледі. Өйткені, бабамұратты дана дәс­түр­лер көнекөздермен аттанып кеткендей ме екен?! «Сөзінде кие жоқ, Елінде ие жоқ» (Ғ.Жайлыбай) тексіздік жаман. Үш қалам­гер­дің сонау түйсік тереңінде «тұнығым шай­қал­ды, қазынам тапталды, ағалар-ау қай­те­міз» деп алақан жайған жүрек уәжі жат­қандай. «Бұл ауылдың адамдарына мы­на таулардың тәкаппар мінезі, мына жол­дардың көнені көгендеген көпбілгіштігі мен көнтерілі төзімі, мына бұлақтың мөлдірлігі мен балаңдығы дарымапты». Жамау шал Жоң­ғар, Аршалы, Сарытайдың шошақ тө­бе­ле­ріне қарап отырып санасы сансырап, жал­ғыздықта жан әлемі күмбірлеп ғайыптан көзі ілініп кетіп, неше рет түс көріп, неше рет түсінде оянып әлдеқашан о дүниелік бол­ған ауылдас ақсақалдармен кездеседі. Сол­танбай ақсақал жылан-адам Шахма­ран­ның аңызын шертеді. Бұдан былай сіз бен бізге таныс аңыз желісімен шығарма оңай жүйткіп, тынысы кеңіп сала береді. Қоңыр күймен басталған шығарма орта тұ­сынан реңкі өзгеріп, ауызекі әдеби са­рын­да ойнақылана кетеді. Ерекше жан дүниесі елітіп келе жатқан күйді жоғалтып оқыр­ман өкінер, алайда, нағыз Дәуреншіл ди­дактиканы жазбай танисыз. 


Есіңізге бірден, «Қалилә мен Димнә», «То­тынама» сияқты көне дастандардың таң­ғажайып оқиғалық құрылымдары келе қа­лады. Осы аңыздың әңгімедегі астарын аң­ғара алмасақ та, Жамау қарттың Аршалы тауына деген ыстық ықыласын арттыра түс­кенін байқаймыз. Әңгімеде ұлттық маңыз­ды деталь бар: Жамау қарттың жүрек ше­рін қоздататын шидің уілі ше? Д.Қуаттың ши дегені қамыс емес пе екен? С.Мұрат­бе­ков­тың «Жусан иісінен» кейін жусанға бой­ла­маған жазушы жоқ шығар дейді Сағат Әшім­баев. Ал С.Елубайдың бір әңгімесінде түз өсімдігі ақшатайды кейіпкері құшырлана құшып, далалық қазақтың тумыс болмысын жарқыратпаушы ма еді? Жамау қарт «ерігіп шидің бір сабағын тамырымен жұлып алмақ болады», бірақ тақымына басып қалай тарт­са да ши тамыры ажырағысыз екен. Қай­та Жамау қарттың қолын сызып қан иек­теткен. Ши екеш ши де тамырынан ажы­рауға құлықсыз. Ал санасы бодау ұрпақ тамырынан оңай ажырауға неге бейіл? 


Бейнелеу мен байыпты сөздің құйы­лыс­қан, шұрқырасқан жазу мәнеріне қарап Мұ­рат Алмасбекұлының шығармашылығын әде­биеттің зор жемісі деуге болады. М.Ал­мас­­бекұлы М.Мағауин, О.Бөкей, Қ.Ысқақ, А.Кемелбаева, А.Алтай секілді қалам­гер­лер­дің ортақ суаты – Өр Алтайдың тумасы әрі сол қаламгерлердің дәстүрлі жалғасы. 


Қаламгердің «Ноқта» әңгімесінің идея­лық, көркемдік критерийлері құбажондасып, шұ­райлы баянмен оқиға желісін кино түсір­гендей бейнелеп, идеялық маңызын әлем­дік әдебиеттердің ішін сүзіп шыққандай ас­тарлап өреді. «Ноқта» жылқы жануарын ба­сына байланатын иірім жіп. Бірақ сол ноқ­та тек жылқыға ғана қатысты болса ғой. Әр­кімнің басында осындай көрінбейтін ноқ­та бар. 

Әңгімеде жылқышы Асудың құлан үйірі­мен жайылып жүрген ақкөк жылқыға деген аңсары, бірнеше күн қуып еппен ноқталап ұстап алуы баяндалады. Асу ақкөкті шап бе­ріп ұстап, басына ноқта салмақшы­бол­ған­да таң қалады, жылқының басында миы­на дейін кіріп, етпен ет болып кеткен ноқ­тасы бар екен. Демек, Асу ойлағандай бұл жылқы даланың тарпаңы емес, әлде­кім­нің қолынан өтіп, қашқан жылқысы болып шыққаны ғой. Таң қаларлығы, басына жіп түскесін денесі жарқ-жұрқ етіп жұтынған жыл­қы ойқастап, бой бермей жұлқынбайды, әдеттегідей жетекке көніп кете барады. «Міне қалсаң желқайықтай сырғитын сәйгүлік» екен. Асу ақкөкті ерекше баптап, қолына үйре­тіп алғасын басындағы ноқтасын алуға бе­кінеді. Бас етіне кіріп, сіңіп кеткен ноқ­таны алу оңайға соқпайды. Әйтсе де, әр же­рінен қиып алынған ноқта орны қансырап ал­а­ланып алыстан көрініп тұратын еді. Бір рет ноқталанған бас кейінгі ноқтаға да бас иіп, қашуға қайрат қыла алмайды. Бір рет бодан болған сана, еркіндіктікте де бодау, екін­ші рет те бас шұлғып кете береді деп қа­зақ баласы үшін қылп еткен жазушының жан ылаңын байқайсың.


Әр сөзінің құнары мен жұпарын төгіп, қы­лаудай артық эмоцияға берілмей, аса кең жүрекпен баяндауға көшкенде бауы­рыңды жаза түсіп, суреткермен бірге қаның қызады. Аспан мен жердің, жан жануар мен тіршіліктің ділін ұққан, қабырғасымен кеңе­сіп, әр демі мен дірілін аңдап басатын аң­ға­рымпаз қазақтың тыңшылығын, епшіл­дігін, түздің қарадүрсін майданына бой үй­реткен жаугершілігін, жылқы десе жан беретін әуейілігіне сүйсіне түсесің. 


Қазақ архетипі – жылқыға деген мадақ жы­рлы үш туындының ішкі рухани иірімі үн­десіп жатса да, сыртқы стильдік машық­тары түрліше. А.Кемел­баева сөйлем құрау­да жасампаз, бір сөйлемге екі ұғым, үш ойды нығыздап, мол ақпарат беріп үлгереді. Ал Ж.Башардың стилі оқиғаның драма­тиз­міне орай кейде қоялана түссе, кей тұста жай­­дақ судай жалпылана түседі. Ал М.Ал­мас­бекұлының стилі керісінше, ой мен сөй­­лемді баппен ұштастырып, нығарламай, бейнелеуге бейім анықтауышты сөйлемдері кейде бір ой үшін төгіле береді. Және ешбір құранды сөйлемді, әдейі ұйқасын іздеген образдарды кейіптеулерді таба алмайсыз. Бейнебір жазушы күнделікті тірлікте кібір­тіксіз көсіліп шешен сөйлейтіндей. «Семіз күз. Жонынан жарылардай жұмырланған даланың нағыз май шұрқан кезі. Буыны қа­тып, бойы нәрленген шөп-шауанның да де­генбай шабытты шағы». Сіз алғашқы тәп­сірден-ақ, бұл жазушының роман ауқы­мын­да оқиғасын соза түсе ме деп қауіптене бас­тайсыз. Рас, мына қарыммен роман кө­лемін көтеріп кете беретін баяу желісті оқи­ғаны жазып шығуға болады. 


Әйтсе де, шығарманың мығымды идеясы, мәйекті ойының түр-тұлғасы ажарлана жө­нелгенде жазушының ары қарай шешіле түсуі артық сияқты. Сабылдық шал «Ол жапан далаға қашып, жабайы аңдай еркін болғысы келгенімен, бәрібір басында ноқта жү­ріпті. Көзге көрінбегенімен сол ноқта ме­нің де, сенің де басыңда тұр» деп жазу­шының ішкі ойын ақтарады. Яғни жазушы оқырманның өз ойлауына, ішкі түйсігіне салмай бар уызын шайнап бере салған. Жеріне жеткізе баяндауда оқиғаның бүге-шігесін көзден таса қылмауы шығарманың басты міні. Қысқалық пен нұсқалыққа бет алған уақытта әдебиеттің көлем сапасын қа­ламгер де ескеру қажет. Баяндаушы – автор шығарма соңында кейіпкер-авторға айналып, өз атынан сөйлеуі де ұтымсыз. Алайда, оқиға желісін жұтындырып алып шығуы қаламгердің үлкен жеңісі.


Құлдық қамыт еркіндікте емес, құлдық – санада дегісі келеді шығарма. Ноқталы жылқымен бірге жайылған жабайы құланды ерге көндіріп, қолға үйретпек болғанда ау­зына темір азу салдырмай, екі құлан мұрт­тай ұшып өледі. Жазушы шебер шендестірген – еркіндік пен құлдық, сұлулық пен жабайы­лық ұғымдары салғастырыла көрсетіледі.




Сағадат ОРДАШЕВА


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар