Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сәйфи Құдаш: Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев...

12.02.2016 10710

Сәйфи Құдаш: Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев

Сәйфи Құдаш: Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев - adebiportal.kz


Адам ретінде, ақын ретінде М. Жұмабаев қандай болған? Ол ешкімге ұқсамайтын өзгеше, аса талантты біртума ақын. Оның өзіне ғана тән үні, таңғажайып әуенді жыры бар, бұның қайнар көзі халық поэзиясының тұңғиық тереңінде. М. Горькийдің С. Есенин туралы: «ол... адамнан гөрі табиғат, тек поэзия үшін жаратқан органға ұқсайтын...» деген аталы сөзін (М. Горький әдебиет туралы. М., 1953. 251-б) М. Жұмабаевқа да арнап айтуға болады. өзінің қайталанбайтын ерекшелігімен М. Жұмабаев поэзиясы А. Ахматова, Б. Пастернак, А. Блок творчествосын еске салады, ол А. Блокты оқып-үйренген, оған кейде еліктеген де. Тіпті, М. Жұмабаевты суқаны сүймейтін кісілердің өзі оның құдіретті поэтикалық талантын мойындаған: «... Буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылар ішіндегі ең кесек тұлға Мағжан Жұмабаев болатын», – деп жазды олар. (Қазақ Совет әдебиетінің очеректері, М., 1960, 26-б).


Өзінің аса ауыр өмірі әбден сарқылғанша М. Жұмабаев жансебілденіп еңбек еткен. Бәлкім, ол өзінің қайрат-жігері мен таланты жететін мөлшерден істі кемірек тындырған шығар, бірақ бұған оның өзі ғана кінәлы емес. Совет өкіметі орнағаннан кейін оның біраз мүдіргені рас, онда да қысқа уақыт қана. Көп ұзамай ол Москвадағы Орталық шығыс баспасында редактор болып істейді. Сосын ол жоғары әдебиет институтында оқиды, тіпті профессорлардың біреуі оны «Қазақ Пушкині» деп те атайды.


Сол жылдары ол қазақ мектебіне арнап оқулықтар жазу, В. И. Ленин шығармаларын, орыс жазушыларын аудару ісімен айналысады. Осының бәрі оның өз көзқарасындағы қайшылықтар мен солқылдақтықтан біртіндеп арылуына, маркстік-лениндік идеяларды терең де, берік игеріп алуына жол ашады. Өкінішке орай, осынау игі өзгеріс Қаз АПП басшылары назарынан тыс қалады. Тіпті оның 1927 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің органы «Еңбекші қазақта» жариялаған «Тоқсанның тобы» атты өлеңінің өзін «жарамсақтықтың айла-тәсілі» – деп қабылдады. Ал, ақын жүрек тереңінен алып, ағынан жарылып айтқан бұл өлеңдерінде былай дейді:


«Бұрын күллі халықтар үстінен жарқырай күн шыққанда, мен қателесіппін. Бірақ мен онда Отаныма қызмет істеп жүріп қателесіппін. Мен Алашорданың съезіне барға да, қатысқан да жоқпын. Осындағы кейбіреулер секілді, мен Алаш басшыларының шылауында жүрген жоқпын. Алаш партиясының қазаққа қажет емес екенін енді ғана ой-санамен білдім. Мен қазақ халқының тағдырын тек Коммунистік партияның ғана дұрыс шешетінін енді ғана өз көзіммен көріп, түсіндім. Егер Коммунистік партияны халықтың 90 проценті қолдаса, Алашты он-ақ проценті қолдайды. Мен 90-ды қорғаймын, өйткені жан-тәніммен Совет өкіметіне қызмет етемін» (Өлеңнің мағынасы осы).


Бұл ақынның жан сыры емес пе? Бірақ, оған сенбеді, неге? Мұны анық айту қиын, бірақ менің ойымша, кейбіреулердің жеке басының араздығы, өшпенділік, тап тартысы принциптерін дұрыс түсінбеу сияқты себептер де әсер еткен тәрізді. Не керек, әйтеуір, 1926 жылы ол тұтқынға алынды: Мағжан өзінің содан он жыл бұрын жасаған қателері және адал да жемісті еңбегімен түзеген қателері үшін айыпты болып шығады.


Он жылға кесілген ақын Карелия лагерьлері мен ормандарында ауыр күн кешеді. Онда да ол адал еңбек етеді, әуелі мұғалім, сосын бірнеше лагерьлердің біріккен санитарлық бөлімінде істейді. Мағжанның әйелі Зылиқа-ханым күйеуіне талай рет барған. әр барған сайын ол Ленинградқа жер аударылған профессордың, медицина ғылымының докторы әйелінің үйіне тоқтайды екен. Ол профессор (өкінішті жері – оның аты есіме түспей қалды) лагерьде Мағжанмен бірге болған, санитарлық қызмет жағын басқарған. Ол Мағжанды қарауына қызметке орналастырады. Соның ықпалымен, нақты көмегімен ол медицинаны оқып, үйрене бастайды. Профессордың әйелі оған қажетті әдебиет пен кітаптарды жеткізіп береді. Сөйтіп, нағыз ізгі жанды адамдар озбырлық пен сойқандықтың қорқынышты кезінің өзінде лагерьдің қатал режимінен қорықпай, қанатымен су сепкен қарлығаштай, тұтқындағы кісілерге көмектескен...


Ленинград профессорының кеңесімен, оның әйелі мен Зылиқа-ханым күйеулерінің хаттарын алып, Москваға М. Горькийдің қабылдауында болмаққа бел байлайды. Мағжан ұлы жазушыға оның өзі ана тіліне аударған шығармаларын жібереді. Ал, әлгі хаттарда – кінәсыз кісілер трагедиясы. Бір өкінішті жері сол кезде М. Горький Москвада жоқ болып шығады. Күйеулерінің хаттарын олар Горькийге деп, оның секретарына тапсырады. Әйел байғұстар енді не істейміз – деп ұзақ толғанады. Сосын әлгі хаттардың көшірмесін алып, аты әйгілі Ромен Ролланға бармақ болады. Бұл мұңлықтар оның үлкен гуманист, интернационалист жазушы екенін, сол кезде әйелімен Москвада тұрып жатқанын білетін. Роллан бұларды жылы шыраймен қабылдап, екеуінің әңгімесін шын ықыласымен тыңдайды, ал оның әйелі орыс екен, бұлардың әңгімесін қолма-қол французшалап, ал күйеуінің сөзін орысша айтып отырады. Р. Роллан қазақ жазушысы мен орыс профессорының қасіретті тағдырларына соншалық жаны ашып, оларға көмектесетінін, Горькиймен сөйлесетінін айтып, уәде береді.


Сөйтіп, екі әйел жүрегінде үміт оты ұшқындап, Ленинградқа қайтады.


Хош, сонымен, 1935 жылы М. Горькийдің көмегімен М. Жұмабаев босанып шығады. Ақын Петропавл қаласына қайтып келеді. Әуелгі кездері оған дос пейілін білдіріп, С. Сейфуллин көмектесіп тұрады. (Әрине, материалдық жағынан да). Мұнда М. Жұмабаев техникумда оқытушы болып істейді. Осы арада ол Қазақстан Жазушылар ұйымы басшыларының бірі С. Мұқановпен кездеседі. Онымен әңгімелескеннен кейін Жазушылар одағына қабылдау жөнінде арыз жазады. Өз арызында ол: «Совет әдебиетіне адал қызмет етемін», –деп атап көрсетеді. Бұған жауап ретінде С. Мұқанов: Сізді Жазушылар одағына қабылдау мәселесі жаңа кітабыңыз шыққаннан кейін барып қаралады деген сыпайы ғана хат жазады. Рас, ол хатта М. Жұмабаевтың творчестволық жұмыс істеуіне жағдай жасалады деген де уәде бар еді.


М. Жұмабаевтың одан кейінгі тағдыры көмескі, бұлдыр және бір түрлі түсініксіз аяқталады. Көп ұзамай Жұмабаевтың ескі кінәларын бетіне басып, оны әшкерелеп, айыптау басталады. Оны «сенімсіз» деп тауып, техникумнан шығарып жібереді. Ол мектепке қызметке орналасады, бірақ көп ұзамай «алашордашылар» ақынды одан да қуалайды. Ол Алматыға, творчестволық ұйымдарға жақын жерге көшіп бармақшы болады, сөйтіп онда өлкетану музейіне қызметке орналасады. Бірақ бұл жерде онша тұрақтамайды: жаңа жұмысқа үйренбей жатып, оны қайтадан жұмыстан аластайды. Алматыдан қызметке орналаса алмайтынын білген Мағжан Алматы ауданының бір колхозына медициналық пункт меңгерушісі болып барады. Бірақ «сенімсіз» деген хабар о жаққа да жетеді, сөйтіп ол бұл жұмысынан да айырылады. Осы сүргіннің бәрі бір-бір жарым жыл ішінде болады. Бұл енді әлдекімнің жауыз қысастығына ұқсас емес пе? Ұқсас болғанда қандай! Бірақ өзінің осындай мүшкі халіне, ала-топалаң болып жатқан жанының жай-күйіне қарамастан, «Тоқсанның тобы», «Жамбылға», «Қаламыма» өлеңдерін жазады. Өзінің өмір жолын біржолата саралап таңдап алған ер жүрек адам ғана қиын жағдайда тап осындай шығармалар тудырады. Осы өлеңдері қайда? Олар Қазақстан Жазушылар одағының басшыларына берілген болатын, бірақ бұл өлеңдер Одақ қойнынан қайта шықпайды. 1935 жылы Мағжанды қолдаймыз деп уәде берген жомарт өкілден қайран болмайды. Қаз АПП мұрагерлері тарапынан жасалған қуғын-сүргін мен қорлау-зорлаудың асқынып кеткені сондай, М. Жұмабаев өзіне-өзі қол салмақ болады, тек, әйтеуір, кездейсоқ тірі қалады. Арада біраз уақыт өткесін, 1937 жылдың 30 декабрінде оны қайтадан қамауға салады. Әйелінің айтуына қарағанда, қамалудан бұрын ақын НКВД-ға қайта-қайта шақырылады, ұйқысыз түндерді Мағжан ауыр ойлармен өткізеді. Үйінен біржолата кетіп бара жатып, тұтқындалған М. Жұмабаев есік алдына жете бергенде әйеліне: «Мен қоштаспаймын. Тіпті, құдайдың өзі де бір күнәға бола пендесін екі рет айыптамайды. Совет үкіметі мен қазақ халқына қарсы ешбір қылмыс жасамағанымды өзің де білесің. Бірақ мен қайта оралмайтын болсам, онда «бөлтіріктің бөріні жеп қойғанын» түсінерсің. Мұны есіңнен шығарма», – дейді ол. Содан бастап М. Жұмабаев мәңгі ғайып болады...


М.Жұмабаев жөнінде мен 1964 жылы бірінші рет марқұм профессор Есмағамбет Смайыловтың пікірін есіттім. Оның ойынша, М.Жұмабаев – Абай мен қазіргі қазақ совет поэзиясының арасындағы поэтикалық көпір. Мұндай жоғары бағаны оған тіпті ілгеріде Ғ.Ибрагимов берген, ол өзінің классикалық романы «Қазақ қызына» эпиграф етіп Жұмабаевтың «Айға» (1911 ж.) деген өлеңінің мынадай тамаша жолдарын алған еді:


Кең дала көресің ғой ана жатқан.

Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.

Асқар тау балдан тәтті сулары бар,

Әне, сол анам еді мені тапқан.


Бір кездері дұшпандары Мағжанды орыс халқын жек көреді деп те айыптаған. Мұның бір түсініксіз жері – орыс халқының тілі мен әдебиетін оқып-үйрену қажеттігін басқалардан көп бұрын түсінген кісінің айыпталуы.


Орыс халқының бай мәдени қазынасын игеру үшін М.Жұмабаев Уфадағы «Ғалия» медресесіндегі оқуын тастап, Обыға кетеді де, ондағы мұғалімдер семинариясына барып түседі. В. И. Ленинді, М. Горький мен М. Лермонтовты, т.б. ана тіліне бірінші болып М. Жұмабаев аударады. Ал, егер Мғжан творчествосында орысқа қарсы дұшпандық сарын болса, онда ол Романовтарға, патша өкіметіне, отарлық езгіге қарсы сарын. Бірақ, бұл сарын халық тағдырына мүлде жақын, міне, осы сарыннан шығып, ол ақырында интернационалдық көзқарасқа келген. Орыс ұлы өкілдері – Пушкинмен, Лермонтовпен, Кольцовпен, Горькиймен және олардың творчествосымен М. Жұмабаев сырлас дос болған , оларға – ұстаздарына арнап өлеңдер жазған.


Сөз түйініне келсек, М.Жұмабаев ақталған. Бірақ осы ақталуы толық болмағаны ма? Егер толық болмаса, оған не бөгет болып отыр? Ақынның «Қызыл жалау», «Тоқсанның тобы», «Жамбылға», «Қаламыма» және басқа өлеңдері оның әдебиетке қайта оралуына дәйекті дәлел емес пе? 1937 жылы «Қаламыма» деген өлеңінде ол:


Осы бетім-ақ ниетім, елге ере алсам,

Гүлденген өмірге үндес жыр бере алсам.

Социалды Отанды қанмен қорғап,

Керек болса кезінде жан бере алсам, –

деп жазды тебіреніп.


Осы өлеңінде Мағжан біздің алдымызға келіп, бұрынғы қателері мен адасқан кездері үшін кешірім сұрап, жос-жарандары мен әріптестері, халқы мейірбан көңілмен қабылдар деген үмітпен, оған таза жанымен, арымен, ақ пейілімен қол созады. Қазақ халқының осынау талантты ақынның творчествосы қазақ әдебиетінен тыс қалғаны дұрыс па? Кейбір әдебиетшілердің ойлап жүргеніндей-ақ, М. Жұмабаев творчествосын қалпына келтіру, тегі, алашорда ұлтшылдығын ақтау деген сөз емес. Меніңше, бұл мәселенің айқындығы сондай, оны дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас деп ойлаймын.


«Мағжан әлемі» кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар