ИОВ ПАЙҒАМБАРДЫҢ КІТАБЫ
Жарқ етпес қара кѳңiлiм не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде, сiрә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Кемеңгердiң қасiретке малшынған осы ѳлеңiн оқығанда мүлдем басқазаманда ѳмiр сүрген, басқа нәсiлден шыққан пайғамбардың ұқсас тағдыры ойға оралады. Дiн iсләмнiң шапағы атпаған екен ол кезде. Кѳктен түскен тѳрт кiтаптың бiрiншiсi – Енжiлден жеткен сѳз.
Ерте-ертеде Уц деген жерде Иов деген бiр адам жасапты. Iзгi екен, әдiл екен. Ѳмiрiнде қиянат iстемеген, құдайсыз сѳз айтпаған адам екен. Ниетiне қарай Құдай да оған берген екен. Жетi ұлы, үш қызы болыпты. Жетi мың қой-ешкiсi, үш мың түйесi, мың ѳгiзi, бес жүз қашыры, қаншама күтушi күңi бар. Шығыста одан бай, одан беделдi адам болмапты. Ұлдары әрқайсысы ѳз үйiнде күнде той, ас та тѳк қылыпты, қарындастарын жандарына шақырып кѳңiл кѳтерiп отырады екен. Оларға қарап әке қуанады. Балаларын жинап күнде бата қылып, әрқайсысының атына деп май ѳртеп, мал шалады екен. Ұлдарым кѳңiлiнде Құдай атына күпiр сѳз айтқан шығар, соны айттым дейдi екен Иов.
Күндердiң күнiнде Жаратқан Иенiң алдына құлдары келедi. Iшiнде Әзәзiл де бар екен дейдi. Жаратушы, Әзәзiлге қарап айтты: сен қайдан келдiң дедi. Сонда Әзәзiл былай деп жауап бердi: мен бүкiл жердi аралап шықтым дедi. Жаратқан Ие: менiң құлым Иовты кѳрдiң бе дедi. Ондай таза, iзгi, қиянаттан бойын аулақ салған құдайшыл адам жоқ дедi. Сонда Әзәзiл айтты: Иов тектен текке құдайшыл болып па? Оның малы мен жанын жамандықтан қорғап отырған ѳзiң емес пе? Сен оны алқап отырсың, оның абыройы содан кейiн тасып отыр. Ал, кәне, сол бергенiңе, малы мен жанына қолыңды тигiзшi, сонда кѳрерсiң оның қандай құдайшыл екенiн дедi. Сонда Жаратқан Ие айтты: мiне, оның бар несiбесi сенiң қолыңда, тек ѳзiне қол тигiзбе дедi. Сонда Әзәзiл, Жаратқан Иенiң алдынан шығып жүре бердi.
Мереке-думан кѳп күннiң бiрi екен дейдi. Мiне, осы кезде Иовқа суыт хабаршы келедi де, былай дейдi: ѳгiзбен жер жыртып жүргенбiз, қашырлар жанымызда жайылып жүрген. Осы кезде жау келiп малды алып, бақташылардың барлығын қырып кеттi, жалғыз мен аман қалдым дейдi. Бұл хабаршы сѳзiн айтып болғанша екiншiсi келдi де айтты: аспаннан зияның оты тѳгiлiп қойлардың барлығы, бақташылардың барлығы ѳртенiп кеттi, жалғыз мен аман қалдым дедi. Бұл хабаршы сѳзiн аяқтап болғанша үшiншi хабаршы келдi де айтты: халдей лер үш шерiк болып келдi де түйелердi айдап кеттi, бақташылардың бәрiн ѳлтiрдi, жалғыз мен аман қалдым дедi. Бұл хабаршы аузын жиғанша тѳртiншiсi келдi де айтты: ұлдарың мен қыздарың шарап iшiп, кѳңiл кѳтерiп отырғанда шѳлдаладан қарадауыл келiп үйдiң тѳрт бұрышын құлатып кеттi, үйдiң шатыры құлап балаларыңның барлығы ѳлдi. Жалғыз мен аман қалдым, мiне, мен саған хабар жеткiзiп келiп отырмын дедi.
Сонда Иов киiмiн дар-дар айырып, шашын алдырды да, тiзерлеп тұрып тағзым еттi: анамның құрсағынан жалаңаш шықтым, жалаңаш қайтамын. Жаратқан Ием, ѳзiң бердiң, ѳзiң алдың. Мың алғыс саған дедi. Күнәға бармады, Құдайға тiл тигiзбедi.
Күндердiң күнiнде Жаратқан Иенiң алдына құлдары келедi. Iшiнде Әзәзiл де бар екен. Жаратушы, Әзәзiлге қарап айтты: сен қайдан келдiң дедi. Сонда Әзәзiл, мен бүкiл жердi аралап шықтым дедi. Жаратқан Ие айтты: сен менiң адал құлым Иовты кѳрдiң бе дедi. Ондай таза, iзгi, қиянаттан бойын аулақ ұстаған адам жер бетiнде жоқ. Ол ѳз сѳзiнен әлi танған жоқ, ал сен менi оған қарсы қойып, жазықсыз адамды жоймаққа ниет еттiң дедi. Сонда Әзәзiл айтты: адам ѳз ѳмiрi, ѳз тiршiлiгi үшiн қолындағы барын бередi. Ал, қолыңды сол құлыңның тәнiне тигiзшi, сүйегiн жасытшы, кәне, сенiң атыңа мадақ айтқанын сонда кѳрерсiң дедi. Жаратқан Ие айтты: мiне, қолыңа бердiм, тек оның жанына тиме, иманына сақтау бол дедi.
Әзәзiл Жаратқан Иенiң алдынан шығып жүре бердi. Келдi де Иовқа, тѳбесiнен табанына дейiн алапес пен мерездi дарытты. Иов қолына қыштың қабыршағын алып, елден аулақ кетiп, денесiнен сорғалаған iрiңдi сонымен қырып отырды. Иовтың әйелi келiп айтты: сен әлi айтқаныңнан қайтпадың ба! Құдайыңды қарға да ѳл, дедi. Иов айтты: сен есiнен адасқан кѳп ақымақтың бiрi ме едiң. Құдайдан жақсылықты алғанда, жаманшылықты қалай алмай-ды екенбiз дедi. Тағы да дiнiне берiк болды, Құдайға тiл тигiзбедi. Содан кейiн Иовтың жайын естiп үш досы, Феманит қаласының тұрғыны Елифаз, Савхея қаласының тұрғыны Вилдад және Наамит қаласының тұрғыны Софар, үшеуi бейшараны жұбатпақ болып келдi. Алыстан Иовтың халiн кѳрген олар, үстiлерiндегi киiмдерiн жыртып, жылап еңiредi. Жанына келiп жетi күн, жетi күн отырды, ешқайсысы ештеңе демедi, себебi, Иовтың кешкен азабы жаншошырлық едi.
Содан кейiн Иов алғаш рет жақ ашып ѳзiнiң кѳрген күнiне қарғыс айтты: Анамның құрсағына тамшы болып дарыған күнiмдi, дүниеге жаралған күнiмдi қарғыс атсын. Ол күнiм түнек болсын, ол күннiң таңы атпасын, ол күндi кѳрген адам құбыжық кѳргендей болсын, ол күн ай мен жылдың есебiне де кiрмей кетсiн. Құрсақтан шыққанда неге ѳлмедiм? Неге емшек емдiм? Бұрынғы ѳткендермен, қайғы да жоқ, қасiрет те жоқ, жатпас па едiм. Жолы кесiлген адамға жарықтың неге керегi бар? Аузымнан жалыннан басқа ештеңе де шықпайды. Басыма қайғы келдi дедi.
Христиан жұртының алапасын арттырған, ақырсоңында әлемдiк үстемдiкке жеткiзген ұлы кiтап – «Библия» болса, оның бiрiншi жартысы – «Кѳне Ѳсиет». Орысша Ветхий Завет. «Кѳне Ѳсиеттi» құраған елу кiтаптың бiрi осы ѳзiмiз әңгiме қылып отырған «Иовтың кiтабы». Бағзы күндерден жеткен Енжiл пайғамбарларының әр сѳзi маржандай кiтаптарының iшiнде бiтiмi бѳлек, сѳзi ерек кiтап. Бiтiк, тұтастай алғанда, Иов пен оны жұбатуға келген үш пiрадар досы, жас жiгiт Елиуй және Жаратушы арасындағы, ақиқат iздеген пайым мен сѳз қақтығысына құрылған.
Иов пайғамбардың iшiнен ақтарылған жалын-құспа жел ѳтiндегi алаудай шапшып, Жаратқан Ие мен Адам енденiң арасындағы ең басты iзгiлiк байламдарын қамтиды, ең шытырман түйiндердi шешпекке ұмтылады.
Ең басты түйткiл, ең басты күмән – Әдiлет хақында.
Жаратушыға деген сенiмi пiрадарлықтан аспаған достары Иовқа басу айтады. Қарiп пен қасерге сүйеу болған адам едiң ғой. Ендi ѳзiңнiң басыңа күн туғанда иiнiңнiң түскенi қалай. Иманың ѳзiңе жар болсын, бiрақ адам пенде Құдайдан iзгi бола ала ма, атадан асып тусаң да Құдайдан биiк бола аласың ба? Қарашы, әне, Жаратушы Ие аспандағы перiштенiң ѳзiнен кемшiлiк тауып отырады. Зауал жер астынан шықпайды екен – адам пенде азапқа жаратылады екен. Ғарiпке бiр үмiт бар. Жаратқан Ие жѳнге салған Адам ұшпаққа жетедi. Сондықтан Жаратқан Иенiң зауалын, бұйыртқан несiбесiн қол қусырып қабыл ал, күпiрлiк қылма, себебi, ол ѳзi жазалайды, ѳзi алқайды дейдi. Жаратушы қараптан қарап жазаламайды, ѳзiңнiң бiр кiнәң болған ғой. Құдайдың соты терiс, таразысы қисық деп қалай айтасың. Осы уақытқа дейiн жасаған, ѳзiмiз шежiреден атын естiген күнәхарлардың жазаланбағаны бар ма, ал түзу жолдан таймаған пiрадарлардың жарылқанбағаны бар ма. Жѳнге кел, тiлiңдi тарт дейдi.
Сырт кѳзге Иовтың Елифаз, Вилдад, Софармен сѳз қағысуы түзу жолдан тайған күнәхар мен Құдай жолындағы пiрадарлар арасындағы тартыс сияқты. Алайда Иовтың берген жауабы алдымызға мүлдем басқа шындықты тартады. Тәнi шiрiп, жаны күйзелген пайғамбар былай дейдi: азапталған бейшараға адам жанашырлық етер болар. Егерде ол адамның Құдай жолындағы пiрадар екенi рас болса. Сендер Жаратқанның қахарын кѳрiп шошып кеттiңдер. Сендер менi жұбатқанның орнына табалап отырсыңдар. Табалағандарың – менi жауға тастап кеткендерiң емей немене.
Құдайдың қахарын айтасыңдар. Бiрақ адам Жаратқанның алдында қалай ақталып шығады? Адам беттесер едi, егерде Жаратқан Ие оның мың сауалының тымқұрмаса бiреуiне жауап берсе. Құдыретiне салса – ол жеңедi, бiзден зорғыларды күйреткен. Бiрақ беттесейiкшi. Кiм менi онымен жүздестiре алады? Кiнәм жоқ. Жердiң билiгiн қиянатшылдарға берiп отыр. Осының бәрi Жаратқанның iсi емей немене. Маған жiберген зауалын қайырып алсын, түн ұйқымды тѳрт бѳлген қорқыныштан арылтсын, мiне, сонда мен одан жасқанбай, қорықпай сѳйлейiн. Себебi, мен, түп тамырымда осы сендер кѳрiп отырғандай емеспiн. О, Жаратқан, неге сен менен күнә iздейсiң, топырақтан жаратқан ѳзiң емес пе. Сүт құсатып тѳккен, кiлегейдей қойылтқан, сүйегiмдi етпен, терiмен қаптаған, сѳйтiп адам еткен ѳзiң емес пе. Сенен екi ғана нәрсенi сұраймын: менен зауалыңды ал. Содан соң қорқынышпен, үреймен түршiктiрме. Мiне, содан кейiн терге менi. Тәнiмдi тергеме, жанымдытерге. Қорқытып тергеме. Қорқытсаң сенiң сѳзiңнен басқа сѳз қалмайды. Қорқынышпен, үреймен түршiктiрме. Сонда мен тартынбай, тайсақтамай сѳйлеймiн. Сонда менiң шын сырыма жетесiң дейдi. Кiтаптың соңына қарай сѳз алған жас жiгiт Елиуй, Иовқа кiнә тағып сѳйлеген алдыңғы үш пiрадардан ѳлшеусiз биiк тұр. Ол да Иовты айыптайды. Бiрақ пiрадарлармен салыстарғанда уәжi мүлдем басқа тараптан. Елифаз, Вилдад және Софар ѳз сѳздерiнде Иовтың жүрген жолынан әлдебiр мiн таппақ болады, бiз бiлмейтiн бiр кiнәң бар, кѳңiлiңде күпiрлiк болған, басыңдағы кеп соның зауалы десе, Елиуй ѳзiнiң жалынды сѳзiнде Жаратқанның iсiне баға бермек болған Иовтың әрекетiн күпiрлiк деп табады.
Пiрадарлар қиянат пен соған жiберiлген зауалды ғана бiлсе, Елиуй зауалдың сауабын айтады, тiптi, зауал дегеннiң ѳзiне күмән келтiредi. Жаратқан Ие ешкiмдi де езгiге салмайды. Сенiң зауал дегенiң, кiнәлiге де, кiнәсiзге де, аққа да, қараға да бiрдей келедi. Пақырға келген зауал оның кѳкiрек кѳзiн ашса, Құдайдың шексiз рахымы емей немене. Иов, тыңда менi, Құдайдан келген кептi қарғама, қайта Құдайдың ғажайып iсiне қайран қал, қара да тұр, сырына түйсiн дейдi.
Енжiлдiң осы кiтабын бажайлай оқыған адам қайран қалар едi. Ѳмiрiнде қиянат жасамаған, күнә мен зинадан аулақ болған Иовқа Жаратқан Иенiң осынша азап жiберуi, және дұшпандары ѳлтiрiп кеткен құл-құтандарының, құлаған үйдiң астында ѳлген ұл-қыздарының ешқандай кiнәсi болмауы, яғни, бiреуге үлгi кѳрсету, мысал келтiру үшiн несiбесi ешбiр кем емес, Құдай алдындағы хұқығы тең, мүлдем басқа адамдардың жанын алуы, ѳз iсiне ешқандай есеп бермеуi таң қалдырады. Осы тұрғыдан келгенде Иовты жұбатуға келген үш пiрадардың сѳзi ешқайда жетелемейдi. Жаратушымен екi арадағы, «қиянатқа-қиянат», «жақсылыққа – жақсылық» есебiне құрылатын қарапайым алыс-берiстiк түсiнiк яхуди пайғамбарларының кѳне этикалық кѳзқарастарынан ғана хабар берсе керек. Құдай бұл жерде жазалаушы немесе жарылқаушы бейнесiнде ғана кѳрiнедi.Бiрақ ѳмiрiнде жаза басып кѳрмеген адал, ержүрек, iзгiлiк iзденiсiнде алыс кѳкжиектерге ұмтылған, қандай iсте болса да аяғына дейiн баруға қорықпайтын Иов пайғамбар ѳз сѳзiнен танбайды, ѳзiнiң Жаратқан Ие алдында ешқандай күнәсiнiң жоқ екенiн қайталап айтып отырады.
Үш пiрадар мен Иов пайғамбардың арасындағы этикалық тартыстан шығатын қорытынды мынадай: Құдай iсiн бағамдауға адамдық, фәнилiк ѳлшемдер жетiмсiз. Яғни, Жаратқанның еркi, әмiрi адамдық категориялардан тыс, адам үшiн мүлдем беймәлiм, тылсым қайнардан ѳрiстеп жатыр. Иовтың кiтабында бұл ѳлшемдер, категориялар Құдай тарабынан жоққа шығарылады, және аяғына дейiн осындай болып қалады. Алайда Құдайдың берген аянын Иов басқаша, биiк деңгейде таниды. Иов ер болатын. Осы ерлiктiң арқасында, ол, тәнiн де, жанын да күйдiрген оттың iшiнде отырып, Жаратқан Ие жайлы жалпылама түсiнiктiң құлы болған жоқ. Үш пiрадарды қанағаттандырған Құдай жайлы, оның iсi жайлы түсiнiкке кѳңiлi толмайтынын, одан әлдеқайда биiк аянға тѳзе алатынын кѳрсеттi. Оның соңғы тараудағы сѳзi қорыққан, үрей кешкен адамның сѳзiне ұқсамайды. Бұл, үш пiрадар мен жас жiгiт Елиуйдың Жаратқанды ақтап айтқан сѳздерiнен Ѳлшеусiз биiк тұрған әлдененi кѳрген адамның түйсiгi: «мен бұрын сен туралы тек қана естiген едiм: ендi менiң кѳзiм ѳзiңдi кѳрiп тұр: сондықтан мен пендешiлiк сѳзiмнен бас тарттым да аяғыңа жығылдым».
Осыдан кейiн Жаратқан Ие райынан қайтып Иовты алқапты, бұрынғыдан екi есе жарылқапты, жер қайысқан мал берiптi. Жетi ұл мен үш қыз берiптi. Қызының бiрiне Емима, екiншiсiне Кассия, кенже қызына Керенгаппух деп ат қойыпты. Содан кейiн де Иов жүз қырық жыл ѳмiр сүрiптi, немересi мен шѳпшегiн кѳрiп, әбден жасы жеткенде мына фәни дүниеге ризашылықпен кѳз жұмыпты.
Иов, мұсылман әлемiнде Аюп пайғамбар деген атпен белгiлi. Абыройы, Енжiлдегi, христиан жұртындағы абыройынан еш кем емес, мұсылман этикасының негiзiн қалаған абзал тұлғалардың бiрi ретiнде аталады.
АБАЙДЫҢ КIТАБЫ
Абай артына тастап кеткен қу соқпақпен талайды аралап отырып Аюп пайғамбарға да жеттiк. Бекерден бекер айтқан жоқпыз. Ғасырдан ғасырға бiр-бiрiне қол бұлғап тұратын тұлғалар, бiр-бiрiмен тiл қатысып тұратын тағдырлар болады. Абайдың ѳлеңiнен Аюп пайғамбардың қасiретiн таныдық, сол Енжiлдiң биiгiнен атамыздың зор тұлғасын, оның кешкен несiбе-тағдырын қайыра пайымдадық.
Бiз неге қазақтың, мұсылманның кемеңгерiн яхуди пайғамбармен, және мұсылман нұсқасындағы Аюппен емес, Енжiл нұсқасындағы «кәпiр» Иовпен салғастырдық?
Бүгiнде, дiн – мейманаға айналған заман. Адамдардың бiлiгi жетiлген сайын аралары жақындағанның орнына алшақтап барады. Адамдар әлдебiр ерекше, белгiлi бiр дiннiң, конфессияның еншiсiндегi ақиқатты тапқысы келедi. Бiрақ ақиқат, бiр дiннiң меншiгi ғана болса, ақиқат болудан қалады.
Данышпандықта, ақиқатта дiн де жоқ, ұлт пен нәсiл де жоқ. Ақиқаттың өзi – дiн. Дiн атаулы ақиқаттан тарайды. Тағы да бiр пайғамбар айтыпты, iзгi болу үшiн, кiсiлiктi болу үшiн, ақиқатты тану үшiн мiндеттi түрде бiр дiннiң өкiлi болу шарт емес деп. Ақиқатқа жетсеңiз, дiн атаулының барлығынан биiк тұрасыз. Ақиқатқа жетсеңiз – басқа Құдайдың сiзге керегi жоқ.
Абайдың кiтапханасында Библия болды ма, жоқ па, бiлмеймiн. Бiрақ Абайдың ұлы кiтапты оқығаны, оның iзгi тағлымына бас игенi анық.
Адамға берiлген хұқықтың қандай түрi болса да бостандықтың бар болмысын түгесе алмайды. Түптеп келгенде, хұқық – бостандыққа жетудiң амалы, жолы ғана. Адамға бостандықты ешкiм де бере алмайды, егерде бостандық оның өзiнде, iшкi дүниесiнде болмаса. Бостандықтың шын мәнi, терең мағынасы нақты адамның өмiрiнде ашылады, аян болады. Бостандықтың мағынасы көп, сатысы көп. Бостандықтың аспаны қандай биiк болса, тамыры да сондай, құлдыраған терең. Адам бойындағы, заңды да, низамды да мойындамайтын, төңкерiлiп тұрған құштарлықтардың ойыны – иррационалдық, төмен дәрежедегi бостандық. Немесе, одан да тереңiрек үңiлсек – жанның санадан тыс, стихиялық қуаты. Бұл жерде бiз қандай бостандықты айтып отырғанымызды ұғындыру үшiн Пушкиннiң тамаша бiр өлең жолдарын келтiре кетейiк:
Зачем крутится ветр в овраге,
Вздымает пыль и прах несет,
Когда корабль в недвижной влаге
Его дыханья жадно ждет?
Зачем от гор и мимо башен
Летит орел угрюм и страшен
На пень гнилой, спроси его.
Зачем арапа своего
Младая любит Дездемона?
Затем, что ветру и орлу
И сердцу девы нет закона!
Гордись, таков и ты, поэт,
И для тебя закона нет!
Бұл жерде бейнеленiп отырған – космостық, табиғи, ең iлкi, жабайы стихия. Түсiнiксiз, адамдық низамға бағынбайтын қорқынышты, кейде басыңды жұтатын қатерлi, әйтсе де адамды өзiнiң тылсым күшiне елiктiретiн көрiктi стихия.
Абайдың аталмыш өлеңi («Жарқ етпес қара көңiлiм не қылса да…») ақынның бұрынғы-соңғы поэзиясынан андағайлап бөлек тұр. Бұл өлеңде, ақын, адамның маңдайына жазылған жазмыш жайында толғанады. Әлбетте, ақынның бiлiгi мен несiбе-тағдыры – екеуi екi бөлек нәрсе. Алайда, басына қайғы түскенде, ақын өзiнен бұрынғылар жүрген жолға, шежiре мен әфсанадағы ардагерлердiңжолына телiнедi. Хакимның қандай қасiрет-кешуден өткенiн:
Жарқ етпес қара көңiлiм не қылса да,
Аспанда ай мен күн шағылса да, –
– деген алғашқы екi жолдан танисыз.
Ай менен күннiң шағылысуы – Абайдың өзiнiң айы мен күнiнiң шағылысуы, жеке басының кешкен Махшар күнi. Бiр кезде Аюп пайғамбар кешкен Қиямет-Махшар. Аюп қасiрет шеккенде Жаратқан Иеден сертiн, әдiлетiн сұрайды, Жаратқанның iсiнiң адам үшiн түсiнiктi болуын талап етедi. Жаратқан Ие Аюпқа «Мен жердi жаратқанда қайда болып едiң? Өткен мен кеткендi болжай алсаң осыны айтшы. Өлiмнiң қақпасын ашып көрдiң бе? Аспандағы жұлдыздың бiреуiн өшiрiп, бiреуiн жандыра аласың ба? Шапқанда жер апшысын қуырған жылқы мен терiсiнен оқ өтпейтiн керiк не үшiн жаратылғанын бiлесiң бе?» дейдi. Жаратқан Ие осылайша Аюпқа дүниенi қозғалысқа келтiрiп тұрған құдiреттiң болжаусыз, адамның ақылына симайтын стихия екенiн көрсетедi. Аюп осы ғажайыптың алдында басын иедi. Сонымен тағдырдың тәлкегi, жазмыш, өз бетiнше тұрып жамандық та, қиянатта бола алмайды екен. Керiсiнше, ол, өнердiң шарты екен, себебi, космос Хаостан жаратылады, бұл қағида адамдық «өнерге» де, Құдайдың iсiне де бiрдей жүредi.
«Жарқ етпесте…» Абай өзiнiң тағдырымен, және сол тағдыры арқылы Жаратқан Иемен трагедиялық диалогқа түседi. Абай да Жаратқанның әмiрiне бас иедi. Алайда, жоғарыда айттық, Аюпты жұбатуға келген үш пiрадарша бас ию бар да, Аюптай бас ию бар. Жаратқанның қаhарынан қорқып құлша бас ию бар да, Аюпша шын көңiлден, адал ниеттен, өз еркiмен бас ию бар («Менi үрейiңмен түршiктiрме…»). Құлдық пен билiктiң бiр сырдан шыққан екi ұшық екенiн Абай бiледi. Екеуiнiң де Құдай белгiленген шеңбердiң шегiнде екенiн. Алайда, төмен сананың жеткен бұл деңгейi әр заманда, әр нәсiлде жаратылған, басы жұмыр пенделердiң барлығынан асып туатын Аюп сияқты пайғамбар тұлғаны қанағаттандырмаса керек. Себебi ондай озып туған кемеңгерлер басқа дүниенiң, басқа аспанның бар екенiн бiледi. Тәни өмiрден басқа өмiрдiң бар екенiн бiледi. Соны ойға ала отырып сөзiн өрiстетедi.
Түптеп келгенде, бостандық деген – адам. Тiптi, бағыну үшiн де, әуелi ерiктi болу керек, өзiңдi құрбандыққа шалу үшiн, әуелi өзiңе өзiң ие болуың керек. Абай бостандықты, өз бостандығын жете таныған. Мiне, осы биiкке жеткен ақын:
– Дүниеде, сiрә, сендей маған жар жоқ,
– Саған жар менен артық табылса да,
– дейдi. Келесi шумақта бiз қайғының одан ары көтерiлгенiн, мұхиттай толқып ақынның iшкi дүниесiн кернегенiн көремiз.
– Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып жар iсiне,
Қорлық пен мазағына табынса да.
Өзiн бұрынғы өткен пайғамбарлардың тағдырына телiген, содан соң сабасына түскен қажырлы көңiл. Қасiрет – кемеңгерлердiң ұстазы. Шын кемеңгер, несiбенiң, адам ақылы жетпес, болжаусыз тылсымнан келетiнiн түйсiнедi. Түйсiнедi де тәубасын табады.
Ақынның бiр сөзi ғана көңiлге кiрбiң түсiргендей.
«Саған жар менен артық табылса да».
Осындай риясыздыққа жеткен ақын, бiреуден бiреудiң артық екенiн айтқысы келедi. Бұл қалай?
Енжiлде айтылған ғой, таңертең жалданған жұмысшы мен талтүсте жалданған жұмысшы екеуiне кешке қарай, есеп қылғанда, бiр-бiр динар берiлiптi. Сонда алдыңғы жұмысшы, мен күнi бойы жұмыс iстедiм, мынау адам жарты-ақ күн iстедi, екеумiзге бiрдей төлегенiң не дегенде, қожайын айтыпты, сенi таңертең жұмысқа жалдағанда бiр динарға келiспеп пе едiк, бұл не дау деп. Құдай iсi де сондай, Жаратушы несiбенi өзi бiлiп таратады. Адамның бәрi тең деп. Жалғыз Енжiл емес. Ескi пайғамбарлықта осы мысал көп кiтапта кездеседi. Осыншама бiлгенде, осыншама көргенде, Абайдың, «менен артық жар» деуi таңқалдырады. Махшар – кiмнiң кiмнен артық екенiн ажырататын жер ме екен? Бiрақ артынан өлең, көңiлге тұтастай ұялағанда, қай шумақ бiрiншi, қайсысы екiншi екенiн ажыратып болмас, қайғы-шердi судай iштiрген жалғыз ғана мағынаға айналғанда, ақынның тағы бiр биiкке шыққанын пайымдайсыз.
Басына туған күн қандай ауыр болса да, кемеңгер, жан-жағына қарап, несiбесi өзiнiкiнен әлдеқайда ауыр, өзiнен өткен қасiреттiнiң бар екенiн көредi. Көредi де есеңгiреткен қайғыдан есiн жияды. Дүниеде маған сендей жар жоқ, бiрақ бұл фәниде менен өткен пақырлар, қайғысы мен қасiретi мендегiден өлшеусiз биiк тұрған сорлылар бар. Барлығымыздың панамыз сенсiң деуi осыдан.
Осы уақытқа дейiн Абайдың аталмыш өлеңi «сүйiспеншiлiк лирикасы» деген
анықтамамен белгiлi болып келдi. Және өлеңтанудағы бұл жаңсақтықтың тамыры бiз ойлағаннан әлдеқайда терең жатыр. Кезiнде, қазақтың бiр тарихшысы айтып едi, Алаш жұрты көшпелi малшы мен отырықшы егiншiнi сиыстырып отырған Көк Ордадан бөлiнiп, Қазақ Ордасын құрғаннан кейiн, бостандық, егемендiк жолындағы бес ғасырлық күрестiң нәтижесiнде, өзiнiң дулы-базарлы қырықтан астам кентiнен айрылды, қалмақ басқыншылығы кезiнде бүкiл сәулет өнерi жермен-жексен етiлдi, бүкiл жазба мұрасы өртелiндi, қаладан, мешiттер мен дiни орталықтардан шеттеп кету белгiлi дәрежеде қазақ халқының дiнсiзденуiне апарып соқты деп. Жазу дамымағаннан кейiн, әлбетте, жазба мәдениетке тән теология (дiн философиясы) мен провиденциализм өрiстемедi. Яғни, өнер мен әдебиет, инерция бойынша дәстүрлi мәдениет аңғарында болғанымен, өнердi пайым- дау дәстүрiнiң өресi төмен түстi. Абайдың тұсында Батыс мәдениетiнде индивидуализм үстемдiк ете бастады. Бiз, орыс әдебиетi арқылы руханиеттiң осындай үлгiсiн иемдендiк. Нәтижесiнде бiз өнердiң артындағы, бастау алатын тылсым бұлағын iздеудi ұмыттық, көргенiмiзге ғана сенетiн болдық. Адамдық, iзгiлiк жайлы қандай да болмасын жеткен пайымымыз махаббат лирикасы, сүйiспеншiлiк төңiрегiнде ғана топтасты. Махабаттың түптеп келгенде мейiрiм екенiн ұмыттық, махаббатты еркек пен әйелдiң арасындағы күю мен сүю деп қана түсiндiк. Осы анайы түсiнiк Абайдың мұрасы жайындағы пайымымыздан да үнемi бой көрсетiп отырады.
Егерде сiз, Абайдың «Жарқ етпесiн…» осындай «эстетика» тұрғысынан талдай- тын болсаңыз, онда Абайдың кейiпкерi құмарлық жолында ештеңеден тайынбайтын, қорлықтың қандайына болса да төзетiн, сол қорлықтан, жалбарыну мен жалынышта өткен лас кептен ләззат алатын төмен сана иесi болып шығады. Әрине, олай болмайды. Мәселе, Абай өлеңiнде емес. Мәселе, талдау құралының, методологияның кемiстiгiнде, яғни, сiздiң (бiздiң емес) кемiстiгiңiзде. Қарадан хан шыққан Құнанбайдың ұлы, жалғанды жалпағынан басқан, қалағанын алған, кеудесi зор Абай ешбiр пенденiң алдында бұлай кiшiреймесiне мен кепiл.
Ендi, сүйiспеншiлiк жайлы емес екен, олай болса бұл не жайындағы өлең деген заңды сұрақ туады. Қолымды Құранға қойып айтайын – ең сүйiктi баласы Әбдiрахман өлгенде шығарылған өлең. Әбдiрахманның өлiмi – ақын өмiрiндегi ең ұлы трагедия. Баласының алдында өлмеу, баласының өлгенiн көрiп кету - жалғыз Абайдың емес, жалпы адамзат баласының ең ұлы трагедиясы. Қазақтың «Иә, Жаратқан Ием, «ботам» дегiзiп жылатпа, «атам» дегiзiп жылат» дейтiн ұлы мақалы осы ұлы қасiреттен шыққан. Абай осы қасiреттi жеңе бiлдi. Өлеңдi оқығанда Құдайдың қахарынан, маңдайға жазылған жазмыштан қорыққан, үрейден езiлген адамды көрмейсiз. Иә, ақын, көзi тiрiсiнде Қиямет-Махшардан өттi («Аспанда ай менен күн шағылса да»). Иә, бiр ғана өмiрiнде екi күйiк татты. Алайда, өмiр бойы бостандықты жырлап өткен ақын жазмыштың, Жаратқан Ие жарлығының болжаусыз тылсым екенiн пайымдады, ұқты. Бостандықты жырлап өткен кемеңгер бұны да мойындады, осыған бас идi. Бостандықтың шексiз екенiн, осындай да болатынын мойындады, осыған бас идi.
Абайдың осы уақытқа дейiнгi жинақтарында аталмыш өлең 1889 жыл деген мерзiммен белгiленген. Ақын жайлы зерттеулерде де осы мерзiм көрсетiледi.
Әрине, сауатты текстолог, менiң жоғарыда айтқан ойларымды терiске шығара алады. Өз сөзiне пәленбай ауызша, жазбаша дерек келтiрер. Абайтанудағы үлкен авторитеттерге сүйенер. Алайда, мен бұл жерде текстология принциптерiне қарсы шығайын деп отырған жоқпын (айта кетейiк, текстологияның зерттеу амалдарын даусыз, мiнсiз деп айту да қиын, әлемдiк текстологияның өзiнде қаншама қателер кетiп жатады). Мен бұл жерде өлеңдегi сезiм ағысына сендiм, өз дәлелiмдi осыған құрдым. Тұрмыстық фактор мен психологиялық фактор бiр-бiрiне қайшы келiп, тартысқа түскенде соңғысы жеңедi. Текстологиялық белгiлемелер иллюзия болуы әбден мүмкiн. Өлеңдегi эмоция ғана алдамайды. Мен өз пайымымда Абайдың трансценденттiк, мистикалық тәжiрибесiне табан тiредiм.
Мұхтар Әуезов те өзiнiң «Абай жолы» эпопеясында бұл өлеңге бiр бұрылып соғады. Әпкелерiмен жол жүрiп келе жатқанда Абай осы өлеңдi оқиды. Әпкелерi «осы сен ақынсың-ау, Абай» дейдi. Бұл Абайдың жастау кезi. Ойымша, Әуезовты, бұл өлеңдегi ақынның сертi қызықтырған сияқты. Сол себептi Абайдың жас кезiнде-ақ қабылдаған iзгiлiк, рухани кредосы ретiнде алған болуы керек. Тiптi солай болған күннiң өзiнде, Әуезовтың принципi бiзге қайшы келмейдi, қайта бiздiң ойымызға жол бередi, өрiс ашады. Құдай өзiнiң сүйген құлын аямайды. Абай жас кезiнде-ақ өзiнiң ерекше талайын таныған және тағдырының, маңдайындағы жазудың қаншалықты ауыр болатынын ақылмен жетiп бiлген. Мiне, бiздiң ең соңғы, және ең салмақты дәлелiмiз – осы.
Абайдың мистикасын талдау қиын. Талдаудың қиындығы оның түсiнiксiздiгiнен емес. Бұл жерде Абай көп ақыннан анық. Мәселенiң қиындығы, Абайдың мистик ретiнде адамзат ұмытып кеткен, ақиқаттың көне жолдарымен жүретiндiгiнде. «Ең оңай – ең қиыны» деген қағида бар. Абай қайыра тапқан даңғыл жолдың бiз үшiн әлi күнге дейiн түсiнiксiз болып отырғандығы осыдан.
Көне әфсанада, Аюптың тәнi шiрiгенде өнебойынан төгiлген құрт кейiннен жiбек құртына айналыпты деседi. Енжiл пайғамбары кешкен дерт iзсiз кетпептi, дүниеге жаңа өнер шашылыпты.
Ал Абай ше… Кемеңгердiң қасiретi мен қайғысынан, татқан күйiгiнен көздiң жасындай төңкерiлiп мөлдiреген жаухар өлең қалыпты…