Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
«Замандас пікірі». Нұрболаттың өлеңдерін түсіну қи...

«Замандас пікірі». Нұрболаттың өлеңдерін түсіну қиындау

15.12.2025

6557

«Замандас пікірі». Нұрболаттың өлеңдерін түсіну қиындау - adebiportal.kz

Бұл «Замандас пікірі» айдарының кезекті шығарылымы. Бұған дейін бұл айдарда талантты ақын Ерлан Жүніс, Жанат Жанқашұлы, Қалқаман Сарин, Мерей Қарт және Динара Мәліктің шығармашылығы туралы замандастарының шынайы пікірлерін жариялаған едік.

Ал «Замандас пікірі» айдарының бүгінгі кейіпкері – ақын Нұрболат Жолдасбек. 

Айта кетейік, жуырда Нұрболат Жолдасбектің «Періштелер көрген түс» атты жыр жинағының таныстырылымы өтті. Ол шарада ақын Бауыржан Қарағызұлы: «Нұрболат неопоэзияны дамытып, өзіндік үнімен, мәнерімен қатарластарынан ерекшеленіп тұрады» деген пікір білдірген еді. Ал замандастары не дейді?

Парадокс

Мен бәріне керексізбін,керекпін,
Керектігім керексізге қорекпін.
Мен- Махамбет болар едім,бірақта
Бөлекпін...

Бөлектігім тым қисынсыз түс көрем,
Түс көруге күнәм шығар күштеген.
Құдай жоқ деп айғайладым,қорықтым
Қорыққаннан У жоқ,сірә, ішпеген.

Қорыққанмын көшелерден қараңғы,
Қатын дедім қабақ шытқан ғаламды.
Жолыққанның жолын кестім,жарадым
Қолын кестім қол көтерген адамның.

Жер сұрады – жерге бердім,жерледім,
Ел сұрады – елге бердім,өлмедім.
Жалғыздыққа жалғыз бардым,жазғырды
Жауыздыққа жалғыз досым азғырды,
Ермедім...

Кездесуге асыққанмын Алламен,
Кімге жарық болған еді жалған өң?
Қорқау тірлік жабысқан жоқ балаққа,
Қорқақ қыртпен жабылмадым торға мен.

Өткеніме өткенім деп қараймын,
Сау күн іздеп арасынан әр айдың.
Ақынсың деп алдағанмын талайды,
Ақылды боп ішіп кеткем талай күн.

Ақымық қой,ақымақтан жерідім,
А,дариға!Ай,дариға, көңілім.
Аз бақытты аз уақытты кешірдім
Ақын болып кетемін деп ең үлы!

Сосын,сосын сүйгенім бар – Құландық,
Бойында оның бір қылық жоқ ұнарлық.
Біз бақытты бола алмаспыз,- деді де
Кетіп қалды еркіндігін сыңар ғып.

...Тізе берсем бола қоймас өлшемі,
Тізе берсем көтермеспін еңсені.
Шексіз мұңға алып кетем бір күні,
Шексіз бақыт құшағынан мен сені.
Шексіз сезім аралына мен сені...

 

***

Бітті бәрі…

Күні жетпей босанған келіншектей,

…жел сыбырды ауланды еріншектей,

Жаңбыр жауды содан соң…

Бөлмең ауыр күрсінді

түтініне тұншығып менің шеккен

шылымымның.

Байқаймысыз?

бір сәуле жарқ етті ғой… жалған бәрі

Беу, бейкүнә сөздер-ай, ойдан да ауыр.

Ең сұрқия ойынды-ай…

қорқынышты,

Сіз өтесіз өмірден (өкінішті-ақ)

әрі кетсе…

Үй тұрғызып, болмаса ұрпаққа артып.

Көзден ұшып кетерде ізгі шағы,

Қою түнді құшаққа ап қыз құшағы.

…күнәңіздің көптігін сезінген күн,

Діннен қате іздерсіз…сіз мысалы.

Дертім-ау менің… білемісіз?

Тәңір бар… Әруақ бар… ауаны бар…

сатқындықты қосыңыз және бұған.

Бәрі бітті…

…күні жетпей босанған көркем қыздың,

Өмір ағып түскендей жанарынан…

 

***

Досым,

Құрсағына бала біткен жесірдей,

Ұлт ертеңін айқындайтын шешімдей,

Тағдыр, шіркін, таңдауының салдары.

(Тәңір ісі – ол дағы)

Бас-басына құдай болған ғасырдың,

Шырқалса деп соңғы әні.

Бақсы алдыртып, құрбан шалдым.

(жақсы ырым)

Сен қайтқалы – мен ақынмын. Нақ шыным.

Тәтті өлімнің – уақыт дейтін

алуан түсті ғайыпқа артып тәпсірін.

Кие қонған домбырадай жанымды

Алла, өзіңе, тапсырдым.

 

Туа бітті жұққан дерті зағиптік,

Қорғайтын да өзің енді халықты,

Шенеуніктей шешен емен, әйтпесем,

(Жасай берсін, демократия, жарықтық)

 

…Дүние де ауды, досым, сен кеттің,

Бұл жүректі берер енді емдеп кім?

Ұлт ертеңі шешілетін сәтте әлгі

Өлсе асыл ой қап қолынан жендеттің…

Берген сертке берік болсаң,

Жолыққанша, жар адал!

Қарғыс айтып Тәңірісіне зарлаған

Құрсағына бала біткен жесірдей,

Жан ауырса бар ма амал?..

                                                                        Нұрболат Жолдасбек

Ақын Батырхан Сәрсенхан

Нұрболатты 2014 жылдан бері білемін. Ол адам ретінде, ақын ретінде де өте шынайы. Қалай жазса, солай өмір сүреді. Тағы байқағаным, оның ылғи ішкі күрестің қойнауында жүргенін көремін. Бірде түн жарымда қоңырау соғып, адамдар күнәсі көбейгенде, діннен қате іздей бастайтынын айтқаны бар. Сол арпалысты ойларының денін өлеңдерінен кезіктіруге болады. Бір білетінім, Шоқанның (біз Нұрболатты Шоқан дейміз) өлеңдері адамды ешқашан бей-жай қалдырмайды. Өйткені онда ақынның жан дүниесінде қайнап жатқан табиғи, оғаш ойлары анталап тұрады.   

Сосын Шоқан ешкімге табынып, бас ұрмаған ақын. «Фаустта» нағыз шындық сарғайған қағаздарда емес, том-том жинақтарда емес, өзіңнің жаныңның тереңінде деген даналық бар. Меніңше, ақын сол жанының жазуларын көбірек оқып, көбірек білген.

Жарық көрген жаңа жинағы эпигоннан ада, мейлінше заманауи. Кейбір формалары олпы-солпы көрінуі мүмкін, бірақ табиғилығымен сүйкімді боп тұрады. Шоқан болашақта бұдан да жаңа ізденістерге барып, талантының беймәлім құрлықтарын ашады деп сенемін.

Ақын Бекзат Смадияр

Әуелгі сұрақ, поэзия қоғамдық құбылыс ретінде өмір сүріп жатыр ма? Қоғамдық құбылыс ретінде танудың маңызды критерийлерінің бірі қоғамның сұранысы. Кім поэзия оқиды қазір? Алайда, оқырманы қалың авторлар да бар. Олардың қатарында Нұрболат Жолдасбек жоқ. Болып та көрмеген. 

Көп оқырман өзіне түсінікті мәтінді ұнатады. Алғысы келген әсерге оңай жетсем дейді. Бірақ, көшедегі билбордтардың куәландыруына сенсек: «Оңай жолмен табылған байлық ұшпаққа шығармайды». 

Нұрболаттың өлеңдерін түсіну қиындау. Бұл оның бағы да, соры да. Соры болатыны – оқырманы аз күйінде қалады. Бағы болатыны – көпке ұнауға талпынбайды. Ол осылайша өз танымындағы шығармашылығымен айналысады. Оқырманым көбейсе, кітаптарым көптеп сатылса деген коммерциялық мүддеге байланбайды. Бұл парадокс болып көрінуі де мүмкін. Жазған шығармаңды жұрт оқып жатса, кітаптарыңды жаппай сатып алса жақсы емес пе? Ендеше ол неге осыған ұмтылмайды? Мұны Нұрболаттың өзінен сұрап көріңіз. 

Нұрболаттың өлеңдеріне қатысты эмоцияналды, әуесқой пікірім: онда әлеуметтік астар бар. Тіршілігін ілдәлап сүріп жатқан адамдардың қамкөңіл өмірі, өзін толық танып бітпеген елдің адасқақ болмысы сөйлеп тұрады. Нұрболаттың өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер көп жағдайда оның өзі емес. Өзіне қымбат адамдары – әулеті. Өзі жайлы айтып жатқандай боп тұрады да, өзіне ыстық мекен-жайды, өзіне жақын жандарды суреттей бастайды. Немесе керісінше, өзгелер туралы айтып жатса, өзі сол жерден табылады. Асылы, Нұрболаттың кейіпкерлері кедейлер. Философиялық ойларға берілуге, катарсис күйін кешуге, жан-тәнімен сағынуға мүмкіндігі жоқ адамдар. Оның кейіпкерлеріне қайткенде бала-шағасын асырау керек, соларды жеткізу керек. Олар үшін Нұрболат ойланады, Нұрболат сезім кешеді. Сол ойларының эстетикалық деңгейі қандай, өнер дәрежесіне жеткізіп суреттей алып жатыр ма? Бұны білу үшін өлеңдерін оқыңыз. Оп-оңай. Іздеу жүйесіне ғазиз атын, қастерлі тегін терсеңіз шығады. 

Өзіме Нұрболаттың өлеңдері ұнайды. 

Ақын Арайлы Жақсылық

Нұрболаттың шығармашылығымен бір өңірден болғандықтан етене таныспын. Бір білетінім, оның әр өлеңінің ар жағында үнемі бір қиян-кескі қарсыласулар мен өз болмысының қалтарыс-бұлтарыстарындағы бұлқыныстары анық көрініп тұрады. Бұл барлық қаламгердің қаламында бар дүние ғой деген ой сап ете қалуы мүмкін. Алайда Нұрболаттың өлеңдерінде уақыт ағынында адасып жүрген ішкі менінің экзистенциалдық сапары өз-өзімен болатын монологтар арқылы өрбіп отыратынын байқаймын. Оны өлеңнің формасына салғанда өмірге сондай бір көркем, адамның жанына майдай жағатын, арпалыстарына дөп келетін жырлардың өмірге келетініне сүйсінесің. Мәселен, автордың «Жанымды жырға жасырған дұға» деп өлеңнен өзіне рухани тірек іздейтінін, «Мейірді жұтқан ғасырға мына» деп уақыттың уытты шақтарына деген күрсінісін көрсететінін, Алатауды «Безбүйректердің төресі» деп символикалық элементтерді пайдаланатынын көріп, оның болмысындағы ішкі қақтығыстардың өлең формасында көрініс табатынына еріксіз қуанасың. «Басқашалай болса қалай болар еді?» деп алаңдайтынымды жасырмаймын. Әр өлеңді оқыған сайын осы дүниені жазам дегенше автор қандай күй кешіп, басынан нендей сезімді өткерді екен деп ойланамын. Әрине, оқырманға маңыздысы ол емес. Өлеңдегі форма, әуез, техника, тағысын тағы. Тағы бір білетінім оның жырларында өзі өмір сүретін уақыттың кейбір кертартпалығына деген ашық қарсылық, іштей мойындамау секілді құбылыстар бар. Олай болуы заңды да. Себебі бұл дүние оның болмысынан да аңғарылады. Ал кейде жазып отырған дүниесі өзінің тағдыр талайына әсер етіп кетпесе екен деп те уайымдайтыным рас. Замандасым ғой. 

Бүгінде өзі өмір сүріп жатқан дәуірге шығармашылық арқылы баға беретін қаламгерлер аз емес. Алайда Нұрболаттың өлеңдерінде бұл үрдіс жеңіл-желпі, ашықтан ашық емес, күрделі, сөйте тұра өзгеше тұрпат, бөлек әуезбен көрініс табады. Өзінен кейінгі буын оның өлеңдерінен өз іштеріндегі атау бере алмайтын құбылыстарға айқын сипаттама тапқан соң ерекше жақсы көріп оқитынына куәмін. Шын мәнінде кез келген шығармашылық иесінің де негізгі миссиясы осы болуы тиіс деп ойлаймын. Әрине, бұл менің жеке пікірім. 

Бұл тұрғыда Нұрболат өлеңдері арқылы тамаша жетістікке жеткен ақын деп айта алар едім. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan