Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Тұрсын Жұртбай: Мінезсіз суреткер - суреткер емес ...

28.08.2017 4633

Тұрсын Жұртбай: Мінезсіз суреткер - суреткер емес (Бейнет сусыны кітабынан)

Тұрсын Жұртбай: Мінезсіз суреткер - суреткер емес (Бейнет сусыны кітабынан) - adebiportal.kz

Стендальдің: «Легче описать одежду и медный ошейник какого нибудь средневекового раба, чем движения человеческого сердца» – «Адам жүрегінің дірілін жеткізуден көрі, орта ғасырлық әлдебір құлдың киімі мен мойнындағы қарғысын суреттеу әлдеқайда оңай» – деуінің себебі де сонда.

Көркем шығармадағы әр сөз – көңіл қылын басатын бір-бір перне. Дәп баспасаң – жаңыласың. Чехов содан сақтанған болуы мүмкін.

Төртінші тарау. ТАБЫС : «КІМДІ?» – НЕГЕ ҚҰМАРТТЫ?

Осыдан барып, сол сөз бен сөйлемді құру тәсілі мәселесі келіп туындайды. Алғашқы сөйлемінің өзін жай құрмалас емес, күрделі құрмалас сөйлеммен лекіте бастайтын, ойлау жүйесі күрделі суреткерлер шоғыры бар.

Әлемдік үрдіске жүгінбей-ақ қоялық. Ал қазақта бұл тәсілді иін қандырып қолданғандар Мұхтар Әуезов пен Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкей. Асқар Сүлейменовтің де күрделі құрмаласқа құштарлығы басым болатын. Тіпті ол қолданған үйір-үйір үйірлі құрмаластардың жігін ашудың өзі қиынға соғатын.

Ал жай сөйлеммен-ақ ындыныңды суырып алып, ықыласыңды өзіне аударып, суырыла жөнелетің жазушылардың екінші бір легі және мол. Қазақ қаламгерлерінің арасындағы Жүсіпбек Аймауытов, Ғабит Мүсірепов, Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин солардың алдыңғы қатарына жатады.

Ал мұндай қолтаңбалары ашық байқалмайтын, не тұрақты «көңілашар» мәнерді машық етпеген қаламгерлер қатары да жетіп артылады. Көзі қарақты, көңіл көзі ашық оқырмандар, алғашқы сөйлемді оқып жібергеннен-ақ, ол қай жзушының шығармасы екенін бірден сезе қояды. Мысалы, мынау кімнің шығармасы:

«Балконға шыққанында Атыраудың бетіне алтын жол салып, жарықтық күн де көтеріле берген. Сол теңіз үстіндегі алтын жолмен асықпай аяңдап, жетім ботасын жетектеген Ақбота кетіп бара жатты... Жетім бота жетелеген қыз, әне, су бетімен шашбауы сылдырап, үкісі желбіреп кетіп барады... Мәңгілік сапарға жаяу кетіп барады».

Сөзсіз таныдыңыз, Иә, Оралхан. Оралханның «Ақботасы». Ал мынау жолдар кімге тиесілі:

«Ат тұяғынан құм сауырын ойып түскен дөңгелек шұңқыр лезде қайта толады. Алдындағы оқ бойы озық өңшең құла ат мінген күзет сарбаздарынан тау-тау шағылдың беткейіне де шашырап қалып жатқан көп із көзді ашып-жұмғанша-ақ ғайып болады».

Бұл Әбіш Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры» романындағы ең қарапайым алғашқы сөйлемдерінің бірі.

Алғашқы үзіктен сентименталді-романтизмнің, соңғысынан қазымырланған натурализмнің сарыны еседі. Оралхан сілтей салды емеуірінмен алып-ұшып баяндайды. Мұнда жалғыз қыз бен бота бар. Ал Әбіштің бір сөйлемінде бір елдің жұрттан көшкеніндей қою бояу бар. Аттың тұяғы, құм, құмдағы ойық, оқ бойы озған ат, тағы да құла ат, күзетші, сарбаздар, тау-тау шағыл, шашыраған шағыл, тағы да із, із ғайып болады.

Екі жазушының да өз оқырманы бар. Осы екі үзікті қарапайымдатып: «Жетім бота жетектеген қыз су бетінде кетіп бара жатты» немесе «Сарбаз мінген құла аттың құмға батқан тұяғының ізі лезде ғайып болды» – деп жазса қайтер еді. Жоқ, мүлдем болмайды. Бұл – жазушының көркем әлемі. Оны өзгерту – жазушының жанын кеудесінен суырып алғанмен бірдей. Жазушының өзі таңдаған сөз алынса – шығарма өледі. Өйткені оның бүкіл жанжүйесі осы мәйекке ұйыған. Ол – рух мәйегі, рух уызы.

«Абай жолының» кейбір тарауларын жай құрмалас сөйлеммен аударған Николай Ановқа Мұхтар Әуезов: «Мен шолтаң қаққан, тақ-тұқ еткен шолақ сөйлемдерді жек көремін. Менің стилім – Тургеневтің стилі емес, күрделі сөйлемдерге құрылған Бальзактің стилі. Ол менің көркем ойлау жүйем. Шолтаңдатпай аудар», – деп қатты налып хат жазыпты.

Ал Ғабит Мүсірепов: «Ащы ішекше шұбатылған сөйлем мен етістік менің жауым. Мен оларды қабылдай алмаймын» – деген.

Қайсысын қолдайсыз? Екі данышпан да өзінше дұрыс. Өйткені олардың жаны – әр сөздің, әр сөйлемнің ұшында тұрады.

Ал кім кімге жанын қиып бергендей. Тек шын талант қана өзінің туындысына жанын үзіп бере алады. Абайдың әлгі:

«Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащзы тіл,

Не жазып кетсе жайы – сол,

Жек көрсең де өзің біл» –

дегеніндегі тәуекелі – осы тәуекел.

Яғни, «жан қимақ бар да, жандығыңды, тағы да яғни дейік, шығармаңды қимақ жоқ. Шығармасын қорғап, өлімге бас тіккендер қаншама.

Есте сақталар, сақталмас заманда, миләдиден пәленбай ғасыр бұрын қытай императорлары сол уақытқа дейінгі хатқа түскен қолжазбаның бәрін өртетіп тынған. Тіпті, императорлар мен патриархтар талмуд, інжіл, забур тарапындағы құпиялар ашылып қалмас үшін «даналық мәйегі» атанған Александрия кітапханасын күлге айналдырған.

Әрине, кейін оның жаласын исламға жапты. Алайда Клеопатра мен Птоломейдің сіріңкенің шиін ұстаған саусақтарының ізін ешкім өшіре алмады. Оның үстіне жаңа дәуірдің қарсаңы мен алғашқы ғасырында мүслімдік ойлау жүйесі әлі Алланың ғайып бесігінде тербеліп жатқан болатын.

Еуропалық христиандық инквизиция тұсында кітап пен қоса автордың өзі де отқа оранып кетті. Байрон мен Пушкиннің жеке өмірін былай қойып, ойлаған ойына бақылау қойылды.

Мұндай қысымның құрсауына Гете марқасқа: «Чем более замкнутом становиться образ жизни, сковованной гражданским устройством, чем меньше страсти управляют миром, тем больше поэзия утрачивает то, что до сих пор являлось ее предметом...» – «Азаматтық құрылымның қысымынан өмір сүруің тұйықталып, дүние қызығын игеруге деген құштарлығың неғұрлым кеміген сайын, поэзия соғұрлым соған дейінгі басты ауаны болып келген киесінен айырылады» – деп баға берген.

Кітап атаулыны қорлаудың неше түрлі зәлім амалдарын тапқан кеңестік кесір идеология кезеңін Әуезов « тар заман» деп атаған.

«Бақытсыз Жамал», «Оян, қазақ», «Қорқыт», «Ақбілек», «Қилы заман» жөргегінде тұншықтырылды. «Абай жолының» әр жолын – тасқа басатын хатшы келіншектен бастап КПСС орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Сусловқа дейін бақылап отырды. «Кеңестік өмірдің жыршысы» Сәбит Мұқановтың өзін «Жанымды қисам – қияйын, қаламымды қолымнан алма» дегізген, жазалау саясатының қысымына шыдамаған Мұхтарды «Қаракөз», «Еңлік Кебек», «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман», «Хан Кене» сияқты тағдырлы шығармаларынан бас тартқызып: «Абай» романын жазып қалу үшін тәуекел тілейтін көп қиындықтан бас тарттым», – деген сылтауды айтқызған да сол «кер заман».

Ождан азаттығы үшін заман тұншықтырған кейіпкері Фаустың жанын шайтанға айырбастатқан Гете «тар заманның» тылсымына қарсы күрес жолын ұсынады. Ол бұл туралы: «Недостаток характера у отдельных теоретиков и писателей – вот главный источник зла в нашей литературы» – «Кейбір әдебиет теоретиктері мен жазушылардың бойындағы мінездің жетіспеушілігі – біздің әдебиетіміздегі дұшпандық пиғылдың басты көзі болып табылады» – депті.

Жалпы, мінезсіз суреткер – суреткер емес. Кәдімгі көп жалпақ шешейдің бірі. Ал мінезін заман ырқы билеген суреткерді бақытты суреткер деп айтуға болмайды.

Өзінің заманы туралы Антуан де Сент-Экэюпери өлерінен аз ғана бұрын жазған «Еленаның қуғындалуы» атты эссесінде: «Я ненавижу свою эпоху... Но эта эпоха – наша, и мы не сможем дальше жить, ненавидия самих себя», – «Мен өзім өмір сүрген заманымды жек көремін... Бірақ, бұл дәуір – біздің дәуіріміз, сондықтан да бұдан әрі біз өзімізді өзіміз жек көре отырып өмір сүре алмаймыз» – депті.

Демек отаны үшін отқа түсіп, жүйкесі жұқарғанша аспанда дұшпанымен шайқасқан Экзюперидің өзі «өз қоғамына жеккөрінішті» атанғаны ғой. Мұның басты себебі...

Билік иесі мен кесірлі қоғам үшін ең қауіпті адам – жазушы.

Өйткені оның жанкештілікпен жазылған әр сөзінде, әр сөйлемінде, әр абзацында «Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, ащы тіл, жазып кеткен» қоғамның ащы шындығы бар. Суреткер біткен «ақыл мен әділетке» жүгініп, «Дүние кірін жуынып, Көрініп (кәрленіп, қаһарланып) ойға сөз салады. Қыранша қарап қырымға, Мұң мен зарды қолға алады. Кектеніп надан, зұлымға, Шиыршық атып, толғанады» (Абай).

Соған мүмкіндік берген киелі Сөзін қорғайды. Тәуекелге барады. Түрмеге жабылады, сотталады, атылады.

Бұл көңіл-күйді Альбер Камю өзінің өлерде жазған «Долы пенде» («Бунтующий человек») атты эссесінде: «Лучше умереть стоя, чем жить на коленях»; «Я восстаю, следовательно, мы существуем» – «Тізерлеп өмір сүргенше, тік тұрып өлген жақсы», «Мен бұлқынамын, демек, мен тірімін» – деп жеткізген.

Сондықтан да, олардың артында жанын бір беріп, бір қайтарып алып отырып жазған сөз бен сөйлемнен, абзацтан құралған шығармасы қалды. Демек, жазушының «Айтқан сөзі – атылған оқ».

2.«НЕНІ?» – КӨЗДЕЙДІ?

Енді сол «атқан» оқ айдалаға лағып кетпей, адаспай, көңілің көздеген қарақшыға дәл тию үшін де әуелі нысананы анықтап алуы тиіс. Содан кейін барып белгіленген белгілі бір сара жолға түсу қажет. «Соқыр, мылқау танымас тірі жанның» кебін кешіп, шабытқа шабынып, бес қаруыңды – өмірлік шындықты, сөздік қорды, сөз бен сөйлемнің ырғағын, «жұмыстың оңтайлы машығын» – сайлап алған соң бір соқпаққа түсіп, көркем әлемге сапарға аттануың тиіс.

Бұл – ұзақ, «соқтықпалы, соқпақсыз», «соқыр» сапар. Өйткені бейішке бергісіз көркем тылсымның ішінде сен жалғызсың.

Бұл – «бейнет сусынын» зейнет сусынына айналдырғысы келген жалғыздың жанталасы. «Жазушының жан серігі» – қойын дәптер де мұндайда көмекке келмейді. Ол бағана өзің табалдырығын аттаған көркем кеңістіктің босағасында қалған:

«Бүгін не жазатынымды білмеймін. Алдын-ала жоспар құрмаймын. Жазу столына отырып, қалам ұстаған кезде ойыма не оралады, соны сүйкектете беремін. Көркем әлемнің бір пердесінен кейін бір пердесі ашыла береді және бір жазғанымды қайта түзетпеймін», – деген данышпандар да жеткілікті.

Мысалы, Вольфганг Гете, Виктор Гюго, Чарльз Диккенс, Жорж Санд, Александр Дюма, Михаил Шолохов, Шыңғыс Айтматов, Юрий Бондарев, қазақтан Жүсіпбек Аймауытов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлин, Сәкен сері, Оралхан Бөкей сондай ұстанымды діттеген. Генрих Ибсен, Лев Толстой, Иван Тургенев, Александр Куприн, Мұхтар Әуезов, Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин сияқты қаламгерлер қойын дәптер ұстап, күнделік толтырып, кейпкерлердің жеке өмірбаяны мен сөздік қорын жасауды шабыттың тоятын қайтаратын, «етекбастылыққа» ұрындыратын іш пыстырарлық басы артық іс деп санаған.

Солайы – солай да шығар. Бірақ бұл шындыққа еш жанаспайды. «Ессіз шабыттың» буына шалқып, балқып, көркем кеңістіктің ішінде шарықтай самғауы мүмкін, алайда, көркем шығармашылықтың психологиясы «есіргенді», «еліткенді» ұнатқанымен де, «ессіздікті» сүймейді.

Өйткені көркем шындықтың өзінің қатал, «неғылайынсыз» заңдылығы бар. Сен сол көркем шындыққа сөзсіз бағынасың. Әйтпесе, әлгі «кінәмшіл келіншек» табан астында ажырасуды талап етеді. Егер оған тастабандап көнбесең, онда сенің өзіңді талақ етеді. Өйткені, сенің өзің можантопай шындықтың қойынынан сүйретіліп шыға алмай, оны сатып жіберіп тұрсың.

Ал ұрғашы арыстанның қызғанышындай қызғаныштан тірі қалуың қиын.

Көркем шығарма, әсіресе сан сарынды ырғақ пен ой ағысына, сансыз кейіпкерлердің тағдыр мен көзқарас тоғыстарына, не қайшылықтарына құрылған күрделі туындылар –өзінің қаңқасы (фабула) мен композициялық құрылымын, сюжет желісінің нобайын міндетті түрде алдын-ала белгілеуді талап етеді. Олар, Абай айтқандай, «қуатты ойдың күшімен бас құрайды». Көркем ой неғұрлым нақтыланып, қуат жиып, күш алса – шығармашылық үрдіс те соғұрлым нәтижелі болмақ.

Демек, адассаң да – «көркем кеңістік» атты әдемі де әдепті әлемнің әдебін бұзбай әдемі адасуың керек. Жоғарыдағы «ессіз шығармашылық үрдісті» аңсарына айналдырғандар шындықты емес, сол сәттегі өздерінің шығармашылық «көңіл қошын» ғана жеткізген. Әйтпесе, олардың барлығы да жоғарыда аталған сыпаттарды басынан кешкен. Тіпті, «жан серіктеріне» сүйенген қаламгерлерден көрі, олар әлдеқайда қиналысқа, тіпті, күйзеліс пен дағдарысқа ұшырауы мүмкін.

Ал «белгіленген нобайдан» шықпай, кейіпкерлеріңнің еркін тым тежеп, бір сызықтың бойына қақпайлап әкеле берсең де, пәлеге қаласың. Орыстың: «Борзеть то борзей, но не хами» – «Есірсең – есір, бірақ басынба» – деген мәтелі тура осы араға дәп келеді.

Себебі, көркем шындықтың қалауы – қалау, одан бас тарта алмайсың. Жазушы санасының қос жарылатын тұсы да осы мезет, айрықтың қосылатын құйғаны да осы атырау.

Жазушы бұл тұста: «Бүгін мені Наташа тастап кетті. Жоламай қойды. Бір жол жазғамын жоқ» (Пушкин) – деп мұңайып, не «Бүгін маған Нора келді. Үстінде көгілдір түсті көйлегі бар екен. Ол бөлмеге кірді де менің иығыма қолын салды» (Ибсен) – деп қуанып, не «Софья, мына Наташаға (Ростоваға) айтшы, Пьер Безуховқа күйеуге шығайын деп жатыр. Шықпасын. Ол кәдімгі тоқмейіл мещан ғой» (Толстой) – деп налуы, «Пәлі Абай өлейін деп жатыр ғой. Қалай өлтіреміз» (Әуезов) – деп торығуы мүмкін.

Суреткердің өз әлемі – кейіпкерлер әлемімен астасып кетіп, шын дүниемен өзі қолдан жасаған дүниенің парқын ажарата алмай, жазушының: «Человек видел во сне бабочку, и, проснувшись, он задумался о том, он ли видел во сне бабочку, или, можеть быть, бабочка увидела во сне его» – «Адамның түсіне көбелек кірді, ол ояна салып: ұйықтап жатып көбелекті мен түсімде көрдім бе, әлде, көбелек ұйықтап жатқан мені көрді ме» (В.Шкловский) – деп сансырап, алмағайып күй кешетін мұндай сәттері де жиі ұшырасады.

Қазақтың арыстан жалды ақыны Қалижан Бекхожин Сағдидың «Жеті аруын» Қырымдағы демалыс үйінде ұзақ жатып аударып бітіргенде, Алматыдағы бала-шағасына: «Жеті сайқалдың да шаруасын бітірдім. Енді демаламын» – деп жеделхат жіберіпті.

Сөйтіп, сөз бәсекесіне шақырған жеті ару – жеті сайқалға айналып шыға келген.

Міне, «ессіз» үрдіс те, суық қисын мен нобайға құрылған «сара жол» да жазушы мен оның кейіркерлерінің арасына осындай дүрдараздық тудыруы мүмкін.

Әрине, Пушкин мен Толстой, Әуезов сияқты көркем қиялдың киелі иелерін мойындатқан көркем шындыққа сен де еріксіз бағынасың.

2.«НЕНІ?» – НЫСАНАҒА АЛАДЫ

Өйткені, әлемдегі шындықтардың ішіндегі ең абсолютті шындық – көркем шындық. Ал оны тұтастырып, өмірдің шытырман қайшылықтары мен тартыстарын қамшының өріміндей бір салаға жымдастыратын нысана – көркем идея !

Көркем идея – суреткердің жеке басының жан қалауынан туған аңсар. Өткенге, бүгінге, ертеңге, тарихқа, тарихи оқиғаға, тарихи тұлғаға, жеке адамға, табиғат құбылысына көзқарасы. Сол көзқарасын көркем ойдың күшімен қалайда жария жеткізуге ұмтылған құлшынысы. Жазбаса – ындыны басылмайтын ынтасы. Белгісіз алыс кеңістіктегі рух ұстыны.Тілге, әуенге, суретке ауысқан ділі. Көркем идея ешқандай нақты қисынның аясына сыймайды және оның барлық ауқымды әрі ғайып құсы сияқты бейнесіз мағынасын түсіндіріп те бере алмайсың. Суреткер атаулының санасын баураған осынау таңғажайып аңсарды «мақсат пен міндет» деген қарабайыр ұғыммен түсіндіруге болады.

«Кто к таинам жизни рвется мыслью каждой, то в своей душе находить их родник» – «Кім де кім, «санаменен сарғайып» (Абай) өмірдің құпиясын білуге құлшынса, онда ол өзінің рухынан оның (идеяның –Т.Ж.) бастауын сөзсіз табады» (Гете).

Сонымен, көркем идея дегеніміз – көркем көзқарас. Суреткер өзінің көзқарасын көркем дәйектеуге ұмтылады. Сол аңсарына орай алдына мақсат қойып, оны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін міндеттерді белгілейді. Біз осы уақытқа дейін тәпсірлеп келген шығармашылық кілтипандардың барлығы сол мақсат жолына бағынады және қызмет көрсетеді.

Мысалы «Толстой, начиная «Войну и мир», определяет отношение разных людей к Напалеону» (В.Шкловский) – «Толстой, «Соғыс және бейбітшілікті» жазу арқылы әр қилы адамдардың Напалеонға деген көзқарасын анықтайды».

Тура осы пікірді М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопееясына қарата да еш күдіксіз, сеніммен айтуға болады. Айырмашылығы, көркем тартыс үшін шартты түрде алынған жағымсыз бейнелерден басқа «Абай жолындағы» 5250-ден астам кейіпкердің барлығы да тек Абайдың ғана көзқарасына ықтайды, тек Абайға ғана кеп жүгінеді. Неге?

Қалың-қалың алдыңғы үш кітаптағы «соғыс пен бейбітшілік» туралы көркем талдау жетпегендей, Толстой өзінің Напалеонға деген көзқарасын төртінші кітапта тұтастай тәпсірлеп шығады. Өйткені, жазушының көркем идеясының өзі осы «тарихи көркем талдау» болатын.

Ал Әуезов оған мүлдем қарама-қайшы бағытты ұстанды. Суреткер өзінің көркем нысанасын: Абайдың өмірі мен өлеңін көшпенділер әлемімен өрімдей бейнелеп, дана Абайды және Абай арқылы қазақ елін дүниеге таныту. Сол мақсатқа жету барысында тарихи шығармаға тән барлық көркемдеу әдіс-тәсілдерін пайдалау. Сөйтіп, Абайды – адамзаттың Абай ретінде бейнелеп шығару – деп түсіндірді.

Бұл идеяның толық және сәтті орындалуына жиырма жыл уақыт кетті, яғни, бір адамның өмірі жұмсалды. Төрт томдық шығарманың басынан аяғына дейін оқып шығып, Абайға ессіз ғашық боласыз. Бойында секем алатын иненің жасуындай мін болсайшы. Әлгі: «Өзім де өрге шауып, төске өрледім, Қазақта қара сөзге дес бермедім», – дейтін өр мінезі айналып-толғанған мейірім мен қайырымға айналып кеткен. Оқыған сайын егілесің.

Мұның себебі неде?

ХХ ғасырдағы орыстың ұлы ойшыл сыншысы, әдебиеттанудың атақты теоретигі, Виктор Шкловскийдің көркем идея мен көркем әлемге – шығармашылыққа қатысты айтқанындай: «Слова само не плачет и даже не всегда ориентирует» – «Иә, сөз – тектен текке жылатпайды, тіпті, кейде есіңнен де адастырып жібереді».

Сол көркем идеяның аңсарынан туған көркем әлем – суреткердің еркін қиялымен өмірге келген тәуелсіз кеңістік. Оған нәр беретін екі үлкен күретамыр бар. Ол – өмірлік шындық пен көркем шындық.

Өмірлік шындық – кәдімгі қарапайым, қарабайыр, күнделікті етекбасты шындық. Ол суреткер үшін шикізат қана. Сол шикізаттан қандай түйін түйемін десе де суреткердің өз еркі. Өйткені, ендігі шындық суреткердің идеясына бағынған жасанды, яғни, туынды шындық. Жазушы, суреткер, шығарма, туынды, өнер (искусство – жасанды) деген ұғымның өзі содан туған.

Юрий Тыняновтың: «Өмірлік деректер аяқталған жерден көркем шығарма басталады» – деуі де сондықтан.

Өзін-өзі сыйлайтын және өнер атаулының заңынан хабары бар суреткер ешқашанда өмірлік шындықты өнеріне өзек етпейді. Дүниедегі жалғыз шындықты сол қалпында хатқа түсірдім, тек қана шындықтың өзін жаздым не жазуға ұмтыламын деген адам – суреткер емес. Егер ол ниетінен қасарыса айнымайтын болса, онда ол адам дереу өнер әлемінен кетуі керек. Өйткені ол суреткер емес, өмірдің можантопай көшірмешісі ғана. Шын суреткер өмірдің мың шындығын тиірменге салып уатып, «ой қуатының» күшімен ұнтақтап, шабыттың демімен аптап, жалғыз-ақ шындық, көркем шындық жасап шығарады. Және сол жасанды, туынды шындықтың өмірлік шындық екеніне күдіксіз сендіруі тиіс.

Мен өзімнің шәкіттеріме дәріс өткенде сәл желпіне: «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» тарихи роман-эпопеясында өмірлік бір шындық жоқ. Сенбесеңіз романның кез-келген бетінен кез-келген оқиғаны маған оқып беріңіз. Мен, қара басып қалмаса, сол оқиғаның өмірлік шындық емес екенін дәлелдеп беремін. Ал, керісінше, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасында көркем шындықсыз бір сөйлем жоқ. Бәрі де шындық. Нанбасаңдар кез-келген беттегі кез-келген сөйлемді оқып беріңіз, есімнен жаңылып қалмасам, табан астында дәлелдеп беремін», – деймін, «тарихи роман-эпопея» мен «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасы» дегенді тілімнің астына маржан етіп жасыра отырып.

Әрине, Абай – Наполеон емес, Наполеон – Абай емес. Ақынның гуманист болуы заңды. Дегенмен де, Мұхтар Әуезов өзінің көркем идеясын жүзеге асыру үшін Құнанбай, Тәкежан, Оразбай сияқты жағымсыз кейіпкерлердің өзін Абай бейнесін биіктен-биікке көтеретін баспалдақ ретінде пайдаланған. Ал өмірде өзі екі рет жер аударған Базаралымен қимас дос еткен. Тіпті Абайға қатысы жоқ тарихи оқиғаларды «қатысты етіп», «қақтығыстырады».

Қысқарта айтқанда, тарихи көркем шығармада сақталуға тиісті жеті шарттан басқа барлық мүмкіндікті пайдаланған. Қарсы шыққандарға да, қабылдамағандарға да уәжі дайын.

Мінсіз Абай бейнесін сомдау – Мұхтар Әуезовтің көркем идеясы. Ал көркем идея – тәуелсіз, Абайша айтқанда, «тәңірінің берген сыйы». Тәңірдің берген сыйына ешкім олжа сала алмайды.

Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясының көркемдік ерекшеліктері туралы В.Шкловскийдің: «Жазсаң – көңіл шерің тарқайды» – «Слова освобождает душу от тесноты», «Проза – оқиғаның себебін қайталап анықтайды. Сөйтіп ол тарихтың орынын ауыстырады» – «Проза возврашает причину события. Она перестраивает историю»; «Тарих – адамзаттың жадын жаңғыртады» – «История обновляет память человечества»; «Өнер – бейнелі ойлау жүйесі» – «Искусство – это мышления образами»; «Поэзия дегеніміз – ойлаудың ерекше тәсілі, соның ішінде образбен ойлау» – «Поэзия есть особый способ мышления, а именно, мышления образами»; «Қарасөзбен жазылып, өлең ретінде қабылданатын, керісінше, өлеңмен жазылып, қара сөз ретінде қабылданатын шығармалар болады» – «Вещ может быть: 1.Создана как прозаическая и воспринята как поэтическая. 2. Создано как поэтическая и воспринята как прозаическая» – деген пікірлерін М.Әуезовтің «Абай жолына» қарата да пайдалануға болады.

Өз сөзін өзінің атынан пайдаланғанымыз үшін, эвакуация кезінде Алматыға келіп, кейін еліне қайтқан соң: «Ұмытпаспын. Ұмытылмайтын күндер өткіздім. Рахмет, Мұқа!» – деп М.Әуезовке алғау жеделхатын жолдаған В.Шкловскийдің әруағы біздің бұл еркіндігімізге қарсы уәж білдіре қоймас.

Бұған қосарымыз, «Абай жолы» «Қарасөзбен жазылып, өлең ретінде қабылданған» шығарма. Суреткердің ұстанған мақсаты мен көркем көзқарасы, яғни, көркем идеясы да осы болатын.

Себебі: «Поэтикалық образ дегеніміз – барынша әсерлендіріп жеткізудің бір амалы ғана»– «Образ поэтический – это один из способов созданий найбольшего впечатления» (В.Шкловский).

Міне, мұны әдебиет қисынында – «көркем шындық» деп атайды.

Көркем шындық – суреткердің суреткері ғана қол жеткізетін шындық. Тіпті, талғамы қалыпты қарапайым оқырманның өзі шығармадағы өмірлік шындыққа емес, көркем шындыққа сенеді.

Кеңес тұсындағы кеңсешіл кемел жазушы А.Чаковскийдің біз қатысқан бір кездесуінде: «– Өз уақтысында СССР Мемлекеттік сыйлығын алған «Бізде қазір таң атты» – «У нас уже утро» атты романымдағы Весальшаков деген кейіпкер шалдың оқиғасы өмірден алынып еді. Сюжет 20-30 жылдардағы мұхиттағы оқиғаны баяндайды. Шал өмірінің соңында ұлының қолына келіп тұрады. Сыншылар соны өтірікке санап, сынап, ақыры сенбеді. Романдағы жалғыз шындық сол еді» – дегені қатирамызға жазылып қалыпты.

Демек, Чаковский өмірлік шындықты көркем шындық деңгейіне жеткізе алмаған. Көркем қиялы шарықтап ұшпай, жер бауырлап қалған. Дайын шындық тұрғанда, «ой қуатын» артық жұмағысы келмеген. «Шығармашылық қуатты үнемдеу заңы да барлық мойындалған заң атаулыға тән ережеге бағынады»» – «Закон экономии творческих сил также принадлежит к группе всеми признанных законов» (В.Шкловский). Демек, кеңестік кермиық жазушы Александр Чаковский де көркем шығарманың заңына бағынуға тиісті еді. Бірақ, соған қарамастан «сыбағасымен» қоса сыйлығын да алып тынды. Бұл оның «тиірмен» тартуға жарап қалған кезі еді. Сыйлығы қалтасында қалды, ал шығарманың сол беті аты өшті.

«Қасаң өмірлік шындықтың беломыртқасын опырып, уатып, көңіл тиірменінен қайта өткізуді» шығармашылық басты мақсаты еткен Гете дегдар бастаған дүние әдебиетінің тәмсілдерін ескере отырып, бұл арада өзімізге етене өмірді бейнелеген Мұхтар Әуезовтің көркем тәпсіріне жүгінеміз. Өйткені Мұхтар Әуезовтің көркем шындықты игеру тәжірибесі әлемдік әдебиеттегі сирек құбылыс. Өмірлік шындық пен көркемд шындықтың арақатынасын салыстыра талдасаңыз, шындығында да, жазушының «қиыннан қиыстырған» көркем ой қуатына таң қаласыз. Эпопеяға шіміркендіре желі тартқан негізгі оқиғалар мен сюжеттің бір де біреуі өмірлік шындыққа сай келмейді.

Мысалы: Қодар – Қамқа қасіреті өмірде болған оқиға және оны Абайдың көруі мүмкін емес. Өйткені оқиға ол тумай тұрған кезде өтіп кеткен. «Мұсақұл соғысында» ара ағайындыққа жүруі де неғайбыл. Себебі ол қақтығыс 1845-1846 жылдары, Абай жөргекте жатқанда орын алған. Бөжейдің асын көруі мүмкін, алайда асты басқарып, атағын шығарған емес. Бөжей Абайдың бес жасында, 1850 жылы дүниеден қайтқан. Құнанбай аға сұлтан болып тұрғанда Қарқаралыға ере барып, Ділдәні алып қайтпайды. Құнанбай 1849-1851 жылдардың арасында, оның өзінде де алты ай ғана пәрменді аға сұлтан болған. Қалған уақытын Омбыда «мырзақамақта» өткізген. Тәкежанның жылқысын барымталаған Базаралыны Абай қорғамақ түгілі қостамаған. Себебі, Базаралыны ұрлығы үшін итжеккенге айдатқан Абайдың өзі.

Сонда өзі романның қай желісі өмірлік шындыққа саяды? Бұл кемшілік пе? Жоқ. Өмірлік шындықты көркем идеясына «қызмет көрсеттіруі» үшін «қуатты ойдан бас құраған» көркем шындық және абсолютті шындық. Осы «қиыннан қиыстырған» көркем шындығы бәрінен қымбат.

Тағы да оқыңыз: Жұмекен Нәжімеденов пен Иосиф Бродский

Адамды сендіреді, шіміркендіреді, ойландырады. Суреткер тарихи шығармада қиянат жасауға болмайтын өмірлік шындықтың жеті қатаң талабын орындаса: кейіпкер өмір сүрген қоғамдық формацияны сақтаса (Абайды социализмде өмір сүргізуге болмайды), кейіпкердің туған-өлген жыл аралығын (1845-1904) өзгертпесе, ұстанған дінін (мұсылман) ауыстырмаса, өмір сүрген ортасының табиғи жағырапиялық ерекшелігін нақты бейнелесе (Шыңғыстауда пальма мен кактус өспейді), жеке дене сыпатына өзгеріс енгізбесе (Абай соқыр не ақсақ емес), заңды некесін көрсетсе (үш әйел алған), сол замандағы өркениет жетістігін ғана пайдаланса (Абайды ұшаққа отырғызуға, көңкеге мінгізуге болмайды, ол кезде бұлар жоқ) – жетіп жатыр. Суреткерге бұдан басқа тиым салынбайды.

Осы талаптарды сендіре суреттегені сондай, «Абай жолы» роман-эпопеясы «қазақ тұрмысының көркем энциклопедиясы» (Қ.Сәтбаев) атанды. Тарихи шындықты көркем шындыққа сіңіре білгені сондай, миләдиден бұрынға төртінші ғасырда скифтердің көсемі Атей патша Александр Македонскийдің – Ескендір Зұлқарнайынның әкесі Филипп патшаға қолданған соғыс тәсілін Құнанбайға «Мұсақұл соғысында» қолдандырады. Қыр астынан қалың түйені қарсыластарына қарай шаңдата жауып жібереді.

Көшпелілер қоғамынан орын алған тарихи шындық болғандықтан да ешкімнің оған дау айтуға қақысы жоқ. Суреткер – шығарма – кейіпкер уақыты – тарихи уақытпен жігі білінбей жымдасқан. Сондықтан да көне заманды зерттеген тарихшылардың өздері оны дерек көзі ретінде пайдаланды. Мысалы, шамамен ҮІ-Х ғасырда өмір сүрген хазар империясының тарихын зерттеген М.И.Артамонов:

«Оның (Ибн Фадланның, Х ғасырдағы араб саяхатшысы – Т.Ж.) жазбаларындағы көріністерді, Мұхтар Әуезов «Абай» атты тамаша шығармасында суреттеген қазақтардың тұрмысымен салыстырсақ, мынаны – Х және ХІХ ғасырда өмір сүрген көшпелілердің тұрмысындағы ұқсастықтардың соншама көп екенін байқау онша қиын емес, олардың өмір сүрген қоғамы өте аз өзгеріске ұшырапты, «Абайдағы» жарқын бейнелерді негізге ала отырып, біздің отанымыздың ұлы даласында осыдан мың жыл бұрын өмір сүрген көшпенділерді нақты көз алдымызға елестете аламыз», – деп жазды.

Толстойдың суреткерлік психологиясын діттеген тағы да сол В.Шкловский тілмәр айтқандай, шығармада: «Кездейсоқ ұқсастықтың болуы мүмкін емес, ұқсастықтың өзі сюжет құрылымының ерекше заңдылықтарымен ғана түсіндіріледі» – «Случайное совпадения не возможны. Совпадения обьяснаються только существованием особых законов сюжетосложения».

Міне, бұл – шындыққа бергісіз көркем шындықтың құдіреті.

Сол қолдан жасалған шындықты өзің өмір сүрген замандастарыңның мүддесімен байланыстыра білсең ғана парызың мен міндетіңді орындағаның.

Гете: «Өз заманыңмен бірге өмір сүр, бірақ оның жасанды төлі болма: өз замандастарың неге мұқтаж болса, соған қызмет ет, ал олар мақтаған нәрсеге жолама» – «Живи со своими веком, но не будь его творением: служи своим современникам, но тем, в чем они нуждаеться, а не тем, что они хвалят» – деп ақыл айтады.

Өйткені өзіңнің көркем идеяңды замандастарыңа әсерлі жеткізе алсаң ғана, шындығың белгілі бір мәнге ие болады. Өзіңнің кім екеніңді, не айтқың келгенін замандастарың міндетті түрде мойындауы тиіс. Онсыз діттеген мақсатыңа жете алмағаның, қойылған міндетті орындамағаның.

Гете көркем идеяның мақсат пен міндетке айналуын: «Өзіңді-өзің қалай тануға болады! Жасамспаздықпен емес, тек шешуші әрекетпен. Әуелі өзіңнің парызыңды өтеуге ұмтылып көрші – сол сәтте-ақ өзіңді-өзің тани бастайсың. Ал, сенің парыз дегеніңнің мағынасы не өзі? Ол бүгінгі күннің талабы» – «Как можно самого себя познать! Отнюд не созерцанием, а только действием. Попробуй испольнить свой долг – и тот час себе познаешь. Но что, в сущности, твой долг? Требования дня» – деп түсіндіреді.

Шындығында да өз дәуіріңмен үндестік таппаған туынды – жетім туынды.

Сонымен, суреткер психологиясымен тікелей астасып жатқан көркем идея, көркем әлем, өмірлік шындық, көркем шындық, суреткерлік парыз туралы тереңдетілген талдауларды теориялық еңбектердің еншісіне қалдыра отырып, енді суреткерден қисынды машық-мантиқты (логиканы) қажет ететін сюжет құрылымын қиыстырудың қамына қатысты шытырманды ойдың шырғалаңына көшеміз. (жалғасы бар...)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар