Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тұрсын Жұртбайдың еңбектері орыс тіліне аударылды...

11.04.2017 5585

Тұрсын Жұртбайдың еңбектері орыс тіліне аударылды

Тұрсын Жұртбайдың еңбектері орыс тіліне аударылды - adebiportal.kz

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Кітап тағдыры – қоғам тағдыры» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараға қатысушылардың қарасы көп болды.

Жиын барысында жазушы, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, ЕҰУ жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Тұрсын Жұртбайдың бірнеше кітабының орыс тіліндегі нұсқасы жарық көрді.

Тұсаукесер рәсіміне елімізге танымал тұлғалар Сейіт Қасқабасов, Тоқтар Әубәкіров, Ғарифолла Есім, Сұлтан Оразалин, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, жазушының әріптес інілері Дихан Қамзабекұлы, Жамбыл Артықбаев, Сұлтанхан Аққұлы, Думан Рамазан, Талғат Кеңесбаев, достары Несіпбек Айтұлы, Серік Тұрғынбек, Намазалы Омашев т.б. қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Шараның басты қонағы саналған Қазақстан Жазушылар одағының 1983-1991 жылдардағы төрағасы, ақын Олжас Сүлейменовтің қатысуы үлкен мәртебе болды. 1987 жылдың 13 қаңтарында Қазақстан Орталық партия комитетінің нұсқауымен Желтоқсан оқиғасын зерттеу жайында праволық комиссия құрылып, құрамына алынған ғалым, жазушы Т. Жұртбайдың бұл қоғамдық жұмысты кейін соңына дейін ыждағатпен зерттеп, асқан жауапкершілікпен атқарғанын Олжас Сүлейменов жақсы айтып берді. Осылайша өз кезегінде кеш авторы Тұрсын Жұртбай да отыз жылға созылған шығармашылық мехнатты жұмыстың соңғы нүктесі қойылып, ұйытқы болуына себепші болған Олжас Сүлейменовтің алдында қарызынан құтылғанын сөз етті. Қатардағы сарбаз сияқты, ел алдында Олжас ағасына шекесіне қолын қойып, бас изеді.

Олжас Сүлейменовтің айтуы бойынша, ғалым-жазушының кез келген тақарыпты игеріп жазған іргелі зерттеу еңбектерінің қай-қайсысы да Мемлекеттік сыйлыққа лайық. Бір ғана Алаш саласына қатысты дүниелерінің өзін қазақ қауым іздеп жүріп оқыса, енді міне, ойлы орыс тілді оқырман қауымның да сұранысын өтейтін болады. Осы тұрғыда жалпы халықтың рухани байлығын Тұрсын Құдакелдіұлының шығармашылығы, ұсынылып отырған «Ұраным – Алаш» немесе орыс тіліндегі нұсқасы «Боль моя, гордость моя – Алаш» трилогиясы (аударған Орынбай Жанайдаров) Мемлекеттік сыйлыққа сұранып тұр.

  • «Боль моя, гордость моя – Алаш!» трилогиясы;
  • «Акинак» әдеби-тарихи зерттеу;
  • «Алаш қозғалысы» материалдар жинағының тұсаукесер рәсімі жоғары деңгейде өтті.

Осының ішінде «Біздің буыннан бірнеше ғылым докторының барлық еңбектерін қосқанда бір Тұрсынның шығармаларына жетпейді. Ғылыми тереңдігі жағынан да, қамтыған ауқымы жағынан да. Біз Тұрсынды ғұлама деп атап, ашық мойындаймыз» деп ағынан жарылған профессор Намазалы Омашевтың сөзіне көпшілік дүркіретіп қол соқты.

Бір күндік іс-шараларды қамтитын бүгінгі жиынның соңына таман үш бірлікке: яғни кітап авторы Тұрсын Жұртбайға, оның орыс тіліне аударушы Орынбай Жанайдаровқа және басылым ретінде жарық көруіне атсалысқан Сауат Мыңбаевқа ЕҰУ ең жоғарғы марапаты – «Күлтегін» және «Гумилев» медальдары табысталды. Шара ақырында сөз сөйлеген құрметті Тұрсын Жұртбай мырза бұндай жетістіктерге жету жолындағы өміріндегі өзгерістер сыры мен ықпал еткен тұлғаларға алғыс айтып, бас иетінін жеткізді.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар