Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЗЕРТТЕУ
/
Хакім Абай ғибраты...

10.08.2025 611

Хакім Абай ғибраты 14+

Хакім  Абай  ғибраты - adebiportal.kz

«Жарлы емеспін, зарлымын,

Оны да ойда толғанып,

Жұртым деуге арлымын,

Өзге жұрттан ұялып».

Абай

Адами әлемнің, әуелете айтар болсақ, алыптар шоғырында өзінің өзгеге ұқсай қоймайтын ұлы ой-толғамдарымен бір оқшау тұрған Абай тұлғасы уақыттың көш керуені ілгері озып, осы бір күңіренісі күшті, қайғы-наласы қалың жанның өмір сүрген сүргінді соқпағынан жырақтаған сайын ұлы перзентіміздің туған халқым деп соққан ізгі жүрегінің лүпілі айқынырақ естіліп, поэтикалық сөз толғамдары өзінің пәрменді қуаты саф алтындай салмақты сипаттарымен жақынырақ сезіле түсетіндей.

Оның өзі өмір кешкен ортасына, қауымдаса қоршаған отандастарына, «қалың елі қазағы, қайран жұртына» қарата сөйлеген өзекті өртер өксікті сөзі дербестікке бет түзеп жатқан бүгінгі қазақ халқы үшін барынша көкейкесті де айбынды, ғибраты мол ұлағат уәжіндей бағаланары шындық.

«Терең ойдың телміріп соңына еруден» танбаған, табан аудармаған Абай сөзінің жылдар алмасуынан адаспай, ғасырлар қойнау құрдымына батып жоғалмай адами әлем дамуының барлық бел белес, есте қалмас елесті сәттерінде де өзінің бағалы қалпымен, парасатты қасиеттерімен, санаға салмақ салар салтымен көмескіленбек емес. Өйткені оның ой орам ауқымымен ондағы пәлсафалық пайымдау парқының Абай заманының ғана шеңберінде қала алмай, әрірек сілтесек қазақи топырақтан туған проблемалардан да биіктеп, берірекке келсек адамзат қоғамының қыртыс-қабаттарын қаузалай індетіп кеткен кесек те кемеңгер шешімдер мен ой түйіндеулерден іздестірсек жөнге саяды. Күні бүгінге Абайды толық мағынасында басқаға танытпақ түгілі төл тума халқымыз – қазақтың тани алмай жүргендігі де осыдан. Бұл Абайдың ойы мен сол ойды тұжырымдаған кемелді пікірлер синтезін тудырған заман күрделілігі ғана емес, сол заманның құйтырқысы мол, қулық-сұмдығы сіресіп жатқан тоң қабаттардың астын үстіне шығара талқандап қопарған, қоғам қайшылықтарымен орайлас өрістеген қазақи теріс психологияны аяусыз әшкерелей қатарластыра алған Абай сөзінің жітілігінде, оның күрделі кеңестерге жетелеп кетер жетелі жігерлігінде. Абайды өз тұрғыластарынан да, өзінен бұрынғы кемелді сөз кемеңгерлерінен де дара биікке көтеріп әкеткен ұлылық сипаттарын оның қоғам ағысын барынша терең зерделей алған алымдылығынан, өз ортасына сыншыл, міншіл мінезбен аяусыз ащы, ашық айта алған бірбеткей өрлігінен, туған халқының кеселді, кесірлі пиғылдарын өз бойынан барынша аулақ серпіп тастай алған сырбаз сергектігінен іздеп көрсек керек.

«Ел бүлігі Тобықты,

Көп пысыққа молықты.

Малдының малын көре алмай,

Борышын түгел бере алмай,

Көрінгенге обықты».

Бұл бір ғана Көжекбайға немесе қалың ел Тобықтыға ғана қаратылған ашулы мінез бе еді, жоқ, мұның арғы астарлы қабатында қалың ел – қазақ жұрты жатыр, Көжекбай сияқты «досын келіп досына жамандайтын» арсыздар, «күштілер сөз айтса шыбындап бас изейтін» болыс Күлембайлар бой көрсетіп тұр емес пе?! Бұл сол тұстағы қазақ сахарасын иықтаған, илеген Ресей империясының ит мінгізіп, ирек қамшылатқан құйтырқы саясаты, өзді-өзіне жау еткен құлдық пасық пиғыл қоздатқан тұңғиық қулық пен сұмдыққа тізгін берген іштен іріту қадамдарынан туған толғаныс болатын.

Абайдың зерделі ойы мен керемет интуициялық қасиеттері оның пәлсафалық пікір-пайымдауларын өз теңдестерінен бір оқшау тұңғиық тереңге бойлатып, топшы талар заңғар биіктіктерге көтеріп әкетеді. Содан да болар ол «қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген күңіреністерінде мына бір кепті де аңғарта сөйлейді:

«Бас-басыңа би болған өңкей қиқым,

Мінекей бұзған жоқ па елдің сиқын.

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың».

Осы тұста ірі саясаткер сұңғылалық жатыр, күні бүгінге байыбына бара алмай жүрген терең жіті зарделеу бар, өзін-өзі билеуден айырылып қалған қаймана қазақтың болашағына алаңдау андағайлап алдыңды орайды.

Ақын нені айтып, неге мегзеп отыр. «Өздерің де бас-басыңа би болған қиқым, қырт едіңдер, енді сиырдың бүйрегіндей бөлшектелген сорлы қазақ өз қолыңнан өз ырқың кеткеннен кейін қалай түзелмексіңдер, түзелер деп айта алмаймын» деп отырған жоқ па. Ал қазақтың ырқын кім алып кетті, ортаға болыстықты қу сүйектей лақтырып тастап, ырылдастырып қойған кім, оны сезініп түйсіну үшін зор ғұламалықтың қажеті бола қояр ма екен.

Абай терең ойдың соңына тым ерте телмірген, балалықтан тез арылып жедел есейген, есейгенде де оймен оңаша қалып, адами құбылыстармен қойындасып келер қоғам ағымдарына терең ой сүңгітіп, көп толғанғанға ұқсайды, өз ортасының көпшілік сезіне бермес ішмерез қылықтары мен пасық пиғылдарын қиядан шалып, тез аңғарған өзін де осы тұста ширатып салады, жаңағы сипаттарды да аяусыз әжуалайды, өткір сынайды, мінейді.

«Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, етек басты көп көрдім елден бірақ», – деуі де сондықтан. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», – дегенді айтқанда Абай бар-жоғы қырық бір-ақ жаста еді. Сол Абай туған халқының аянышты халінен көз жұмағанша көз жазған жоқ, күңіренумен, күйзелумен, ызалы мінезбен сөз арнаудан жаңылған емес.

«Адам деген даңқым бар,

Адам қылмас халқым бар».

                                  ***

«Атымды адам қойған соң,

Қайтып надан болайын.

Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын?»

                                ***

«Жарлы емеспін зарлымын,

Оны да ойла толғанып.

Жұртым деуге арлымын,

Өзге жұрттан ұялып».

                              ***

«Мұндай елден бойың тарт

Мен қажыдым, сен қажы.

Айтып-айтып өтті қарт,

Көнбейді жұрт, не ылажы?»

Әр өлеңнен ойып алған осынау шумақтар бүгінгі ұрпақ үшін оқуға, ойға тоқуға қаншалықты ауыр (қиындығынан емес) әрі жүрек жаншып, жан жылатардай азапты екендігін айта алсақ, осынау уытты жолдарды жүрегінен қотарған Абай үшін аса жеңілдікке түспегенін түсінбейді емеспіз, түсінеміз, түйсінеміз. Бірақ айту керек, айта алу керек еді, оны Абайдай ұлы тұлға ғана айта алған ғой. Абайдың феномин-құбылыс екендігі де осында!

Абайдың поэтикалық әлемі дегенде оның азаматтық тұғырнамасына таяныш болған кесек идеялар мен ой сорабтарының басын құрайтын позициясын, кредосын тану, білу керек болады.

Ақын өз ортасының әлеуметтік аспектілерге қатысты тұстардың тамырын дөп басып тани білуде аса алымдылық пен ғұлама зерделілік үрдісінен айнымайды, жаңылмайды. Ал енді оның өлеңді не үшін жазып, кімге нұсқалыққа ұсына алды десек, оны өзі бүкпесіз айта алған еді ғой.

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін».

Бұл ақын кредосы ма? Тек жастарға ғана үлгілік үшін өлең ұсынуға болар, бірақ Абайдай алып тұлға туындыларын тек осы шеңберде алып қарасақ тым келте қайыратындаймыз-ау, сірә. Ендеше ақын кредосының ой бұйдасын бекем етіп байлар алтын діңгегін бұл шеңберден де әрірекке дамыта кереге жазып, көкжиек тұсын кеңейтер тұстан іздесек жөн болмақ.

Сөз жоқ, Абайдың өз төңірегіне ақыл парасатымен нұр шашып, өлеңдерімен өзіндік бір мектеп ашқандығы даусыз.

Оның кәусерінен сонау Шәкерім мен Ақылбай, Мағауия мен Көкбай, Әріп сияқты таланттардың сусындағандығы тағы да ақиқат.

Біздіңше Абай өлең сөздің құдіретті қуат күшін барынша сезінген, өзінің жан сырын, көңіл нұрын сол өлеңнің тұла бойына ендіріп, шым-шымдап сіңірді, оңашада отырып сырласары да, мұңдасары да, күңіреніп күйзелері де осы өлеңі болды.

«Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл.

Не жазып кетсе, жайы сол.

Жек көрсеңдер өзің біл».

Міне, ақын кредосы осы тұста бой көрсеткендей. Ақын өлеңдерінің өн бойындағы ызалы жүрек лүпілі, долы қолдың соққысындай батпанды қуат, өзегінді тіліп өтер тіл толғамдары қосыла келіп улы сия болып сорғалай құйылары да сондықтан.

Сенбесеңіз тағы да тыңдап көріңіз:

«Сонда ақын белін буынып,

Алды-артына қаранар.

Дүние кірін жуынып,

Көрініп ойға сөз салар.

Қыранша қарап қырымға.

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан зұлымға,

Шиыршық атар толғанар».

Бұдан артық не айтуға болады, әрине әр қилы сөз қозғауға болар, бірақ Абайды Абайша сезіну үшін осынау қос шумаққа әлсін әлі ой үңілтіп, көңіл сүзгісінен екшей өткізген сайын ақынның бар болмыс-бітімін барынша сезініп, сергек қабылдамау мүмкін емес.

Міне, Абайдың поэтикалық қуат-күші де осындай оттай ыстық, құрыштай берік бітімді кесек дүниелері арқылы айқындала беретіндей.

Абай өз тұсының талғамынан шықпай жатқан жабайылау тірлік тұрмысын мінеумен бірге сол тірлікті тәркі етер тектілікке, кісілікке, адамдық пен адалдыққа жетелер жол іздейді, онысын еңбектен, ғылым, өнер, оқудан тапқандай болады.

«Асаған, ұрттағанға ез жұбанар,

Сенімді дәулет емес, сен қуанар

Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы сықылды тез суалар».

                                             ***

«Егіннің ебін,

Сауданың тегін,

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол – бай тап,

Адам бол – мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде».

                         ***

«Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес,

Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған».

                                     ***

«Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге».

                          ***

«Әуелі өнер ізделік қолдан келсе,

Ең болмаса еңбекпен мал табалық.

Олардың жоқ ойында малын бақпақ.

Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ».

                                          ***

«Жастықтың оты қайдасың,

Жүректі түртіп қозғамай?

Ғылымның біліп пайдасын

Дүниенің көркін болжамай?»

Міне, осындай оралымды ойларға құрылған Абай өлеңдерінің қайсысына үңілсеңіз де адал еңбек, мал таппақ, кітап оқып білім қаузаламақ, өнер қуып ілгері озбақ үрдістері үздіксіз жібек желі болып тартылып, санаңды соны сарын – білмекке, үйренбекке үндейтін сарын жетелеп отырады. Абай өзінің қара сөздерінде де ағартушылық, еңбекке үндеушілік бағытын одан әрі бекемдей түсетіндей.

Төртінші сөздегі «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» деп кетсе, «Білімсіздік хайуандық, жігерсіздік, ұлтсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады», – дегенді келесі бір ғақлиясында сөз етеді. Қырық екінші сөзіндегі «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы» дегенді ақын:

«Жұмысы жоқтық,

Тамағы тоқтық,

Аздырар адам баласын», – деген мағынасы жағынан аса маңызды, мәңгі жасар өлмес өлеңімен түйіндегендей еді. Абайдың «адам баласының ең жаманы – талапсыз» деген қағидалы пікірінің тап бүгінде қадірі кетіп, құнын жойып алды демесек керек. Өйткені ақынның өз сөзімен айтсақ:

«Биік мансап – биік жартас,

Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,

Екпіндеп ұшып қыран да шығады».

Бұл арада «еңбектеу» мен «екпіндеудің» тура баламасын еңбектен, еңбектенуден, талпыну, талаптанудан іздей алсақ, ұлы ақынның ғибратлы ұлағатын ұғынбай қалу мүмкін емес. Абай даналығы, Абай жаңалығы деген осы болмаққа керек.

Абай еңсесі биік ерен суреткер болуымен бірге ізгі жүректі, мейірім шапағаты, бір сәтке суынып, төмендемеген ірі гуманист ақын еді. Оның терең пәлсафалық ой иірімдерінің біздің қырларына қанығып, сырларына сусындап болмаған тұстары әлі де мол. Дей тұрсақ та оның «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» (жиыма алтыншы сөз) деген жан шошытарлық өткір пікірінің шындығын сезінген сайын ғұлама қарттың қапысыз соғар сұрапыл дауылдай өршіл үнімен ілесе естілер ізгілік мархабатқа суарылған мерейлі шуаққа толы иманды жүзін танығандай боламыз.

Абай айтады: «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы – бауырың».

Шынында да әке (ол жақсы ма, жаман ба, бәрібір) деңгейінен әрі аспайтын, соның ғана тіршілік аясын, таным тұғырын мансұқ еткен баладан ел қамын жейтін Едіге еңсе көтереді деп күтіну білместікке саяр еді. «Ортақ өгізден оңаша бұзауды» артық санайтын эгоистік, іші тар пиғылдың, күншілдікпен күн кешкен мерез мінездің соққысынан сормаңдай болып жүрсек те ұрпақ тәрбиесінде «адамның баласы бол» деген Абай ғақлиясын санамызға сіңіре алмай-ақ келеміз.

Абайдың:

«Қайғысыздан сақ бол,

Қайғылыға жоқ бол», – деген қанатты ой тұжырымында да адамға деген ізгілік көңілдің сарқылмас махаббаты, суынбас мерейлі сезімі жатқандай сезілері бар.

Абай осынау гуманистік пікірлерін одан әрі тереңдетіп, жаңа бір пәлсафалық деңгейге көтеріп әкетеді. Адамның баласының бәрі бір-біріне неге дос болмаққа керек деген мәңгілік сұраққа өз ой орамдары шеңберінде жауап беруге ұмтылады, көңілдегі күптілікті кері серпіп тастап, берік сенімге жетелейді.

Тыңдап көріңіз:

«Адам баласына адам баласының бәрі дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өлуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, өрге кіруің, шіруің, махшарда сұралуың бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне, хаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың бәрі бірдей екен». Ендеше ішкен суың, жұтқан ауаң, татқан дәмің, басқан жерің, киген киімің, тұрысың мен жүрісіңде еш өзгешелік, оғаштығы жоқ адамзат баласы неге бір-біріне дос болмаққа. Қарапайымдылау иіліп келгенімен Абай уәжіне қарсы нендей пікір айтып, талас құрар едіңіз. Біздіңше ол мүмкін емес. Ендеше Абайдың «адам адамға дос, бауыр» болуы керек деген ұлы қағидасын қай биікке көтере алып әспеттей айтсақ та еш артықтығы жоқ.

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті».

Міне, Абайдың адамсүйгіштік ізгі көңіл күйінің бір парасы діни канон тұжырымдамасымен бір арнадан табылып жатқанымен, адамзатты сүю тәңірді сүюмен теңдігін айту арқылы тым биіктетіп, тым әрлендіріп, қасиетті тақытқа иманигүл тұжырымдамасына қондырардай дәрежеге дейін алып барады. Бұл Абай ақынның адамзат достығының терең сипатын Алла, Тәңір алдындағы ізгілік, адалдық, мейірімділік категорияларымен шендестіре, теңдестіре қарай алғандығын аңдатады.

Адамзат ұрпағының бір-біріне деген сүйіспеншілігін, адал достығын армандар Абай мұраты адамды өңіне, дініне, тіліне қарап емес, бір-біріне деген адалдығы арнасынан табыла білер шынайы тектілігінен, төрт аяқты хайуаннан озық саналылығынан іздестіргендей еді.

Абай жаңашылдығы бүкіл қазақ жазба әдебиетіне ірі төңкеріс әкелді, оның өлең құраудағы ішкі иірім ырғақ пен сырты сұлу үйлесімді тұрпаттар біздің поэзия әлемінде мүлде тың, соны сипаттар болатын.

Абай өлеңдерін тым шымыр, шиыршық атқан адырнадай ширатып беру арқылы қазақтың он бір буынды қара өлеңіне көп кідірістемей алты, сегіз аяқ үлгісін ұсынды. Шығарманың ішкі архитектоникалық бітім келбетіне ерекше өң беріп, әрлендіргені сондай:

«Жұрт тынымсыз, бәрі ұғымсыз,

Енді оларға сөз де жоқ.

Сырты абыз бар, желқабыз бар

Алты ауыз бар – өзге жоқ».

                       ***

«Қайын бардық,

Қатын алдық.

Енші тиді аз ғана.

Шаруа атандық.

Енді ойландық

Қала берді бозбала,

Бұрынғы қайда?

Ойбайла.

Не пайда?»

                   ***

«Ата-анаға көз қуаныш,

Алдына алған еркесі

Көкірегіне көп жұбаныш

Гүлденіп ой өлкесі.

Еркелік кетті,

Ер жетті,

Не бітті?»

               ***

«Жас жүрегім

Жанды менің

Жай таба алмай, япырым.

Өзің оңда

Жақсы жолға

Ақырын» – сияқты, алуан ырғақты түрлі құрылымдағы өлең формаларын әкелді. Бұл сөз жоқ, ұлы Абай жаңашылдығы, оның әлемдік поэзия, соның ішінде Пушкин, Лермонтов өлең өрнектерінен үйреністері болғаны даусыз. Кезінде Ілияс ақын Абайдың қазақ өлеңіне жаңа он бір түр енгізгендігін айтады, ол рас та.

Абай қазақ поэзиясын түрлендіруде ішкі мазмұнмен сыртқы сипат бірлігін қос өрімдей өріп түсіруге ірі ұмтылыстар жасағанымен өлеңнің жүгін жерде қалдырмай ілгері ала жүретін құбылысты – мазмұн деп түсінеді. Содан да болар Абай өлеңдерінің мазмұны өзінің өткірлігімен, ойшылдығымен, терең сыршыл суреткерлігімен бірден жаныңды баурап, жүрегіңнен ұя табады. Сыртқы формадағы өз сыр-сипаты бөлек әңгіме.

Абай әлем әдебиетіне бауыр басу арқылы қазақ поэзиясына әдемі романтикалық сарын ала келді, ол әсіресе Лермонтовтың өршіл поэзиясының өрнектерімен іштей үндестік тауып жататындай.

«Көк ала бұлт сөгіліп,

Күн жауады кей шақта.

Өне бойың егіліп,

Жас ағады аулақта».

                  ***

«Күңгірт көңілім сырласар,

Сұрғылт тартқан бейуаққа

Төмен қарап мұңдасар,

Ой жіберіп әр жаққа».

                        ***

«Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат қызық мол жылдар?

Ақырын, ақырын шегініп

Алыстап кетті-ау құрғырлар».

Абай поэзиясының осынау тұстағы тың сарынға аунап түскен бір пара өлендерінде қазақ топырағынан өне қоймаған балаң романтикалық талпыныстар әсіресе Лермонтов, Пушкин, Бунин өлеңдерін аударудан туғандығы дау тудырмайды. Бұл қадамның құттылығы сол – табиғат пен қаһарманның жан дүние, көңіл күйін ұштастыра, шендестіре суреттеу үстінде жаңа бір бейнелер бедерлеп, тың ұғымдар тудыру болатын. «Абай жер жүзінің классик әдебиетінің үлгісін таңдап ұстап, қазақ әдебиетін Байрон, Шиллер, Гёте, Пушкин, Лермонтов, Толстой ізімен Батысқа жетелеген», – деген Құдайберген Жұбанов пікірінде де Абай жаңашылдығының отты ұшқыны назар қызықтырмай қалмақ емес. Бұл тұста да ұлы Абай ұлылығын танытты, бүгінгі сауатты ақындардың өзін тәнті етіп жүрген соны тіркестер, әдемі метафоралық теңестірулер мен шендестірулер, ғажап образдарды дүниеге – өлең өлкесіне әкелді.

Тыңдап көріңіз:

«Қайғы шығып иыққа,

Қамалтпасын тұйыққа»;

немесе:

«Қызыл тілім буынсыз,

Сезімде жаз бар шыбынсыз»;

немесе:

«Сиырша тойса мас болып,

Өреге келіп сүйкенер»;

немесе:

«Жастықтың оты жалындап,

Жас жүректе жанған шоқ»;

немесе:

Мен – қажыған арықпын,

Қатын-бала қонағы»;

немесе:

«Сенісерге жан таба алмай,

Сенделеді ит жүрек»;

немесе:

«Майдағы жұрттың іші қар,

Бәйшешек қарға өнер ме?»

немесе:

«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,

Көзбен көр де, ішпен біл»;

немесе:

«Міні қайда екенін біле алмассың,

Терең ойдың телміріп соңына ермей»,

немесе:

«Үйренуге тоймаған

Жасқа жас, ойға кәрі едің»,

немесе:

«Жаңа жылдың басшысы – ол,

Мен ескінің арты едім»;

немесе:

«Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нүрлы ақыл, жалын жүрек»;

немесе:

«Есім шығып қашпаймын,

Мен ішпеген у бар ма?»

немесе:

«Жүрегім менің – қырық жамау

Қиянатшыл дүниеден»;

немесе:

«Адасқан күшік секілді,

Ұлып жүртқа қайтқан ой»;

немесе:

«Жапырағы қураған ескі үмітпен,

Қиял қып өмір сүріп бос жүріппін»;

немесе:

«Әркімді заман сүйремек

Заманды қай жан билемек.

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек»;

немесе:

«Жас жүрек жайып саусағын,

Ұмтылған шығар айға алыс».

Міне, ұлы Абайдың өлең өрнектерінде мүндай айшықты ойдың мөлдіріндей әдемі фразиологиялық тіркестерге айналып кетер кестелі тізбектер аз ұшыраспайды. Осылардың бәрінде Абай суреткерлігін аңдатар сұңғылалық, сөз қадірін зерделей аларлық зергерлік, ең бастысы – жаңашылдығы жатыр. Абай осынысымен ұлы, осынысымен мәңгілік.

Абай поэзиясы мен қара сөздерінің біз мұрындық соқтырмаған ғажап тұстары толып жатыр. Оның табиғат, махаббат тақырыптарын тарамдап айту, жалпы поэтикасындағы діни сипаттар сырына үңілу үстіндегі пәлсафалық пайымдау тұстарына бойлап бару, сияқты сүбелі де кесек әңгімелер төңірегінде сөз қозғау келер күндер еншісінде. Дей тұрсақ та Абайдың әдеби әлеміне ден қоя, сөз ету енді өріс ашқандай.

Абайды тану, өзіміз танумен бірге басқаларға таныту проблемасы осы тұста барынша жаңаша сипат алып, әлем халқының рухани қазынасына келіп қотарылар болса деген ізгі армандамыз. Өйткені Ғабит Мүсіреповтің тілімен айтсақ: «Абайға қазақтың мінін қазып көрсеткен деп, жалған жанкүйерлікпен кісімсіп кінә артудан гөрі, кешегіден бүгінгіге дейін жалғасып, жармасып қалмай келе жатқан ұлттық, адамдық кемшіліктерімізді қолымызға ұстатқандай етіп, көзге көрсетіп бергені үшін мың мәрте рақмет айтуымыз керек. Абай – ұлттық рухани оянуымыз бен ұлттық, ой-сана дамуының көш басы, көсемі».

Ал әзірге Абай әлемі, Абай жаңашылдығы, Абай мінезі төңірегіндегі кейбір шалымды ойларымызды қорытындылап, ұлы Абай мұхитына жалғыз тамшы болып қосылар ма деген өз пікірімізді тәмамдаймыз...

Аян ҚАЖЫБАЙ,

Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар

Академиясының корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар