Қазіргі қазақ әдебиетіндегі орта буын қаламгерлердің ішінде өзінің биік те, көркем прозасымен жарқырай көрініп, терең із қалдырып отырған көрнекті прозаиктеріміздің бірі – Асқар Алтай. Ол – қазақтың, көркем прозасына өзіндік үні мен бағытын ала келген, өзіндік сүрлеу – соқпағы бар, көркемдік сарабы айқын, дара болмыс – бітімді, суреткерлік таланты ерекшеленген, ешкімге ұқсамауымен оқырмандарын өзіне тарта түсетін оқшау мінезді көркем тұлға. Асқар Алтай – суреткерлік мұраты биікте асқақ, көркемдік позициясы, авторлық тұрғы , қаламгерлік концепция – тұғыры берік, шығармашылық иесі.
Қазақ әдебиетіне Алтай қазақтары тақырыбын алып келген Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев, Төлек Тілеуханов, Дидахмет Әшімханов, Марат Қабанбаев, Кәдірбек Сегізбаев , Әлібек Асқаров сияқты талантты прозаиктер шоғырын еске алсақ, осы талантты топтың көркемдік ізін, көркемдік дәстүрін өнімді де өнікті жалғастырып жүрген қабырғалы прозаиктеріміздің бірі – Асқар Алтай. Асқар Алтайды қатардағы көп беллетристерден ерекшелейтін қасиеті – оның суреткерлік түйсігі мен танымының тереңдігінде, өзінің көркемдік әлемімен, көркемдік кеңістігімен тұтасқан, біріккен, кіріккен, жарасым тапқан тұлағасында, Асқар Алтайдың суреткерлік болмыс – бітімін, суреткерлік әлемін арнайы зерттеу, қарастыру алдағы іргелі зерттеу еңбекердің еншісінде екенін баса айтқымыз келеді. Бұл бұл жолғы әңгімеміздің тізгінін өзінің «Алтай балладасы» («Алтайдың алқызыл модағайы») мен «Туажат» («Тамұққа түскен сәуле») романдарымен оқырман қауымды елең еткізген жазушының әдеби қауымнан көркемдік бағасын ала қоймаған соңғы кездегі үлкен көркемдік дүниесі – «Сират» романына бұрмақпыз.
Асқар Алтайдың «Сират» романына – өзек болған негізгі өмірлік материал – Шығыс Түркістан қазақтарының азаттық жалындағы жан алып, жан беріскен алапат тірлігі, қанқасап тағдыры мен талайы күрмеулі өмір өткелдері.
Роман өзегіне арқау болған әр түрлі сюжеттік желілер роман композициясында шебер қиюласып, оқиғаларды, бөлшектемей, тұтастық күйін сақтап, көркем персонаждарға айналған бұралаң соқпақты әр түрлі тағдырлар жолдары дәуірлік контексте, көркемдік кеңістікте түйісіп шығарма арқауыдағы ой мен сезім бірлігін бірсәтте әлсіретпейді. Үздіксіз тоқтамайтын авторлық ой ағыны, сезім тасқыны роман композициясының арқауын босаңсытпай, шығармаға ерекше бір бүтіндік болмыс дарытады.
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың өн бойында Ресей мен Қытай сияқты алып империялардың құрсауында қалған қазақ халқының талайсыз тағдыры, ауыр жағдаяттар қилы нәубет пен ұлы сүргіндерге ұласып, бүтіндей бір этностың этностық тарихындағы геноциттер мен этноциттер әдеби персонаждардың алмағайып тағдырлары өрнектеліп, шығарма бітіміне ұлы өксік пен терең трагизм дарытып тұр.
Романда басты тұлға боларлық кейіпкерлер аз емес. Алайда сордың ішінде алтын үзек болып Омар Алпысханұлының образы ерекше жоталанып, жарқырай көрінеді. Омар Алпысханұлының бейнесі жазушының өз әкесі Құмар Алпыспайұлының тұлғасынан алынған, оның өмірдегі негізгі тура прототипі. Әкесінің Шығыс Түркістан қазақтарының қилы тағырлары туралы, азаттық күрес туралы әңгімелері жазушының бала қиялына қатты әсер етіп, оның сана түпкірінде көңіл жадында өшпестей, ұмтылмастай болып жатталып, таңбаланып қалған. Сондықтан романның өмірлік материалы жазушыға ертеден етене таныс, жақын, ыстық, киеілі тақырып боландығын айта кеткеніміз жөн. Жазушының ой – сорабында бұл оқиғалар жүлгеленіп көркемдік ренк алып, автордың көркемдік танымында әр қилы тағдырлар сұрыпталып, екшеленіп, сарапталып, сомдалып, ерекше бір көркемдік тыныспен образдар бітімі сүлделенген болатын. Осыдан бұлар жазушы «О, қара жер – Жер-Ана, бойымды сен жабарсың. О, қара сөз – Сөз –Ана, ойымды сен жазарсың», - деген әке тәмсілін шығармасына эпиграф етіп алған.
Романдағы әр бір сюжеттік желіге негіз болған Марқа мырза – Алпысхан, Омар, Құмарбек, Оспан, Шердиман, Құсайын – тәйжі, Мұғаждар, Аспанқарт, Сәлісбек құмылдық сатқын Жолбарыс тараншы, Қырықбай қажының ұлдары Омар мен Оспан байлар, Сүлеймен, Ережеп және Нұрпейіс мергеңдер, Американ елшісі Дуглас Маккернан, Оразмағамбет пен Құрманғали, Ғали Естаев, мешел Жұмабай осы сияқты кейіпкерлер романның образдар галлереясын толықтырып, сюжеттің даму динамикасына ерекше серпін береді. Кумуллятивті (сюжеттің өрістеуі) сюжет арқылы өрбіген сан – тарам оқиға желілері белгілі бір уақытпен кеңістік аясында тоғыса келіп роман құрылымында понарамалық сюжет түзейді.
Шығармада нақты адамдардың тағдыр тауқыметі, уақыт қоғам шындығы толық қамтылғандықтан жазушы ақиқаттан айнымай, бұрмалаусыз бейнелеуге ұмтылады. Өмір шындығына аса қатал болмысын сақтай отырып, көркемдік қуат пен қатал реализм аясында дәуір кескінің бедерлеуге талпынған.
Романның басты тұлғаларының бірі – Оспан батыр образы шығармада толық қанды жарқын көрініс тапқан. Ондаған жылдар Шығыс Түркістанның азаттығы үшін жанын жалдап, ат үстінен түспей, арсытандай арпалысқан есіл ер тұлағасына бей-жай қарай алмаймыз. Осы жерде роман оқиғасынан өзек болған өмірлік , тарихи материалға аз-кем тоқтала кетсек.
Біздіңше «Синьцзян » қытайша «Шыңжаң» қытай тілінде «Жаңа өлке» деген ұғымды білдіреді. Осы жерде мекендейтін түркі тілдес халықтар бұл атауды ұнатпай «Шығыс Түркістан» деп атайды. Жүздеген жылдар бойы Шыңжаң өлкесі түркі халықтарының қытай эксанциясына қарсы күрес аренасы болып келді.
1931 жылы Гоминандық Қытайға қарсы Құмылда қырғыз, өзбек, дұнғандардың қолдауымен ұйғырлардың көтерілісі бұрқ ете қалды. Іле өңірінде қазақтар көтерілді. Ал Шыңжаңның солтүсігінде көтерілісті Шәріпхан бастаған Алтай қазақтары мен моңғолдың жас князі Махавана (Магвана) қолдады. Көтерілісшілер бірнеше жеңістерге жетіп, Шығыс Түркістанның 90% жерлерін қытайлықтардан азат етті. Бірақ гоминандықтар алдап-арбау, қулық сұмдықпен көтерілісшілердің өз арасына от жағып, араңдату саясатымен дұңған девизиясының командирі Ма Джуинға алтын беріп, сатып алып өз жақтарына оңай шығарып алды.
Ма Джуин Қытайдың әскери академиясында оқып, маршал атағына ие болды. Гоминандық Қытай бұрынғы ақ гвардияшылардан полковник Павел Папенгуттың басқаруымен бірнеше полктар құрды. Тәжірибелі және ұрысқа жарамды әскери казактар көтерілісшілердің бірнеше жасағын талқандады. Көп ұзамай Шыңжаңға Маньчжуриядан полковник Шен Шицай (Шыңшы-Сай) бастаған отряд келіп жетті. Ол өте қу, белгілі бір ұстанымы жоқ саясаткер, құйтырқы істерден бас тарпайтын интриган және сатқын болды. Ақгвардияшылардан қолдау тапқан ол 1933 жылдың сәуірінде үкіметтік төңкеріс жасады. Аймақтың дутын (губернатор) лауазымын иеленген ол өзін-өзі генерал шеніне көтереді. Кейін генерал-полковник болады. Шығыс Түркістандағы халықтардың ұлтазаттық қозғалысының қарқынын басу үшін ол бірнеше саяси және экономикалық бостандықтар беретін болып, саяси қулықтарға дейін барады. Сол кезде Қытай мемлекетінің ішінде бір жағы гуммунистер, екінші жағынан императорлық монорхистер, үшінші жағынан Гоминдан партиясы болып, дай-дай ұрысқа кіріп, ел ішін толық анархия жайлайды. Оның үстіне Жапон миллитаристерінің сыртқы агрессиясы мен жергілікті шенеуніктер мен дала командирлерінің тізгінсіздігі жағдайды одан әрімен ушықтырады. Сондықтан да осы кезеңде Шыңжаң өлкесі Қытайға номинальды түрде ғана бағынып, бар билік губернатордың қолына шоғырланды. Нанкинге бағына қоймаған Шен Шицай өзін-өзін тәуелсіз мемлекеттің қожайыны сезініп, көтерілісшілерге қарсы Кеңес Одағынан көмек іздеді. Сталин бастаған Кеңес Үкіметінің басшылығының ауызын алған қу, жырынды Шен Шицай көтерілісшілерге қарсы Ақгвардиясшылардан құрылған полктармен қатар Кеңес авиациясы, МХР қарулы күштерінде қолданып, көтерілісшілерді аяусыз жазалады. Үрімжі түбінде бірнеше рет зауыттан жаңа шыққан бронды машиналар іске қосылды. Кеңес ұшқыштары Ма Джуинның атты әскерлерін төбеден бомбалады. Бірнеше айда қытай-кеңес армиясы, ақвардияшылардан құралған армия бүкіл Шыңжаңдағы көтерілісті басты. Осы ақвардияшылардың өкілі қазақтар Сынтып атап кеткен полковник Синтипов образының қанішер болмысын жазушы романда реалистікпен ашып көрсетеді.
1937 жылы Алтайдағы көтерілісті басуға 8000 қытай солдаты, 200 МХР жауынгерлері және кеңес авиациясы қатысты. 1940 жылы Бадайшан тауында көтерілісшілер талқандалды. Ал олардың басшысы Ноғайбай қаза тапты. Бірақ көтеріліс оңай басыла қойған жоқ. Қазақтар тез есін жиып, Ноғайбайдың баласы Ырысханның және оның көмекшісі Оспан батырдың басшылығымен бір ай өткен соң Қытайларға үлкен соққы берілді. Шен Шицай қазақтармен келісімге келуге асықты. 1940 жылы келісімге қол қойылды, алайда Оспан батыр өз серіктерімен бұл келісімге қол қоймай, моңғол шекарасындағы Бадайшан тауларында күресті тоқтатпады. Алтайдан ашылған алтын және уран кеніштерінен тиілген колонналарға шабуылдап, нәтижесінде бұл қазбаларды Кеңес Одағына жіберуді тоқтатты. 1941 жылы Ырысхан обадан қайтыс болып, басшылықты Оспан батыр қолға алды. Оспан батыр есімі Қазақстаннан гөрі Түркия, АҚШ, Англияда кеңінен мәлім. Қытайда Оспан батыр есімін айтуға тыйым салынған. Жазушы Асқар Алтай бұл туралы: «Біле білгенге еңсеріле ел ауған, жан сауға да жат жер құшқан қазақтың қасіретті тарихына әлі күнге шынайы биік билік тарапынан да, ірі тарихшылар тарапынан да толық баға беріле қойған жоқ. Оған тіпті тәуелсіздік заманы туса да, әлі күнге шейін құлық жоқ сияқты болып көрінеді. Ресейге, Шығыс Түркістанға, Иран мен Ауғанға, қиыр шетелге шығандап кеткен жұрттың тағдыр талайы туралы терең зерттеулер жоқтың қасы. Тіпті, қасақана қолдан қойылған кедергілер бар сияқты көрінеді»,- деп айтқан болатын. Кеңестік дәуірде де біз Оспан батыр туралы көп ештеңе білген жоқпыз. Ол коммунистік Кеңестермен де ақ қытаймен де, қызыл қытаймен де бірдей соғысты. Ағылшын жазушысы Гофедей Лиас Оспан батыр тұлғасы тура былай деп жазды: «Оспан батыр бұдан 5-6 ғасыр бұрын өмір сүрсе, Мөде, Шыңғысхан, Ақсақ Темір сияқты ұлы қолбасшы болар еді. Бұл адам ХХ ғасырдағы ең қатал тоталитарлық режиммен күресіп, қаза болды, бірақ жеңілген жоқ».
Жазушы Асқар Алтай «Сират» романында Оспан батырдың толыққанды бейнесін сомдай отырып, оның ешкімге ұқсамайтын турашыл мінезін жарқын түрде ашып көрсеткен. Романдағы Оспан батырдың ұлы Шердиман және өзге серіктерінің де хас ерлерге тән жаужүрек бітімі оқырман жадынан көпке дейін ұмытылмайды.
Роман композициясындағы тағы бір ерекшелік – бір тараудағы қосалқы эпизоттық кейіпкер келесі тарауларда басты тұлғаға айналып, оқиғаның даму барысына әсер етеді. Қазіргі әлемдік әдебиеттегі осы бір соны тәсілді жазушы өнікті тәсіл ретінде шебер пайдаланады. Роман «арқауында» бұралаң соқпақты киіпкерлер тағдыры сюжеттік перипетияның өрі мен ылдиын бастан кешіреді. Бірақ олардың әрқайсысында елінің ертеңгі азаттық күніне деген үміт оты сөнген емес. Осы азаттық, еркіндік рухы шығарманың оптимистік бітімін айшықтап, жазушының көркемдік концепциясына айқын байқалып тұрады.
Шығарма фабуласы кейіпкерлер тағдырын бастан-аяқ ежіктейтін классикалық роман пішінінен бас тартып, ұшы қиыры жоқ мол оқиғаларды әрбір «арқауларда» жеке-жеке түйіндеп, серіппедей сығымдау тәсілі арқылы берілген.
Шығарманың композициялық бітімінде тағы да көзге ұратын айрықша бір ерекшелік – дағдылы тараулар ұмыт бола бастаған этнографиялық ерекшеліктерімізді еске салып, көшпелі тұрмыс-салтымызды еске түсіретін Желі мен Арқауларға бөлінген. Жазушы бұл жерде арыдан үзілмей келе жатқан қазақтың Сөз өнерінің ұлттық бітім, пішінінің қасиетін танытсам деген игі талап, ниетін ұстанғандығын көрсетеді.
Романдағы тағы бір айырықша байқалатын ерекшелік – жазушының прозадағы ырғақты ұйқасты қара сөзді шебер пайдалануы. Мысалға: «Бұл да анау бір күн жайлаған, тау байлаған баршындай туған жерінің өріне, туған елінің төріне келеді. Елі бірақ тау қыранындай томағалы, ері бірақ жүз тарпаңындай ноқталы. Томағалы көз елдің көретіні – су қараңғы көр екен, ноқталы бас ердің іздейтіні – ақ кииізді төр екен. Томағасы сыпырылған күні ақиық елі қырандай шың-құзды шалар, ноқтасы алынған күні арғымақ ері тарпаңдай ой-қырды шалар.
Қазаққа орыстың қақпаны бұрулы, қытайдың қақпаны құрулы... Екеуі де егіз құбыжықтай желілес, жемтіктес жұрт. Тартқан желісі – азап, жұлған жемтігі – қазақ» (Асқар Алтай. Сират. Алматы, 2014. 345-346 б.б.)
Тіпті романның бөлім, тарауларының аттары да ұйқасты сөздерге құрылған. «Қайың сауған, Ел ауған», «Бүлінген ел, бүгілген бел», «Бусанған ер, буылған бел», « Беріккен ел, шайқалған көл», «Тұман кешкен, Ер көшкен», «Булыққан ер, бұрқаған жел», «Бұйдаланған ер, бұйраланған шел», «Буырқанған ер, буылған сел» сияқты әуезді, ырғақты, ұйқасты бөлім, жай атаулары роман концепциясын да айқындап тұр. Бастауын Жүсіпбек Аймауытов прозасынан алатын бұл көркемдік дәстүр, біріншіден жазушының ұйқасты қара сөздің ырғақ, өрнегін шебер меңгергендігін танытса, екінші жағынан қазақ жанының рухани-поэтикалық байлығын айшықтаса, үшіншіден мұндай ырғақты қара сөздер Асқар Алтай романының этнофорлық (ұлттық болмыс – негіз) бітімін арттырып тұр.
Алтай сагасы аталған романның «Сират» аталуында да үлкен мән бар. Екі империяның құрсауында қалған Алаш жұрты тағдырдың зұлмат қасапханасында, айтып жеткізгісіз қан қасапта мол құрбандықпен жанын жалдап Сират көпірден өтіп, бүгінгі тәуелсіздікке жетіп отыр. Жазушы: «Шекара – сират шегендеулі, бірақ қазақ әлі де қарбыздай қаққа бөлінулі деген ақиқат астар қылаң ұратыны, оны оқырман анық аңдайтыны сөзсіз» деген ой түйіндейді. Романның «Сират» аталуында осындай үлкен концептуалды ой жатыр. Сөзімізді түйіндей айтсақ, Асқар Алтайдың «Сират» романы – қазақ әдебиетінде соңғы жылдары жарық көрген арқалаған жүгі салмақты, талантты жазылған, көркем де кесек дүние екенін айтқымыз келеді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.