Ақын Әділбек Ыбырайымұлының
«Сүмбіле шуағы» жыр кітабы туралы
Өлең сөздің поэтикалық табиғатын айқара ашып, сөз құдіретінің болмысын танытатын жинақ бар. Керісінше, өлең сөздің поэтикалық табиғатын шөмитіп, сөз қадірін кетіретін туындылар да жетерлік. Тіл мәйегін ұғына білетін жанның бүйрегі осының алғашқысына бұрып, кейінгісін көңілі қош көрмеуі – өнердің басты заңдылығы. Кейде біз ортаңқол ақындардан классикалық өлеңдер шоғырын жолықтырсақ, енді бірде жұрт аузындағы ақындардан ортаңқол өлеңдер тобын ұшыратып жатамыз. Әдеби процесте бұл тұрақты орын алып тұратын құбылыс. Ешкім де ақынға «былай жаз, олай жаз» деп ақыл бере алмайды. Шығармашылықтың тылсым күші бойын дендеген жан бізден қалай жазу керегін сұрап жатпайды. Аз жазып, тамаша өлеңдерін өмірге әкеліп жүргендер мен көп жазып, сөз қадірін қашырып жүргендердің ара жігін ашу – әдебиет сынының негізгі арнасы.
Бізге осындай ой сабақтауға итермелеген ақын, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты Әділбек Ыбырайымұлының шығармашылық әлеуеті. Әділбектің 2011 жылы шыққан «Сүмбіле шуағы» жинағын оқу барысында ақынның поэзия аламанында айшықты үні, өзіндік авторлық концепциясы барлығын жете түсіндік. Оның қазіргі қазақ әдебиетінде өз стилін (өзгеше жазу мәнерін) тапқан, басқалардан ұлттық колоритімен ерекшелініп тұратын ақындардың бірі екенін таныдық. Ретіне қарай айта кетсек, Әділбек – біздің қолымыздағы «Сүмбіле шуағынан» өзге «Пір мен пырақ», «Көктемсіз жыл» жыр жинақтарымен қатар «Адам-айуан», «Ұяластар», «Зауқайыр» романдарының авторы. Автор өзінің шығармашылық ұстанымы жайында:
Жауыздыққа жаны қас,
Дес бермеген,
Ақиықтың ұрпағы төске өрлеген.
Сахарадай кеудемді күмбір-күмбір,
Жыр-жиһазбен жасаған
Көш кернеген,
– деп жаһанға жар салып, өз қара басының «қара өлеңнің» садағасы екенін оқырманына танытып, «тілсіз мылқау сағымға» ілесіп, «жалынға» ұласады.
Аталған жинақтағы ақынның өлеңдері ғылыми орта мен жырсүйер қауымды авторлық концепцияларының сонылығымен, қоғамдық құбылыстарға деген қаламгерлік байқампаздығымен әм тілінің шұрайлығымен өзіне тәнті етеді. Біз өз кезегімізде ақын стилі мен идеясы арасындағы қарым-қатынас пен өзара байланыстылықтың проблемасы төңірегінде ойымызды өрбітпекпіз.
Жинаққа кірген өлеңдер жалаң сезіммен емес, ғасырдан-ғасырға ұласқан ұлттық философиямен өріліп, жекебастық алып-ұшпа эмоцияға берілуден алшақ. Керісінше қаламгердің өмірден түйген дүниетанымы көркемдік безбенін басып тұруы оқырманды парасаттылық әлемінің тереңіне сүңгітеді.
Сексеуілдер ыңырсыды,
Шағыл төбе жылап тағы.
Таусылмайды ғұмыр сыны,
Су сарқылды бұлақтағы.
Құдай көзі сөнді, семді,
Бұрыннан да соқыртұғын.
Күту бекер енді «селді»,
Таппай жүрек отыр тыным.
Адамды өзіне тартар Әділбектің сөз сиқырының бір қыры – поэтикалық формаларының мазмұндылығы. Бұл мазмұнның бойында алаштың дүниетанымдық көзқарасының ауқымды философиясы жатыр.
О дүниенің қоңырсы иісі жайлаған,
Түсініксіз көрінеді айналам.
Кейде – өлімін, кейде тірі күн кешем,
Бұ жалғаның жұмбақ қалар, әй, маған.
Құбыламды болжай алмай шаршадым.
Менің ғана иығымда барша мұң.
Құдай, құдай, естісе егер құлағың,
Бір күн тынбай айтатұғын бар шағым.
Стильді сөздің қадірін ұғынған қаламгер ғана оқырманын ойландыра алады. Ал, стиль өз кезегінде ұлттық эстетиканың қазанында қайнаған өнердің барша түріне тән. Қазақ өлеңінің өрнегі жыр мен бармақ (қара өлеңнің әдеби нормасы) үлгісінен тамыр тартқан ауызекі сөйлеу тілінің мәнерін өзіне бағдаршам етіп ұстанады. Осы кезде ғана барып, біз оны эстетикалық тұрғыдан қарастыра аламыз. Стиль қасаң индивидуалды әлдене ме? Жоқ. Қазақ поэзиясының даму барысында жыраулар, зар заман, кеңестік дәуір стильдері болды. Махамбет, Дулат, Сәкендер бір ғана стильдің түрліше құбылуын авторлық дербестікпен өмірге әкелді. Қазіргі қазақ әдеби процесіндегі ата, аға және жаңа буынның әрқайсының өзіндік дербес мақамы бар. Ал, осы буынның өкілдері ішінде өз стилін таба алмаған шайырлар шоғыры тағы бар.
Стилін тапқан ақындардың баршасы – Абай стилінің төлтумалықпен құбылуының бір көрінісі. Ешкім де мұқағалиша, төлегенше жыр төгілтпейді, солар тектес стильмен ой толғайды. Бар өзгешелік әдеби процеске кімнің ерте, кімнің кеш қосылуында ғана. Сонымен қатар, әлеуеттілікке бастар бір айқын дүние, әр автордың өз туындыларында ұлттық образдар мен мотивтерге қалай орын бере білуінде. Олардың арасындағы тұрақты қатынастың кілтін таба алсақ, автордың стилінің сандығын ашып, ішіндегі қазынасымен танысуға мүмкіндік тумақ. Әр ақынның поэзия сандығы поэтикалық үрдістің дамуы барысындағы түрлі вариациялар мен қатпарларды бойына бүккен, ешбір өзгеріске түспейтін қазақ жырының екі бірдей өлең өлешемін (жыр мен бармақты) алдымызға тартады.
Топырақ боп жерде жатсам бір гүлге,
Тиер ме еді тым құрыса септігім?...
...Кемпірқосақ өтейінші үстіңнен,
Басқа әлемге күні – керім, түні – бал.
Қоңыз теріп жүргенімнен сол артық,
Қарама аспан көздеріңді алартып.
Батар күннің қызылына айналам,
Мен де бір күн болмысымды жаңартып.
Өлең тілімен өрілген ақын стилі дегеніміз форма мен мазмұнның бірлігінен тұратын ұлттық образдар мен алаштық идеялардың арасындағы ажырамас тұтастық. Неге «өлең тілін» алға оздырамыз? Оның себебі, біздің айтпақ ойымыз тіл білімі ғылымына арқа сүйемейтін, тек қана әдебиеттану ұғым-түсінігі аясында ой өрбітуге бағдар ұстануымыздан туындап отыр. Оған себеп: мына өлең жолдары оқыған жанды бей-жай қалдырмайды.
Көзіме менің ыстық жас толып, үзілер,
Жүрегім – сүзгі, шерім мен мұңым сүзілер.
Таппадым қада жағалаулардың маңынан,
Тоқтасам түсіп, қайықтың жібін біз ілер.
Ауызекі тіл бір адамның ойын сыртқа шығарса, өлеңмен өрілген ақынның тілі мыңның жүрегіндегі сөзді сыртқа шығарады. Қазақ рухын ақынның бәрі байқатуға құмбыл, алаштың ақылман ойын таныта алатындар өте сирек. Ал, ақынның ақыны ғана белгілі ойдың белгісіз жағын таныта алады. Белгілі ойдың белгісіз қырын таныту Әділбектің жеке стилін үнемі даралап тұрады.
Бір өкініштісі стиль туралы айту қазақ әдебиеттануында, отандық әдебиет тарихында, әм әдеби сында бетімен кетіп, ол турасында сөз ету тек тілшілердің үлесіне тиіп келеді. Тілшілер қарапайым қазақы өлеңді өзіне жақын тұта отырып, түрліше қисындап, ой түйіндегенімен ақын стилін еш аңғара бермейді. Тек өлең бойындағы жанына майдай жағатын, жүрегін жылытып, рухын қайрайтын образдар мен идеяларды жазбай таниды. Ұлттық дүниетаным әлемінің колоритін қабылдау үшін әдебиеттанушы ғалым болу міндетті емес. Өз жазу мәнерін тапқан ақындағы колорит – сөзбен сомдалған образдың ілкі элементі. Кезінде ойын осылай өрбіткен Горкий: «тіл – әдебиеттің бірінші элементі» деген болатын. Жаңаша ұғынсақ, туындылардағы образ бен идея – өмірге келген өлең мен оны жазған ақынды түсінудің кілті.
Көлеңкем ұзын тұрқымнан,
Қораш-ау сыртқы сүдінім.
Шығармай, уақыт, ырқыңнан,
Түбіне тықтың күбінің.
... Бояуы қалың қара сұр,
Тартады терең құрдымға ап.
Жоғалған мендік бар асыл,
Зәумен бір келмес ырғын бақ.
Соңыма түскен құлғана,
Түбіме жетер ақыры.
Тірлікті, құдай, бұлдама,
Мен де бір тәңір пақыры.
Әдебиеттанушы ретінде стильден бізге керегі – қаламгердің сөзбен сомдаған образы мен туындысының тініндегі ұлттық мотивті қалай қолданғанын әдебиетсүйер қауымға ашып беру. Тілшілерге керегі – жазушы стилін танытуда сөздің қалай қолданылғаны болса, әдебиеттанушыға қажеті қаламгердің өзін өзге шығармашылық иелерінен бөлектейтін образ бен мотивтің шығарма бойында қалай көрініс тапқаны. Осы орайда, тілші сөзді бәрінен жоғары қойса, әдебиеттанушы образ бен ұлттық колоритті алға шығарады.
В. Турбиннің: «Объектом изучения и для литературоведа, занимающегося стилем, и для лингвиста сплошь и рядом служит слово, и отсюда иллюзия общности стоящих перед ними задач. Но все дело в том, что предметы изучения лингвиста и литературоведа совпадать не могут» [В. Турбин. Что же такое стиль художественного произведения. «Вопросы литературы», 1959, № 9, стр. 153.] дегені көп нәрсені аңғартады. Шын мәнісінде тілшіні қаламгер туындысының тілдік жағы ғана қызықтырады да, оның сөзбен өрілген басқа қырлары назардан тыс қала береді. Өйткені, қанша жерден құйқылжытқанымызбен суреткердің стилі лингвистикалық емес, әдебиеттану санаты, ақын тілі – эстетика мен философиялық байланыстағы форма мен мазмұнның ажыратып алғысыз бірлігі. Жазушы тілін стильдік құбылыс ретінде қарастыру тек қана әдебиеттанудың пешенесіне жазылған. Әдебиеттанушы ғалым оны өз еркіне салып не идеологиялық, не ғұмырнамалық, не деректемелік тұрғыдан тәпсірлей алады. Поэтикалық дербес сөз түрлентудің авторлық деңгейін не шөмите, не асыра дәріптеу де осы бір тәпсірлеу кезінде көрінеді. Онда стиль табиғатын ашудан бұрын авторға деген ғалымның өзіндік көзқарасы алға шығып кетеді. Оның орынды жағы да бар, жұртты адастыратын кері тұсы да бар.
Біз тек Әділбек стилін басшылыққа ала отырып, ұлттық идеология шеңберінде қазақ сөз өнеріне ақын ретінде қандай өзгеріс пен өзгешелік әкелгендігін өлеңдерінің тініндегі идея мен образға арқа сүйеп, өз байламымызды жарыққа шығармақпыз. Мына толық мәтіні ұсынылған «Сын сағатта» өлеңі айтып отырған ойымызды бекіте түседі.
Сын сағатта жалт беретін жалғандық,
Біле тұра... қанша соған алдандық.
Қалпағымды «алшы киген» тұстарда,
Кісіліктің бетін кеттік дал-дал ғып.
Мұртым аздап несібеңе майланса,
Менсінбедік жабағы мен тайды онша.
Ертеңгі күн ат боларын ойламай
Шайналады бармақ шіркін шайналса.
Ұстап қалсам пенделіктің мансабын,
Өз буыма өзім пістім қанша күн.
Ақша шаштым бей-берекет әспенсіп,
Ықыласын аламын деп ханшаның.
Күйіп-жанып неше мәрте қапылдым,
Жоқ екенін біле тұра қақымның.
Жалғандықтың ұстаймын деп жалынан,
Ақиқаттың арқанына шатылдым.
Лингвистикалық ой айтудың жетегінде кететін зерттеулерде стильді тілдік қолданыстармен шектеушілік орын алса, әдебиеттанушылық бағыттағы зерделеулерде қаламгер стилі әдебиет тарихымен байланыстылықта қарастырлады. Егер біз ақынның поэтикалық талғамын ұғына алсақ, онда туындының табиғатын тап басып танығанымыз. Ал, ол қолданған көркемдік амалдардың жетегінде кетсек, ақынның айтпақ ойының ауылынан адасқанымыз болып шығады.
Сонымен, ақындық әлемнің есігін тілшіше ашамыз ба, әлде әдебиеттанушыша ашамыз ба? Бар мәселе жиылып келгенде осыған тіреледі. Алғашқысының дағдысына бассақ, ашулы есік қайыра тарс жабылады. Соңғысының амалымен ашсақ, бұрын белгісіз қалып келе жатқан дүниелер көзге шалынып, ойға өз сәулесін нұрландыра түсіре бастайды. Тек біз жазушы стилін лингвистиканың азаматтығынан айыруымыз керек. Бар болғаны осы. Тіл емес, ой жетекші. Ойдың мәнісіне бара білу – ақын стилін анықтай алу. Сөз адамды түрліше пікір түюге мәжбүрлесе, ой – өзі жайында ақиқат пікір айтуға көндіреді. Әсем сөзден төгілген бәтуасыз өлең бар, аңсарлы ойдан түзілген мінсіз таза туынды бар. Осындай туындылар Әділбекте көп кездеседі.
Бәтуасыз өлеңді – классикаға балау да, мінсіз таза асыл ойлы өлеңді – ортаң қол туындыға айналдыру да әдебиеттанушының талғам-деңгейіндегі дүние. Ғалымның міндеті – туындыдағы идея мен жазушының сезімін дәл беру үшін олардың табиғатын оқырман қауымға бүкпесіз ашып көрсету. Ойлы автордан ақылман, сыршыл ақыннан сезімді үйірер өлең туып, бірі ойға, бірі жүрекке өз салмағын түсіреді. Егер өлең жүрекке де, ойға да қозғау сала алатын болса, онда ақынның классикалық өлеңді өмірге әкелгені. Стилдің құдіреті, міне, дәл осы кезде танылып, аталған өлең арқылы өз авторының ешкімді қайталамайтын соны әдеби құбылыс екендігін паш ете алады. Бұндай деңгейге жеткен ақынның өлеңдерін басқа ешкіммен шатастыра алмайсыз.
Шырайлы шырағым-ай,
Өмірдің мәні неде?
Біздерді, сірә, құдай,
Келтірді мәмілеге.
Бәріне құлықтымын,
Қай жаққа бастаса да.
Өткенді ұмыт, күнім,
Басқа – өмір, басқа – сана.
Шарықта, шағала-қыз,
Қанатың күнді аймалап.
... Біз болсақ тәмәм аңыз,
Ел тұрса қимай қарап.
Әдеби мәтінге талдау жасайтын әдебиеттанушының алға қойған міндеті – жинаққа енген туындылардың ішкі біртұтастығын сақтап, нақты ғылыми танымға қол жеткізу. Оған үш тұрғыдан қол жеткізіледі. Туындының көркемдік ерекшелігінің ортақ тұстарын ескеріп, әрі ұлттық дүниетаным шеңберіндегі интерпретация мен түсіндірулер жасай отырып, әлеуметтік-тарихи түсініктеме беру. Біз милети эстетикалық бағдар ұстанып, оқырман қабылдауынан аулақтамай, онымен жүрегіміз бірге соғып, тілегіміз бірге қабысуы керек. Екіншісі, оқырманды қолынан жетелеп, эпистемологиялық өзгерістерді ұғынуға бағыт беру.
Әділбек лирикасының тереңіне үңілер болсақ, екі бірдей мифопоэтикалық қатпар атойлап шығатынына куә боламыз. Оның бірі – пырақ ат. Ал, екіншісі – көк аспан. Мына бір «Жасырынып шарбы бұлтқа Ай-сылаң» атты өлеңін бей-жай оқи алмайсың. Ақын бес шумақ өлеңінің бойына ұлттық барша мифологиялық түсінікті сыйдыра білгендігі көзге ұрып тұрады. Және де бұл ұғымдарды айқын да, түсінікті қылам деп артық қадамға бармайды. Қайта бұлдырлы ойдың оқырман санасында жаңғыра нақтылануын мақсат тұтады.
Ақын бейнесі бұлдырап, «екінші» бейнесінің қылаңдауынан тұратын постмодерндік сезімталдық арайына оранған өлеңге кезек берейік.
Құс қайтады, иектейді бір бәле,
Сен көрмейсің, есікті ашып кірді, әне.
«Атым бар» деп, қоймай қойды мазаны ап,
Тұлпарына мінейікші жүр, кәне.
Қаламгер өз оқырманымен осылайша сұхбаттастыққа түседі. Ақынның шығармашылық шабытына арқау болған егізінің сұлбасы біздің ойымызға оралып, сезімімізге қамшы бола алмайды. Біз оның барлығын шығармашылық иесімен өзі қалаған шақта ғана жолығатындығын авторлық сөз саптау желісінен тек бажайлап қана қоямыз. Ақын кеңістіктің кеңдігі мен тарлығын құстың жылы жаққа ұшып кетуі мен жылы жақтан кері оралуының мезеті: бірі – күзгі, бірі – көктемгі аласапыранмен ұштастырып береді. Ол қасиетті Аққу, не Әз Қарға тотемі ме, біз оны еш білмейміз. Әлде ол ақынның пірлік сыңары ма? Оны әр оқырман өзінше шешеді.
Чеховша айтсақ, драманың басында мылтық ілулі тұрса, ол атылуы керек. Міне, біз де ақынның Ақбоз арғымағының арынына, өлеңдік пырағына жарыса мінгесеміз. Ізінше-ақ:
Бұлт еліне сіңіп кетіп барамыз,
Аспан шалдың кіндігінен тараған.
Ұлт жадысы ұмытқан Эрлик әлеміне қалай аяқ басқанымызды аңғармай қаламыз.
Бұл арада, шын мәнісінде, қос ұғымның лирикалық туынды формасының бойындағы екі қыры – тілдік, материалдық және заттық (портрет, жағдай) нобайы таңбаланған. Ары қарай, Гартманша, мазмұндық қатпар өз жалғастығын табады. Бұл дегеніңіз – «ситуация мен қимыл», яғни, персонаж, конфликт, сюжет, «тағдырлардың» топтасуы. Демек, қаһарман тағдырын ол ситуация мен қимыл арқылы ашып береді. Ал, «Идеалды тұлға» – әдетте, адам мен басқа да жандардан және өз-өзіңнен жасырынған адами тұлғалықтың идеалды мәнісі. «Идеалды тұлға» көбіне махаббатты, сүйген жанға деген қарым-қатынасыңды ашып көрсетеді. Әлбетте, ынтық жүрек идеалды образын өз қиялымен туындатса, сол кезде оның шындықпен жанаспайтын бейнесі өмірге келеді. Бір ақиқаты, барша жағдайда ғашық жан өз сүйгенінің идеалды мәнісін өзі үшін ғана аша алады. Суреткердің одан айырмашылығы, осы бір адами идеалды мәнділікті басқалар үшін де аша алуында.
Гартманның ескертетіні, «идеалды тұлға» дегеніміз – бұл кесте емес, ол тек көркем туындының басқа қатпарларымен бірлікте алынған кезде ғана ашылады. Ал, жеке дара күйінде өзінің дербес мәнін ғана айқындап бере алатын көркем мазмұнның көбедей көп қатпарлының бірі болып қала береді. Көркем шығарманың аталған қатпары – «жалпы сипатқа ие идеяларға арқау болса», яғни, өмірді тұтастыра қабылдаған суреткердің әлдебір аян алуымен үйлесіп, барша адамдарға қатысты болып келсе, онда ол феноменология тілінде жалпы өмір мәнісінің көркем құбылысы болып табылғаны.
Міне, Ыбырайымұлы өлеңдерінің бойындағы осындай көркемдік құбылыс Аспан мен Арғымақ алаулатқан нұр сезім болып, өз сиқырымен оқырмандық санаңды жаулап алады. Бұндай мәдени-көркемдік нысан ақында көбіне Жеті Қат пен Тұлпар тұрқында ұшырасып отырады. Енді әлгінде үзілген өлең жолдарына қайыра оралайық. Автор лирикадағы әңгімелеу тәсілін жете меңгерген. Оған куә беташар өлеңдегі мына шумақ:
Құстар қайда-а, тым төменде тізілген,
Әй, бәлекет, қалдың ба ақыр ізімнен.
Қобызы бар ұшырастым Қорқытпен,
Нарға мініп,
Жетелеген жүз інген.
Тірі екен ғой ажал бұған жетпеген,
Қандай ғажап қасиетті ең көк деген.
Тізгінімді тартым сәл-пәл аңырып,
Керуенге...
Күнге қарай беттеген...
Иә, біз көп нүктеден кейінгі айтылмай қалған, оқырман пайымына тасталған ойлардан көп нәрсе ұғынамыз. Онда автор бейнесі бүркемеленген. Авторлық образ бойында – кеңестік кезеңнің өнердегі эстетикалық ұстанымы біздің буынға жазуға мүмкіндік бермеген ұлттың көне дүниетанымына оралудың қасқа жолы бұғып жатыр. Ақын оған көп өлеңінде Зеңгір Көк пен Пырақ пішінін тылсымдау арқылы қайтып оралып отырады. Оның тұңғыш жинағының «Пір мен Пырақ» атануы да тегін емес. Бұл жердегі Пір – Тәңірімен жалғастырушы Көк қойнауындағы Қызыр да, Пырақ – ақын рухының киесі.
Ақынның өлеңдеріндегі мифопоэтикалық «Жалпы идеяны» белгілі бір ұғым-түсініктер арқылы анықтау мүлдем мүмкін емес, суреткердің өзі оның айқын анықтамасын толыққанды біле бермейді. Ол тек «өмір тілінде, яғни, іс-қимыл мен азап шегу, жек көру мен махаббат тілінде» және т.б. арқылы қылаң берген де шығар, бәлкім... Басқаша айтар болсақ, ол туындының барша көркем образдар жүйесінен, туындының тұтастығын түзуші барша қатпарлардан – форма мен мазмұнның қатпарларынан және олардың бірлігінен басталмақ. Осы бірлікті тек Жеті Қат Көк пен Қанатты Пырақ образы арқылы түстеп, тануға мүмкіндік аламыз.
Әділбек Ыбырайымұлының өлеңдеріндегі Көк аспан мен Күлік бейнесін өткен мен бүгінгінің қазақ әдебиетіндегі жалғастығы деп ұғынуға тиіспіз. Ақын өзінің мәтіндік әлемін түзгенде өзіне дейінгі өмірге келген құндылықтармен этномәдени сұхбаттастыққа түсіп отыр. Әрі, ақынның оқырманы да бұл милети түсіністіктен тыс қала алмайды. Сондықтан әр қазақ оқырманы оны өзінше бағамдап, өзінше субъективтік пікірін білдіре алады. Қазақ ақындары туындыларындағы «бөгде сөз» концепциясы өзіне назар аударуды қажет етеді.
Қазіргі қазақ ақындарында сәтті және нашар өлең деген мүлдем жоқ. Тек орынды және орынсыз қолданылған интермәтіндемелік қана бар. Осы тұрғыдан келгенде Әділбек Ыбырайымұлының туындыларындағы «бөгде сөз» оқырманын өзінен үркітпейді қайта ескінің жаңғырып, қайыра жаңара толығуымен жыр сүйер қауымды қуантып отырады. Үш бірдей: фольклорлық, әдеби және мәдени асыл арна алдыңа түсіп алып, жол сілтеп, ойыңды өз жетегіне алады.
Осылайша ақындарымыз қазақ поэзиясындағы диологизмді жете және шамасынша меңгеруі арқылы өздерінің әдеби қарымын танытып отыратын кезеңге аяқ басты. Ұлттық поэзия бұрынғы ақылмандық позициядан бірте-бірте арылып, оқырманымен санасатын сұхбаттастық позицияға көшуге бет бұрғанын атап өтпеуге еш болмайды. Авторлар рухани мәдениет және милети эстетикалық ұстанымдар аясында ұлтымен шығармашылық диалогқа түсуді алғы орынға қоя бастады. Осы диалогқа түсу үстінде замана ақындар түрлі мәдени кодтарды шығармашылықпен игереді. Ыбырайымұлының басты нысана тұтқан шығармашылық мәдени коды Дүлдүл мен Тылсым дүние болып табылады. Әділбек туындыларын өмірге әкелген шақта автор туындыгер ретінде өзіне дейінгі әдебиетпен аралас-құраластыққа барады. Өзінің субъективті дербес әлемінде ұлттық құндылықтарымыздың көп мәнділігін аңғартып, өз төтелі көркемдік шешімін танытады. Осылайша, қазақ әдебиетіндегі диалог ұғымы интермәтіндемелік түсінігіне қарағанда аясының кең екендігін білдіріп, әр ақында әрқилы ұғынылып отырады. Әділбектің Көк жаһаны мен Арғымағы басқа ешкімге ұқсамайды. Белгілі бір мәдени кодтың өзіндік ерекшелікке ие авторлық айшықталуы ретінде ол әдеби процестен тиесілі орнын алады.
Ақын мәдени кодты қолданған шақта өз үнімен өзгенің үнін жарастыра білуі керек. Барлық ақындар поэтикалық суреттеу әдіс-тәсілдерін жете меңгерген, о жағынан еш кінә таға алмайсың. Бірақ олардың мәдени кодтарды өлең өрімінде қалай қиыстыра білуінде көп нәрсе жатыр. Әдеби сында ақындардың туынды бойындағы мифопоэтикалық айшықтауларына негіз етіп алған детальдық мәдени кодтарының бағын аша алуы мен аша алмауы басты орында тұрады. Және ақынның мәдени кодтарын сөз еткен сыншының ешқайсының пікірі ең соңғы да емес, ең бәрін қарпушы да емес. Осы тұрғыдан келгенде Әділбек Ыбырайымұлының жеке авторлық қолданысындағы Көк аспан мен Арғымақ бір туындыдан екіншісіне көшіп жүретін тұрақты мәдени код ретінде оқырман мен туындыгер арасындағы әдеби көпірлік мәдени код болып табылады.
Әділбек – біз сөз еткен әдеби сын межелерін бағындырған ақын.
Серік Әбілқасымұлы,
филология ғылымдарының магистрі
Шығыс Қазақстан облысы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.