Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ұларбек Дәлейұлы. Ли Бәйдің түбі Түрік емес...

09.06.2015 3241

Ұларбек Дәлейұлы. Ли Бәйдің түбі Түрік емес

Ұларбек Дәлейұлы. Ли Бәйдің түбі Түрік емес - adebiportal.kz

ли бо


Ли Бәй (Ли Бо ) – 701 жылы туылып, 762 жылы қайтыс болған. Қытай тарихындағы ұлыа қын. Ер көңілді, ақеділ жан болғандықтан халыққ адыр тұтып, Ли Тәйбай атап кетіпті. Ата-бабасының мекені қытайдың қазіргі Гансу өлкесі Тиян Шүй ауданында. «Ежелгі Сүй патшалығы дәуірінің соңғы кезінде ата-анасы қоныс аударып батыс өңірг екеліп, Ли Бәй Орта Азиядағы Сүяб қаласында туыпты» деген қате болжам бар.


Ал белгілі тарихшы, қытайтану білгірі Әлімғазы Дәулетханның зерттеуі бұл пікірді жоққа шығарады: Орта ғасырдан ХХ ғ. басына дейінгі зерттеушілердегі Ли Байдың туған жері Шу (shu) өлкесі деген көзқарас.


Шу дегеніміз қазіргі Қытайдың Сы Шуан провинциясының орталығы Чыңду қаласы. Орта ғасырда ол династия аты болып аталған.


Бұл көзқарасты алғаш рет ортаға қойған Мин династиясы (1368-1644) дәуірінде өмір сүрген зерттеуші Яң ШЕН болатын.


Цин династиясы (1616-1911) кезінде өмір сүрген қытай ғалымы Ваң ЧИ болса осы пікірді құптай отырып, оны жаңа деректермен дәлелдей түсті. ХХ ғасырдың басында Хуаң ШИГАЙ деген ғалым Ваң Чидің пікірін қолдай отырып, мол дерек көздеріне сүйеніп «Ли Тай Байдың жылнамалық өмір баяны» деген еңбек жазады.


Онда ол «Таң патшалығын У ЗЫТЯН патшайым билеген (690-705) тұста ЛИ әулетінің ұрпақтары Шу жеріндегі Миянжоу аймағы Жаң Миң ауданы Шиң Лиян қыстағына келіп қоныстанған, Ли Бай дәл осы жерде дүниеге келген» дейді. Ғалымның бұл тұжырымын кейінгі зерттеушілердің көпшілігі қолдап, арнаулы еңбектер жазды. Мәселен, ғалымдар Чи ВЕЙХАН «Ли Байды зерттеу», Су Жун СИЯН «Ли Бай мен Дуфу таңдамалы жырларына алғы сөз» деген еңбегі Шанхай Фудан университеті филиология факультетінің түсініктемесімен жарық көрген. «Ли Бай таңдамалы жырларына алғы сөз» зерттеуші Ваң БАЙШЯҢ «Ли Тай Бей жылнамалық баянына толықтырулар», Шүй ШУРЕнің «Ли Бай және оның жырлары», Пей ФЕЙдің «Ли Байдың туған жері Суяб деген пікір және оның нақтылы туған жеріне қатысты мәселелер» атты зерттеу еңбектер Ли Байдың Сы Шуан өлкесіндегі Шуда туғанын анықтаған-ды.



11358877_461905773987623_1382218329_n.jpg



1921 жылы және 1948 жылы Шаңхайдың «Шаң У» баспасынан шыққан «Жұңгоның әйгілі адам есімдерінің үлкен сөздігі» атты энциклопедиялық анықтамалық еңбекте «Ли Бай ақын Таң патшалығына қарасты Шу өлкесіндегі Шаң Миң-Шиң Лиян қыстағының адамы, жанама аты Тай Бай, лақабы – шиңлияндық адам» деп жазады (383 және 670 беттерде).


Демек, бұл авторлардың Ли Байдың туылған жері мен ата-бабасы жөніндегі зерттеулеріндегі қорытынды пікірлері бірдей деген сөз».


Осы зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, Ли Бәйдың тегі Түрік емес деген нық қортындыға келеміз. Бұл туралы біздің де тереңдей зерттеу жұмыстарымыз жалғаса береді. Ол жайлы сөз бөлек.


Түрік қағанаты дәуірлеп тұрған кезде олардың дамыған өркениеті қытайларға таңданарлық дәрежеде ықпал жасады. Ли Бәй да содан қуат, нәр алып өсті. Атқа мініп, садақ тартуға, қылыш үйіруге құмартты. Кейін келе ішкі қытайдың бірнеше облыстарын аралап, қыруар өлеңдер жазып, атағы шығады. 40 жастан асқанда қытай астанасына келіп, Ли Лұңжы патшамен достасады да оны хан ордасындағы әдеби істер меңгерушісінің ішіндегі бір мансапқа отырғызады.


Биліктегі шенділер мен бай-манаптарды көзге ілмейтін ол, патша ханымынан тартып, ордадағы жоғарғы жіктегілердің қитығына тиіп, үш жылға жетпей астанадан қуылады. Кейін Ло Яңда керемет ақын Ду Фумен достасып, көп уақыт бірге ел аралап, серілік өмір кешеді. Ән Лушан, Шы Сымиың бастаған Түріктердің қытайға жасаған шабуылы кезінде қытай сардары Ли Линның жасағына қосылып, жоғары жіктегі сардарлардың билікке таласы кесірінен Ли Бәй Гүйжоу өлкесіне жер аударылады. Жары мжолда кешірімге ие болған ол Анхұй ғақайтып, өмірінің соңғы шағын Даңту деген жерде өткізеді.


«Шудың жолы – керу жол» өлеңі ақынның ең толысқан шағында жазылған. Бұ лхалық арасына тараған ескілікті ән тақырыбы. Мұндай тақырыпта көбінесе Шу жолының керулігі (қиындығы) айтылады. Ал Шу деп отырғаны Сычуан өлкесіндегі жер аты, кезінде Шу хандығы деген қытайдың бір тармақ шағын патшалығы болған. Біздің кейбір тарихшылар қытайдағы сол аталмыш Шу өңірін Қазақ еліндегі Шу өзені алқабымен шатастырып, қате зарттеулерге барып жүр. Ал «керу» сөзі – қазақтың көне тіліндегі «құзар, биік, асу бермес» деген мағналарды білдіреді. Өлеңнің өнбойында айтылғандай, шыңы биік, шатқалы терең Сычуан облысының Шу аймағы меңзеліп жазылғаны даусыз.



Ұларбек Дәлейұлы, ақын





Шудың жолы – керу жол


Ойпыр-ай, па, па,

Қатерлі-ақ,

Жалама биік тік құзар.

Керу ме ең мұнша Шу жолы

Шыққаннан көкке кереғар.

Сол бір кез Сан Сұң, Иүй Фу ел іргесін қалаған,

Кім білсін өтті, із-тозсыз қанша уақыт, қай заман.

Сол шақтан бермен тарихтың кешіп сан мың ғасырын,

Керуің бөгеп Чинменен салыспадың ат ізін.

Батыстың биік Тайбайдың құс ұша алмас асқары,

Аржағы шыңырау Ымидың жалама құзар тастары.

Кезінде құждар* опат боп

Тау жарылып тас басқан.

Соңынан жұрт тау тесіп, саты сап әзер жол ашқан.

Көк тіреген шыңынан айдаһар да сескенген,

Құлама құздың түбінде өркештеп дария сестенген.

Асқарынан аққау да өтуге ұшып батпаған,

Тиынша тастан секірген маймыл да шара таппаған.

Сел үзілмес Чиңнидың қойбатпақ құзар шыңынан,

Қарға адым жол он қайта жалама тастан бұрылған.

Келеді жұлдыз төбеңе ұсынсаң қолың жетердей,

Шөкелейсің аһ ұрып, заңғардан ұшып кетердей.

Батысқа кеткен мырзамыз кім білсін, қашан оралар,

Құлан өтпес, құс ұшпас кешуі тайғақ жолы тар.

Шығады құстың зарлы үні күңірентіп бойын тоғайдың,

Жұбымен ұшып кезеді айналып оорман маңайын.

Шырқырайды сары таңға жағы сембей байғыздың,

Құлазиды иен тау мұңға батып айлы түн.

Керу ең неткен Шу жолы,

Шыққаннан көкке кереғар,

Жүрмек түгілі естіген аза бойын қазалар.

Құзарың көктің түбіне екі елі-ақ жетпей тұрғандай,

Жартастан мойынын созады ежелгі жыныс қарағай.

Сарқырама тас соғып, гүрілдер бейне найзағай,

Осынша қатер алыстан жолаушым, сірә, не алғай?

Жиянгінің құзар асуы әрі биік, әрі тік,

Бір адам тосса ажалға мың адам тұрар бас шұлғып.

Сақтап тұрған қамалды болмаса таныс жақының,

Жендетіңе айналып

Бұрауға түсер тақымың.

Біресе жаның қысылса жолбарыстың ауызынан,

Біресе тосып алдыңды аласұрар әбжылан.

Қисапсыз бастар кеудеден мезгілі жетпей домалап,

Жоси ағар қызыл қан!

Жинчыңның шәрі болғанмен соншалық қызық сән қала,

Не жетсін мырза, ертерек күркеңді тауып алғанға.

Керу ең, неткен Шу жолы, шыққаннан көкке кереғар,

Қарасам-ақ батысқа күрсініп көңілім алаңдар!..


Құж. Чин хандығының Шу жолын алғаш ашқандығы жөніндегі аңызда былай делінеді: Чин хандығының Хуаиуаң патшасы Шу хандығына бес сұлу қызт тарту етіпті. Шудың ханы оны алып келуге бес құж (дию) жіберіпті. Бес сұлуды алып, Зытұң деген жерге келгенде құждар бір үлкен әбжыланның таудың түбіндегі терең ғарға кіріп бара жатқанын көріп, суырып алмақ болып құйрығынан шап беріпті. Сол сәтте тау бір-ақ құлап, бес қыз да, бес құж да опат болыпты. Кейін ол тау құдіретше бес шоқыға бөлініп, арасынан жол ашылып, Чин хандығы мен Шу хандығы бір-бірімен араласатын болыпты...


Өлеңді қытай тілінен аударған: Әзімхан Тішанұлы


Өлең «Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері» жинағынан алынды.


Төте жазудан дайындаған: Ұларбек Дәлейұлы.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар