Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Тұрсын ЖҰРТБАЙ: ҚОС ҚАЙЫРЫМ...

28.09.2017 7050

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: ҚОС ҚАЙЫРЫМ

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: ҚОС ҚАЙЫРЫМ - adebiportal.kz

1.МАҒАУИЯНЫҢ БӘЙТЕРЕГІ

Жазушының көркем әлемнің қуаты мен талант психологиясының қалыптасуы – күрделі құбылыс және шығармашылық иесінің – жазушылық қасиетінің текті, не тексіз екенін анықтайтын талмауытты мәселе. Бейім-ынтасы, құштарлығы, мақсатты құлшынысы, білім-парасаты сай келіп тұрса да, әу баста ұйыған табиғи мәйегі сұйық болса, қанша тыраштанғанмен ол адамнан дуалы сөз шықпайды. Мүмкін, талант деген ұғымның бір құпиясы сонда жатқан шығар. Жалпы дүниетаным мен шығармашылық психологияның жұмбақ сырын зерттеген әлем психологтарының анықтауы бойынша, қасиетті өнер иесі – сегіз түрлі түйсіктің уызына қанып өсуі тиіс екен. Сол түйсік уызын бір ғана мақсатқа жұмылдырған табанды жанталасты өзін “мен” дегізетін көкірек көрігінен балқытып шығарғанда ғана, яғни, өмірдің барлық құбылысын тек қана өзінің көркемдік “меніне” бағындыратын жан кешуден өткенде ғана, шығармашылық тұлғаға айналады екен. Егер де кіндігің байланған кездің өзінде ата-ананың сезіміне – сәл діріл, көңіліне – күдік ұяласа, сәбидің қаны басқаша ұйыйтын көрінеді. Қазақтың: “Баланы тілеуіңе қарап береді”,– дегені соған саяды.

Әлгі ауытқулар сәбидің мына дүниені қабылдауындағы табиғи жан жүйесіне өзгерістер енгізіп, тіршіліктегі қабілет-жігерін, ойлау жүйесінің еркіндігін, сезім жүйесі мен түйсігін қалыпқа салады. Егерде олар бір-біріне сәйкес келмесе, бойға біткен баланың өзіндік “мені” табиғи түрде қалыптаспайды екен. Мұны, “уызынан жарыған”, “төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры анық”, “Айы – оңынан, Күні – соңынан туған төл” дейді алаштың сыншыл аян берушілері. Адамның, аңның, үй түліктерінің “сырттан” туралы әфсаналары да содан шықса керек. Сондай уызынан жарыған, төрт құбыласы түгел, сегіз қиырды қосқан, ата-бабаның тілеуі үстінде болған, зердесі ішкі әлемінің “меніне” бағынған киелі сөз иесінің бірі – Мұхтар Мұқанұлы Мағауин.

Бұрын айтуға ерсі көрінгенімен, оның дәл қазіргі тұла бойына жарасып тұрған Тұлғалық тумысы осы. Енді Мұхтар Мағауиннің бұл болмысын жасырудың еш қисыны жоқ және сол сөзді еститін кемел жасқа, мағыналы мөлшерге де келді. Шығармашылығын – зерттеуге, талдауға, әр түрлі өлшемдер мен көзқарастардың екшеуіне салуға болар, бірақ, енді оны қазақ руханиятының кеңістігінен, көркем уақытынан, таным тарихатынан, қазақ қоғамының болмысынан ешқашанда алып тастай алмайсың. Өйткені ол өзінің әу бастағы қанына, тәніне, жанына сіңірген қасиеттердің барлығын сыртына шығарып үлгерді және шығармасы арқылы соны танып білуге мүмкіндік берді. Көркем ойлау жүйесімен, таным болмысымен, баяндау мәнерімен, алаш рухты қоғамдық көзқарасымен, арынды мінезімен, мінезді пайымдауларымен қазақ ұлтының табиғи болмысымен сіңісіп, киелі құбылысына айналып кетті.

Мұндай тұжырым деңгейіндегі пікірді мойындатып, ой мәйегін түйдірген таланттар ұлтымызда қадау-қадау ғана.

Ол өмірге де, әдебиетке де, ғылымға да, сондай бір алаңсыз және асқақ сеніммен қадам басты. Жасқанған да жоқ, жасыған да жоқ және тік көтерген кеудесін керіп тастап, кербез мақтанмен сөз өнерінің есігін ашты. Өмірдегі өнері де, өнердегі өмірі де соған лайық жағдай жасады. Еркелеп, еркін де батыл және сондай бір қайтпас қайсарлықпен, сеніммен, алымдылықпен қадамын қарыштай аттады. Соған орай білімді де, білікті де де, ұлттық рухты да бойына қаныға сіңіріп өсті. Сол мақсаты жолында қаймықпастан қасқая алға сүйрейтін биязыға тән өжет мінезге де ие болды. Бар болмысын баршаның алдында ашық ұстады. Соған орай сәттілік те оның жанынан табылып, қолтығынан демеп отырды.

Себебі: Мұхтар Мағауин өзі туралы ешқашанда: жетіммін, жетіспедім, жарлының жалғызымын, білімге кеш сусындадым, қиын балалық кештім, қаладан алыс өсіп, оқуым кенже қалды, қазақтың салт-дәстүрі мен саятын, салбурынын кейін көрдім, атамыз сауатсыз болған екен, сөздің қасиетін кейін мектепке барғанда түсіндім, алаштың азаттық идеясы, қазақтың хандық мемлекеті университеттегі ұстаздарымның арқасында мәлім болды – деген жоқ және олай деп айта да алмайтын. Оның өз тұстастарынан артықшылығы және “сенен” көрі “мені” басым болғаны да сол тумысынан біткен түгелдікте жатыр. Ол – өзін өзі жаратып, өзін өзі үнемі бабында ұстайтын, өзін өзі демей көтермелейтін Мағауия атбегі жаратқан Нарқызыл сияқты сылаң жүйрік сияқты өмірдің емшегін арда еміп өсті. Бұл – мақтаныш та, мадақ та емес, Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің өміріне қатысты кәдімгі қарапайым ғана шындық. Және сол “менін” өзінің “Меніне” (роман-эссе) жалғастыру арқылы қорытындылап та берді.

Шындығын айтсам, жеке өз басым, жазушының шығармашылық психологиясы мен шығармашылық тарихын, өмір баяндық сыпаттарын қазақ жазушыларының арасында алғаш баян еткен шығарма – Мұхтар Мағауиннің “Менін” оқып отырып, ешқандай таңданғаным жоқ. Өйткені жазушының сонда айтқан психологиялық иірімдері маған етене таныс еді, тіпті, кей тұстарда мен ондай қорытындыға осыдан жиырма бес – отыз жыл бұрын келген екенмін. Бұл – көрегендік те, кісімсігендік те емес, сөз өнерінің дертіне ұшыраған боз баланың қиялы жетелеген талпыныстың қорытындысы болатын.

Мен Мұхтар Мағауиннен бұрын Мағауия ақсақалды көрдім, ал Мағауия ақсақалдан бұрын елуінші жылдардың соңында, алпысыншы жылдардың басында исі Қазақстанды таңдандырған Нарқызыл бәйгенің атын естідім. Аңызға айналған қайран Нарқызылдың бағын байлаған, сөйтіп өзінің бағын жандыруы үшін оның табанына құмшеге қағып жіберген біздің ауданның сойқанын да білетінмін. Мұны естігенде бүкіл Абай ауылы бір шіміркеніп қалып еді. Келер жазда әкем маған бәсіре тай таңдамақ болып Құр, Тай, Көксеңгір, Жәнібек жазығындағы жылқының үйірін аралады. Дөненді құнанға, құнанды тайға айырбастап, ақырында бір құла тайды жетектеп қайтты. Әкем Құдакелдіге: «Жалғыз ұлыңа ат таңдай келіпсің. Ертең бір жаққа шыға қалса, қопаңдап отырмас үшін мына құла тайды ал. Бұтының астынан адам өтіп жатса қозғалмайтын, жүрістен де жаңылмайтын, нағыз мініс аты болады», – депті. Расында да сондай аяңшыл, мінісшіл, жуас ат боп өсті. Жүрісі де жайлы, өрістен жүгенсіз қақпаймен мініп келетін басбілгі болды. Кейін оның бқл мінезін көрген Нығымет ақсақал мен Борбас сияқты жылқышылар: “Бұл тайға Мағауия бапкердің көзі түсіп еді”, – деп қимастық танытып жүрді. Алғашқы тырнақалды өлеңім де осы Құлатайға арналды. Бірақ кейін нарқызылдың кебін құшты. Содан бастап Мағауия ақсақалдың аты шықса елеңдеп қалушы едім. Өмір бойы тазы мен бәйге ұстап, қиянда шет жайлаған, саяқ өскен адам. Шыңғыстың сыртынан табан аудырмаған зиялы дегдардың бірі.

Ал Шыңғыстың сырты – Сарыарқаның басы, арқаның ең биік шоқысы Ақсораңмен қапталдасып жатады. Қазірдің өзінде құс пен аңнан өзге тіршілік иесі қыстамайтын құла дүз. Мағауия ақсақалды әлгі құла тайды басыртқы жасап жүргенде сыртынан көрдім. Жылқышылардың қосына сыпайылап келіп, сыпайы қалпында аттанып кетті. Сол Мағауияның немересі: бүкіл Қазақстанды аузына қаратқан ғалым, ұлтшыл жігіт, менен бір класс жоғары оқыған Дәменнің туған жездесі – деген сөзді күзде мектепке келгенде естідім. “Жұлдыздың” тігіндісін ақтарып отырып, “Кешқұрым” атты әңгімесін оқыдым. Ақын Төлеужан Ысмайловтан жөн-жобасын ұғынып, тиянақтап оқуға тырыстым. Газет-журналға шыққан жыраулар туралы мақаласының қиындылары әлі де тартпамда сақтаулы. Кейін “Қобыз сарыны” қолға түсті. Одан соң “Тазының өлімі” хикаясы журналда жарияланды. Әңгімелері үрдіс шыға бастады. Маған «Әйел махаббаты», «Жаңылысу», «Күтпеген кездесу», «Ватерлоо өткелі» мен «Қияндағы қыстау», «Шаңқа» әңгімесі ерекше ұнап еді. Бірақ оларды екі адамның туындысы сияқты көрінетін. Алғашқылары тым еуропалық стильдегі әсіремәнерлі қалалық хикаяттар, ал кейінгілері тым қазақы мәнерлі дала хикаяттары сияқты әсер қалдырды.

Сайын Мұратбековтің «Жусанның иісі» мен «Қылауының» жүректі шымшитын мұңы мен маяға үйілген қысқы шөптің қошқыл иісін мұрыныңа әкелетін тұшкірігіне еліткен бозбаланың талғамына тосын түйсікті тұщыну әкелді. Бұл әңгімелер маған өмірдің өзінен көрі теория мен таңсық өмірдің талғамынан туғандай әсер қалдырды. Екі-үш жылдан кейін сол Мұхтар Мағауиннің аудармасымен басылған Соммэрсет Моэмнің әңгімелері мен Хаггардтың «Сүлеймен патшаның кенішін» оқығаннан кейін ғана бұл қолтаңбаның табы қайдан қалғанын аңғардым. Ол қолтаңбаның аңысы мен аңсары «Қарақызда» қарауытып, «Көкмүнарда» мұнартып, «Шахан шеріде» шарықтап, «Тревеннің әңгімесімен» қорытындыланады. Табиғи әлемге таңдана, тосынси, оқшау тамсану, яғни, өмірдің дәміне құштарлықпен тамсану, тұмса дүние еңсесін иықтаған шарасыз шамырқану бар. Бұл ойдың астары «Қияндағы қыстаудағы басынан арқар қарғып кеткен әйелдің әңгімесін естігенде Орынкүл кемпірдің: «Еркек атулыға жұт болды ғой бұл соғыс. Ең аяғы даланың ит-құсы мен тағы аңы да басынды»,– деген күйінішінен шым-шымдап шыжымдалатын. Ол кезде мұндай әңгімелер қазақ үшін таң да тың туындылар еді. Біздің де қазақы талғамымызға тосаңдау тұщынымдар әкелді. Сөйтіп: «Үйленіп қойған жігіттерді бірден танисың... Сондай тоқмейіл, тоғышар кейіпте келеді өздері», – деген сияқты хэмингуэйлік мәнердегі еркін мінезді кейіпкерлер де қазақ әдебиетіне де аяқ басқан тұс. Мұхтар Әуезовтің «Кінәмшіл бойжеткенінен» кейінгі еркін қылықты әйелдің әдебиет босағасын аттаны осы еді. Әрине, ол жылдары мұны тап басып тани алғамыз жоқ. Бірақ санада саңлауы, көңілде табы қалды.

Алматыға алғаш келген жылы Мұхтар Мағауиннің жұлдызы жарқырап, атағы шарықтап, бағы шалықтап тұр екен. Жұрт оны айтып тамсанады. Біз қысыламыз. Пәтерлес егде жігіт ағамызға барған-бармағанымды күнде сұрап, барсақ сөзсіз оқуға түсетініме сендіріп, тайсақтағанымды ездікке санап жүрді. Төлеуғали Бозаев деген сыныптасым Қажытай Ілиясты таниды екен. Сол кісіні қара тартып екеуміз одаққа бардық. Әркімге таңырқай қараймыз. Шырамытамыз. Бір кезде Мағауин де көрінді. Үрдің үстіне ілінетін киімді мырзалықпен, таза киетін сырбаздың өзі екен. Тәкаппар да сияқты. Сияқты да емес. Бірақ соған парапар. Берген сәлемімізге басын изеп өте шықты Мен жанарына қарап, өзім шырамытатын Мағауия дегдармен ұқсастық іздедім. Қиығының қылт еткен шалығы ұқсайды... Біз сол көзінің шалығын малданып қала бердік. Келесі жылы оқуға түсіп, дәріс тыңдап, одақтың да табалдырығын еркін аттай бастадық. Бір күні Мағауияның Нарқызылына мініп бәйгеге шапқан Несіпбек Айт: “Мұхтар менің ағам. Жүр, кіріп шығайық” – деді.

Онда Мұхтар Мағауиннің жан оты да, бақыты да, атағы да өрлеп тұрған шағы. Болмысына қатты қызықтым. Кесіп, тіліп, алашты ауызына ала сөйлейтін қияқ мұртты жігіттің білмейтіні жоқ екен. “Біз үшінші курсқа көшкенде қайталап сабақ берген профессорымыз – Флобер мен Мопассанды аңыз етіп тағы да айта жөнелді. Ал мен ол кезде сол профессордың өзін оқытатын білімге ие едім”, – деп жағасын көтеріп бір желпініп қойды. Мағжанды аузына алды. Менің де ол кісінің есіміне құлағдар екенімді аңғарғанда басын изеп қойды да әңгімені басқаға аударып әкетті. “Е, осал тұсы осы екен ғой”, – деген ой келді. Содан қалайда: Мағауин білгенді білуге тиіспін, оның жыраулар туралы зерттеуінің өтеуін алаш ардагерлерін білу арқылы теңестірем. Әр әңгімесіне жауап ретінде әңгіме, не өлең жазамын. Архивті ақтарамын – деп шештім.

Бұл ниетімді ұстазым, өзіміз «Ақ бас бура» атап кеткен профессор Қайыржан Бекхожиннің көмегімен жүзеге асырдым. Қлттық кітапхананың сирек және арнайы қорындағы «Алашорда» мүшелерінің барлық шығармаларын оқып шыққан соң тағы да Несіпбекпен бірге Мқхтар Мағауинге барып: біз де бірдеңе білеміз – дегендей сыңай таныттым. Ол маған мүлде тылсым біраз нәрсені төкпелеп келе жатты да кілт тоқтай қалды. “Солай бала” – дегендей саусағымен столды шертті. Рас, білімім кенже екен. Содан әлгі “мәлімдемемді” сексенінші жылдардың басы-аяғында және тоқсаныншы жылы тағы қайталадым. Ал тоқсан үшінші жылы М.Мағауиннің “Архив хикаясындағы” кейіпкері болып шыққанымды өзіне ашық мойындауға тура келді.

Мұны айтып отырғаным, бір адамның әр басқан қадамын, тіпті мінезіне дейін қазымырланып зерттей берсең, құдай түйсіксіз қылып жаратпаған соң, ол туралы әйтеуір бір пікір қалыптасады екен. Кейде М.Мағауиннің қандай кезде қалай сөйлейтінін, қандай шешім қабылдайтынын алдын-ала болжап отырамын. Сол болжамым тура солай болып шыққанында өзіме-өзім таңданатыным да бар. Сондықтан да, жоғарыдағы таланттың тегі мен табиғаты туралы пікірге әбден көзім жеткендіктен де бұл жайды суыртпақтап отырмын.

Бозбала кезімнен Мұхтар Мағауинмен білім бәсекесіне түсіп, отыз жыл бойғы бақылаудан түйгендерім мынау.

Сонау арғы атасы – Жастабаннан бастап Мұхтар Мұқанұлының өзіне дейінгі тұқым-тұянның тағдыры мен талант табиғатының тоғысын саралайтын болсақ, онда бұл тұқымнан қазақтың сөзін ұстайтын бір перзент қалайда шығуға тиісті екен. Өйткені “текті” деген ұғымның өзі қисынды-қисынсыз айтыла салған тіркес емес қой. Ұрпақтан-ұрпаққа сүзіліп келген сол қасиет киелі Мағауия дегдардың мәпелеуімен немересі Мұхтарға қонды. Ғылыми тілмен айтсақ, жоғарыдағы өнер адамдарын қасиеттендірген сегіз шартты атасы кіші Мұхтардың бойына ана сүтімен, ата тәрбиесімен қоса сіңірді. Сондай тәрбиені алған Мұхтар Мұқанұлының “Мұхтар Мағауин” болудан басқа жолы да қалмаған сияқты көрінеді маған.

Шығармашылық көркем әлемнің қалыптасуына себепкер ең басты шарттың бірі – талант иесінің жөргегінен бастап туған жерімен психологиялық тұрғыдан тамырласа білуіне байланысты екен. Себебі: психологтардың зерттеуінше, әрбір өнер иесі өзінің бесікте жатқан кезіндегі табиғат құбылыстарын шығармаларында жиі суреттеуге құштар болады екен. Демек, Фрейдті жиырма жасында жасырын оқыған Мұхтар Мағауиннің қазақ хандығы мен жыраулар тұсындағы еркіндік рухы оның аңсарына айналуы заңды. Оған дәлел – Мұхтардың кіндігі кесілген Көпбейіттің (халық аузында Көкөзек, Көктүбек деп те аталады) қазақ тарихындағы рухани орыны.

Бірінші: бұл Көктүбек – Шалкиіз бен Ақтанберді өмір сүрген ғасырдағы тылсым қалпын сақтаған. Дәл қазір де ол арадан өркениеттің белгісін әрең табасыз. Шыңғыс тауының сырт күнгейінен: таңғы мұнарда шығыстан – Тарбағатайдың, оңтүстіктен – Жоңғар Алатауының, кешкі қызыл шапақта батыстан – Ақсораң мен Ұлытаудың, солтүстіктен – Балқантау мен Қарқаралының самалы есетін және сұлбасы рауандап қылаң беретін атойлы жон. Төрт құбыланы түгендеп отыратын осы жонға Абылайдың ордасы тігіліп, сағанасы салынған. Оның іздері сексенінші жылдардың аяғына дейін сақталып келді. Ал Бақтыдан басталып, сонау Қызылжарға тіркелетін Көктүбектің жанынан өтетін “Хан жолының” (”Абылай жолы” деп те аталады) қос табаны әлі де сайрап жатыр.

Хан жолының бойынан, хан ордасының іргесінен қоныс алған Құрымбай би Құнанбаймен табақтас, Абаймен жағаттас болды. Сондықтан да алаштың – алаш кезіндегі жыраулар мен хандардың келесі туралы әфсаналар Мұхтарға тумысынан таныс. Хан ордасын ата қонысы еткен ұлан қазақтың толысқан мемлекет болғандығын, бодандыққа түскен ұлттың кіріптарлығын және бостандық туралы аңсардың ұлы сағынышын уызынан сіңіріп, әлдимен қоса емді. Рухы ер, тектік сенімі мықты, “хан ұлының несі жоқ, би ұлынан несі кем” – деген азат оймен есейді. Ол сегіз қиырды шолып:

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақ ала ордам қонған жұрт.

Атамыз біздің бұл Сүйініш,

Күйеу болып барған жұрт.

Анамыз біздің Бозтуған,

Келін болып түскен жұрт.

Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт.

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт.

Қарағайдан садақ будырып,

Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,

Жанға сақтау болған жұрт.

Салп-салпыншақ анау үш өзен,

Салуалы менің ордам қонған жер, –

деген еркін көңілімен бұла өсті.

Өзгені былай қойғанда, хан ордасының жұртында, хан жолының бойында, қара шалды қара шаңырақта туған Мұхтардың жыраулар әлемін тірілтуі – перзенттік аманатқа алған парызы еді.

Екінші, ол Абайдың жамбасы тиген, ақындық рухын оятқан топырақтың тура өзінде дүниеге келді. Ұлы ақын 1886 жылы Құрымбайдың рұқсатымен Көпбейітті бір жаз жайлап шығады. Сол Көпбейітке келгенде ақындық арқасы ұстап, атақты:

Жазды күн шілде болғанда,

Көкорай, шалғын, бәйшешек,

Ұзара жетіп толғанда, –

деп басталатын өлеңін жазады және сол күннен бастап өз өлеңіне өзі ие болады.

Сөйтіп “сөз түзеледі”. Абайдың батасын алған Құрымбай ұл сүйеді. Атын ақынның сүйікті ұлының есіміне орайластырып Мағауия деп қояды. 1904 жылы Абай Көпбейіттен тура 28 шақырым жердегі Балашақпақта дүниеден қайтқанда 15 жастағы Мағауия бауырымдап барып көрісіп, көңіл айтқан. Сол жылдан бастап дүниеден уаз кешкен Шәкерім Шақпаққа тошала (саятқора) салдырып, Шыңғыстың сыртында жалғыз мекендейді. Бақыршысына кілең керей жігіттерін ұстаған Шәкерімнің аң қарай шығып қоналқаға түсетін жалғыз қыстауы да сол Көпбейіттегі Құрымбайдың қыстауы.

Дағанды (Көкөзек) елінің төрінде, атақты Жәнібек жазығының құйқалы қорығында отырған Мағауияның бойындағы саятшылық пен атбегілік, мырзалық, кірпияздық, қысқа да ойлы сөз сөйлеу мәнері Шәкерім ғұламаның қасында көп жүргендіктен де оған жұғысты болса керек. Алаш-алаш болғаннан бастап Абайға дейінгі тарихты Шәкерім қажыдан көкірегіне тоқып өсті. Заманның сырын ерте түсінді. Оған себеп: “Алашорданың” төбе биі болған Шәкерім мен “Алаш” партиясының атқару комитетінің мүшесі Тұрағұл Абайұлының ауылына 1919-1920 жылдары Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовтың келіп қоныс тебуі. Мұхтар Әуезов пен Кәмила Мағауияқызының тойы сол Бақанаста өтті.

Мағауия ақсақал қазақ көсемдерінің келесінің ішінде жүрді. Сырын алдырмас үшін қалың ел қоныстанған сартап жұрттан бойын аулақ ұстады. Абай айтқандай, “қызыл желді уыстайтын” Бегеш шешен мен Уәйіс әншінің қасиеті дарыған Мағауия жалғыз ұлы Мұқанды заманына сайлап оқытты. Ұлы әскерге алынып, соңынан “халық жауы” болып кеткенде көкіректегі барлық арманды немересі Мұхтарға сарқа айтты, көкірегіне құйды. Төрт атадан бері жалғыз ұлмен жалғасып келе жатқан үрімнің ұшы Мұхтар Әуезовтің құрметіне орай атын қойған немересі Мұхтардың “тілекпен туған” бала болатындығы да сондықтан.

Тура сол Көпбейтте басталған 1931 жылғы көтеріліс пен ашаршылықтан кейін иен қалған жердің ендігі иесі мен киесі сияқтанған Мағауияның бауырындағы балаға: “А” әрпін – Абай, Абылай, Алаш, Ахмет, “Ә” әрпін – Әлихан, Әуезов, “Ж” әрпін – Жүсіпбек, “Қ” әрпін – қазақ, Құнанбай, “Ш” әрпін – Шәкерім – деп атап үйретті. Және: “Бұлар сенің атаң. Сен хан ордасының жұртындағы жұрағатсың, Абайдың сөзін ұстар – мұрағатысың, алаштың азаматысың” – деп нықтап отырды. “Мен – елмін, Мен – ермін. Мен – қазақпын” – деп кеудесін тік ұстатып тәрбиеледі.

Өзге құрбылары оныншы класта оқыған “Абай” романын Мұхтар атасына дауыстап оқып беріп жүріп бастауыш класта тауысты. Жыр мен қиссаны жаттап өсті. Соны түйсінетін зерде берді. “Жалғыз ұлы бардың шығар – шықпас жаны бар” – дегізбеді. Атасын да, әкесін де, өзін де, “Мен бармын” – деген сеніммен еңселі етті. Қазақтар мұндай тәрбие алған адамды: “Іштен оқып туған” – дейді. Оның өз қатарластарынан білім-ғылым жөнінен ілгері тұрғандығы – сол Мағауия дегдардың арқасы. Немересі Мұхтар түгіл, сырттай атын естіген біз де сол кісіге қарап ойымызды түзедік. Бір Нарқызылдың тағдыры туралы аңыздың өзі неге тұрады?!

Міне, осы үш тылсымды табиғи негіз – хан ордасының, Абай мен Шәкерімнің, “Алашорда” мемлекетінің рухы – Мұхтардың ішкі рухани әлемін қалыптастырды. Ал ұлы ақындардың тәлімін алған Мағауия дегдарсыз, Мұхтардың да, жалпы қазақ елінің де рухына бір қасиет жетпей қалатындай сияқты көрінеді маған. Сондықтан, шағын мақаланың атын –“ Мағауия бәйтерегі” деп атауды жөн санадым. Өйткені, жазушы Мұхтар Мағауиннің көкірегіне “Қобыз сарынының” үнін құйған, “Алдаспан” жырауларға аңсарын оятқан, “Тазының өлімі” мен “Шаһан шерді” қиялына сіңірген, “Аласапырандағы” ордалық рухты қозғаған сол адам. Мұхтар сол Мағауия ділмардың саясында тамырланып, тарихи рухтың шырынын бойына сіңіре бой көтерді.

Қазір қазақтың тектік қорындағы қою мәйекті тұқымдардың талайы іріп, сұйылып кетті. Ата жолын рухына айналдырған перзент азайды. Рухани жиделі-байсында туып, ұрпағын рухани қуаңшылыққа ұшыратқан тұқым-тұяндарда жеткілікті. Жоғарыдағы қуатты әрі шағымды ішкі әлемнің нәзік құбылысын түсінетіндей кіші Мұхтарға табиғат жете берді. Ол жазымыш сыйлаған үш бақытын – атаның аманатын, бойына берген талантын және – Бақытын аялай білді. Қолына қонған бақ құсын үркітіп алған жоқ. Жазушының жеке басы мен қабілеті сынға түсіп, жүйкесі жұқарған жетпіс екі – жетпіс тоғызыншы жылдардың арасында сол үш бақыты оны ой шырғалаңынан алып шықты. Ол сол тұста өзін-өзі тәрбиеледі, талант психологиясына үңілді. Бұл – қазақ қаламгерлеріне тосын мінез. Соның нәтижесінде қазақ рухани әлемінің Мұхтар Мағауині дәрежесіне көтерілді.

Егер де жазушының талант психологиясы мен көркемдік әлеміне жүгінсек оның мына қасиеттері қанық байқалады.

Бірінші: ол өз талантын құрметтей және бағытын анықтай білді. Төңірегін түгел шолып үйренген қыр баласы ретінде сегіз қиырға қатар көз сүзбей, жалғыз-ақ көкжиекті мақсат етті. Талантын ұлты үшін ең мүдделі, өзінен басқа адам істей алмайтындай мақсатқа бағыттады.

Екінші: алған бағытынан бетін бұрмайтын қайсарлық пен намысына, ұшқыр ақылына қылау түсірмеді. Өзін-өзі үнемі қайраумен, баптаумен болды. Бойындағы бар болмысы тек қана жазушылық кәсіпке жұмсалды.

Бұдан өзге М. Мағауиннің үлкен уайымы болмады десем – шындыққа қиянат емес. Ақырында оның таланты алмас бұрғыға айналып, өзі ескерткен жапон жазушыларының кейіпкері сияқты темір тауды тесіп шықты.

Үшінші: тумысынан бастап рухын адамға да, заманға да, тақырыпқа да тәуелді еткен жоқ. Үндемей қалған, ішінен тынған, шабуылға шықпаған сәттері болған шығар. Бірақ орнында тұралап не бұғып қалмады, тып-тыныш қалпында өзінің көкжиегіне қарай адымдай берді. Мысын ешкімге бастырмады.

Төртінші: өзіне, мақсатына, елінің еркіндік алатынына күмәнсіз сенді. «Әуелі – Алла, одан кейін Алаштың рухы, одан кейін ата-бабамның әруағы, одан кейін – менің өзімнің еңбегім мұратқа жеткізеді”, – деп ойлай жүріп өзі де жетілді, тәңірі тілегіне жеткізді.

Мұхтардың өзі ғана мұратына жеткен жоқ, ұлтын да, ата-бабасын да, Бақытын да биікке көтерді. Абай әкесі Құнанбай туралы естелік айта келіп: “Аталарымыз не деген қасиетті әрі ұлы еді. Біз айтатын сөз қалдырмапты ғой", – деп сөзін өкіне қорытқан екен. Егер де Мұхтар Мағауин “Қобыз сарыны” мен “ Алдаспан” арқылы “бес ғасырды жырлатпаса”, “мұрты көкке шаншылып, бұрын сөйлеген”, “Кетбұғадай билермен кеңес құруды армандаған” Асан қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Ақтанберді, Жиембет, Күдері, Марғасқа, Үмбетей, Тәттіқара, Шал, Бұқар жыраулардың мұрасын тірілтпесе: “Е, Абай атамыз бұл сөзді жай көңіл үшін айтқан екен-ау», – дер едік. Бүгін өзінше бір еркіндік жырына айналған және түркі тектес жұрттардың ішінде тек қазақ пен ноғайда ғана бар жыраулар әлемінен мақұрым қаларымыз хақ.

Бодандық тұсында бостандықтың отын үрлеп оятқан мұндай рухани серпіліс әкелгені үшін де Мұхтарға тағзым. Абайға өз сөзін өзіне қайтарып берген Көпбейтте (Көкөзекте) туған Мұхтар Мағауин қазақтың сөз өнеріне елдіктің ақ ордасын қондырды. Ал өзі төл әдебиетімізге еуропалық мәдениетті әкелді. “Қияндағы қыстау”, “Ваторлоо көпірі”, “Жанталас”, “Иесіз”, “Қара қыз”, “Көкмұнар” және “Мен” шығармаларындағы ішкі көркемдік иірімдер М. Мағауиннің өзі тапқан екінші қонысы. Сонымен қатар атадан балаға ауысқан Ақтамбердінің толғауындағы:

Жағама қолдың тигенін,

Жалғыздық сенен көремін.

Жағамдағы жыртықты,

Жетімдік сенен көремін, –

деген ұлы аңсарды төртінші ұрпақ жүзеге асырды.

Ол жетімдік пен жетімсіздік көрген жоқ, жалғыздық көріп өсті. Шүкір төрт ұл, екі қыз, оншақты немерелі ордабасы болып отыр. Мақаланың атын «Мағауияның бәйтерегі» деп қойғанымның бір астары да осында жатыр.

Дәл қазір Мұхтар Мағауиннің төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұтас. Үрімді үрлеп, Қырымды жайлап, “Азаулының Стамбулдан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұхтарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлынан несі кем!”, – деп тұрған дер шағы. Ұзағынан сүйіндірсін.

Мамыр, 2000 ж.

2. МҰХТАРДЫҢ «ҚОС АҒАШЫ»

Тура осыдан он жыл бұрын Мұхтар Мұқанұлы Мағауинге қарата айтқан: «Төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұтас. Үрімді үрлеп, Қырымды жайлап, “Азаулының Стамбулдан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұхтарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлынан несі кем!”, – деп тұрған дер шағы. Ұзағынан сүйіндірсін»,– деген тілегіміз қабыл болды. Өйткені ол соңғы он жылда шығармашылықтың қызығына айызын қандыра сусындап, табанынан от шашқан нарқызылдай зар күйіне түсіп, бауырын жаза жазды.

Армансыз көсіліп келеді. Бойы да, ойы да бұрынғыдан ширақ. Өрісі де кеңіген. Бұрын қолы жеткен адам шет елге шығып кетіп демалатын еді. Ал Мұхтар ағамыз енді күз бен көктем арасын шет елдегі сарайында өткізіп, жаз жайлауында ғана туған еліне келіп, Көпбейіт – Көктүбектегі ата қыстауында аунап-қунап қайтатын болып жүр. Бұл да тағдырдың оған берген ерекше сиы. Бәйбіше мен баланың қызығын бәріміз де қал-қадерімізше көріп, сыйына бөленіп жүрміз ғой. Бірақ бұл ретте де Мұхтар ағамыздың құрметі өзгемізден өзгеше өріс алды. Балалары мен жарының аялы алақанына мұндай еркін еркелеп, мәпеленген әке арамызда сирек.

Сондай сүйініштің аясында ел азаматтарына аздаған ғана өкпесін арқалап, Прагадағы немерелеріне қазақша үйретіп, кәдімгі кеңістіктегі көп атаның бірі емес, ірісі боп өмір сүріп жатыр. Жай жатқан жоқ, қазақтың жыртысын жыртып, рухани қазынасын молайтып, көркем әлемін байытып жатыр. Өзі бір кездері көңіл ауаны ретінде сүйініп аударған, елден алыс, ағайыннан ауаша, тұйық күн кешкен Соммэрсет Моэмнің кейіпкерлері сияқты шалғайда жүр. «Қияндағы қыстаудағы» құлжалар сияқты анда-санда жонын күдірейтіп Алматыға келеді. Астанаға ізін сала қойған жоқ.

Сондайда сағыныңқырап қалған інілік сартап көңілмен зәудем хабарласа қалып, жөн сұрассаң: «Сен немене, менен интервью алайын деп тұрмысың? Оның несін сұрайсың. Елің таланған, жерің тозған, адамың азған. Парламентің – пәлешіл. Тек алашымның рухы өлмесін!», – деп бастырмалата жөнелетіні де бар. Сол баяғы өршіл де, шамшыл мінезінің басылмағанына қарап: «Е, ағамыздың көңілі күпсіз, ойы орнықты екен. Сағыныштың сар жалқыны жүрегін алмапты. Мұны білгенде, мұндай қатқылдау сөз естімей-ақ, хабарласпасам да болады екен! Енді есте болсын», – дегендей қырсық ой қылт ете қалады.

Соңынан қайтадан жазғандарына үңіліп, оның ішіндегі ұлтына деген ұлы да уытты толғаныстарды оқып: «Сыр жасырыпү юй тасалап жүр екен. Бәрі де ішінде сақталыпты. Алқалы ойын тек қаламға ғана сеніп тапсыруға бекініпті. Кейіпкерлерінің жармақтанып, қос жарылып жүргені сияқты өзінің де ойы өзі суреттеген Бақанастың бойындағы Қос Ағаш сияқты қос айырылып жүр екен-ау! Ділі қатты ағаның тіліне бола бұртимайын», – деп өзіңді өзің жұбатасың.

Қалай дегенмен де түңілмейсің, қайта өткен күннің кей елесі көз алдыңа келеді.

Шындығында да, осы «Қос Ағаш» жазылғанға дейінгі жазушы Мұхтар Мағауин бір басқа да, «Тамыз әңгімелерінен» кейінгі жазушы Мұхтар Мағауин бір басқа. Мұнда жазушының «мені» басты кейіпкер дәрежесіне көтерілген, ал негізгі, қосалқы, үстеме, жанама сюжеттер сол «Менге» қызмет етеді. Жазылу мәнері – әр түрлі ырғаққа құрылған, баяндау тәсілі – құбылмалы, әдеби әдістері – алмағайып, алмасып отырады, шендестірулері – ширақ әрі күрделі, тұспалдары – тылсым, емеуіріні – екі-үш мәнге ие, нысанасы – әрі биік, әрі терең, оқиғаға – өзін де, өзіңді де араластырып, уақыт пен кеңістіктің желісімен жетектеп, қилы-қилы әсерде қалдырады.

Сонымен қатар бұрын Мағауиннің прозасында қанық анықталмаған сарказмдық кекесіндердің өзі сюжеттің міндетін атқарып кетеді. Кейде жүрдек жазу мәнері тасырқап барып қайтадан екпін алады. Сағыныш пен өкініштің өзіне де бірде кекесінмен, бірде мысқылмен, бірде жылы жымиып қарайды. Оқиғаның басталуы, дамуы, көркемдік шешімі, нысаны қат-қабат қатталып, көркем ойдың салмағы сомданып шыға келгенде шап-шағын әңгіменің салмағы шартабақтай ауыр тартады.

Лирика мен мысқыл араласқан осындай күрделелі көркем иірімде тұлғаланған әр қаһарманның әр қайсысына ортақ бір сипат тән. Ол – сол кейіпкер әлемінің қос жарылуы. Яғни, әлгі қаһарман бір оқығаныңда жазушының өзінің «мені» сияқты әсер қалдырады. Қайыра оқығаныңда ол мүлдем басқа, антиқаһарман болып шығады. Мысалы «Тревеннің әңгімесіндегі» ажалдың бейнесі, тіпті, «Одағай әңгімелердегі» әр оқиға осылай жинақтала жұмырланған.

Ал «Құмырысқа – қырғын» мен «Қос ағаш», «Тағдыр жазуы», «Күмбез», «Оралу», «Бір нәзік сәуле», «Ең үздік оқушы» әңгімелерінің тұспалы мен емеуіріні қатпар-қатпар. Бір жақты, бір сезімді, бір түйсікті кейіпкер жоқ. Махаббат пен ғадауаттың ортасында алмағайып күй кешкен тағдырдың жанкештілері жүр. Көркемдік әдіс-тәсіл мен шығармашылық психологиясымен арнайы айналысатын зерттеушіге таптырмайтын тақырыптың өзі.

Мен бұл әңгімелерден алған әсерімді бойыма да, ойыма да сіңіре алмай, бір әңгімелесіп қалғанда Мұхтар Мұқанұлының өзіне осы пікірімді сабақтай келіп:

– Баяғы жазушы Мағауин мүлдем бөлек. Мына «Тамыздан кейінгі әңгімелердегі» Мағауин – шығармашылықтың жұлын-жүйкесін шүйкелеп берген нағыз еуропалық мәнердегі жазушы. Кейде бұрынғы Мағауин осы әңгімелерді жазу үшін дайындық жасап келгендей әсер қалдырады, – дедім мақтауымды асырғым келіп.

Ол әдеттегідей тез шытына қалып:

– Сонда сен бұрынғы Мағауинді жазушы емес дегің келіп отыр ма? «Аласапыран», «Тазының өлімі», «Шаһан шері» сияқты шығармалар жүз жылда бір-ақ рет жазылады. Енді жазылмауы да мүмкін, – деді.

Мен де қасарысыңқырып:

– Иә, олар жүз жылда бір рет жазылуы мүмкін. Ал мына шығармалар, романның жүгін арқалап тұрған шығармалар ешқашанда жазылмайды, – дедім.

Мәселе, ол шығармалардың жүз жылдан кейін жазылып, жазылмауында емес. Ең басты мәселе – жазылып қалғанында және қайталанбастай иіріммен тоғыс тапқанында. Өйткені дәл осындай, яғни, тәуелсіздік тұсында рухани бодандықты басынан кешірген Мұхтар Мағауин сезінген сезімдерді тағы бір қаламгердің қайтадан сезіне алуы неғайбыл. Сол пікірімді дәлелдегім және әр әңгімесі мен мақаласына орай пікір білдіргім келіп ұзақ уақыт бойы дайындалып та жүрдім. Бірақ ретін салмайын десе ойлаған ісің ілгері баспайды екен. Сол түстағы пікірлерімнің жаңғырығын, міне, енді пайдаланайын деп отырмын.

«Күмбез» әңгімесінің соңына: «Егер осында суреттелген оқиға – көркем қиялдың нәтижесінен туған көркем шындық болса, онда Мұхтар Мағауин шын даналыққа жетіпті. Шын оқиға болғанның өзінде, енді он, жиырма, жиырма бес жылдан соң көркем шындыққа айналады», – деп жазыппын.

Мүндағы жазушы өз көзімен көргендей етіп жазылған кәдімгі шындықтың өзі жағаңды ұстатады. Айтты-айтпады, біз әруақтардың бейітінің өзін сатып күн көріп жүргеніміз өтірік пе?! Бұрын арымызды сатқанға күйінуші едік, енді ата-бабамыздың әруағын сатып күн көретін болдық.

О,тәубә!

Ал осыны Мағауиннен басқа кім көркемдік шындық дәрежесіне көтеріп жазды?

«Құмырысқа – қырғын» әңгімесі туралы: «Егер бұл әңгіме кеңес кезінде жазылса онда Мұхтар Мағауин тірі классик емес, нағыз алашшыл-ұлтшыл, буржуазияшыл диссидент атанар еді. Қазір тақырыпқа еркіндік жасалды. Әңгіменің астарындағы шындық – публцистикада ашық айтылып жүргендіктен бе, әдеби сын мылқау тылсымдықты сақтады. Оның үстіне авторы бас асауы басылмаған, сырбаздығы мен сыншыл ойы тең өрілген, өзіне өзі және келер оқырманның жоғары бағасына қатты сенетін, мақтағаныңның өзінде бір сөзіңнен ши шықса жазғаның үшін өкінетіндей ғып жазғыратын, шамшыл да шыншыл Мұхтар Мағауин. Сондықтан да әдеби сыншылар сырттай ықтап, марғаулық танытқан сияқты. Егерде Әбіш Кекілбай мен Шерхан Мұртаза жазса, сөзсіз дана дер едік. Оған мен де қосылар едім.

Әттең, «Құмырысқа-қырғынның» астарын ешкім әлі де пайымдай алмай жатыр-ау! Оның ішінде дәл қазірдің өзінде ешкім айта алмайтын, екінші бір емеуірінді тұспал жатыр. Ол – Ананың өзі! Аты аталмайды. Бірақ әңгімені оқығанда ол кейіпкер ретінде елес береді. Ол бейне, жылдар өткен соң, лакмус қағазының түсі сияқты астарлана шығады. Сонда: «Мұхтар Мағауин шындықты зарлатып отырып, запыранын сорғалатып отырып жазыпты. Біз білмеппіз ғой! – дейтіні анық. Мұндағы кейіпкердің мені – жазушының өзі. Егер құмырысқаның өзін жазса қазіргі оқырманның оған өресі жетпейді, оқымайды. Құмырысқаның іні де, илеуі де жоқ, яғни, жер сатылып кеткен. Ертеңгі өмір, жер жегісі, түптің түбінде жүйкеңді жейтін болады!», – деп пікір түйіндеппін.

Қазір де сол ойдан айный қойғамын жоқ.

«Қуыршақ» – Мағауиннің жазушылығын ертеректегі жазған туындысы «Әйел махаббатымен» байланыстыратын (мұны «Еркек махаббаты» деп атаса да болатын) жастық кешуі туралы хикая. Ең сәтті әңгіменің бірі. Баяндау мәнері де, құрылымы да, сюжеттің дамуы да кәдімгі классикалық үлгіде құрылған. Алайда мұндағы кейіпкердің «мені» жазушының «баяндаушының емес) «менімен» астасып кетеді. Автор кей кезде кейіпкердің орынын алмастырып кетеді. Баяндауы бір желінің бойына тартылған, ширақ. Оқығаннан өзіне тарта жөнеледі, кей тұста автордың толғауымен алмаса ұласады. Мұның барлығы болған оқиғаға, әсіресе, соңғы шешімге оқырманды сендіру үшін жасалған әдеби тәсіл. Мұндай ішкі қуат пен шынайылыққа алпыстан асқан жаста жету – ұлы ішкі қуатты қажет етеді», – деп тұсына жазып қойыппын.

Менің ойымша бұл әңгімені талдамау керек, жай ғана оқып шыққан лазым. Сонда ғана оның барлық көркемдік қуатын сезіне аласың.

«Ең үздік оқушыдағы» немере де, немеренің романы да, оны тыңдап, пікір айтқан ата да данышпан. Мұны әдеби тәсіл деп те, жазушының жан сыры деп те, тіпті, кішкентай ғана авантюристік әдеби тюрк деп те қабылдауға болады. Қылауы мен қисыны жарасқан, сақа жазушының өзін сескендіретін, бала психолгиясының логикалық тосын шешімі арқылы оқыс ойға қалдыратын шағын да шақпа туынды. Өйткені, сарабдал сыншының өзін шіміркендіріп, «немересінің романын жан-жақты талқылауды кейінге қалдыруы» талай тұспалды аңғартады. Оқырманның шешуіне қалдырылған тұспал бойынша: не лрикалық қаһарман қайтып қолына қалам алмайды, не немересі тұспалдаған шындықты жазу ғана қалады. Мүмкін немересі де қайтып қалам ұстамауы мүмкін. Онда бұл ата өмірінің трагедиямен аяқталатыны анық. Ал немере жазушы осы бетімен өнерін өрістете берсе, онда ... әлгі романды үлгі тұтқан мұғалиманың керін әрбір қазақ кешеді деген сөз. Одан да әңгіменің талқылауын шынымен де кейінге қалдырған дұрыс».

Солай болғаны дұрыс-ау! Бірақ қазақ ұлтының күні не болмақ. Шағын, ойнақы әңгіменің астарында ұлттық трагедия жатыр.

Ал «Қос Ағаш» та бүкіл дала философиясының тамырының үзілуі мен қазақтың тағдыры тұспалданған. Мұнда лирика да, сыншыл сезім де, емеуірін де бар. Кешегі даланың көркі болған Бәйтеректер қайда? Енді мынау сайын даланың салқын самалымен саясында сусындататын қос бұтақты алып Қос ағаштар қайда? Марқасқа Мағауиялар қайда? Олардың басын жай ойнатқан кім? О, Қос ағаш! Сен қазақ хандығының құрылғанына куә болмап па едің! Дала мен бабаның рухы емес пе едің! Тасқын шайған, су орған арса-арсасы шыққан өзен жағасында сояудай сойдиып тұрған қалқа жоқ. Бақанастың бойындағы шыбықтар мен суға түскен бүгінгі балаларды кім саясына алады? Хандығыңның нысанасы, ер бабалардың рухы мынау еді деп көрсететін тұқыл да қалмаған. Бұл әңгімеде аспан мен дала, ата мен бала, арман мен өмір арасын байланыстырған ұлы аңсар бар. Ол аңсар жазушының ішкі аңсарымен астасқанда мәңгілі ел туралы сарынға айналып кетеді. Қос ағаш – қос өмір, қос тағдыр, қос әлем, қос қоғам. Қос ағаш – фани мен бақидың арасындағы ұлы сарынды тамыр. Ол – өмір ағашы, көне түркіше Мықан ағашы. Ол – тамыры көкке, жапырағы жерге қараған жазмыш ағашы. Әңгімені оқығанда осындай ассосациялық коллизиялар ойыңды ұармап алады».

Бұл – тұспал мен емеуірінге құрылған әңгімелердің бір парасы туралы дер кезінде жазылып қалған ойлар.

Қазір сол «Тамыздан кейінгі» әңгімелердің екінші бір астарын, сарказмдық сыпатын аңғарып отырмын. Мұнда тұспал да бар, бірақ, мұндағы тұспал ызалы тұспал. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» – деген тәмсілді еске түсіретін және тура бидің қаламымен жазылған жаза сөзі. Бәріне емес, соның ішінде тікен тамырлы екі әңгімеге ғана тоқталайын.

Алғашқысы «Қылмыс» деп аталады. Атақты бір тархшы өзін қорлаған ұзынсирақтардың әйелін құтқарамын деп суға кетеді. Сөйтіп, ұлт мүддесін жалған бибауырмалдыққа құрбан етеді. Автордың пайымдауынша: Алпамыстың қылмысы бұл емес, опасыз жар мен қансыз нағашысының тәрбиесімен қағынып қскен ұлды – әкесінің еңбегін жоққа шығарып, алашапқын боп жүрген Подонокті өмірге әкеліп кеткені екен.

«Подонок» атты екінші әңгіме әлгі подоноктің тәуелсіздік жылдарындағы «подоноктік» сатқындығы. Дүние жүзі тарихшылары жиналған симпозиумдар мен конференцияларда: қазақтың тәуелісіздік алуы – заңсыздық. Олар ел бола алмайды. Қазақ тілі диалекті ғана. Ресейсіз өмір сүре алмайды. Өйткені бұл ұлт – құл болу үшін жаратылған ұлт. Мен жабайлардан шықсам да жабайылардың тілін үйренуге арланамын,– деп жар салады. Оқымысталар оны мәжілістен қуып та шығады. Сөйтіп, шет елде сүйкімі кеткен Подоноктің бағы елге келген соң, керісінше, өрлей түседі. Қастаншықпағыр пиғылды ту еткен оппозиция өкілдерінің көсемі атанады. Сөйтіп жүргенде өз үйінің табалдырығына сүрініп, мұрыны бұзылады. Оны қазақ емес, қазақстандық баспасөздер, көлігімен кісі басып өлтірген Жовтисті адам құқығын қорғағаны үшін түрмеге қамалды – деп даурығып жүрген оппозиционерлер сияқты, оның бет ауызының тас-талқан болғанын мемлекеттен көреді. Аш пәледен қаш пәле деп үйренген іштей оның пікірін жақтайтын үкімет ақыры оған күндіз-түні күзететін қарауыл бөледі. Есірген Подонок енді «Қазақсыз Қазақстан» деген ұран көтеріп шығуға дайындалып, ұлы жоба жасап жатқан көрінеді. «Елдің тыныштығын ойлағандар» оның бұл әрекетін мақұл көріпті-міс. Біз оқиғаның сыртқы қаңқасын ғана баяндап отырмыз. Ал мәтіннің ішіндегі көркем оймен шендестіріле берілген сарказмдардың уыты тұла бойыңды қышыма шаққандай дуылдата шымырлатады.

Бұл екі әңгімені ғана емес, «Ұлтсыздану ұраны» атты кітаптағы барлық шығармаларды дәл осындай деңгейдегі саяси памфлет десе де болады. Бұл реттегі Мұхтар Мағауиннің сарказмдері мен ызалы қаламы әлемнің кез-келген сатиригімен шендесе алады. Әттең соның барлығы да қалтарыста қалып қойды.

Оның есесіне, Шыңғыс ханның қазақ мемлекеттігінің тарихынан алатын орыны туралы пікірі дауға ұласып кетті. Подонокті басына көтерген тобырға Шыңғыс хан мен Мағауиннің тізесі мен ызасы қаттырақ батқан сияқты (Бұл арада мен Мқхтар Шахановты меңзеп отырғамын жоқ. Екі Мұхтар қатар күресіп жүрген, екеуінің арасына әділет іздегенсіп, арандатып жүрген Подоноктерді мекзеп отырмын). Мұндайға ара ағайындық жасағанды жаным сүймейді. Жасанды жауапты одан бетер жек көремін. Дегенмен де, мәселенің анығы – Шыңғыс хансыз қазақ мемлекеттігінің тарихы болмақ емес. Онсыз біз ұлттық қасиеттеріміз бен белгілеріміздің бәрінен айырылып қаламыз. Тарихтан сызыламыз. Оны М.Мағауин «Қазақ тарихының әліпбиінде» барынша орнықты баяндаған. Біле білсек, қазақ ұлтына Шыңғыс хан мен Мағауин емес, Подонок қауіпті еді. Ондай подоноктер арамызда әлі де қошаметке ие. Осыны да парықтай алмай қойдық-ау!

Бүгінгі күннің тақырыбын көркем шығармаға арқау етуге әлі ерте деген жасанды сылтауды Мұхтар Мағауиннің жоғарыдағы әңгімелері мен «Жармақ» романы күн тәртібінен сызып тастады. «Жармақ» – саяси памфлет пен психологиялық көркем саралауға құрылған трагедиялық шығарма. Мұндағы бір адамның екіге жарылуы тарихи және өмірлік шындықтан туып отыр. Бір бетіне – ұлт намысын, екінші бетіне – ұлтсыздықты ұран етіп алған дүбара тұлғаның қос жарылуы, жүрегі мен санасының екіұдай арпалысуы, махаббаты мен жар төсегін бөліскен жарыместілік, бір адамның өзін өзі соншама сүйе отырып жеккөруі, өзінен өзі жерінуі романда публицистикалық рухта сараланып, трагедиялық шешіммен аяқталады.

Басты кейіпкер өзінің екінші бетіндегі даңқ пен дақпырттың табы басылған сатқындықтың қарғыс таңбасын өшіріп, бір бетті, ар-ұятты, ұлтының мүддесі үшін өмір сүруді армандайды. Өзінің екінші жартысы Жармақ парламентке өтіп, тура Подонк сияқты өз ұлтын арандатып, «Қазақтарсыз Қазақстан» деген ұранды мемлекетаралық деңгейде жүзеге асыруға көшкенде оның екінші жартысы – өзіне өзі қол салады. Ол сол өзінің өлімі арқылы ғана Жармақты сатқындықтан арашалап қалады. Өйткені онсыз, екінші сыңарынсыз Жармақтың өмір сүруі мүмкін емес көрінеді. Маратымыз – Мұрат, Мұратымыз – Марат. Марат өзін өлімге қию арқылы Мұраттың жолын кеседі. Яғни, ұлттың мұраты үшін Марат өзін де, Мұратты да құрбан етеді.

Мұндай шарасыздықты әрбір қазақ зиялысының басынан кешіп ж.ргені аян. Тіпті осындай амалсыз тәуекелге барған шығармашылық иелерінің тылсым тағдыры жанымызға батып жүргені де аян. Олар да Марат сияқты өз еркімен өмірден бас тартуы арқылы қалғанымызға ой салғысы келіп, жанын пида етті ме деп те ойлайсың. Ойлайсың да еркін өмірдің тұйыққа тірелуін азат қоғамды тұйық қоғамға әкеп тіреген себептерден іздейсің. Соның жауабының бір парасы Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романында публцистикалық пафоста сарқыла көркем сараланған.

Шайтанқұлақ арқылы аз сөйлесіп, көп сыр түюге ұмтылған сәтімде «Жармақ» туралы сыр тартпақ болғанымда, ол алысқа орағыта қайырып, әңгімелерін көлденең тарта берді (Ол әңгімелер «Алтын тамырдың» осы санында жарияланып отыр). Соған қарағанда қазіргі Жармақ емес, тарихи жармақтар туралы көркем ойын көмей күйі ретінде жасырып қалды ма деген ұшқын санамызға саңлау түсірді. Әйтеуір біз білетін Мағауин ешқашанда елі үшін алаңдамай жүрген емес. Әр игі ісінің сәтін салсын.

Қазіргі қазақ әдебиеті тоқырауда – дейміз. Жоқ, бұл мұлдем қате түсінік, жаңсақ пікір. Өзгені былай қойғанда, Мұхтар Мағауиннің кейінгі он жылдағы шығармалары бұрын-соңды туған әдебиетімізде бой көрсетпеген әлемдік деңгейдегі туындылар. Тек соны оқып, түсініп, мойындап, талдап, тұспалын халыққа аша жеткізу ған парыз болмақ. Өйткені бұл роман – бүгінгі қазақ әдебиетінің жаңа арнасының басы. Көркем шығармаға қойылатын ендігі талап та сол деңгейден қалыптаспақ. Бұған алаңымыз жоқ.

Алаңымыз – ағаның алыста жүргені. Енді еліне жат бауыр болып кете қоймас. Бірақ бой тарта саяқ кеткені алаш рухты азаматтың бар екенін сезініп жүруі тиіс еліне қиянат сияқты. Бұл емеуірініміз, мүмкін, асылық та болар. Мүмкін, жанында еркелей жүріп, бауыр басып қалған жан жылуын жиі сезінгіміз келгендіктен де шығар. Ал оған бауыр басып қалған жалғыз біз емес, исі ел емес пе? Ал елін бауырына басып үйреткен тағы да сол Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің өзі.

Маған осындай да Мұхтар ағамыздың өзі де сол өзі жырлаған Қос Ағашқа ұқсап кетеді. Ол – азаматқа тән өмірлік көзқарас қайшылығы бар, жазушыға тән тағдыры бар, оқымыстыға тән ой тартысы бар тағдырлы тұлға. Бұл сөзімді де сол алғашқы мақаламдағы:

«Дәл қазір Мұхтар Мағауиннің төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұтас. Үрімді үрлеп, Қырымды жайлап, “Азаулының Стамбулдан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұхтарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлынан несі кем!”, – деп тұрған дер шағы. Ұзағынан сүйіндірсін», – деген тілекпен тәмәмдаймын.

Бұған қосарым, амандықпен көрісуге күн жазсын бізге...

5 қараша, 2009 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар