«..Бір күні ол бойында тек жаны ғана бар, өңі азаптан адам танымастай өзгеріп, кресло жанында еденде құлап жатқан жерінен табылады.
– Сізге не болған ? – дейді, достары үрейленіп.
– Немене сіздер ештеңе білмейсіздер ме ? – дейді, Бальзак
– Құдай ақы, жоқ тезірек айтыңызшы!
– Бүгін таңертең Горио әкей қайтыс болды ғой!
(Б.Горбачевский. «Ариаднаның арқауы», 96 бет, «Жалын» 1977 ж)
Қырық күн жан тері бұршақтай төгіліп, соңғы нүктесін қоя салысымен, «Горио әкесін» о дүниеге «аттандырып», «іштен шыққан шұбар жыланына» бола 35 жастағы Оноре де Бальзак еңіреп- есеңгіреп, делқұлы, беяпар күйге түсіпті. Ал «Лала жазығының» мәресіне таң құланиектенгенде жетті де, «терезенің алдына барып , көмейіне тас тығылғандай өкісіп, көзінен жасы парлай жөнелді» .(Ф. Лотт). Библиограф Б. Горбачевский «Міне, асыл туындылар дүниеге осылай келген еді..» дейді. Шынайы талант драмасын жан жүрегіңізбен сезінгенде, шынында да таңданбасқа амалыңыз қалмас еді! Бірақ, екінші бір ішкі дауыс: оған таңғалатын несі бар? Бальзакқа ұқсас мұндай хал ғаламшар әдебиетіндегі жампоздардың көбіне тән дүние емес пе?!. Оның үстіне кеңес заманында капитализмді қарғап-сілеп, өсіп-ержеткен ұрпаққа буржуазияның ит терісін басына қаптаған жаhан жазушылары таңсық емес. Коммунистік саясат үшін Бальзак туындылары іздегенге – сұраған, көктегісі жерден табылған. Өйткені ол капитализмді көк есекке теріс мінгізіп берді. Соған қатты ырза болған коммунизм ілімінің атайманы Маркстен бастап марксшіл-лениншіл дәуірмендері Бальзакты алақанға салып әлдиледі. Кеңестер одағының барлық он бес одақтас республикаларының, үйірлес социалистік мемлекеттердің ұлттары мен ұлыстары жапа-тармағай өз тілдеріне тәржімәлады. Болса да сол саясатта орыстардан басқаға алдына қара салдырмайтын біздің қазақ ХХ ғасырда осыдан 56 жыл бұрын Бальзактың «Шегірен былғары» (Х. Өзденбаев), «Горио атай» (Ә. Ахметов), 1949 жылы 4 перделі пьесасы «Памэла Жироны» Қазақтық біріккен мемлекеттік баспасы (Ж. Есбатыров) жеке кітапша ғып басып шығарған. Бұрнағы жылы «Әлем әдебиеті» сериясымен «Жергілікті дәрігер» (Ж. Ысмағұлов) және «Шегірен былғарысы» ( Х. Өзденбаев), жарық көрді. (Бұл бізге мәлімі ғана, ескерте кетейік, осы материалдағы үзінділер Ә. Ахметовтың 1954 жылы шыққан «Горио атай» аудармасынан алынды).
Десек те сол Бальзактың туындыларын тағы бір оқып, ол туралы жазылған қыруар дүниемен танысқанда, ойың сан-саққа бөлініп, өзіңмен өзің іштей ерегісіп әлдебір мазасыз күйге түседі екенсің. Бүгінгінің көзімен қайта үңілсек, Бальзакты танытып та, табынтып та кеткен кеңес империясына енді рақмет айтқың келеді. Себебі, қайта оқып, қайта салыстырып, қайта үңілген сайын, төл әдебиетімізді көзге елестетіп заман, адам, қоғам туралы сан-сапалақ ойлар масаның ызыңдай тыныштығыңызды тәрк еткенде, жаныға, бірде күйініп, бірде сүйініп, Бальзакқа берген құдайдың құдіретіне шынымен-ақ таң қаласыз. Былай қарасаңыз, түк құпиясы жоқ белгілі-ақ нәрсе сияқты, енді бір сәт тереңіне бойлап күмп беріп түсіп кетсеңіз, расында Бальзак байғұсың еңіреп қоя беретін жөні бар екен-ау дейсіз...
Сонда Бальзак неге жылаған?
Бір жарым ғасырдан бері мыңдаған бальзактанушылар да, жазымпаздар мен жылнамашылар да Оноренің жазған-сызғаны, қаламының ұшы тиіп кеткен дүниесінің бұлым-бұлым, қатпар-қыртысына дейін дымын қалдырмай сүзіп шыққандар да, мақтағаны, даттағаны бар көпшілігі ақыры айналып келіп еріксіз Бальзакты мойындап діңкелеп тынады. Бұл бұл ма, туындылары өз алдына, әмбебап жазушының ғұмыр кешуінің түп-тұқиянынан бақиға аттанған ақырет күніне дейін: не ішті, не жеді, не киді, қалай жүрді, қалай тұрды, не айтты, не қойды, шашты-төкті, несін айтасыз, ойхой, безбенге салғандардың Бальзактан басы айналғаны сондай, өз шимайларына өздері сенбей, тіпті қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екенін білмей дал болатыны бар.
«Бір күні Бальзак адвокатпен іскерлік әңгімесін кілт үзіп тастап: «Қымбаттым менің, мұның бәрі тамаша, ал енді ақиқатқа көшелік, Евгения Грандье туралы айтайық, десе керек». Сондағы Евгения Грандесі кітабының кейіпкері. Күндердің күні достарының бірі қалжыңдап, тағы бір образы туралы «Қазір Марнефф ханым келеді» десе, Бальзак шынымен-ақ байсалды кейіппен галстугын түзетіп, «Кірсін деп айтыңыз», – депті.(А.Моруа) Ал Онере ғұмырнамашыларының бірі Стефан Цвейг: «Анық-танығын кім білсін, Бальзак дүниеден озар алдында сандырақтап жатып «Адам комедиясы» эпопеясының кейіпкері, дәрігер Opac Бьяншонның атын дауыстап шақырып, «Бьяншон осында болғанда, мені аман алып қалар еді!» депті», – дейді. Осындай дейділердің өзі қанатты сөздерге айналып, том-том хикаятқа ұласты. Сонда дейсіз- ау.. Ғасырлар бойы әлемдік әдебиетте қара үзбей, күні бүгінге дейін көркем прозадағы реализм десе, Бальзак еріксіз ауызға түсе кететіні несі?! Тіпті өткен ХХ ғасырдың және жаңа тұрпаттағы қазіргі техногендік заманның танымал жазушылары да, жампоз реалистің елдестері Ален Роб Грийе, Фредерик Бегбедер, Франсуаза Шандернагор, Паскаль Брюкнер, Мишель Уэльбектердің өздері көңіл бірлеп, орағытып өте алмайтыны неліктен? Одан біздің кешегі-бүгінгі қазақ ақын-жазушылары, әдебиетшілерінің үлкенді-кішілілері де қалысар түрі жоқ. Әдебиет төңірегінде, кейде әйелдер туралы сөз бола қалса, Бальзакқа әйтеуір бірі сүйене, бірі сүйкене өтетініне мерзімдік баспасөздер куә.
Небәрі 51 жыл өмір сүріп, 20 жылдың ішінде романдардан бастап, әр алуан хикаяттар мен новеллалар, пъесалар, ұзын саны 98 кітап жазып, 2000 кейіпкер (кейбіреулері 3000 дейді) сомдаған Бальзактың құдіреті мен құпиясы әлі күнге дейін әдебиеттанушыларды қызықтырумен келеді. «Горио атайына» (Қазақшалаған Ә. Ахметов осылай деп атаған) дейін ол «Шуандар» (1829), «Жұмбақ шедевр» (1831), «Шегірен былғары» (1830-31), «Евгения Гранде» (1833) туындыларымен бүткіл Еуропаны дүр еткізген де, осы бәкелтек Бальзак!
Бабасал жасында Шекспир мен Гетені түсіне алмай қойған сұңғыла Лев Толстойдың Бальзакқа бас игені несі?! Ал Ф. Достоевскийдің ақыл азуы шыққан шағында қолына қалам ұстағанда ең алдымен «Евгения Грандені» оқысымен, ағасы Михаилға хат жазып «Чудо,чудо!» – деп айран асырға қалып, тамсана тәржімалапты. М.Горький бұлардан да асып түсіп , Бальзактың «Адам комедиясы» хақында «...өмірде ол маған анамдай болды, адамға деген махаббаты аса қымбат», – деп жазған. Оскар Уайльд Х1Х ғасырды ойлап тапқан Бальзак десе, Пруст Бальзактың романдарынан жатқа соққан. Американдықтар Ф.Норрис, Т. Драйзер ұстаз санаған. Қандастары А.Моруа Прометейге теңесе, Ж.Санд оның әбжілдігін, Пруст әйеңкестігін, Сиприо әлпейімділігін бажайлап сыр суыртпақтайды, ой оймақтайды. Тізе берсек, мұндай мысалдар шаш етектен.
Сонымен, әлқиссамыздағы, пәтшағар Бальзак неге дыңғыдай халге түсті, неге егілді? Паң, өр, тәкаппар да қиянпұрыс, «ұстара тілді» Оноренің мұндай күйге ұшырауының себебі не?
Әп дегеннен-ақ, кәнігі оқырманның бір парасы батыс әдебиетін мансұқтаудан төс табанымыз жерге тиген жоқ па, әмбеге аян тұлға туралы француздар мен орыстардан соң енді бірдеңе деудің не қисыны бар дер. Бірақ, бір сәт батыс десе безгегіміз ұстайтын баррикадалық ойлаудан арылып, көркем әдебиетке шынайы өнер тұрғысынан қарасақ, адамзаттың ортақ руханият қазынасынан өзімізді танып білу үшін алдымен өзгенің өнегесіне, өнегесінің өзегіне үңілсек, бұл арланатындай іс емес. Бұл орайда Олжас Сүлейменовтың: «Әлемді "біздер" және "бөгделер" деп қарастыратын жазушылар өмірге окоптан көз салады. Ал окоптан, амбразурадан адамдарды емес, тек дұшпандарды ғана көре аласың. Қазақтар бәріне далалық перспективадан, алыстан, кеңінен қарай алады, сондықтан да көбірек, кеңірек көре алады. Қазақтар үшін жек көретін халық болуы мүмкін емес, қазақтар үшін жат ұлт болуы мүмкін емес. Өйткені, тұтас халықтың, тұтас ұлттың жаман бо¬луы, жат болуы атымен мүмкін еместігін біз жақсы білеміз. Абайдың "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" деген сөзін халқымыздың әр перзенті ұдайы жадында ұстауға тиіс» («Егемен Қазақстан».12.03.10) дегені осы жерде қисынды-ақ. Сондай ақ, Шәкәрім бабамыз: «Адамның бәрі өз халқың» деді. Мұстафа Шоқай: "Жалпы адамгершілік және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ. Халықтың бәрі бірдей." – дейді. Рас, біз әлі жаhандық әдеби құндылықтарға терең бойлай алмай келеміз. Күні бүгінге дейін білдік, таныдық деген ғаламдық өнер, ілім-білім қазынасының басым көпшілігіне тек орыс тілінің көзімен ғана жеттік. Әлі болса да солай жалғасуда. Бұл шындық. Қазір XXI ші тану-жаңғыру ғасыры. Бізге дөңгеленген дүниеге сан қырынан қарай алуға, өткен-кеткенді ақыл-ой елегінен жаңаша өткізуге, болашақты барлауға зор мүмкіндіктер туды. Қазақтар арасынан күшығыс пен күнбатыс елдерінің төл тілінен тікелей тәржімалайтындар да шыға бастады. Сондықтан ендігі жерде батысты бәтқордалап, шығыстан шырындайық деу – аясы тар көзқарас. Керісінше, қазақтың ұлттық көркем санасын төрткіл дүниенің қай түкпірінің болса да жауһар руханиятымен байытудың оңтайлы сәттерін мейлінше қарпып қалу керек. Бізге француз жазушысы тек осы тұрғыдан ғана тілге тиек болмақ.
Франц елі әлемдік өнердегі классицизм, романтизм, сыншыл реализм, символизм, импрессионизм, кубизм т.с.с. «изм» атаулы құбылыстар мен ағымдардың бесік-пантионы болғаны ақиқат. Бірақ шартараптағы дуалы ауызды, мойсапыт руханият өкілдері «Бальзактың бір өзі бір Франция» деп кесіп-пішкендер де, француздарды ғасырлар бойы мансұқтаған орыс дворяндары, ақсүйектер қауымы, руханият өкілдері де, В Белинскийдің Бальзак десе шаншуы ұстап, ешкікөзденіп қалатыны да, кіндік қаны ресейде тамған жебірейіл, Ф.Достоевскийге табынып өткен, француз әдебиетінде «жаңа романның» манифесі деп аталған «Күдіктену заманының» авторы жүз жасаған Н Саррот және басқа да Бальзакқа қарсы құлаштай жүзген толқын да жадымызда. Классикті дал-далын шығарып күресінге тастағысы келгендер де зердемізде, білеміз.
Бірақ, бүгінгі ғаламшар әдебиетінің, оның қатарындағы ұлтымыздың ұлағатты әдебиетінің де тағдыр-талайы, дау-дамайы бара- бара қоғамдағы рухани сананың өзекті нысанасына айналған тұста, біз үшін осы сауал бәрінен де маңызды, бәрінен де өткір көрінді. Неге екенін аз-кем таразыласақ.
Жаңа бір меңзеп өттік, Еуропада Бальзактай пәниі мен бақиында тағдыр-талайын сан-саққа жүгіртіп, қырық орам қызыл тілмен қоясы ақтарылып, жілігі шағылған тұлға некен-саяқ. Беу, Бальзактың алапат жанкештілігі өз ортасында қызғаншақтарды зыр-зыбыл күйге түсіріп, өсек-аяң гулетті, жора-жолдастарының арасына ши жүгіртті. Сондағысы -Бальзактың дені сау емес, арқасы бар, қояншық, безгегі ұстайды тағы-тағылары. Осы төңіректегі топан дүниеге көз жүгірткенімізде біздің бір түйгеніміз - нән де паң Бальзакты әр туындысы сайын діңкелетіп алып, есінен тандыратын жәдігөйіне бұл басты себеп емес. Бәлкім қазіргі қазақтың қарагер прозашысы Қуандық Түменбайдың «Қояншығындағы» Доғалақтың «Бұл кесел емес, өзіңді өзің, қала берді айналаңдағыларды адалдықпен емдеу болар» деп түйді» дейтінінің қисыны бар ма дейсің. («Жігіттің көктөбесі») Әйтпесе, баспасөздерде жазылып жүргендей төрткүл дүниеде қырық миллион қояншық адам бар екен. Бірақ бәрі де шетінен данышпан емес қой! Бальзакқа телитін «Құдайдың таңбасы» деген осы ма? Психикасы сау емес деп Бальзактың тәніне ине сұғып, көз қарашығын тексеріп көруден тайынбағанғандарға Онореңіз мәу демеген, мыңқ етпеген деседі (М.Бутерон).
Ендеше, «Горио атай» Бальзакты неге азапқа салды? Бальзак «Адам комедиясы» дәуірнамасының тіні әрі түптамыры етіп осы «Горио атайға» неге жүгінді? Горио кім еді, өзі?
Оқығандарға бесенеден аян, әйтсе де сөзімізге тұздық ретінде қысқаша баян етейік: романда Горио екі қызының жолында бар өмірін сарп етіп, ақыры аяғы ит өлімге ұшыраған 69 жастағы сорлы шал. Сонау бір зіңгіттей шағында Горио макарон сатып байыған пысықай еді. Сүйікті әйелінен ерте айырылады. Отбасында қалғаны – Анастази мен Дельфина атты екі қызы. Горио қос көбелегін мәпелеп еркелетіп өсіреді. Бар арманы – сол екеуін қатарынан кем қылмай, қайғы-мұңсыз бойжеткізіп, үлде-бүлде жасауымен ұзатып, қоғамда өз орны бар, беделді де дәулетті адамдармен тұрмыс құрса, сөйтіп бай-бақуатты өмір сүрсе. Жиған-терген бар дүние-мүккәмал солардың жолында. Өз басы аш-жалаңаш жүруге бар. Әкесі армандағандай-ақ қыздарының үлкені графқа, кішісі баронға күйеуге шығады. Өмірі жіп сабақтап көрмеген қос қызы бақуатты қосақтарын тапса да әкесінің дәулетінен қол үзген жоқ, керсінше аямай шашты; ақсүйек атпалдардың ортасында дулы дәурен, сауық-сайран салды. Дәрежелі күй біткен қыз- күйеулері енді әкелерінің ұн саудагері болғанына намыстанатынды шығарды. Күйеу балалары қайынатасының пошымынан қой үріккендей шошитын болды. Горио мұны сезді де, қинала-қинала кәсібін тастап, жарлы-жақыбайлар мекендейтін пансионға көшеді. Бұдан соң қыздары әкесін қомсынып жұрт көзінше жолығудан қысылып, оқта-текте ғана жасырын, үйлерінің артқы есігінен кіріп-шығып кездесетін халге жетті. Байғұс қартқа қыздарын көру бір мұң, талай рет көшеде тұрып, алыстан болса да бір көріп қалғысы кеп сарыла күткен күндері қаншама. Ал оларға әкесінен бұрын оның ақшасы қымбат. Себебі күйеулері кейде ақшадан қаққанда әкесіне тұра жүгеретін еді. Әкесінің ақшасына қызы Анастази өзінің көңілдесін асырауға мәжбүр, Нусинген әккі барон, бай ,бірақ, сараң. Екеуі де Горионы ақыры «...жеміс шырынын сорып болған соң көшеге лақтыра салды». Қарт қыздарынан әкелік шексіз махаббаты үшін мысқалдай болса да қайрымдылық, мейірім күтті. Бірақ олар тасжүрек болып шықты. Горио зар илеп көз жұмды. Ақыр аяғында, қыздары бір уыс топырақ салуға да жарамады. Сөйтіп Абайша айтқанда: «Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп, таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ». Оқып шыққан сәттегі әсермен «Міне ұлы әке махаббаты!» деп таңырқайсың, жаның да ашиды, ызаң да келеді. «Шалға обал жоқ, өзіне-өзі тілеп алған тағдыр» деп те кейисің. Бірақ бірте-бірте байсалды қалыпқа түскен соң әлгіндегі: Бальзак өзі «өлтіріп», өзі жылайтындай бейшара қарттың нендей қадір-қасиеті бар еді?» – деген сұраққа тағы жауап іздегің келеді.
Оқушы хабардар, бұл роман жазылғалы не заман, жүз жетпіс бес жылдан асып кетіпті. Содан бері Горио образын жіліктей шағып, көкпардай тартып, дырдай еткен. Кешегі ғасырдағы француз, неміс, орыс әдебиеттанушылар, бальзакиада белсенділері де әлдеқашан-ақ берер бағасын беріп қойған. Баға да , кесім де, пайым-түйін де әр қилы. Әрине, кеңес заманындағылардікі айтпаса да түсінікті. Горионың түбіне жеткен – буржуазиялық қоғам, капитал, эгоизм. Енді қазір сол өткен дүние жылнамасын аударып -төңкеріп қайта қарап, қайта пайымдап көрсеңіз, мұнда сол баяғы шырылдаған шындық, әлі де шырқырап жатыр! Осы тұста ой өрбітсек.
Романды жіліктегендердің бірсыпырасы Гориоға өзімшіл, эгоист деп үкім шығарды. Ал енді, ойланып көріңізші, о баста Аллатағаланың адам баласына дарытқан тұмса түйсіктері, тұмар сезімдерінің ұябасар жері – отбасы болса, сол отбасының өзі де эгоизмнің ізашары. Жарық дүниеге шырылдап келген шарананың тұңғыш тірлігі – ана емшегін құшырлана емуден басталады. Тілі шықпай-ақ өзі үшін тіршілікке ұмтылады. Соқыр сезімнің бойына бірте-бірте «өзім» ұғым-ұрығы пайда болады. Ана баласын, бала-анасын «өзімдікі» дейді. Бұл инстинкт дами келе сана-түйсікті оятып, отбасы зүриятынан ата мен әже, әке мен шеше, аға мен іні, әкпе мен сіңлі арасындағы басқалардан бөлек өзімшіл қарым-қатынас түзіледі. Осы түзілістің өзегіндегі бастапқы өзімшілдік табиғи, бейкүнә сезім. Демек, эгоизм адамның табиғи қасиеті. Ол ілгері дамудың, өркендеудің түрткісі, күші-қуаты. Гәп, әрине адамның осы өзімшілдік диалектикасында. Шәкәрімнің мынандай бір тәмсілі бар: «Бір байдың қызына шешек шығып, бетін тыртық қылғандықтан ешкім алмай, аяғында екі көзіне ақ түскен бір соқырға беріпті. Сол кезде Үндістан жағынан көздің ағын сылып жазатын бір дәрігер келгенін есітіп, әлгі байдың бір досы байға келіп: «Сондай дәрігер келіпті, күйеуіңіздің көзін неге қаратпайсыз?» десе, бай айтыпты: «Күйеуімнің көзі ашылған соң, қызымның бетіндегі тыртығын көріп шығарып жібереді ғой. Қызым байдан шыққаннан да, күйеуім соқыр қалпында қалғаны артық.» – депті. Сонда досы: «Күйеуінің көзін аямаған кісі досының көңілін аяй ма? Енді достықтан айырлайық» – депті.
Битін сығып, қанын жалайтын халге жетіп, жарық дүние көз алдынан дөңгеленіп өтіп бара жатса да, Горио өз канынан шыққан қыздарының бойына адамдық мейірім мен қайырым ұрығын еге алмағанына шерленсе де, қарғағандай аһ ұрса да: « Құдайым-ай, менің көзім жұмылған күнде олардың дәулетін кім қайырып берер. Одессаға осыларға бола барғым келеді..Одессаға, вермишель жасауға» – деп, санасының інінен дүниеқоңыз атжалманы да атып шығады. Ол тіпті өлуге де қорқады, себебі, қыздары ақшасыз, дәулетсіз сорлап қалмақ..Он жылдан бері қыздары бірде-бір рет жүрегін жібітпегенін, жібітпейтінін де іштей түсінсе де, бейнеті-сорға, қасіреті-зарға айналса да, Горио көзі жұмылғанша кіндігінен жаралғандарынан күдерін үзе алмады. «Ажал жақындап тұрса да, жанына қылыш ұрса да, қалжырап көңілі қарайып, қарауытып көңілі тұрса да – үмітін қоймас адамзат!»(Бұхар жырау). Баласы үшін аң-орға, құс-торға түссе, адам екі аяқты саналы хайуан ғой: «Беремін батамды, бердім батамды екеуіне, – деді де, дереу есінен танды.»
Өзінің бес күн жалғандағы саналы ғұмырын итше талаған қыздарын әке жүрегі бәрібір қиянатқа қия алмас еді. Себебі, ол сүйді! Бұл санасыз биологиялық инстинктен ада, адами сүю. Мұның ақылға, миға қатысы шамалы жүректің ісі! Адамға біткен аламан сезім! Бірақ, «денесі қарайып, шірік кеулеген қоғамда» (романдағы қаскүнем Вотреннің сөзі) адамды сүю – қорлық! Адамды сүю- қасірет екен! Иә, өркениеттің соқтықпалы сортақ жолында ізгілікті бостан қоғамды армандап жан алысып, жан беріскен, қан кешкен, дамудың жаңа қиясына ұмтылған қауымда, тіпті «өзіңнен жаралған» адамды да сүю дүние-тезекті терудің қасында көк тиындық құны жоқ екен! Сөйте тұра Горио сүю қасиетінен айнымай, сүю қасіретінен құрбан болып көз жұмды. Бальзак- Горио Париж өмірінің жалт-жұлт еткен жәдігөйлігіне, әлеуметтің рухы сауданың монетасына айналып, дүйімнің қайрымсыз, обыр, арандай ашылған ындынына көзі жеткенде тауы шағылып, есеңгіреп, көкірегі қарсы айырылады! Өркениеттен көркем ниет күткен үміттің күл-талқаны шықты! Бойына заманы бітістірген тұрпайы да қаскүнем эгоизм құрыдымның жарқабағынан лақтырып жіберді.
Қайыра айтсақ, 35 жастағы Оноре де Бальзак жан-жүрегін сыздатып тыным бермеген ішкі дертті ақ қағазға лақылдата төгіп отырып, қырық күн «мұңдасқан», жанкешті «жан жолдасы» Гориосымен «бақұлдасып», кәдімгі пәнилік ғұмыры мен рухани дүниесі бір әлемге тұтасып кеткенін өзі де аңдамай қалды! Оның үстіне осынау жұмыр жердегі саналы тіршілік иесі - аса мәртебелі Адамның Адамды мәңгілік Сүю қасиеті мен сөнбейтін Рухының бір куәсі «Горио атайы» – көркем шығарма жарық дүниеге шырқырай келіп , мұның уысынан шықты да кетті!
Бұл осыдан тура 176 жыл бұрын небәрі отыздың белортасына жеткен балпаң жігіттің өзегіндегі ыстық жалынымен шарпи шалқып, әдебиетке атойлап кірген тұсы болатын! Гориосы, Растиньягы мен Бьяншоны, Гобсек, Вотрен және басқа да жанып тұрған жанкешті кейіпкерлері тұңғыш рет бой көрсетіп, бұл туынды «Адам комедиясының» эпицентріне айналған еді. « Енді біліп қойыңыздар: бұл драма қиялдан тумаған, бұл роман да емес. Мұның шыншылдығы сондай, әркім бұдан өз өмірінің, мүмкін өз жүрегінің кейбір ұшқындарын табады.» деді Бальзак, солай болып шықты да. Көзі көргендердің жазған естелігіне сенсек, Бальзактың қара басы өмірге, әдебиетке алапат құштар, алпауыт жанкешті екен! Сол құштарлық, әсіресе әдебиетке деген жойқын ынтазарлығы дәуірлестерін таңдай қақтырған. Сол XIX ғасырдың қияметқайым, дүбірлі дүрбелең дәуірінде көркемсөздің заңғар бәйтеректері бірінен соң бірі жарыса өсіп, әдебиетті, прозаны жаңа сатыға көтерді. Ендігі жерде тәтті романтика адамзаттың рухани сұранысының бірден-бір эталоны болудан қалды. Уақыт әдебиет майданында шыбын жанын шүберекке түйіп, сай-сүйегі сырқырап, ақ тер көк терге түспесе, ботадай боздамаса өлмес шедевр дүниеге келуі екіталай, аттыға еріп, жаяудың таңы айырылатынын аңғартты. Бұған көп мысалдың бір мысалы осы Бальзак. Мұндай халді әдебиет оғыландарының талайы бастан кешкен. Айталық, тағы сол француздың әйгілі әкелі-балалы Дюмалары. Әке Дюма хақында бала Дюма: «Бір күні әкемді гүл бағындағы сүйікті скамейкасында отырған жерінен көрдім. Еңкейген күйі қос алақанымен бетін басып қатты егіліп жылап отыр екен. Жүгіріп қасына бардым.
– Әке, қымбатты әкетайым, сізге не болды? Неге жылайсың?
Ол:
– Мен мүсәпір де қайрымды Портосты аяймын!( Портос – «Үш ноян» романының кейіпкері. - Ж.А.) Оның иығына тұтас жартас құлады , соған ол шыдас беруі тиіс. Құдай-ай, бұл қандай ауыр!» депті. (А. И. Куприн) Ал Гёте бір күні хатшысынан: « мен о дүниеге аттанғанда немістер не дер еді?» – деп, сұраса керек. Хатшы әрине қатты қайғырады дейді. "Тіпті олай емес, – депті, Гёте,- Олар: "Уф!" деп, ұлы адамның өктем ауыртпалығынан құтылдық деп бір жеңілдеп қалады.» (Р Роллан) Абай туралы:«Бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де» (Тұрағұл Абайұлы) Қазақ өмірінің көркем тарихы «Абай жолын» жазғанда да, жазғаннан кейін де М. Әуезовтың бастан кешкен жан азабы Бальзактан асып түспесе кем түспеген. Әсіресе Әуезов коммунистік идеологияның тепкісінен қатты шаршап, егіледі. «Көп жандарды аяздай қарыған сол ызғар борандатып, қайта түтей бастауы алаңдаушылығын күшейтті. Содан да жанталаса еңбектеніп, соның жосықсыз айыптауларынан құтылғысы келді. Осы кезде өмірдің жұлқулары еркін еңбек, еркін ой көсілістеріне тежеу, тосқауыл қойғандай дағдарысқа түсірді.» (Т. Әкімов) Соған қарамастан жаны еңіреп жүріп, кемеңгер Әуезов қазақ халқын өлмес асыл мұра – «Абай жолы» дәуірнамасымен әлемдік аренаға алып шықты!
Саналы ғұмыры кеңес империясының төрт құбыласы түгел, «қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған» заманында өткен «Адамзаттың Айтматовы»: «Ақ кемені» жазғанда мен жыладым. Әдебиет – қашанда трагедия, – деді, ол, – біз оқушыға ащыны және қасіретті айтқан сайын, тіпті одан да бетер сұмдық дүниелерді жазып безіндіреміз. Біздің тірлігіміз оқырман үшін бәрін жүректен өткізіп, жан кешу». – деді» (Д. Быков.) Міне, күрмеуі тор-бау, күрделі зорлау талап! Уақыт талабы! Сан қырлы, сан сырлы шығармашылық тағдырлар. Рас, бәрін бір қалыпқа салуға да, өлшеп-пішуге де жойдасыз. Осы ретте уақыт талабын ойласақ, тәуелсіз еліміздің тәубелі төл әдебиеті хақында санаң сан- саққа жүгіреді.
Туған әдебиетіміздің тағдыр-талайы, кешегі-бүгінгі қаламгерлеріміздің туындылары мен тірлік тынысы, пенделігі еріксіз көңіліңе, қиялыңа оралып, кейде сол француздармен салыстырғың келеді, тіпті салғыластырғың да келеді. Бәлкім, төскей құрлықтағы толғауы тоқсан француздың сарабдал әдебиеті қайда, біздің қазақ әдебиеті қайда, француз бен қазақтың ел болып, етек жапқалы бергі ғұмыр, даму тарихының ноқта-бауы, сорап-соқпағы бөлек, қатар қою қисынсыз дейсіз-ау. Десек те сонау ықылым ғасырлардан басталған сөз өнерінің қайнар бұлағына қарап көрсек, біздікі француздармен үзеңгі қағыстыра алатын, иық түйістіретін мөлдір де бірегей, шалқар да самиян, қазыналы әдебиет! Француздар да мұқым дүниедегі секілді, о баста фольклордан, ықылымдағы антикадан, христиан дінінен арда емген халық. IX ғасырдың соңына таман ескі француз тіліндегі жазбалардан бастау алса да, тарихшылар тек XII ғасырдағы ортағасырлық әдебиет француз көркем ойын тарих сахнасына шығарды деп бағандайды. «Роланд туралы жыр», Роза, Түлкі туралы романдар, поэмалар, рыцарлық әдебиет, Тристан мен Изольда, Кретьен де Труаның куртуаздық шығармалары, труверлер жыры, XII ғасырда трубадурлар тағысын тағылар.. Ортағасырдағы кемеңгер ақыны Франсуа Вийоннан бергі небір ойшыл, жыршыл, шешен, тарихшы және зергер әдебиет баһадүрлерін санамалай-ақ қоялық.Ал біздің ықылымдағы түркі жазба әдебиеті, сақ-ғұн, бәдіздегі еуразиялық Ұлы Дала түркілерінің әйгілі «Орхон-Енисей жазуларынан» басталатын жақұттар «түркі халқы үшін, түн ұйықтамаған, күндіз отырмаған, қызыл қанын төккен, қара терін ағызған, күш -қуатын аямаған» Күлтегін, Тоныкөк құлыптасындағы інжу-маржандарына қазақ көркемсөзі кіндігінен байланған. Жыраулар поэзиясы: Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал ақындардың легі дала өркениетінің ораториясы еді. Бальзак сұлу да сұрқия Парижінің жарқылына жанығып, түнегіне түнеп жүргенде, біздің қазақ сахарасында Махамбет бастаған, Дулат, Шернияз, Шортанбай, Сүйінбай, Біржан салдардың жырлары қырандай самғап, мұзбалақтай шүйлігіп, қырғидай жапырып, сұр жебедей атылды, ақ жауындай нөсерлетті, нұрлы шуақтай елжіретті! Эпостар, жыр-дастандар , ертегілер, қария сөздер, аңыздар мен әфсаналар, әдеби-поэтикалық туындылар «әдебиет көшінің ұлы сүрлеулері» сайрап жатты! Олар қиянат пен кесепатқа рақымсыз, үстем тапқа, «хан үкіметіне оппозиция» (М.Мағауин) бола білді. Олар аймандау мен аялауды да білді.
Егер қазақ қоғамы техногендік дамуға ерте іліккенде, бес ғасыр жырлағанымыз теңіздей шалқып, сонау мұқым дүниенің рухани мұқитына еншілесе барып құйылар еді-ау. Бұхарды да, Шортанбай Сүйінбай, Махамбеттеді де француздар жатқа оқыр еді! Француз тіліне махаббат және романтика тілі деп былайғы жұрт тамсанады. Ал сол батыстықтар (В. Радлов, Г. Мейндорф, А. Мицкевич, Л. Арагон) әлемде махаббат пен сұлулықтың, кеңдік пен еркіндіктің асқақ, қайталанбас келбетін, құбылысын қазақ тіліндей бере алатын тілдің, сол тілді сөйлеткен қазақ жүрегінің сиректігіне таң қала жазып кетті ғой! Француздар қазақ өнерін кешегі ғасырлардан бастап мойындаған. 1925 жылы Әміре Қашаубаев Париждегі әлемдік көрмеде өзінің сүйікті әндері "Ағаш аяқ", "Үш дос", "Екі жирен", "Дудар", "Қос барабан", "Қызыл бидай" тағы басқаларын шырқағанда люстралары шытынап, олардың есінен тандыра жаздаған. Француз ғалымы, музыка зерттеуші "Лемюзикаль" журналында Әміренің дауысы әлемдегі сирек кездесетін музыкалық құбылыс деп таңдай қаққан. Анри Барбюс: "Мен Әміредей әншіні сирек кездестірдім", десе Ромен Роллан "Шығыста әншіні бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім" – деген.
Бальзактар кемеліне келіп, кердең басқанда, бізде қазақтың қасиетті қарасөзі, жаһан үлгісіндегі прозасы енді қылаң берген еді. Бір ғажабы, небәрі жарты ғасырдан сәл- ақ асқан мерзімде сол батысыңыздың бастан кешкен романтизмнің талбесігінде тербеліп, сентиментализмде сарғайып, сыншыл реализмнің ауылын жағалап, тағы басқа да «измдердің» дертіне шалдығып барып, шалқарлап кетіп, қазақ прозасы өсіп жетілді! Әлемдік прозаның барлық көркемдік заңдылықтарын ұршықтай иірді, көркемсөз технологиясын өзіндік пішім-кескінімен игерді! Қазақ романдарында жусанының исі , тұлпарлар тұяғының дүбірі, айдын көлдегі аққу-қаздың сырлы сұңқылы да, дала сахараның іш-құса, назасы-наласы да бар болатын! Қазақ прозасы құнарлы, шұрайлы, сексеуілдің шоғындай маздаған еді. Көркем ой ордаланған он тоғызыншының соңғы ширегі мен жиырмасыншы ғасырдың басындағы М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», С.Көбеевтің «Қалың мал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлуы» мен «Кім жазықты», Ш. Құдайбердіұлының «Әділ-Мәрия», сәл кейінірек М. Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» мен «Қилы заман», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» мен «Қартқожа», «Ақбілек» , Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» мен «Күлпаш» туындылары-ақ қазақ көркемсөз дамуының алғашқы катализаторы болды. Одан бергісі ноқта көрді, қос өкпесі қысылды, қызыл тулы социализмнің бесігінде тербетілді, жалынына шарпылды. Пешенесіндегі осындай жазу-сызуымен ақ, телегей-теңіз, айдынды-айбынды, зерлі-оқалы әдебиетке айналды.. Феодализмге шала қарпылсақ да, социализмге бір ақ қарғып, сорпа- суын ішіп өсіп, теріміздің иін қандырып , коммунизмге қарай желдеп бара жатқан жерімізден шалт бұрылып, көшімізді капитализмге, яғни Бальзактың аулына баратын жаяу жолға түскенімізге дейінгі қазақ прозасы «құбыла көшкен байтақтың ордасындай» дүр еді! Қазақы жалпақ тілге салсақ, қазақ прозасы – семіздігі сере қазыдай, дәмі тіліңді үйіретін ұлттық әдебиетіміздің қоң еті еді.
Француздар Бальзакты үкілей үлпілдете отырып, түгін қалдырмай жібектей де, жүндей де түтті. Жіліктеді, іреді, қызыл қырманға салады. Бірақ одан Бальзак тұлғасы да, туындылары да жасымады. Жазушы да, туындылары да керісінше, зорая түсті, асқақтап кетті! Соңғы кезде, бізде кемеңгер Әуезовтың «Абай жолында» кеңестік идеологияның салдарынан анық Абай да, анық Құнанбай да романда автордың ішкі түйсігіндегідей көрініс таппағаны айтылып қалып жүр. Әсілі, бұл жақсы нышан. Шындығында, Әуезов Құнанбайды жеріне жеткізіп жазбайын деген жоқ, заманы жаздырмағаны белгілі. Баукең (Момышұлы): «М. Әуезовтің «Абайы» ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Ол кісі Абайды көтеремін деп, Құнанбайды кемітеді. Бұл өте үлкен қате деп білемін.» десе, Мұхтар Мағауин: «М.Әуезов романындағы жағдайлар өз кезінде заман ыңғайымен кеткен мәселе. Құнанбай ескіліктің бейнесі сияқты болды, Абай жаңалықтың жаршысы сияқты болды. Шын мәнінде, тарихи шындыққа қайшы келетіні өз алдына, көркемдік жағынан да Әуезовтің ұтысы деп айтуға болмайды» – деді. Мұндай пікірлерден бәлелік іздеу өресі төмендердің ісі. Мұнан ұлы Әуезов феномені жарқырай түспесе, пәс тартпайтыны анық. Еске түсіп отыр, Байбота Қошым Ноғай («Қазақ әдебиетінде» болу керек) Ә.Нұрпейіовтың сөйлем құраудағы кейбір ағаттықтарын байқап қап жазып еді, оны жүндей түтіп, артынан ит қосып қуа жаздады. Ал Әбдіжәміл атамыз ондай жағдайының бар екенін өзі айтыпты:«Әр мектепте ауысып жүргендіктен сауатым шамалы болды. Әлі күнге дейін жазған сөйлемімнен көп қате жіберемін.» («Егемен Қазақстан». № 21-23. 2010 ж.) Ал қазақта грамматика жағынан небір білімді, саутты жазатын прозаиктер жеткілікті. Бірақ, туындыларының дені Нұрпейісовтың деңгейіне жете алған жоқ. Әдеби танымпаздығымыз бен мәдениетіміздің деңгейі осындайдан-ақ көрініп қалады. Шыны сол, руханиятымыздың өшпес құбылысына айналғандардың толық жампоз тұлғаларын тануға, танытуға селқоспыз, зауқымыз жоқ . Неге?.Қалың жұртты былай қойғанда, әдебиет пен өнер төңірегіндегі, интеллектуал қауымынан сұрап көріңізші, мысал үшін, Мүсірепов, Мұқанов, Майлин, Есеберлин, Нұрпейісов секілді классиктердің кесек романдарының кесек кейпкерлері бүгінгі өмірдің пәлсафа толғаныстарында неге ауызға түспейді? Басылымдардағы ұлт әдебиеті мен өнері хақында сан алуан жарияланымдарға көз жүгіртіңізші, сүйенген, сүйкенген, дәйек-мәйегін, ақылия сөздерін қараңызшы! «Көрген көргенін, көсеу түрткенін істейді» демекші, шетімізден алдымен аузымызға шетелдің батыс, шығыс әдебиеті мен өнерінің өкілдеріне (кейіпкерлеріне) жармасамыз. Соларды үлгі етеміз, олардың ауызынан шыққан сөздерінің бәрі де дуалы.(Соның ішінде осы материалды жазып отырған мен де бармын) Шынымен ақ, төл әдебиетімізде тілімізге үйіріліп түсер кейіпкерлердің болмағаны қалай? Сонау бір жылдары Бейімбеттің Мырқымбайы, Мүсіреповтың Қарабайы, Әбдіжәмілдің Судырахметі секілді келепандай кейіпкерлер сөздің мысалына алынушы еді. Енді бәрі де ұмтылды, қалам ұшына ілгуден қалды. Неге? Олар шынымен де кешегіден бүгінгіге өте алмады ма?! Әдеби портреттер мен образдар бүгінгінің кәдесіне шынымен-ақ жарамай қалғаны ма? Ойлай келсек, біз әлі өзіміздің жазушыны да, туындыны да танудың өркениетті дәстүрін үйренуге селқоспыз, салғыртпыз. Себебі, мойын жар бермейді емес, пенделік қиянкестіктен мысымыз құрып, жүрегіміз дауламайды.Дауламайтыны, дау-дамайдан азар да безерміз. Бұл орайда аңқыма ақын Тыныштықбек те ашына жазды. Абайды идолға айналдырмайық деп жанұшырды. Абай ұлы, дана, данышпан, бірақ ет пен сүйктен жаратылғанын неге мойындамаймыз деп зар қақты. Әдебиеттің оқылмауына, нарық заманының оң жамбасына (жақсы мағынасында)келмей жүргеніне бір есептен ақын-жазушылар, әдебиетшілер кінәлі. Екінің бірінде, «Әдебиет – ардың ісі» деп тілімізді безей бергенше, сол ардың ісін істеп, неге үлгі көрсетпейміз?Ардың жолында жігерлі бірлігіміз жоқ. Ардың жолында аярлыққа, арсыздыққа ұрынамыз. «Қазақта қалып тұрған өзгеше мінездер: тілі айтқанды қолы қылмайтын тұрақсыздық,ұйымсыздық, басынан аспайтын өзімшілдік, ездік» (М.Әуезов). Сөйте тұра қара қазандай өкпеміз бар. Алдымен билікке. «Сыйлық бермеді, қаламақыдан қақты, талантты тани алмайды, тұлпарды елемей, мәстекті марапаттайды». Бәрі де жөн. Бірігіп жүрекжардымызды, жанайқайымызды айтайық, жеткізейік десек, басылымдар да, БАҚ та, басқа да жеткілікті. Елетудің бағалатудың жолын бірігіп табуымыз керек. Бальзак болса заманында өзі бас болып, қаламақы, авторлық құқық туралы билікке дабыл қақты. Қаламдастары ұйыса кетті. Ақыры дегеніне жетті.
Енді анығы, қалайық-қаламайық, өкінейік-өкінбейік, бүгінгі заманның жиырма бестердегі жаңатолқын оқушысына классиктеріміздің жауһар шығармаларын бұрынғыдай қабылдату қиын. Сол сияқты сол замандағы бойында нафталині аңқыған қызыл саясаттың ақиқат өмірге қисыны келмейтін дайын қалыптағы ой-идеялар, таптаурын тәсілмен жазылған, қан -сөлсіз күйініш- сүйінішке, іс әрекетке, пайым-тұшымға құрылған жасанды кітаптар қызықтырмайды. Қызықтырмайтыны,сендірмейді, арзан, жалаң. Өйткені,бұл ұрпақтың психологиясы өзгеше, талғамы бөлек. Интеллектуальдары көркем әдебиеттен көркем дүниені, адам жанынның беймәлім,тосын жұмбақ құбылыстарын, құндылықтарын іздейді. Егер бүгінгі замандастарымыз кеңес заманындағы ақын-жазушыларымыздың бірқатарына ықыласы ауып, жүгініп жатса яғни олар күл қойнынан шоқты тапқаны, қоқыстан алтынды көргені. Асылдың азбайтыны, шоқтың маздайтыны белгілі. Қазіргі жастан да, жасамыстан да ананы неге оқымайсың, мынаны неге оқымайсың деудің өзі күлкілі, баланың сөзі. Бір ғажабы, алда ғажайып уақыт туып келеді. Шын хас туындылар уақыт жалына жармаса, таласа жарыққа шығады. Жанрлық әртектілік, түр мен мазмұн жағынан тосын бітім - бітісі болуы да ықтимал. Шынайы, саф дүниені танитын, рухани азыққа айналдыратын қауым түзіледі, қалыптасады.Ол кезде бұрынғыдай қалың бұхараның әдебиетті жаппай оқитын, жазушыларды жазбай танитын дәуренді аңсайтындар азаяды. Әдебиеттің орны – мұражай дейтін саруайым сарқылады. Жүрек соғысы тоқтамаған жерде сезім бар, сезім бар да алаулау, лағылдану, сұлу сөз өнері бар. Рас, беллетристикалық (бұл да француз сөзі) зауықтық (авантюралық, детективтік, ғылыми-фантастикалық және неомифологиялық) ортаңқол туындылар жазыла береді, шыбындай ызыңдай береді. Маргиналдық әдебиеттің дәурен- дуы қай заманға да тән. Қазіргі компьютерлік, технологиялық дәуірдің екпінінен үрейленбеу керек. Шерағаңшыласақ, бәрінде де бір кем дүние. Ақ қағаз бетіндегі маржан сөздің өзіндік аурасы компьютер мониторында жоқ. Руханият өзі технотектің, бизнестің, ұшқыр заманның ұшарман қызметін пайдаланып, олармен біте қайнасып кетері қазірден де белгілі. Рухани технология шарықтап шегіне жеткенде, қағаздағы өлмес, мәңгілік құндылығы бар көркем әдебиетке оқырман үйіріліп түседі.Классиканы да, калассика айналатын бүгінгі шығармаларды да тамсана оқитын кез келеді.Сонда қара да тұрыңыз, көркем әдебиеттің әлі ақ айдарынан жел еседі. Жүреккөзділерді халтурамен, көзбояушылықпен, қулық-сұмдықпен шекпен киген жылтырақ жарқырауықтармен алдап кете алмайсыз. Плагитаттар, «жиеншілдер» өзінен- өзі жоғалады. Ендеше осы бастан, өзімізді өзіміз алдамауымыз керек. Қолдан келгенше, алтын уақытымызды, жанкештілігімізді дүниеқоңыздың соңында емес, көркем әдебиеттің жолында көрсете алсақ, жұмсай алсақ, нұр үстіне нұр. Аңдасаңыз, француз әдебиетінің бірегей шедеврлері феодализм мен капитализм заманда туған.
Иә, тура Бальзактың заманы өтті-кетті, енді қайта айналып келмейді дерсіз. Оны үлгі ету ерсі. Қазір заман басқа, заң басқа, талғам басқа,талап басқа дегіміз-ақ келеді. Бальзактың қайраткерлік, жанкештілік, құштарлық аурасына бейжай қарай алмайсың. Бақсақ, ол қазақта да бар! Оның пендешілігінен қазақ та қалыспайды. Оның көкірегі, ой-санасы сезгенді қазақ та сезді. Кеңес заманында қазақ Бальзак туындыларын оқығанымен, оған ертегідей сеніңкіремеді, өйткені, олардың өмір салтын, заманасын көрген жоқ. А.Вюрмсер Бальзактың дәуірнама ағзасында қан емес ақша бүлкілдеп жатыр деуі дөп қойылған диагноз.
Кеңес билігі кеңес адамдарын шетелге жіберсе де, іріктеп,сүзігіден өткізіп жіберетін. «Бизнес» деген сөздің өзі жиіркеніш тудыратын. Қазір бұл сөз мақтаныш. Енді оқысаңыз, Бальзакты желпіл желіске салған, арқасы жауыр болғанша дамылдатпаған заман, бізге жылмия жалтылдап алшаң басып келе жатыр. Технологиялық капитализм. Жеке меншік. Ақша. Баю. Осының бәріне ессіз құштарлық дәуірі бізде де басталып кетті. Тағы да бір ойланып көрейікші.
Бальзак неге күйзелді?
Бүгінде қазақ қоғамы идеялық тұғырын тәуелсіздік деген ұғыммен шегендеуде. Билік тарапынан айтылып жатқандардың дені ұлттық мүддені көздейтіні анық. Десек те осы тұрғыдан келгенде ақиқат өмірімізде қайшылықтар көп. Мысалы, елдегі дүниетапқыш пысықайлар көбісі балаларын шетелде оқытып, бизнес, банк, билік құрылымдарына қызметке тұрғызуға ұмтылады. Олар бәрін де түсініп-біліп отыр: бұл қоғамда шығармашылықпен айналысып, кітап жазып, ұшпаққа шықпайсың. Тіпті ашығына көшкенде, ақымақтық. Әгараки, жазу-сызуға емешегің үзіліп бара жатса, қолың боста, зеріккендегі ермегің ғана. Магнаттар руханияттың нәрі материалдық байлықтың аурасында деп түсінеді. Сезім атаулы, жүрек лүпілі дүние-тезектен түзіледі. Ал шама-шарқына елең, қылмайтын көңілі көк дөнен қарапайым қазақ оларды зор, өзін қор санағысы келмейді. Бұл пиғыл, мұндай түсінік кеше-бүгін пайда болған емес, түп-тұқияны сонау қадым ғасырларда жатыр.. Сондықтан да кемер белбеуі жалтырап мейманасы тасыған Напалеон дәуірінде, өнер-білімінің шырайы бар кезеңдердің өзінде, сауысқандай бір шоқып, қырық қорынатын Бальзактың әке-шешесі Оноренің заңгерлікті тастап жазушы боламын дегенде шоқ басып алғандай шар ете қалғанына таңданбайсыз. Бәрібір бірбеткей баласы айтқанынан танбағасын әкесі көніп, 120 мың франк ай сайын төлейтін болып, Парижге барып пәтер жалдайды.Сонда да ел білсе ұят болады деп алты қабатты үйдің шатырындағы мансардқа «арамтамақ» ұлын қамаққа ұстайды. Жазушылығын көрсетуге берген мерзімі небәрі екі жыл! Бірақ жазушылық соншалықты сорлы кәсіп деген қоғамдық құлыққа Оноре пысқырмады да. Бозда ойнаған қазақы бозбала емес қой, Бальзак шоқтай ыстық жалынды жүрегімен сұңғыла да сұрқия Париждің мың құбылған тірлік-тынысын жатсынбады. Құмырсқаның илеуіндей құжынаған қалада Бальзак балықтай жүзуге ұмтылды. Түсінік-түйсігі алапат, қағылез Оноре Француз буржуазиясының қалыптасу үдерісін, Париждың жоғарғы ақсүйектер ортасындағы алаяқтар мен пысықайлардың пайда болуы, тұрмысы, салты, ой-көзқарасы, пәлсапасы бәрі айналып келгенде, бір құдайға – АҚШАҒА тәуелді екенін көзбен көрді, жүрекпен сезді. Адамдардың байлық пен кедейлік тауқыметінен туған билікқұмарлық, жүгенсіздік, қорлаушы-қорланушылардың драмалық көрінісі Бальзакқа ұйқы бермеді. Өзін- өзі жегідей жеді, жұлып жеді. Құдайдың берген күш- қуаты, сана-қасиеттері арқасында танып-білуде бір Франция, бір Еуропаны ол шопақ құрлы көрмеді. Адамның қай сезімі қасиетті, қай сезімі бақ, қай сезімі сор екенін тез аңғарды. Жанына дауа іздеді.. Өз дәуіріндегі эгоизмнің шарпыған от-жалыны мұның да тұла бойын кеуледі. Бірақ, суреткер бес күн жалғандағы адамның, адамзаттың жандалбас тірлігінің мәнін ұғынды. Жанына адамнан дауа таппаған Бальзак мұның жалғыз-ақ емі жазу деп мойындап, ғұмырын ақ қағазға сарп етті. Жазусыз өмір сүре алмайтын халге жеткенде, күндердің күні артына қайырылып қарады да, жазған-сызғандарынан қоғамның бір дәуір бүткіл бет-бейнесін аңғартуға болатынын білді, бәрінің басын құрап тұтас дәуірнама жазуға біржола құлай берілді. Ақыры сол мақсатына жетті де. Ақша мен алтынға құдірет бітірген адамның өзі.Өзі жасаған құдіретке өзі құл болатыны қалай? Адамдық қасиетінен жұрдай болып, хайуанға, мың құбылған санасыз, топас маймылға айналуы, тағы сол адамның өзіне мысқыл күлкі шақыратыны қызық. Бальзак француз қоғамының бет-пердесін сырып, жамылған көрпесін сыпырып алып, тыр жалаңаш кейпін көріп мырс-мырс күлді. Күлейін деп күлді дедіңіз бе, оны сондай заманы күлдірді!
Құранда Алла тағала: «Біліп қойыңдар! Шын мәнінде, дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән ғана. Өзара мақтанысу, сондай-ақ мал-дүние мен балаларды көбейтудің жарысы. Бейне бір өсірген өсімдігімен егіншілерді таң қалдыратын жаңбыр сияқты. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Дүние тіршілігі де сол сияқты. Негізінде, дүние тіршілігі алданыштан басқа ештеңе де емес». Жалған дүние!
Қаламгердің туындыларын ақтарып отырсаңыз, бұл адамзат қоғамының құлқы заманқанша жерден өзгергенімен мәні сол күйінше қала береді екен-ау демеске ләжіңіз қалмайды. Көз жүгіртіңізші: «Заң деген өрмекшінің торы, мадам. Оған кішкентай шыбындар ілініп өледі де, үлкен шыбындар бұзып өтіп кете береді», «үкіметке депутаттарды сатсам деймін. Оппозицияшыл партияның депутаттарын топ-тобымен министрлер кабинеттеріне сатсам» («Памэла Жиро») «құнсыз бірдеңелерді ала кетіп көріңіз, сізді әділдік сарайының алдына бір сұмпайы етіп алып шығады да, миллион соманы ұрласаңыз салон біткенде айтулы ізгі адам болып шыға келесіз»; « Бір жерде-барын баласының жолына сарп еткен атасына ұялмай-қызармай келіні зіркілдейді.Бір жерде күйеу баласы қайын енсін қуып шығып жатады.Біздің заманымыздағы қоғамда драмалық қандай оқиға бар деп сұрайтынын қайтерсің» («Горио атай») «Бүкіл бой-басына қарасаң дәулетті адам тәрізді, ал шындығында бар байлығы жалақысы, болашағы зейнетақысына ғана байланысты еді.» («Жергілікті дәрігер») Тере берсек, біздің осы өміріміздің айна-қатесіз көріністері, құлқы Бальзак жазбаларында тұнып жатыр.
Жалпы Бальзактың дүниеге көзқарасы да әр түрлі. Бір-біріне кереғар түсіп жатады. Бұл заңды да. Саясаты сайқалданып, дүние мың құбылып тұратын мәңгілік тірлік. Адам қайтіп тұрлаулы болсын! Бальзактың жазған-сызғанының бәрі саф алтын да, күміс те емес. Оны замандастары, зерттеушілері де айтқан, жазған. Сол замандағы көп туындылар көнтақаға айналғалы қашан. Бірақ бізге құндысы – оның көркем әдебиетті құлай сүюі. Бүгінгі жаңа ғасырдың ұрпағын Бальзак қызықтырмауы да ықтимал. Әсіресе батысқа мұрын шүйіргіш, өзінікін де, өзгенікін де оңайлықпен мойындай қоймайтын біздің қазақ. Біздің қазақ үшін жұмыр жердегі небір асыл дүниені, жаңалық пен жақсылықты әп-сәтте жоққа шығару түкке тұрмайды. Бір ғажабы, тағы да әп сәтте өзгелердің қаңсығын таңсық қылу, төбесіне көтеріп, елпілдеп еріп кету де түкке тұрмайды. Қит етсе, бөтенді жамандаймыз, түрік ,корей телесериалдарын менсінбей мұқатамыз. Отыз екі тісімізбен тістене естен тандыра сөйлегенімізбен, әлі күнге дейін тым құрығанда бір рет отыз екі сериялы көркем дүние түсірмеппіз. Зардаптың үлкені бұл әдетіміз жастарға да жұғып, оларда қазір өзгені де, өзін де менсінбейтін кеуде пайда болды.Тиянақ жоқ. Сол баяғы «..ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп күлуші едім» – деп ашынатын Абай атамыз ұлттық мінез-дағдымыздың кодын көзге шұқып көрсетіп-ақ кетіп еді. Кесірлі кесапатын сылып тастай алмай жүрген өзіміз. Хакімге не дерсіз, ұлт алдындағы ұлы миссиясын орындап, өзі темірқазықтай жарқырап, кемеңгер абызға айналып кетті!
Жанұзақ Аязбеков
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.